II
Ең артқы партаға келіп еңкейіп, оның кітап қоятын қуысына әскери сумкамды, қоқайма фуражкамды сүңгітіп, енді отыра бергенімде, дәл қасымнан дүр етіп бір топ көгершін көтерілген іспеттеніп кетті. Олардың лыпыл қаққан жеңіл қанаттарының жақыннан шыққан лебін де естіген сияқтандым. «Мұнда көгершін қайдан келді?» деп ойлап, басымды көтеріп алдым. Сөйтсем, көгершін дегенім орындарынан өре түрегелген қыздар екен. Қыздардың жауырындары қақпақтай, етженді, бойшаңдары да, иықтары қушиған, бірақ бойлары тартқан сымдай тіп-тік нәзік денелі, талшыбықтай майысқан талдырмаштары да бар екен. Оларды шолып келіп, менің көзім өз алдымдағы көрші партадан көтерілген екі қыздың жып-жылтыр шаштарына, олардың қос-қос бұрымдарына түсті. Орындарынан тез тұрғандықтан болар, қыздардың тастай ғып өріп тастаған әсем бұрымдары тақтайдай жауырындарын сипағандай боп, жеңіл ғана дірілмен қозғала тербеліп қалыпты. Қыз бұрымдарының осы әлсіз тербелісі аудиторияға оқытушы кіргенін, ендеше бұл қауымға қазір қосылған жаңа студент менің де оған құрмет көрсетіп, орнымнан тұруым керектігін есіме салды.
Орнымнан ұшып тұрған бойда, мойнымды созыңқырап, алға қарадым. Келген оқытушы қандай адам екен деп ойладым. Алда, қыздардың бастарынан биігіректе, біреудің қозы бұйра қара шашы төрге қарай жай жылжып барады екен... Соғыста жүргенде компаспен жөн бағдарлайтынбыз. Компас қозғалса, оның тілі жан-жағына қыпылық қаға шайқалып кететін де, сәл тыныштық болса, «міне менің іздегенім!..» дегендей, сұқтанып, солтүстік жаққа телміре қалатын. Неге екенін білмеймін, тегіс жерге қойған компастың тілі сияқтанып, менің көзім қайтадан алдымда тұрған қыздардың бұрымдарына ауды. «Білектей арқасында өрген бұрым» деген Абай өлеңінің жолы ойыма оралды. Жылтыр қара шашты қақ жарып өтіп, маңдайдан желкеге дейін тартылған шаш жармасының кіршіксіз құйқаны ашып көрсеткен ақ сызығы жүрегімді қытықтағандай болды. Қос бұрымының арасындағы қағаздай аппақ желкелер өне бойымды балқытып бара жатқан сияқтанды. Осы кезде сол қанатта түрегеп тұрған қыздардың бірі бұрылып, арт жаққа қарады. Кейін білдім, ол Зайкүл деген қыз екен. Ол тура маған қараған тәрізді болды. Менің қыздарға сұқтанып тұрғанымды сезіп, «Апырай, мына жігіт келмей жатып елтіп қалған екен»деп ойлайды-ау деп, ұялып, төмен қарап кеттім.
Ұялшақтық – ұлтымызға тән қасиет қой. Әсіресе ауыл балалары ұяң келетін әдеті емес пе? Жасымда мен де сондай болдым. Үлкендердің алдында суырылып сөйлемейтінмін, әйелдердің бетіне қарамайтынмын. Жақсы көрген қызымның жанына жолай алмайтынмын. Соғыстан қайтып оралғанша әйел алдындағы өзімнің осы ұялшақтығымның қандай күйде екенін білмейтін едім. Оны енді сезе бастадым. Жаңа, қыздар толы аудиторияға кіріп келгенде, бірінші рет ұқтым. Сол бұрынғы, бала күнгі қалпымда екенімді білдім. Бірақ, бала күнімде менің қыздардың сыртынан сұқтана қарауға да батылым бармайтын еді. Төрт жыл соғыста болып, жаман, жақсыны көп көргендіктен бе, кім білсін, енді қыздардың желкесіне қызыға қарауға жарап қалған сияқтымын. Ішімнен бұл күйіме де шүкіршілік еткендеймін. «Тіпті қыздардың бетіне де, сыртына да қарамасам қарамай-ақ қояйын, – деп ойладым көзімді төмен салып тұрып. -Жұртпен бірге жауды жеңіп, аман-есен елге келіп, осы қыздардың қасында тұрғанымның өзі қаншама бақыт!»
Оқытушының: «Отырыңдар!» дегенге ұқсас үні естілді. Шырқап биікке көтерілген көп көгершін, құйыла төмендеп келіп, жаңағы ұшқан жеріне дүр етіп қайтадан қонды. Көгершін тобына тақау келіп колбаң етіп қонған жалғыз қарға тәрізденіп, қыздардан кейін орныма жалп етіп мен жайғастым.
Содан соң жайлап, алдағы қыздардың бастарының ара-арасымен, оқытушыға көз жібердім. Бірінші көрген оқытушым болған соң ба, әлде жүзінде есте қалар ерекше белгілері бар ма, білмеймін, көмірдей қара, қозыдай бұйра шашы мен бірден бүркіттің тұмсығын көзге елестететін үлкен имек мұрны бар, қоңырқай өнді келген отыз үш-отыз төрттер шамасындағы сабырлы кісі өмір бойы ойымда сақталып қалды. Оқытушының қоңырқайлығынан басқа бетінде қазаққа ұқсайтын еш белгі жоқ сияқты еді. Сондықтан мен оны соғыстың соңғы жылында бастығым болған аз ұлттан шыққан командиріме ұқсаттым да, бұл кісі қай сабақтан лекция оқыр екен деп ойладым. Ол лекцияның орыс тілінде оқыларына да күмәнім болған жоқ.
– Ал, балалар, дайынсыңдар ма? - Мен елең етіп, мойнымды ілгері создым. Қазақша сөйлеген осы оқытушы ма, әлде басқа біреу ме деп, өз құлағым мен өз көзіме өзім сенбеген сияқтандым.
– Дайынбыз, ағай, – деген оң жақ қанаттан шыққан қыз дауысы естілді. Алғашқы сөзді оқытушы айтқанына әлі де иланатын емеспін. Өзгелер сытырлатып дәптерлерін аша бастағанда, мен бақырайып, қараңғыда жау пулеметінің қай жерден от шашарын аңдыған түнгі барлаушыға ұқсап, бүркіт мұрынның астындағы ауызды бағумен болдым.
– Дайын болсаңдар жол ортасына былай деп жазыңдар: Сын есім. – Бүркіт мұрынның астынан ақ тістер жарқ-жарқ ете қалды. Оқытушы өзін байсалды ұстап әр сөзін баппен, байыппен айтады екен. Соғыста командирлердің шапшаң айтылатын бұйрық сөздеріне үйреніп қалған маған бұл ырғақ тосындау таңылып, оқытушы әдейі маңғазданып отырғандай көрінеді. Менің осылай деп ойлауыма мүмкіндік бергендей, құс мұрын оқытушы сәл бөгеліп барып, сөзін ары қарай жалғады. – Біздің бүгінгі өтетініміз: сын есімнің түрлері – сапалық сын есімдер мен қатыстық сын есімдер, сын есімнің морфологиялық құрамы, яғни сын есімнің қосымша арқылы жасалуы, сын есімнің синтаксистік тәсіл арқылы жасалуы және форма тудыратын қосымшалар.
– Түу, ағай, тіпті көп қой, - деді төмен тұқырып алып, дәптерлеріне сусылдатып жаза бастаған қыздардың бірі.
«Бәләй, көп деп бекер айтты-ау» деп ойладым мен ішімнен жаңағы сөзді айтқан қызға жаным ашып. Өйткені командир сабақ беріп тұрғанда солдаттардың бұлай деп оның әрекетіне баға бермек тұрғай, сөзін бөлуге қақысы жоқ. Мұндайда командир жаңағы сөзді айтқан адамды орынан тұрып, казарманың еденін жууға жазалайды да, сабақтан қуып жібереді. Әскер өмірінің тәртібі солай. Төрт жыл бойы сол өмірге қалыптасып қалғандықтан ба, кім білсін, оқытушы жаңағы студентканы да аудиториядан қуып шығатын болар деп қауіптендім.
Бірақ, ол сөз оқытушының кәперіне мүлде келген жоқ.
– Программа бойынша солай ғой, – деді де, лекциясына кірісті.
Бөтен ұлттың адамы болар деген оқытушымның қазақша білгеніне, оның үстіне қазақ тілінің өзінен сабақ бере бастағанына таңданған мен оның тілін қабылдағанмен, қазақ деуге түрін қабылдай алмай біраз отырдым да, ақыры оған да көндіктім.
Содан соң өз дәптерімді алдыма қарай тартып, мен де жұртпен ілесе конспект жазуға талаптандым. Бірақ, бір ғажабы, қанша талаптансам да жаза алмадым. Дәптердің дәл ортасына қарындашпен «Сын есім» деген екі сөзді баттитып қойдым да, төбеден ұрғандай боп тұрып қалдым. Біріншіден, төрт жыл бойына қолыма қалам орнына салмағы сегіз килограмм снаряд ұстап үйренген саусақтарым икемге келетін емес. Екіншіден, бәлкім сол себептен де болар, жаңа ғана өзім жай сөйлейді екен деп ойлаған оқытушының дауыс екпіні тыңдауға қырсау сияқты боп көрінгенімен, менің әрқайсысы әрең бүгілетін, буындары шор-шор барбиған жуан саусақтарымның шапшаңдығынан әлдеқайда жылдам болып шықты. Оның үстіне соғыста зеңбірек пен винтовка сияқты жауынгер қарулардың тілін ғана ұғып, тас төбеңнен төне түсіп, боздай сорғалап келе жатқан мина мен бомбалардың қай жерге кеп бүрк ете қаларын үніне қарай ажыратуды мүлтіксіз білгенмен, мынадай аудиторияда лекция тыңдаудан мүлде тосырқап, әрі мүкістенген солдат құлағы оқытушының «сын есім... сын есім...» дегеннен басқа сөздерін және ажырата алмады. Маған құс мұрын оқытушының лекцияға кіріскеннен кейінгі шыныдай шыңылдап қалған дикциясы тағы ұнамады. Ол сөйлеген сайын біреу аудитория терезелерінің әйнегін шылдырата сындырып келе жатқан тәрізді немесе аязды күні әлде кім ақ қарды шықырлата басып қасыңнан өтіп бара жатқан сияқты болды да тұрды. Маған сөзден гөрі сол бір шыңыл көбірек естіле берді.
Қойшы, қаншама тырыссам да ештеңе жаза алмайтыныма көзім жетті. Қауырсындай ғана жеп-жеңіл қарындашты қағаз бетінде жорғалату алпамсадай зеңбіректі ашық позицияға дөңгелетіп алып шығудан ауыр тиді. «Жоқ, бүйтіп босқа қиналмайын, – деп ойладым ішімнен.–Алдымен оқытушының үнін құлағыма сіңісті етейін. Содан соң, бірте-бірте лекциясын жазуға да жаттығармын. Осы отырғандардың бәрі лекция тыңдап, конспект жазу шеберлігіне бірден емес, біртіндеп жеткен болар. Ендеше, төрт жыл окопта жатып, соғыс академиясын тауысқан солдаттың бұлармен бірге бейбіт өмір университетті тәмамдауға да шамасы келер әлі».
Осы ойдан кейін қарындашымды дәптерімнің ортасына қойдым да, бала күнгі әдетім бойынша, сол жақ алақаныммен жағымды таянып, жақсылап тыңдамақ болдым. Тыңдай бастап, қыздардың кесте тоқығандай жыпылдатып, жылдамдата конспект жазып жатқан әсем қолдарына көзім түсті де, тағы да олар туралы ойлап кеткенімді өзім де аңғармай қалдым.
«Қыздар! Сендер қандай ғажап жансыңдар, шіркін. Жаудырай қадалған қап-қара көздерің мен жанды еріткен көмірдей шаштарын, иықтарыңдағы толқындай тулаған білектей бұрымдарың мен сол қос бұрым арасынан көрінген кіршіксіз аппақ желкелерің қандай әсем еді сендердің. Өзеннің құба талындай солқылдаған бойларың неткен көркем, апырау. Қыр жігітінің қанын қыздырып, құшақтауға, құшуға құмарттыратын қыпша белдерің мынау бұралған! Сендердің сымбаттарыңды суреттеуге соғыстан қайтқан солдаттың тілі жете алар ма ешқашан?!»
Осындай ойлар бірінен соң бірі жалғаса берді, жалғаса берді. Ой құшағында отырған мен қыздардан өзге дүниенің бәрін де ұмытып кеткен сияқтандым.
«Бұл қыздарды көріп отырған мен неткен бақыттымын! – деймін тағы да ішімнен. – Соғыс бойы жауды жеңіп, сендерді көрсем деп имандай арман тұтып едім ішіме. Сыз окопта суық жаңбыр төбеден сорғалап тұрғанда да сендерді ойлағанмын. Ақ қар, көк мұзда жол жағасында жау танкісін тосып, зеңбіректі құрып қойып, шұңқырдың төбесіне плащпалатка тұтып, түбінде тісім-тісіме тимей сақылдап тоңып отырғанда да сендер жүрегімде жатқансыңдар, қыздар. Жаяу жорықта жан қиналып, күндіз жау самолеттерінің төбеден атқылаған оғы шинелімнің етегін шұрқ-шұрқ тескілеп, түнде ұйқы қаумалап кірпіктеріме қайта-қайта желім жағып, буындарымды босатып мазамды алып, есім шығып келе жатқанда да сендер менің ойымнан кетпегенсіңдер, арулар. Сол күндердің, сол айлардың, жылдардың бәрінде де мен сендерді бір минут та есімнен шығарған емеспін. Жалғыз менің ғана емес, майдандағы бар жігіттің жүрегінде болдыңдар сендер. Сендерден ауық-ауық хабар алу қандай бақыт еді майдандағы жігіттерге. Әр жауынгер қолына үшкіл хат тиіп, оның сыртындағы өзіне таныс қолдың танбасын көргенде жел қозғаған жапырақтай дірілдеп, тез оқып шыққанша тағаты қалмай асығатын. Жаңа ғана жаудың жебір танкісін жайратып, қираған болаттың беріктігі мен сұстылығын өз бойына, өз өніне жиып шамырқанып тұрған қаһарлы солдаттың қыз хатын оқып шыққанда жаны жадырап, қара көзі күлімдеп, бүйрек бетіне алқызыл бояу шабатын. Ақ тістері ақсия көрініп, өзгеше бір рақат табатын. Осы бір өңі жұмсарып, жүзі жылып, жүрегі нәзік лүпілге басқан шағында оның көкірегіне өзгеше бір күш құйылатын. Сол сәтте ол бір емес, жаудың бірнеше танкін жалғыз өзі жайратуға әзір болатын. Міне, майдандағы жігіттерді біресе болаттай қатайтып, біресе қорғасындай ерітетін сендер едіңдер, сендердің ғажайып хаттарың еді, қыздар. Сендердің «жауды жеңіп қайтыңдар!» деп әр хатта айтатын әмірлеріңді орындап тезірек Берлинге барып, одан соң өздеріңе жетсек деп ынтығушы едік бәріміз. Бір қазақ қызының жүзін көріп қасында отырсақ арманымыз болмас еді деп аңсайтын едік біз. Енді, міне мен біреуінің ғана емес, бір аудитория толы қыздың қасында отырмын. Қандай бақыттымын мен! «Мен бақыттымын!» деп, Алатаудың төбесіне шығып айқайлағым келеді қазір. Отан армиясының сапында зұлым жауды жеңгеніме бақыттымын! Сөйтіп, өз еліме оралып келгеніме бақыттымын! Қаншама ер азамат туған жерге жете алмай, туған елдің топырағында өскен қызыл гүлдей қыздардың ақ жүздерін көре алмай арманда кетті. Өлер алдындағы әр солдаттың аузына алған ең соңғы сөзі әйел аты болды. Біреу анасын, біреу жарын, біреу ғашығын есіне алып, тіл күрмеліп, мәңгіге көз жұмар алдында ақтық күшін жиып, солардың есімін атады. Олардың өздеріне деген махаббатының қарызын солдат сол бір ауыз сөзді ұмытпай айтып өтуге тырысты. Содан кейін Отан сүйгіш, ана сүйгіш, жар сүйгіш солдат жаны мәңгіге тыншықты».
Осындай ойлар арынды өзеннің ақжал толқынындай төпеп, бірін-бірі қуып жөнелді-ай келіп. Мен өзімде қыздарға деген осынша мол, нәзік сезімдер бар екенін бұрын да білетін едім. Сол сезімдердің бүгін университетке түсіп, алғашқы лекцияға қатысқан сәтте-ақ ағыл-тегіл ағылғанына таңдандым. Қой, мұным болмас. Университетке алынбай жатып аңсарым қызға ауғаны несі? Мен мұнда қызға қырындаймын деп емес, оқу оқимын деп келіп едім ғой. Ендеше қыз туралы ойлаудан тыйылуым керек», – деп өзіме тоқтау салмақта болдым. Бірақ, айы-күні жеткен әйелді ауық-ауық қинаған толғақтай әлдебір арылмас мазасыздық менің бойымды билеп, барған сайын бастағы ой өрістеп, өршелене берді.
«Ұлы Отан соғысында біз жауды қаруымыздың – самолеттің, танктың, артиллерияның құдіретімен де жеңдік, - деп ойладым мен онан әрі. – Сол сияқты алаулаған асыл махаббаттың күшімен де жеңдік. Біздің жүрегімізде Отанға, анаға, сүйген жарға деген шексіз махаббат болды. Соңғы күш алдыңғының қуатты қозғаушысына айналды да, өлім мен өмірдің арпалысындай айқаста біз жеңіп шықтық. Меніңше, махаббат – дүниедегі барлық күштің көзі, барлық қуаттың бұлақ-бастауы. Онсыз еш жерде жеңіс жоқ. Ендеше, қыздар, махаббаттың мөлдір бастауы сендерді көргенде қалай тебіренбейін, қалай қуанбайын мен! Кеше өгей Европадан өз Европама жеткенше асығып ем. Өз Европам өз Азиямдай қуанышпен қарсы алды мені. Жолдағы ағайын жұрттың жылы жүз, ыстық ықыласы жүрегімді тербеп, ежелден таныс үнді славян сөздері құлағыма тәтті күй боп құйылды. Ал өз Қазақстаныма жеткендегі күйім қандай болды десеңші! Ауызбен айтып жеткізе алмаспын мен оны. Жол бойындағы жадау разъезд, жапырайған қазақ ауылдары қоңырайып алдымнан шыққанда Батыс Европаның салтанатты сарайларынан артық көрдім мен оларды. Үй жанында үймелеп күз тіршілігін жасап жатқан жүдеу жүзді, жалбыр киімді ауыл адамдары көзіме шалынғанда жүрегім елжіреп, еріп қоя берді шайға салған қанттай боп».
Осы кезде «Көңілді бес жүзінші поезд» деп аталатын .әскерден қайтқан солдаттар тиелген қызыл вагонды ұзын составтың Қазақстанның шеткі шағын станцияларының біріне келіп тоқтағаны көз алдыма елестеді. Тәкен деген жолдасым вагоннан қарғып түсті де, поезға сүт, айран, жұмыртқа алып шыққан әйелдердің қасына барды одыраңдап.
– Апалар, амансыздар ма, бәріңізге мың сәлем! – деді ол бас иіп. – Айран бар ма?
– Бар, шырағым, бар, - десті әйелдер.
Жолдасым бір банка айранды басына бір-ақ көтерді. Содан соң түбінде қалған жұғының жинап алып, бетіне жақты. Қап-қара жігіттің беті ала бажалақ боп шыға келді.
– Мұның не, шырағым, – деді айран иесі қартаң әйел таңданып.
– Мұным – қуанғаным, апа. Сұрапыл соғыстан аман келіп, туған жерге табаным тиіп, сіздей апамның қолынан айран ішкеніме қуанғаным. Туған елдің дәмін татқаныма қанғаным, айранның қалғанын бетіме жаққаным – балалық күнім есіме түсіп, еркелегенім, апа. Сізге еркелегенім, Қазақстанға, халқыма еркелегенім.
Әшейінде сөзге олақ, кеудесі орден мен медальға толы аңқылдақ батыр жолдасымның сол бір сөзі керемет шешен болып шықты.
– Алда, бақыр-ай, елді сағынған екен ғой, - деп сол жерде әйелдердің бәрі тегіс жылап жіберді.
– Қай жердікісің?
– Шешең бар ма еді? – деп әркімдер сұрап та жатыр.
– Талдықорған облысыныкімін. Өзіңіздей келген шүйкедей ғана қара домалақ шешем бар еді. Соған асығып келемін, – деді Тәкен кемпірлердің біріне қарап.
– Алда, бақыр-ай.
– Шешеңнің жүрегі жарылып-ақ кетер-ау сені көргенде.
Осылай деп әйелдер қолдарындағы бар жұмыртқа, бар сүт, айранын Тәкенге ұсынды.
– Туған жердің дәмін таттым, маған сол болады, – деді Тәкен әйелдердің ұсынғанын алмай.
Жұрт оған қарамады.
– Жолдастарына бер.
– Соларға дәм татыр.
Тәкен бет-аузы айғыз-айғыз болып, әйелдерді вагонға бастап келді.
– Алыңдар, жігіттер! Туған ел ырзығы! Алыңдар!..
– Ішіңдер.
– Дәм татыңдар, – деп жатыр әйелдер.
Әйелдер әкелген тамақтарын бәрімізге тегін бөліп берді. Біреу ақша төлемек болып еді, қартаң ана ренжіп қалды:
– Төрт жыл соғыста аштан өлмеген біз соғыс біткеннен кейін өледі деп пе едіңдер? Қойыңдар, қарақтарым, ақшаларыңды қозғамаңдар. Әлде жат жерде жүріп елдеріңнің қонақжай салтын ұмытып қалып па едіңдер?
Бұл сөзге жауапты тағы да Тәкен берді.
– Жоқ, апа, ұмытқамыз жоқ, – деді ол. - Онда біз мұны халықтың майданнан жеңіспен келген жігіттерге шашқан шашуы деп қабылдайық.
– Е, жөн.
– Сөйтіңдер, – деп әйелдер разы боп қалды. Осы кезде біздің поезымыз гудок беріп, ілгері қозғалды.
Зымырап келе жатқан поездың есігінен етектегі елге қарап отырған менің есіме данышпан Жиренше түсті. Хан қасында көп жүріп ел аралап, орда, сарайларда ұзақ-ұзақ қонақ болып үйіне қайтқан кедей Жиреншенің сирағы жаман лашығына сыймай сыртқа шығып жатса керек. Хан ордасындағыдай мамық төсекте емес, лашық ішіне төселген өлең шөптің үстінде рақаттана керіліп жатып шешен: «Шіркін, менің өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деген екен дейді.
Мен жолдасымның бетіне қарадым.
– Тәкен, үйіңе жетуге асығып келесің бе? – дедім.
– Е, үйіне жетуге кім асықпаушы еді, – деді ол.
Мен оған ауылға баруға асықпайтынымды, Алматыға қалып, оқуға түсетінімді айттым.
– Сенің оқуыңа болады. Ал менің басыма ешбір оқу қонбайды, - деп ол өз басын жұдырығымен тоқылдатып қойды. - Мен барамын да елдегі бір жақсы қызға құлындай шыңғыртып құрық саламын. Маған одан басқа оқудың керегі жоқ.
Мен күлдім.
– Күлме, - деді ол. – Оқуда да жақсы қыздар көп болады. Аузыңды ашып босқа қарап жүрмей, сен де солардың бір тәуірін нысанаға ал.
«Сөйтіп, мен кеше ғана эшелоннан түстім, қыздар. Бүгін міне сендердің орталарыңа келдім. Мен сендердің ағаңмын, бауырыңмын, досыңмын, қыздар. Мен сендердің бәріңді де жақсы көремін!..»
Аудитория есігінің сыртынан шылдыраған қоңырау дауысы естілді. Бірінші лекция бітті. Құс мұрын оқытушы жайлап орнынан тұрып, есікке қарай аяндады. Әшейінде қоңырау соғылса-ақ ешкідей секеңдеп есікке қарай алдымен жүгіретін қыздар, сабақ үстінде өзара іштей уәделескендей, ешқайсысы селт етпестен парталарында сіресіп отырып қалды.
