VI
Жүректегі лүпілді шынашақтың сол дірілінен анғартып, тағы да менің қолым, соқырдың алақанындай боп, алпыс екінші бөлменің есігін ақырын бір сипап өтті. Содан соң саусақтар бүгіліп, бірінен-бірі сүйеу, қолдау тапқандай иықтаса жұмылып барып, тақтайды тықылдатты.
– Кіріңіз, кіріңіз, - деп екі рет қайталап айтқан қыз дауысы естілді. Мен есікті жайлап ашып, ішке кірдім.
Үстел басында Меңтай көйлегін үтіктеп жатыр екен. Мені көргеннен кейін:
– О, ағай, жоғарылаңыз, төрлетіңіз, – деп үтігін шетіне шоқитып қоя салды. Меңтай үстіне көп жуылғандықтан бұрынғы қара көк түсі бозғылттанып кеткен көнетоздау спорт костюмін киіп тұр екен. Ескілеу болғанмен етпен ет боп жабысқан осы бір жарасты киім қыз мүсінінің мүшелерін айқындап, адамды одан сайын ынтықтыра түсетіндей. Оның есесіне бағанағы ақ мойын, ақ білек, уыз кеуде біржола жасырынып, бүркеліп қалған. Мен сол бір сұлу картинаны іздегендей тамсанып, төсекке қарадым. Тап-тұйнақтай боп жиналған үй іші маған жанды ерітер тамаша картинаның бос қалғандай үңірейіп тұрған сияқты боп көрінді.
Көйлегін қоя салып Меңтай, екі қолын қатарластыра ілгері созып маған қарай жүрді.
Ағай, сіздің Жаңа жылда бақытты болуыңызға, ойға алған мақсаттарыңыздың бәрі түгел орындалуына шын жүректен тілектестік білдіремін! - деп кішкентай әсем алақандарының арасы, менің қолымды қысты.
– Егер шын тілектес болсаң, онда ойға алған бар мақсатым сенсің ғой, Меңтай», – дедім мен ішімнен. Бірақ, оны сыртыма шығарып айта алмадым.
Рахмет, Меңтай, мен де сізге соны тілеймін! – дедім оның қолын мен де қос қолдай қысып, қысып емес-ау, жас баланың ұстағандай мәпелеп.
Меңтай маған еркелей қарады. - Ағай, бір өтінішім бар, айтайын ба?
Айтыңыз, – дедім «ол не өтініш болды екен?» деп жүрегім лүп ете қалып.
Айтсам, бүгіннен бастап мені «сіз» демей, «сен» деп атаңызшы. Жарай ма?
– Неге?
– Мен сізді туған ағайымдай жақсы көремін, – деді Меңтай еркелей үн қатып. – Ал «сен» демей, маған «сіз» десеңіз, бөтен адам сияқтанып кетесіз.
Меңтай осылай деп, оң иығына қарай басын қисайтты. Үстіне спорт костюмін киген Меңтай маған бұл сәтте көз қарықтырар бөтен үйдің бойжеткенінен гөрі еркекшора боп өскен тентектеу өз бауырым тәрізденіп кетті.
– Жарайды, онда солай болсын, - дедім мен күліп.
Меңтай мені жетектеп төрге шығарып, орындыққа отырғызды. Содан соң үстел үстіндегі үтіктеліп болған ұзын мойынды қысқы көйлегін, гардеробтың есігін қалқалап тұрып, оның ішінен және бірдеңелерді алды да: «Ағай, мен қазір келемін» деп есіктен шығып кетті.
Иен бөлмеде оңаша қалған мен студенттік жұпыны тіршілік мекеніне көз жүгірттім. Арзанқол темір төсек, тақтай тумбочкалар. Әр қыздың төсегінің тұсына түскиіз, кілемше орнына газет тұтылып, олардың үстіне фотосуреттер жапсырылыпты. Көпшілігі екеу-үшеуден, кейде үлкен топ болып бірігіп түскен суреттері. Әр тұстан әскери киімді жігіт суреттері көзді шырамытады. Сондай бір жұпыны жігіт Меңтай тұсында да тұр.
Меңтай расында да тез келді. Жаңағыдай емес, өзгеріп, басқаша боп келді. Үстіндегі спорт костюмін шешіп тастап, өзінің қыз киімін киіп алыпты. Тегі менің алдымда тар костюммен алды, артын бұлтитып жүруге ұялған болу керек. Мені де дәлізге қуаламай, не теріс қаратып қойып, осы жерде шешініп, көйлегінің судыры-сусылымен, желкені күйдіре жақыннан шыққандай боп білінетін ыстық демінің лебімен жанымды қинамай, өзі басқа қыздардың бөлмесіне барып, қайта киініп келген. Жіп шұлығы оқтаудай түзу аяқтарына және жарасып тұр. Мен Меңтайдың бұл инабаттылығына іштей сүйсіндім.
– Ағай, мен сізді ертерек кеп қалар деп шай қайнатып қойып едім, – деді Меңтай, дәлізге дәл сол үшін шығып келгендей. Киімін ауыстырып келгенін ешбір сөз етпестен, қолына шиыршықтап ұстаған спорт костюмін гардероб тартпасына сұға салды.
– Мен расында да ертерек келіппін. Келсем, сіз... а, жоқ, сен, – дедім күліп, жаңа ғана Меңтайды «сен» деп атауға уәделескенім есіме түсіп, - ұйықтап жатыр екенсің.
– Ә-ә-ә, – деді Меңтай даусын әндете созып. – Онда есікті қаттырақ қақсаңыз етті, мен оянатын едім ғой.
– Мен ақырын қақтым, бірақ есік кілттелмей бос жабулы тұр екен.
– Кілттелмепті дейсіз бе? – деді Меңтай бөлмесіне дәл қазір ұры кіріп кеткендей көзі бақырайып. – Іңірде бір кітапты қолыма алып едім. – Меңтай оның не кітап екенін айтқан жоқ. Бірақ, мен оның не кітап екенін түсініп, қыз төсегі жаққа көзімді жүгірттім. Бірақ жас Вертер Лоттаны іздеп, таңертеңгі жатқан жерінен «тұрып кетсе» керек, орындық, тумбочка үстерінде де көрінбеді. – Сол кітаптың қызығымен есікті әне жабамын, міне жабамын деп жатып ұмытқанмын ғой тегі. – Қыз әлде бір ұятқа ұрынғандай боп, басын шайқады. – Мен өзім сақ емес, сенгішпін. Осыным жаман-ау, тегі, – деді өзіне-өзі ұрысқандай: - Түнде үйге ағай емес, басқа біреу кіріп кетсе қайтер едім.
Осыдан кейін Меңтай екеуіміз үстел басында отырып шай іштік. Бір тілім қара нанды бөліп жеп, Меңтаймен ішкен қара шай маған балдан да тәтті боп көрінді. Екеуіміздің ортамызда тұрған кесенің кемерінен шай ұрттаған сайын күйдіріп ерінді қаритын екі қаңылтыр кружка, шойын шәугім мен пластмассадан жасалған арзан тарелка сол сәтте маған дүниедегі ең қымбат алтын сервиздерден де артық қадірлі сияқтанды.
– Сіз менің туған ағам Жүніске сондай ұқсайсыз, ағай, – деді Меңтай шай ішіп отырып. – Біз бір әке, бір шешеден Жүйке екеуміз ғана едік. Кішкене күнімде тілім келмей, мен Жүністі Жүйке дейді екенмін, өмір бойы солай атап кеттім. Ол менен үлкен болатын, сіз құралыптас еді. Сіз де қозыдай жуас, момынсыз ғой, ағай. Жүйке де сондай еді. Анау тұрған ағайымның суреті. Меңтай төсегінің тұсындағы газетке жапсырылған суреттерді нұсқады. – Сіз ең алғаш біздің аудиторияға кіріп келгенде, не болғанымды білмей кеттім. Сізді мені іздеп келген сол ағайым екен деп қалдым. Артынан, сіз екеніңізді білсем де, жүрегім еріп, үзіліс болғанша тыпыршыдым. Сіз тым болмаса менің ағаммен соғыста бірге болмады ма екен деп ойладым. Үзіліс кезінде соны сұрайын деп оқталған едім. Қалжыңбас Қанипа сізді ұзақ тергеп, әуреге түсірді. Сол кезде менің сізге қатты жаным ашып тұрды. Шыдамай қасыңызға барғанымда Жүйке есіме түсіп, «арманым, ағатайым, қайдасың сен?» деп ішімнен егіліп жылап тұрдым. Кейіннен, сіздің дәптеріңізді үйге әкеліп, қазақ тілінің конспектілерін көшіргенімде де осы жерде отырып, бірталай беттеріне көзімнің жасы тамды.
Меңтайдың мен алғаш аудиторияға келген сағаттан бастап маған қамқоршы болғанын жоғарыда айттым. Ол сол күнгі лекциядан кейін менің қазақ тілі дәптерімді алып кетіп, бірнеше кеш отырып, бұрын өткен лекцияларын көшіріп берген. Сол сияқты Майра, Күлкен, Қанипа сияқты қыздарға да бір-бір дәптер етіп, басқа пән лекцияларын және көшірткен. Адал көңілімен ағасындай көріп, жаны қалмай, қамқоршы боп жүрген қызға менің іштей ғашық болып құмартуым оған бейне бір жамандық ойлаумен парапар сияқты боп көрінді өзіме. Осы осалдығым үшін өзімді-өзім іштей кінәлап, ұрысып, үнсіз шиырып қалдым. Қыздың балдай тәтті шайы терлетті ме, әлде ыстық сөзі жіпсітті ме, білмеймін, маңдайым бусанып қоя берді. Меңтай жайлап отырып сөзін әрі қарай жалғады.
– Ағай, сіз Сегізінші гвардия дивизиясынан келген жоқсыз ба?
– Жоқ, мен Жүзінші бригадада болдым.
– Ондайды естігем жоқ. Маған соғыстан қайтқан жұрттың бәрі Сегізінші гвардия дивизиясынан келген сияқты боп көрінеді. – Меңтай сәл бөгеліп, ойланды да, оның жауабын өзі тапты. – Бәлкім, ол Жүйкенің сол дивизияда болғандығынан шығар.
– Ол кісі тірі ме? – деп сұрадым мен.
– Жоқ, «қара қағаз» келген. Артынан қасында болған кісі өз қолымнан қойдым, өлгені рас, – деп сендірді.
Осы арада Меңтай екеуіміз де едәуір үнсіз отырып қалдық. Teгі ендігі әңгімені неден сабақтарымызды білмей бөгелген болуымыз керек.
Шай ішілгеннен кейін Меңтай, ыдыс-аяқты гардероб полкаларына тез жинап тастады да, төсегінің бас жағындағы тумбочкасынан бір қалың кітапты алып шықты.
– Ағай, – деді ол стол басына қайта келіп, жаңағы шай ішкендегідей менің қарсыма емес, енді қасыма отырып жатып, – мен кітапханадан үш күнге сұрап әкеп, «Одиссеяны» оқып жатыр едім. Өткен түнде Гетенің қызығына түсіп кетіп, мұның аяғын бітіре алмай қалғаным. Сізбен бірге отырып, осыны тауысып тастасақ қайтеді, егер бүгін басқа жұмысыңыз болмаса?
– Жоқ, оқиық, – дедім мен бірден.
– Онда жақсы болды, – деді Меңтай қуанып кетіп. – Бәрібір жазда Ежелгі грек әдебиетінен емтихан тапсырғанымызда да керек қой бұл.
Маған сонау жазда тапсырылатын емтиханнан гөрі сол сәтте Меңтай қасында көбірек отыру қымбатырақ еді.
– Шаршағанда кезектесіп оқырмыз, қазір мен бастайын, ағай.
Мен басымды изедім. Меңтай, тамағын кенеп алып, он тоғызыншы жырдан бастап оқуға кірісті.
Все разошлися: один Одиссей в опустевшей палате
Смерть замышлять женихам совокупно с Афиной остался.
С ним Телемах...
Меңтайдың әсем дауысы, жаздыкүні Алматының әр көшесін бойлай ағатын сансыз бұлақтың сылдыр-сылғыры тәрізденіп, бірте-бірте бөлмені керней бастады. Қыз кітапты бар ықыласымен беріле оқып отыр. Әсіресе, ол Пенелопаның басынан кешкен қиыншылық, ауыр жайлар тұсын оқығанда сол қасіреттердің бәрін өз басынан өткеріп отырғандай қабақ шытып, қиналып қалады. Сол кезде мен ішім ауырып отырғандай кіржиіп, онымен іштей қоса қиналамын. Меңтай дауысы жанды әлдилер бұлақ сыңғырығындай біркелкі күйге көшкенде, мен де кең тыныс алып, жадырап, рақаттанып қаламын.
Өзіңіз білесіз, «Одиссеяның» соңғы жыр-тарауларында Одиссей батырдың жары Пенелопа сұлудың соғысқа кеткен ерін жиырма жыл бойы айнымас адалдықпен күткені суреттеледі ғой. Жиырма жыл бойына ол өзінен дәмеленіп қол созған жігіт сымақтардың бәрін айла тауып, бойына жуытпайды. Қызығушылар қыр соңынан қалмаған соң, бір күні сол елдің дәстүрі бойынша, қарт атасына кебін тоқуға кіріседі. Соны бітіріп, атамның алдында келіндік қарызымды өтегеннен кейін ғана басқа күйеуге шығамын деп жар салады.Бірақ Пенелопа күндіз тоқыған өрмегінің жібін өзі ылғи тарқатып тастап отырады. Дәмелі жігіттер арудың бұл айласын сезіп қойып, кебінді тез тоқып бітір деп дігірлейді. Бұл сыры ашылып қалғаннан кейін Пенелопа жаңа бір шартты ойлап табады. Енді ол Одиссейдің үйде қалған адырна ағытулы садағын кімде кім тартып, бір жебені қатар тізілген он екі шығыршықтың көзінен өткізсе, соған тиемін дейді. Өйткені ол Одиссейдің алып садағын ешкім тарта алмас, сөйтіп мырзалар менен күдерін үзіп, құлағыма тыныштық берер деп үміттенеді. Күйеулердің өзара жарысы белгіленген күнге Пенелопадан дәмесі барлардың бәрі тегіс жиналады. Бірақ олардың ішінде бірі оқ атып, он екі шығыршықтан өткізбек түгіл, алып батырдың адырнасын да кигізе алмайды. Осы топырдың үстіне Одиссей келіп, ақ некелі әйелінің басын дауға салғандардың көзін құртады. Сөйтіп ол өзінің кіршіксіз адал жары Пенелопаға қосылып, өзі жоқта ер жетіп азамат болған ұлы Телемахпен, барша ел-жұртымен табысып, мұратына жетеді.
Қасымдағы қыздың оқып отырған кітабына, кітаптың екінші бетінде жатқан оның ақ сүйрік саусақтарына мүлгіп телміре қарап, қыздың үніне, кітаптың оқиғасына елтіп, екеуіне бірдей ынтығып мен ұзақ отырдым. Сондай сәттерде, кейде, оң иығым Меңтайдың иығына тиіп кетеді де, вокзалда отырып ұйықтаған адамның селк етіп оянып, мойнының сылқ ете түскенін көрген ешкім жоқ па екен деп, жалма-жал жан-жағына қарап әлек боп алатындай, кеудемді кейін шегеріп, қолымды қайта-қайта уқалай беремін.
Сөйтіп отырып, кешке қарай біз «Одиссеяны» аяқтадық. Әрине, мен осының бәрі өз жырым – өз одиссеям болмағанына іштей өкіндім. Әлдебір көмескі елестер көз алдыма келіп, Әлиманың мені күтпей басқа біреуге тиіп кеткені ернімді еріксіз тістетіп және қынжылтты.
– Міне, бір үлкен жұмыс бітті, ағай, – деп Меңтай кітаптың соңғы бетін жапты. Бірақ оны алдынан ысырып тастамай, оқығанын ойға жиғандай боп, кітаптың сыртын сипап біраз үнсіз отырды.
– Ағай, сіз қалай ойлайсыз? – деді ол маған соншама бір сабырлықпен қарап. – Маған Гомер поэмалары қазақ дастандарына ұқсайтын сияқты боп көрінеді. Мәселен, мен өз басым осы Одиссейді біздің Қобыланды батырға, Пенелопаны Құртқа сұлуға жақындатамын да тұрамын. Айырмашылық екі елдің тіршілік кәсібінде, бірі теңізді, екінші даланы мекендейтіндінде ғана ғой деймін. Қобыланды жауға аттанып кеткенде, оның елін Қызылбас жұрты шауып алып, сол елдің ханы Алшағырдың Құртқаны аламын деп әлек салатыны жаңағы Пенелопаны аламын деушілердің қылығына ұқсамай ма? Өмірі Гомерді естімеген қазақ жырауларының онымен үндес шыққанына қайран қаламын.
Бұл сөздерімен Меңтай маған кітапты кей қыздарша судыратып босқа оқып шықпай, оның мән-мағынасына ой жіберіп, оқығандарын бір-бірімен салыстыра отыратын зерделігін танытты. «Қаласаң сен түбегейлі зерттеуші, жақсы ғалым да боп шығар едің-ау» деп ойладым мен.
– Иә, рас, – дедім мен Меңтайдың сөзін құптап.
– Менің әдебиеттегі әйел бейнесінен ең жақсы көретіндерім осы Пенелопа, Құртқа тәрізділер, – деді Меңтай ойын әрі қарай жалғап. – Бұлардың өзі еңбекші әйелдер. Пенелопаның атасына ақырет тоқымақ боп, күндіз-түні өрмектің үстінен түспеуі, Құртқаның Тайбурылдай тұлпарды баладай мәпелеп, бабын тауып өсіруі ересен еңбекшілдікті білдірмей ме? Меніңше, әйелге керек негізгі үш қасиет бар, ағай. Олар: еңбекшілдік, ақылдылық, сұлулық. Бойында осы үш қасиет тегіс бар әйелді төрт құбыласы түгел әйел деп бағалау абзал. Ал соның алғашқы екеуі ғана табылса, онда соңғысынсыз да өмір сүре беруге болады. Солай емес пе, ағай? – Мен әйелдердің сұлулықты өздеріне ен бірінші қажет деп білетінін, сондықтан сиықсыз әйелдер де өздерін сұлумыз деп есептейтінін сезсем де, Меңтайдың еңбекшілдікті бірінші қажет деп біліп отырғанын оның келесі сөзінен ғана аңғардым. – «Әдебиеттегі еңбекші әйелдер бейнесі» десе, бір диссертацияға тақырып та болады екен-ау өзі.
Қыз осылай деп, сөзін аяқтағандай болды. Бірақ оны мен қайтадан жалғастырдым.
– Осы тақырыпты өзің диплом жұмысы етіп алып, университет бітірген соң оны диссертацияға неге айналдырмайсың, Меңтай?
– Диплом жұмысы етіп алуға болады ғой, – деп барып, қыз жымиып күліп алды. - Ал, диссертация қорғау менің қолымнан келмес.
– Неге?
– Анада оқытушы ағайдың осы жөнінде өжеттік, өлермендік деп екіге жіктеп айтқан бір өткір сөзі әлі күнге дейін көкейімнен кетпейді. Ол сөз сіздің де есіңізде болар, ағай? - деді Меңтай өзіне тән сыпайылығын берік сақтай отырып.
Ия, мен оны ұмытқан жоқ едім. Өзімізге құдайдай көрінетін ақ маңдай қадірмен оқытушымыз лекция үстінде сөзден сөз шығып кетіп былай деген еді: «Бағдарлап, барлап қарасақ осы кезде диссертация түрлі жолмен қорғалатыны байқалады. Бірі - ғылымға келер жастың шын бейімділік танытқан анық мақсатпен қорғауы. Екіншісі - ешбір бейімі, ғылымға анық үлесі жоқ қара-дүрсін, кейбір адамдардың күрпілдетіп сиыр сауғандай етіп кандидаттық дипломнан ай сайын мол ақша сауып отыру мақсатын көздеп, құлқын құмарлықпен, пайдакүнемдікпен қорғауы. Соңғысы алғашқыдай ғылымда айтатындай өз сөзім бар деп, өзекті жарып шыққан өжеттікпен емес, жалынып-жалпайып, өлімсіреген өлермендікпен қорғау. Сендердің іштеріңде кейін диссертация қорғаймын дейтін талапкерлерің болса, онда ғылымға анау алғашқы ақ, әділ жолмен баруларыңды, мәслихат етемін. Осы соңғы сөлекет жолдан арылса екен, жоғалса екен деп тілеймін».
– Ағайдың сол айтқанындай-ақ, – деді Меңтай жаңағы сөзін жалғап, – ғылымға үлес қосу үшін емес, күрпілдетіп ақша сауу үшін ғана диссертация қорғау біздің қыздардың кейбіреулерінің қолдарынан келсе келер, бірақ мен өйте алмаспын. – Меңтайдың енді бұл тақырыпта әңгіме қозғағысы келмеді білем, сөздің бетін басқаға бұрды. – Бұның бәрі мына кітаптан шығып кетті ғой, – ол алдында жатқан кітаптың сыртын тағы бір сипап қойды. – Айтпақшы, ағай, жаңа, кітап оқып отырғанда, көмейіме келген бір сұрақ бар еді. Соны сұрайын ба сізден?
– Сұра, Меңтай, – дедім мен күле түсіп. Қыздың не сұрағалы отырғанын сезгендей, жүрегім су ете қалды.
– Сұрасам, Одиссей батыр сияқты сізде соғыстан қайттыңыз. Ал елде сізді күткен өз Пенелопаңыз жоқ па еді? Бұл сұрағыма ренжімеңіз, ағай, – деді Меңтай соңғы сұрағым менің көңіліме кеп алды ма дегендей, кейінгі сөздерін тездете айтып.
Несіне ренжиін, мен қызға шынымды айттым.
– Болды, Меңтай, – дедім сәл ғана күрсініп қойып. – Аты Сәлима еді. Соғысқа кетерде уәде байластық. Артынан ол осы КазГУ-ге кетіп студент болып, оқып жүрді. Хат алысып тұрдық. Оның ең соңғы хатын мен 1944 жылдың басында алдым. Сол хат әлі күнге дейін қалтамда жүр. Тыңдасаң оқып беремін.
– Оқыңыз, ағай, - деді Меңтай әлденеден қаймыққандай бөгеле сөйлеп. - Бірақ өзіңізге ауыр болып жүрмесе... олай болса оқымай-ақ қойыңыз.
– Е, адам басына түскен ауырлықтың бәріне көнуге де тиіс, оны көтеруге де міндетті ғой. Әйтпесе, оның несі адам?– дедім өзімді-өзім қайрағандай болып. Содан соң орнымнан тұрып, Меңтай шифоньерінің есік жақ сыртындағы темір шегеде қабырғаға ілген қасқырдың терісіндей жер сыза салақтап тұрған шинелімнің ішкі қалтасынан су өтпейтін жылтыр қағазға оралған хаттарды алдым. Бөлме іші қара көлеңке тарта бастаған еді. Меңтай да менімен ілесе орнынан тұрып, есіктің екінші жақ қабырғасындағы қара тиекті бұрап, төбе шамды жақты. Мен орныма отырып, Сәлиманың хатын оқуға кірістім. Меңтай жаңағы жерге «Одиссеяны» шынтақтай қайта жайғасып, бейтаныс қыздың әр сөзін барынша зейін қоя тыңдап қалды.
Мен онда дәптердің алты бетінің асты-үстін толтыра ұзақ жазылған хатты Меңтайға түпнұсқадан оқып берген едім. Енді оны сізге жаттап алған тақпақ сияқты етіп, ауызша айтуыма тура келеді. Егер, менің қолыма қарамай, сәл қырындау отырсаңыздар, онда түпнұсқадан оқылған хатты тыңдағандай әсер алуларыңыз да мүмкін. Ал, бастаймын не де болса."
