I
– Мен оларды жақсы көрдім. Бірақ олар маған қарамады, – деп бастады Ербол әңгімесін. – Жалғыз қыз ғана жанымды ұқты, тек соны айтайын мен сізге.
Сонымен мен 1945 жылдың он төртінші ноябрь күні осы әсем астана қала Алматыдағы Қазақ университетінің студенті боп қабылдандым. Тарих-филология факультетінің деканы, батыр тұлғалы, кесек пішінді, жалпақ бетті, қысық көздеу келген орта жас мөлшеріндегі сабырлы кісі документтерімді байыппен қарап шықты да,бұрын пединституттың бірінші курсын бітіргендіктен бірден екінші курсқа алынатынымды айтты. Мен содан бір сағат қана бұрын, астананың Совет көшесіндегі университет үйінің баспалдағына табанымды тіреп, жаңа ғана үзіліске шығып, дәлізді кернеп тұрған студенттердің арасынан өтіп, үйдің ең жоғарғы екінші этажына көтерілгенде Алатаудың асқар шыңына шыққандай болып едім. Шыңнан шыңырауға қарағандағыдай, басым айналыңқырап, буын-буыным дірілдей түскенін де аңғарғанмын. Енді міне декан екінші курсқа қабылдандың дегенде, өзім екі аяғыммен нық басып тұрған деканаттың едені жылжып, қозғала жөнелген сияқтанды. Мен деканат бөлмесінде емес, Алатаудың шың-құздарының үстінде, дүниенің төбесінде қалықтап ұшып бара жатқандай күй кештім.
Декан алдында, стол үстіндегі шыны астында жатқан сабақ кестесіне қарап отырды да:
– Сіздің курс қазір осы дәліздегі 33 аудиторияға жиналады. Бес минуттан кейін сабақ басталады. Өзіңізді студентпін деп есептеп, курсыңызға барып отыра беруіңізге болады, – деді.
Мен деканға рақмет айтып, бас идім де, есікке қарай бұрылдым.
Дәлізді қуалап жүріп келемін. Ұмытып қалмайын деп қайта-қайта ішімнен: «Отыз үшінші аудитория, отыз үшінші аудитория...» деп күбірлеп келемін. Міне сыртында 31 деген жазуы бар есік тұр. Есігінің аңқайып ашық қалғанына қарағанда аудитория бос тұрған тәрізді. Өзімді толық праволы студент деп сезінгендіктен бе, білмеймін, кенет оның ішін көргім келіп кетті. Еденнің оң жағы сахна тәріздендіріліп, биіктетіліп қойыпты. Оның төрінде – қабырғада қара тақта ілулі тұр. Сол жақта жыпырлаған биік парталар. «Әлде бұл клуб па екен?» деп ойладым одан шыға беріп. «Отыз үшінші аудитория... отыз үшінші аудитория» деп күбірлеп, тағы ілгері аяңдадым. Келесі есіктегі 32 деген жазуға көзім түсе беріп еді, сол-ақ екен, ол шалқасынан ашылып кеп еді. Кітап қолтықтаған бірнеше студент шығып келе жатты. Мен солардың арасынан ашық есікке және көз салдым. Сол жақта алдарындағы кітап, қағаздарына үңіліп, бұқшия төмен қарап отырған көп студент көрінеді. Оң жақта, сөреде қатар-қатар тізіліп тұрған кітаптардың алтын жазулы түптері көзге шалынады. Үстіне көк халат киген татар өңдес жас келіншек қашаның қасында тұрған біреуге кітап ұсынып жатыр. «Бұл немене, кітапхана ма өзі?» деп ойлап, мен аяғымның ұшымен көтеріліп, мойнымды соза бергенде, іштен шыққан соңғы студент есікті серпіп жіберді. Менің жорамалым шынында да дұрыс екен. Екі жармалы есіктің жабылған бөлігінің сыртына бадырайта «Кітапхана» деп жазып, оның бетін шынылап қойыпты.
Сонымен, не керек, отыз үшінші аудиторияны таптым-ау жағалап келіп.
Ендігі барлық бақытым, көрер қызық, кешер қуанышым отыз үш деген екі сөзге тірелгендей болып, есіктің жоғарғы жағына жазылған екі цифрға ентелей қарап, күлімдеп тұрмын. Бойым жетсе, қолымды созып, өзім үшін өзгеше ғажап бұл цифрды сипағым да келетін сияқты. Өйткені мен төрт жыл бойы жеңісті арман еттім. 9-майда батыста неміс фашистері тізе бүкті, 3-сентябрьде шығыста жапон империалистері жеңіліп, қол көтерді. Отан үстінде жеңіс туы желбіреді. Қаһарлы қыс өтіп, халық аңсаған жазғытұры жеткенде жер бетіне қаулап бір көк шықпайтын ба еді. Сол сияқты боп, соғыс біткеннен кейін жұрт жүрегін жана арман кернеді. Ана ұлын, әке баласын жігіт жарын, қыз ғашығын көксеп, тезірек қауышуды тіледі. Көгеннен ағытылған қозыдай жамырап, батыс пен шығыстан елдің түкпіріне қарай тірі қалған солдаттар ағылды. Жолда кездескен жыпырлаған село, көп қаланың біріне тоқтамастан әркім өз аулына, өз үйіне жетуге ынтықты, өз ұясын көруге асықты. «Менің ұям сенсің - университет, сенсің – отыз үшінші аудитория! Сенен басқа менің ешкімім жоқ!» – деп іштей тебірене есіктің тұтқасына қол создым мен.
Солдаттың ауыр салмақты керзі етігімен еденді тарс-тұрс басып, есіктен кірдім. Менің бұл кірісім аудиториядағыларға асфальт көшеде тағалы ат келе жатқандай әсер еткен болуы керек. Олай дейтінім парталарына жайғасып, алдарындағы қағаздарына үңіліп отырған студенттердің бәрі бастарын бірден көтерісіп, күнге қарай бұрылған көп күнбағысқа ұқсап, мойындарын соза маған тесірейді. Мен де оларға қарадым. Қарасам, алдымда қаптап отырған қыз екен. Соғысқа дейін бір қыз бетіме тіке қараса, бәшірем кететін мен байғұс аудиториядағы отыз қыздың алпыс көзі өзіме қадалғанда қалай шыдап тұрғанымды білмеймін... Түнде, майдан шебіне жау самолеті келіп қалғанда, прожекторлардың қараңғы аспанды қатарласа тілгілеп жерден жарқ етіп көтерілген найзағай сәулелерінің бірі алыста жүйткіп бара жатқан ақ ноқатты шалатын. Самолет-ноқат прожектор сәулесінен тез сытылып кету үшін, жанталаса сасқалақтап, олай бір, бұлай бір бұлтаратын. Бірақ қанша қашқанымен, қараңғы аспанның қабатына кіріп, жасырынып қалуға мұршасын келтірмей, барлық прожекторлардың сәулесі лезде тұс-тұстан шаншылып, қадалып қалатын. Сол кезде жерден атылған зенитка оқтары шөкім-шөкім ақ бұлт болып, бұрқ-бұрқ етіп, жау самолетінің жанынан жарыла бастайтын... Мен де сол сансыз прожектордың сәулесіне шаншылған самолеттей күйге түстім. Сасқанымнан командирдің алдына келген солдаттай болып, екі қолымды жамбасыма жапсыра ұстап, тік тұра қалдым да:
– Сәлеметсіздер ме, жолдастар? – дедім.
Гүл бақшасында болып па едіңіз? Гүл ашылған ғажайып сәтті көріп пе едіңіз? Бақшаның жер нәрі, күн нұрына қанып, толысқан ақ, қызыл, қызғылт, сары, көк гүлдері біртіндеп, бірімен бірі жарыса ашыла бастағанда жаныңызды ләззат кернеп, өз-өзіңізден өзгеше бір рақатқа кенелмейтін бе едіңіз. Сол гүлдердің торғыннан жұқа әсем үлбіректерінің әр дірілі жаныңызды толқын-толқын қуаныш боп кернеп, басқаның бәрін ұмыттырып, елжіретіп, елтітіп әкетпейтін бе еді?! Міне, қыздардың менің сәлемімді алып, еріндерін сәнмен қозғаған осы бір сәті менің көз алдыма гүл бағын елестетті. Иран бақ деген осы болар, осы отыз үшінші аудитория шығар деп ойладым. Қыздардың томпақ, толық, жұқа, жұмсақ еріндері сәл ашылғанда олардың ауыздарынан ақ маржан ақтарылып кеткендей көрінді. «Ал, енді не айтасың» дегендей, жазық маңдай, қыр мұрын, ақ құба, аққу мойын, аршын төс, қара торы, қиғаш қас, ақ сары қыздар әлі маған жаудырап қарап отыр. Енді не айтарымды өзім де білмедім. Алма ағаштың бұтақтарын қайыстырып, «өзіме кім қолын созар екен?» деп жерге телміре қарасып сабағында самсап тұрған хош иісті піскен алма секілді осынау тәтті қыздардың қасынан ілгері қарай үндемей одыраңдап бос орын іздеп өте беруді орынсыз көрдім бе, білмеймін:
– Рұқсат па кіруге? – деппін тағы да сасқалақтап.
Есік жақ қатарда екінші партада отырған шашы көмірдей қара, жазық маңдай, қызыл шырайлы қыз күлкі қысып, теріс айналып кетті де, танадай көзін жалт еткізіп, қайтадан маған қарады.
– Рұқсатты кірмей тұрып сұрамаушы ма еді? – деді ол жалпақтау біткен күрек тісі жарқ-жұрқ ете көзге шалынып. Содан соң ол аңқаусып арт жағында отырған қыздарға бұрыла қарап қойды.
Әлдекім мырс ете түсті. Мен қызарып кеттім.
– Қанипа, сен қойсаңшы, – деді оның алдында отырған аққу мойын ақ сары қыз. – Бәлкім, бұл кісі біреуді іздеп келген шығар.
– Ағай, сізге кім керек еді? – деді алдында партада отырған кішіректеу екі қыздың ақ құбасы орнынан көтеріліп. – Біреуді іздеп жүрсіз бе?
– Отыз үшінші аудитория керек еді, – дедім мен. – Осы курсқа қосылатын жаңа студент едім.
– Е, онда төрлетіңіз, – деді тағы да жазық маңдай, қасқа тіс қыз. – Қосылыңыз...
Менің «жана студентпін» деген сөзімнің қыздарға жаңаша бір әсері болды-ау деймін. Олар бір сәт шаштарын сипап, сәнденген сияқтанды. Содан соң, әлдекімнің командасын орындағандай, кеуделеріне түсіп тұрған білектей бұрымдарын, бір кісідей болып, арқаларына қарай серіпті. Сөйтті де қыздар қайтадан маған қарады. Бұл жолы бұрынғыдай самарқау емес, менің жүрегімді жандыра, күйдіре қалған сияқтанды. Әрине, бәрі емес қой, кейбіреулері ғана сөйткен болар. Бәлкім, маған солай сияқтанып көрінген шығар... Прожекторлар сәулесінің найзасына ілінген самолетке оқ тимей қоймайды. Оқ тиген самолет өртеніп, лаулап, соңынан қара түтін сүйретіп, бет алдына ауытқып, жер қайдасың деп құлдилап лаға жөнеледі... Отыз қыздың көзі менің де жүрегімді өртеп жібергендей болды. Оқ тиген самолеттей теңселіп, теп-тегіс еденде, жаңа жыртылған тақтаның үстінен келе жатқандай, сүріне аяндап, бос орын іздеп, аудиторияның ең түкпіріндегі бос партаға қарай беттедім.
