7 страница26 марта 2018, 16:16

V



Сөйтіп менің студенттік дәуірімнің алғашқы күндері өте бастады. Университетке, оның биік-биік аудиторияларына бойым үйреніп, оқытушылардың аты-жөнін біліп, қай сабақтың қай жерде өтетінін адаспай табатын болып, біртіндеп көшелі студент санатына қосылып келе жаттым. Бұрынғыдай біреу бетіме қараса ыржиып қоя бермейтін болдым. Мастықтан айыққандай өзімді өзім тежеп ұстауға машықтана бастадым. Соғыста жеңіл нәрсе, жұмсақ зат ұстап көрмегендіктен аудиторияда қолыма ілінгеннің бәрі жеп-жеңіл көрініп, не құлатып, не қиратып алатын әдетімнен де айыға түстім.

Өзіміздің курстың қыздарына да ептеп көзім қанып, оларды аудиторияда ғана емес, көшеде де танып, бас изесетін халге келдім. Аш ауызға ерінге тигеннің бәрі май тәрізді боп таныла ма, кім білсін, әйтеуір, бірінші көргенде курстағы қыздардың бәрі бірдей сұлу, сымбатты, бірінен бірі өткен әсем, бейіштің төріндегі хор қызындай бірінен-бірі айырғысыз сияқтанып еді. Алғашында балықтың уылдырығындай ұқсас, шетінен жұмыртқадай ақ боп көрінген қыздар бірте-бірте пішін-тұлғалары бірінен-бірі бөлектеніп, мінез-құлықтары ерекшелене, екшеле түсті. Олардың ішінен ептеп қара торы қыз да, қара қыз да, шұбар қыз да шыға бастады. Дегенмен, көпшілігі сол бірінші жүздескендегімдей жылы шырайлы, уыздай уылжыған әсем, әдемі күйінде қалды.

Ал солардың бәрінен де мен үшін алғашқы көргенімдегіден де сұлу, сымбатты, одан да сезімтал һәм инабатты болып Меңтай ғана жеке дара шықты.

Жігіттің қызды жақсы көруінің себептері көп қой. Бірақ оның бәрін ауыз шіркін айтып жеткізе ала ма? Тек жүрек байғұс қана қыз жақсылығын қылдай тізіп, көкіректе сақтап жүреді емес пе. Мен соғыстан қайтып келген күндері көрген қыздарымның бәріне ғашық едім. Жігіт өзін самғап жүрген сұңқармын деп есептесе, қыздың көркі сол сұңқар шырмалар тор емес пе? Сұлу емес қыздың өзі саған жалт етіп бір көз тастаса, сорлы жүрегің қолға түскен ұрыдай қалтырап қоя бермей ме? Ал мен болсам, самғап келіп бір курста мөлдіреп отырған отыз қызға тап болдым – отыз торға шырмалдым. Бірақ өңді қыздың бәрі жөнді қыз бола бермейді. Қыздың көркі тор болса, оның жайдары көңіл, жақсы мінез, назды қылықтарын неге теңеуге болады? Асау тұлпардың аяғына салған болат кісеннен кем емес-ау деймін жақсы қыздың қылығы. Алғашқы күнгі мен партаға құлатып алған кішкентай сауыттың әлсіз сылдыры бірте-бірте сол кісен шынжырының шылдырына айналған тәрізденді. Осы оқиға, сұлу әйелдің бетіндегі мен мұндалап, мөлдіреп тұратын меңдей болып, өмір бойы көкейімде, көз алдымда қалды. Меңтайды шын жақсы көруімнің шеті осы оқиғадан басталды-ау деймін.

Бұл оқиғаны мен де, курстың басқа қыздары да бірнеше күнге дейін естен шығара алмадық. Мен ұялғанымнан ұмытпаймын, қыздар қылжақ үшін естеріне алады. Әсіресе Қанипа мен Зайкүл деген қыз қоян қуған тазыдай тақымдап, есімді шығарды.

Меңтай алғашында бірнеше күн сабаққа мен сия төккен свитерін киіп келіп жүрді. Тегі оны ауыстырып киерлік лайықты басқа кеуде киімі болмады-ау деймін. Аппақ свитердің етегіндегі көк сияны көргенде менің бетімнен отым шығып, оған қарамауға тырысамын, көзімді басқа жаққа бұра бастаймын. Менің дәл сол сәтімді андып тұрғандай Қанипа сөз бастайды.

– Меңтай, немене, өзің көк бүйрек боп кеткенсің бе? – дейді оның бүйіріне үңіліп.

_ Тү-ү-у, қыздар-ай, – дейді Меңтай дауысын соза сөйлеп, сәл күлімсіреп қойып. -Кірлемейтін киім болушы ма еді, қойсаңдаршы.

Осы кезде Зайкүл күлімдеп, басын қиқаңдатады.

– Көк бүйрегің не, Қанипа-ау, бұл – Меңтайға ағасының басып берген көк мөрі емес пе? – дейді.

Басқа қыздар мырс ете қалады. Менің маңдайымнан тер бұрқ ете түседі. Сасқалақтап, жан-жағыма қараймын. Қыздар түк болмағансып, төмен қарайды.

Меңтай сабырмен отырып, құрбысының әзіліне шындап жауап береді.

– Қыздар-ау, баяғыда бір сауыт сия төгіліп еді деп, ағайды күн сайын қинай бермесеңдерші, - дейді ол достарына мөлдірей қарап. – Орнықсыз кішкентай сауыттың құлап кеткеніне ағай кінәлі ма екен? Қараңдаршы өздерің: біріміздің жөні бүтін сия сауытымыз жоқ қой алдымызда. Біріміз әтірдің сауытына, біріміз дәрі-дәрмек шишасына сия құйып жазамыз. Ал бұған шын кінәліні іздесек – соғыс қой ол. Соның салдары емес пе бәрімізге қағаз, қарындаш, портфельге дейін қат болып кеткені. – Осылай деп Меңтай, лықсып кеп қалған қалың суды бөтен арнаға аударғандай қыздардың күлкі кернеп келе жатқан көңілдерін басқа жаққа бұрып жіберді. – Қайта сол сияны төгіп алғаны үшін ағайға рақмет айтуымыз жөн емес пе? Ағай бізге қысылғанынан ұшталмаған сия қарындашын берді. Міне бүгінге дейін отырған бәріміз сол қарындаштың сиясымен жазып келеміз.

– Оның рас, – деді Зайкүл. – Сенің сияң төгілмесе, бұл кісі бізге ұшталмаған қарындашын бермес еді ғой. – Зайкүл «ұшталмаған» деген сөзді сықылықтай айтты.

Осы кезде артқы партада жалғыз отырған Қанипа саңқ етіп Зайкүлге сұрақ қойды.

– Бұл ағайдың басқа ұшталмаған ештеңесі жоқ па екен?

Оны естіген екі-үш қыз біреу желкелерінен түйіп қалғандай тілдерін салаң еткізіп, төмен бұқты. Біреулер үн шығармай мырс-мырс күлді. Менің қасымдағы Меңтайдан басқа қыздардың бәрінің иықтары діріл қақты. Қатты күліп тоқтап, екі беті қып-қызыл боп кеткен Майра ғана сәлден соң басын көтеріп:

– Иә, Қанипа, саған не боп кеткен, - деп құрбысын кінәлаған сияқтанып.

Қазақтың сөзі қызық қой, шіркін! Дұрыс айтылған сөзді күлкі үшін, бұрып түсінуге де болады. Бұрып айтқан сөзден «жоқ, мен былай ойлап едім» деп бұлтара салуға және оңтайлы. Қуанышы мен бақытын күміс күлкінің сыңғырымен өлшейтін, әр сөзін астарлап әзілмен айтып, әрқашан: «осы күлкіден айырмасын» деп тілейтін ғазиз жүрегі қамқорлық пен қалжыңға бірдей толы жаны жайдары қазақ үшін дүниеде бұдан тамаша тіл бар ма, сірә?

– Жолдастар! – Қанипа екі көзі жалтылдап орнынан тұрды. Бетінде ешбір күлкі жоқ. Жиналыстарда мінбеден сөз сөйлейтін шешендей, екі қолын партаның екі жақ ернеуіне тіреп алыпты. – Жолдастар, мені дұрыс түсінулеріңізді сұраймын. Мен басқа мәселеге байланыссыз, тек қарындаш тұрғысында ғана айттым.

Бұған қыздар тегіс ду күлді. Оның алғашқы сөзін естімеген сияқтанып, күлместен, жымимастан қалған Меңтай да бұл жолы мырс етіп, езу тартты.

– Әй, Қанипа, сенің тілің-ай, осы, – деп қойды ақырын ғана. Меңтайдың үнінен маған қыз жүрегінде кінәлау емес, құрбысына деген сонша бір нәзік мейірбандық жатқаны аңғарылды.

Арада жексенбі өткен келесі бір дүйсенбіде Меңтай аудиторияға көк свитер киіп келді. Оны есіктен көре сала Зайкүл:

– Әу, Меңтай, жаңа свитер сатып алғаннан саумысың өзің? – деп жүгіріп жанына жетіп барды. Меңтай сызыла аяндап партаға жеткенше ұршықша иірілген Зайкүл оның алдына бір шығып, артына бір шығып қарап үлгірді де, «жарасымды екен» деп өз бағасын айтты. Содан кейін әлденеге мұңайғандай боп, сәл күрсініп алды.

– Жұртқа осындай жақсы нәрселер кездесе кетеді.

Меңтай парта жанына жеткеннен кейін аудиторияға ертерек келіп отырған бәрімізбен бас изеп амандасты да, күле түсіп, үйіріліп қасынан кетпей жүрген Зайкүлге бұрылды.

– Бұл менің бұрынғы свитерім ғой, Зайкүл-ау, – деді.

– Қойшы, – деді Зайкүл оған сенбей. – Анадағы ағай сия төгіп тастаған свитер ме?

– Иә, сол свитер. Сонда ағайдың қолы сия сауытты қағып кеткені жақсы болды, – деді Меңтай маған балаша еркелей бір қарап қойып. – Ағайға рақмет, әйтпесе мен жалқау мұны қай уақытта бояп аларымды кім білсін. – Осылай деп ол менің үстіне сия төккеніме шын қуанғандай күй танытты.

– Осындай әп-әдемі ғып өзін боядың ба, ей, Меңтай?,– деп Зайкүл көк свитерге қайтадан үңілді. – Қой, өзің емес шығарсың.

Меңтай тағы күлді.

– Өзім, – деді тағы да Меңтай басын изеп. – Бұл свитерді тоқыған да өзім.

– Не дейді, қашан тоқып жүрсің?

– Биыл, жазғы каникул кезінде.

– Жіпті кім иіріп берді саған?

– Өзім, - деді тағы да Меңтай басын изеп.

– Былай, битіп пе? – деді Зайкүл сол қолын жоғары көтеріп, шынашағына іліп алған шүйкенің шумақтаулы жүнін сұқ саусағы мен бармақ арасында қыса ұстап тұрып, оң қолымен төмендегі көзге көрінбейтін ұршықтың сабын ширатып кеп қалғандай белгі жасап. Қыздар ду күліп жіберді.

– Иә, –деп Меңтай да еріксіз күлді. - Оған несіне таңданасың, ұршық біздің бабаларымыздан келе жатқан жүн иіру фабрикасы емес пе?

– Алла-ай, ішің неғып жарылып кетпеген, – деп Зайкүл Меңтайды аяғандай боп басын шайқады. – Осыдан кейін сен де жалқаумын дейсің-ау өзіңді. Мына мені айтсаңшы ештеңе істей алмайтын.

– Дегенмен, он сегізге келген қыздың өз киімін өзі тігіп, тоқып кие алғаны жөн ғой, – деді Меңтай құрбысының көңіліне келіп қалмасын деген сақтықпен жайлап қана. – Біз енді бала емеспіз ғой, Зайкүл-ау.

– Мен отыз сегізге келсем де өйте алмайтын шығармын. Ештеңеге мойным жар бермейді осы, – деп қайта мұңайды Зайкүл. - Осы сабағы түскірді де емтихан тұсында оқымас едім, қайтесің, баға керек.

Сырттан Қанипа келіп кірді.

– Алла-ай, – деді ол Зайкүлдің дауысына салып. – Осы сен неғып көбелек боп ұшып кетпей жүрсің аспанға?

– Ей, рас соған өзімнің де таңым бар, – деді ол дөңгелек көздерін одан сайын бақырайта түсіп.

– Онда, ұшып кетпей тұрғанында орныңа отыр тез. – деді Қанипа Зайкүлді иығынан басып. – Оқытушы келе жатыр.

Әрине, ол оқытушы келді. Оны басқа оқытушы және алмастырды. Күн сайын өстіп үш-төрт адамнан лекция тыңдаймыз. Оқытушыларымыз да әртүрлі, алуан мінезді адамдар. Мәселен, біреуі биязы, білімдар, басы артық сөзге жоқ кісі. Біреуі байсалды, маңғаз, енді біреуі жеңілтек деген сияқты. Ал тағы бір оқытушымыздың әдеті қыздардың шашын, иегін сипау болатын. Ол кісі келерде басқа қыздар артқы партаға қарай қашып, алға қасқиып Зайкүл мен Қанипа ғана шығатын. Оқытушы орнынан тұрып бұлардың қасына келгенде біреуі сипауға үйренген мысықтай боп шашын, біреуі енесі әукесін жалаған бұзаудай сүйсініп, бұғатын тосып тұрады. Әрине, оқытушылар жайында уақыт алып сізге айтып жатуымның қажеті жоқ. Бұл арада тек айта кетейін дегенім Меңтайдың сол оқытушыларды алаламай бәрін бірдей жақсы көретіндігі еді. Біз, басқамыз әр оқытушының өзімізше кемшілігін тауып, мінеп жатамыз. Сонда оларды жақтап жалғыз Меңтай ғана шығады.

– Қыздар-ау, қойсаңдаршы. Оқытушыларымыздың бәрі жақсы адамдар ғой. Тек кейбіреулердің сүйекке сіңген әдеті болады. Адамды ол үшін кінәлауға болмайды ғой, – деп жалынғандай жай танытады.

– Ендеше ол кісіге өзің неге шашыңнан сипатпайсың? – дейді Меңтайға қарсы дау айтып қыздардың бірі.

Бұған Меңтай жауап бере алмай қысылады да, шынын айтады.

– Мен ұяламын, қыздар, менің шашымды шешемнен басқа ешкім сипаған жоқ қой, – дейді.

Қыздар оған дүрсе қоя береді.

– Біздің басымызды шешемізден басқа кім сипапты?

– О не дегенің, Меңтай? – десіп, бұртиысып қалады.

– Сендердің әкелерің бар, әкелерің сипаған шығар дегенім ғой, - дейді Меңтай достарын өкпелетіп алдым ба дегендей, әрқайсысына бір жаутаңдай қарап. - Ал оқытушы-ағай бәрімізге әке құралпас кісі емес пе, сондықтан айтамын... Мен әкемнен ерте, ес білмеген шағымда айрылдым ғой.

Жүзі қандай ақ болса, жанының да сондай пәктігіне көзім жетті ме, әйтеуір, аузынан шыққан осындай әр сөзі мен әр қылығы мені елтітіп елжіретіп, күн сайын Меңтайды іштей жақсы көруім артып, оған бар ықыласыммен беріліп құлап бара жаттым. Енді оқытушыларды қойып, мен сізге соны айтайын.

Соғыстан кейінгі бейбіт бірінші жаңа жыл келе жатты. Жаңа жыл қарсаңында жұрт туған-туыс, жора-жолдастарына алдын ала ашық хаттар жолдасып, асығыс телеграммалар жөнелтісіп, құттықтаулар қабылдасып, мәз-мәйрам болыса бастады. Осы кезде ауылдары астанаға жақын студенттер деканаттан жалынып жүріп рұқсат алысып үйді-үйлеріне кетісіп жатты.

Жаңа жыл қарсаңындағы соңғы лекциялардың аралығында Меңтай менен:

– Ағай, ертең Жаңа жыл ғой, сіз елге қайтпайсыз ба? – деп сұрады.

Мен басымды шайқадым.

– Неге? Өзіңіз соғыстан келдіңіз, өзге бармаса да сіздің баруыңыз керек ғой, ағай. Әке не шеше, тіпті болмаса, туыстарыңыз бар шығар. Не басқа бір жақын адамдарыңыз болар. -Соңғы сөйлемін Меңтай ойланыңқырап айтып еді. Тегі, мен соны сезіп қалмасын деді ме екен, әйтеуір, одан кейінгі сөздерін сәл шапшаңдатыңқырап жіберді. – Ал менің шешем тірі болса, мұнда бір сағат та тұрмастан үйге осы қазір-ақ жүріп кетер едім. Бірақ, шешем былтыр қайтыс болды.

– Неден? – деппін мен өлген адамның неден қайтыс болғанын білсем, бейне бір тірілтіп жіберетіндей-ақ.

– Неден деріңіз бар ма, бәрі соғыстың әлегі ғой, ағай, – дей салды қыз шешесінің неден өлгенін ежіктеп түсіндіріп жатқысы келмегендей.

– Біздің де үйде ешкім жоқ, – дедім мен.

– Жалғыз екенсіз ғой.

– Жоқ, қарындасым бар.

– А, қарындасыңыз бар ма? – Меңтай көзі мөлдірей түсіп сәл ойланып қалды. – Соғыстан ағасы аман келген қарындастан бақытты адам бола ма екен, шіркін! – Ол маған қайтадан сұрақ қойды. – Ал сіз қарындасыңызға неге бармайсыз? Ол жалғыз өзі сізді қашан көремін деп сарғая күтіп отыр емес пе?

– Жоқ, жалғыз емес, тұрмысқа шыққан!

– Сіз соғыста жүргенде шықты ма?

– Иә.

– Сіздің рұқсатыңызбен бе?

– Жоқ, менен рұқсат сұраған жоқ, - дедім күліп.

Қыз: «Бәләй, неге рұқсат сұрамады екен?» дегендей, басын шайқады да, одан соң біраз үнсіз отырды.

– Егер ешқайда бармасаңыз, – деді қыз маған қайта бұрылып, – ертең біздің бөлмеге келуіңізді сұраймын, ағай. Қасымдағы қыздардың бәрі кетіп қалды. Күні бойы елегізіп, бір бөлмеде бір кісінің отыруы қиын сияқты.

– Жарайды, – дедім мен әлденеге жүрегім дір ете қалып. – Бірақ мен сіздердің мекендеріңізді білмеймін ғой.

– Ә, солай ма еді? Сіз жатақханаға әлі бір рет барып көрген жоқсыз ба?

– Жоқ.

– Ендеше сізге қалай түсіндірсем екен, – Меңтай ернін тістеп, сәл ойланып алды. -Университеттің екі жатақханасы бар: бірі Калинин көшесінде, бірі Виноградов көшесінде. Бірақ екеуі бір жерде, қатар. Виноградов, 62 - біздің жатақхана. Соның 62 бөлмесі. Ұқтыңыз ба? Алпыс екі - алпыс екі, - деді қыз мен ұғып алсын дегендей әр сөзін соза айтып. – Екі рет алпыс екі.

Мен сәл ойланыңқырап барып, басымды изедім. Ойланғаным: Калинин көшесіндегі жатақханаға майданнан бірнеше хат жолдағаным есіме түсті. Менің бөгеліп бас изегенімді шала ұққандығымнан деп білді ме, әлде айтқанын ұқсам да ұмытып қалар деп ойлады ма, білмеймін, Меңтай дереу дәптерінің арт жағынан бір бетін жыртып алды да, әдірісін жаза бастады. Мен оның айтқанын ұқсам да, ұмытпайтынымды білсем де, жазбай-ақ қойыңыз демедім. Маған қыздың өз қолымен жазып берген қағазы қымбат көрінді.

– Өзіңіз қайда тұрасыз, ағай? - деп сұрады Меңтай әдіріс жазған қағазды бүктеп менің қолыма ұстатып жатып.

– Дзержинский көшесінде, бір жолдасымның әкесінің үйінде пәтердемін.

– Тұрған үйіңіз Виноградов көшесінен төмен бе, жоғары ма?

– Төмен.

– Онда біздің жатақхананы былай табасыз. Үйден шыққан бетіңізде Дзержинский көшесімен өрлеп, жоғары Виноградовқа дейін көтерілесіз. Оң жақ бұрышта драма театрының үйі тұр, оны білетін шығарсыз. Театрдан оңға қарай бұрылсаңыз, бір он минуттан кейін Никольский базарына жетесіз. Сол жағыңыздан бір үлкен шіркеудің дүңкиіп тұрған, – Меңтай «дүңкиіп» деген сөзді балаша созып айтты, – сары ала күмбезін көрсеңіз - сол Никольский базары. Базардың қарсысындағы екі этажды жалпақтау сары үй – сіз іздеген жатақхана болады да шығады. Енді табасыз ғой?

– Табамын.

– Келесіз ғой?

– Келемін.

Кешке лекциядан қайтқан маған Меңтай берген әдіріс қағазы молда жазып берген бойтұмардан кем көрінбеді. Жоғалтып алған жоқпын ба деп сасқалақтап, үйге жеткенше гимнастеркамның омырау қалтасын әлденеше рет сипалағаным бар. Үйге келе сала бітірген бірінші жұмысым Меңтай берген қағазды тезірек ашу болды. Онда қыздың жаңа өз аузынан айтқан әдірісі ғана барын білсем де, соны оқып шыққанша тағатым қалмады. Меңтай әдірісті былай деп ұзын етіп бір-ақ жолға жазыпты:

«Виноградов көшесі, 62 үй, 62 бөлме, Меңтай»

Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» поэмасының арқандай шұбатылған ұзын жолдарына ұқсас бұл сөздер маған бүтін бір поэмадан кем әсер еткен жоқ. «Бұл қыз мені неге шақырды? Әлде мені жақсы көре ме екен? Үндемей жүріп ол да мені ішінен ұната ма екен, сүйе ме екен? Әрине, солай болуға тиіс. Сүймесе мені оңаша бөлмеге шақырар ма еді? Жалынғандай боп, қайта-қайта өтініп, өз қолымен әдірісін жазып берер ме еді? Әттең, шіркін, Меңтайдай әсем, ақылды қыз мені сүйіп, мәңгілік жарым болса – өмірде ешбір арманым болмас еді!»

Осылай ойлап, төсекте шалқамнан жатқан менің есіме бала күнімде естіген бір шумақ халық өлеңі түсті.

Мінгенім дәйім менің сарым болса!

Қолымда жетелеген нарым болса!

Армансыз бұл дүниеден өтер едім:

Күлім көз, оймақ ауыз жарым болса!

«Рас, Меңтай мендік болса, менің де арманым болмас еді!» деп іштей күрсінемін де, осы өлеңнен картина құрастырамын. Астында сары аты, қолында жетектеген жалғыз өркеш нар түйесі бар жігіт алдында ақ отаудың қасында тұрған күлім көз, оймақ ауыз келіншекке қарай асығып бара жатқандай көрінеді. Сонда менің де астымда атым, қолымда нарым болуы керек пе? – деймін мен өзіммен өзім дауласып. «Ат – адамның қанаты» деп білетін қазақ үшін бір жүйріктің болуы қажет-ақ дейік. Сонда нардың керегі не? Көшпей қонбай нар жетектеп жүрудің өзі ұят емес пе? Әлде нар деген дәулет деген мағынада ма екен? Бірақ қазіргі дәулет денсаулық пен білім емес пе? Қойшы, не керек, ақыры, қазақтың қара өлеңдерінің бәрінің алғашқы екі жолы мағынасыз келеді, бар мағынаны соңғы қос жолы ғана білдіріп отырады деген оқытушы сөзі ойыма оралады да, бұл шумақ өлеңнің бар мәні «армансыз бұл дүниеден өтер едім – күлім көз, оймақ ауыз жарым болса» дегенінде деп түйемін.

Осыдан кейін басыма тағы бір күдікті ой келеді. «Сені қыз оңаша бөлмесіне сүйгендіктен емес, аға деп сыйлағандықтан, ағасындай сенгендіктен шақырса, қайтесің?» деп біреу мені үрейлендіре алғашқы тәтті ойымнан үркіте сыбырлағандай болады.

Осындай неше алуан ойлардың тұйығына тіреліп, таң атқанша дөңбекшіп шыққан ол түн өмірімдегі ең мазасыз түндердің бірі болып есімде қалды.

Таңертең шай үстінде үй иесі маған қарап:

– Ербол, қарағым, түні бойы дөңбекшіп шықтың ғой, ауырып қалған жоқсын ба? – деп сұрады.

– Жоқ, – дедім мен басымды шайқап.

– Е, жөн, онда шайыңды ішіп, наныңды жесеңші, – деді ақсақал менің ауырмағаныма қуанып.

Бірақ мен бір түйір де тата алмадым. Ешнәрсе тамағымнан өтпеді.

Соғыстан кейінгі жұтаң дастарханның жұпыны шайынан ауыз тиген болып, апыл-құпыл киініп үйден шықсам, көшелер ертегідегідей ғажап бір құлпырған күйде екен. Қала төбесінен түні бойы жауған ұлпа қар әр көшені ақ простыня жапқан аппақ төсекке, әр үйді үлпілдеген ақ бөкебай жамылған әсем келіншекке ұқсатып қойыпты. Ағаштар ақ тонының етегі жер сызған аяз аталарды еске түсіріп, бір емес бірнеше ата мұртынан күліп, саған қарай асықпай аяндап келе жатқан сияқтанады. Телеграф сымдары аптеканың үлпілдек ақ мақтасынан жуан етіп есіп кермеге тартқан ақ арқан тәрізденеді. Шинелімнің екі етегі делеңдеп, бұзаубас етігімнің екі тұмсығы ұлпа қарға үйректей сүңгіп есіп келемін едіреңдеп. Жас қардың жұпар иісі тынысымды кеңейтіп, жүрегіме бір ғажайып сыр құйғандай болады. Ақ қар, асыл ауа Меңтайдың ақ жүзін, аппақ мойнын еріксіз есіме салады. Жанға шипа мынау мөлдір ауа маған тек қана соның дем-лебізіндей боп танылады.

Көшеде менен басқа тірі жан жоқ. Айнала жым-жырт. Түнде жаңа жылды қарсы алып, бар дүние шаршап, мүлгіп тұрғандай күй танытады. Меңтай есіме түскенде осы иен көшенің ортасында тоқтай қалып, еңкейдім де, бір жерін ауыртып алмайын дегендей еппен жерден ұлпа қардың аппақ жотасын бір сипап өттім. Оған айызым қанбаған соң алақаныммен көсіп кеп алдым да, уысымдағы қарды бар саусағымның күшімен мытып-мытып жібердім. Ғашықтың ыстық алақанына түскен салқын қар лезде еріп, көздің жасындай боп жерге тамшылады. «Шіркін, осы ұлпа қардай боп, менің құшағымда Меңтай ерісе-ай» дедім ынтығып, содан соң «Виноградов, 62... Виноградов, 62» деген екі сөзді жан тербетер жақсы әннің қайырмасындай қайталап, ентелеп ілгері бастым.

Шіркеудің қарсысындағы екі этажды сары үйді адаспай табуын таптым-ақ. Бірақ соның ішіне кіруім мұң болды. Жатақханаға жеткенше біреу мойнымнан арқан сап дедектетіп келе жатқандай асығып едім. Жатақхананың жанына келген соң жүрегім лүпілдеп буын-буыным құрыды да қалды. Бағанадан бері жайдақ жермен келіп, енді бейне бір биік таудың басына қарай өрмелегендей, ілбіп, ілгері басқан аяғым кейін кетіп, дымым құрып, дыбысым тұншығып, әп-сәтте әлсірегендей күйге түстім. Әрең дегенде есіктен кіріп, екінші этажға көтерілдім.

Жатақхананың ұзын дәлізінің екі жағы қатар-қатар жалғасқан ерсілі-қарсылы есіктер екен. Шеткі есікке тақай бере буынымды бекіткен болдым да, үйге түскен ұрыдай тынысымды ішіме тартып, есіктердің номеріне көз жүгірте бастадым. Бала күнімде ауылдың діндар қарттарының намаз оқығанын талай рет көргенім бар еді. Сәждеге қайта-қайта бас қойып, өз-өзінен күбірлей тізерлеп отырған қарт бір кезде «ассалаумағалейкум, Рахметолла!»деп дауысын шығарыңқырап, басын оң иығына, содан соң және «ассалаумағалейкум, Рахметолла!» деп сол иығына қарай бұратын. Сол сияқты мен де «алпыс екінші бөлме» деп іштей күбірлеп, басымды екі жағыма кезек бұрып келемін. Тегі шалдарға қарағанда менің «намазым» ұзаққа созылды-ау деймін, өйткені олар мойнын екі-ақ рет бұрса, менің әлденеше рет бұруыма тура келді. Сөйтіп, 58, 59, 60, 61 бөлмелердің есіктері алдынан өттім. Енді алпыс екінші келетін шығар деп, жүрегім одан сайын лүпілдей түсіп, сол жағымдағы есіктің маңдайшасына және қарадым. Жоқ, бұл да алпыс екі емес, тіпті мұның маңдайшасында ешбір цифр жоқ.. Ал қарсысындағы есікте 63 деген цифр тұр. Сәл бөгелдім де, мүмкін алда шығар деп, екі жағыма кезек үңіліп, тағы ілгері жүрдім. Қанша үңілсем де алпыс екінші есікті таппадым. Шорылдап акқан су дыбысы естіліп жатқан ең түкпірдегі бөлмеге дейін бардым да, дәліздің қабырғасына тіреліп, кейін қайттым. «Бұл қалай болды? Әлде Меңтай бөлмесінің номерін қателесіп теріс айтты ма? Әлде ол мені алдады ма?.. Неге алдайды, олай болуы мүмкін емес...» Осылай ойлап, ұзындығы ат шаптырым дерлік жатақхананың екінші басын қуалап, ондағы бірінші номерлі есіктің алдына дейін бардым. Бірақ еш жерден алпыс екіні кездестірмедім. Салым суға кетіп, кейін қайттым. Енді не істеу керек? Қой жаңағы номерсіз есікті анықтап қарайыншы деп, алпыс үшінші бөлменің қарсысына қайтадан келдім. Сөйтсем, басқа бөлмелердегідей ромба пішіндес қаңылтырға жазылған маңдайша номері түсіп қалыпты да, оның орнына бұл есіктің тақтайына қарындашпен бадырайтып, 62 деген цифр жазылған екен. Екі көзім маңдайшада боп жүрген мен алдымда оны аңғармаппын да, бос бейнетке түсіппін.

Бөлме табылғанымен, менің жүрегімнен бөлмеге кірер батылдық табылмай, тағы біраз бөгеліп қалдым. Сағатыма қарасам, таңертеңгі сегізден жаңа асып барады екен. «Апырай, осы келісім не келіс? Қыз шақырды деп, қылқаңдап таң атпай жетіп келуімнің жөні қалай болады?.. Менің бұл елпектігімді қыз қалай түсінеді?..» деп ойлап тұрдым да, шешінген судан тайынбас дегендей, не де болса кіруге ұйғардым. Меңтай есік дыбысынан шошымасын дедім бе, білмеймін, әшейінде темірдей саусақтарым киіз боп кеткендей, былп-былп еткізіп есік қақтым. Іштен ешкім дыбыс бермеді. Тағы да қақтым, тағы да үн жоқ. Үш рет сөйттім. Итеріп қарасам, есіктің кілттелмей бос жабылып тұрғаны байқалады. Содан соң «алға!» деген бұйрық естілгеннен кейін окоптан қарғып шығып, мойныңды ішке алып, мылтықты кезене ұстап, шабуыл дүрмегіне ілесе тайсақтай жүгірген солдаттай болып, көзімді шарт жұмдым да, есікті ішке қарай итеріп қалдым. Тұтқа қолымнан сүйреп, есікпен ішке ілесе кірдім. Ішке кірсем... Сол жақтағы және төрдегі екі төсек жинаулы бос тұр. Екі төсектің бел ортасындағы екі ақ жастық: «саған не жоқ ей» дегендей, екі құлақтары едіреңдеп, маған қарай қалысты. Мен неге екенін білмеймін, әлдебір магнит тартқандай болды ма, әйтеуір шапшаң мойнымды оңға бұрдым.

Бұрылсам, оң жақтағы төсекте Меңтай жатыр. Жайшылықта бұрым етіп басына орап-орап, төбесінен түйіп тастайтын қалың қара шашы ақ жастықты көміп кетіпті. Ақ маңдайы ашыла жарқырай, ақша беті албырап, бал-бұл жанады. Оның үстіндегі қара мең мойылдай мөлдіреп, көзіңді қызықтырып, жаныңды еріксіз шиыршық аттырады. «Апырай, Меңтай деген әсем ат бұған осы меңге байланысты қойылған екен-ау» деп ойладым ішімнен сол сәт. Өз лебіне өзі балқып, тәтті ұйқының құшағында жатқан сұлу қыздың сәбидей пәк жүзінен өзгеше бір рақат нұры шашырап тұрған тәрізденеді.

Шинелімнің екі етегі салбырап, керзі етігімнің екі ұлтаны еденге екі басы алшия жабысып қалғандай боп қалшиып тұрған мен жылтыр күнқағарлы қоқайма фуражкамды умаждап, бұрап, мыжғылай бергенімді өзім де аңғармаппын. Кісі қолынан садақа дәметкен қайыршыдай емініп, қыз төсегіне төніп тұрып қалыппын. Көзім Меңтайдың беті-жүзін сұқтана, ашқарақтана шолып, оның бұғағы мен мойнына қарай ауысты. Жалаңаш жатқан мәр-мәр екі иық пен жаңа ғана көшеде өзім көріп, қолыммен уыстаған ұлпа қардай аппақ кеудені көргенде жаным шығып кете жаздады. Екі иықтан асып келген ақ жібек иықбау қыздың көгілдір түсті жұп-жұқа ішкөйлегінің омырау тұстарынан жалғасыпты. Ішкөйлектің кеудесі көктемде қозы жейтін сарғалдақтың үлбірегі іспеттес үлбіреген жұқа шілтермен безеліпті. Одан төменіректе, ішкөйлек астынан, қатар жатқан қос жұдырықтай боп, қыздың қос алмасы тырсияды. Қыз денесінің өзге жағын менен жасырғандай боп, жеңіл қызыл жібек көрпе шымқап орап алыпты. Қызыл көрпе маған жай көрпеден гөрі, қыз денесінің басқа бөлігін қызғана қымтап, қаусыра құшып жатқан әлдебір толассыз құмарлық, құштарлық бейнесіндей боп көрінді. «Мейлің, өзге жерін көрсетпесең көрсетпе, маған мынау жалаңаш ғажап кеудені көрудің өзі де жетеді» деп, көрпемен іштей ұрыстым да, қайтадан Меңтайдың бетіне үңілдім. Сол кезде қыз төсегінің бас жағында жерде жатқан кітапқа назарым ауды. Оның мұқабасындағы «Жас Вертердің азабы» деген жазу көзіме оттай басылды. Бұл менің соғыстан қайтарда сонау Германияда жүріп оқыған соңғы кітабым болатын. Тегі Меңтай мұны түні бойы оқып, тауысып, талып барып ұйықтаған-ау. Бітірген соң, бас жағына тастай салған кітабы жерге түсіп қалған болды ғой, – деп ойладым да, ақырын еңкейіп жердегі кітапты сыбдыратпай алып, ептеп қана Меңтайдың жастығының жанына қойдым. Содан соң, қыздың мынау ғажап тәтті ұйқысын бұзбайын деп, аяғымның ұшымен бір басып, екі басып, есікке қарай шегіндім.

Шығар алдында ұйықтап жатқан қыз келбетіне тағы да бір бұрылып қарадым. Маған Меңтай: «Ұйқыдағы Венера» картинасынан да сұлу боп көрінді. Шіркін-ай, мен ұлы суретші болсам, соғыстан келген студент солдаттың ұйықтап жатқан жартылай жалаңаш сұлу қызға ыстық іңкәрлікпен, сонымен бірге мол мейір, қадір-құрмет таныта қадалып қалған сол бір сәтін ұрпақтан ұрпаққа кетер мәңгілік мұра етіп қалдырған болар едім деп ойлап, бөлмеден шықтым да, ептеп тартып есікті жаптым.

Қайтадан көшеге шықсам, айнала бағанағыдан да жарықтанып, төңіректің бәрі жайнап, жадырап кетіпті. Бағанағы жатақханаға кірердегідей емес, менің де аяғым қаздаң-қаздаң етеді. Жатақхананың дәл жанынан өтетін Ұйғыр көшесіне түсіп алып, Алатаудың алыстан көрінген ақбас шыңын бетке ұстап, лағып, тарта бердім. Ол кезде Алматыда үш этаждан биік үйлер болмайтын. Олардың өздері де орталық көшелердің әр жерінен бір бой көрсетіп, қаланың өзге тұстарын бір қабат жатаған ағаш үйлер кернейтін. Әсіресе, Ұйғыр көшесі сияқты сырт аймақтарда ұзын-ұзын барақ жеке-жеке жай ағаш үйлер тіпті көп болатын. Солардың ара-арасымен өтіп келе жатқан маған жатаған сол бір жаман үйлер алтын сарайдан кем көрінбей, сол сәтте өзімнің ғажайып бір бөтен патшалықтың ішін аралап, кезіп жүргендей жайым барын бұлдыр сезінемін. Аяқ астымдағы ақ қардың шетін кейде әлдебір қызыл нұр бүркеп, қымтап жауып қалған жай елестейді. «Ә, бұл Меңтайдың аппақ қардай денесін бүркеп жасырып жатқан жаңағы қызыл көрпе елесі болар» деп ойлаймын да, өз-өзімнен тамсана жымиямын. Ендігі ойым алпыс екінші бөлмеге ауысып, жанағы картина тұтастай көз алдыма оралады. «Әттен, шіркін-ай, Меңтайдың ақ денесін қаусыра құшып жатқан жаңағы қызыл көрпе қандай ғажап! - деп ойлаймын ішімнен. – Мен сол қызыл көрпе болар ма едім. Әй, ол менің қолыма тимейтін кесек бақыт қой. Одан да сол көрпенің астары болсам да жарар еді-ау. Жоқ ол да менің маңдайыма сыймас, ең жоқ дегенде сол көрпе астарының бір сабақ жібі болсам да жетер еді...»

Осындай қиялмен келе жатқан менің ойыма әлдеқайдан келіп: «Ақ етіңе қызыл көрпе басылып» деген сөздер орала кетті. Алғашында оған онша мән бермедім де, орамы жеңілдеу сияқты көрінген бұл сөздерді іштей ыңылдап, тағы бір қайталап айтып шықтым. Сонда ғана оның ойнақы өлең жолына ұқсас бірдеңе екенін білдім. Көшеде арлы-берлі осылай ыңылдаумен жүріп, өзімнің шорқақ тіл, олақ ұйқасыммен Меңтайға арнап алғаш рет өлең шығарғанымды аңғардым. Әр жерге тоқтай қалып, түрегеп тұрып қойын дәптеріме тізген үзік-үзік жолдардан «Қызыл көрпе» деген атпен мынадай төрт-бес ауыз өлең құрастырыппын.

Тәтті ұйқының құшағына беріліп,

Жатты сұлу шалқасынан керіліп.

Ақ дидарын, аппақ тәнін көргенде

Бойым балқып, кетті сезім еліріп.

Ай секілді маңдайдағы қиғаш қас.

Беттегі мең – сайда жатқан қара тac.

Дем шығарып кеудесінен жұпардай,

Қорғасындай толықсиды қарындас.

Ақ етіне қызыл көрпе басылып.

Көкірегі жатыр екен ашылып:

Діріл қақты уылжыған қос алма,

Қара шашы толқындай боп шашылып.

Күнім туып, бақ жұлдызым жанатын.

Қымтап, шымқап жаным рақаттанатын.

Болсам еттім, әттең дүние-ай, сол көрпе.

Құшып, сүйіп, құмарым бір қанатын.

Дәурен қайда маған оны сүйетін ?..

Тым болмаса киімінің киетін,

Не сол көрпе астарының бір сабақ,

Жібі болсам денесіне тиетін!

Не де болса көкіректі жарып шыққан пәле емес пе – осы жаман өлеңсымақ сол сәтте өзіме жап-жақсы сияқты боп көрінді. Айта берсеңіз осындай өлең құрастырғаныма, бейне бір Абайдың «Айттым сәлем қаламқасын» шығарғандай-ақ едәуір қанаттанып қалдым. Сөйтіп көшені біраз таптағаннан кейін, сағат он бірге таяна жатақханаға жақындап қайта келдім. Сол сәтте бір ой түсе қалды да, шапшаң жан-жағыма қарадым. Жол шетіндегі аласа қашалы аулалардың бірінде шатырын қар басып, саңырау құлақтай қалтиған беседка тұр екен. Қашадан бір-ақ аттап, жүгіріп соған бардым. Беседканың ортасында жазда үй иелері отырып домино ойнайтын үш сирағы ағаш, бір сирағы темір, ортасы ойылып кеткен ескі стол бар екен. Соның бір шетіне отыра қалып, жасаулы жақсы кабинетке жайғасқан ұлы ақындай-ақ айналама маңғаздана қарап алып, жаңағы өлеңді жеке қағазға көшіруге кірістім. Қағаздың ортасына ірілеу етіп «Қызыл көрпе» деп жаздым да, оның астына жақша ішіне ұсағырақ әріптермен «Меңтай туралы лирикалық ой» деген сөздерді және қостым. Өлеңді көшіріп болып, қайталап оқып шықтым да, аяғына «1946 жыл 1 қаңтар» деп күнін көрсеттім. Содан соң қағазды жақсылап бүктеп, қойын дәптерімнің ортасына салдым да, орнымнан тұрдым.

7 страница26 марта 2018, 16:16

Комментарии