ҚАСТЫҚТА
ҚАСТЫҚТА
1
Абай ұйқыдан селт етіп, шошынып оянғандай болды. Басын жастықтан сәл көтеріп, үй сыртындағы дабыр-дұбырға құлақ салғанда, ойда жоқ бір оқыс дыбыстар естілді. Көп аттылар дүбірлете жүріп кеп, сойылдарын жерге тастап жатыр. Жерге түскен ағаштардың сатыр-сұтыры естіліп, кермеге сығылыса келген көп аттылардың үзеңгілері шалдырап тиіседі. Аттардың ауыздық, сағалдырықтары сытырлап шылдырайды. Абай түсінен шошып оянған жоқ, өзі жатқан түңлігі жабық үлкен үйге осылайша топтана келген көп аттының суық жүрісінен сескеніп, бас көтерді.
Киімшең жаңада ғана жантайған еді. Күн түс кезі тәрізді. Енді шынтақтап бас көтеріп, сыртындағы биік төсектің Әйгерім отыратын алдыңғы жағы, төменірек тұсына бет бұрыңқырап жөн сұрады.
– Немене, келгендер кім, білдің бе?
Әйгерім есіктің алдында сыртқа қарап, жүзін далаға шығарып тұр екен. Келгендерге алаң боп тұрып, Абай сөзін естіген жоқ. Даладан Әйгерімді хабарлап, үлкен әкесіне қарай оқшау бір жаңалықты тез айтпақ боп: "Әке, әке!" – деп, Әбіштің кішкене қызы Рахила жүгіре кірді. Әйгерім енді үйге айналып, орнына келе жатыр. Рахила одан бұрын Абайға жүгіріп жетті. Бұған құшағын жайып, қарсы алған үлкен әкесінің мойнына ұмтылып, өзі де құшақтай тұрып, хабарын асығып сөйледі:
– Ойбай, әке!..
Абайды ендігі Рахила шамалас немерелерінің бәрі "аға", "ата" демей, "әке" деп атайтын болған.
– Әке деймін, көп-көп ұрылар келді! Сойылдары бар. Олар кіммен төбелеседі?
Абай әлі де сескенген жүзімен Әйгерімге бұрылды.
– Олары кім, сен білдің бе?
Әйгерім онша сескенбеген тәрізді.
– Араларында Шырақ бар! – деді.
Абай оның қай қайнысын "Шырақ" дейтінін есіне түсіре алмады.
– Қай Шырақ?
– Мына кіші Қасқабұлақтағы Әйнекемнің баласы! – деп, Абайды тыныштандыра, жымия қарады.
Қоныс атын атаған соң ғана Абай Әйгерімнің Әйнекесі Тәкежан екенін, "Шырағы" – оның баласы Әзімбайдың аты екенін есіне алды. Осы кезде түрулі есіктен Әзімбайдың еңкейіп кіріп келе жатқан қаба қара сақалды қызыл жүзі байқалды. Ісіне түскен қызыл қабағы, кесек біткен жайылыңқы жуан тұмсығы көріне берді. Табалдырықтан аттай, ақырындау үнмен сыздана сәлем берген Әзімбай Абайға бір ғана рет салқын қарап, жалт етті де, төрге қарай адымдады. Оның артынан жөндекілеу киінген он шақты кісі керуенше тізіле кіріп, шұбатыла сәлем берісіп жатты Бұл адамдар көбінше Әзімбайдан жас. Сақал, мұрттары аз келген өңшең біркелкі азамат екен. Тағы бір сырт ажардағы өзгеше қалыптары бойынша, бұлар ұзын бойлы, жоталы, не балуанға немесе барымта, төбелеске бейім, өңшең атан жілік, атпал азаматтар көрінеді.
Өздерінің тағы бір сырт белгісі: бәрі де көне шекпен, тозыңқы шапан, ескі тымақ, етік киіскен. Кедей малшы көршіге ұқсайды.
Бар қонақ жайғасып болған соң, Абай Әзімбайға таңдана қарап:
– Қайдан жүрсің, не жүріс? – деп қана, бар жөнді Әзімбайдың өзі айтуын тосты.
Әзімбай Абайды таң қылып, әуелі "мырс" беріп күліп алып, жөнін айта бастады. Сөзінен күлкі емес, анық пәленің иісі аңқиды.
– Жүрісіміз суық жүріс, бір шатаққа барамыз. Ағам сіз естімесе "жолшыбай соғып, білдіре кет" деген соң әдейі келдім. Өзіңіз осы мына жақында шығып жатқан пәлені естімеп пе едіңіз?
– Қандай пәле?
– Ойпыр-ау, ел шабысып, егес болысқалы жатқан жоқпа?
– Не деп отырсың, тамызықтатпай жөніңді айтшы! – деп, Абай қатты ақырып қалды.
Әзімбайдың аузынан шығып жатқан суық сөздерімен қатар жүзінде ылғи айықпаған бір күлкі, қызық, жеңсік белгісі қатар отырғанға Абай жиренішпен ашулана қараған. Әзімбай әлі де Абай жаққа көзінің астымен күлімсірей қарайды. Түк те саспастан отырып, анық жайды ұғындыра сөйледі.
– Шатақ сол, мынау Көкеннің Уағы мен қырық руы құралып алып, егеске шығыпты. Арасында қаладағы ұлыққа арыз айтқыш, сөзін бұлдағыш Серке деген бір пысығы бар дейді. Солар Тобықтының жерін кесіп алғызғалы жер өлшегіш бір төрені шығарып отырған жоқ па? "Жемтемір" дей ме, "земтемір" дей ме, сол бір пәлесі келіп, анау Бұғылыдағы Есболат, Тасболаттың, Қарамырза мен Дүзембеттің алдын кесіп алыпты. Енді қарала ағашын сүйретіп, біздің мынау Сақ-Тоғалақтың алдына кепті. Өзіміз көктеу-күзеу етіп отырған исі Олжайдың сол Көкен болысымен шектес құдықтарын, қоныстарын өлшеуге алыпты!
Абайға бұл сөздер бұрында бір мәлім жай болатын. "Олжайдан қай құдықтар, Есболаттан қай жерлерді кесіп алмақ?" – деп сұрады.
– Бізден анау Басжымба, Аяқжымбаны, Көпсақаудың Қарағанын, Шолақеспені Білдеге шейін кесіп алмақ. Содан әрі Обалы, Қоғалы, Қарақұдық, Төреқұдықтың үстін басып отырып, анау Шаған мен Семейтаудың жапсарына шығады. Қысқасы, бар өрісімізді кесіп алғалы жатыр. Бір старшын, бір болыс емес, не бір ру емес, исі Тобықтыға соқтығып отыр! – деп бір тоқтады.
Абай ендігі жайды аңғара бастады. "Тобықты боп Уақпен шайқасамыз" демекші. Әзімбайға енді оның нақтылы сөзін айтқызбақ болды.
– Ал сонымен, жұрт не қылмақ? Сендер не істемексіңдер?
– Жұрт болғанда, бұл жолғы Тобықты тобын Оразекең бастап отыр! – деп, Абайдың ызасына тиетіндей, әдейі бір пәленің шетін шығара сөйлеп кетті.
– Ең үлкен жау – елдің жауы, ең үлкен дау – жердің дауы деген бар ғой! Оразекең ел намысын жоқтап, Тобықты атынан Көкеннің жаңағы еліне, анау Серкесымағына сөз салыпты. "Жемтеміріңді тоқтат! Ел мен ел боп сөзге келісейік!" – деп, үш кісі жіберіп, сөз салған екен. Уақ: "Тобықтыдан көргеніміз жеткен. Әділет тапқамыз жоқ, не болса ұлықтың заңы шешсін", – деп, құйрығын сыртқа салды. Оразбай соған орай: "Уақтың арбакеш, егінші жатақ жалшысынан есе ала алмай қаламыз ба?! Атқа мінсін Тобықтының намысы бар азаматы!" – деп ұран салыпты. Елді жиып: "Уақты шабамын", – деп, қол құрап жатыр. Ағама: "Барымтаға аттанатын ат, сойылы сайлы азаматын әкелсін. Мен барымды салдым, "ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді", келсін, жиылсын!" – деп жар салыпты. Міне сол, Оразбайдың жасағына барамыз! – деп, Әзімбай Әйгерім ұсынған қымызға жаңа ден қойды.
Қысыр сауылып отырған көктем шағы. Саба шағын болса да, Әйгерімнің бұл қонақтарға құйып әкеліп, сапыртып бергізіп отырған күміс тегенедегі салқын қымызы мол еді. Абай әлгі сөзді тыңдап бола бере, әуелі бір қысқа ғана мысқыл айтты:
– Ауыз – дарбаза, сөз – самал, – деп қойды да, – есесің де бөсесің ғой, Тобықтының сотқары! – деді.
Қымызын ішіп аяқтай бере, Әзімбай міндетін ада қылып болған-ды. Оның өзі тілемесе де, әкесі "Абайға барып білдіре кет!" деген соң, осында соғып, пәле тілеп, аттанып бара жатқанын айтқан. Енді Абайды сөйлетіп, сыр тартқысы келеді. Әсіресе бұл барып түскен жерде Оразбай: "Абай не деп жатыр?" – дегенді сұрамай қоймайды.
Соны жаңа еске ала отырып, Абайға ақылдасқан кісі боп, түсін жылытып, жөн сұрайды.
– Жә, Абай аға, біз не істейтінді естідіңіз! Ал енді шабуылға әзірленіп, ат мініп, қару асынып жатқан халқыңыз, туысыңыз мынау, не айтасыз? Оразбайдың осы басшылығына не дейсіз?
Абай бұл тұстағы шырғаны сезіп отыр. Бірақ әдеті бойынша ойдағысын жан баласынан іркіп көрген емес. Екінші және өз ішінде Тобықтының жуан содырлары бастап отырған осы істі теріс көреді. Көкеннің еңбек сауған елі бұл тұста әділ ашуға бекінген. Абай оны ішімен ғана емес, сыртымен де қостауға, құптауға әзір. Оразбай Әзімбайдан естіп ашуланбаса, тулай берсін. Абай оның көзіне де ойдағысын айтады. Соны ойлап, Әзімбайға қысқа ғана сыр түйгізді.
– Оразбай ат мініп, қару асынып алыстан жау іздеп қайтеді. Жауы, анық жауы Оразбайсымақтардың өзінде, өз ішінде! Ол қас надан қараңғылығы ғой! Алысар болса, әні, сонысымен алыссын да! – деп, үлкен адамгершілік оймен бір ой тастады.
Арам, айлакер Әзімбайдың жаңағы бықсыма қулығымен қоса, оның басынан аттап түсіп, алыстан барып бір шаң берді. Және бір ойын танытып:
– Зорлықшыл зорлықтан қаза табар. Қарашоқпар шабуыл заманы, Оразбай түгіл, кеше Құнанбай заманында таусылғанын танытқан болатын. Танып жетпесеңдер, тағы бар, тағы тұмсығың тасқа тиіп тұрып тани бер, – деп, бұл жайдағы бар сөзді Әзімбай ұқсын, ұқпасын, осымен кесіп тастады.
Әзімбай болса, енді қымыз ішіліп болған шақта, Абайдың бұдан әрі сөйлескісі келмеген ажарын аңғарды. Жаңағы сөздерден оның өзінше түйгені де бар. Абай бұл жорықты ең әуелі мақұл демейді. Екінші, Әзімбайдың ойынша, осыны Оразбайдың бастағанын тағы жақтырмайды. Дәл осы соңғы жайды есіне ала бере, Әзімбай іштей өзінің құдасы жаққа шықты. Абай баяғы бас араздығы бойынша Оразбайға жақсылықты қимайды. "Қай жерден шаң берсең де, сенің қоймаңды біз де көріп отырмыз", – деп, өз ойын түйді. Абаймен іштей арбасқан қалпында, оған әсте сенбес кеудесін және де қымтап, мықтап алып жүруге ыңғайланды.
Қолына қамшысын үнсіз ғана алды да, қасындағы қарашаларына суық қабақпен "әзірлен!" деген емеурін білдірді. Сол-ақ екен, жігіттердің бәрі де тымақтарын киіп, қамшыларын қолдарына алғанда, Әзімбай өзі Абайға: "қош" деп елден бұрын тұрып, есікке қарай салмақпен тік басып, тарта берді.
Бұлар кеткен соң, Абай Әйгерімге болып жатқан жайды баяу ғана әңгіме етіп берді. Оның айтуынша, шатақ бастап отырған Көкен елі емес. Оларға Тобықтының көп заманнан бергі зорлық еткені рас. Жаңағы атаған, Тобықтыдан алам деп жатқан құдық, қоныстардың бәрі анығында Тобықтыныкі емес, Көкен елінікі. Соны былтыр сөз етіп, Жалпақ деген жерде болған Семей уезінің "шербешнайында" Көкеннің елі арыз қылған. Олардың сөзін бастап, бүгінде ұстап жүрген Серке деген пысық адам. Бұл дәл осы тұста тура жолда жүр. "Шербешнайға" ояз келген еді. Ұлық жаңағы жер Көкен елінің өзінікі екенін дәлелдейтін қағаздарын ала келген. Тегі, Семейдің ұлықтары Көкен мен Тобықтының болыстарын сол "шербешнайда" қосып отырып, бұрын Тобықты тартып алған жерлерді Көкен еліне қайыртпақ болады. Соны сезген Тобықтының жуандары Жапалақтағы "шербешнай" сияз үстінде бірнеше пәле шығарды.
Ең әуелі Серкені сескендірмек боп, Тәуірбек дейтін Мұқырдың қазағы оны боқтап, тіл тигізеді. Бетін қайырмақ, жасытпақ әрекеті. Олжайдан шыққан Қазбек дейтін бақырауық пәлеқұмар бір даукес бар, сол Қазбек Серкеге шарай топтың көзінше "өз басыңда ақым бар" деп жала жауып, пәле салады.
Сонда да қайтпаған Серкені көп ішінде, ұлықтың үйіне кірер жерде Әшірбайдың Оспаны деген бір бұзық Тобықты байқамай қағылған боп, желкеден қойып жіберіп, басындағы бөркін ұшырып түсіреді. Бұның бәрі көп иттің, өңшең бөріаланың жабылғаны, үргені сияқты нәрселер.
Бұндай мінездер балалар істейтін сотқарлық тәрізді. Соған таңданып Әйгерімнің мысқылдағанын Абай мақұлдап қояды. Жауыз адамдардың өз жауларын "жасытамын" деп, осындай шатақ жасайтынын да айтады. Бірақ істің зоры ол емес екен. Жаңағы сиязды басқарып, екі елдің жер дауын тексеріп аяқтамақ болған ұлықтың өзін де Тобықты адамдары әлекке салады.
Кім істегені белгісіз, әйтеуір жеті-түнде, барлық жұрт ұйқыда жатқан шақта ояз жатқан үй лау етіп өртене бастайды. Ояз бен өзге ұлықтар жалаңаш-жалпы зорға қашып шығады да, қағаз атаулы өртеніп кетеді. Барлық жұмыс сонымен тоқтап, сияз тағы тарқап, ұлықтар қалаға қайтады. Жер дауы, Тобықтылардың айласы бойынша, аяқталмай қалады. "Енді мінеки, қыс бойы сол Көкеннің елі баяғы арыздарын қалпына келтіріп, тағы заңмен жеңіп алуға жеткен ғой. Жаңағының "жемтемір" деп көкіп отырғаны орысша "землемер" деген жер өлшейтін шенеунік. Сол кеп іске кіріскенде, енді Оразбай "тағы да бір атым шықсын" деп тағылық бастаған ғой!" –деп, Абай бір ойын түйген. Болғалы тұрған бүліктің бар сырын анық аңғарып, кейін осы жұмыста өз басы: "жаңағы Әзімбайға қарсы алысатын орай келер–ау", – деп те бір ойлаған еді.
Қарақұдық дейтін кең төскей қонысқа Оразбай көп ауыл боп қоныпты. Ортада өз аулы ұзын желіге қысыр байлатқан. Қонақ үйді көп тіккен. Әр үйлердің арасына әлденеше жерден керме тартқызған. Әрі бастау, әрі мол құдық бұл ауылға ең жақын жерде. Өзінің балалары Хасейін, Қасымжан, Елеу дегендерін және де бөлек-бөлек ауыл етіп, жаңағы құдық басынан қашандау, шашырата қондырған.
Жамағайын інісі Дослан аулы сияқты бірнеше ауылды және айналасына қамау, қоршау етіп жайғастырыпты. Бүгін таңертеңнен бері Оразбайдың осы кең сартөскейдегі көп аулының үсті қалың топ-топ болып жиналып, келіп-кетіп жатқан әр рудан, әр қоныстардан шыққан салт аттылар сансыз көп болған. Бейнебір үлкен той, не ас берген қалың нөпір, құжынаған жиналыс байқалады. Сол таңертеңнен кешке дейін Оразбайдың өзінің үш үлкен үйінде бүгінгі "жиынның басы" аталатын өңшең ақсақал, қарасақал "гу-гу" кеңесте болды. Бұнда жан-жақтан келген топтардың өңшең басты, беделді атқамінерлері. Ал қастарына еріп келген қара топыр қосшы, сойыл соғарлары болса, олардың бәрі жаңағы көрші отырған отау ауылдарға орналасып, ошарылып жатыр.
Оразбайдың үлкен үйінде бүгін осы Қарақұдыққа ол ұрандап жиған көп Тобықтының сан жуандары отыр. Ата ұлынан атап айтса: Олжайдан, Сақ-Тоғалақтан, Есболаттан, Қарамырза, Дүзбембеттен және тіпті, жер шамасы шалғай болса да, Оразбайдың сәлем ұранымен жанылған Мырза-Мамайдан да бар.
Осы елдің бәрінің аузында Оразбайдан тараған бір ғана желік пен пәле тілеген суық сөз жүр. Оны Әзімбай осында келе жатып Абай үйіне соққанда: "Оразбай айтып жіберген сөз", – демей, өз сөзі қып айтып шыққан-ды.
"Жау үлкені – елдің жауы, дау үлкені – жердің дауы" деп бір лаурайды. Соған ілес Оразбай және айтқан: "Уақпен менің алты аласы, бес бересім жоқ. Өз басым үшін емес, Тобықты намысы үшін, ел бағы үшін атқа мінемін! Уақ болса, елге жаулық етіп отыр", – деген сөзді және де көптің аузына таратып жатыр.
Сан жерде әр топтың ортасына қойған ақсақал, қара-сақалы, жігіт-желеңі, жас-кәрісіне шейін осыны айтқызады. Қазіргі топтардың әралуан, әр үйде қайталай түсіп, қадағалап айтып жатқан бір шырға сөзі тағы бар. О да Оразбайдан тараған болса да, бір Оразбай емес, Тобықтының бар байының аузынан шығарлық сөз.
Бұнда не дейді? "Уақ Тобықтының күз күзеуін, қыс отарын, көктемгі кең жайылысы, өрісін алып жатыр. Кімдікін алып жатыр? Тобықты әруағына меншікті болған қоныс-өрісті алып отыр. Ендеше, намысын шабақтап, өртеп тұр. Осы көктем, күзеу Қарақұдық, Төреқұдық, Обалы, Қоғалы, Шолақеспе, Қанай Қарағаны, Басжымба, Аяқжымбам– бәрі-бәрі Оразбайдың әкесі Аққұлы ғана меншіктеген жер ме еді? Құнанбай ғана пайдаланып па? Байсал, Бөжей немесе Молдабай, Бурақан ғана өріс-қоныс етіп пе еді? Құдай қані, тілесе Тобықтының бар атасының ұлы бірде күзек етіп, бірде қысқы жылқысына отар етіп немесе осы бүгінгідей көктемде өріс етіп пайдаланып келмеп пе еді?! Сол жеріңді алғалы отыр! Қазақ қазақ болғалы іргелі дауынан үлкені – жер дауы емес пе? Сол жер үшін, желік үшін емес, өзім үшін емес, көбің үшін, міне, туыңды көтердім, алдыңа түстім!" – дейді Оразбай.
Қысырдың қою салқын қымызын бүгін желіге іше отырып, өз үйіндегі Тобықтының көп атасының ұлына бар айтарын айтып шыққан.
Тағы бір орайда: "Тартынған тартынып, бұққан бұғып қала берсін. Жер ашуы – жан ашуы, салдым барымды. Арыңды жоқтадым, Тобықты!" – деп те сілтеген.
Өзін мақтай қостап, көтере құптап отырған Жиренше, Абралы, Әзімбай, Әбділдә сияқты жуан рулардың содырлары бұны және асқындатып, тасыта сөйлетеді. Олар Жиреншенің аузымен Оразбайға үлкен бір мақтау айтты.
– Ендігі Тобықтының анық туы сенің қолыңда! Намыс туы сол! Саған ермейтін Тобықты ез ел емес! Намыс үшін жауға жігер танытып сен шыққанда, ұстаған жерде қолымыз, тістеген жерде тісіміз кетсін! Уатып алдымызға салып бер осы Уақты! – деген.
Оразбай Уақтың аты аталғанда елеріп, сұрланып, қатты қозданып алды.
– Шиқылдаған арбасына мәстегін жеккен өңшең егінші, масақшы, күрек-шоттан қорегін іздеген қу кедей! Аталы ел боп, іргелі жұрт боп белдессе бір сәрі. Қырық рудан құралып, қырық жамау болған басымен "Көкен еліміз" деп көкиді дейді. Осы "ұстасқанда кімімен ұстасамын" десең де, көзге түсер құйқалы жері жоқ. Өңшең "құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас" дейтін, сайда саны, құмда ізі жоқтар. Енді шапқанда солардың қырық руы бір араға жиылған қара қорда нөпірін бұздырайын деп отырмын. Өңшең тырмашы, балташы, орақшы, соқашы, диханшы дей ме, ылғи ыңыршақ мінген, ырымы жаман суырларды сойғызайын деп отырмын! – дейді.
Жаулыққа, аямасқа өзі тісін басып алып, енді барлық бай-жуанды шетінен мас қыла қоздырып, қыздырып отыр. Оларға бір жағынан ескертіп қояды. "Анау ертіп келген жігіттеріңе, қарашы-қосшыларыңа, сойыл соғарларыңа менің осы айтқандарымды ұғындырыңдар!" – дейді. "Неге баратынын, неліктен баратынын, кімдерге соқтығатынын біліп барсын!" – дейді.
Дегеніндей-ақ, бүгін Қарақұдықтағы ауылдардың бар қонағы кей кездерде қымыз арасында, ет пен шай арасында кезек қыдырысып, желі мен құдық басында, ақ үйлердің сыртындағы көгал шалғындарда көп-көп кездесіп, айқыш-ұйқыш араласып қалған. Оразбайдың сөздері бір үйде, оның үлкен үйінде отыз-қырық кісіге айтылса, сол сәттерде және отыз-қырықтың аузымен осы атыраптағы үлкен-кішінің, алыс-жақынның бәріне де тарады. Сырланып, сыпайыланып немесе асқындай түсіп, атқуылдап, кейде боқтық аралас жуандап, содырланып, не қылса да жасақшының бәріне жеткен.
Әрине, Әзімбайға еріп келгендей өзге ірі атқамінерлерге де ере келген үнсіз топтар, қарасойыл, атарман-шабармандар бар. Олар Оразбай айтқызып жатқан сөздің бірін ұқса, бірін ұқпайды, біріне иланса, біріне көзі де жетпейді. Бірақ бұларға бүгін анық, айқын болған бір жай және бар еді.
Осы Оразбайлар Уақпен жанжалдасқалы отырған талас жерлер анығы кімдікі екені оларға дүдәмал, күдікті-ақ. Тобықты Уақтан тартып алған жерлер дегенді естіген, білген кедей-кепшік те бар. Ол өз бетіне. Әсіресе сыртқа үндемесе де, Оразбаймен іштей дауласатын қарашылар да бар. Оларға анығы: Қарақұдық, Төреқұдық, сонау Жымбаға шейін созылып жатқан жерлерге әсте Тобықтының малы жоқ кедей көпшілігі қадам басып көрген емес. Өздеріне айтқызсаң: "Бұл жеріңді итім біліп пе?" – дейді.
Қалың ел "бұл қоныстың пайдасын көріп пе едің?" десең: "Атамаңыз, ат керт етіп шөп жеген, ер қылқ етіп су ішкен жеріміз емес. Оны жеп жүрген, ішіп жүрген қолы жеткендер ғана!" – дейтұғын. Анығында Оразбай "жер үшін, ел үшін", "елдің жауы", "Тобықты намысы", "жердің дауы" дегеннің бәрін жұрт көзіне топырақ шашып, қара борандатып айтады. Өз құлқынын, әдетте, осылай көздеп келіп, өтірігі-шынын қосып, аламыштап, қара бауыр арамдығына әкеп соқпай қоймайды.
Көпті арандатқалы отырып, соны және "өзім үшін, өзімдей азым үшін" – деп әсте айтқан емес. "Өзің үшін, көбің үшін" деп, бір пәлені қара бұлттай қаптатып әкеледі де, тілесін, тілемесін көп момынға құшақтата салып, тарта береді. Осылай ойласа, анығында жаңағы даулы боп отырған күзеу, көктеу деген қоныс атаулының барлығын пайдаланатын жиырма-отыз ғана ауыл еді. Мың жарым, екі мың үйдің ішінен жиырма ғана адам, сол жиырмадай ғана бай жайлап-төстейтін. Бүгінгі Оразбайдың отырғанындай, Құнанбай заманынан бері қарай Тобықтының әр жуан руының бір-бір үлкен байлары көрші кедей, момын егінші, еңбекші Уақтың өздері әлі пайдалана алмай отырған жерлерін үнемі баса қонып, жеп жүретін.
Қыстыгүні сол жерлерге отарлап, қостап жылқыларын шығарады. Жаңағы көлденең созылған ұзын өлкеге қар түсе жиырма-отыз қос жылқы келеді. Шамасы елу-алпыс мыңдай жылқының қысқы панасы Тобықты жері емес, осы Уақтан тартып алған жерлер. Міне, Оразбайдың барлық байбайы мен айғайының астарында жатқан шынның шыны осы.
Әрине, бүгін Оразбайдың қасына оның шашпауын көтеріп отырған әр рудың жуандары бұл есептерін ұмытқан емес. Олар Оразбайдың айғайымен өздерінің кіндігі бір екенін жете біледі. Тек Оразбай үш мыңы бар бай болғандықтан, ол сәлем айтқандықтан немесе Тобықты деп ұран шақырғандықтан келіп отырған жуандар жоқ. Олар осы түйінге өздерінің де керегі түйілгендіктен ентелей кеп отыр. Бірақ айлакер, тартпақы мінезді тәсіл еткен қу мен сұмдар дәл бұл шынға келгенде қоймаларын ашпайды. Тек Тобықтының ендігі ағасы Оразбайдың басшылығын қостаған, құптаған кісім болысады.
Міне, осындай арыны, алқыны күшті сөз айтушы Оразбай бастаған қара жел енді қазір әлдебір момын елдердің, бейқам ауылдардың басына түйіле соғатын дауылға айналып барады.
Күн екіндіге тақай бергенде, барлық ауылдар өреде, арқанда жүрген аттарды, кермеде тұрған, белдеуге бекем байланған айғырларды, бедеу биелерді сатыр-сұтыр ерттей бастады.
– Атқа қонсын, мезгіл жетті!
– Енді бетті түзеп, тартып берсін! – деген әмір, бұйрық Оразбайдың үлкен үйінен айтыла сала, бір сүт пісірім ішінде жүзге тарта жарау сәйгүліктер тегіс ерттеліп болып, бір қол ер-азамат сойыл, найза, шоқпар, айбалталарын алып іріктеліп, Көкен тауына бүлкектей жөнеліп, бет қойды.
Әрине, Оразбай үйіндегі үлкен топ бұл аттылардың ішіне бірде-бір адамын қосқан жоқ. Олар қатарын бұзбастан, шып-шырғасы түгел күйде кеш бата Оразбай бата қылдырып, сойғызып жатқан қысырдың семіз көк тайының етін тосып қала берді.
Қарақұдықтан аттанған жүз қаралы топтың ендігі жүрісі мен барысын билеген, жастары отыз-қырыққа ілінген бірнеше жортуыл басшылары бар. Оларды Оразбай, Әзімбай, Жиреншелер осылай көтермелеп, күн бойы "жортуыл басы", "қол басы" деп жалған дақпыртпен аттандырған болатын.
Жалғыз-ақ Есентай ғана қалың топ аттылар жіті жүріп, ауылдан сытылып, арты үзіле бергенде, кермедегі семіз шабдар атына мініп, тебіне жөнелді. Аттанған қолдың артынан ұмтылған еді. Бұны сыртынан бағып қалған Оразбай, Жиреншелер біресе таңырқап, біресе тамашалап сүйсіне қарасты.
Жиренше Оразбайды түртіп қалып, мысқылдап:
– Байғұстың, кәрі жыны қозды-ау мынаның! – деп, сықылықтап күліп, Есентайдың жас шағында ұры болғанын еске алды.
Оразбай күлмесе де, сығырая қараған жалғыз көзін Есентайдың сыртынан сүйсінгендей қадап тұр.
– Кешеден, таңертеңнен үн қатпай қойып еді! Без бүйрек, жан шығарда ғана үн шығарады ғой ол. Аналарға ақыл айтқалы барады! – деді.
Әзімбай мысқылдай түсіп:
– Ақылын да айтар, жанжіп те байлар. Қадалғаннан қан алмай неғып қалсын Есекең! – деп, маңындағы жуан содырдың бәрін ду күлдірді.
Есентай бұл шақта топ алдындағы Бесбесбайды сәл оқшаулап алған. Қол қатарында желе жортып отырып, қысқа сөзбен ақыл айтып келеді.
– Мына топты сен бастайсың! Мың да бір айтарым... әсте тұтқын қалдырма!.. Адасып, қаңғып, қалың майдан ішінде бетінен жаңылып, жауға душар болатын жаман-жәутік те болады. Ескертіп қой бәріне! Қайта серпілер кезде бәрі тегіс ат құйрығын Темірқазыққа дәлдесін! Сонда оқшау кеткеннің де, шоғыр боп топпен жүргеннің де бет-бағдары біреу-ақ болады. Елге қарай, кейін дұрыс беттейсіңдер!
Бесбесбай үндемей, бас изей түсті де, "мақұл екен!" – деді. "Тағы не айтасың?" –деп, өзімен бір заманда жортуылда кездесіп, бір бақырдан сорпа ішкен жайын еске ала, Есентайға жымия қарады.
Семіздігі беті-көзінен, бұғағынан діріл қағып айқын көрініп келе жатқан Есентай әлі де салқын ақыл айтты.
– Аты жүйрік, қолы қатты, қару етер жау болса, ең қатерлі дұшпан сол ғой! Орайын тауып сондайларды қатардан бұрын шығаруға тырысыңдар. Ана кәрі серіктеріңе соны да айтып қой! Ондайлардың емі көбінше сойылдасып жығу емес! Қарсы ұрысқанда, қаша ұрысқанда, тіпті болмай бара жатса, өзін ұрмай, атын ұр! Шекеден бір-бір–ақ қағып, атын жығып кету керек. Ол қайтадан ат тауып мініп, қатарға қосылғанша қашан! Қатерліден осылай құтылар болар. Ал бар енді, жолың болсын, уай, өңшең батыр! – деп, іркіліп қала берді.
Адам туралы ырзалық пен мырзалық сөз, мақтау сөз әсте аузынан шықпайтын Есентай бұл топтың алдындағы бесеу-алтауды "батырлар", "азаматтар" деп әдейі даурыға мақтап қалды! Оларды бүгін осы өңірдегі "ең жақсы", "ең қадірлі", "ең тамаша өжет жандар" деп көпшік қойғаны алдаусыратып, қолтықтап дем бергені болатын.
Ал шынына келгенде, арттағы елге де мәлім, мына келе жатқан қолға да айқын: бұлардың бәрі анық қаныпезер ұрылар еді. Бірақ Оразбай сол ұрыларды әр ортадан таңдап алған. Бұлардың кейбірі Тобықтының жуан-жуан руларының ұрылары. Кейбіреулерінің көргені көп, жүріс-ұрыс, қашқын-қуғында айлалы, жырынды адамдар. Бәрі де ойдағы егінші, еңбекші момын ел Уақты қыста, жазда талай торып, бар қонысынан мал қуып әкетіп жүрген сырқынды қулар.
Көкен тауынан асатын асуларды, әр жерде, әр кезде топталып отыратын ауылдарды білмейтіні жоқ. Тіпті Уақтың "пәлен аулының жылқысы түнде қалай қарай өреді" десе, Шыңғыстың ту сыртында отырып та бұлжытпай айтып бере алатын осы ұрылар. Өздері және жаңағы елдердің жуандарымен шеттерінен тамыр, тату, үнемі жақсы ат, жақсы құрал атаулыны кезек алысып жүретін, іліктері үзілмейтін сақтаулы жандар. Қалайда үш мың жылқылы Оразбай мен осы топты бастап келе жатқан алты барымташының бәрі де сондай тату-тәтті болатын.
Міне, сол атақты сақа ұрылар: Жарқымбай, Дубай, Бесбесбай, Саптаяқ, Құлайғыр, Күсен дегендер еді. Осы алтауы Қарақұдықтан күн барда шыққан соң-ақ: "Уақ хабарланса, Көкеннің тастарынан қарауыл салып, қалың тобымызды көріп қояды. Соны аңғартпас үшін, алтауымыз осы жүз кісіні алты бөліп алайық", – десіп, бір қайқаңның алдындағы тіктеу сайда алты ұры бар барымташыны алты топқа бөлді. Сонымен, Оразбай аттандырған, пәле іздеген қалың топ жаңағы сайдан лек-лек болып бытырап, буын-буын бөлінісіп ап, жол тартты.
Жер алыс емес, өңшең жарау ат-айғыр, бедеулерге мінген, қымызға қызған, соқтығыс сойқан іздеген желікті топтар қас қарая бергенде Көкен тауының ар жағындағы "Қандар сайы" дейтін сайға қарай асатын кең қолатпен желіге тартып келе жатты. Бұл кезде дүсірлете желген қатты тұяқтардың қалың дүбірі мен сүйреткен сойыл, шоқпарлардың сатыр-сұтыр қақтығыстары ғана елсіз таудың тыныштығын бұзады. Оқта-текте түнгі жортуылға мінілмеген ат-айғырлар пысқырып қалысады. Үзеңгілер шылдырап, қақтығысып, шың-шың еткен темірлер үні білініп қалады.
Бар есептерін, алдағы қимыл-әрекеттерін Көкеннен аса бере анықтап алмақ болған жортуыл басылар әзір тек алға түсіп алып, қалың топты енді cap желдіріп, тау желіне жел қосып, есіп келе жатыр.
Жортып келе жатып ақылдасқан, байласқан сөздердің бәрінде айтқаны орайлы, тәжірибесі молырақ боп жаңағы алты барымташының ішінен біреуі басымдау көрінді. Ол жас жағынан да өзгелерінен үлкенірек, егдерек және бар Тобықтының ең қалың, жуан ортасы Олжайдан шыққан Бесбесбай. Жасы қырықтың ішіне кіре берген, сақал-мұртында қылау жоқ, екі көзі бадырайған шығыңқы, от шашқан өткір, өзі шекелі, жалпақ бетті, қызыл сары Бесбесбай дене жағынан да өте кесек біткен адам. Бойы биік болмағанмен, жауырынды, жоталы, төртбақ келген. Ат үстінде сол атына желімдеп тастағандай. Қорғасындай құйылған зіл-зәрлі, анық қара сойыл, қара шоқпардың мойымас жауынгері. Ол бұрыннан хабарланған кісідей алдағы шабатын ауылдарының отырған қонысын және жылқының бүгін түнде Семейтауға, күнбатысқа қарай өретінін күдік қылмай, кесе байлап айтып келеді. Көкеннен іңір қараңғысымен асып ала сала, бұл жаңағы қолбасыларға өзінің соңғы болжауы мен байлауын айтты.
Дәл осы кезде қол түгел тоқтап иіріліп, сайда аттарының демігін сәл бастырып тұрған. Бесбесбай өз қасына Жарқымбай, Дубайларды ертіп, бес-алты кісі боп, оң жақтағы тақырлау тікше төбеге шығып алып, алдағы қараңғы мұнар жапқан алыс тұңғиыққа қадала қарап тур. Дубай жекей тымағын басынан алып, құлағын сол дала жаққа салып үнсіз ұзақ тың тыңдап, төсеп тұрды.
Аттардың сол қыбыр еткен қозғалысын тізгіндерді жұлқа тартып тыйып қойысады. Сулығын сылдыратқан атты да қымтып ұстасып тұр. Біраз осылай тұрып барып, Бесбесбай енді аңдағанын айтты.
– Осы арадан қозыкөш жерде Тұщыкөл бар. Біз баратын бар жауын сол Тұщыкөлдің айналасына қонған. Бір жағы қамыс, ар жағы су. Егер жылқының өзі сол қауға кіріп кетсе, айдап шығу да оңай емес. Бұл жиын отырған ел, бейқам емес. Жылтылдаған оттарын көрші... Сонау, байқайсыңдар ма?.. Бұл ауылдар жатпай немесе қой шетіне әдейі оттар жағып, сақайып отырған ел тәрізді. Ал, бірақ, жылқысы Семейтау жаққа, көлдің батыс жағына өрді дейтінім; жел сол жақтан тұрды. Күні бойы ыстықта үйездеп тұрған жылқы, бүгін күн ыстық болды ғой, енді мына желге беттеп, солай шыққан болу керек. Байқаңдаршы! – деп, біраз тұрғанда, Қарамырзаның қапсағай денелі жырынды ұрысы Саптаяқ: "Сөзің рас!" – деді. "Мен алыстағы жылқының сарынын аңғарып қалдым. Жаңа желдің бір үзік леп берген соғуынан аңдадым. Кісінеген жылқының дабысын шалдым!" – деді.
Енді бұлардың алтауына да айқын, даусыз көрінген бір-бір байлауды Бесбесбай өзі жасады.
– Алдымыз еңіс ой, ар жағы мидай жазық. Бір сыр еткізсек, жылқының үстінен түсеміз. Бірақ ел ұйықтасын. Әлі түннің жарымынан артығы бар. Жұрттың көзі қалың ұйқыға барғанда бір-ақ соқтығамыз. Ар жағында таңға шейін қайта қуған малмен дәл осы Қандар сайынан асамыз. Таң ағарғанша осы сайдан асып, Көкеннің төсіне құлай беру керек. Ал әзірше сәл аял етейік. Осы тау қойнауында тұрып, ер-тұрманды бекітіп, аттардың бойын салқындатып алайық. Әрқайсыңның өз тобындағы жігітіңе жөн-жосықты да айтып қой.
– Қай жөн-жосық? – деп Жарқымбай сұрап еді, оған Саптаяқ кесек үнмен жөн айтты:
– Қара сойылды көлденең ұстағаны болмаса, мынау қалың тобың жортуылда болмағандар. Оларға айғай, сүреңнің өзін де айтып, білдіріп қою керек. Қуғын-сүргін болмай-ақ, кейбір жаман жортуылшы, ақылсыз барымташылар өзі айғай-шу салып, қуғынды өз соңынан өзі шақырып отыратыны да болады! – деді.
Қалған жай бәріне мәлім. Енді бұл алтауы ойға түсіп, топ-топтарына келіп, алдағы жауды, тиісетін кезді айтты.
Қайта беттегенде осы сайға келетін байлауды да түгел айтысып шықты.
Көп жұрт аттарының айылдарын босатып, жеңіл желқом ерлерін ат арқасына біраз желпіп көтеріп, өздері мінген сәйгүліктерінің белі-жонын салқындатып алмақ боп жатыр. Енді біразда бәрі де: "атқа қон!", "атқа қон!" – деген сөздерді ести бере соңғы рет төс айыл, шап айылдарын нықтап тартып алысып, жүгендерінің сағалдырықтарын қараңғыда қолмен сипалап анық бекітіп алысып, тымақтарының құлақтарын байлап, кейбіреулері қалыңдау шапанының оң жақ жеңін белбеумен қоса тартып, оң қолын босатып алып, тықыршық атқан, жер тарпыған, шыр айнала елеңдеген жүйріктеріне міне-міне сарт-сұрт аттаныса берді.
Бұл сәтте сойыл, шоқпар, найзалар білекке, аяққа сүйреткен күйде емес, қолтыққа қысылып, қолға алынған. Немесе ердің қасына көлденең салынған. Найза, айбалталар оң аяқтың үзеңгідегі басына түп жағымен қойылып, ұзын бойларына оң қолда тікие шаншылып, аспанға қарап қалған.
Көп жігіттер соғыс үстінде әр дыбысты аңдай отыру үшін, тымақтарының құлағын ішіне жымыра байлап апты. Түстері суық, артық сөз жоқ. Ендігі ақырын, шолақ айтылатын сөздер бұйрық қана. Қалың қолдың алдына ақ боз атты, ақ шекпенді, ақ елтірі тымақты Бесбесбайдың өзі түскен.
Қол алдынан кештің қоңыр салқын лебі білінді. Күндізгі жүрісте омырау, қолтығы, құлақ түбі, шабы терлеген, бусанған жарау сәйгүліктердің жүрісіне мынау салқын жел қарсылай соғып, жеңілдік жасап, желік қосқандай. Кеш батуға айналып, көз байланып келеді. Көкжиек қоңыр көкшіл қалың күңгірт бояуға ауысқан. Тек батыс жақ әлі кешкі шапақ қызыл көк арайынан түгел арылып болған жоқ. Қарауыта қызарған сол шапақ көкжиекке төмендеп бата түсіп, таусылып барады. Қолдың дәл бет алдында, шексіз ұзақ алыста кең созылған биік жота бар. Ол да бұл шақта көк барқын мұнарға оранып, аспанмен ұласып араласып, бояу қосып тұтасып барады. Тек оқта-текте сол алыс көкжиекте, өте бір жырақтағы шоқ қара бұлт тұсында найзағай жалт етіп қалады. Үнсіз бір ұлы жарық лап етіп, сәт сөнеді.
Жақын дала, еңіс өлке әуелде жасылданып созылса, ымырт көлеңкесі қоюланған сайын бозғылданып, қуаң тартады. Жусан, изен, жауылша, тарлау иістері мен кей шалғындарда сиыржуа иісі кезектеп келіп, сахараның шаңсыз, мөлдір таза ауасын сан иіспен құбылтады.
Ат тұяқтары тасырламай дүңкілдеп, жиі дүбір үн береді. Жол бойында кешкі мекенге жайғасқан бозторғай, қараторғай атаулы жер бауырлай, сасқалақтай ұшады. Тағы бір кезек қалың топ тарғақ қара ала қанаттарын ымырт қараңғылығында ала құйындата, жарқылдата түсіп, қырқылдап үн салып, қарбаласа жөнелісті. Ымырт қараңғылығы қоюланған сайын жортуылшылар жүрісі қатая берді. Енді айсыз кеште біртіндеп жұлдыздар туа бастап еді. Бесбесбай "сәл ғана іркіл!" деп қолға шолақ белгі етті де, бағана Есентай тапсырған, өзі мақұл көрген бір жайды барлық топқа мәлім етті. Қолтығына қысып алған ұзын қара шоқпарын көлбете көтеріп, аспанға нұсқап тұрып, барлық топқа Темірқазықты көрсетті.
– Ау, азамат! О, мына бір нәрсені жадыңда тұтшы! Тыңдап ал, ұғып ал! Сонау жалғыз жұлдыз Темірқазық. Зәуі-сайтан, біреуің оқшауланып, тағы бір топтарың жырыла жарылып шабатын кез болса, тегінде есіңде болсын! Ел қайда, жау қайда екенін қашқылық-қуғылықта аңдамай, қатерге түсіп-ақ қалуға болады. Сонау серігің осы жұлдыз. AT құйрығын дәл осы жұлдызға беріп алып бет түзегейсің! – деді де, тағы да жорта жөнелді.
Жаңағы "қозыкөш" жерде деген ауылдардың қазір барлық оттары сөніп, аңғарарлық тірлік белгісі өшіп тұр. Тек жырақтан ғана оқта-текте үріп қалған зор дауысты төбеттер үні ғана сәл сирек естіліп қалады.
Қол желе-шоқытып, "ауыл болар-ау" деген алқаптан қашандап айналып, батыс жақтан ескен желге қарсы жортып барады. Қатарына келе берген Саптаяққа Бесбесбайдың жалғыз айтып қалғаны: "Жылқытақау, екеуміздің долбарымыз рас болды. Жел жақтан бірнеше рет кісінеген айғырлардың аңысын аңдап келем!" – деді.
Саптаяқ бұны қостап: "Ол дегенің рас, мен де аңғарып қалдым. Тағы бір жай бар. Байқайсың ба, жел қатайыңқырап келеді. Біз болсақ ық жақтан келеміз. Соның жылқысында жүрген қандай саққұлағы болса да, біз қиқу салып тиіп кеткенге шейін дабырымызды, сарынымызды аңдамай қалатын бір сәт боп тұр!" – деді.
Қатарда жортып келе жатқан Жарқымбай, Дубай, Құлайғыр үшеуі бірдей: "Сәт-сәт, жол болсын", "байлансын, Ораздының жолын берсін!" – десіп лау-лау етісті. Бұлар жылқыға тақап қалды. Бар қолды қатарынан жортқызбай, лек-лекке бөліп, алты буын етіп, енді шұбырта созылтып, Бесбесбай айтқаны дәл орындалып келе жатқан.
Осы топ тигелі келе жатқан, "жау" деп атандырған, анығында соншалық бейбіт, момын ел дәл осы бүгінгі күндерде өздерінің дағдысынан тыс бір оқшау күйге келген болатын. Тобықтыдай емес, көрші болыстас ел болғанымен, Көкеннің халқы көбінше егінші, пішенші. Қалаға жақын кәсіпшіл, шетінен еңбекке бейім ел. Бұлардың көшуі де сирек болады. Әр аулының сыр ажарына қарасаң да, Тобықтыға мүлде ұқсамайды. Үй-үйдің тұсында не арбасы, не таралейкасы тұрады. Ұстайтын малының көбісі сиыр, өгіз, жегін малы. Бұлар өздерінің өрісі аз жерлеріне орналасқанда да мол-мол үйлер болып, көп ел болып орналасады. Сондықтан Көкеннің әр жердегі ойдым-ойдым елін, қоныс кәсіптерімен қоса атасады.
Осы елде ғана: "Қырықүйлі" дейтін ауылдар болады. "Қандар" дейтін көп үйлер бір арадан табылады. "Көпсақау" дейтін қалың ауыл бір өлкеде кездеседі. "Балта–Орақ" деген бір өлкені жүзге тарта мекен етеді. Онда жаңағы "балта-орақ" деген аспаптар, қару-саймандар осы ел мен осы жердің тірлік, кәсіп қалпын анық аңғартады. "Жалпақ" деген қоныстары ең жалпақ пішендікке жабыла еңбек ететін көп жұрттың барын байқатады.
"Қандар" деген жер аты да бұл арада қан болғандықтан аталмаған. Қайта әр рудан жиылған көп үйлердің адамдары бірталай заманнан бері туған балаларына ат қойған-да әрбір анық аттың аяғына "қан" дегенді қосқыш болған. Мысалы, Әсемқан, Сәлімқан, Жұмақан, Семейқан, Жабайқан, Төреқан деген сияқты ұйқас аттары бар көп адамдар шығады. Бертін келе әрқайсысы үй иесі бола тұрып, сол барлық адамдар бір сайдан табылады. Әуелі солардың сайын, жаңағы Тобықтының барымташылары асқан тоғайлы, шалғынды ұзын бір сайын "Қандар сайы" деп атасқан. Содан әрі жетпіс-сексен үйлі бір өлкенің елін де ата-тегін, руын былай тастап, тек қана "Қандар" десіп атап кеткен. Анығында осы "Қандардың" ішінде, сол сексен шамалы үйлерінде қандар емес, талай жандар бар еді. Тіпті Көкеннің Уағына ру жағынан мүлдем маңайласпайтын адамдар да көп. Кәсіпқор, момын егінші елдің ортасына қорек іздеп келіп, осында құда, дос, көрші, тамыр, "еңбекшерік", "кәсіпшерік" болысып орналасып қалған көптеген елдің үйлері бар.
Сондықтан бұнда жаңағы қоныстасқан Көпсақау, Балта-Орақ, Жалпақ, Қандар, Қырықүйлі деген ауылдарда, елдерде Уақпен қатар талай атаның ұлы бар. Осында: Бура, Найман, Жалықбас, Бәсентиін, Матай, Керей, тіпті, Тобықтының өзінен де ертелі-кеш жырылып келіп, осы елдер арасына орналасып, момын, еңбек, адал кәсіпке берілген кедей-кепшік көп болатын.
Міне, осы елдерге өзге дүние атаулының бәрінен бұрын еңбек үшін тыныштық керек. Ал дәл осы көктемде, әсіресе соңғы он күннің ішінде сол тыныштық еріксіз бұзылып отыр. Бұлар Көкен елінің егін салатын жері азайғандықтан, анығында Көкеннің сырты Тобықты бұрын тартып алған жер атаулының бәріне анық мұқтаж. Себебі ол жерлер егінге аса жайлы, ең шұрайлы төскейлер. Бетегесі, көдесі киіздей, өзі сан шақырымдар бойына теп-тегіс боп созылған анық "құдай қосқан" дейтін, үлкен еңбектің жанасуын тілейтін жер. Қыстыгүні бұл жерлерді қалың жылқы, Оразбайлардың елу-алпыс мыңдай жылқылары да мекен ететіні сол: қыртысы қалың, жайылысы бетеге, көдесі, ақоты көп болғандықтан. Рас, қыстың ортасына шейін ғана бұл жерлерді Тобықты жылқысы мекен етеді. Ақпаннан бастап сол төскейлерді қалың қар басады. Бұл да осы өлкенің сызы мол, егінге кенеуі көп қолайлы жай екенін білдіретін.
Енді сол жерлерді Көкеннің еңбекші, егінші елі Тобықтыдан қайырып алмаққа шын талап етеді. Бұл жөнде бар Уақты, Көкен елін дәл осы әділ ниетке бастап, жұмылдырған Серке деген басшы адам екені рас. Ол землемерді шығартып, жаңағы еңбек еліне еселі жерін қайтып әперем деп алып жүр. Бірақ соған орай Тобықтыдан келген суық сөзді бір Серке емес, Көкеннің көп елі естіген де, осы көктемде дағдыдан тыс бір қалыпқа келген. Олар әр жерде салып жатқан егінін де бітіре алмай, қалың ел болып бір араға жиылып, Тобықтының қастығын, қайратын, тіпті шабуылын болса да бір арадан тосып алмаққа бекінген. Сөйтіп, жаңағы Бесбесбай аңдаған Көкен бауырындағы Тұщыкөлдің басына Көкеннің осы атыраптағы талай елдері көшіп келген. Олар кәсібін тастап кеп отыр.
Бірақ көктем кезі ең су жетерлік болғандықтан, осы өлкеге мал жайып қайту, егін шаруасына қолайлы болмаса да, мал баласына жаман емес еді. Өзара бас біріктіріп, жуан елдің зорлығына, қорлығына қарсы бірігіп әрекет жасаймыз деген Көкеннің елі қазір бар жылқысын қосып бағатын.
Анық дерек болмаса да: "Тобықты барымташы аттандырғалы жатыр. Көкен елін шаппақ!" – деген сөздерді Серке алдымен естіген. Сонымен, ол соңғы бір жұманың ішінде осы тұстағы Көкен елінің ортасына өзі келген.
Көп бөлек ауылдарды дәл қол басына өзі жидырып, қондырған. Және талай жігерлі, қажырлы, қайратты адамдарды ертелі-кеш өзі қайрап, әзірлеп жүрген. "Тобықты қол жұмсаса, сен де қайрат етер қауқарың бар жұртсың. Қай қастығына болса да алысып қарсы тұр. Жалынған бас қорғау емес, жағаласқан бас қорғау! Олар зорлық етпек қой. Бірақ шабуыл. заманы, құбақалмақ заманы өткен. Соны аңдамай дарақылық етсе, қай Тобықты болса да сыбағасын алады. Зорлықшы зорлықтан қаза табады. Жол мен жөнге жығып, кейін алдыңа байлап беруді мен өзім міндетіме аламын. Ал, бірақ, бүгін олар қара күшке салып, қол қайратын етер болса, сенің де қолың қайратсыз емес, менің елім! Сенің қолың олардай селтиген қу ағаш сойылды ғана көтеріп көрген жоқ, сен балтаны да, балға, төсті де көтеріп ұра білетінсің. Сенің қолың қара жердің сауырын қара соқамен де айырып үйренген сүйелді қол. Олар шоқпар жұмсаса, сен жетегіңмен-ақ ұрып көрші! Өлмеген Тобықтыны мен көрермін!" – деп, осы Тұщыкөл басындағы елдің кәрі-жасының бәріне өзінің жігерлі сөзін көп таратып, жеткізе айтып болған-ды. Бүгіндер көл басындағы қалың елдің қару ұстауға жарайтын ер-азаматы қара бақан, жетектерін болса да өзгеше бір жігермен, ызамен білемдеп ұстап отырған тәрізді.
Бесбесбайдың тобы жылқыға тиерменге тақап келген шақта, сол жылқының шетінде атүсті төбелесте де бұрыннан атағы шығып жүрген бес-алты мықты жігіт қастарына жиырма шақты жас азаматты ертіп алып, қалың жылқыны қамсыз қалмай, ұйқысыз бағып жүрген шақ еді.
Тұщыкөлдегі елдің қазіргі сәтте ат мініп, қару ұстаған, жылқы маңында жүрген қарулы азаматының да ер, жауынгер аталған жоян жігіттері болатын. Қандардың өзінен шыққан, жасы қырық шамасындағы Бостан, Балта-Орақ елінен келген Қонай және басқа жақын қоныс, қалың шоғыр ауылдардан екшеліп шыққан, мықты атанған: Еңсебай, Марқа, Құлжатай сияқты өз орталарына аңыз болған ерліктері бар азаматтар мәлім еді.
Бұлардың қайсысы болса да Тобықтының барымташыларындай ұрыдан шыққан емес. Сондай ұрыларға мал бермейміз деп, қажыр-қайрат көрсететін жылқышы, бақташыдан шыққан, диханшы, пішеншіден шыққан азаматтар. Өмірлерінің көбін еңбек соңында өткізіп, жаз шағында, жау торуылы көбейетін кездерде қосылып жайылатын жылқыға сақшы боп жүретін.
Жау түсіргіш ер жылқышы, атпал азамат, атүсті бағлан боп мадақталады. Өздері жау болып, жат біреудің малына тиіп көрген емес. Бірақ өздерінің елін, ауылдарын әр кезде торитын көбінше Тобықтының ұрыларына қалай қарсы әрекет етуді жақсы білетін. Жаумен аңдысуға, мал амандауға, сол жаулардың барлық айла-амалын андап, қарсы қайрат көрсетуге тәсіл алған жігіттер.
Жаңағы бес-алты ер-азаматтың жас жылқышылармен қосылып, бүгін іңірде жылқы шетіне келгенде өзара сөйлесіп, байласқан жайлары бар. Бір бүгін емес, соңғы төрт-бес күннен бері Тұщыкөл елі ұдайымен күндіз-түн Тобықты шабуылын тосуда. Бүгін болса, соңғы кездегі дағдылары бойынша, осы түнді қалай сақтық жасап, аман өткізу жөнінде ақыл қосысты. Бұл топтың да Бесбесбайдай өзге көпшілігі аузына қарайтын бір балғын азаматы бар. Ол – Бостан.
Мойын жотасы тұтасып біткен, жар қабақты, көселеу, кесек мұрынды, шүңірек көзді Бостан өте ер бітімді. Қара күшке атан түйедей. Әрі балуан, әрі соғысқа берік жауынгер жігіт. Тегі, Бостанның қолынан талай Тобықтының жаман ұрысы басы жарылып, қолы сынып, әлденеше рет қуғын жеп, қолға түскен кездер болған-ды.
Ұзын сары келген бойында артық "қырым ет жоқ" дейтіндей, сүйекті, сіңірлі Қонай да кең жауырынды. Қараңғы кештерде алпамсадай бойымен биік баран аттың үстінде ол түйе мінген кісідей көрінетін. Жер қылаң құлаға мінген, түйе жүн шекпен киіп, төсін жалаңаштап ашып алған, қаба қара сақалды, төртбақ Құлжатай да бүгін бөлек. Сегіз қырлап жонған сырлы қайың шоқпарын ерінің алдына көлденең салып, Марқа, Құлжатай, Еңсебайдай құрдастарын екі жағына алып келіп, Бостанға ақыл салып тұр.
Бостан дәл бүгінгі күнді сезікті көреді. Семейтау жақтан қатаң соғып тұрған түн желін жауға жайлы деп, өздеріне қырын жел деп санады.
– Егер жау Көкенге күндіз бекініп отырып, түнде жылқының батысқа қарай шыққанын бақылап алып, бет қойса, қазір біздің ық жағымыздан келеді. Біздің де, жылқының да бар сарын, дабырымызды ол естиді де, біз оның бір тықырын білмей қаламыз. Екі түрлі іс істейік, жігіттер!
Мен ауылдағы ақсақалдарға айтып кеткем. "Жылқыны көз байланғанша батысқа, Семейтау жаққа беттетемін де, қас қарайған соң тез ғана ылдиға қарай, Темірқазық жаққа, ауылдардың ығына қарап төңкеріп жіберем", – дегем. Қазір мына жиырма жігіт жылқыны желдіріп отырып, тез аунатып жіберіңдерші! Ал қалған алтау-жетеуіміз сол жылқының бетіне қарай, "осы түнде жүреді-ау" деген жаудың жолын кесуге тырысайық! – деген.
– Осының ақыл-ақ!
– Құп болады! – деп, Құлжатай мен Марқа қостағанда, Қонай тағы бір жайды ескертті.
– Ауылдың бәрі бүгін отын ерте өшірсін! Жатып қалған боп жым-жырт бола қалсын деп ек. Тіпті күзетшінің айтағын азайтыңдар дескеміз. Тек әp белдеуде бір сәйгүлік, бір жетек әзір тұрсын дескен едік қой. Ауылды тыңдаңдаршы! Қалың ел болғанмен сол дегеннен шығыпты. Әнеки, үрген иттен басқа тырс еткен дыбыс жоқ, жылт еткен от жоқ! – деді.
Бостан мақұлдай қостап:
– Үндеме, не қыласың, біз ғана емес, өлкенің елі болып, "әй, бәлем-ай" деп мығым отыр. Тынып отыр. Ендеше, келіңдер, жаңағыны бастайық! – деді.
Бұлардың әмірімен жиырма жігіт жылқының қалың шоғырын топтап қайырып алып, ауылдың ық жағына қарай тасырлата, желе-шоқыта қуып ап кетті.
Ал Бостан мен Қонай екеуі бір бөлініп, Еңсебай, Құлжатай, Марқа үшеуі бір екшеліп, жаңағы аталған "Батыра шалғынға" Көкен мен Семейтау аралығын мегзей, желе-жорта жөнелісті. Соңғы үшеуі аз-ақ уақыттың ішінде өздерінен қиыс өтіп, Семейтау жаққа, жел жаққа жосытып айналып өтіп бара жатқан ұшы-қиыры жоқ қалың аттылар тобын көрді.
Құлжатай ер болса да, мынадай қалың нөпірді көргенде, алғашқы сәтте жүрегі "дір" етіп, ат басын ірке қалды.
– Тоқта! – деп, екі жағындағы жолдастарын тізгіндерінен тартып, ат жалына жабыса қойды.
– Астапыралла, мынау барымташы емес, анық шабуыл ғой! Саны жоқ, шегі жоқ! Мынаның бәрі адам болса, құрыды ғой бүгін Уақ! – деп қалып еді.
Күндізден бергі жұрт ашуы мен жігері Құлжатаймен бірге Еңсебайды да қатты ширатып, ызамен түйілдіріп жүрген. Оның сөзі аз болатын. Бірақ анда-санда: "Бәлем Тобықтының қанқұйлысы, тек көзге көрініп кел!" – деп жүреді. Қазір Құлжатайдың қорқып, үріккен сөз айтқанына Еңсебайдың жыны кеп кетті.
– Өй, күйек сақал аузыңды... Не оттап тұрсың! Жау деген осы! Қорқытып келмей, құшағын жайып, қуантып келеді деп пе ең! Не шатып үркіп тұрсың! Жүр, бүйірінен көрінеміз де, әдейі көрініс беріп, қуғынды артымызға саламыз! Менің атым шабдар, сенің атың құла, екеуі де жер қылаң. Көрінбейсіз, тарт! Марқа, сен астыңдағы ақ бозыңмен қазір жарқ беріп, ауылға қарай шап. Біздің даусымызды бақ! Бізден үн шыққанда сен де ауылға қарай "аттанға" басып, елге хабар бере бер. Біз жазым болсақ, тіл кетсін! – деп, енді тымағының бауын тістеп алды да, "қозғал!" деп, қамшы ұстаған қолымен Құлжатайды бүйірден қойып қалды.
Анау әлі де бойын баяулап жиып: "Мақұл, бірақ сәл тоқташы, аңдайықшы, арты бар ма, жоқ па? Тым құрса артынан тиейікші!" – деген еді.
Еңсебай енді бұның аты мен өзін қоса ұзын қамшысымен орай тартып жіберді. "Былжырамай жүр!" – деп, көлденең жауды аңдамай, қатты жортып бара жатқан шұбырған жауға қарай екпіндеп шапты. Енді Құлжатай да есін әбден жиып алған еді. Еңсебайдан қалу қорлық екенін аңдай бере-ақ, ол да астындағы аққұласына қамшыны басып-басып жіберіп, басы қырлы шоқпарын қурайдай жеп-жеңіл етіп, тақымынан жұлып алып, Еңсебайдың алдына кеп түсті. Екеуі ағындаған бойында әлі өтіп, арылып болмаған ұзақ шұбырған лек-лек жаудың орта тұсынан, дәл бүйірден сұғыла беріп: "Ұрып таста!", "Ұрып таста!" – деп қатты айбар атты. Сөйте бере-ақ, аттарының басын шапқан күйде ойыстырып, айнала берісті.
Бұларды арқан бойындай жерден анық аңдаған өз қолдарының орта тұсында келе жатқан Құлайғыр болатын. Ол ақырып: "Түс!", "Түс!", "Жіберме мынаны, бас!" – деп, өзінің қолын артынан ерте, бастырып кеп жөнелді.
"Алдарында тағы да тосқауылдаған жау көп шығар!" – деген Құлайғыр мен оның соңындағы он шақты қуғыншының ойы бар еді. Олай болмады. Жаңағы өздері үн салып, көрініс беріп, қаша жөнелген екі атты бұлардың көз алдында сағымдай құбылып, бозғыл көденің ішінде жоқ болды да кетті.
Алғашқы сот осылай еді. Құлайғыр енді өз тобын дауыс шығартпай, қайтадан алдыңғы ағындап бара жатқан жылқыға қоспақшы еді. Осы кезде арттарына түскен жосылған топтың қуғынын анық андаған Еңсебай мен Құлжатай "е" десіп алды. Бұлар бұрын Бостанмен келіскен сөзінде ауылды, елді босқа үркітпек емес. Анық бадырайған жауға бетпе-бет келісіп, көрісіп алған соң ғана атой салу керек дейтұғын. Енді бұлар шалғыншының ісін анық дәл күйінде ада қылды. Жауды тапты, қуғынды арттарына салды. Қазіргі бұлардың мақсаты өздері төбелес салу емес, бірақ жауды шұбыртып, жылқышы мен ел құлағына естіртпекші. Осы жайлар екеуінің бірдей көкірегінде сайрап келе жатқан Еңсебай мен Құлжатай енді қатарынан бұл түннің бірінші, ең алғашқы суық сүренін салып қоя берді. Бірнеше күннен бері үш-төрт жасар баладан бастап, кәрілігі әбден жеткен, алжып можа болған тоқсандағы шал-кемпірге шейін: "Жау келеді!", "Жылқыға тиеді!", "Ұры келеді, барымта алады!", "Төбелес болады!", "Қан төгіледі!" – деген сияқты суық хабарлар мен дақпырттарды әр дастарқан басында, әр ошақтың қасында, жатарда жыртық көрпе астында, мал шетінде, көген басында үзбестен сөз етісетін.
Бұрынғы момын тіршіліктерінде тыныштыққа үйреніп өскен, пәлені сүймейтін жуас елдің әрбір үйінің іші соңғы күндерді қарғап-сілегендей болатын. Міне, сондай көп үйлі, көп ауылдардың Тұщыкөл айналасына қоршай қонған топтарының барлығына Құлжатай мен Еңсебай ауыздарынан жаңа, қара түнді қақ жара, үркіте шыққан сұмдық айғай жеткен. Ол бір-ақ сөз – жалғыз-ақ өрттен де, дауылдан да, шатырлаған найзағай, күркіреген күннен де бетер ең бір суық сөздер.
– "Аттан!", "Аттан!"
Уәде бойынша Құлжатай мен Еңсебайдың үні шыға сала, ауылға жете бере суық хабарды жедел білдіру үшін Марқа да сүрен салмақ керек. Арттағы Құлжатайлардың алғашқы "аттанын" енді қалың ауыл үстіне қарай құйықтыра шауып, тақап қалған Марқа үдете жеткізді.
Ауылдардың бәрі от жақпағанмен, ұйқысыз ояу екен. Көп-көп үйлердің жанында айран-шалабын асықпай ішіп, белдеудегі аттарының қасында екіден-үштен әңгімелесіп отырған ер-азамат әзір еді. Үркусіз, әбігерсіз бәрі де белгілі жерлерде тұрған қамшы, сойылдарын алып, айбалта, найзаларын, кейбірі шоқпарларын көтеріп алысып, аттарына қона-қона берісті.
Күндер бойына құлақтарына жігер, қайрат сөздері әбден сіңген азамат санда бірі болмаса, жаңағы "аттаннан" да шошынып, сасқалақтап үріккен жоқ. Бұлар өздерінің жазықсыз әділдігіне сенеді. Және қалың ел жалғыз ниетке ала көңілсіз жұмылып отыр. Ол буынып, түйініп алған, кім келсе де жеңілеміз, аз боламыз деп отырған жоқ.
Бірақ осы күйді ат-сойылын қамдаған ер-азаматтан көргенмен, үйдегі кәрілер мен жас бала, жетпеген іні-бауыр, көпшілік жұртты жаңағы "аттандар" өрттен бетер шошытты. Жылағаны, дабыстап жалбарынғаны, әруақ, құдайға сиынғаны, аттанып шауып кетіп жатқан бала, бауыры, байлары туралы безек қағып, үрке шулаған үндер де аса мол.
Әр ауылдың тұс-тұсынан андыздап немесе қалың шоғыр боп "қайда-қайдалап!" шауып жөнеліп жатқан еркектерге ауылда қалған бала-шағаның шулары бөгет болған жоқ. Қайта солардың тыныштығын бұзып, жастарын төктірген, жүректерін түршіктірген жат дұшпанға ызалы өшігу де үдей түседі.
Ап-азғантай уақыт өткенде Марқа қояндай ақ боз бедеумен көл бойындағы жиырма-отыз ауылды үркіте хабарлап өтті. Даусы да зор, тамағы да берік екен. Тынбастан "аттан!" салумен болды.
Алғашқы ауылдан шыққан қалың шу мен айғай-ду әбігері аунап жөңкіліп, бір ауылдан бір ауылға лезде ауысып жатты.
Жаулар жылқыға жеткенше, Тұщыкөл айналасындағы бар ауылдардың шуы бұл түннің айсыз, жұлдызсыз бұлыңғыр қара барқын аспанына қаулай жеткен.
Жау тобының алдындағы Бесбесбай, Дубай, Күсен, Саптаяқ төртеуі қалың шоғыр құйындай қара селді бастап кеп жылқыға жеткен еді. Жылқының шетіне бұлар іліне бергенде-ақ, алдарынан дәл өздерінше тізе қосып сайланған қалың шоғыр, қайсар топ "қайт-қайттап!" айқаса кетті. Бұл қатарда алғаш сойыл сілтеген Бостан, оған ілес Марқа, Еңсебай болатын.
Үш жігіт тізе қосып айқасқан шағында жүректері лоблыған жоқ. Артындағы қалың шоғыры да жауға қарсы, Бостандарға қатарласа аттан салып араласа берді. Сатыр-сұтыр қағысқан қара шоқпар, ақ сойыл, емен қара найзалар ғана үн береді.
Бостанға қарама-қарсы Бесбесбай өзі тап келген еді. Бір-бір рет сойыл қағысып жібергенде, Бесбесбайдың екі қолы зырқырап кетті. Қатты тиген зіл шоқпардың мықты аужайын түйіп қалды. Ішінен "мынау қол туралап ұра қалса, жазым етер" деп тез ойлай қап, шапшаңдығына салды. Жырынды жортуылшы сойылды қайта көтеріскенде Бостанды қолының қарынан ұрып жіберді. Осыдан көпке шейін Бостанның қолы салдырап қалды. Ұрғанына өзі де мәз бола алмады. Бірақ бет алдынан тайқи берген Бесбесбайдың қарақұс тұсынан сол қолының күшімен сырт айнала ұрып қалғанда, Бесбесбайдың басынан қан бұрқ еткен еді. Басы мең-зең боп қалған Бесбесбай ендігі бірер сәт айналыста Есентай айтқан жолға ауысты. Соңына түскен қуғыншылардың аттарын ұдайы шекеден ұрып құлата берді.
Дубай, Күсен, Саптаяқтар болса, Марқа, Еңсебай топтарымен мейлінше мылжаласа соғысқан еді. Бірталай ұрыс бір орында екі жақтың да бет бұрмай салысқан қалпында өтті. Бұл шақта екі топтың мықты жауынгерлерінің қолымен талай бастар жарылып, бірнеше жаулар түсірілді. Ойнақшып, шапқылап бірталай аттар да кете барды.
Аздан соң ұйып, салдырап қалған қолының жаны қайта кіргенде Бостан: "Ұрып таста!", "Қапта!" деп құшырланды. Құйықтыра жүріп қатты соғыс ашты. Бір әредікте белбеуімен басын қыса тартып байлап алған Бесбесбай да соғысқа қатты ашынып кеп, ызалана кіріскен еді. Алғашқы бетінде ол ұдайымен екі жылқышыны екі-ақ салып, бірі артынан бірін омақата түсірді. Әуелгі қатты, қанды айқас шынайы "жаннан кешкен" намыскер қызу қайрат қақтығысы болды.
Осымен ұлы дүбір, үздіксіз пәле жаулығы түн бойы тынбастан созылды. Өшіккен, сайланып кезіккен қалың жаулар екі жақтың да жігер-қимылын тасқындатып кеп шайқастырды. Сондықтан да төбелес түн бойы созылып, таң ағарып атқанша тынбады. Ең соңы күн шығып, тіпті найза бойы көтерілгенге шейін аяқтамады.
Тобықты қолын бастаған Бесбесбай қандай сырқынды болса, соған орай бүгінгі Бостанның айласы да таныған жұртқа тамаша есте қаларлық есеп көрсетті. Оның, әсіресе, бар жылқыны шашыратпай, қалың нөпірін бір араға қосып бақтырып жүргені ақыл болды. Егер жеке бақса, отыз шақты ауылдың ап-азғана бөлек-бөлек шоғыр жылқылары тырым-тырақай жайылар еді де, солардың қайсысына кеп соқтықса да, жаудың алдынан шығар, басы бір жерге құрылған көп бақташы сойыл соғар болмас еді. Мал қандай шашырап жатса, азамат күші де топтана алмай, шашырап, тозып жатар еді.
Онан соң әсіресе бүгін кешке жылқыны көз байланғанша күнбатысқа, Семейтау жаққа беттетіп барып, кейін отыз ауылдың ық жағына тез төңкеріп жібергені, әсіресе мығым ақыл болды.
Батыра шалғын жасаушы үш жолдасы жаудың қолы әлі жылқыға араласпай тұрған кезде, ояу отырған қалың елді жаудың тұс-тұсынан қаптатып қоя берді. Сонымен, Тобықтының жүз сәйгүлік мінген, жүз жауынгер мықты жігіттері "алмай қоймаймыз" деген жылқының қарасын да көре алмады. Олар жылқыға жеткенше жол бойы бүйірден шауып, ұран-сүрендеп, "Қапта!", "Қапта!", "Түс-түс!", "Аттан, аттан!", "Жой-жой!" – деген өшіккен үндер ағылды. Енді жылқыны қойып, осы қуғыншымен төбелес салып құтылудың өзі мұң бола бастады.
Қатар шауып келе жатқан Бесбесбай мен Саптаяқ әлі де өздері алда отырып: "Қуғыншыны жайрату керек те, жылқыға араласып көру серт болсын!" – дескен. Сонымен, олар төбелесе отырып, әуелі көбінше жылқыға қарай ұмтылумен болып еді. Бірақ бұлар өлшеп-мөлшерлемепті. Ауылдан шапқан аттылар саны аса мол болып, енді жылқыға қарай өткен жаудың алдын да қоршап, жылқының тұсынан да қамай қарсы алды. Артын да қаусырмалап, өкшелей қуып, тықсыра берді.
Осымен бүйірден, алдан, арттан жер-көкті "аттандаған" айғайға толтырып қамаған қол Тобықты жауларының санына қарамай, ығын кетіруге айналды. Жылқы былай тұрсын, бас амандап құтылу оңай емес. Осыны жарты сағаттай төбелес соңында Бесбесбай мен Саптаяқ, Дубай үшеуі бір сәтте тізе қоса беріп, аңдасып алды. "Бас амандап, қайта серпіл!", "Жау қолында кісі қалдырма!", "Айырылмас-айырылмас!" деген сүренін салып, қаша ұрысудың қамына кірісті.
Алдағы бұл үшеуі бұрыла шапқанда, арттағы бар Тобықты жайды аңғарды. Тезінен жалт-жалт бұрылып, қайта айнала берісті. Бұл кездердегі төбелесте Тобықтыдан біреу емес, бес-алты да емес, оншақты кісі аттан ұшқан болатын. Соның орайына Жарқымбай, Бесбесбай, Саптаяқ, Дубай, Құлайғыр мен Күсен де Уақтың онға жуық аттыларын бас жарып, талдырып, мертіктіріп құлатқан-ды. Енді Тобықты қолы қайта серпілгенде, бұрынғы бетте құлап қалған жаяу Тобықтының біразы "айырылмастан" келе жатқан аттылардың өз кісілері екенін аңдап, жаяу күйде алдарынан жүгіріп: "Ала кет!", "Ала кет!" – деп орала берді. Аттан құлап түссе де, енді естерін жиюға жараған әлі барлары қолға түсіп қалғысы келмей, жан ұшырып, өз кісілеріне қарай жүгіріскен екен. Осындайдың төрт-бес жаяуын қайта қашқан Тобықтылар арттарына мінгестіріп, іліп-іліп алып кетісті.
Таңға жақындағанда Тобықты анықтап беттүзеп алып, көл бойындағы елден жалғыз тайды да ала алмай, тырым-тырақай қашқан болатын. Қаша ұрыс салысып барады. Бұларды Қандар сайына шейін, тіпті осы сайдың басындағы Көкеннің кең кезеңіне шейін қуып, қирата соғысып, Тұщыкөлдің елі айдап тастады. Күн әбден найза бойы көтеріліп болғанда қуғын тоқтап қалды да, аман қалған жаулар Көкеннен асып, енді ғана ес жиып, бас құрауға айналды.
Топ қатты сиреп, азайып қалған. Ұзын санын санағанда он үш кісі тұтқынға түсіпті. Жиырмадан аса ат қалыпты. Мінгескен-ұштасқандар анық қашқылық-қуғылық көрген, сүргін жеген, есі қашқан күйде екен. Аман қалып, қазір ат үстінде басы қалқиып тұрғандардың өзінің де көресіні көрмегені жоқ.
Бесбесбайдың басында тымақ жоқ. Торсықтай шекесін белбеуімен таңып апты. Бірақ тура маңдайынан айғыздап аққан қан мұрнының екі жағынан сорғыта қатып қапты. Сақалы, мойнына шейін әлі тоқтамаған жаңа қаны ағады. Бір иығы шыққан ба, қолын белдігіне асып алған Саптаяқ та қамшысын кеудесіне тіреп, ат үстінде құлап кетермен боп теңселе түсіп, зорға тұр. Беті қан болған, тізесінен қан аққан, тісі сынған Дубай, Жарқымбай, Құлайғыр да алжа-алжа. Бірақ жырынды, көп шабылған бес-алты барымташы қандай пәлеге ұрынса да, өздері қолға түспей құтылып шығыпты. Бастап апарып арандатқан топтарынан жау қолында қалған он үш кісі Тобықтының әр жуаны әкеп қосқан: жылқышы, сауыншы, түйеші, малшы, қосшы екен. Олар алдарында не пәле, қаза көрері белгісіз. Тобықты содырларының бастаған пәлесі қазір бар салмағымен тұтқын болып, "жау" атанып, Тұщыкөл елінің қолына түсіп қалған сол сорлы топтың басында.
Осылай Оразбайдың қысырының қымызына желіктірген қолы ит қорлықты көріп, қан жоса боп қаңғып қайтты. Оразбайлар болса, әулігіп бастаған, батырсып, жуансыған дарақылығын енді бар елге паш қылып ап, масқара болған күйде мазақ болып қалып отыр. Құтыра сөйлеген сөзінде, бар құдірет өз қолында тұрғандай бақырып еді. Енді жеңілген, жентек жеген ол жіберген қолы ғана емес. Ең әуелі әлін білмей әлекте қалып, мазақта болып отырған Оразбай, Жиренше, Абралы, Тәкежандар сияқты тынымсыз бүліктердің өздері болды.
2
Тобықтының Бұғылы болысы дейтін елдің ортасында соңғы он күннен бері қалың бір жиын өтіп жатыр. Бұл жиын орнаған жер Бұғылы болысындағы Қарамырза, Тасболат және Есболат дейтін қалың елдердің өте жиі отыратын төр жайлауы. Айналасы көз ұшымға шырқап кетіп жатқан мол сулы, қалың шалғынды, кең жазық бар. Соның тап ортасында орнаған Үлкен Көксеңгір деп аталатын биік бар-ды. Айналасы төсектей жазық болғандықтан, Көксеңгір аса биік жалғыз тау боп, одағайлап тұрады. Жан-жақтың қай тарапынан қараса да, атшаптырым алыстан дүңкиіп, тұтасып, қыр арқасымен созыла көрінетін жалғыз тау "мен мұндалап" тұрғандай. Алыстан қарағанда мол даланың мұнары ішінде оқшауланып тұрған бір тұтас жалғыз биік тотияйындай көкпеңбек боп көрінетін шақтар бар. Шыңғыстың сыртында талай биік таулар болса да, солардың ішіндегі Бұғылы, Машан немесе Ақшатау, Тезектің Қарашоқысы тәрізді таулар дәл үлкен Көксеңгірдей көз тартып, ерекше көкшілденіп, оқшауланып тұрмайды. Олардың бәрінің де айнала қоршау таулары, адырлары көп те, жеке биігі соларға жалғасып жатқандықтан, үлкендігі де онша білінбейді. Көкшіл іреңі де өзгеше боп көз тартпайды.
Көксеңгірдің етегінде теріскей жағын ала қонған ел өзгеше мол. Бұл таудан ағатын бұлақ, бастаулар мол сулы болғандықтан, ылдилап бара түскенде өзенсымақ боп кетеді.
Аққан бұлақтары шалғынды, сазды, салқын төспен ағады. Жазғы елдің малына ауызсу, қонысына мол шалғын, жайлы жон, самал тау осы жайлау болады. Сондықтан да қазір, жаздың орта шенінде осы төр жайлауда отырған ел, сол жайлау елінің айтуынша, "жыртылып айырылады".
Онсыз да жайлау адамдарының қыдырысы, атүсті жүрісі, ерсілі-қарсылы араласы көп болудың үстіне, қазіргі күндерде Көксеңгірдің бауырында өзгеше оқшау жиын жүріп жатыр. Бұл жайлау елі үйренген мерзімді сайлау емес, сияз да, шербешнай да емес, сирек болатын ас та емес. Анығында исі қазақ даласы аты-жөнін биыл алғаш естіген төтенше бір жиын, әрекет бар. Оның атын қазақ елі өзінше атап, "санақ" депті.
Көксеңгірдегі қалың елдің, мол ауылдардың дәл орта тұсына тігілген қырық-елу үйдің бейне бір жәрмеңкедей қыруар жиыны көрінеді. Бұл қырық шақты үйдің тап орта тұстарында, үш жерде үлкен-үлкен ақ үйлер, кестелі отаулар төрт-төрттен тығыз тиісіп, қызық түрде қосылып тігіліпті. Тап ортада сегіз қанат үйдің кеудесі биік, кесек күмбездей көтерілген. Осы ортадағы үлкен үйге төрт жағынан есіктерін сұғындырып, алты-алты қанаттан төрт үй қосылыса орнапты.
Сырт қараған жұртқа да, ішіне кіргенге де сол үйлер өзгеше оюдай жарастық танытады. Іште алаша, кілем, түскиіздер мен көп түсті шымылдықтар тартылған. Бұл үйлердің осынша жасауланып, жабдықталған қалпын көргенде жайлау қазағының өзі де таңдай қағып, тамаша қылысатын. Қазақтың киіз үйлерінен өзгеше ойда жоқ қызық жай жасалыпты. Бұны дағдылы крестьян начальнигі мен ояздарға тігетін үйлерден мүлде басқаша етіп, ынта салып, тырысып тіккен бейілдер байқалады. Анығында қалың елдің қан жайлауының ортасына орнаған "санақ" төрелеріне бұл жолы басқаша бір бейіл берген осы жайлау байларының ынтымағы бар-ды. Сол байлардың ішінде бұл атырапқа үш мың ақ-көк жылқысымен даңқы шыққан, өзі құдіретті жуан, бүлік, атқамінер Оразбай бар. Ол өзін төрт жүз үй Есболаттың, өзінше бір шұрайлы қалың елдің "қайтпасымын" деп санайды. Жаңағы "санақшыларға" тігілген көп үйлердің ортасындағы орда тәрізді оқшау үйді осылай етіп тіккізіп отырған да Оразбай. Әсіресе, әкесін осы тұста өз ақылымен жүргізіп келе жатқан оның болыс баласы – Елеу. Бұлардың дәл осы жолы ерекше бейіл берген бір үлкен төресі бар. Ол – жаңағы өзгеше үйлер тобына өзінің атқосшы жігітімен, сақшы стражнигімен және қасындағы хатшысы орыс жігітімен келіп түскен қазақ чиновнигі.
Қазір жиырма шақты үйлерге осы "санақшы" үлкен төренің көмекші қызметкерлері жайғасқан. "Санақ" жүргізуші әралуан чиновниктер, жас жігіт, егде әйелдер орналасқан. "Санақты" өздері жүргізетін бұл топ чиновниктер регистратор деп аталады. Орыс адамдарымен қатар сол регистраторлардың жарымына жуығы қазақ оқығандары. Және бұлардан тыс жиырмаға жуық тілмаштар "санақ" жұмысын қазақ ортасында жүргізудегі жәрдемшілер. Алдыңғы аталған регистратор чиновниктердің тобындағы қазақтар көбінше отыз бен қырық арасындағы төрешіктерге ұқсайды. Ал жаңағы, соңғы тілмаш боп қызмет етушілер өңшең балдырған жастар. Бұлар он жеті-жиырма жастар айналасындағы қазақ оқушылары тәрізді.
Жазғы екі-үш ай демалыс кезінде осы "санақпен" қазақ ортасына жалданып шығып, қысқы оқуларына азын-аулақ талшық, тамақ, тиын-тебен тауып қайтуға шыққандар. Олар үшін қазіргідей жақсы жайлауға орналасып алып, дағдылы жеңіл тілмаштық ісін атқару күндері әрі оңай тірлік, әрі көңілді бір қызық шақ. Жұмыстан қолдары босай салысымен, түс ауа олар атқа мініп, жарыс салады. Маңайдағы ауылдарды түн ішінде мазалап, қыз-келіншек аңдысады. Кейде өздерінен үлкен бірен-саран қазақ чиновниктерін көндіріп алып, Көксеңгірдің жотасына кетіседі. Жүйрік тазыларды таптырып алысып, қоян қуады. Бұл тілмаштар және әлденеше қазақ чиновниктері-регистраторлар өздеріне маңайласқан қазақ атаулының бәріне осы "санақты" жүргізіп жатқан өздерінің үлкен төресін – қазақ жігітін көп мақтасады. Сол қамау, қоршаудың аузынан шыққан қошемет сөздер қазақ төресін Оразбай мен оның баласы Елеу болысқа өзгеше үлкейтіп, дабырайтып мәлімдеген. Ал өзгелерден Тобықты ішінде бұрын келіп, Көксеңгірдің бауырына Тобықтының төрт болысын шақырып алған Семейдің осы болыстарға білікті тілмаштары болатын. Сол қатарда округ сотының тілмашы Сарманов, банк тілмашы, түбі осы Тобықты елінің қазағы Данияр да бар.
Тобықтының бүгіндегі біркелкі жастарынан шыққан болыстары Жанатай, Елеу, Әзімбай және Қоңыркөкшенің жас болысы Сәмен еді. Бұлардың бәрі де жаңағы Семейдің тілмаш, төрелерімен жақсы таныс. Осы төрелер Көксеңгірге келе бере Оразбай аулында жатып, құлынтай сойғызып, тыраңдап ырза болысып, тынығып алады. Содан дәл осы бүгін орнап отырған Ортабұлақтың басына төрт болыс Тобықтыдан қырық-елу үйлер, жаңа отаулар жиғызады. Ортадағы өзгеше үйді төрт болыспен, Оразбаймен әдейілеп ақылдасып отырып, солайша, өзгеше етіп тіктіреді.
Бұлар бір жағыұлыққа жағынғыш құл мінездері бойынша және бір жағы қазақтан шыққан ұлықты қазақ еліне ерекше қастерлетіп, қампайтып, үлкейте көрсетуге қызығады, ынтыға түседі. Екі-үш тілмаш Оразбай үйінде "санақ" жайын, мәні-жөнін көп айтқан.
Бұл "санақ" Тобықтының басқа жерлеріне, өзге болыстарына ауыса көшіп бармайды. Осы жердегі үй, сойыс, бап түгел әзірленіп болған соң бір-ақ көшіп келетін көп төрелер бар. Бұл бір үлкен отряд немесе қаладағы дөкей бір кеңсе десе де болады. Соның орыс, қазағының бар үлкен-кіші төрелерінің осы жолғы ең үлкен бастығы – қазақ жігіті.
Оразбай үйіне алдын ала келіп сөйлесуші таныс чиновниктер, әсіресе, сол әлгі аталған қазақ төресін қатты көтеріп сөйлейді. Айтуынша, ол Петербургте оқу бітірген. Бұл жүрген қазақ баласының бәрінен білімді. Өзі орыстың Петербург, Москвадағы өңшең ақсүйек, князь, дворяндарының жастарымен бірге араласып өскен. Орыстың анық ақ патшаға жуық ортасын біледі. "Сонау сегіз санат министрлерге тақау жерлерде де болған!" "Мынау корпуснайларыңыздан үлкен жандаралдың інілері, балалары осының қасында өскен!", "Орыстың талай миллионшік байларының жас буындарын да ол біледі!" – десіп сөйлескен.
Ал "қазақ баласы бола тұрып бұл қалайша, не қасиетпен сондай биік қияға жеткен?" – деп сұраған Оразбайға жаңағы тілмаш, төрелер тағы бір жайды баян етті. Бұнысы Оразбайдың көкейіне әбден қонған еді. Қошеметші чиновниктердің ендігі айтқандары Елеу, Сәмен, Әзімбайдай болыстардың да көкейіне қона қалды. Төренің жаңағыдай топтарға тез араласып жүргені өзі тек тұқым емес екен. Орта жүз қазағын бір заманда "бүлк еткізбей" билеген Жабай ханның немересі екен. Және Оразбай мен Елеуге, Сәмен мен Жаңатайға жақын бір жері тағы бар. Бұл төренің әкесімен туысқан ағалары Құспек, Жамантайлар болады екен. Олар Қарқаралы дуанына көп жылдар кезек-кезек аға сұлтан болыпты. Анау бір шақта Құнанбайды орнынан құлатып, аға сұлтандығын тартып алған да солар екен. Құнанбайды Омбыға жауапқа, тергеуге тартқызған, сонау "Итжеккенге", "Жерсібірге" айдатып жібере жаздаған да солар бопты.
Осы жайларды мынау келе жатқан төре өз көзімен көргендей, дәл алақанында тұрғандай ай, күндеріне дейін атап айтып бере алады деседі. Төрені мақтаған кездерде әуелде үнсіз тыңдаған Оразбай осы тұстан бастап сол ұлыққа іші жылыған. Оның ең түсінікті себебі өзінің бәсекесінен туады. Абайдың өз бағы мен абыройы Оразбайдан асып тұр деп Оразбай әсте ойламайды. Абаймен бәсекесі жөнінде ол Абайдың бір жағы тәуір болса, бұл өзінің көп жағымен одан артықпын деп санайды. "Байлығым ғана артық емес, қайратым артық!", "Ел ішіндегі салмағым басым" деп біледі. Жалғыз-ақ бұның таласа алмайтын бір жағы бар, ол Абайдың әкесі Құнанбай жөнінде. Оразбайдың әкесі Аққұлы тек қана қара қазақ болған, тіпті бай да болған емес.
Тегінде, бір жағынан ұрлық, "білсе барымта, білмесе сырымта" дегенге сүйей жүріп, жас шағында тынымсыз жортқан Оразбай осы күнгі көп малын өзі тапқан. Ал бұның жауы Абайды алса, ол анық-ақ аталы жау. Бір Құнанбайдың өзі бай болудың үстіне, аға султан да болды. "Қарадан шыққан хан" аталды. Қандай асып-тасты! Жақындап ұғынып, білуі бойынша мына келе жатқан Жабай ханның нәсілі үлкен төре Құнанбай тегін, Абай жағын онша мақтамайды дейді. Төремен оязы бір, жері тақау Сарманов чиновниктің айтуынша, Оразбайда бұл төреге қарай ерекше ден тартқан бір сыры бар боп шықты.
Қарқаралыдан бері шыққан осындай үлкен жайлауларда, қалың елдер арасында "санақ" өткізіп жүріп, жаңағы төре Тобықтының жайына да көп қаныпты. Сол ретте биылғы өткен көктемде Оразбайдың жүз жігіт аттандырып, Қандарды шапқанын төре өзгеше қызығып, ынтығып тыңдапты. "Анық бұл өңірдегі қазақтың мықтысы Оразбай екен", "Шабуыл жасаған дегені қандай батылдық!", "Заманы өтті ме, жоқ па, сол бір шабуылы, бір қимылының өзі неге тұрады?" – деп, Оразбайды мақтап келеді дейді. Және де сол үлкен төре: "Тобықтыда ең алдымен өзім барып сәлем беретін кісім өзге емес, Оразбай болады", – депті.
Міне, Көксеңгірдің бауырына отыз үй сұраса, анық аппақ елу үй тіктіру, ол елу үйдің ортасына бес үйді хан ордасындай орнату – бәрі де Оразбай мен Елеу болыстың бұл жолғы төреге төсеп отырған қайығы еді. Оразбай ол төрені өз жағына мүлде ұйытып, бұрып алмаққа тырысады. Оның атақ айдынын өзі қатты мадақтап, аспанға көтеріп жүр. "Орыстың да төресі, қазақтың да анық қайнар көзі, қанықты тұқымы, кешегі замандағы ханыңның өзі, ақ патшаның арқаға қаққан төресі. Әрі атам қазақ бағынған хан төрем. Бұны күтпей, кімді күтем?! Орданы бұған тікпей, кімге тігем?!" – деген қазақ төресіне осы сөздерін жеткізетін Семей тілмаштарының алдында әдейі бір алқына сөйлеген.
Бұның айтқан сәлем байлауы да бар. "Үлкен төре ақылымды алсын. Көксеңгірге орнасын да жатсын. Төрт болыс Тобықтының бәрінен алатын "санағын" дәл осы Көксеңгірден алсын. Бір жолға Тобықты ортасына кеп түсіп қалған екен, тауқыметін өзіміз көтереміз, тек осы арадан ірге аудармасын!" – деген.
Маңайына жиылған, атүсті кездескен, ас айналасында басы түйіскен Тобықтының ақсақал, қарасақалдарының бәріне Оразбай төрені тіпті көрмей жатып, әдейі көпірте мақтап қояды. Сондай бір шағында:
– Әсіресе, аса білгір адам дейді. Білімді болғанда қазақ баласы шерігіне келмейді, шаңына ілеспейді деп айтады. Осында "Абай білімді", "Абай білгір!" – деп, құлағымды сасытушы еді. Енді бақсам, мына төренің қасында Абайың аңқау елге арамза молда боп қалса керек! – дейді.
Осындай алдын ала алып ұшқан қошемет жайға бір күні бес пәуескемен тройкалар жектіріп, көп жез қоңырауларын бұлқынта шылдыратып, қазақтың Оразбай күткен үлкен төресі – Әзімқан келіп түскен-ді. Ол айтқанындай – ақ, өзге жұмыстарын әуелі доғарып қойды. Көксеңгірге келген күннің ертеңінде қасына Сарманов, Данияр сияқты өзі құрбы, өзінің алдында құлдай жорғалайтын жағымпаз чиновниктерді, тілмаштарды ертіп алып, Оразбай аулына келіп түскен-ді. "Сәлем берем, жақсы ниетпен достыққа келем" – деп, өзінің бетін аңғартып келген. Содан бері күндіз жұмысын істесе, кеш сайын ол не Оразбайдың өз үйінде немесе көбінше Оразбайдың болыс баласы Елеудің отау аулында болады. Қалың құрмет, қошемет ортасында күніне бір құлын, бірнеше бағлан жеп, шалқып жатады. Кеш, бос шақтарында бұл төре Оразбай бастаған ақсақал, қарасақал, Елеу, Әзімбай, Сәмендей жас атқамінерлер ортасында ауыз жаппай есіп сөйлеп, көрген-білген жайларды баяндаумен болады.
Төренің осындай әңгімесіне және Оразбайдай ел жуанына көрсеткен бейіліне қарап, айналасындағы-болыстар, билер, атқамінерлер оны мақтай бастады. Әрқайсысы өз тұсынан өз айналасындағы атқамінерлеріне, қамау, қоршауларына Әзімқан төрені көп дәріптеседі. "Әрі өзі ұлық, патшалық ұлығы. Әрі қазақтың Орта жүзді билеген ханының тұқымы. Былай салсаң да төре, олай салсаң да хан-төре. Ұлықтық осыған тауып қонған. Қазіргі қазақтың Ресей заманындағы бастығы осы болар", – десіп, Оразбайдан шыққан сөз атыраптағы аталы жуан, бай, би, қажы, болыс, ру басыларға көп тарады.
Келгеніне оншақты күн болмай-ақ бұны дабырайтқан, көтере мақтаған лақап, қошемет сөздер Тобықтының төрт болысының бар жайлауына жетті.
Әрбір Әзімбай, Сәмен, Жанатай сияқты алысырақ жайлаудан келген болыстар өз еліндегі ниеттес жақын жуандарына сәлем айтып, шақыртып алып жатқаны да болды. "Төремен таныстырамыз. Қазақтан шыққан әрі білгіш, әрі ұлық. Орысша, қазақша бірдей ұлық, бірдей төре – Әзімқан ұлықпен таныстырамыз!" – деп әдейілеп шақырысады.
Осындай сәлеммен Көксеңгірдегі Әзімбайдың хабары бойынша Шұбар да келген. Ол Абайға сыртымен ғана жылтыраған боп, ішкі есеп, айла-тәсіл, ниет, мақсатта мүлде басқа болатын. Кім Абайға түбегейлі жау болар-ау десе, сонымен бұның сыры да ұштасып, достығы да беки түсіп, тілеуі де ұзаққа қосыла беретін.
Оның Тәкежаннан бетер қастық етер қайраты бар, қырыстығы бар Әзімбайды өзіне "жақын туыс", "жақын досым" етіп алған. Әсіресе екеуі, кейде Тәкежанмен үшеуі ғана боп, өзге жан баласына естіртпей сөйлескен сырларын тыңдаса, шындарын сұмдық қып ашушы еді. Олар айдан ай, жылдан жыл өткен сайын әрбір үлкенді-кішілі тартыс-таласқа Абай ықтиярсыз араласқан сайын, оның сыртынан айтпайтын өсегі, тақпайтын айыбы қалмайтын.
Тек Абай ғана ойламай, білмей жүрген кісі болады. Іші сезсе де, ол әлі де алданумен, жұбанумен келеді. "Қызғанышы болмаса, Шұбардың қастығы бола қоймас", – деп санайды. Себебі Шұбар әлі күнге болымсыз ғана сезік аңдатқаны болмаса, бұл шаққа шейін соншалық айлакер сақтықпен қастық етеді. Үнемі бір содырды, сотқарды, өз сұмдығы өзіне өзі жетіп жатқан біреуді алдына салады.
Солардың сыртында, ығы мен тасасында жүріп, Абайға ататын оғын кезеп отырады. Сондай есебінде біресе Оразбайды, бірде Тәкежан және бірде Әзімбайды алдына салып жүреді. Кейде Жиренше, Әбділдә сияқты аталас елдердің айлалы жуан содырларын да ақырындап түрткі салып, алға шығарып, өзі сырттарынан далдалап, тасаға түсіп кетіп жүреді. Қаладағы киізші Сейсеке, Қасен, Жақып сияқты байларды, мешіт-медреседегі хазірет-халфелерді де ақырын тамызықтатып, Абайға жау ете түсетін сөздер айта біледі.
Олармен кездескенде бұл өзінің мұсылманша көп оқығанын және мұсылман ғұламаларының кітаптарынан қол үзбей жүретін молдалығын да іске жаратады. Әзімбай, Оразбай, Тәкежан тәрізді ел жуандарына араласқанда ол бұл топтан және де жүйрік боп шығады. Себебі жасынан болыстыққа, әкімдікке іліне жүргендіктен Шұбар өз бетімен орысшаны да қарастыратын.
Барып тұрған күншілдік, қара ниет қызғанышпен Абайды қастай көріп жүрсе де, ол Абайдың өзі істегенді, оның қасындағы Мағаш, Кәкітай, Дәрмен сияқты жастардың істегенін, іздегенін қоса істеп, қатар іздеп жүрген кісі бола біледі. Бұл Абай өлеңінің бәрін біледі. Жатқа айту керек болса, Абай отырған жерлерде ағызып, судыратып айтып та бере алады.
Әзімбай, Тәкежандар болса, әрине, "Абайдың сөзі" деген жалғыз ауыз сөзді жаттап көрген емес. Оразбай, Жиреншелер де Абаймен қас, бәсеке болғандықтан, Абай сөзін әсте ауызға алыспайды. Ал Шұбар болса, Абайдың бар қоймасын білетін, ол көргенді қоса көріп, ол білгенді бірге біліп, одан "қалыспай жүріп қарасамын" дейтін адам. Анық "ішті-тысты", "кіресілі-шығасылы" дейтін, "Бүгінгі дос – ертең жау" деп, Абай өзі болжау аралас сын айтып жүретін ағайын-туыстың бірі.
"Өзі көрген қоймасын жауына барып өзі ашып беретін" – кісі болады деп те Абай өлеңінде өз ортасының талай атқамінер сойқанды қуларын атап жүрсе, соның да сан қылығы бір Шұбардың басынан табылатын.
Енді міне, сол Шұбар да Оразбай, Әзімбайлар хан көтеріп жатқан қазақ төресіне амандаса келіп, танысып табысқан-ды. Бүгін жұмыстан қолы босаған кешкі отырысында Әзімқан төре Оразбай бастаған үй толы жиынға бейіл берді. Өзіне тігілген бес үйлі орданың тап ортасында үш-төрт ақ жастыққа шынтақтай сүйеніп, әр жайдан сөз бастап отыр. Кешкі шайдан бұрын ол бұл отырған Тобықты жуандарын, ру басыларын, ата-текті жақсы білеміз дейтін қазақтарды таң қалдырды. Кітаптың айтқаны ма, өзінің хан баласы болған тегінен, жастайынан естігені ме, әйтеуір қазақ деген елдің арғы-бергісін бұл өңірде бұл отырған қазақтар айтып та, естіп те көрмеген түрде баяндайды. Сондай бір шағында Әзімқан қазақ даласының Ресей патшалығына қараған жайын сөйлей жөнелді.
– Кіші жүз қазағы Ресей патшалығына осыдан жүз алпыс жеті жыл бұрын қарады! Оған қаратқан Әбілқайыр хан дейді. Орта жүзді қаратқан Абылай десе де, Жекей хандай біздің аталарымыз да қатынасқан! – деді.
Айнала қамап отырған Оразбай, Есентай, Жиреншелер мына сөзді құптай түсіп, таңдай қағысты. Жиренше күбірлеп:
– Бәрекелді, арғы атасы ақ патшамен келіскен, өзі мынау! Шынжыр қатар осындағы! Қайт дейсің, ерім-ақ-ау! – деп, төреге соңғы сөздерін естірте тамсанады.
Төре одан сайын дәуірлей түсті.
– Ұлы жүз қарағалы қырық шамалы жыл болды. Бұны қаратқан да біздің төре, Абылай баласы Сок, Әділ дегендер болады! – дейді.
Енді бір орайда: "Кеше Құнанбайды аға сұлтандықтан түсіріп, орнын тартып алған менің туған ағаларым Құспек, Жамантайлар!" – деп те есіп соқты.
Оразбай мен Есентайға осы жайдың шеті мәлім болса да, мына тұста айыздары қанып, кеңкілдеп күле берісті. Құнанбайды бұл өңірдің қазағы атын атамай, тек қана "қажы" дейтін. Мынау отырған Шұбар мен Әзімбайларды Құнанбай нәсілі демей, қастерлеп "қажы баласы" деп атандыратын болған. Қазір мынау жас төренің Құнанбайды "Құнанбай" деп баттитып айтқаны, кектесін қақ басқа бір салғандай Оразбайға жағып отыр. Бұл жағынан да Оразбай, Есентайлар төрені осылайша сөйлетіп, дәуірлетеді. Тобықты жуандарын бір соның аузына қаратып алғысы келеді. Төре де Оразбайға өзі жаққан сайын өркештене берді.
Бір ауық ол шайдан бұрынғы әңгімесінде бұрын қазақтың хандық тірлігі болғанын айтады. "Қазақтың арғы рулары дүниені алған Шыңғыс ханның қолында бопты-мыс" деп кетеді. Ол Шыңғыстың Оразбайлар естіп көрмеген "дүниенің төрт тарапын өздеріне қаратып алған төрт ұлын" мадақтады. "Қасқа жолды" шығарған Қасым, "Ескі жолды" қалдырған Есім ханды айтады. "Бүкіл үш жүздің қазағына әмір-құдіретін жүргізген қазақ хандары мен төрелерінің" тегін апарып, сонау Шыңғыстың Жошы деген ұлына байланыстырады. Айта келе, өзін сол Шыңғыс ханның нәсілі қып бір шығарды. Бұнысы да Оразбайға жағып отыр. "Ендігі қазақты осындай, әрі арғы тегі қазақтың ханынан келе жатқан, бүгін өзі орыстың өнерін біліп, Оразбайдың "айтуынша" ақ патшаның қолынан ұлықтық алып келген кісі бастау керек!" – дейді.
Бүгінгі кеште "Әзімқан төренің әңгімесіне ынтығып жиылдық!" – деген би-болыс, ақсақал, атқамінер сегіз канат үйге зорға сыйды. Жағалай жайылған көп дастарқандар ортасынан алты-жеті жерден сапырылып жатқан қымыз бар. Жиын қымызды мейлінше сілтеп, қыза отырып, осы төренің ендігі бір әңгімесін тыңдайды. Онысы да мынау тыңдаушыларына таң қалдыратын қызық, соны әңгіме боп естілді. Бұл төре мынау отырған Тобықтыдан арғыны көп білмейтін қазақтарға исі "қазақ" деген елдің, бүгінгі орналасқан жерлерін, бөлінген болыстарын, ояздарын таратып айтып берді. Және Оразбайды, Әзімбайды, әсіресе Шұбарды, Елеуді өзгеше сүйсіндіріп, бар қазақтың бар жерлердегі санын шұбыртып айтып кетті. Бұл жайларын естігенде: "Міне, елдің ендігі басы, бұдан былайғы иесі осы болатынын дәл осы тұстан-ақ танысаңдаршы!" – деседі.
Әзімқан бар қазақтың санын айтып бір кетті. "Пәлен миллион" деп, мөлшер емес, Оразбай ғана емес, тіпті көзді-қарақты дейтін Шұбарлар да естімеген деректі айтты. "Ресейге қараған қазақ пәлен миллионнан астам" – деп, оны бір қайырып тастады. Содан әрі, бұл отырған қазақ қайдан білсін, 1895 жылы Петербургте басылып шыққан "Энциклопедический словарьдың" 15-томында қазақ деген халықтың әр болыстағы санын айтқан цифрларды үсті-үстіне төпей түсіп, Әзімқан айтып жатыр.
– Астрахань губерниясында екі жүз он алты мың қазақ бар. Орал облысында – төрт жүз он екі мың қазақ! Торғай облысында – үш жүз отыз сегіз мың. Ақмола облысында – үш жүз қырық бір мың. Мынау өздерің отырған бес ояз Семей облысында – бес жүз қырық жеті мың. Жетісуда – алты жүз мың. Анау Сыр бойында, Түркістан, Ташкент жағында жеті жүз отыз мың қазақ бар! Бұл шоғыр, тұтас, құйқалы қалың отырған жерлері! – деп, үй ішінде қымызға қызып алған ақсақал, қарасақалды, би-болыстарды, аңқылдақ, мақтаншақ ұркөппе байларды "қазақ не деген көп еді", "қайдан білген", "шіркін, білсең осылай біл!", "қазаққа ие болған, қамқор болған кісінің жиғаны ғой мынау!" – дегізеді.
"Бұндай білімді кімнен көрдік", "қай қазақтың ділмәрі мен білгірі осындай қып бар қазақтың басын түгелдеп беріп еді", "мынау анық-ақ Оразекең айтқандай, ендігі қазаққа бас болғалы тұр екен", "өзі де тектіден шыққан ғой", "бұның ойы тегі қазақтың бәрін санап алып, содан іргелі ел құрайын деп жүр екен!" десіп, кең үйдің екі жақ деңгейінде созыла отырған Жанатай, Сәмен, Әзімбай, Шұбар, Жиреншелер кейде төреге естіртіп, кейде өзара қызып алып, қымыздың желігімен дәуірлей түсіп, мақтанға да басып, гу-гу етісіп қалады.
Әңгімелерін мынау отырған жұрт өзгеше таңырқап, тамашалап тыңдағандықтан Әзімқан төре "Энциклопедический словарьдан" жақсы жаттап алған қосымша деректерін тағы да айтып кетті.
– Жаңағы қалың отырған қазақтан басқа анау Орал, Торғай облыстарының қырық мыңға жуық елі сонау Орал тауына кіре жайлайды. Верхне-Орал, Челябі, Тройский дейтін ояздарды мекен етіп те кетеді. Одан басқа талай мыңдаған қазақ Хива хандығында өмір кешеді. Теке- түрікпенмен аралас Амудария бойында қырық мың қазақ бар. Самарқан облысында жиырма мың қазақ, Каспий атырабында қырық мыңнан аса қазақ тағы бар. Одан қала берсе, Қытай жерінде, сонау Қара Ертістің басында, Алтайдың түстік жақ сілемінде, Тарбағатай, Сауырдың іші-тысында, оң-терісінде тағы талай қазақ бар, – дейді.
Бұлардың көбін Әзімқан төре жүз-жүзге бөліп, талай-талай руларын атап та берді. Соны тыңдаушы Тобықтының бай-билері енді мүлде таңдай қағып, бас шайқасып, ауыз ашып қалған. Олардың көбінің атын тағы да Оразбай түйе сөйледі.
– Не керек, шырағым Әзімқан, тек жолың болсын! Он күннен бері сенің лебізіңді ести-ести ырза болғаным сонша, қай сипатыңды айтайын! Төрт тарапың сай келген, ендігі қазақтың хан-төресі сен екенсің! "Ханым сен, қарашың мен" десем дегідей кісім өзің екенсің! Өзге қазақтың "білдім, болдым" дегенінің бәрі сенің садағаң кетсін! – деп, қарқылдап бір күліп алды.
Жиренше жаққа жалғыз көзін бір қысып, бас изеп, Әзімбай жақты нұсқап та қалды. Дәл соңғы садаға кеткізіп отырғаны өзге емес, әр кезде аңдыған, аңдысқан жауы Абай екенін аңғартып отыр.
Бұл түні таңға тақау қалың жұрт Әзімқанды қошеметтеп мақтаумен болып, тарап кеткенде, Шұбар әлі де оған жабыса түсіп: "сұрайтыным бар, айтатыным көп" деп, қонақ үйлерге кетпей, қонып қалды. Әзімқанның да Шұбарды бір есептен керек еткен мұқтажы бар екен. Сол жөнде жиын аяғында ол Шұбармен қысқа түрде жауаптасып, сөйлесіп те қалып еді. Онысы Абайдың жайы. Төре Шұбардан Абайдың жөнін сұраған. Ол "Өлең жазатыны рас па және орысша білетіні шын ба?" – деп еді.
Шұбар Абайды көп білетін кісі қып көрсеткен жоқ. Бірақ "орысшаны долбарлайды" – деген. Мақтауға үйреншікті қызғанышы жібермеді. Өтірікті және бадырайтып айта алмады. Онысын және "өз туысын өзі мақтап тұр" деп айтпасын дегендей айлаға да жалғап, сыпайылыққа сала жасыра сөйлеген болады.
Бірақ бұл ойлағандай емес, Әзімқан Абайдың кейбір жайын білетін тәрізді. Ол туралап: "Абай Пушкин, Лepмонтовты аударып, өлең шығара ма, сол рас па?" – деп те сұрап қалды.
Шұбар мынау төренің Абай жөнінен нақтылы білетін дерегі барын аңдап қалды. Сондықтан да оған біраз шынды айтуға тура келді.
– Рас, Абай аударады. Аударғаны рас! – деп, қысқа болса да, дәл жауап берді.
Әзімқан Тобықты қазағын шешен тілімен тамсандырған жоқ болатын. Оның кейбір қазақ сөзін айтуында бұл өңірдің елінен көнелеу бір тілмен қазақылап сөйлеп қоятыны бар. Ол тобықтыларша "болмайды" деп айтпайды, "бомайды" дейді. "Ендеше" деген сөзді "еше" деп қояды. Қазір Шұбардың жаңағы Абай жөніндегі сараң хабарын ести бере қадала түсті.
– Еше, сол Абайдың Пушкин, Лермонтовтан қазақша жазғанын білесің бе? – деп сұрай қалды.
Шұбар төремен жанасуына Абай сөздері себеп болатынын енді анықтап, аңғарды. Жаңағы сұраққа ол "білем" деп жауап берді.
Бұл жөнді естіген жерде төре Шұбарды билей, байлау жасап қойды.
– А, еше, ол сөзді, мен есітпей болмайды. Осында қасымда боп, ертең маған соны айтып бересің! Болды ма? – деп, қадала сұрады да, Шұбардың бас изеп құптап қабыл алғанын аңғарып, күліп қойды.
Төренің Абай жайынан естігені аз емес тәрізді. Соның ішінде осыдан бір жыл бұрын бұған ерекше көрінген бір жай – Абайдың ақындығы жөнінде болатын. Былтырғы жылы жаз басында ол Петербургтен Семейге келіп, содан Семейтауды басып, Қарқаралыға қарай жүрген. Семейтаудың бауырындағы Бураның бір байының аулына қонып отырғанда ол оқшау, ойда жоқ бір жайды аңдаған. Көрші үйде, аңғары отау үй болу керек, көп жастардың жиыны, думан-сауығы болып жатыр еді. Үлкен үйде, ауыл иесінің қасында отырған Әзімқан сол отаудағы ән, сауықты естіп, алаңдай берген.
Ол думанның жөнін сұраса, күйеу кеп жатыр екен. Және сол күйеудің жолдасы боп, осы Семейтау, Көкенге аты шыққан бір әнші келіпті. Осы жайды естіген соң жас төре үй иесінен өтініп, сол әншіні шақыртып алды.
Ақсұр жүзді, келісті толық бет бітімі бар, етшең денесі зор біткен, шоқша қара сақалды әнші бұл төрені салған жерден таң қылды. Ол:
Амал жоқ, қайттім білдірмей,
Япыр-ау, қайтіп айтамын.
Қоймады дертің күйдірмей,
Не салсаң да тартамын! –
деп бір кетті.
Сөздер төренің шала шырамытатын бір жайын баян етті. Әнші маңғаз пішінмен бұл өлеңді біраз айтып барып, енді тағы бір өлеңге ауысарында: "Жаңағы хатқа Онегиннің жауабы мынау", – деп салды.
Төре енді анық өзі болжаған жайды жыр қып отырған әншіге басын жастықтан жұлып алып, ентелей беріп сұрау салды:
– Ой, сенің айтып отырғаның "Евгений Онегин бе?" – деп, өзіне біткен топастау, оқыс мінезімен тұрпайы сұрады.
Әнші бұған бет бұрмастан әдейі паңдана жай сөздей етіп, тағы бір жайды айта салды.
– Өзің де біледі екенсің ғой, мырза! Ия, бұл сол "Татьяна, Онегин жайлары".
– Е, сен оны қайдан білуші едің?
– Мен білмейтін несі бар?!
– Кім деп білесің оларды?
– Олар орыстың мен сияқты Пушкин деген ақыны жазған қыз бен жігіт. Солардың жөнін қазақша өлең қылған біздің досымыз, үлкен ақынымыз Абай! – деді.
Бұл жайды Әзімқан төреге былтыр баян еткен Абайдың дос әншісі – Мұқа болатын. Абай атын Әзімқан төренің алғаш естуі сол болғанда, ол Абайды тек ақын ғана деп білуші еді. Биыл санаққа шыққалы сонау Қараөткел, Қарқаралы, Баяннан бері қарай Абай деген кісінің сөзі, өнері, халыққа айтқан өсиеті, ән мен өлең үлгісі дегендерді оқта-текте әркімнен ести жүрген. Енді міне, қолына Абай өлеңін көп айтып беретін кісі Шұбар тиген соң, ол жарым күндей Шұбарға Абайдың әр өлеңін айтқызып, тыңдап шықты. Бірақ жаратылысында өлеңді сүймейтін бұл төре қаншалық оқыған адам болса да, өзінің туған елінің тілі, қазақ тілінде жазылған Абайдың өлеңін тарс танымады.
Бір ауық ол Абай Пушкинді аударыпты, Лермонтовтың көп өлеңін қазақшалап айтыпты дегенге елеңдеді. Ол Абайдың қазақ жайынан айтқан, өз жанынан шығарған сөздерін тыңдап отырып, бұл өлеңдерді бағаламай, басқа бір жайды айтып кетті.
– Қазақтың ең жақсы ақыны Бұқар жырау болатын! – деп, Абайға оны салғастырмай, жоғары атап отырған тәрізді. Сөзінің дәл осы тұсы жақында Абай қазақшаға аударған Крыловтың "Есек пен бұлбұл" атты мысалына тап келуші еді.
"Әнің жақсы екен, тек қораздан біраз үлгі алсаң болар еді", – деген есек жөнін Шұбардың арам да болса жүйрік көңілі сәл есіне алып қалды. Ол өз ішінде Абайды үлкен ақын деп білетін де, бірақ жолы тура емес, қисық жөнде жүр дейтін. Қазақтың бар жақсысын масқаралап, елдің қорына, бұқарасына, кедей-кепшігіне көп табынатын Абайды бұл сынап, ұнатпай жүретін. Соңғы кездердегі оның ұғымы бойынша, Абайды түзу жолға салып, қазақтың хан-төресін, жуан ата жақсысын, мұсылмандық шариғат салтын жырлайтын ақын ету керек. Сонда Абайдан, Шұбардың ойынша, анық бар қазақ "жақсылары" сүйетін ақын шықпақ керек.
Әзімқан төренің жаңағы сынсымағының орайына Шұбар тағы бір ол төреге жақпайтын Абай жайын мәлім етті.
– Сіз Бұқарды жақсы дедіңіз ғой. Ал біздің Абай сол Бұқар жыраумен де шайқасып, мүйізіне іле кеткен бір жері бар! – деп, Абайдың белгілі өлеңін айтты. Қабақ түйе, жақтырмай тыңдап отырған төренің құлағына әдейі көтеріңкі үнмен естірте сөйлеп:
Шортанбай, Дулат пенен Бұқар жырау,
Өлеңі бірі жамау, бірі құрау! –
дей түсіп, төреге қабақ қағып, иек көтерді.
Әзімқан төре осыдан әрі Абай сөзін тыңдағанды тоқтатып қойды. "Ол қазақтың хандарын дұрыс мақтаған, өз заманындағы қазақтың кемел ақыны!" – деп, Бұқарды өзінің дәл бүгінгі ханшыл, жуаншыл, бишіл ойымен әбден туысы жақын, ниеті түзу ақын етіп, көтеріп сөйлеп кетті.
Енді не ниетпен екені анық мәлім болмаса да, тағы бір күні Әзімқан төре Елеуді, Шұбарды шақырып алып:
– Ат ерттетіңдер, сендерді ертіп мен сапарға аттанғалы отырмын! – деген.
Бұндағы ниеті Көксеңгірден түстік қана жердегі Шақпақта отырған "Абайға барып, сәлем беріп, жүз көрісіп сөйлесіп, білісіп қайтамын" деген еді. Әзімқан төренің ертеңді-кеш қасынан кетпейтін, қатты сенімді досы болып алған Оразбай баласы Елеу төренің байлауына үн қатқан жоқ. Бір ауыз сөз айтпастан аттарды тез әзірлетті.
Ертеңгі шайдан соң-ақ атқа мінген он шақты кісі қошеметші нөкердің ортасында келе жатқан Әзімқан төре Көксеңгірден шыға бере, Елеу мен Шұбар, Әзімбай үшеуін ғана бөліп алып, өзгелерді ілгері жіберіп, оңаша бір әңгіме бастады. Бұндағы сөз Абайдың жайы еді. Төре осы Абай деген адамның өз сөздерін де естіпті. Ол туралы жұрт сөзін де көп ұғыпты. Қазір бұның сол Абай туралы бірталай ойлары бар. Көп ниетін шынымен айтса, әзіргі өзі білген қалпында Абайды жақсы көруден гөрі сынап, мінеп, ұрсу жағына бейім тәрізді.
Әсіресе осы ойына оны бекіткен соңғы бес күндей бұның қасында болған Шұбар, Әзімбай тәрізді Абайдың өз жақындары. Ол Оразбайдан Абай туралы естігеніне бір түрлі қарар еді. Ал Абайдың дәл қасынан, етбауырынан шығып келіп, оның бар сөздерін де айтқан, іс, мінездерін де, ой, ниеттерін де баяндаған Шұбарларды тыңдаған Әзімқан Абаймен түсінісуден бұрын дауласардай. Осыған қазір Әзімқанның қасында келе жатқан Тобықтының жаңа буын басшылары, осы үш атқа мінген азамат не айтады? Анық іштегі қырындысын қалдырмай, шынын ақтарса қалай? Абайдың міні көп пе, жақсылығы көп пе! Мен онымен сөйлесу үшін осы жөнде қолыма ұстарлық дәлді, салмақты жайларды атап беріңдер, деген.
Солайша қасындағы үш жолдасын ойласу мен сөйлесуге салды да, төренің өзі енді ұзақ сапар бойында үндемей, тек тыңдаумен болды.
Әуелгі бір әңгімені Шұбар айтып еді. Соңғы алты-жеті жыл ғана бойында оның ішін Абайға қатты мұздатқан істер бар екен. Соны айтады. Бұнысы: "Семей қаласындағы ар жақ пен бер жақтағы он мешіттің, сан медресенің ғұлама, ишан, имам, халфелерін Абай өзіне қарсы жау етіпті. Сол жөнде ол екі түрлі дәлел әңгіме айтты. Біреуі, оба науқасының үстінде мұсылман имамдарымен араздасқаны туралы. Екіншісі, дәл мынау Оразбайдың жесірін, аталы ауылдың қаралы күйде отырған жесірін атасыз, елсіз, тексіз бір жалғыз кедейге Абай алып қашқызған. Оны апарып, қаладағы орыстың ұлығына қорғатқан. Сөйтіп, қазақтың, халықтың қағидасын, ата жолын бұздырды. Мұсылмандық жолынан, шариғатынан сотқар жастарды аттап өткіздіріп, пәле бастауға баулыды".
Осы ісінің екеуі де қаланың бар ұстаз имамдарын, білікті адам, басты саудагер байларын, қысқасы, қалалы жердегі "қазақ халқының бар қаймағын шайқалтыпты да түңілтіпті". Шұбар соны әсіресе кешпейді екен.
Әзімбай айтқанда: Абай қырдағы толып жатқан егінші, пішенші, емен-жарқы ғана тірлігі бар жатақ-сатақ деген, бұқара-сұқара дегенді қостағыш боп алыпты. Солар үшін сан рет елдің болысымен, қажысымен, бай-бағланымен, аталы жақсысымен, тіпті өзімен бір туған Тәкежан, Әзімбай, Майбасардай етбауыр жақындарымен де үнемі жарғыласудан, жаға жыртысудан жалықпайды екен. Сондықтан, болыс боп жүрген Әзімбайдың айтуынша, бұл күнде ол билеген болыста не көп? Сол Абайдың қоздыруымен азып жүрген жалшы-жақыбайдың, кедей-кепшіктің дауынан, арыз-шағымынан көп неме жоқ екен.
Сөздің бәрін арнаулы нысанасына шақтап, есеппен, салмақпен айтуды өзінің айла, тәсілі етіп жүрген Оразбай баласы Елеу, енді ғана сөйледі. Ол алдыңғы екеуінің сөздерінен бағып, түйгенін өзі айтатын жайға дерек етіп, керекке жаратты.
– Жырақты, баяғыны қояйын, осы биыл көктемнен бергі Абай мінезін ғана айтайыншы! – деп сөз бастап еді. Оның айтуынан мәлім боп отыр. Оразбайдың көктемде қол жиып, Көкен елін шапқаны Әзімқан төреге ұнайды екен. Ол мұны оң-теріс болса да қайрат, қажырлы қимыл, өнімді ашу деп біледі. Ел болатын елдің басшы боларлық ер-азаматының қолынан келетін қайратты қылық! – дейді.
– Ал Абай болса, осы жөнде бар Тобықтының игі жақсысына қосылмай, қырын кетіп отыр. Тіпті мынау екі інісімен, туған ағасы Тәкежанмен де Көкен елін шапқаннан бері қарай әсіресе қырбай, қырғи-қабақ боп алды. "Егінші-тігінші", "кәсіп елі момын" деген боп, "тілеуім солар жақта" деп айтады. Оразбайды "әлін білмес есер" дейді. "Қазіргі заман баяғы бұзақы, шабуыл заманы емес. Енді түзеліп келе жатқан заман. Артқа қарау керек емес, алда болатын жаңалыққа бой беру керек. Ескі қолшылдық, қара қазақ жолын қуғыштық бұл күнде садақа қылатын мінездер!" – дейді.
"Елдің игі жақсысына осы елдің исі бұқара, құнсыз-бұлсыз қара жұртын өшіктіріп, үрпитіп салып отыр!" – деген.
Үшеуінің де әңгімесін тыңдап келіп, төре жалғыз ғана сұрау беріп:
– Алдағы жақсылық деп айтады, онысы не, кімнен естіген, қайдан күткен жақсылық екен? Бұнысын білдіңдер ме? – деген еді.
Ол жайын Шұбар тағы да таратып берді.
– Бұл жөнде Абай қазақты айтпайды. Тіпті сонау Ресейді айтады. Алдыңғы аз заманның ішінде Ресейде жақсылық болады. Бұл тәртіп өзгереді, басқарады! – дегенді де көп айтады, – деп бастаған.
Төре тағы да қадала түсіп:
– Ол кімнен шыққан, қайдан шыққан сөз, соны айта ма? – деп еді.
Шұбар бұл жайын да төреге таныта білді.
– Е, Абайға бұны айтатын оның ішкі Ресейден айдалып келген әралуан достары бар емес пе! – деп, Әзімқанды тағы бір түршіктірді. Шұбар әуелі Михайловты айтты. Одан бергі, соңғы сегіз-тоғыз жыл ішінде ойы мен тегі тіпті бөлек Павловтай Абай досы бар екенін баян еткен! Осы жайдың бәрін Әзімқан естіп болғанда жолаушылардың алды Абай аулына тақап қалған еді.
Енді төре шұғыл өзгерді. "Елеу!" – деп қатаң үн қатты да, жағын тістеп, қалың қабағын түксите түйіп алды.
– Мен өзгердім! Шақыр анау алдағыларды. Бармаймын бұл Абайға! Мен сәлем беруге тұратын Абайды танығам жоқ. Болды, қайт бәрің, – деп, тізгінін шұғыл тартып, атын кейін қарай бұрып алды.
Төренің байлауы өздерін таң қылған оқыс байлау болса да, Елеу мен Әзімбай іштерінен ырза болысты. Екеуі қатарынан бар пәрменімен асыға айғайлап, қамшыларын, тымақтарын бұлғап, ілгері кеткен жеті-сегіз атқамінер жолдастарын кейін бұрып алысты.
Сол күн кеш батпай, Абайға бармай, Әзімқан төре Көксеңгірге келді. Баласы Елеуден сұрап, Әзімқанның бүгінгі бар сөздеріне, Шұбар мен Әзімбайдың жауабына Оразбай бір қанған еді. Кейін Әзімқанның Абайды мінеп, айыптап, оған барудан айнығанын анық білгенде, Оразбай отырған орнында байыздай алмай, қуанғаннан жорғақтап кетті.
Бір шынтақтап, бір ытқып отыра қалып, біресе тепеңдеп, астындағы тайтерісінен жылжып шығып кетеді.
Жалғыз ғана оңаша отырған баласы Елеудің көз алдында өте қызып қуанды. Осыдан екі-үш күн өткен соң Қоңыркөкшенің қазіргі болысы Сәменді Оразбай қасына алған. Жерлері шалғай кетіскенмен, бұл екеуінің түбі аталас болатын. Сол Сәменнің бұған ашқан бір сырын және өзінің де ішінде жүрген бір үлкен күдік кірбеңін Оразбай ендігі досы Әзімқан төреге анықтап ашып, ақылдаспақ болды. Екеуі Оразбайдың үлкен үйіне Әзімқанды жалғыз ғана шақырып алып, үшеу ғана боп отырып, әзірше қысқа ғана, тұйық қана түрде Әзімқан төреден ақыл сұрасты.
Енді бір он бес күнде Арқат деген жерге Семейдің оязы Маковецкий шербешнай сияз шақыртып отыр. Онда кешегі Уақ пен Тобықтының жанжалы тергеледі. Тобықты мен Уақтың жер бөлігі бекіледі.
Уақ өзіне Семей оязының көп билерінен көмек жиып жүр. Әзімқан төренің осында жұрт алдында өзі мақтаған "Оразбай шабуылы да" талқыға түспек. Ал осы тұста "өзгенің жөні бір басқа" деп келіп, Оразбай кесер сөзінің Әзімқанға салып отырған бар салмақ түйініне шұқшиып келді.
Ендігі айтатыны: "Жараның үлкені сол болғалы тұр. Уақтың сөзін мені мұқату үшін Абай қостайтын сияқты. Ал ол қостаса, Тобықтының өзінің ішінен маған қарсы айғақ шыққаны. Мені айыптаушы, тіпті Тобықтыны айыптаушы Уақ емес, ұлық емес, Тобықтының өзі болғаны. Соның ішінде, әсіресе Абайдай ой мен қырға аты бірдей жүріп тұрған адамның айғақ болғаны. Осы бар ел жақсысының аяғына тұсау боп тұр. Тағы бір кеселі, Абай Тобықтыны "зорлықшыл" деп, өзі айыптап шықса, айналада отырған осы Семей оязындағы Сыбан, Керей, Бура, Матай, Уақ, Найман – бәрі-бәрі сөз біріктіріп, жабыла түседі. Сөйтіп, Абай Тобықты жақсысын ірік-шіріктерге тұсатып жыққалы жүр.
Ол сонымен, ескі әдеті бойынша өзіне "әділ" деген атақ алмақ. Бар қазақтың "қамқоры" дегізбек. "Әсіресе, жылаулар, бұқара қазақтың қорғаны" деген атақ алмақ. Бірақ көріп отырсың, бәрімізге, қазақ жолына, ел жақсыларының бірлік, берекесіне қас әрекет етіп отырған Абай міне! Жә, осыған не қылсақ рауа? Ертең шербешнайда бәрімізді құлатып беріп, бір араға үйіп-төгіп кетсе, қайтпек керек осы Абайға?!" – деген еді.
Сәмен – Абайға Оразбайдан да бетер өші бар болыстың бірі. Оның өз есептері жетерлік болса да, қазір кеп онда емес, Оразбай айтқан жайда. Енді ол да өзімен жақсы құрбы жас төрені "ағеке" деп жалына түсіп:
– Тура ақылыңа қоңсы қона келдік, ағеке! Ендігі басшым, асыл төрем! Айтарыңды өзің айт! Қалай етейік осы Абайды? – деп қадалып отыр.
Төре Абайға енді сыншы ғана емес, өшігіп алған жазалаушы есепті. Аямас жаудың қалпына келіп, қырыс қабағын суыта жауып, түйіп алыпты.
Ол өз жауабын енді бір-ақ кесіп, шолақ айтты. Жұдырығымен қылтанақ мұртын сипай отырып, екі сотқар жуанға олардың өзінен әлдеқайда асып түскен, бұлардың ойларынан сонағұрлым өктем жатқан бір пәлені тастады.
– Еше, не сөзі бар? Бар сөз біткен, бар жол таусылған да! Сондайда жөн таппайтын Оразекең бе еді?! Несіне ұйлығып, қамалып отырсыңдар? Бұндайдың сөзі, тілі біреу- ақ болады. Ол тілді Оразекең оқыған да оқытқан. Абайды молда қылатын да сол Тұщыкөлде жұмсалған қайрат, қара шоқпар! Оған тыйылмаған, аюсыған Абайды көріп алармын! Ұқтыңдар ма? –дегенде, Оразбай мен Сәмен бір-біріне әрі таңырқап, әрі қуаныса қарасты. Бар жайды түйісіп, үндемей ғана бас изесті. Енді тырс еткен үн шығармай, "е" дескендей жаба қойысты. Осы түнде Әзімқан төре ойға келмес сұмдыққа өз қолымен құрық берді.
3
Арқат бұл өңірдегі таулардың көбінен өзгеше. Көлемі шағын жалғыз тау болғанмен, бұның құз-қиялары, биік жартастары көп. Қыр арқасының серек тастары ерекше сұлу біткен, бірақ қиын тау. Осы Арқаттың ең биік тұсы оқшау біткен жылтыр құз текшедей бөлініп, аспанға шаншылып, қызық көрініс береді. Сол құздың биік басы мен төмені әдейі қырланған күймедей боп біткендіктен "Күйметас" деп аталатын.
Қазір Күйметастың шығыс жақ баурайындағы Қопа дейтін кең қонысқа тағы да көп үйлер тігілген. Бұнда қалың жиын жүріп жатыр. Қопа кең шалғынды, жылып аққан мол сулы, мөлдір бұлақты және тауға қараған төрінің көбі тал, терек, жасыл әсем жас тоғай. Бұнда да бүгін тігілген үйлер ауыл үй, жеке адамдар мекені емес. Сирек болатын бөгде топқа арналып тігілген үйлер. Үй саны мол, елу-алпыстан асады. Кей тұста сол үйлер үйіріліп топталып қонса, тағы бір тұста өлке бойының көгалы жіңішкелеу тартқан жерлерде екі қатардан ұзай созылып тігіліпті.
Ортадағы қалың топ ақ үйлерге жақын тастақ төбеде Көкен болысының осы жиынға келген үш-төрт кісісі өзара әңгімелесіп отыр. Бұлардың арасында Бостан, Құлжатай, Еңсебай бар. Ол үшеуі қазіргі алты-жеті кісілік топтың ортасында көбірек сөйлеп, көтеріңкі көңіл, ажар байқатады.
Сонау ұзақ ойран айғағы болған Тұщыкөл басындағы түнде Бостан қатты мертіккен екен. Оның қазір оң қолы шолақ боп біткен. Саусақтарының басы семе бастапты, қайратты батыр қолы сынып біткен қалпында, қысқара түсіпті. Бірақ қазіргі ажарында Бостан уайым еткен кісі тәрізді емес. Құлжатай да қаба қара сақалы, қалың мұрты аузын жауып тұрғанмен, сөйлесе, күлсе, маңдай тістерінің қатары түгел опырылып, жойылғанын байқатады.
Бүгінгі жиынға бұлардың келу мақсаты да өздері кешкен, өз бастарынан атқарған ауыртпалықтың, "бас шығымының" жоқшысы болу. Бұлардың бәрі де байлаулы бір сөзді асығып тосып отырысқан. Ол сөзге тиянақ байлау жасататын адам бар. Бүгінгі сөз сол адамның сөзі деседі. Қалай айтады, немен келеді?! Сол жайды өздерінің ойларына үлкен бір асу тәрізді сезінген Бостандар жаңағы "келеді" деген адамды асығып тосады. Жақын дөңнің басына шығып отырған отырыста да "сол керекті адам келе ме екен" деп көздей отырысқан.
Арада біраз мезгіл өтсе де, ол кісінің келісі бөгеліп тұр. Азғана топ ермек үшін әралуан жайдан қысқа қайырып, сөз қозғап отыр.
Бір уақыт Еңсебай өзінің құрдасы Құлжатайға қарап, оң қолын нұсқап, Күйметасты көрсетті.
– Құлжатай, сен "ермін, батылмын" дей бересің. Ал, анау Күйметастың басына шығар ма едің? Осыған жан баласы шықпапты дейді ғой. Жұрттан озып, жалғыз бір шығып көрсең не етер еді? – деп әзіл тастады.
Құлжатай бұған орай Еңсебайды қыжыртып кекете сөйледі.
– Мені Күйметасқа шығарып, тағы бір Боран атандырайын дейсің-ау, ә?! – деді.
Бостан мен Еңсебай Боран деген кісіні естіген жоқ екен. Бұлар қатарынан Құлжатайдан соны сұрады. Енді Құлжатай опырық аузын жымита күліп отырып, Күйметасқа қарай түсіп, тың бір әңгімені айтты.
– Тобықтыда өзгемен қатар өтірікші де елден ерек емес пе! Мамай деген руының адам айтпас өтіріктерді айтатын Боран деген кісісі болған. Сол айтыпты ғой: "Күйметастың басына таң сәріде жалғыз өзім бір шығып, дүниені болжайын дедім. Түу басына шығып алып, айналаға көз салсам, бұл әлемнің көрінбейтін жері жоқ екен. Сонау Семей қаласы тіпті аяғымның астында қалды", – дей бергенде, Құлжатайға қарап, қызыға тыңдап отырған жұрттың бәрі ду күле бастады. Құлжатай өзі де балғын, қалың иықтарын дірілдете түсіп, күле отырып, әңгімесін соза берді.
– Семей аяғымның астында қалып, барлап қарап тұрсам, қаладағы киізші Сейсеке бай таңертеңгі намазға дәрет алғалы жез құманын қолына алып, ауласының ішінде әжетханаға бара жатыр екен! – депті. Сөйтіп, Боран осы Арқаттан өздеріңе мәлім жүз елу шақырым жердегі Семейдің байын да көріп, қолындағы құманын да аңдаған. Ал кейін сол Боранды қалжақ етіп шығарған өлең де бар ғой! – деді де, бір ауыз қызық өлең айтып берді.
Басына Күйметастың Боран шыққан,
Қазақтан өтірікке оран шыққан.
Онан соң Күйметасқа жан шыққан жоқ,
Аспанда шаңқылдаған қыран шыққан! –
деген сөз бар деп еді.
Бостан мен Еңсебай Құлжатайдың әңгімесіне сүйсіне мәз бола күлісті. Еңсебай әлі де қалжақтап Құлжатайды қағытып отыр.
– Тобықтыда Боран шықса, "Қырықүйліден Құлжатай шыққан" деп біз де өлең шығарайық. Кейінгіге аңыз босын. Сен де бір осы бос жатқан күнде шығып қайтшы соның басына! – деп, жақсы көретін құрдасын сөйлеткісі келеді.
Құлжатай әңгімені басқаға бұрды.
– Құлжатайды Күйметасқа шығарып жетістіріп қайтесің. Оразбайдай Тобықтының содыр-сотқарын жеңдіріп-ақ жетістірсеңші. Бұл жолғы біздің шықсақ шығатын, көксесек көксейтін биігіміз сол емес пе? Ақылы жоқ, көксоққан-ау! – деп қойды.
Енді ғана алдыңғы жасыл белге қарай түсіп отырған Бостан өз тобына жаңа аңдаған жайынан дабыстап сөз қатты.
– Жігіттер! Анау бір топты байқаңдаршы! Со жақтан келеді деп еді! Осы біреу бес-алты кісі сол әлгі біздің сияздың тосып жатқан адамы емес пе! Мезетіне, қисынына қарағанда осы сол болу керек! Жүріңдер, анау орталық үйге баралық, солай бет алды ғой! – деп, орнынан тұра берді.
Бұлар беттеген қалың топ үлкен үйлер он шақты еді. Дәл осы үйлерде Семейдің оязы Маковецкий жатқан. Қасындағы үйлерде соған ере келген қыр болыстарын басқаратын екі крестьянский начальник жатыр. Бұнда және де Самалбек сияқты ояз тілмашы, кеңсе қызметкерлері, тағы да бес-алты стражниктер жататын. Одан арғы жоғары кеткен үйлерде Семей уезінің он бес-он алты болыстарының адамдары бар. Төмен қарай ылдилай тігілген үйлерде Тобықтының төрт болысынан келген адамдар жайғасқан. Жоғарыдағы үйлерде Бостан мен Еңсебайлардай Көкен болысының адамдары бар-ды. Жиын Семей оязының бар қазақ болыстарынан жиылған "шербешнай сияз" деп аталады. Арқаттағы "шербешнай" кейін өзінің көп байлауымен көп ел аузына мәлім болған. Маковецкий басқарған төтенше бір сияз. Дағды бойынша бұндай шербешнай сияздарда қаралатын істер көп болатын. Ал мынау сияз болса, олардан бөлек бір жайы бар. Бұл бір-ақ жөнге, бір ғана үлкен іске әдейі арналып құрылған. Бұнда қаралатын Тобықты мен Көкен елінің жер дауы. Соған байланысты осы өткен жылы көктемде болған шабуыл, үлкен жанжал жөні тексеріледі. Семейдің жандаралымен келісіп, Маковецкий Семей уезіне қараған он алты қазақ болысының бәрінің басын осы Арқатта қосып отыр.
Дау төрт болыс Тобықты мен бір болыс Көкен арасында болғанда, бұл екеуі бір жағы даугер, бір жағы жауапкер болып кездеседі. Ал арадағы байлау, билік сөзді кесетін қалған елдер. Және солардың ақылын, байлауын ескере отырып, ең соңғы әкімдік түйін жасайтын ояз болады.
Көлденең елдерден Ертістің төменгі жағындағы бес болыс Бәсентиін, Найман, Бура келген. Ертістің ар жағындағы қарағай ішіндегі қазақ болысы – Белағаштың адамдары бар. Содан басқа Ертістің қыр жағындағы Тобықтыдан өзге алты-жеті болысының елі жиылған. Әрине, "ел" дегенде, бұл араға ояздың, крестьян начальниктерінің жинап отырғандары әр болыстың патшалық заңы ретімен сайланған билері.
Бұлар ауылнай бас биден болғанда, әр болыстан он мен он бес шамасындай би болады. Он алты болыстан жиналғанда солардың ұзын саны екі жүз елуге тарта адам. Қазіргі көп үйлерді мекен етіп жатқан сол әр тараптан келген билердің екіден-үштен жайғасқан топтары. Сөйтіп, Тобықты мен Көкеннің дауына тергеу мен кесім айтатын жаңағы билер тобы.
Енді сияздың өзіне тартысқа келген жақтар мен жауапты адамдардан басқа барлық осы маңда жүрген адам атаулының бәріне мәлім бір жай бар. Онысы: қай жақтың тілеулес адамы көп, соны таңертеңнен кешке шейін жұрттың бәрі сөз қылып, санасумен болады. Бидің көбі Көкен жағында ма, Тобықты жағында ма? Осыны сарапқа салады. Кесік, байлау жақындай қоймағандықтан, әлгі жай ешкімге де анық мәлім емес. Жалпы сырттай ойласа, Тобықты зорлықшыл, соқтыққыш және ұрысы, барымтасы көп содыр ел. Оны ой мен қырдың бар елдері біледі де, Тобықтының бұзарларын, сойқандарын соншалық жиреніп жек көреді. Әсіресе, Көкен, Семейтаудай, Белағаш, тоғай бойындай еңбекші, егінші, қарекетшіл елдері қатты жиреніп жек көреді. Ол болыстардың момын халқының аузында Абайдың:
Ел бүлігі Тобықты,
Көп пысыққа молықты! –
деген сөздері жиі айтыла жүреді. "Тобықтының жыртысын жыртамын" деушілерге қарсы әрдайым Тобықтының өз жақсысы айтқан "ұрып жығар" дәлелдей.
Бұл жағынан қараса Тобықтының тілеулестері аз. Көкеннің көмекшілері көбірек болу керек. Сол елдердің ыңғайымен билерді жікке бөліп байқағанда Тобықты жағында елу-алпыс би қалады да, өзге жүз жетпіс, жүз сексендей билер бір-ақ жаққа ауып кетуге болады. Бірақ солай етіп қоя ма?! Би дегендер, Абай айтқандай, "аттың сауырына, түйенің өркешіне" жантаятын, бір орында тұрмайтын жандар. Олардың және бір сыры бар. Қай болыста болса да, кем қойса да екі жуанның бәсекесі болады. Ендеше, әр болыста екі жақ, екі тарап билері жүреді. Солардың енді қайсысы қай тарапқа тартып кетерін білу тағы оңай емес.
Және осының бәрінің астарында билер үшін тартысып жатқан, өлердей жанталасқан сыпсың сөз өзгеше көп. Тергеу әлі басталған жоқ, бірақ Тобықтының Оразбайының қасына ере елу кісі келген. Одан басқа Әзімбай, Сәмен, Жанатай сияқты болыстардың қастарына оннан, жиырмадан келген анық сөзуар, пәле қуған, партия басы атқамінерлер. Солардың бәрі де осы үйлерге орналасқан. Барлық болыстардың билері мен олар жатқан үйлерінің маңында, іргесінде әрбір өткен түн сайын қараңғыны жамылып, қалың сөз тартыстар жүреді. Бұл тұста "ат майы", "түйенің өркеші" емес, кем қойғанда түйе аталса, түгімен жұтылатын. Ат ауызға алынса, басы бүтін кететін. Ақша, пұл "күйек асты" көп жол тауып жүріп жатқан. Бұның бәрінің атын, дәлін айтқанда "арын-сырын саудалап" келер таразыға, тайталасқа жанталасқан халді білдіреді.
Бағана Бостандар тосқан адам осы топтың ортасына келмек. Ол алдағы байлауға өзінің аса маңызды "кесек сөзін" айтатын куә адам. Оны куәға салып отырған зорлық көрген Көкен жағы. Соның куәлігін тыңдауға бұйырып, соған қарай өздерінің байлауын, бетін белгілегелі отырған көп болыстардың әлі беті ашылмаған көп билері. Бұлардың үстіне сол келетін куәның сөзін ояз Маковецкий мен екі крестьянский начальник керек етеді. Даугер Көкен болысының көп приговор берген қалың елі, қара бұқарасы болса, өздерінің әр арыз приговорының ішіне осы адамның атын жазыпты.
"Біздікі жөн бе, Оразбайдыкі жөн бе? Осының анығына айдан анық көзі жететін сол адам, соны куәға тартамыз!" – депті. "Себебі – ол адам Көкен мен Тобықтының жер дауының арғы-бергісін жер түбінен білетін адам!" – депті.
Жаңағы жөндердің бәрінің үстіне сол болашақ куә Тобықтының өзінен шыққан адам болып отыр. Бұнысы жапа көрген Көкен елінің мынау куәға не сенгенін көрсетеді немесе ел болып сынға салып, шынға тартқысы келген байлауын танытады. Тобықтыға да бұл кісінің куәлігі мойын бұруға келмейтін қысталаң жай. Жауласқан жауың куәны өзіңнен салса, оған қайтіп, не деп қарсы боласың. Бұл жөнде "осы куә куәлік айтпаса екен деп" айтуға ең әуелі Оразбайдың өзінің аузы бармайды. "Не дегенмен Тобықтының" намысын жібермейді. Біздің деген жерімізден шығады. "Өз елін жатқа жығып бермейді" деп бір ойлайды. Және де одан әрі сұмдық бір ойлары тағы бар. Егер Тобықтыны жағаласып тұрған жауына жығып берсе, онда Тобықтының тобынан өзін өзі жат қып шығарады. Оққа байлап бергені болады. Жә, бұл куә дәл осы күні осы соңғы жолға баса ма, жоқ па, оны да көреміз?! – деседі.
Сөйтіп, ол адам өзінің аузына қараған көп көздің сынына ғана емес, қадалып тұрған көп найзаның да ортасына түседі. Денесіне жара салғызбай, арына таңба бастырмай адал, аман өту шарт. Сондайлық қиын түйінге бүгінгі ықтиярсыз сапары алып келген куә қасындағы бес-алты кісі жолдасымен ең әуелі Самалбек тілмаштың үйіне кеп түсіп еді. Қалың көпті қазір дабырлатып: "келді, келді" дегізген, сол көпке өзін шын көп күттірген куә – Абай болатын.
Самалбек сүйегі қырғыз. Өз қалпында Семей қаласындағы бар қазақ тілмашы, ұсақ чиновнигі, жалпы "қаратаяқ" атанған тобының ішіндегі момын, түзу адам. Абай оны: "Отырған орны адамды бұзатын жер болса да, өзін өзі өз әлінше дұрыс алып жүреді", – деп бағалайтын. Әуелі соның үйіне түскен себебі, Абай өзін осы сиязға алғызып отырған әкімдердің не тілейтінін білмек. Тобықты мен Уақтың бұл жайында екі жақтап, үсті-үстіне келіп сөйлесетін кісілерін көруден Абай тартынып келді. Ең алдымен өзінің сөзі "кімге керек?", "неге керек?" және "қандай салмағы боларлық жай бар?", соларды аңдап алмай, алысып жатқан екі жақтың бірде-бір кісісін көру бұған керек емес, жол емес тәрізденген.
Самалбек жаратылысындағы сараң сөзді, тартымды мінезі бойынша Абайға ашылып, көп нәрсе айтпады. Оның "жалғыз білгенім сол" деп айтқаны: "алысып жатқан екі жақ бірдей Абайдың куәлігін керек қып отыр. Ояз бен крестьянский начальниктер сол екі жақтың арызы бойынша Абайды тыңдау қажет десті. Бірақ олардың ішінде, арғы ниетінде қандай байлау бар екенін Самалбек білмейді. Оның айтуынша, Абай не қыларды өзі жақсы аңғаратын болар. Және сол өзіне лайық көрінген дағдылы жолымен куәлік айтқаны Абай басына лайық болар!" – дегендей кеңес тәрізді сөз айтып бітірді.
Куәлік бүгін тыңдалмақшы емес. Ол ертеңге қалып отыр. Түске жақын Самалбек үйінен Абай шыға бере ойлағанындай жан-жақтан қамап, жеке сөйлесуді тілек етуші кісілер қадам басқан сайын орала берді. Сонымен, бүгінгі жарым күнді және сол күннің кешін, жарым түніне шейінгі уақытын Абай көп кісілермен жеке-жеке сөйлесуге бөлген еді.
Тобықты мен Уақтың атқамінер жуандарынан бір-бір ғана кісімен сөйлескен. Солардан кейін Абайға өтініш айтушы көп адамдар, көктемдегі жанжалда қаза көрген, азап тартқан, тіпті содан кейін сорға қамалған жандар бар екен. Бұлардың бір алуаны – Бостан, Құлжатай, Еңсебай тәрізді Көкен жағынан сол шабуылда соққы көріп, кем-кетік боп қалған адамдары. Тобықтының да әр руы аттандырған жүз қаралы кісінің қазір онға жуық адамы сол Бостан тәрізді өздерінің бас уайымын шағып келді. Бұлардың арасында қабырғасы сынған, қолы сынған, бет-аузына ауыр жара түскен немесе көзі шыққан кем-кетіктер келген-ді. Солардан басқа, өздері жоқ болғандықтан, сол шабуылда тұтқын боп қайтпай қалған он үш адамның жалғыз кәрі шешесі, алжуға жеткен карт атасы, аш-арық боп қалған қатыны немесе жетімсіреп, күн көруден қалып, қайыршылыққа салынып бара жатқан жас балалары Абайға өз жайларын айта келген еді.
Бүгін түн жарымына шейін ас ішпей, жолдан кейін тыным алмай, бірде-бір үйге де кірмей, қараңғы далада көп үйлердің сыртында тапжылмай жалғыз отырып, Абайдың тыңдап шыққандары көктемдегі бүліктің әлегін шеккен жалшы-жақыбайдың жайлары болатын.
Келесі күні Абайдан бұрын тағы да куәлік айтатын бірер кісі өтті де, түске тақай берген шақта ояз бен қалың топ билердің жиыны Самалбек үйінен Абайды шақыртты.
Қазір ояздың сегіз қанат үйіне Абай беттегенде кешегі Бостандай сыртта жүрген барлық ел дөң басынан, алыс үйлерден, бұлақ басынан, тал тоғайдың арасынан андыздап шығып, қаптай бастады. Билер мен ояз отырған үлкен үйге Абай табалдырықтан аттап кіргенде, сол үйді әлденеше жүзден асқан қара халық еңсере қамап, басып кетті.
Абаймен ілесе ағылып кіре бастаған топтар да бар еді. Стражниктер, атшабарлар Абайға жалғаса кіріп жатқан топты тоқтата алмай қалды.
Енді біразда Абай үйдегі ұлықтар мен қазақтың әр тараптан келген, әр үлгілі киім киген әкімдерімен амандасып тұр еді. Бірақ осы кезде үйге тоқтаусыз ағыла кіріп жатқан жұрттың дабыры мен шуы амандық сөздерді де естіртпеді. Абай отырарлық орынды да қалдырмайтын тәрізді.
Екі жақ босағадан төрге қарай малдас құра сығылыса отырған, төстерінде знактары бар болыстар мен билер енді аңтарылып оязға қарады. Ояз қасындағы Самалбекпен, начальниктермен сәл жауаптасып, орнынан ұшып тұрып, бір байлау айтты. Самалбек онысын жұртқа жеткізгенде, ендігі жиынның отыратын жайы өзгеретін болды.
"Киіз үйге сыймайтын болғандықтан, қазіргі жиылыс далада болады. Барлық жұрт енді қайта шығу керек!" – деген. Ояз өзі қасындағы нөкерлерін ертіп, есікке қарай қозғалды. Осымен сияздың ендігі кеңесі тағы бір сағаттай бөгеліп қалды.
Ыстық күннің көлеңкесіз шақырайған өтіне шыдау да оңай емес. Сондықтан болыстар оязға өздерінің қошеметін көрсете түспек боп, жақын қонған бес-алты үйдің ортасына киіз, кілем жайғызды. Төбе жағын үлкен кенеппен керіп, көлеңке самал жасатты. Үйдегі үстел, орындықтарды да осында келтірген еді. Бұл алаң тағы да көп билерден әлденеше есе артық болған бөгде халықтың тобына лық толды. Отыруға сыйыса алмай, арт жағы түрегеп тұрысқан. Үй-үйдің арасына сығылысқан, кей үйлердің ішіне кіріп ап, есігінен қарасқан адам топтары сіресіп алды.
Абай куәлігі басталатын кезек жетті. Енді қалың жиынның ойы да, көзі де Абайдың өзіне төнгенін, тәуір үмітпен сенгенін Абай анық аңдап тұр.
Қазақ жолымен болатын талай жиындарда жас кезінен-ақ көп сөйлеп жүрген Абай бұл топтан да қорғанып тұрған жоқ. Бірақ өмірінде дәл осы жолы қатты қобалжып, қиналатын шақта тұрғандай. Сырттан, көлденең жұрттан, қалың топтан қысылып, қобалжыған күй емес. Әдетте куәлік оңай да, би болу қиын. Бұдан бұрынғы сан жиын бүгінгіден Абайға әлденеше есе ауыр болса керек еді. Онда бұл оң ба, теріс пе кесім айтып, қиын түйінді шешетін. Ақылмен, абырой, атақ барымен де жауапкер болатын. Бірақ сондай кезеңдердің өзінде де дәл қазіргідей Абай қысылған емес.
Өмірдің өрін едәуір жүріп келіп, Абай енді айналаға көз тастап, өткен мен кеткенге, бүгін мен болашаққа өз кеудесіндегі танығанын, шынын ашпақшы. Бұл жиынға айтатын ендігі сөзіне Абай басқаша, ерекше бір бекініспен келіп тұр. Өз ұғымынша, қазіргі Абай анау отырған, түксие қараған жалғыз көзді Оразбайдың алдында тұрған жоқ. Екі жүз елу знактары мойындарында салбыраған, ары да, адамшылығы да саудалы сан бидің де алдында тұрған жоқ. Керек десе, ендігі Абай сөзін хатқа түсіргелі отырған ұлықтардың да алдында тұрған жоқ. Абай өзін заманымен беттесіп тұрған адамша түсінеді. Бір есептен әке мен бала болып айтыспақшы. Тағы бір жөннен өзі әке болып, бала буынмен бет ашып, шынға жетіспекші.
Екі жайдың екеуіне де ардың ғана мегзегенін арқау етпекші. Не сөйлерін ойлап алмаса да, нені сезетінін аңдап алған еді. Өзіне кезек жеткенде Абай орнынан тұрып, қоңыр жүзі ақшыл тартып, басындағы тымағын алды. Екі қолын сол тымағымен қоса артына ұстап тұрып, сөйлеп кетті.
– Ағайын жұрт, бір дуан елді бір араға шоқтай жиған әлек сөздің жөніне мені куәға тартпақсыздар. Мен сол куәлікті айтқалы келдім. Кесік айтатын мен емес. Осында мансап иесі аса көп адам бас қосыпсыздар. Мансаппен адам қасиет таппайды. Адаммен мансап қасиет табады. Әділет жол тапсын, өpic алсын деймін. Қаншалық ащы болса да, әлдекімге ауыр тисе де, жұрт жарасын емдейтін дәрі сол – әділет қана. Ал дәрі ащы болса да дертті жазады. Осыны сіздер ойлар деп сенемін де, өзіме соны арқау етемін. Қолымнан келсе, ақыл-парасатым жетсе, өз кеудеме ақ көрінген әділетті айтқым келеді. Рас, бұл жөнде жеңілдік жоқ. Өйткені кейбір қыңыр көкіректер бар. Олар қаскөйлікпен, зорлықпен, арамдықтың есебінен басқаны ойлап көрген емес, барлап барған емес. Қазақ "инемен құдық қазу қиын" деген нақыл айтады ғой, мен айтсам, сол "инемен құдық қазу" кей көкіректен қаскөйлікті қуудан оңайырақ па деймін! Осы айтқан түйіндерім менің куәлігімнің тағы бір арқауы да тіректері! – деді.
Абай мынау жиынның бәрінің суырылған шешендік дейтін, өз әлінше ақыл-парасат дейтін жайларының бәрінен жоғары соғып, биіктеп шықты. Адамшылық ар таразысын атап, бөліп қойғандай болды.
Оны аңдаған кісі аз болғанмен, "Абай бір үлкен сөзді мегзеп тұр-ау!", "Абайлығын байқатып, биікке өрлеп барады-ау!" – деген жайды түсінген кісілер де бар сияқты.
Абайды ентелей тыңдаған өңшең жұпыны киімді Уақ, жатақ тобының арасында Дәрмен отыр еді. Айналада таңдай қағып, тамсана түсіп, анда-санда тілеулес дос-жар үн қатқан жандарды Дәрмен көп естіп отырды.
– Алда айналайын-ай!
– Аузыңнан айналдым, лебіңнен садаға, әмісе жолың болғай-ақ та!
– Әділетті сен айтпасаң кім айтар, тостым жолыңнан жақсылықты! – дескен сөздер жеткенде, Дәрмен өзі де Абайға көлденеңнен, бөгде кісінің көзімен тамашалай қарап қапты. Жазып жүрген қарасөзінде, өлең, өсиет, ақылында Абай қандай екенін Дәрмен аса жақсы білетін. Бірақ өмірде, шын тірлікте, күндегі қамау-қоршауында, көп Құнанбайлардың өсіп-өнген ортасында отыр.
"Шынайы ата намысы көлденең тұра қалса, осы Абай аттап өтер ме еді, жоқ па еді? Сол шақты бір көрсем-ау" деген ой Дәрменнің Абайға табынған дос көңілінің бір түкпірінде арылмай, айықпай жата беруші еді. Дәл қазіргі кезең Абайды сол Дәрмен ойлаған сын өткелдің "тар есік, тас босағасының" өзіне әкелді. "Қайтер екенсің, Абай аға!" – деп, Дәрмен өзгеше ентелеп, тына тыңдап қалды.
Әсіресе Абай қымтанып отырған билер жағынан тырс еткен үн, қыбыр еткен қимыл көрмесе де, өзінің сырт жағында тұрған иін тірескен қалың топтың ішінде таңдай қағып тұрғандар бар екенін аңдап тұр.
Жаңағы бастау сөзін бір буын бөліп тастап, енді бір кезде Абай осы жиын өзінен тілеген куәлікке ауысқанын айтты. Сол орайда Тобықтының Оразбайы ғана емес, әсіресе бұның аталас туыстары, ұраны бір ет жақындары қанын ішіне тартып, түршіге дем алатын бір сөздерге ауысты.
– Тобықтының Көкен елін осы көктемде шапқанын менен сұраудың қажеті жоқ. Оны жалған дейтін жан жоқ. Неге шапты? Көкен елі неліктен өзіне Тобықтының шабуылын жасатарлық қарсылыққа шықты? Осыған келейік! – деп алып, Абай енді бүгін емес, көп бұрын болған күйлерге ауысты.
– Мен Тобықтының ұлымын. Ешкімге сатылғам жоқ. Сондықтан да Тобықтының терісін айтам, тентегін, зорлығын, бұзықтығын айтам. Ол Тобықтының қалың елін қаралағаным емес, қайта жазығы жоқ көпшілігін ақтаймын деп соны айтам. Қалың момын, жазықсыз көпшілігін арамға апарып, итеріп жығып арандатқан аз Тобықтының азғындығын айтам. Көп елді аз арамнан, зорлықшылдан, сотқардан сол Көкеннің көп елінің көз алдында ақтап алам деп айтам. Кімді атаймын, "зорлықшы, сотқар, қиянаткер, бүлік басы Тобықтыны" атаймын. Әділет соны тілесе, атаңның да болса айыбын айт. Ең әуелгі айыпкер деп мен ең алдымен кешегі өткен өз әкем Құнанбайды атаймын! – деп, Абай қатты үнмен өте бір ауыр шындықты басып айтып қалғанда, өзінің бұл күнге шейін ауырлап тұрған демі жеңілейіп, тынысы кеңи бергендей болды. Бірақ соның орайына қарсы отырған Оразбайдан бастап айналада, әр жерде тобы жиын Тобықтылар "дүр" сілкінгендей болды.
"Астағыпыралла!" десіп, "алжыды", "азғын" деп те әр тұстан сусылдаған сыбыр байқалды. Абайды жазғырып жатқан үндер мен күйлер білінді.
Осыдан әрі Абай елу-алпыс жыл бойында момын ел, шаруаның елі – Уақтың талай қоныстарын бастығы Құнанбай болып, көп Тобықты тартып алып жүргенін айтты.
Өз әкесі Құнанбай Уақтан тартып алған Жымба, Арқалық, Күшікбайды түгелімен "даусыз Уақ жері" деп кесіп берді. Кеше Оразбайлар алғызбаймын деп, землемерге бөлік жүргізбеймін деп әлек-бүлік бастаған Ақжал, Төреқұдық, Қарақұдық, Обалы, Қоғалы деген қоныстардың бәрі – Көкен елінің қай аулының, қай атасының мекені екенін Абай бұлжытпастан санап берді. Елу жылдан бері тартып жеп, баса қонып, бастыра жайлап, зорлығын өткізіп алған Тобықты бүгін Көкен елі өсіп көбейіп, еңбек етер өз жерін қайта сұраса, оны қаралайды, қылмысты етеді. Қала берсе, шауып шаншады, жазалап жаралайды.
Осы жайдың бәрін әрі шешен, әрі ызалы үнмен күйіп тұрып, көкейге қондыра айтып өткен кездерінде, Абайға енді Тобықтының көбінің жүздері туралап қарай алмады. Абай көзімен көзі кездескендері жасқанып тайқи берді. Бұл жайда билер мен әкімдерге қажет болған деректің бәрін беріп алып, Абай сөзінің екінші бөлімінде көктемдегі шабуылға ауысты. Ол шабуылды жасап отырған бүгінгі күннің Құнанбайлары. Солар Көкен елін ғана зарлатып, күйдіріп отырған жоқ! –деген жайға соқты. Енді сол шабуылда қаза көрген, азап шеккен талай кедей жылқышы, қойшы, түйеші, нелер сіңірі шыққан кедейдің "сойыл соғар" деп атанып, Оразбайдың отына күйіп жатқан мұңын айтып кетті.
Бұл тұста да Абай қатты толқынып, өңі қуаң тартып, көзі сәл қанталай түсіп, аса демігіп, қобалжып тұрып сөйледі. Шынымен қиналған, ар түршігіп қиналған жайы бар. Сол күйлер жиылып, ширықтыра сөйлетеді.
– Мен осы куәлікке атаған күні келмей, бөгеліп келдім. Себебі, сол құдай ұрған шабуыл күні қазаға ұшыраған жандардың үй іштерінің, өздерінің жай-күйлерін біле барам деп бөгелдім. Кеше келгеннен бері күнұзын және түн бойы Көкеннің де, Тобықтының да көп жандарының шағымын тыңдап, көз жасын көрумен болдым. Оразбай аттандырып апарған қолдың ішінен он үш кісі Көкен елінің қолында қол-аяғына кісен салынып, тұтқын болып әлі жатыр. Қайтқан жоқ. Осы жиынға өздерінің сол сұмдық түні кем-кетік болып қалған жайын танытқалы кешегі күн нардай балғын, балуан азамат болған мынау Бостан, анау Құлжатай, Еңсебайлар келіп отыр. Біреуінің қолы шолақ боп қалған, біреуінің бар тісі құрыған. Біреуінің қабырғасы сынған. Бұлардың әрқайсысы бай да емес, бар да емес. Өңшең тақыр кедей егінші, еңбек сауған жандар еді. Естіп, ұғынып отырмын. Жүрегің түршігеді. Осылардың әрқайсысы асырап отырған қызыл қарын жас бала, айналасында қолдарына қараған жетім-жесір, кәрі-құртаң, ақсақ, тоқсақ бар екен. Дәл сол жаңағы үш бірдей жігіттің қолдарына қарап, бүгін алар азығынан айрылып, аш бұралып отырған жанның саны жиырма төрт кісі! – деп, Абай әуелі Көкен жағынан сол бүліктен жаза шегіп, жапа көрген талай үйлердің, талай жігіттердің әкелерін, шешелерін атап тұрып, күйген, түршіккен жүрекпен айтып шықты.
Содан кейін жаңа өзі алғаш атаған он үш кісі Тобықты тұтқындарын еске алды. Бұлардың бесеуі жылқышы, алтауы қойшы, екеуі атқосшы, ылғи малшы мен жалшы екен. Екеуі Оразбайдың малайы, біреуі Әзімбайдікі. Үшеуі Жанатай болыстыкі, тағы бірнешеуі Жиренше, Абралы тәрізді байлардың есігінде жүрген есесіз күнқақты жалшылары. Солардың бәрін Абай сұрастырып келсе, осы күнде үй іштері тентіреп, қайыр тілеп қалғаны да бар. Әке-шешесі, жас балалары "өлді" деп күнде жоқтап, зар қағып отыр. Сол барлық малшының қазіргі күнде үйлерінің барша жандары аштыққа, жыртық-шоқпыт қорлыққа қамалып отыр.
Осы жайын және де әp кісінің атын, бүгінгі тұрған мекенің, әкесін бұлжытпастан, жаңылмастан Абай атап өтіп, Самалбек тілмашқа айрықша өтініш жасады. Өзі атаған бар кедей-кепшіктің аттарын қағазға анықтап тіркетіп тұрды.
Ал, соларды апарып арандатып қайтқан Оразбай, Әзімбай, Жиренше, Сәмен болыс, Жанатай болыстар қылшығы құрымай, өз бетімен кете барды! – деді. Тағы бір кезек Абай тұтқынға түскен он үштен басқа, елге қайтса да қол-аяғы, басы-көзі кем боп қалған және оннан аса сойыл соғарды айтып өтті.
Бұл тұста Абайдың куәлігі бай-бағланның қорлығынан шықпай жүретін есесіз көптің көп заманнан бергі жоғын жоқтаған сөзге айналды. Бұл сөздер куәліктен асып, өкімге ауыса бастады. Жылаулардың жайын жеткізе айтқан Абай сөзі, болысу сөзі ғана емес, айыптау сөзі боп барады. Соны анық аңдаған Тобықтының Жөкен деген тобының ортасында отырған жастау, бұзық болыс Сәмен дабырлап сөйледі. Өз қасындағыларға Абайды кінәлап сөз қатты.
