III
Оқытушы шығып кеткеннен кейін екеу-екеуден қатар отырған қыздар бір-бірімен күбірлесе күлісті де, командамен бұрылған бір взвод солдаттай болып, тегіс кеуделерін қозғап, жүздерін аудиторияның ең артында отырған маған қарай бұрды. Түнде далада машинамен келе жатқаныңызда алдыңыздан жайылып жүрген қоян кездесетін. Қоянды көре сала оған машинаның фарын бағыттай қойсаң, қашудың орнына ол байғұс: «мені ат!» дегендей болып, артқы екі аяғымен тікиіп, құлағын селтитіп тұра қалатын. Машина жарығына бір ілінгеннен кейін қоян сорлыны бір атсаң да, бес атсаң да, сол орнынан қозғалмайды. Тек оқ тигенде ғана тұрған жеріне жалп етіп құлай кетеді... Қыздардың бәрі маған қарай бұрылғанда, мен де сол қоянға ұқсап, орнымнан апалақтап атып тұрдым. Егер сол сәтте қыздардың бәрі бірдей мені көздеп махаббат мылтығының шүріппесін басып кеп қалған болса, солардың бірсыпыра бытырасы дәл осы күнге дейін өн бойымда жүрген болар деп ойлаймын. Орнымнан атып тұрғаннан кейін әскери машық бойынша жалма-жан гимнастеркамның етегін төмен қарай тартқылап, қыртысын белбеуге сұққан бармақ арқылы кейін қарай сырғыта бастадым.
Ұзын аудиторияға екі қатар қойылған парталардың есік пен терезе жақ шетіндегі қыздар сол бұрылған күйлерінде қозғалмастан отырып қалды да, ортадағы қыздар орындарынан тұрып, маған қарай аяңдады. Өзіме қарай келе жатқан олардың тақтай еденді тық-тық басқан дыбыстарын естігенде жүрегім, атакаға шығар алдындағыдай дүрс-дүрс соғып қоя берді.
– Ал, жолдас, сізді студент болуыңызбен құттықтаймыз, – деді көмірдей қара шашты, жазық маңдай, қызыл шырайлы күлімкөз қыз менің қасыма келіп. Маған ол сондай сұлу боп көрінді. Бұл жаңағы, мен аудиторияға алғаш кіріп рұқсат сұрағанда мырс етіп күліп: «Рұқсатты кірмей тұрып сұрамаушы ма еді?» деген қыз болар деп мөлшерледім.
Мен: «Рақмет» деп басымды идім.
Қыз тағы да мырс етіп күліп жіберді де, құттықтау үшін бе, әлде амандасу үшін бе, маған қарай сүйріктей саусақтарын созды. Алдымен қолды өзім бермегеніме екі бетім ду ете қалып, мен де алақанымды ұсындым. Қыздардың қол ұсынып амандасқанда алақанын су құятындай шұңқырайта қойып, саусақтарының ұшы жігіттің қолына тиер-тиместен тартып әкететін әдеті емес пе. Мен өзіме төрт жыл соғыстан кейін алғаш ұсынылған қыз қолын алақанын алақаныма төсеп қойып, солдатша құшырлана бір қысармын деп ойлаған едім. Тот басқан темір іспеттес күсті алақаныма қыздың қолы емес, ұстай бергенде ұша жөнелген торғай қанатының ұшы ғана тигендей болды. Мен бұған мүлде абыржып қалдым. Өйткені солдаттар бірінің қолын бірі қатты қысып амандасады. Олар үшін қол беріп амандасу ләззатының өзі сонда. Бәлкім, қыз қолын жаңа маған бермеген шығар, бәлкім ол қайта ұсынатын болар, сонда дұрыстап қысармын деп үміттендім. Бірақ қыз енді қолын қайта беретін белгі танытпады. Менің білегім, жау танкісіне қарай көзделген зеңбірек стволындай серейіп, созылды да қалды. Қайта тартып әкетуді қолайсыз көрдім. Менің осы күйімді аңғарған екінші қыз шапшаң ілгерірек шықты да:
– Ағай, сәлеметсіз бе, құттықтаймын, – деп қолын берді. Мен бұл қызға сонша разы болдым. Биік қабақ, бота көз осынау ақ сары қыз маған барлық қыздардың сұлуы сияқты боп көрінді. Бағанадан қысылып, не істерімді білмей сасқалақтап тұрғанмен қыздың қолын қатты қыспай, демеп ұстап, тез босатып жібердім. Мен оның өзімді қолайсыз күйден құтқарғанына қуандым. Бар абыройды жапқан бетімнің бояу жұқпас қоңырлығы болды. Іштей қанша қысылып, қиналсам да өмірі өнімнен белгі білінген емес. Өзімнің дүрдік ерін, жалпақ бет, шойын қаралығымнан өмір бойы осыдан өзге тапқан пайдам да жоқ.
Тағы да еден тықылдады. Тізеден келетін юбкадан шыққан түп-түзу екі сирақ киіктің лағындай қаздаңдап, қасыма және тақай берді. Үстіне киген ақ кофтасы ақ мамықтай үлпілдеген қаз кеуде, қызыл ерін ақ құба қыз жымиғаны жаныңды майдай ерітіп, иіліп келіп қолын берді. Одан соң қос бұрымы жер сызған, биік өкше етігінің аттағанынан аялдағаны көп, балдай шұбатылып, жібектей ширатылған сұрша қыз екі аттам жерге буыны құрығандай былқ-сылқ етіп әрең жетіп, қарлығаш қанат қасын кере, қаймыжықтай жұқа еріндерін жай ғана жыбырлатып, кер маралдай керіліп, ол қолын созды. Оның артынан жасында балалар үйінде тәрбие алып өскендерін таныта шаштарын иықтарына түсіре қидырып, сол әдемі қолаң шаштарын жаурындарын жаба жайып жіберулерінің өзі жігіттің жүрегін бірден бүлк еткізетін қыр мұрын қыпша бел, бірі нәзік, бірі толықша екі қыз әдемі ақ тістерін жарқырата көрсетіп, бірінен соң бірі амандасты.
Қойшы, не керек сөйтіп мен қыздардың жұп-жұмсақ, ып-ыстық қолдарын ауыртып алмайын деп еппен ұстап, бірінің соңынан бірін қыса бердім, қыса бердім. Олардың қолдарын алып жатып, ақырын ұрланып жүздеріне, көздеріне қараймын. Уыздай уылжыған, алмадай албыраған, бүйректей бұлтиған, мамықтай үлпілдеген,үлбіреген беттерді, қарақаттай мөлдіреген қап-қара көздерді, жүрекке жебедей атылған «Катюшаның» оғына ұқсас ұзын кірпіктерді, жаңа туған жіңішке айдай немесе егіншінің қол орағындай иілген сүйкімді қастарды бірінен соң бірін көріп, елтіп, елжіреп, панорамалы кинода отырғандай басым айналып, жығылып кете жаздап тұрдым. Сол қолыммен партадан қапсыра мықтап ұстап алмаған болсам, сол сәтте гүрс етіп құлап кетуім де ықтимал еді.
Осы мүшкіл күйімде тыныш тұрмай, Жағалбайлы елінен Жайыққа қыз іздеп барған Төлегенді есіме алдым. Ол да осы мен сияқты бір қыздан соң екінші қызды көріп есі кеткен еді. «Тау басында қарағай, Төлегеннің мінезі болып кетті баладай. Осындай болып әр жерден, он бір қыз өтті сәулетпен, бәрі де қалды жарамай» дей келетін бала күнде қызыға жаттаған қисса жолдары ойыма оралды. Қырық шақты қыздың қасынан өткен Төлегеннің ол күні қандай күйде болғанын білмеймін. Ал өзімнің он бестей қыздың қолын ұстағанға бір шара қымыз ішкендей мас болғаным аян. Әр қыздың алақаны қолыма келген сайын электр еріткіші тиген қалайыдай балқып, елжіреп бара жаттым. Барған сайын қызуым артып, күйіп кететін сияқтандым. Егер отыз қыздың қолын түгел ұстаған болсам, онда мүлде еріп кеткен болар ма еді, кім білсін. Өзімнің осы күнге дейін аман жүргенім бәлкім, сол күні аудиториядағы қыздардың бәрінін қолын тегіс ұстамағандығымнан да шығар деп ойлаймын кейде.
Менің бақытыма қарай алғашқы амандасқан қыз қайтадан тіл қатты.
– Жә, өзгелерің отыра беріңдер, – деді ол басқа қыздарға қолын сермеп. – Қалғандарың кейін амандасарсыңдар. Қазір басқа шаруа бар.
Басқалар күле түсіп, орындарында отырып қалды. Бірсыпыра қыз мені қоршай түрегеп тұрды.
– Ал, жолдас, сөйлеңіз, – деді әлгі қыз дауысын әндете созып мен бір оған баяндама жасап беремін деп уәде қылғандай-ақ.
– Не сөйле дейсіз? – дедім сәл ыржия түсіп. Бұл арада мен ыржалаңдайтын да ештеңе жоқ еді. Тегі көп қыздың мысы Сасып, қысылғанымнан сөйткен болуым керек. Бұрын бір қыздың бетіне бедірейе қарай алмайтын басым, енді бірнеше к.ыз өзімді ентелей қоршап алғаннан кейін, сойған қасқырдай боп, ыржимағанда қайтейін.
– Қайдан келдіңіз? – деді қызыл шырайлы қыз көзін ойнақшытып.
– Германиядан.
– Соғыстан қайтқандардың бәрі Германиядан келеді, иә, қыздар? - деп қызыл шырайлы қыз достарына қарай бұрылды. Ол қыздың мені әзілмен қағытып тұрғанын сезіп, ақырын ғана жымиысып қойды. Оны мен де сездім, сондықтан да жаңағы жауабымды қайта толықтырып:
– Берлин түбінен қайттым, – дедім.
– Түбі деген қай жер? - деді қыз мүләйімсіп. Қыздар мырс етісіп қалды.
– Шпрее деген өзеннің жағасынан, – дедім мен де сәл қысыла түсіп. – Берлинге тақау жер.
– Ә, - деді қыз менің жауабымды түсінген болып.
– Берлинде болдыңыз ба?
– Болдым.
– Рейхстагты көрдіңіз бе?
– Көрдім.
Берлинде болып, Рейхстагты көргенім тергеуші қызға әсер етті-ау деймін. Берлиннен келген жігітті бүйтіп әурелемейік деді ме, кім білсін, ол сұрағын саябырлатып, сәл бөгеліп қалды. Ол үндемеген соң басқа қыздар да менен беттерін бұрып, төмен қарасты. Қолға түскен тұтқындай болып, олардың ортасында төмен қарап мен тұрдым.
Қыз қайта сұрақ қойды.
– Соғыста командир деген болады дейді, рас па?
– Рас, – дедім мен басымды көтеріп.
– Ә-ә-ә, – деді қыз дауысын соза аңқаусып. – Сіз командир болдыңыз ба?
– Жоқ, – деп қалдым да артынан: - иә, болдым, – деп басымды изедім.
Қыз сықылықтап күліп жіберді. Оған өзге қыздар күлкісінің күміс сыңғыры қосылды.
– Жоғыңыз қалай, иә, болдымыңыз қалай? – деді қыз күлкісін сәл басып, қара көздерін одан сайын ойнақтата түсіп. Мен жайымды айттым.
– Кіші командир болған едім, – дедім.
«Кіші» деген сөзді бекер айтқанымды кейін біліп қалдым. Бірақ айтқан сөз – атқан оқ деген. Өкінгенмен оқты кері қайтара алмайсың. Не де болса ақырын күттім. Ақыры былай болып шықты.
Жазық маңдайы жарқырап қыз тұрған жерінен сәл кейін шегінді де, менің бұзау бас керзі етікті аяғыма бір, әлі шашы өсе қоймаған тықырлау басыма бір қарап, шомбалдау боп біткен тәпелтек бойымды лезде шолып өтті. Содан соң ол менің бойыма басымнан аяғыма қарай қайтадан көз жүгіртті. Өн бермеген құдай маған құнттап бой да бермеген ғой. Қыз байғұс бейнеттеніп қанша қарағанымен, бәйтерек емес, бір жарым метрден аз-ақ асатын тапал бойға қанша бөгеледі. Жуантық келген жұмыр мойнын бір жағына қарай бұрды да:
– Көрініп тұр, - деді ақырын, бірақ барлық қыздарға естірте айтты.
Әскерде кіші командир, үлкен командирлер болатынын оның білетін, білмейтіні маған беймәлім. Алайда ол менің кіші командир болдым дегенімді бойымның кішілігіне апарып сайды. Әдейі сөйтті ме, жоқ білмегендіктен солай ойлады ма, оны да аңғара алмадым. Әйтеуір қыздар оның «көрініп тұр» дегеніне ду күліп жіберді. Басымды қайта-қайта сипалап өзім де күлдім.
– Қыздар, күлмеңдер, – деді ол түсін суытқан болып. - Күлкен, анау журналды алып келші.
Гүлдей майысқан бір қыз оқытушы столының үстінде жатқан журналды алып келді. Мені тергеуші қыз оны қолына ұстап тұрды да:
– Мұнда, курста староста болады, білесіз бе? - деді. Ішімнен: «мені тым тақымдап тұрғаның староста екенсің ғой» деп ойладым да, басымды изедім. Қыз сөзін қайта жалғады.
– Староста студенттердің бәрін тізімге алады.
Мен тағы басымды изедім.
Қыз енді маған маңғаздана қарады.
– Мен староста емеспін. Бірақ бүгін староста жоқ. Сондықтан сізді тізімге алу құрметі маған тиіп отыр. – Осылай деп ол журналды ашты. - Фамилияңыз кім?
– Есенов.
– Атыңыз.
– Ербол.
Қыз саусақтары майысып отырып, журналдың ең соңына «Есенов Е.» деп жазды да, қайтадан бетіме қарады.
– Ербол?.. Сіз соғыста ер болдыңыз ба?
Бұл сұраққа не айтарымды білмей және бөгеліп қалдым.
– Жоқ, жұрт қатарлы, – дедім ақыры.
– Бәсе, кеудеңіз сылдырамайды, – деді қыз.
Мұны да оның қай мағынада айтқанын аңғармадым. Кеудеңде орден, медалдарың жоқ дегені болар деп түйдім. Ал менің орден, медалдарым жеткілікті болатын. Тек оларды студенттер арасында мақтанған сияқты боп көрінбейін деп, таңертең университетке келерде кеудемнен бір бірлеп ағытып, түскен үйімде қалған зат қапшығымның ішіне салып кеткенмін. Бірақ қызға дәнеңе демедім.
Қыз журнал бетіне қайта үңіліп, тағы да сұрақ қоя бастады. Осы кезде сыртқа шығып кеткен бірен-саран қыздар да аудиторияға қайта кіріп жатты.
– Қай жылы туғансыз?'
– 1922 жылы, - дедім күбірлеп.
– Қаттырақ айтыңыз, – деді қыз менің жауабымды ести тұрса да. – Семья жағдайыңыз қандай – әйеліңіз бар ма?
- Жоқ.
– Сүйген қызыңыз бар ма?
Мен басымды шайқадым.
– Қыздар, естіп отырсыңдар ма? – деді ол жан-жағына қарап.
Ешкім үндемеді.
– Түу, қойсаңшы, Қанипа, – деді осы кезде отырған қыздардың біреуі орнынан тұрып, бізге қарай аяндап. – Ағайды соншама әурелегенін не тергеушідей жауап алып.
