ҚАПАДА
ҚАПАДА
1
Абай мен Дәрмен қоңыр адырдан асып, төскей қоныс – Молалы суға жеткенде, күн батуға тақаған. Күздің бұлыңғыр күні айықпады. Ертеден кешке дейін қатты қара жел соғумен болды. Онсыз да тозығы жеткен көп жатақтың аулы қазір, әсіресе, жүдей түскен жадаулықта. Жиырма шақты қоңырқай үйлі, жыртық қара лашықты ауылдың тірлік белгісі аз-ақ. Тек әр үйдің ығынан үре шығатын арық күшік, бұралқы қатпа қаншықтар бар. Кейбір үйдің түңлігі астынан жіңішкелеп шалқып шыққан түтін байқалады.
Ауыл сыртында жүрген жан байқалмайды. Талшық болмысын жалғыз-жарым сауынынан айыратын шешелер өз үйлерінің ығында бірлі-жарым сиырларын сауып отыр.
Екі жолаушы өздері іздеген үйді ешкімнен сұрастырмай-ақ, сырт долбарынан айырып таныды да, дәл кеп түсті. Бастап келген Дәрмен. Ол бұл үйге келіп, түсіп жүргендіктен, ескі туырлыққа былтыр жамалып қосылған жаңалау қызыл киізді есінде сақтаушы еді. Бұл шақта ол қызыл киіз оңып, құрым сарыға таман айналса да, жапсыра жамылған қалпы белгі болды.
Жүргіншілер кеп түскенде де бұларды аңғарып, қастарына келген кісі жоқ. Абай бие бауындай жерде өремен жайылып жүрген екі атты көрді. Біреуі Ерболдың ала аяқ қоңыр аты тәрізді. Екіншісі Базаралының бір кездегі теңбіл аты, бұл күнде тарлан бозға айналған. Екі атты таныған Абайдың көңіліне ол аттың иелері түсті. Күн бойғы ұзақ жүрістен қажыған көңіл жайы енді сәл көтеріле берді.
Үй іші бұл кезде "кісі келді-ау" деп селт етпегендей. Адам жоқ иесіз үй болмаса, не бір басқаша орасан күй болмаса, аттан түскен шет қонақты сезгенде иті абалап, әлек, шу жасап жатқанда, қауқары бар үй жанының біреуі не шықса немесе дыбыс берсе керек еді. Бұл үй ондай белгілер жасамады. Абай мен Дәрмен үйге кірген соң ғана ерекше жайдың мәнін білісті.
Кішкене қоңыр үйдің сол жағында, жер төсекте ауру жан жатыр. Екі еркек, бір әйел сол қысылып жатқан адамның ескі төсегіне ентелеп, науқасқа үңіле қарасып отыр. Осы жандардың бейнесін көргенде, Абай мен Дәрмен бар күйді анық аңғарды. Бұларды енді ғана білген дені сау жандар тез серпіле берді. Абаймен ақырын амандасып, төр жақты босатып, орын беріп жатқан – Базаралы мен Ербол.
Әйел үнсіз жас төгумен отырған қалпынан көп ауысып, өзгерген жоқ. Абай бұл адамдармен ақырын, қысқа ғана амандық айтысты да, аурудың халін сұрады. Осы кезде ауруға телміріп отырған әйел науқастың ымдап жасаған белгісі бойынша еңкейіп үңілді де, жүзіне жүзін тақады. Сөйтті де қатты дыбыстап:
– Келген Абай, Абай, Дәрмен! – деп, екі-үш қайырды.
Бетін Абайларға бұрды да: "Келген кім?" – деді, тілі қайта шешілгендей.
Осыдан кейін Базаралы Дәрменге кеңес етті.
– Қасына тақашы. Сені аузына ала береді. Айтпағы бар той деймін! – деген еді.
Дәрмен сырт киімін тастап, бешпетшең күйде жаңағы әйел отырған орынға жүресінен отырып, еңкейе берді. Абай да осы кезде тымағын тастап, төсектің бас жағынан шынтақтап келді. Дәрменге бас түйістіре отырып, әлсіз науқастың көз алдына бар жүзімен көрінді.
Ербол сөніп қалған отты осы шақта құрғақ тезек салып, қайта қоздандырып, үрлей түсіп еді. Енді бір сәтте лаулап тұрып, маздап жанған от Абай мен Дәрменнің жүзін ауру адамға анық көрсетті. Аурудың аппақ сақалы ұзын күйде ұйысқандай. Кесектеу мұрны қазір.сүйірленіп қырлана түскен. Кішілеу көздері ашылар-ашылмастай сәл ғана сығырайып, төмендеген. Ағарған қалың қасы ретсіз ұйпаланып, көзіне қарай жайылған. Дерт жеңген қарт өзіне үңілген екі жүзге кезек қарап, сәл ғана езу тартқандай болды. Өте ақырын ғана дауыспен:
– Абай-мы-сың? – деді. Кірпігін ғана қозғап, өзіне қарай шақырғандай.
Абай оның не тілегенін аңғарып, аурудың сақалына бетін әкеп баса берді. Науқас бұнысын құптап, бас изегендей ишарат жасады да, Абайды құлағынан, самайынан, маңдайынан қоса иіскеп, сүйгендей белгі етті. Көптен көзден шықпаған кесек тамшы, ыстық жастар Абайдың көзінен кәрі досы Дәркембайдың мұрнына, оң жақ бетіне сап-салқын тамшы боп қат-қат тамды.
– Қайран қартым-ай!.. Қадірлім-ай! – деп Абай, өзімен өзі сөйлескендей күрсініп, бір жалын атты. Демі дір-дір еткен өксік тәрізді ауыр күйініш қалпын байқатты. Үлкен адамдық пен мейірімді достық қасиеттерін жиған кең кеуде, аса ащы бір шерменен өзгеше күйзелгендей.
Дәрмен жылап жіберді. Жаңыл да мұрнын тартып, үнсіз жасын төге түсті. Кейінірек отырған Ербол да Абай аузынан шыққан жаңағы жалынды аңдағанда қатты "аһ" ұрғандай боп, дыбыстап күрсінді. Үнсіз, жым-жырт күйде басы-көзін темен салып Базаралы да ауыр уайымға батқан. Лапылдай жанған тезек отының ойнамалы жарығы оның қастарының арасындағы үш тарау терең әжімдерін өзінше бір ереуілдеген көлеңкедей етеді. Кейіс, нала елесіндей айқындай түседі.
Қасына жаңада кімдер келгенін жақсы аңғарып жатқан науқас енді бар күшін, ес-санасын зорлықпен жинап алды. Тағы да қабағымен ишарат жасап, Дәрменді өзіне қарай тарта түсті. Жас жігіт қарт ағасының қиналған жүзіне жүзін тақап, етпеттей кеп еді. Дәркембай баяу салмақпен қозғалған кішкене көздерін сәтке Абайға аударды да, Дәрменге сөйледі. Сөзі сыбыр, бірақ анық естілді.
– Абай сенің... қарызыңнан... құтылды!.. – деген сөздерді бөліп-бөліп, өте ақырын айтты. Аз күшін тартына жұмсап, тағы бір нәрселер айтып қалмақ тәрізді. Қуаты шақ болғанымен, санасы сау, ойы сергек. Есті қарттың жаңағы сөзін естумен қатар, оны қоршай отырған бар достары да ендігі жайды жақсы аңғарды.
Ербол, Абай, Дәрмен үшеуінің де есіне ерте кезде өткен, Дәркембай өзі араласқан бір шақ түскен еді. Ол –Құнанбайдың Мекеге жүргелі жатқан сағатында Тінібай қорасында, Семейде болған уақиға. Сол кезде көзіне көз ауру тиіп, кір орамалмен басы, бетін қиғаштай таңып алған он, он бір жасар бала Дәрменді Дәркембай Құнанбайдың алдына әкелген. Жетімнің қарызы барын айтқан. Сонда Абай аузынан шыққан бір сөз бар еді. Жас бала Дәрменге қарап: "Әкем үшін мен қарыздармын" деген. Сондағы әділ адамның, адамшылығы зор адамның аузымен айтылған ер серті есепті екен.
Бүгін өлім аузында жатқан Дәркембай осы жайды есіне текке алмады. Базаралы мен Ербол да сол бір жайды еске ала бере, өз беттерімен Дәркембай сөзін құптағандай бас изесті. "Сонау шақтағы Дәрмен қандай еді, бүгінгі Дәрмен қандай?", "Абаймен оның екі арасы қандай?!", "Туды" деген жай сөз!", "Бүгінгі Дәрменді бүгіндегі Абайдың баласы емес деп кім айта алады?", "Кейбір туған баладан, аға-ініден, бауыр-жақыннан Абайға Дәрмен сонағұрлым жақынырақ, ыстығырақ, қымбаттырақ десе кім таласады?" Дәркембайдың төрт-ақ сөзбен мегзегені осы. Базаралы, Ерболдай дос-жаранның өз іштерінде талай жайды ойлап өтіп, құптап отырғаны да сол.
Дәрмен мен Абай өз араларын сарапқа салып жүрмеуші еді. Тек қазір Дәркембай аузынан шыққан аз сөзден соң, көңілдерінде, тереңде, іште жатқан бір жарастық жайды аңғарысты. Дәрмен жылай отырып, ауру қартқа тілмен жауап айтқан жоқ. Бірақ басын қайта-қайта еңкейте иіп, изей түсіп, аға сөзін құптағанын танытты. Және содан әрі де Дәркембайдың бір нәрсе айтқалы жатқанын аңғарады.
Аурудың аузы мен көзінен өзінің көзін айырмай: "Тағы да айт!", "Тағы да айтарыңды тосамын!", "Не өсиет айтасың?" –деген жүзбен телміре қарап отыр. Бұл сәт осы екі туыстың арыздасу сәті екені бар жанға айқын. Бір Дәрмен емес, кішкене үйде науқас төсегінің айналасына үйірілген кішкене топтың бәрі де үзілгелі жатқан асыл жанмен арыздасып қалу халінде отыр. Соны аңғарған есті әйел – көзі жасты Жаңыл, сыртқа екі-үш рет алаңдап, өзіне-өзі айтқандай етіп, үн қатты. Сыбырлай берді. Шалының көптен тілсіз, үнсіз жатып, енді ғана соңғы айтарын айтып кетпек болып жатқанын аңдаған сайын Жаңыл жаңағы сөзін, сыбыр сөзін қайталай түседі.
– Рахым қайда жүр? Келмеді-ау! Неғып кешігіп жүр Рахым! Келмеді-ау, әлгі Рахым! – дей беріп еді. Дәл осы кезде сол анасы көп күткен Рахым да Абай мен Дәрменге сәлем бере, кіріп келді.
Бұл күнде жасы он төрт, он беске келген, бала жігіт Рахымның бойы бойшаң, ақшыл жүзі ашаң, арықтау екен. Ол кіре салысымен шешесінің үнсіз қол бұлғап шақырған ымы бойынша тымағын тастады да, әкесінің төсегіне Дәрменмен қатар отырып, үңіле түсті. Дәркембай Дәрменнің қасында өзінің жалғыз баласының, жас баласының жүзін көргенде қатты қобалжып, бір толқын оймен түйіліп қалды. Реңі қашқан жұқа еріндерін жиыра тістеніп, өте ащы бір зәр жұтқандай шер тұтқан-ды.
Абай танып отыр. Қарт досының осы бір сараң ғана бет белгісінде оның бар арманы, айтары сезілгендей. Бұл дүниеден әкетіп бара жатқан бір зары білінгендей.
"Жасы жетпей, бұғанасы қатпай, жетім-жалқы боп жалғыз мынау балам қалып барады. Қолында өнері жоқ, алдында малы жоқ, айнала пана жоқ. Кімге қалып барады?" – деген ой, "күні не болады" – деген қауіп, күдік Дәркембайдың діңкесіне, әсіресе дөп тигендей. Осы жайды ойлай отыра, Абай Дәркембайдың жүзін бақты. Аузынан тағы бір айтсам деген арманы шығар ма екен, жоқ оған мұршасы келмей, әлі жетпей өтер ме екен? Айтылып болмаған арманымен үзілер ме екен! Ондай қасірет мынау жұмылған ауыздың ішінде шығарман боп тұрып, шыға алмай кетсе, оның өзі де бір жаза ғой! – деп, қиналып ойланып еді.
Жаңағы сыбырлап айтқан азғана сөзінен соң ұзақ үнсіз жатқан Дәркембайдың көзі Дәрменді өз қасынан босатпай, әлі өзіне қарай "тыңдай түс" –дегендей тартып жатқан-ды. Сол себепті де Дәрмен бұған "тағы не айтасың?" – деген тәрізді көз айырмай қадалып отыр. Енді бір шақта Дәрмен мен Рахымға кезек көз аударып жатқан Дәркембай, тағы бір нәрсе айтарман болды. Еріндері сәл қыбырлай түсті. Сол сәтте тағы да айқын сыбыр естіліп еді. Дәрмен анық ұғынып, нық тоқып алу үшін ағасының аузына өзінің құлағын да тақай төнді.
– Рахымды саған тапсырамын... Осыны адам ету жайын сен де өз мойныңа қарыз етіп ал!.. Сонымен ақта Абай тәрбиесін!.. – деп, бұнымен сөзін бітіріп, енді көз қиығын Абайға бұрды. Жаңағы Дәрменше Абай да еңкейіп құлағын тақады. Аурудың бұған айтқан сыбыры тіпті әлсіреп және қысқарып, азайған еді.
– Рахымды оқуға... берші! Бұны да адам етші!.. – деп, соңғы арыздасу сөзін осымен тамам етті.
Дәркембай енді сұлық түсіп, жым-жырт көз жұмып қалды.
Үзіліп бара ма, жоқ арыз, өсиет айтамын деп әлсіреді ме, білу қиын. Абай науқастың тамырын ұстады, сол, өте сирек, болар-болмас қана соққан қыбыр бар. Үй іші аурудың жүзіне әр сәтін бағып, қадала қарап отырып, енді бір болжау жасасты. Өздерінше долбар айтысты.
– Жаңағы сөзден әлсіреді ғой, тыным алсын! – деп Базаралы байлаған еді.
– Қайта-қайта сұрап, "келе ме, келді ме" деп, Абай мен Дәрменді тосып еді. Бұларды көріп, арманын айтқан соң, енді тыныштық алды білем! – деп Ербол топшылады.
– Сол қалғығандай... Ұйқыға кетпеді ме екен! – деген үміт сөзін жас Дәрмен айтқан еді.
Абай мен өзге үлкендер бұның сөзіне жауап берген жоқ, олар біліп отыр. Бұндай халге жеткен ауруда дәл бұндай сәтте ұйқы болмайды. Ол барлық пен жоқтық арасындағы бойсұну. Үзілермен шақтың бірі. Дәрмен сияқты жас әуелі өлім көрмеген тәжірибесіздігін танытады. Болмаса ол өзінен кішірек Рахымның көңілін аулайды, үмітін демейді.
Бірақ бұның айтқандарына тәжірибелі үлкендер ілтифат жасаған жоқ. Олардың аңдағандары енді не де болса науқасты тыныш қалдыру керек. Дәрменге сол отырған қалпында қала беруді қолымен белгі етіп бұйырды да, Абай өзі енді төрге қарай, кейін серпілді. Базаралы мен Ербол да жазылыңқырап, дағдылы қонақтарша отырысты. Осыдан соң бұлар жай сұраса бастап еді, Базаралының, сұрауы бойынша, Абай бүгін Қорықтан шығып келген жайларын айтты. Күздің қысқа күнінде аяңмен ұзақ жүріскен екен.
Абай Дәркембайдың қалай ауырғанын, қашан ауырғанын енді анықтап сұрады. Бұл жайды Базаралы, Ербол, Жаңыл үшеуі кезектеп айтысты.
– Ауырғанына, алғаш жығылғанына бүгін төртінші күн! – деп Базаралы бастады.
– Жаңадан жығылса да, науқасының басталуы ауырлау деген соң, мен бұрнағы күні келіп кетіп едім. Сонда да ыңқыл қатты еді! – деп Ербол сөйледі.
– Алғаш жығылғаннан қатты жығылды. Онысы рас! – деп, Жаңыл да енді шай қойып, қазан аса жүріп, сөзге араласа отырды. Неден болғанын да Жаңыл өзінше дәл ойлап, дұрыс түйсінген екен.
– Суық өтті. Осы бір жұмадан бері айықпай тұр ғой, мынау қара суық, қатты жел. Қораға тасылмаған бір отау пішені бар еді, қарағанды сайда. Соған мынау көрші үйдің арбасын сұрап алып, қасына Рахымды ертіп, бір күн ертемен кетіп еді. Барған соң алған жұмысын тындырмай тоқтай ма бұл кісі... Қара дауылдың үстіне қиыршықтап қар да жауған екен. Соған қарамай баласымен екеуі күні бойы шөпті тасып, қораға үйіп те болыпты. Шекпені болса жұқа, омырауы да ашық еді. Жұмыстың қызуымен оны ойламаған ғой. Бейнет ауыр, әл-ауқат аз, киім лыпа нашар... Күн болса өңменінен өтетін қатты жел! Өзге емес, бәрі осыдан болды. Ел жата үйге келгенде: "Жаңыл-ай, қатты жаурап, аса қиналып келдім, осы бүгінгі күн діңкеме тимесе еді!" – деген еді. Айтқаны болды, таңертең өне бойы қызып, жөтеліп, жата алмай қинала бастады... Соның арты міне! – деп, жүдеу жүзді Жаңыл білгені мен түйгенінің бәрін сондай айқын, саналы жүзбен айтып шықты.
Базаралы көп сордың, жүдеулік-жадаулықтың неше алуан қасіретін шеккен адам, өзінің салқын, ащы ойын таратты.
– Белгілі ғой... Жаңылдың жаңағы сөзі аурудың себебін де, тосып тапқан кезегін де ашып отыр. Қай қамауға түспеген Дәркембай еді. Бірақ адам темір емес қой. Көңіл қайратты болғанмен, көне шекпен етке лыпа бола ма? Өр кеудесін имейім дегенмен, қара дауыл қоя ма? Айдалада, омбы қарда, қиян елсізде бір ұя қасқыр қамаса, адам құр қол болған шағында, жаяу қалған халінде: жақсы болды не, мінезді болды не, қымбат, керек болды не, оның – бәрінің көмегі бола ма? Сондай кәрілік, жоқшылық, әлсіздік, лыпасыз жүдеулік, аштық деген сияқты қамаған қасқыр көп қой. Бәрінің жиылып кеп тұсап жыққанын көрмейсің бе? – деді.
Жасы жетпістен асып бара жатқан Дәркембайдың бүгінгі жайын Базаралының бұл айтқан сөзінен орынды, қисынды сөз тауып айту қиын. Абай мен Ербол "рас, рас" десіп, тек қана бас изесті. Осы түнде Дәркембайдың халі ауырлап, сағат сайын мегдете берді. Үй іші ас ішіп бола бергенде, үнсіз сұлық жатқан ауруға, соншалық әлсіз шақтың өзінде де қатты бата бастаған қиналу білінді. Сол, соңғы шұғыл өзгерістің белгісі екен. Енді біразда деміне сырыл араласты. Абай мен Базаралы, Ербол үшеуі де осы дыбысқа елең етісіп, ерекше көңіл бөліскен еді. Үшеуі де ауруға кезек-кезек тақап келіп, ендігі деміне құлақ салысты. Соның артынан бұлар кейіндей отырып, біріне-бірі ақырын ғана айтысқаны сол сырылдың жайы еді.
– Анық сол!
– Сырылдың өзі!
– Мәлім... сол сырыл! –дескен. Кейін тағы бір ет асымдай мезгіл өткен соң, жаңағы жаман нышан араласқан дем ауырлай барып, таңға тақаған кезде Дәркембай дүние салды.
Келесі күні, сәскеден бастап, жиын отырған жатақтың барлық жұрты өздерінің қадірлі қарты, кәрі ағасы Дәркембайдың қазасын күтумен болды. Молалы судан қой өрісіндей жерде, бел астында жатақтың бұдан бұрын өлгендерін қойған көп бейіт бар-ды. Соған ер-азамат Дәркембайдың сүйегін апарып, таза арулап, қойып қайтты.
Абай, Базаралы, Ербол мен Дәрмен бұл әрекеттердің қалың ортасында өздері болып, Дәркембай қазасының бар ауыртпалығын да өз мойындарына алған. Өздері қам еткен болатын. Жақында отырған Ақылбай аулына Абай кісі жіберіп, ол жақтан жаназаға көп адамды келтірудің үстіне, Дәркембайдың үйіне аза ретінде бір сиыр, бір түйе сауын әкелгізіп берді.
Жаназа, қаза күндерінде қонағын атқару үшін Жаңылға тай, қой сияқты сойыс берді. Бұл күнде өз алдына шаруасы әлденіп қалған Ербол да құр қалған жоқ. Ол да бір қара атап және екі сойыс малын алғызып берді. Шамасынша өз көмегін Базаралы да атаған еді.
Осымен Абайлар, Дәркембайдың артында аңырап, жылап қалған Жаңыл мен Рахымды жұбата отырып, жатақ аулында Дәркембайдың жетісіне шейін бөгелді. Бұл күндерде Абай көбінше жақын жердегі, бір бел астындағы Аққұдықта отырған Ерболдікіне барып, екі күндей қонақ болды. Өзінен жұбы жазылмаған Базаралымен де күндіз-түн бірге болысады.
Тағы бір күні, күндіз Жаңылдыкіне келіп, әдет бойынша бата оқи келген адамдармен біраз бірге отырысып, кеш бола Абай Базаралының аулына барып қона жатып қайтты. Сонымен, Дәркембайдың жетісіне шейін Абай жылаулар, жетімдер үйінен ұзаған жоқ. Көбінше мұндар адамдардың көз алдында болды.
Дәрмен жақын жердегі Ербол, Базаралы аулына Абай қонаға кетіп, қайтып жүрген шақтарда, олардан қалып, күндіз-түнін Жаңыл мен Рахымның қасында өткізді. Абайдың да бір жағынан қарайлағаны, сол өзінің баласындай, жақсы көретін інісі Дәрменнің жайы болатын. Дәркембайдың жалғыз сүйеніші, ағайын ішінде ең ыстық көрген інісі есепті болғандықтан, әрине, Дәрмен бұл күндерде бұл үйден кете алмайды. "Жүрейік, кетейік!" – деп Абай да айта алмайды. Олай айту былай тұрсын, егер Дәрмен осылай істемесе, Абай оны кінәлар еді. Дәрменге соңғы күндерде Абай өзі тапсырған бір жайы тағы бар-ды. Ол Дәркембайдың қайтыс болар сәтте айтып кеткен арызынан туатын.
Саналы қарттың өлер алдындағы қамырығы мен арманын Абай Дәрмен мен өзі ғана боп, оңаша бір айтысып, ойласып көрген. Сонда Дәрменге:
– Дәкең сен екеумізге арыз айтып, қарыз артты-ау! Қатты тапсырғаны мынау жас баласы – Рахым болды ғой. Күн көре алмайды, аш-жалаңаш қалады демеген шығар. Бірақ әлдекім боп қалмасын, "біреуің қамқорлық ет", "біреуің адам ет" деп екеумізге бір міндеттің екі басын салмақ етіп салғандай еді. Мен ойласам, мұсылманша оқуы жаман емес екен, өзінің оқуға зейіні де, бейілі бар көрінеді. Мына Рахымды ілгері оқытайық. Сен, Жаңыл мен Рахым үшеуің осыны ақылдасып, біз қайтқанша бір байлау жасаңдар! – деген.
Дәрмен осы жөнде үй оңаша болған кештерде, қонақсыз, бата оқырсыз ертеңгі шақтарда жеңгесі мен інісін ала отырып, көп ақылдасты. Жаңылға да қиын, Рахымға да қимастық тұсау тәрізді болатын бір жай бар. Дәркембай болса қайтыс болды. Енді Рахым кетсе, Жаңыл бір үйде жапа-жалғыз, тірексіз, көмексіз қалмақ керек. Бір әйел бір қораға, азды-көпті дүниесіне жалғыз бас-көз боп отырған үй жоқ қой. Рахым оқуға кетсе, осы жағы қалай болмақ? Ал Дәрменнің бір ойы бойынша, Жаңылды өз қолына алса қайтер еді. Бұнда әке-шешесі жоқ Мәкенмен екеуі ғана бір үй боп отырған жайлары бар. Жаңыл осыларға қосылса, Рахымның бөгеті болмас еді. Ал Жаңыл Дәрменге де, Мәкенге де шеше болар да отырар еді. Жаңылға бұл сөз де жат көрінбейді. Ол Мәкенді әбден жақсы біліп, өзінің туған қызындай, не өз қолына түсіріп алған тума келініндей жақын санайтын, жақсы көретін.
Бұдан былайғы тірлікте Дәрмен мен Мәкеннің қолында тұрса, олармен тату-тәтті болмақтан бөтен ой, басқа мінез өзінен шықпайтынын саналы әйел жақсы аңғарды. Ол осы күздегідей қоныс шалғайлығынан Мәкенді бір ай, екі ай көрмей жүрсе, тіпті қайнысы Дәрменнен бұрын, соны сағынатын. Мәкен де бұған соншалық бауырмал, ыстық тартып тұрады. Жібек талдай сұлу, майда мінезімен ол Жаңылға өзгеше жаққан.
Сөйтіп, Дәрмен: "Рахымды оқуға босату үшін сізге Мәкеннің қасына бару лайық" дегенде, Жаңыл ішінен шүкірлік етіп, қуанып та қалды. Күндердің бір күнінде солай болар деп, көнгенін де Дәрменге білдіріп қойды. Бірақ сонымен қатар бұл әйел Дәркембайдың артын, әруағын және оның қазасын күту деген қарызды ойламай қоя алмайды. Берер пұлы, ішкізер асы, кигізер киімі болмаса да, бар жатақтың басына көтерген, әкесіндей көрген, асыл қарты Дәркембай еді. Соның қырқы өтпей, не жыл мезгілі болмай, былай айтса "бет топырағы жасырынбай жатып", оның үйі жоқ, орны жоқ болғаны жұртқа да бату керек. Жаңыл да көнерлік жай емес. Олай болса, Жаңыл қазір тілегенмен, талпынғанмен Дәрменнің қолына бара алмайды. Дәркембайдың шаңырағын бұл арадан әкете де алмайды. Із-тозсыз, белгісіз етіп те кете алмайды.
Ал бұл жерде қалқиып, ерінің артын күтіп отыру үшін Жаңылдың қасында тым құрса осы күз, қыс бойы, келер көктемге шейін, не жазға шейін Рахым бірге болмаса болмайды.
Міне, осы жай-жағдайдың әр жағын ойлаумен Жаңыл, Дәрмен, Рахым үшеуі бірнеше күн өткізсе де, анық бір шешу айтыса алмаған. Тек Дәркембайдың жетісін беріп болған соң, Абай мен Дәрмен бұл ауылдан қайтатын шаққа жеткенде, жаңағы түйінді Абай ақыл қоса отырып, Жаңылмен бірге шешті.
Бұл жерден Жаңылдың қазір де, қыс та кетпеуін Абай да дұрыс көреді.
Ол жағына келгенде Жаңылдың сөздерін Абай түгелімен мақұлдайды. Бірақ қыстауға қонып, ас-суын әзірлеп болған соң, Рахым биылғы қыстың көбін Дәрменнің үйінде Ақшоқыда, Абай аулында өткізсін. Сонда мұсылманша да, орысша да азырақ түртініп оқи берсін.
Ал келесі жылы, Жаңыл Дәрменнің қолына көшкенде Рахымның қалаға барып, қалауынша мұсылманша, не орысша оқуына тұсауы кеңиді, алды ашылатын болады деген.
Жаңыл қыс бойы мүлде жалғыз болмас үшін, Рахым ай сайын бес күн, он күнге шешесінің қасына келіп, қайтып тұрады. Міне, Абай мен Дәрменге өлім аузында Дәркембай айтқан арыздың арты осылай аяқталды.
Енді Абай мен Дәрмен аттанар кезде Абайды Базаралы ауыл сыртынан оңашалап шығарып алып, бір азғана жайды айтты. Ең әуелі Базаралы өзі де Абайға мәлім, биыл науқасы үдей түсіп, жүдеуі асып барады.
– Баяғы бір бунап, бір босатып жүретін ескі науқасым кәрі лаңқадай боп кетті. Сол құрғыр құяң буын-буынымнан ұстағанына тоймай, енді жүрекке де шауып жүр. Биыл бір-екі рет жүрегім қысылып, талып қалғаным да болды! – деп, әуелі өзінің науқас жайын айтты.
Абай осы бір жұма ішінде Базаралының жүдеулік үстіне қартайып қалғанын, әл-қуатының азайып, жүз реңі қатты өзгеріп, қуаң тартқанын аңыстап жүр еді. Бірнеше рет Базаралыдан саушылық жайын сұрағанда, ол сараң сөйлеп, жұрт көзінше және Дәркембайдың өлім, қазасы үстінде бұл жөннен шешілмеген. Таратып ешнәрсе айтпаған болатын.
– Менің жасыма жеткенде, кейде ойласам, жақыныңа, жан күйеріңе алдымен айтатын сырдың бірі – денсаулық болады екен. Соны "дәрменім азайды" деп, көпке даурықтырып, дақпыртып айтуымның да жөні жоқ. Жақыннан жасыратын жайым тағы жоқ деп, саған айтып отырмын! – деген.
Абай, аға досының бұл жайды оңашалап айтқанын өзінше түсінді. "Айналада жауы көп. Аңдысып, арбасып, алыстан болса да бұның басына пәле тілеп жүретін қаскөйлер бар. Жамбасы жерге тигенше солар "асқақтамасын, басын-басын" деп ойлайды ғой. Және ердің бәрі жарасын жарыққа салмайды, қолынан келсе өзі ғана біліп, өзі ғана "жалап жазуға тырысады" деп бір ойлады. Абайдың көңіліне әлдебір жолбарыстай, қабыландай қайратты жансебіл жандар елестеді.
Абай: "Базаралының осы сөзінің тағы бір арты бар ғой" деп сонысын сұрады. Досының ендігі сырын бақты. Ойлағаны рас, Базаралының шын тағы бір айтпағы бар екен. Тары да Ырғызбайдың сотқарлары бұл жолы Шұбарды, Әзімбайды бір араға қосып және бір пәленің шетін шығарыпты. Базаралыны тура атамаса да, қасында отырған іні көршісі Әбдіні қадап айтып, "ұры" деп, "айыпкерім" деп пәле салып, жала жауып отыр.
– Биыл жазда Әзімбайдың бәйгекер ат дейтін, тақымына басқан дей ме, бір аты жоғалыпты. Сұрау салып, айналаны шалып, бірде-бір дерек таппай қояды. Соған қарамай, "осы атымды Базаралы ұрлапты, ұрлаған өзі емес, Әбді" – деп жала жауыпты. Соған сұрау да салып, жақында Шұбар өзі келіп, Тәкежан мен Әзімбай жіберді деп, Ырғызбайдың тобы жіберді деп, салмақ салды. "Не мына Әбдіні ұрымыз етіп, қолымызға шығарып бер, не болмаса ақтасаң, кепіл бол, жаныңды бер" дейді.
Ауру Базаралы бұрынғыдай емес, жалындап айғайын салып шыға алмай отыр. Бірақ торға түскендей бір жағы ауру, бір жағы жау, қамауда тұрса да, Әбдіні "қара" деп айтпапты. Себебі, көзі жетеді, ол ұры емес. Ал жуанның зорлығы мен зомбылығына шек бар ма? "Ақтасаң, жаныңды бер" – дейді. Оған Базаралы: "Жанымды текке бермеймін, әрі ақ деймін, ақтығының себебіне жанымды беріп жалынбаймын. Өлсем де осыныммен кетемін, былығыңа бас имеймін" дейді. Онысына қоймай, Шұбар мен Әзімбай екеуі қосылып, қасына бес кісі Ырғызбайдың содырларын ерте келіп, тағы әбігер жасайды.
Сонда Базаралы: "Мен Әбдіні ақ деймін де, сонымда тұрамын. Ал сол Әбдіні анық "қара" дегенге "көзім жетті, күмәным жоқ десе, жасы пайғамбардың жасына жетті ғой, анау Тәкежан өзі жанын берсін де, Әбдіні де, мені де қоса өлтірсін!" депті.
Бұнысы Базаралының өзіне сай мінезі еді. Әрі ақылы кемел, әрі және ерлігі батыл байлауы болатын. Осыдан соң, Базаралының айтуынша, жол мен жүйеден жеңілсе де, жуан Ырғызбай сотқарлары тоқтамапты. Жақында, осыдан он шақты күн бұрын Шыңғыстың бөктерінде, Тәкежан аулына бар Ырғызбайдың Әзімбай, Шұбар бастаған ақ сақал, қара сақалы жиылып, баталасып аттанысып-ты. Айтысқандары: "Базаралыға қыласыны қыламыз, үйелменімен өртейміз. Ара түсетін ағайыны болмасын. Кімде-кім Жігітек баласынан оған болысам десе, бүгін тағы анттасып, баталасқан бойымызша, сол қорған болам деген Жігітекті, тағы басқа жекжатты түгелімен соямыз!" – депті.
Топтарын тағы да күшейтіп, Базаралыға зіл-зәрін батыра түсу үшін Жігітектен шыққан пәле басы Әбділдә деген биді ат беріп, ас беріп, қасына ертіп апты. Ол соңғы кезде малы індетке ұшырап, қыстың жұтына ілініп, кедейлеу тартып жүрген. Өзі белгілі алаяқ, алдамшы, "қужауырын Әбділдә" деп аталатын пәлеқор бидің бірі болатын. Бүгінгі алымын "кедей боп қалдым" деп зарлай түсіп, ардан аттап ала жүретін осы би жаңағы анттасқан топтың ішінде бопты. Бұл жайды айтып келіп, Базаралы қысылмаса да күйінеді.
Абайдың есінде болсын деп білдірумен бірге, өзі кешірген өмірге ащы бір мысқылын айтты.
– Өлейін десең, көрге де жібергісі келмейді. Онда кетсе, Базаралы аман кетіп, жетісіп кетер ме екен деп, тағы қызғанады. Соны ойлап, мыналар кем қойса көріме шеңгел тастайын деп отыр-ау деймін! Ал тағы тұрып қалдым. Сенің жыныңды келтіре түсу үшін, көзіңе қанды сүйел боп басыла түсу үшін, "ал өлмедім!", "көнбедім!" деген боп жүріп жатқан күйім бар! –деп, көзін қысты. Үлкен бір саналы, ерлік қалпымен қарады. Абай күтпеген сәтте, баяғыдағы бір өр мінезіне басып, ескісін еске түсіріп, сылқ-сылқ күлді. Осы тұста, жаңағы отырыста, ең алғаш бастаған сөзінің түйінін өзі де шешті.
– Сен бір жұмадан бері менің ажарыма қарайсың да, әл-қуатымды, ауруымды сұрайсың-сұрайсың кеп. Ал мен жұрт көзінше сонымды айтпай қойдым. Қасыңда жатып жүрген күндерде кей сәтте жүрегім аузыма тығылып оянам да, сонда да білдірмей қоям. Не себі боларын қайдан білейін, әйтеуір екі көзім жұмылып, қара жердің қойнына кіргенімше, тым құрса жауларым "әлі Базаралы тыйылған жоқ, жапырылған жоқ, бойсұнған жоқ!" деген дақпыртымен жүре берсін дейім. Діңкем құрыса да, бұл дертімді де тығып жүріп кеп, өзіңе ғана айтып отырмын! – деген.
Абай Базаралымен қоштасып аттанғанда, үнсіз, үлкен толқын ой әкетті. Қазір күз аспанында бірін-бірі қуалай аунап, ауысып жатқан ауыр сұр бұлттардай суық, ауыр ойлар.
2
Қыстың басы тақау болғанмен, әлі қар түсе қойған жоқ. Бірақ қара суық мезі қылғандықтан, Ақшоқыдағы ауыл бұл күнде тегіс жылы тамға кірген. Әр үйде күн арала сып пеш жағылатын. Өзінің бөлек тамына, Баймағамбетпен бір қорадағы оңаша тамға Дәрмен мен Мәкен де кірген.
Абай қарсы үйде оңаша отырып, соңғы он шақты күннен бері кітапқа, қағазға күндіз де, кеш те үңіліп еңбек етеді. Түкпір үйде Мағаш пен Кәкітай да өз алдарына кітап оқып ізденуде.
Оның екеуі де бұл күндерде орысша кітаптарды, әсіресе жеңіл тілмен жазылған қызық романдарды көп оқитын.
Өз мәжілістерінде сол оқығандарын ауызша әңгіме, ертегі қып айтысып отырады.
Соңғы күндерде Дәрмен де оңашалығын сүйеді. Жылы, жайлы бөлмеде ол безілдетіп домбыра тартады. Өзімен өзі күңірене қосылып, кейде қысқа қайырып, кейде өндіріп жосылта жөнеліп, жаңаша туған бір соңғы жырларын еспелей береді. Мәкенді күндіз Әйгерім өз қасына алады. Ол екеуі тамға кіре бере қолдарына алған бір үлкен шебер, көркем істің соңына сарылады. Бұлар қазір әр түсті манатқа кесте шегеді.
Осыдан бірнеше күн бұрын екеуі қолдарына қағаз, қарындаш алып, өздерінше ою, өрнек түрлерін аса көп сызған. Мәкен өнерлі, ісмер, кесте мен оюға әсіресе шебер екен. Шешесі берген үлгі, тәрбиенің оған аса бір жақсы қонған жағы осы кестеші және тігіншілік, үлгі тапқыш шеберлік зейінділігі болатын. Қазіргі күнде Әйгерім ғана емес, Мағаш, Кәкітай, Әлмағамбеттер де Мәкеннің оюларын, жаңадан пішкен тымақ үлгілерін, жақ өрнектерін әрдайым мақтай түсіп, бағалап жүрісетін.
Бұлар ғана емес, Абайдың өзі де оның қағазға сызған үлкен-кішілі ою, кесте нақыстарын, гүлдерін, шеберлеп қиыстырған "қошқар мүйіздерін", "үшкілдерін", "қазтабан", "құсмойын", "қарлығаш қанатшасын" қызық көріп, көп үңіліп қарайтын.
Әйгерімнен қай кесте, қай оюдың қандай орынға келетінін сұрастыра отырып, Абай кейде әлдебір өрнектерге жұмсайтын түйін жіптің түрлерін, бояуын да өзі бірге таңдасады. Екі шебер әйел осылайша, қыстауға қона бере бастаған үлкен істеріне ауылдағы үлкенді-кішілі ерлерді де қызықтырып, араластыра жүреді.
Әйгерімнің жаздан бергі қалашыларға әдейілеп тапсырып, алғызып жүрген манаттары, мәуіттері, мақпалы мен дүриясы, түстері мол түйін жіптері қазір түгелімен керекке жарап жатыр. Биыл Әйгерім мен Мәкен бір жақсы, үлкен түскиіз оюлап, кестелеуге кіріскен. Осылайша Ақшоқыдағы ауылдың екі қорасында, әр бөлмесінде әралуан еңбекке берілген, адал еңбек адамдарының күндері өтіп жатқан-ды.
Абай үшін бұл күз айрықша бір жемісті, шабытты еңбек күзіне айналып келеді. Кей түнде немесе таңертең ерте шақта Абайдың оңаша отырып, жазып тастаған қағаздары ең алдымен Әйгерімнің қолына жинала беретін. Кішкене, аппақ әжімсіз саусағымен Абайдың соңғы, бүгін таңертең жазған бір өлеңін, күндегі әдеті бойынша Әйгерім және де Мәкенге әкеліп оқуға бұйырды. Мәкен хатқа жүйрік, Абай сөздерін бұдан бірнеше жыл бұрын да Мағышпен бірге жаттап өскен. Өзі көшіріп алуды да дағды еткен. Жарым табақ қағаздың бетіне жазылған сөзді Әйгерімнің әкелуін қазіргі шақта Мәкен күн санап күте жүретін.
Қарындашпен кесек жазылған, оқуға өте оңай, ірі, сұлу Абай жазуы әр шақта, ең алғаш Әйгерім қолымен бұған әкеліп берілгенде, Мәкенді ұдайы асықтыра, қуанта әсер етеді.
Бейне бір өзіне арналған аға, әке сәлем хатындай көреді. Кейде қоңырқай, сұрғылт жүзіне сәл толқын қызғылт нұр шығады. Қобалжытқан қуанышын жасыра алмайды. Әйгерім Абай хатын ұсына тұра, әрдайым Мәкеннің жүзіне қарайды. Қиылған жіңішке қастары сәл ғана діріл ете, қозғала түсіп, Мәкен әдемі, кішілеу, ойлы қара көзін қағазға үңілтеді. Сол сәтте толықша, кішкене аузы сәл ашыла түсіп, сол жақ езуі үнсіз ғана жымиғаны білінеді. Мәкеннің көзі тура қарағанда кішілеу көрінгенмен, ұзын боп біткен. Өзгеше бір келісімі бар, адамға айрықша тартымды, ыстық отты көздер.
Әйгерімнің өзі де әлі балқып толған нұрынан кемімеген. Сұлулық, сүйкімділік қасиеттері бірдей үйлескен қалпында ол Мәкенге, жаңағыдай шақтарда, қызығып қарайды. Өзі әлі де бар жанымен сыйлап, сүйген жарының хатын жас келіннің оқуға ынтық болғанын көргенде, Әйгерім анадай мейірлене түседі. Ол соңғы күндерде Абайдың өлең жазып, Мәкеннің соны бұған оқып беруін өздері үшін айтылмаған, аталмаған, бірақ ерекше бір қызық, қымбат ыстық шақтай біледі.
Күнұзын ұзақ сарылатын еңбектерінің бас кезін, не орта шағын Абай өлеңдерімен, жаңа жазуларымен бөліп отыру бұл есті әйелдің екеуіне де енді бір саналы қуаныш, рақат болып алған.
Жаңа Әйгерім Абай отырған бөлмеге барып, алып келген екі табақ қағазға жазылған сөздер Мәкенге тиісімен, ол әдемі қоңыр үнімен оқи бастады. Әйгерім өзінің дағдылы орны Мәкеннің жоғарғы жағынан орналасқан. Мәкен бірде оған жүзін тура қаратып, біресе сәл қырындай түсіп оқып отыр.
Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң арқалан,
Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан! –
деген өлеңді әуелі демін үзбей, түгел бір оқып шыққан Мәкенге, Әйгерім қайтадан, басынан түсіріп тағы да оқытты.
Мәкеннің өзі де өлеңнің кейбір жолдарын ішінен қайта оқып отыр еді. Бұл өлеңнің алғашқы жолдарын есінде сақтап алған Әйгерім енді бір сәт, ақырын ғана қоңыраудай күміс үнді сұлу күлкісімен күліп алды.
– Ағаңның алғашқы сөздері бізге де айтылған сөз десек болатын-ау! Өзі ауызша да айтады ғой. Кімде-кім есі бар, қайраты бар, бойында жігер, талабы бар адам болса, еңбексіз өмір кешуге жол жоқ деп! Маған десе патшаның қызы мен қатыны бол, арамтамақ болсаң, қор боласың, дейді. Мынада айтып отырғаны да сол ғой! – деп, аз бөгелді де: – Бірақ "кірпіш" дегені қалай? Сол арасын сен екеумізге өлшесем, көкейіме қона қоймайды! – деп және күлді.
Мәкен бұл өлеңнің соңғы жағын Әйгерімге қайта оқыды... Ондағы жолдар әрі ісмер, әрі сұлу, әрі бар мінезі, зейіні өзге әйелдерден артық біткен шебер, сұлу Әйгерімді және де ойландыратын тәрізді. Бірақ ол тұста, Әйгерімнен өздері төмен болса да, оны қызғанышпен жек көретін абысын-ажын дегендерге басқаша мінез жасауға үйреткендей. Кейбір жолдар бұл тұста, Мәкеннің көңілінше тура Әйгерімге дәлдеп айтқан дос, тілектес, өсиет сияқты. Сол тұсты Мәкен сұлу сыпайылықпен өзіне жарасатын қалпында, сол жақ езуін тарта, жымия отырып, қайта оқып берді.
Өзіңде бармен көзге ұрып,
Артылам деме өзгеден.
Күндестігін қоздырып,
Азапқа қалма езбеден.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға! –
деп Мәкен тоқтағанда, Әйгерім енді бұл өлеңге сүйсініп, шіміркенген қалпын білдірді. Бір толқын қызыл нұр оның өз жүзіне де ойнап шықты. Аппақ сұлу тістері сәл ашыла түсіп, сылдырлай күліп, бейне бір ән салғандай сұлу үнмен әзіл айтты.
– Мен жаңа аңдамаппын, анық сен екеумізге бейім сөз мынада екен ғой, сен дұрыс аңдапсың! – деді.
Мәкен момын ғана үнмен қостай отырып:
– Ең соңғы жолдары, Кіші апа, сіздің маған ұстаздық етіп, мынау кесте тіккізіп, баулып жүргеніңізді де айтқандай көрдім, – деді.
Ұстаздық қылған жалықпас,
Үйретуден балаға! –
деп, қайталап оқыды.
Осылайша әрбір күн, сәт күннің не жауынды бұлыңғыр таңертеңгі, не сәл уақытқа күн көзін көрсеткен, айналадағы сары адырды алыс, сары алтындай жарқырата жадыратқан түс шағы талай ойлы, сырлы жолдарды тудырып жатты. Көбінше ауыл ұйықтап, үй іші түгел тыныштық алып, жалғыздық жым-жырт шақта, түн орталарында дөңгелек үстел қасында туған өлең жолдары, тағы осы күздегі ел қамындағы ауыр ойларды толғайды.
Сондай кездің бірінде, әнеугүні Дәркембай үйінен аттанатын шақта Базаралы айтқан Әзімбай, Шұбар мінездерін ақын еске алған еді. Олар Базаралының айтуынша жиылады, топ қасқырдай бастарын бір араға түйістіріп тұрып, қан құмар тұмсықтарын "е" дескендей бір сәтте, тегіс аспанға көтеріп, ұли жөнеледі. Сол ұлу, шулау үстінде кезекті шабуылына кезеніп, әзірленеді де, қар боратып, екпіндете жосып, ойда жатқан момын қойлар қотанына құйындата соқтығады. Қанды шабуылын жасайды. Мыналар да сондай ұялас, қанды ауыз, дәніккен бөрілер. Алыстан жемін аңдап алып, бас қосқанда анттасып, баталасып, бірін-бірі қайрайды. Жауыздыққа, жаулыққа баталасады. Жазығы жоқ жақынды, жалғыз бен жалқыны жем етуге анттасады. Сол үшін өздеріндей бүліктен, бұзықтан көмек жияды. Біреуді еліктіріп алады, біреуді қорқытып ертеді. Тағы бір Әбділдә тәрізді, амалсыз болса да пәле тілеп сатылған биді "аттың сауыры", "түйенің өркешіне" арын айырбастатып, сатып алады.
Осылар жайын ащы бір ызамен еске алғанда, Абай көз алдына Базаралыны келтірді. Оның әрі жазықсыз, әрі таза, соның үстіне сыншы, ойшыл қабілетті жүзін көре отырып, ызалы жолдар тізген еді.
Антпенен тарқайды, Жиылса кеңеске. Ор қазып байқайды, Туа жау емеске!.. ...Аз адам шаршайды, Ебіне көнбеске. Басы ыңғай қайқайды, Амал жоқ өлмеске!
Осы жолдарды тере отырғанда Абайдың көз алдына жаңағы ұялас топ қасқырдың ұлуға бейімдеп, бір сәтте тұмсық көтерісіп, бас қайқайтқан қалыптары елестеді.
Бұл өлең Дәрмен үйінде домбырада, Мағаш пен Кәкітай қолында көшіруде, Кішкене молда оқытып жатқан балалардың қолында, бөлек қағаздарға жазылып жатталуда болатын. Жеміт болыс, тойымсыз айлакер, сұрқия мінезді Әзімбайдай жауыздар туралы Абай айтқан аса ащы мысқыл, атақты өлең де осы күндерде Ақшоқыда, жаңағыдай бір сәт күндерінде туған. Ол мысқыл, ажуа, ызалы шебердің тілі мен жүрегінен мынадай кестемен жадырай тараған-ды.
Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек?
Жұрты сүйген нәрсені о да сүймек!
Ішің берік боп, нәпсіге тыю салып,
Паңсымай, жайдақсымай ірі жүрмек.
Кісімсі қайда жүрсең олжаға тоқ,
Шоқыма халық көзінше қарғаша боқ!
Жұрт бала, ешнәрсесін тартып алма,
Білдіртпей еппен алсаң залалы жоқ! –
деп тұрып, парамен байыған Тәкежанды, бұл күнде әке жолына түсіп ап, үш жерге қыстау салып, қатты байып бара жатқан Әзімбай болысты да еске алып отыр. Өз болыстығын айлалы, шеберлікпен қу парақорлыққа жұмсаған Шұбарды да еске алған. Сондай атқамінер, жуан бел болыс әкімдердің талайының мінезінен қорытып кеп тудырған өлең, ызалы мысқыл жамбысындай шықты.
Бұл өлең, жыр да Ақшоқыдай еңбек аулында туып, сан рет көшіріліп жатталып, домбыраға, әнге түсіп айтылып жатқан шақ еді.
Міне, дәл осындай өзгеше өнімі бар, жемісі мол қоңыр күзде, тағы бір шаңқай түсте, ойда жоқ, өзгеше суық хабар жетті. Қаладан қос аттап шапқылап Баймағамбет кепті. Ол өз үйіне соқпастан, бірде-бір жанмен тіл қатысып сөйлеспестен, асығып, аптығып кеп, Абайдың үстіне кірген. Бұның осылай дағдыдан тыс келгенін сырт ажарынан аңдаған Әйгерім, Мағаш, Кәкітайлар Абайдың үстіне үнсіз ғана кіріскен еді.
Баймағамбет Абайдың алдына кеп жүгініп отыра бере, амандасуға, сөйлесуге келмес бұрын, қойнынан алақандай қағаз суырды да, ұсына берді. Бұл телеграмма Алматыдан, Әбіштен келген хабар еді.
– Әбіштен тіліграм!
– Өзінен бе?
– Не депті?! – дескен үзік-үзік күдікті сұрақтар кеудеден күбір-сыбырдай әлсіз шығады.
Абай ұзақ телеграмманы баяу оқып шықты. Анықтап, аңғарып болғанша, қасына Мағаш пен Кәкітайды шақырып алып, оларға да оқытты. Өзі тағы да бастан-аяқ іштей оқып, енді анық аңдады. Бұл телеграмма хабары Абайды қатты шошытты. Екі көзі оймен жоғарылап, көтеріле қарағанда, Әйгерімге шатынап кететіндей көрінді. Шарасынан шыққандай, қатты шошыған қалпын танытты. Қоңыр жүзі аппақ боп бозарып, көйлекшең отырған қалпында кең жеңдер! дірілдеп тұр. Ол ойланып қалған. Шошыну үстінде үй ішіне айтуды да ұмытып, не дерін, не істерін білмей, өзгеше үркіп қалған.
Абайдың ажарынан қатты сескенген Әйгерім бастаған үй іші үнсіз қыбыр етпей, жым-жырт бола қапты. Бұның жүзіне өтінішпен қараған Әйгерімнің жайын енді аңдаған Мағаш орысша жазылған телеграмма сөзін естіртіп, қазақшалап айтып берді.
Алыстағы асыл бала, ардақты азамат жайынан жеткен хабар шынымен барлық жанды қатты шошытып, өте суық естілді.
"Екі айдай ауру едім, қазір лазаретке түсемін. Мағышты үйге қайырдым. Тезінен Мағаш мұнда келсін!" – депті.
Тегінде, Әбіштің денсаулығы нашар екендігі бұл отырған дос-жаранға ертеден мәлім. Тіпті Петербургте оқуда жүргенде "сол жаққа баруды қойса қайтеді, оқуды тоқтатса не етеді!" деген қауіп пен күдік жайларын шешелер, қарт-қариялар емес, Абай мен Мағаштар да Әбішке сан рет айтысқан еді. Қазір сөйлеспесе де, Абайдың, Мағаштың, Кәкітай мен Дәрменнің – бәрінің көңілінде сол күдіктер сайрап тұр. Осы төртеуіне, Алматыға кететін жылғы жазда, Мағышқа үйленердің алдында, бір күні Әбіш өзінің саушылығын реніш етті: "Менің өмірім аз!" деп қалғаны бар еді.
Сонда Кәкітай мен Мағаш шошынып, жыларман боп көздеріне жас алып, жөн сұраған-ды. Әбіш оларға сол сәтінде күліп қана жөн айтып, "қалжыңдаймын" деп, қайтадан жұбатқан болатын.
Екі жылдан аса мезгіл өтті. Бұлар Әбіштің хат-хабарын алғаны болмаса, денсаулық жайын дәлді білген емес. Білу мүмкін де емес. Әбіш оны өзінің жиі жазылатын хатында таратып айтып сөз қылмайтын. Енді не деген сөз, не деген ауыр хабар?! Екі айдай ауырады. Қасында докторлар, дәрілер, больницалар бола тұра, жазыла алмаған. Соның үстіне лазаретке түскен. Бұл енді ұзақ төсек тартқан хал ғой. Мағышты Семейге қайырғаны да оңай белгі емес. Жасыра келіп, енді бұдан әрі бүркеуге болмаған соң, жеріне жеткен соң мынадай суық хабар салып отыр ғой. Оңайлық болса әкесін, үй ішін шошытам дейтін Әбіш пе еді! Амалы құрыған соң айтылған сөздер ғой мынау, тастай суық саран; сөздер!
Осы жайды өз іштерінде Абай, Мағаш, Дәрмендер ойлай сала үнсіз жас төгісті. Қатты жылаған әйелдерді Баймағамбет пен Мұқа бөлек үйге алып кетті. Қанша отырғаны белгісіз, Абай енді үлкен жүзінен айғыз-айғыз боп аққан жасын тыймастан отырып, бір сәтте ес жиды. Өзіне өзі келе бере ендігі айтқаны асыға байлаған тығыз байлау.
– Жә, не отырыс бар?! Шапшаң қамданыңдар! Ауылдағы ат жетпейді. Осы отырған бәріміз де ертең таңертеңнен қалмай Семейге жөнелеміз. Мағаш, сен бар қамыңды бүгін жасап ал! Семейден Алматыға жүресің. Кәкітай, Дәрмен, сендер де бірге қамданыңдар! – деді де, қайтадан шұғылынан екі қолымен бетін баса қалып, еңіреп жылап жіберді.
Абайдың бұл күйін көруге шыдамаған жас дос, жақындары, өздері де жастарын төккен күйде, тез тұрып, жүріп кетісті. Қайғылы атаны енді өз ойымен, өз дертімен оңаша қалдыру қажет сияқты. Себебі оның жаңағы шолақ бұйрық сөзден басқа, тіл қатар түрі жоқ. Мұндасар да ойы жоқ. Не де болса бар жарасымен бір өзі ғана болғысы келгендей.
Осы күн еңкейе бергенде Мағаш, Кәкітай, Мұқа болып салт атпен Семейге қарай аттанды. Бұлар жолдағы жақын қостағы жылқыға бармақ. Содан, осы түнде Абай қалаға жегетін аттарды бұнда жібермекші. Өздері Мағаштың Алматыға баратын сапарына керек пұл, соманы әзірлеу үшін, сол қостағы семіз биеден, жарамды сойыс малынан керегін тізіп алып, үрдіс жүріп Семейдің базарына жетпекші. Арттағы Абайлар жеткенше, ұзақ жолдың әзірлігін жасай бермек.
Абай бұл күнді күні бойы және осы түнді де оңашада, жапа-жалғыз қайғыда, ауыр қасірет тебіренткен күйде толас таппай өткізді. Біресе зор кеудені сілкінте, қалтырата шыққан ыстық жалын күрсіну естіледі. Бірде сыбырлап, әлденені сөйлеп кетеді. Қапалық сөздерді жиі-жиі сыбырлап, асығып айтып-айтып кетеді. Оқта-текте бар зар шерінің қайырмасындай етіп, алыстағы асыл баласының атын соншалық ынтызарлықпен қатты сыбырлап атай береді. "Әбішім", "Әбіш", "Әбіштайым менің" – деп қалады.
Шошыған ата көңілі тынымсыз. Таң алдында жалғыз өзі аласұрғандай әлекте отырған халінде, ендігі көңіл жалыны әлдеқандай бір сөздерге оралады. Қатар жолды күйге қайтады. Бұл сәтте де шерден туған қасірет өлеңі оралып, құралады. Ол күрсінуден, жалынудан... шарасыз сенделуден туған күй... Сөзбен шыққан жан жалыны. Жүректен атылған, сол жүректің ыстық қаны. Бусанып, толқып аға берген ыстық қандай сөздер құралып жатыр. Оған ақыл, сана басшы да емес, қазы да емес.
Я, құдай, бере гөр,
Тілеген тілекті!
Қорқытпай орнықтыр,
Шошыған жүректі.
Шын жүрек елжіреп,
Алладан тілеймін,
Шын қалқам осы күн,
Болып тұр керекті.
Жүрегім суылдап,
Сүйегім шымырлап,
Талмастан тілеймін,
Құпия сыбырлап!.. –
деген әлденеше шер, зар толқып-толқып ашыла түскендей болады.
Қандай сөзбен, не айтып жатқанын да Абай түгел андап жатқан жоқ. Әйтеуір тынымсыз да толассыз бір қауіп, шошыған жүректі қатал тұяқпен қатты сығымдап алған. Шеңгелдеп қысып, сәт сайын зәр-зарын төктіреді. Қанша жазғанын, нелер айтқанын, кеудеге сыймас қанша шер тілінің қағазға түспей қалғанын Абай аңдай алмайды. Бірақ Әбіштің жайын ойласа, осылайша оңаша, құпия сыбырлап, күйлі шер шертпеске шарасы жоқ. Бұдан былай да ендігі өмір күйіндей көңіл күйі, қайғылы көй-гөйі осы түннің осы жырларынан басталардай.
Арада бір-ақ жұма өткен соң Әбіштің телеграмы бойынша Мағаш әзірленіп болды да, қасына Майқан дейтін тату құрбысын ертіп және Әбіш жақсы көретін оның елдегі қызықты досы Өтегелдіні алып, Семейден Алматыға аттанды.
Абай, Кәкітай, Дәрмен үшеуі бұл жүргіншілердің қалталарына өз қолдарымен жазған зар хатын, өлең хаттарын салып, бірге жөнелтті. Өздері енді Әбіш пен Мағаштың хабарлары мүлде оңдалғанша Семейден кетпейтін болып, қалаға ұзаққа жайласып, орналасып қалды.
3
Жеңіл кәшаба шананың артқы орнында Абай мен Дәрмен, козлада – Баймағамбет. Жүрдек қоңыр ат басжатақтың көшелерімен кеш батар шақта соқтырып, қатты жүріп келе жатты. Аттың тағалы тұяғы мен шананың табаны тиген қар шықырлап, сықырлай түседі. Шыныланған қалың қар. Ызғырықтап соққан кешкі аяз сақал, мұртқа қырау тұрғызады. Кірпіктерді жабыстырған салқын мұздақ та білінеді. Осы белгінің бәрі де Семейдің қысы мейлінше түскенін сездіреді.
Ар жақтан Ертістің үстімен өткен Абайлар соңғы бір сағат бойында бер жақтың көп жерін аралап шықты. Әуелі Құмаштың қақпасына кеп тоқтап еді. Абай өзі шанадан түспей, үйге Дәрменді жіберіп, осы адреске келген хат-хабардың бар-жоғын білгізді. Көптен күткен Алматы хабары – Мағаштың хаты келмепті.
Бер жақта бұл үйден басқа Абай мен оның бала, іні, туғандары түсіп жүретін қазақ үйлері көп еді. Соның бәрін де қазір бұлар кеш батқанша жіті жүріп, аралап шықты. Жүріс себебі біреу ғана. Ортажатақ, басжатақтағы бірнеше үйді аралап өтіп, жоғарыда, базар сыртындағы бір таныс үйге де соққан еді. Ешбір адреске келген хат-хабар жоқ.
Бірнеше күннен бері осы жайдан қатты мазасызданған Абай, енді қазақ үйлерін арылтып шықты. Көңілдегі күдік пен күптілік аса түсті. Үнсіз жүзінде уайым белгісін танытып, қабағы да салбырай береді. Базар сыртындағы екі қабат қоңыр үйдің қақпасынан Дәрмен құр қол шыққанда, Абай енді Баймағамбетке асыға сөйлеп, тағы бір жайды атады. Онысы Слободканың төменгі қайық аузы жағында, жотада болатын.
Абай почта конторынан хат-хабар жайын өзі кіріп сұрады. Жатып қалған, жіберілмеген хаттың арасында өзіне арналған хат болмады ма екен деп сұрап еді. Көзілдірігін мұрнының ұшына таман түсіре киген ұзын сақалды, қуаң жүзді қарт чиновник Абайдың сұрауынан, ажарынан Алматы хабарына аса ділгір екенін аңғарып, орнықты жауап берді.
Жіберілмей қалған хаттың ішінде Құнанбаевқа арналған хат-хабар жоқ екен. Оны байыптап қарап шығудың үстіне, "Аягөз тұсында бір жұмадан бері қатты боран болып тұр!" – деді. "Жол басылып қалғандықтан, Арқат пен Аягөз бекеттерінің арасында ешкім жүре алмай жатыр. Семейден кеткен почта қазір Арқатта бөгеліп тұрғалы бір жұма болды. Өзге себеп емес, сізге келетін хат та осы күн райының жамандығынан кешіккен болу керек. Тек кеше ғана Аягөзден бері қарай бірнеше почта лауы өтті деген хабар бар. Бергі бет бөгемесе, сол алғашқы лаулар Слободкаға бүгін түнде жетуге тиіс. Бір орайдан, сізге хат келсе, ертең осы лаумен келген почтадан аларсыз!" деген.
Абай үшін бұл да болса сәл үміттей дерек еді. Почтадан шыққан соң, кеш бата бергенде Слободканың орта тұсында төрт терезелі, шатырсыз тоқал үйде тұратын Кәкітайдың пәтеріне аз уақытқа аял етті. Тағы да Дәрменді жіберіп, Кәкітайды сыртқа шақыртып алып, іс тапсырды. Оған почтаның бөгелу себебін айтып, хат келсе, осы түнде келуі мүмкін екенін ескертті. Кәкітай да осындай бір үміт хабарын қатты тосқан күйде елең етіп, ынтыға тыңдады.
Абайдың оған ендігі тапсырғаны, таңертең кеңсе ашылу қарсаңында почтаға барсын да, хат болса алып, тезінен бүгін Абай қонатын үйге жеткізсін. Бер жақтағы осындай жүрістерін аяқтап болған соң ғана, ымырт жабыла бергенде Абайлардың шанасы Дәмежан қорасының алдына кеп тоқтаған-ды.
Бұл үй Абайды осы кешке қонаққа шақырған. Абай келсе, Дәмежанның төргі үйінде қайықшы Сейіл де бар екен. Қалада Абай кездесіп жүретін еңбек адамдарының ішінде мінезімен, сөзімен және қала жайын жақсы білетін есті-бастылығымен Абайға өте ұнайтын адам осы Сейіл еді. Онымен Абай қайық үстінде ғана емес, кейде кезек қонақтасқан үй, пәтерлерінде де бірге болысатын. Қазір Дәмежанның төрінде отырған, жасы Абай құрбы Сейіл тың қонақ келгенде, оған өзі бұрын сәлем беріп, орнынан тұрып, төрге шығарып, қос қолымен қолын да қысты. Не қылса да қалалық сыпайылықты өзінің жаратылысындағы ұстамды мінезділікпен үйлестірген қалпын танытады. Абай бұл үйде өзі ұнататын адамын көргенде, қазіргі ренжіп келген көңіл жайына қарамай, едәуір риза боп қалды.
Сейіл мен Дәмежанның көмегімен бел шешіп, сырт киімін тастап, жайласып отырған соң Абай оларға жақсы шыраймен жадырап амандасты. Сейілдің бұл үйде не ораймен отырғанын Абай түсінеді. Соңғы екі-үш жыл ішінде, Жәбікен өткеннен кейін Дәмежан мен Сейіл, бәлкім, тіпті Абайдың осыларды бір-біріне тәуір сөзбен атағаны да себеп болған шығар, әйтеуір құда болысқан-ды.
Сейілдің жетіп қалған қызы Жанғайшаны Дәмежан өзінің үлкен баласы Жұмашқа айттырған. Биыл күзде Дәмежан сол келінін түсірген де болатын. Қалаға Абай келген сайын оны өз үйіне дәмге шақыртатын Дәмежанның салты бар-ды. Алматыда Абайдың ең жақсы көрген баласы Әбіш қатты науқас дегенді Дәмежан да білетін.
Сол жөнде Абай үлкен уайым етеді дегенді де естуші еді. Осындай кезде Дәмежанның туысқандық, дос-жарлық көңіл білдіргісі келгені де бар. Келінін түсірген соң Абайдай жақсы адам, жақынына дәм таттырмақ. Ол ойы да орынды және Сейілді де қызын ұзатып әкелген соң шақырған жоқ еді. Онымен Абайдың көңілдес екенін білетін Дәмежан, әдейі сый қонағы Абайдың көңіліне жағатын жақынын шақырған-ды.
Аздан соң Баймағамбет, Дәрмен де аттарын жайлап, үйге кіріп, кішкене дөңгелек үстел айналасына отырысты. Бұл кеште шай үстінде және кешеңдеп барып піскен түнгі асқа шейінгі уақытта да Абай аз сөйледі. Ол қаланың бейнетқоры – Сейіл мен Дәмежаннан бүгінгі қала тірлігі, өз өмірлері туралы айтқандарын естімекке ден қойды. Әңгіменің басы шайға отыра бергенде Сейілден Абайдың сұраған бір сөзінен басталған.
Дәмежанның өзі құйып отырған қаймақты қоңыр шайын жадырап іше отырып, Абай Сейілден оның қазіргі әрекеті, қысқы кәсібі, күнкөрісі қандай болып жатқанын сұрап еді. Сейіл әуелі қысқа қайырып жауап қатты.
– Қайық тоқтаған соң өзіңіз білетін жазғы кәсіп қалды ғой! Содан онда-мұнда түртіне жүріп, енді мына қыс түсіп, қар бекігелі забойға кірген ем, сондамын! – деді.
Ондағы жұмысы не екенін Абай және де сұраған.
Сейіл Қасен қасапшының забойында қой сояды екен. Дәмежан да өзінің баласы Жұмаштың сол забойда тері жайып, болымсыз тиын-тебен тауып жүргенін айтты. Осыдан сөз басталып, қасапшы Қасеннің Сейіл, Жұмаш сияқты қала жатағына бұл кезде істетіп жүрген жұмыстары туралы, көрсететін неше алуан қиыншылығы, қыры, қорлығы туралы әңгіме басталды.
Сейіл мен Жұмаш бүгін забойда болған масқара бір жайды бас шайқап, қабақ түйіп, таңдай қаға, түңіліп отырып, айтысып еді. Күйеуі обадан өлген, үш бірдей жас баласы бар Шәрипа дейтін орта жасты әйел, күзден бері аштыққа ұшырап, өлермен боп жүреді екен. Сол забойға барып, Қасеннің довернайы боп жүрген қырсық саудагер Отарбайға жалданады, ішек-қарын аршиды. Таңертеңнен, таң білінер-білінбестен барып, ел орнына отыра зорға қайтқанда, күні бойы істейтіні тек ішек аршу. Бел жазбай, нәр татпай, тыным таппай иіс-қоңыс арасында істегенде сол Отарбай ант атқанның беретіні бес тиын жарым екен. Қаланың басжатағы осындай кезде бірнеше байға, баяғы ауылдағы кедей-кепшікше, сорпа-су үшін де жұмыс істейді емес пе! Қайдағы аш-жалаңаш, арық-тұрық ер мен әйелді қасаптың кезінде Қасен осы басжатақтан жияды. Күйзеліп отырған үйлерді әдейі кісілерін жіберіп, аралатып, еркегін, әйелін, баласын, кәрісін, жас демей, алжыған демей алғызады да, жалғыз "шет копейкеге" дейін бұлдап, өте арзанға жалдайды.
– Істеген еңбекке қарағанда бәрімізге де беретіні еңбектің ақысы емес, мазақ! – деп, Сейіл Қасен мінездерінің шетін бастады. Содан әрі Дәмежан, Жұмаш, Сейіл үшеуі кезектеп қасап үстінде осы басжатақтың кедейі көріп жатқан талай қорлықты айтты. Соның бәрінен өткен бір масқараны жаңағы Шәрипа деген әйел Сейіл мен Жұмаштың көзінше бүгін көріпті.
Кешкі жұмыс біте бергенде, қақпаның аузында Отарбай мен тағы бір ожар, дәу қара Қоңқай деген жігіт тұрып алып, "ішек-қарын аршыған әйелдер май ұрлайды" деген пәлені шығарыпты. Өздері ішіп алған, қызу, қылжақ-мазақ керек. Сонымен, "қойдың шарбысын ұрлайсыңдар" деп әлек салады. Өзге, ет десе, құйрық десе, ол жаласы дарымайды. Өйткені ондай кесек нәрселер болымсыз лыпа киген бала-шағаның, кемпір-шалдың бойынан оңай көрінеді ғой. Ал шарбыны әдейі шатақ, мазақ үшін ойлап шығарған. Және қасаптың қалың кезі енді басталып келеді, осы шақта шошынып жүрсін дегені болу керек.
Бір топ әйелдің алдында келе жатқан Шәрипаның өңі ақшыл, ажары тәуір болатын. Соны жаңағы Отарбай мен Қоңқай "шешін" деп әурелейді. Әйел сыртқы жыртық шапанын шешеді. Одан кейін, ақыры бұйырып кемзалын шештіреді. Бойынан ешнәрсе таппайды. Соған қарамай, "денең толық", "етіңе орап алған шарбы бар, талай майды әкетіп барасың!" деп етегін ашпақ, абыройын төкпек. Артында тіреліп тұрған көп әйел мен еркектің көзінше өлердей қорлап, масқараламақ болады.
Соған шыдай алмай күйген әйел, Отарбайдың бетіне түкіріп жіберіп, жетім балаларын айтып, зарлап қоя береді. Көйлегін сыпыра бастаған Қоңқайды жақтан тартып жібереді.
Сол-ақ екен, қолақпандай екі еркек ұялмастан жабылып, жаңағы бейшара ана, жесір әйелді қар үстіне жалаңаш етін ашып жығып, тепкілеп ұра бастайды. Соған шыдай алмаған Сейіл Қоңқайды және Отарбайды қоса боқтап тұрып, төбелеске түседі де, анау қор болған әйелді арашалайды. Басқа бар әйел атаулы шулап, жылап қоя беріп, шағым айтады. "Бұлардың істеп жүрген қорлығы мен мазағында шек жоқ" деп, жаңағы екеуін жаны күйген әйелдер жұдырықтап, тепкілеп, сабап кетеді.
Осы жайды Жұмаш пен Сейіл біресе түршігіп, біресе ызамен күле отырып айтысып берген еді. Қалалы жерде де бұндайлық масқара қорлық, мазақ болатынына Дәрмен барынша түршігіп, ызамен ширығып отыр. Сейіл мен Жұмаштан Қасен қасапшының забойында тағы не жайлар барын ынтыға сұрап, айтқыза берді. Абай да қабақ түйіп, үнсіз халде қатты түршігіп, қадала тыңдап отыр.
Бір кезек Сейіл өзінің де биылғы қыс амалсыздан осы қасапшы Қасеннің торына түсіп қалғанын айтады. "Жас болса келіп қалды, үстімнен біреуге "әй, өй" дегізіп жүргізбей, орайы келсе өзіме бөлек бір еңбекпен талшық тапсам деуші едім. Жазды күн қайыққа кететінім де сол еді. Қыста біреуге басыбайлы кіріптар болмай, он күн бір жерде, он бес күн бір жерде істесем деп ем. Биыл осы "Жатақтың кедейінің бәрі забойға барып, тиын-тебен тауып жатыр, нан, суып айырып жатыр" дегенмен барып қалып ем. Қасен деген де кесел екен" деп бір қайырды. Содан әрі ол өзінің түн жарымынан тұрып, ымырт жабылғанша тыным алмай қой соятынын айтады. Бұл жұмысты да ол жас кезінде, осы қалаға кәсін іздеп келгенде, өзіне дағды еткен екен. Сойғыштығы сондай, етін бұзбай соятын болғанда, күніне алпыс қойға шейін сойып кете алады. Бірақ сонда да табатыны кейде күніне он бес, кейде жиырма-ақ тиын. Оны да жұмасына бір рет есеп айырарда, жаңағы Отарбай мен Қасен болып қолдарына шоттарын ұстап отырып, "жарым тиын грош шық", "шет копейкаға кір" деп шоттарын сатырлатып отырып, қағыстырып жегісі келеді.
Сондай бір есеп айырған күні:
– "Аш иттің артын сұқ ит жалайды" деп, менің қан кешіп, жын құшып жүріп тапқан жаман-жәутік тиыныма да сұқтарыңды қадапсың. Сендердің-ақ дегендерің болсын. Бірақ осы табан ақы, маңдай терімнен жегендерің желкеңнен шықсын деп, айтқандарына көне бердім, – дейді.
Сейілдің "биыл амалсыздан Қасеннің торына түсіп қалдым" дегені бар еді. Сол жайын Абай сөз таратып сұрағанда, ол тағы бір байдың қала жатағына істеп отырған жеміт қиянатын айтты.
– Жасы он жетіге жаңа ілінген інім бар еді. Кәсіп таппаған соң жаздай қайықтан жиған тиын-сиыныма бір ат, арба әперіп, соны жүк тасуға бержабайға салайын деп едім. Киізші Сейсеке осындай ат, арбасы бар жатақтан жемшік жиып, ұзаққа жүк тасуға жібереді дейді. Баратын жағы Бақты, Шәуешек. "Дүние деген су тегін. Жемшік боп барғанның өзі олжаға қарық боп, күреп қайтады" деп, тағы да мынау Қасеннің қасапқа шақырғанындай кісілерін жүргізіп, жар салады, шырға тастайды. Соған сақалды басыммен мен де алданып, інім де қызықты. Бір сапарға барып кел. Қыс түскенше оралып қаларсың, деп семіз атымен, жап-жаңа бүтін арбасымен жөнелтпедім бе! Табаны отыз кісі жемшік, жетпіс-сексен атпен Бақтыға кеп-кеп кездеме апарады. Қайтқанда Сейсекенің тері-терсегін тиеп келеді. Бұл өзі бір шеті Қытайға, бір шеті сонау Ірбітке, Мәкәржіге кетіп жатқан, саудасының ұшы-қиыры жоқ үлкен бай екен ғой құрғыр. Не керек, өзгесін не қылайын, сол інім жақында келді. Осы күнде үйімде ғаріп болып, сорлап отыр. Қол-аяғы үсіген, домаланып қалыпты. Өлімші боп, зорға жетті. Өзі арығанда екі құлағынан күн көрінеді. Аты болса, о да тері тарамысына ілініп, жүз рет болдырып, зорға жеткен. Сөйтіп, ат арып тулақ болған, ер арып әруақ болған кезді көріп отырмын. Барғаны мен қайтқанында тек қана қара нан, қара суды талшық етіпті. Атының шала жемін ғана беріпті. Ақы-пұлы жоқ. Жөнін айтайын десе, інім үйден шыға алмайды. Өзім де бара алмаймын. Көршімізде жемшік боп кеткен қайықшы, тағы бір өзімдей серігім бар еді. Сол жылап отыр. "Менің баламды да сыртынан сорлатып жатыр" дейді. "Әлі әкелген терілеріңді түгендейміз. Ит жегені, жоғалғаны, жолда істен шыққаны бар, – соның бәрін "пұржөмкеге" аламыз" деп айтады дейді.
– Ал бұлардың тері-терсекті, жүн-жұрқаны "пұржөмкеге" қалай алатынын білесіздер ме? – дегенде, Дәрмен күліп қойды.
– Е, шет-жағасын білеміз. Доп-шоп, мөжемке, пырақ–сырақ! – деп, екі көзіңді бақырайтып қойып тонайтын.
Сейіл Дәрменге құптай қарап, бет әжімін мол жиыра, қатты күлді де, әңгімесінің соңын айтты.
– Сол тері-терсекті "жолда бүлінген" деген боп, отыз кісі жемшіктің еңбек ақысын жегелі отыр. Ат көлігіне бұрын атаған болымсыз пұл-мұлын да бермеудің айласын істеп жатыр. Інім ауру, өзім бара алмаймын. Бірақ бұндағы үйлері ашыққан, өздері тон тоздырып, ат арытып, жүдеген отыз жемшік, күн сайын зар қағып, Сейсекенің қақпасының алдын күзетеді дейді. Міне, Абай! – деп, ас пісер алдында Сейіл Абайға шаққандай бір уайым сөзін қорытты.
– "Бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ" дегендей. Байға күні түскен кедейдің қырда да, ойда да көзі ашылар шақ жоқ екен ғой! – деп тоқтады.
Абайлар осы Дәмежан үйіне қонып шығып, таңертеңгі шайға жаңа отырған еді, үстеріне жүрісі шапшаң, көз ажары жайнай түскен Кәкітай қатты дауыстап, ашық сәлем беріп, кіріп келді. Дала бүгін де аяз екен, етігінде қырау ызғары бусанып, білініп тұр. Кішкене мұрты қою қалпында, сіреуленген мұз боп қапты. Ол шешініп, амандасып болмастан Абай: "Почтаға бардың ба, хат бар ма?" – деді.
Кәкітай қойнына салып, әдейі асығып әкелген екі хатты Абайға ұсына берді.
– Почтаға бармас бұрын алдымен Құмаштыкіне соғып ем, сонда кепті, – деді.
Абай екі хатты бірдей жыртты да, соңдарындағы жазылған шақтарына қарады.
– Мына біреуін жазғанына жиырма күн бопты. Мынасы соңғы хат, он екі күн! Мағашқа жұма сайын хат сал деп ем, жібергені осы ғой. Почта бөгеліп, екі хаты бір кепті ғой! – деп сөйлей отырып, көзілдірігін киіп, әуелі алғашқы хатты қарады.
Хаттың басы жай сөзбен жазылған екен. Аяғы Мағаштың өлең хаты. Абай үндемей хат оқығанда, Кәкітай, Дәрмен, Баймағамбет, Дәмежан – бәрі де қыбыр етпей, тек Абайдың жүзіне қадала қарап қалысқан еді. Мағаш өз хатының аяғында, алғаш сезген қасірет шерін барынша шыншыл, ыстық жүрекпен өлең жолдарына тізіпті. Абай соған ауыса бере, қатты бір күрсініп алды.
Ыңқылдап жатыр екен жаңа барсам,
Көз жасым тоқтата алмай болдым сарсаң.
Сұп-сұр болып жатқанын шалқасынан
Көкірегім көреді, кезімді алсам.
Көзінің еті кеткен, арықтаған,
Сүйек, сіңір бәрі де анықталған.
Ақ кенептің ішінде аппақ болып
Ол ғазиз болып жатқан қайран ағам! –
деген жерге жеткенде, Абай көзінен көзілдірігін жұлып алды. Өңі сұп-сұр боп кеткен. Екі көзі мөлтілдеген жасқа толы. Хат жолдары бұлдырап, көз алдында ерігендей, танылмай жоғала берді. Қос қолымен бетін басып, үнсіз отырып қалғанда, Дәрмен мен Кәкітай қатарынан жылап жіберісті.
Бұлардан гөрі ересегірек Баймағамбет: "Соңғы хатты оқыңдаршы" деген еді.
Абай қайтадан тез бойын жиып алды да, сол хатқа қол созды. Екінші хаттың хабары алдыңғыдан тәуірірек екен.
"Әбіш ағамның көңілі біз келгенге көтеріліп қалды. Тамағы да тәуір сияқты. Ұйқысы да осы күні тыныштау.
Енді лазарет пен жақсы-жайлы пәтердің екеуі де бірдей, қолдарыңа алып емдетсең де болады" деген соң қуанып қалдық. Бері қарады ма деп доктор сөзінен үміт қып, қаладағы бір күтімді, жайлы үйге алып шықтық. Осы күнде Әбіш ағам өзімнің қасымда. Тұрған үйіміз Әбсемет деген шалақазақтың үйі. Өзімізге дос-жар адам. Сұраса келе бізге жиен боп шықты. Қазір соның үйінде бір жағынан докторға емдетіп, бір жағынан бие саудырып, қымыз беріп, күтіп тұрмыз. Алдыңғы күнді аллаға тапсырдық!" – деген екен.
Абай бұл хатты алғашқыдай емес, сәл бір жұбаныш хаттай қабылдады. Екі-үш рет әр тұсын дауыстап оқып шықты. Енді соның артынан үй іші әр үнмен тілек айтып, құдайына жалбарынып, шүкірана етісіп қалған еді. Осы арада қағаз, қарындаш тапқызып алып, аял етпестен бүгін-ақ Абай қайта хат жазуға отырды. Ауыз үйге шығып, кішкене текшені өз алдына қойып, Кәкітай да жазуға кірісті. Терезенің жақтауына сүйеніп Дәрмен де жазады. Бұлар да сәлем хаттарын, бар бейілдерін беріп, жазып жатты.
Мағаштың жаңағы өлең жолдарын есіне алып отырған Абай да сол күйде жан үріккен жанкүйердің үндес сазын шерте сөйледі.
Зар хатым, бұл хатым,
Бізді тыныш жүр деме!
Азайып қуатым,
Денем жүр көрмеге.
Бұл жазған сұңғатым,
Көңіл ашар бір нама,
Менің сол рақатым !
Көзіме сүрмеге... —
деп кеткен бір кезек шер толқыны бар еді.
Тағы бір ауыса түскен мұңжайын қара сөзбен жаза келіп және де өлеңге ауысып кетеді. Бұнысы дәл осы сәтте қауіп пен үміттің кезек шарпысып, үлкен адам кеудесін жалын мен судай қатар жалап тұрған шағы еді. Сол хал өлең жолына барынша бусанған шындығымен тағы бір тізіліп кетеді.
Бір үміт, бір қауіп,
Көңілге жол тауып.
Кірген соң сөз қиын,
Әрнеге ой ауып.
Екі ай-ақ не қылып,
Басқаша ауырып,
Япырмай, докторлар
Жүрмесін жаңылып!..
...Әбсәмет жиенің,
Ол сенің біреуің,
Достық пен достыққа
Өтемек тілеуім! –
деген сәлем сездер де Әбішке арналған жолдарға араласады. Біресе Мағашқа да жаны ашып, оның жаңағы өлеңінен қайғыда туған өнерін танып, оған да елжірей түседі.
Жаралап аузын ашты,
Жарасы жарасты.
Жарасыз біреуі
Неліктен ұйқы ашты! –
деп, әлдекімге жауапсыз мұң сұрауларын тастап кетеді.
Абай хаты осындай күйлер толғап жатқанда, Дәрмен де дәл осы бір ғана таңертең көріп, сезгенін өзі байқамастан өлеңдете тізіп отыр:
Екі хат қатар келді көптен тосқан,
Жүрекке жүректердің күйін қосқан,
Қапалық қабағында Абай ағам
Қол қалтырап, алғашқы хатыңды ашқан!
Үн қатпай тыңдап қаппыз хаттың сөзін,
Әбішті көргендеймін қасымда өзім...
Шерлі ата оқи алмай, тоқтап қалды,
Сұрланған, жасқа толған көрдім көзін...
Үмітпен тағы да ашты соңғы хатты,
Зор кеуде қасіреті жанға батты.
"Бер қарап лазареттен үйге келдік",
Дегенің барша сөзден болды тәтті... –
деп, бұл күйде әңгіме хабар да жазып шықты.
Абай ендігі хаттар жайын сөйлескенде ақыл айтатын. Кейде көңіл көтерер, езу тартқызар немесе сарылған көңілді алаң еткізіп, селт еткізер хабарлар, әңгімелер де жазу керек. Төсек тартып жатқан ауруға ондай алаң еткізетін шақ хабардың өзі де керек болады, ем болар! – деген.
Кәкітай да, Дәрмен де ұзақ хаттар жазды. Мағаш пен Өтегелді, Майқанға да және Әбіштің өзіне де әңгіме қып, ермек етерлік жайларды айтысады. Осымен түс кезінде бірнеше хат, сәлемдер әзірленді. Қалтқысыз достар, бір тілекпен жүректері түйіскен аяулы жандар асығыс сәлем хаттарын Алматыға қарай қайта жолдады. Өздері келер жұманың жаңа сәлем хатын жаңа сый, тілек, үміттей тосып қалысты.
4
Ұлы таудың етегіне бау-бақшасымен кең жайыла орнаған өңшең аласа үйлі, кішілеу қала, ет бөктерде ұзақ кең алаң қалдырған. Қаладан сол тауға кіре беріс терең сайдың аузында көп үйлі лазарет бар.
Әр дерттің өзіне бөлек жеке, жалғыз қабат, ұзынша боп салынған ағаш үйлері бар. Бақшалы кең аула осындай он шақты ағаш үй корпустарға бөлінген. Жаз бұл үйлердің айналасы гүл шөппен қоршалады. Жағалай жиі орнатылған жеміс бақшасы да бар. Ол лазаретті баурайына алып, сондай өзгеше гүл жеміске орап тұратын сияқты.
Облыстық қала Алматы өзінің осы лазаретімен мақтанарлық орайы бар. Әсіресе лазареттің үлкен дәрігері, қартаң еврей Лев Николаевич Фидлер осыдан он бес жыл бұрын Алматыға келіп, лазаретті қолға алғалы жай-жағдай көп өзгерді. Ауруларға беретін ем, көмегі, жатын-орын, тамақ–жайы өзгеше жақсы боп алды.
Осы лазаретке күдістеу, дом боп жараған үлкен торы ат жеккен кәшаба шана бір сағат бұрын келіп, тосып тұр.
Дәл шаңқай түс қиыс ауа бергенде ғана бұл шананың тосқан адамы, орталық ағаш үй, үлкен корпустың кең есігінен асыға шықты. Тымақ, ішік пальтосының түймесін аласа басқыштан түсіп келе жатып түймелей бастағанына қарағанда, ол асығып шыққан сияқты. Бұл кісі Майқанға орысша амандасты. Бөркін ала ілтифат жасап, кәшаба шанаға ширақ, шапшаң басып кеп, отыра берді.
Ол отырысымен күдіс торы ат, керіп тұрған божының сәл босағанын аңғарып, бас шұлғып иек соза берді де, жорғалай жөнелді. Доктор қазақша аз білсе де, сол білгенін еркін, қысылмай айта беретін. Майқанға иығымен сүйене түсіп: "Менікі уақыт аз ғана, Торжорға о да асығады, жібер" деді.
Майқан ақырын күле түсіп: "Мақұл, құп болады, сәтте жетеміз!" – деді. Басын тежей жорғалатқан аты қақпадан шығып, қалаға қарай тартатын үлкен жолға түсті. Енді Майқан екі аяғын кәшабаның алдына тірей түсіп, сірескен божыны сілкінте демеп қалды.
Күдіс бойы бүктетіліп жазылған, жаясы жұп-жұмыр тегенедей, емшек тағалы Торжорға ат ыра төмен, қалаға қарай бездіріп жөнелді.
Жай жауған қалың қар бұлыңғыр сұрғылт аспаннан желсіз тынық шақта ақырын ғана түсіп тұр еді. Торжорғаның екпінімен жапалақ қар енді жел соққандай көлбеп ұшып, бетке, көзге ери жабысады.
Майқан алып келе жатқан дәрігер, лазареттің барлық Алматы қаласы білген қадірлі дәрігері – доктор Фидлердің өзі. Ол жақсы дәрігерлігінің үстіне, аса мейірбан, жанашыры, адамгершілігі мол кісі, Әбішке ол бір жағы адамшылық және бір жағынан әкеліктей бейіл, достық көрсетуші еді.
Алматы қаласындағы орыс, қазақ, ноғай, тараншы, дүнген, қашқарлық, ташкенттік болсын көбінің аузында Фидлердің аты ұдайы алғыс аралас аталатын.
Қалаға лезде келіп кірген Торжорға атты кәшаба шана, аңқып жатқан түп-түзу Колпаковский көшесімен ағынын бәсеңдетпей соқтырып келеді. Содан көлденеңдеп, тағы да оқтай түзу кең созылған Сельский көшемен Никольский шіркеуіне қарай тартты.
Жол да Колпаковский мен Сельский көшелердей жатық емес, op, жырасы, тас үйілген орқаш-ойдым бөгеті көп бірнеше көшені Майқан кесіп өтіп келеді. Гурде көшесі, Нарым көшесі, Сергиополь көшесі, Розовая аллея дейтін көше – бәрінен де естіре, соқтыра өтті. Өздері баратын үйге беттеп, Старокладбищен көшесімен оңға қарай еңіске таман тағы да қатты жорғалата жөнелді.
Арқа қазағы, тегі, жорғаны бұл жақтай қадірлей қоймайтын. Бұнда болса екінің бірі жорға ұстауға тырысады. Және бәйге аттан бетер жорғаны қымбат бағалап, қадірлеп сақтайды. Мынау Торжорға да Мағаш пен Майқандарға ерекше бір қадірлі жаймен келген. Оны есіне алғанда Майқан өз көңілінде Торжорғаға да, оның иесіне де дән ырза.
Қыс басында Алматыға бұлар кеп жеткенде, Арқадан, Семейден жегіп шыққан өз аттары арықтап келген. Сонда осы Никольский шіркеуінің қасындағы кең алаңға жайғасқан мал базарына Мағаш пен Майқан келіп, қалада жегіп жүретін бір семіз ат сатып алмақшы болады. Бұлардың Абайдың туысы екенін білген Дәт деген кісі, базарда қастарына кеп амандасып, жөн сұрасады. Дәт өзі осы жақтың көп елінің біріндей Абайдың атын естіп, сөзін де едәуір ұғынған, жадында сақтаған адам екен.
"Сондай аты мәлім Абайдың жақсы көрген баласы лазаретке түсіпті. Оны кенже інісі Абайдың жіберуімен іздеп кепті" дегенді де Дәт естіген еді. Енді Мағаштың базарға келген шаруасын білген кезде, Дәт бұл базардан ат іздемегенді мақұл көрді.
– Түскен үйлерің Әбсеметтікі екен. Ол менің де дос-жар адамым. Сонда баралық. Бөтен жақтың аты-жөніңді білмес, ажарыңды танымас адамымен кәйтіп саудаласып, қол соғысып жүресің, Мағаш шырақ. Жасың кіші інім екенсің, Абайдың баласына базардан ат іздетіп жүрмей-ақ қоялық. Бұяқтағы ел де Абайдың елі. Жатың емес, жақының. Аттың орайын Әбсәметтің үйіне барып табамыз. Жүрелі! – деп, Мағаштар жатқан Әбсәметтің үйіне әкелген.
Сол сағатында өзінің астындағы осы, "бір жесірдің құнындай" дейтін атын сыйлаған. Бар атырапқа атағы шыққан "Дәттің Торжорғасы" дейтін сәйгүліктің ер-тоқымын алып, Мағаштың қолына ноқтасымен ұсынған болатын.
– Еліңе де ала барғын. Абай ағаға: "Ұлы жүздің бір баласы сәлемдемеге жіберген бір тайы еді" деп алып кеткін! – деген-ді.
Міне, қазір Майқанның Ташкент аллейіне қарай әлі де қатты тайпалтып, соқтырып келе жатқан Торжорғасының осындай өмірбаяны бар-ды. Сол сағатта мал базарынан шығып, Әбсәмет үйіне Дәтпен бірге келгенде, осы Старокладбищен көшесімен жеткен болатын.
Доктор Әбіштің қасында сағатқа жуық отырып, соңғы үш-төрт күннен бергі өзгерісін байқады да, көп жадырап жұбаныш сөз айта алмады. Төмендеп, ақырын баяулап сөніп бара жатқан қимас жан, жақсы жанның ауыр халі бар. Бұл ауру Фидлердің әзіргі білген білімінің күшінен, шамасынан тыс ауру.
Көктемге жетер ме, жаз шықса, күн жылынса, "тым құрса туған жеріме қайтып жетіп, бір жайлы болсам!" деген арманды да бүгін Әбіш анықтап айтқан еді. Қасына Мағаштар келгелі әкесінен, аға-ініден, анасынан, жарынан сағынышты хат-хабарлар алғалы Әбіш туған елін, ыстық ұясын, әке-шеше бауырын соншалық сағынатын. Сол жайын көптен бергі дәрігері ғана емес, сырлас, мұндас жақынындай көретін Фидлерге бүгін ашып айтып еді. Туғандары келгелі науқасы жеңілеймесе де, көңілі көтеріліп, уайымы азайған Әбішке Фидлер бір уақыт лазареттен шығып, осы үйде жатып-ақ емделуге рұқсат еткен. Соның орайына өз мойнына әрбір үш күнде бір келіп тұратын бөгде сапарды ренішсіз алған.
Әбсәметтің жарығы көп кең бөлмесін Әбішке босаттырғанда, ол өзі қадағалап қарап тұрды. Үй ішіндегі түскиіз, кілем, сырмақ, текемет сияқты шаң көп боларлық жиһаз, бұйымдардың бәрін жиғызып, шығартқан-ды. Әбсәмет болса, Әбішке лазарет бере алмайтын қымыз әзірлетіп отыр. Осы қорада үш қысыр бие сауғызып отырған. Доктор мұндай жайда жазылатын рецептімен дәрмені аз, көмегі көмескі дәрісін береді. Үнемі өзі қарап, ішіп-жемде, күтіну-сақтауда жүз мәртебе айтқан мәслихатын ескертеді.
Әбіштің жаңағы арманына ол ойланып, бөгеліп отырып жауап берді. Салқын қарайтын үлкен, қоңыр ойлы көздерін терезеге бұрды. Жеңіл қар тіп-тік төгілсе де, баяулап, бейне бір ауыр салмақпен түсіп тұрғандай. Әріде жапырағынан айрылған, күз жүдеткен, қуаң тартқан көп ағаш көрінеді. Биік бойларымен, қалың бұтақтарымен қосылысып шимай сызық салысып, өзінше бір шытырман сұрқылт дүниені танытады.
Алматының бүгінгі аспаны да өркеш-өркеш ауыр сүр бұлттармен қапталған. Күн де жүдеу. Ол күнге көз тастаған ой да жүдеу. Сендірер, үміт берер сенімі аз болса да, мейірімді Лев Николаевич соншалық биязы, дана мінезді Әбішті ренжіте алмайды. Өзінің шарасыздығынан сондай қысылып, қиналғандай болады. Сөйте отырып:
– Жазға мүмкін, бәлки, Ғабдрахим, жетерсіз, барарсыз! – деп, біраз бөгеле сөйледі. – Күн жылынғанда, шаң көтерілмей тұрған шақта, жайлы күтіммен асықпай барарсыз. Ақырын жүріп, өз туған жеріңізге жетерсіз деп үміт етем! – деді.
Бірақ амалсыздан, қысылғаннан айтқан қалпы байқалады. Бұл жайды бөгде бір, көлденең халдей елеусіз ғана айтып өткен тәрізді. Ол әр уақыт Әбіштің бір сағатын қалт еткізбей келіп тұрғанмен, бірде-бір жолы өзіне өзі ырза болған емес. Өзге осы қаладағы, басқа аурумен ауырған кәрі мен жасқа, ер мен әйелге де нелер көмек еткен еді. Өлім аузынан қайырып, ажалдың аш құшағынан жұлып тартып, арашалап алған да адамы бар.
Барлық қала халқының аузына Лев Николаевич Фидлер аты мен оның емі аңыз болып кеткендіктен, бұл кісі кішкене қалада тәжірибелі дәрігерлер аз болу себепті, бар ауруды емдейтін. Соңғы он жыл ішінде мықты хирург те болып алған. Бірақ не керек, бірде-бір емінің жалғыз Әбішке келгенде әлі жоқ, шарасы біткен, титығы құрыған. Тек қана: "Қарап жүрген докторы бар, ол – Фидлер, әрбір үш күнде, мезгілін аудырмай келіп тұрады, көріп тұрады" дегеннің өзі үміті үзіліп болмаған жас жанның жалғыз тірегі есепті. Сол үшін ол кезегін аудырмай келеді де, көңілін бірде-бір кез аша алмай, өз уайымын өз ішіне тығып кетеді.
Шыншыл, ашық мінезді Фидлер Мағашқа да өтірік айта алмайды. Оның да жұп-жұқа сұлу майда жүзінен ауыр қайғы, улы жас көріп тұрса да: "Жұбата алмаймын, қымбаттым, жалған айта алмаймын сізге, көгершінім! Ғабдрахимның саушылығы қуантпайды, не шара, не шара?!" дейді.
Бүгін де уайымнан басқа жайын айтпай жүріп кетті.
Мағаш бұны тысқа шығарып, шанаға отырғызып, ұзатып салып қайта келгенде, Әбіш жастығының астынан жаңадан келген хаттарды алып, көзіне өте жақындата, бетін жасыра қарап, оқығандай боп жатыр екен. Оқу емес, ол ауыр қайғыда жатыр. Қолындағы қағазы Мағыштан, ауылдан келген хат. Бүктеліп салынған, ұзақ жазылған қағаздың арасында бір сары, бір қызыл екі ғана жапырақ жұқа қағаздар бар. Әбіш әлгі екі қағазды өзінің жұп-жұқа, қаны қашқан, сұлу еріндеріне біраз басып жатты. Сүйгендей...
Енді қасына келген Мағашқа, жіп-жіңішке ұзынша қастарын көтеріп, ақырын ғана Мағыш хатын нұсқап, сөз қатты.
– Мынау бір сары, бір қызыл қағазды қарашы... Мағыш жазыпты: "мен сағыныш пен санадан сарғайдым... Кішкене нәрестең Рахила болса жүре бастады. Ол қызғалдақтай қызықты, жақсы өсіп келеді", депті. Міні, бірі сары, бірі қызыл екі қағаз менің Мағышым мен Рахилам ғой! – деді де, көзі жасаурап, жіп-жіңішке қастары тез шытынып, танаулары дірілдей түсіп, бұрылып кетті. Денесі емес, бетін бұрды. Біраз үнсіз жатып, бойын жиып, сәл ғана сыбырлап: – Сарғайып жүдеген Мағыш та, қызарып, гүлдеп келе жатқан Рахила ғой, – деп тағы айтты.
Мағаш бұндай шақта Әбіштің көңілі қатты бұзылатынын және ұзақ уақыт ауыр ой шырмауынан шыға алмай қалатынын ойлады. Сонымен, кеше келген хаттар арасынан сәл көңілді жайлары бар, әзілі бар Дәрменнің, Кәкітайдың хаттарын еске салып еді.
Әбіш оларға әзір алаңдаған жоқ. Жастығының астына тағы да жіп-жіңішке жүдеу қолдарын баяу ғана тықты да, әкесінің хатын алды. Оны да кеше алғалы сан рет оқып еді. Абайдың бұрынғы хаты да осы арада екен. Екі хаттың өлеңдерін оқып, Әбіш баяу ғана дауыспен, өзінің ендігі бір ойын айтады.
– Ағам шошиды-ау! Сондықтан ғой... құдайшыл-діндар болып барады. Маған жазған сөздерінде жалынған, жалбарынған, шошынып тілек тілеген жай байқалады. Сезесің бе, Мағаш? Дәрмені біткенде, үміті таусылғанда адам осылай жалынғыш, жалбарынғыш бола ма екен әлде? – деді. Қалған ойларын аяқтамай, түгел айтқысы келмей тоқтап қалды.
Мағашқа қымыз әкелуге бұйырды. Ендігі тамағының дені сол. Екі-үш жұтты да, қымызды Мағаштың қолына беpiп, жаңағы ойының ендігі бір сырдай құпия шынын ашты.
– Бәрінен де бататын бір ауыр ой бар. Ағам арманда қалды-ау!.. Менің жайымды ойласа, арманнан басқа не қалды? Оқытып еді... Өсіріп еді. "Жетеріне жеткен шығар-ау" деп қуанып қарайтын еді өзіме. "Біліп, толып келіп, халқыңа жақсы қызмет етсең, мен армансыз әке болармын" деп еді. Не керек, бәрінен ащы у осы ғой, – дегенде, жүдеген сарғыш жүзіне кесек тамшы жастары жиілеп ағып-ағып кетті.
Мағашта үн жоқ. Ол бетінен орамалын ала алмай, Әбішке өзінін, жүзін көрсете алмай отырған-ды.
Арада тағы талай күндер өткенде, Семей мен елден бірнеше рет хаттар келді. Бұл жақтан да біресе Әбіштің, біресе өзінің атынан Мағаш ұдайы хат жазумен болатын. Бүгін де кең бөлменің іші оңаша. Әбіш бұл шақта бас көтермейді. Көбінше шалқасынан жатады. Жұп-жұқа боп жүдеп біткен қалпында жастыққа, құстөсекке жабысқандай, көп қозғалмайды.
Алматының қысы да аяқтап келе жатқан тәрізді. Бүгін бір өзгеше жарқыраған ашық күн еді. Көше бойындағы зәулім, биік, оқтай түзу теректердің жалаңаш бұтақтарына келіп қонған қарғалар жыл келгенін танытқандай көп қарқылдайды. Әбіштен жырақтау жерде, биік үстел жанында жалғыз отырған Мағаш бір нәрсе жазып отыр. Ол көптен жазған тәрізді.
Сыртта жарқыраған күннің қуанта жайнатқан аспаны сондай мөлдір, таза, көкпеңбек. Далада жүгіріп ойнаған балалар үні келеді. Көшеде дағдыдан тыс жиі жүріп өткен жаяулар білінеді. Ат шанамен даурығып жүріп жатқандар да көп. Үлкен мейрам тақау деп еді, сондықтан ба, терезенің түбінен жез қоңырау шылдырап өтті. Ат кекіліне, жал, құйрығына қызыл-жасыл әлем байлаған, кең шанаға кілем ораған жүргіншілер. Олар өздері гармондатып, әндетеді. Сондай бірнеше шана терезе алдынан сайран салып өтті. Кең шалқып, қуана түсіп, шулап-дулап кетіп жатыр.
Сырт дүние сондай. Үй ішінде Мағаш жалғыз сарылған, көптен жалғыз. Бұрыштағы биік төсекте жан ағасы, ғазиз жаны жатыр. Соның күйінен басқа дүние Мағашты алаң ете алмайды, елең еткізе алмайды.
Жаңағы бір өткен сау өмірдің шуы мен дуына Мағаш сәл көз тастап, өз уайымына қайтып, өзінің ендігі жалғыз сырласы қағазына үңілді. Жүрдек қолы тағы бірнеше жолдарды ақ қағаздың жүзіне баян етті.
Бұның өлең жазып болғанын үнсіз жатқан қалпында да жақсы сезген Әбіш үн қатты.
Мағаш байқамапты. Әбіш жым-жырт жатқанмен, ойы сергек сияқты. Ақырын ғана қолын созып, сыбырлай сөйлеп, бұйрық етті.
– Бітірдің ғой өлеңіңді, әкелші!..
Мағаш берерін де, бермесін де білмей іркіліп қалып еді. Жазғаны Әбіштің дәл осы жатқан күйі болатын. Соны аурудың өзіне көлденең қараушының тілімен айтып беруді ауыр да көреді. Бермесе, Әбіш ренжи ме деп те қорғанады. Тартынып қалды.
Әбіш бұның жүрегіндегі қобалжуын және де танып жатыр.
– Қорғанба, ауырламаймын. Сен айтсаң, шынды айтасың, әкел! – деді.
Мағаш қағазын әкеліп бергенде, әуелі Әбіш қымыз сұрап, екі-үш жұтып, тамағын жібітіп алды. Және Мағаштың көңілін орнықтырғысы келіп, зорлықпен езу тартып, әзілдей бір сөз айтты.
– Не жазды екен менің ақын боп бара жатқан інім! Менің жайымнан не айтты екен, Мағатайым! – деді.
Мағаш әлі де үнсіз. Ағасының төсегіне келіп жантая отырды. Әбіш аппақ болып сүйегі көрінгендей жүдеген, ұзын жіңішке саусақтарымен қағазды ұстап, оқып жатыр.
Жалғыз, міне, отырмын әрнені ойлап,
Тістеніп көзге келген жасты қойлап.
Ауру тыныш болғанда, мен де тыныш,
"Ыңқ" еткен дыбыс шықса, жүрек ойнап.
Ыңқыл қағып жатады сұп-сұр болып,
Сырылдап қақыра алмай кеуде толып.
Жалғыздық, биғилаждық еске түсіп,
Жүрек болмай ериді мұны көріп.
Шыншыл тіл, әдебі зор, таза жүрек,
Ақ көңіл сақтамайтын ішінде кек.
Өмірден үміті жоқ, бейнеті кеп,
Жатады бір қозғалмай зор көкірек.
Болады байқағанда, айтуға ер деп,
Тайсалмай ешнәрседен жатыр "кел" деп.
"Азабыңнан құтқаршы бар тілегім,
Айтады жаным әзір, ала бер" деп.
Көп тіленіп сұрайды соны айтып,
Мен шыдаймын есітіп мұны қайтіп?
Жүзін көріп, бейнеті еске түсіп,
Бойымды жеңе алмадым бүгін тартып! –
деген жолдарды оқып болып, Әбіш бірталай уақыт әл жиғандай, ой құрағандай үнсіз жатты.
Бір кезде Мағаштың жүзінен көз алмай ақырын сөйлеп кетті.
– Менің ауруым тұсында қанша көп өлең туып жатыр. Ағам, Дәрмен, Кәкітай, мұнда сен. Тек қасіретте тумай, шаттықта, барлық тірлікте туса етті! Сол үшін туса етті! – деп, біраз үнсіз жатып, тағы бір ап-ашық сау-санамен ендігі бір ойларын айтты.
– Бар өлеңдеріңді бақсам, сонша ақын болып, қатты өнер тауып барасыңдар! Және бұндай өлеңдер бұрын қазақ тілінде тумаса керек, ә?! – деп, тағы біраз өзіне өзі сұрау бере жатты да, енді өзі шеше айтты.
– Ағам арқылы орыс өнерінен келіп жатқан шын үлгі ғой! Бірақ қайғыны шерте бермеу керек. Ағама да соны айт. Мен өзімен сөйлескенде бір ойымды әр кезде айта беруші ем... Жеткізе алдым ба, жоқ па... Орыс өнері ағамды пыраққа мінгізгендей, биікке алып шықты ғой. Оны бұл жарыққа алып шыққан орыс өнері! Ал ең қызығы, ең жарқын алтын арай, шат шағы алда... Россияның болашағы өзгеше бейіс, райыс! Соны мен Петербургте, Москвада көп жаннан аса көп естігендей, ұққандай едім. Шет жағасын ағама, өздеріңе айтқан да едім... Бірталай жайды анау Павлов жақсы біледі. Оларды тыңдасаң, үміттен басқаны айтпайды... Сол Россияны аңдау керек! Семей, мынау Алматы, бұлар меңіреу жырақ түкпірлер. Бірақ Россия таңы алыс емес! – деп, бір үлкен толғаулы болжау айтып барып, тағы да ұзақ үнсіз жатты. Аздан соң Мағашқа екі қолын созып, қымыз алдырып жұтты да, енді басқа ажармен сөйледі.
– Біреу туады, біреу мезгілді, мезгілсіз дүниеден көшеді. Бірақ халық, қауым, заман өзінің жолымен маңады. Ешбір жан, жеке адам дүниенің тұтқасы емес. Сендер де мүлде шөгіп, егіліп кетпеңдер! – деп, тағы біраз жатты да, енді тіпті ширап, зорлықпен жымиятын қалпына сап, Мағашқа әзіл сөз тастады. – Сен немене?! – деп, жаңағы өлеңді қолына алды. – Уайымнан, көз жасынан, қасіреттен шықпай қойдың! Мен оған рұқсат етпеймін! Қой мұны, көңіл көтер. Менің қасымнан көшеге, қалаға шығып, сейіліп қайтшы! – деді.
Осы кезде түскі тамақ мезгілі болып, Мағашты қонақ үйге күндегі дағдысы бойынша өзі шақырмақ боп, Әбсәмет кірген еді. Ол күндіз бір, түнде бір осылайша Мағашқа келеді де, Әбіш жайын анықтап өз көзімен көріп, ақырын, сыпайы үнмен баяулап сұрап, біліп шығатын. Қазір Әбсәмет кіргенде, Әбіш оны да қол бұлғап қасына шақырды. Мағашты жұмсап: "Өтегелді мен Майқанды шақыр!" – деді.
Ауыз бөлмелерде Мағаш пен Әбіш жайын үнемі бағып, қабақпен танысып, көбінше үнсіз тірлік ететін екі сауықшыл, мықты сергек жігіттер, енді сәт сескеніп, үріккен жүзбен кіріскен еді.
Әбіш жаңағы әз әлінше көңілденген жүзімен Әбсәмет пен Мағаштың қолдарын ұстап жатыр. Қасына келген бар достарға енді әлсіреген даусымен бір жайды тапсыра бастады.
– Менің Мағашым осы үйден шықпай сарғайып, жүдеп кетті. Бүгін орыстың қызық мейрамы – масленица. Мен естіп жатырмын. Алматының көшесі толған ән, думан. Бүгін төртеуің ат жегіп, қаланың ортасына барыңдар. Торжорға атты қосыңдар. Бұл қала масленицаны барынша қызықтайды. Сендер де кататься жасаңдар! – деген сөздерін анық қалетсіз бұйрық ретінде айтты. – Мағаш, Өтеш, барыңдар, қызықтап қайтыңдар! Әбсәмет, сен Торжорға атты өзің жорғалатып, осы қаланың бар жорғасынаноздырып қайт. Мен бәйге беремін! – деп, енді күліп тоқтады.
Үйдегі еркектер түгелімен қабақтары ашылып, қоса күлісті. Бас изесіп, жамырай сөйлесті.
– Құп болады, айтқаныңды орындаймыз!
– Оздырып қайтамын!
– Тек өзің ғана әмір етші!
– Я, сәт! Көңілі қандай! Бер қарап, жақсы боп жатыр ғой! – деген соңғы сөзді Әбсәмет аса бір қуаныш үнімен айтты.
Осы күні түстен кейін, жаңағы төртеуі екі шанамен Әбсәметтің кең қорасынан ызғыта жортып шығысқан еді. Кеңірек, жайлы кәшабада Мағаш пен Өтегелді артқы орынға отырды. Ат басын жақсы ұстайтын Майқан өзі козлаға мінді. Бұлардың алдына салғаны Әбсәмет. Шағын бойлы, шоқша қара сақалды, жайнаған үлкен отты көзді Әбсәмет Торжорғаны шынында да ешкімге айтпай, Майқан екеуі "е" десіп, осы мәсленкеге жақсы жаратып, әзірлеп жүрген-ді.
Бүгін Мағаштар қаланы аса бір көңілді, жақсы шырайда көрді. Шанада үшеуі болып сөйлескенде бұлар Семейден Алматының толып жатқан басқалығын айтып, сүйсіне тамаша қылысады. Кеш кезінде ашық аспанның қақ жарымын зор кеудесімен ала тұрған қалың қарлы Алатау адам қиялын сиқыр магнитімен тартқандай. Сұқтандыра тартады. "Не деген биік, қандай алып, қаншалық ғажайып дүние" дескеннен басқа сөз табу, сипат айту қиын тәрізді.
Рас, үйлер өңшең жалғыз қабат. Тегіс ағаш үй. Семей, әсіресе үлкен Семей, бұлардың айтуынша, және шынында да бұл қаланың үйлерінен әлдеқайда биік, үлкен, көрікті тас үйлермен безелген. Үшеуі, тегінде, Алматы көшесіне шығып, өзара сөйлей бастаса, ұдайы Алматы мен Семейді алма-кезек айтысып, салғастырумен болысатын. Қазір де бұлар осы қаланың бақшасы мен жеміс дүниесі өзгеше молдығын бір тамашалайды. Әсіресе көшелер бойларындағы, бұлардың айтуынша, "адам айтқысыз зәулім бәйтеректер" қандай! Аспанға шырқап кетіп жатқан, алыптай ақ қайыңдар, балғын емендер ше! Бәрі анау дәл Алатауға сай біткен, өнім-өсім белгісіндей.
Өтегелді Мағаштан қаланың бақшасы жөніндегі әр жайды таңданып сұрап келеді:
– Ал осы қаланың бар бақшасы бір күнде салынған ба? Бар ағашы бір сағатта көмілген бе? Неге осы, жазғытұрым күзеген тай-құнанның жалындай осының бәрі біп-бірдей? Бәрін қап-қатар өсіріп қойған қай құдай?! – деді.
Мағаш қала жайын көп естіп, Әбіштің дені тетік кездерінде өз аузынан да көп ұғынған еді. Өтегелдіге Алматының бақша жайын баян етті.
– Бұнда осыдан сегіз жыл бұрын болған, әлгі сұмдық апат жер сілкінуден соң бақша ағаштары қайта егілген! Сенің байқағаның рас. Көп бақшаларының жеміс ағаштары және көшенің мынау көрік ағаштары бір уақытта егілгендіктен күзелгендей, біркелкі болғаны рас! – деген еді.
Алматының жемісі пісіп тұрған шағын көрмеген Өтегелді, қалада ағаш көптігі қаланың көркі, халықтың ырысы екенін жөнді бағаламайды. Сол Алматы қаласының Семейдің артық қасиеті дегенге әсте көнбейді. Өзі Шыңғыстай ағашы жоқ тауда өскен, қыр сахараның адамы болғандықтан, кейде Өтегелді Алматының көше бойындағы ағаштарымен араздасып, жамандап та жүреді.
Бүгін Гурде көшесіне келіп, сонымен Сельский көшені бойлап, соқтырып жүрген көп шаналы желіскен ат, жорға аттарды қарап тоқтап тұрысқанда, Өтегелді Алматының ағаштары турасындағы әңгімесін тағы да созды. Әбсәмет болса, Сельский көшесінің бойында Торжорғамен бір топ жорғаның арасына қосылып, ұзақ жарысқа басып кеткен еді. Соның қайта оралып келетін шағын күтіп қалған шақта Өтегелді енді Мағашпен Алматы қаласының ағашы туралы дауға кірісті.
– Айта берсең, осы қалаңның көшесінің бәрі ұры. Әсіресе жаздыгүні жапырақ жапқанда, қандай дейсің! Әр ағаштың үйдей көлеңкесіне тығылып тұрып, біреуді тонаймын десе, бір үйді ұрлаймын десе, соған дем беріп тұрған жоқ па? Одан қала берсе, анау Алатаудың қойын-қойнауы, құз-қарағайы о да сондай ұры! Мына көшеден ала жөнел де, анау таудағы, қиядағы қалың шырыш меңіреуге барып кір де кет! Тұп-тура "ұрлай қаш та, мұнда кел" деп тұрған жоқ па?!
Мағаш бұған күліп тұр!
– Ал сол айтқаныңа орай қалада ұры көрдің бе? Келгеніңе бірнеше ай болды, неше рет "аттан" салып шаптың?
– Оның рас, бір қызығы осында ұры жоқ. Ал мен айтайын ба, өзім ұры болсам, тап осы Алматының ұрысы болар едім! – деп, Өтегелді Майқан мен Мағашты мәз қылып күлдіріп алды.
Тегінде аз сөйлейтін Майқан бұған қазір таң қалады.
– Үлкен қала, қан базарда тұрып та кісі сондайды айтады екен-ау. Ұрыда бұның не ақысы бар екен? – дейді.
Өтегелді оған орай өзінің бір келелі дауын айтты.
– Бәлі, олай демеңдер. Мен Абайдың өзінен естігем өйте берсең... "Біздің Тобықтының ең ұрысы мол елі Мырза Бөдей болғаны несі?" – деп бір сұрағанымда айтқаны бар-ды. "Көрмейсің бе, олардың қыстау-жайлауын қарашы! Өңшең қойтас, қызылтас, ұры сай, қиын жықпыл. Жерінің өзі ұры емес пе? "Ұрлап әкел де, бір тұмсық айналып, бір шатқалға кір де кет! Жайратып соя сал" – деп тұрған жоқ па" деген-ді. Бәлем, осыны Абай айтқан, сендер мені өйтіп тәлкек қылмаңдар. Ондайыңа көнетін кісің жоқ! – деп, өтірік томсарып, бір танауынан күлімсіреді. – Көшесі ұры болса, бау-бақшасы да сондай болмақ!
Мағаш бұған және күлді де, кең көшеде сыймай сіресіп, қарлы жолды сықырлата соқтыртып келе жатқан талай шаналыларды нұсқады... Үш ат жегіп, қоңыраулатып бір топ еркек, әйел шулап өлең айтқан, сақылдап күлген мас қызу күйде лаулап өтті. Бұлардың аттары... Әбсәмет сияқты әдейі жарысқа шыққан, не желіскер, не жорғалар емес. Жай ғана күндегі жегінде жүрген сұлы мен кебекке кезек тойып, көбең семірген шаруаның мәстегі. Жабайы тұғырлары. Олар қатты жүріп шапқанда да барбаңдап, жүндес денелері қопал қимылдап, шанадағы мас қызу иелеріндей, жалбаңдап шабады. Көше бойындағы қалың елді келеңсіз қалыптарымен күлдіріп әзіл еткізеді. Оқта-текте өтетін осындай ішкен, қызған топтан басқа, Сельский сияқты көлденең, түзу кең көшеге сыя алмай сіресіп, сықырлап, маңайларына қар боратып, жел соқтырып өтіп жатқан жарысушы шаналар бар. Осылардың кейбіріне доға жел, ұзын аяқ, қыл сағақтар жегілген. Шаншылған құлақ, келте құйрықта да кербез бітім бар. Сондай ағылшын желіскерлері есіп өтеді.
Олардай асыл тұқым болмаса да, қазақ малынан шыққан әсем көсілген торы жорғалар, боз жорғалар, қара жорғалар да қар боратып, безек қағады. Орыс жылқысы, асыл тұқымды желіскерлер де өз жарыс, бәсекесін салып ағызып өтіп жатыр. Бір шақта Мағаш, Майқан қатарынан аңғарып, дауыстап айтысып қалды. Он шақты жорғалардың ең алдыңғы тобында, қояндай аппақ боз жорғамен үзеңгі қағысып Торжорға да безілдетіп келеді екен. Тұрғандар бір ауыздан "Әбсәмет, бас!" – деп еріксіз үн қатып, айғайласып қалды.
Жарыс жаңа басталыпты. Он жорға алдыңғы бір қылаң, бір баранды ұзатып жібермей, өкшелеп барады. Жарыс Колпаковский көшесімен барып, Ташкент аллейіне жетіп, содан паркті айналып, қайтадан Колпаковский көшесін орайды. Осы Сельскиймен тартып барып, ақ шіркеудің алдындағы алаңда, мал базарында тоқтайды.
Көпшілік сол хабарды естіген соң, енді жорғалардың бәйгесін көмбеде көргісі келді. Мағаштар қайтадан шанасына мініп, жортып отырып, ақ шіркеудің жанына кеп тоқтады. Бұл тұсқа жиылған жұрт та қалың екен. Қаланың алқын Мағаштар енді аңғарды. Мұнда бір топ көпшілік, оқып жүрген бала жастар.
Әредікте, әсіресе ақ түйме, сұр шинельдерімен гимназия оқушылары көбірек байқалады. Әр кеңсенің сары ала түймелі чиновниктері де әйелдерімен көріне түседі. Бірақ бар жиында ең қалың молшылық сары ала қылыш асынған, қызыл-сары тоқыма баулары айқыш-ұйқыш салбыраған полицейлер, урядник, стражниктер. Осылар ерекше көп боп көзге түседі. Олардың төрелері, жандарм офицерлері де жиі байқалады.
Солай болмасқа жол да жоқ. Себебі 90-шы жылдарда, мысалы, денсаулық сақтау ісіне жұмсалатын қаржының бәрі осы қалада полицияға жұмсалатын қаржының оннан біріндей-ақ болушы еді. Сондықтан да Әбіштің сау кезінде бұндағы дұрыс адамдармен талай рет болған ашық кеңесте: "Верный қаласында кім көп?" десе, "сәлде ораған молда шәкірт пен сары ала қылыш асынған жандарм көп" десетін.
Сол көптің бұл күнде де көрінісі мол. Қазақ, ноғай, тараншы жағын алғанда, олардың молы бес мешіттің медреселерінде оқитын шәкірт, халфелер. Ноғай бөрік киіскен осы қауым да бүгін масленкенің думанына, іңір қараңғысын жамыла көп топ болып келіскен көрінеді. Әрине, бұлардың үстіне саны аз болса да тамақ ішік, түлкі ішік, жанат ішіктерімен мақтана шіреніп шыққан орыс, ноғай байлары, тараншы, қазақ саудагерлері де көрінеді.
Енді бір алуан аса көп жұрт – бұл жиында қол созып жағалап жүрген, өте жүдеу жүзді қайыршылар. Анығында, бұл кездегі Алматы бір жағынан азық-тамақ, жеміс-дәннің молдығы өзгеше қала болса, сонымен қатар неше алуан халықтан шыққан өзгеше көп қайыршы, тіленшіге де мол еді. Бұлардың қалың бір тобы – соңғы жылдарда ішкі Ресейдің жерсіз қалған, аштыққа ұшыраған крестьяны. Мекен іздеп, қоныс-жай іздеп, адал еңбек, кәсіп қуып келген бұқара халық, қара шаруа болатын. Және соңғы жылдарда құм мен тауда болған қалың жұт себебінен бүкіл ауыл-аймағымен шұбырып босып кеткен қазақтың аш-арығы да көп.
"Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді". Тоқ қызыққа мастанған топтар арасында осы кәрі-құртаң әке-шеше сорға ұшырап, өздерінің дәл бүгінгі түн аштан өлмес талшығын тілеп жүр.
Мағашқа таныс, Әбішті білетін бірнеше қазақ тілмаш чиновнигі де осы алаңда көрініп, Әбіштің халін сұрасып, Торжорғаның бабын айтысып еді. Қалада түстен бері жарыс бәсеке боп жатса да, ымырт жабылып, түн бола бере, бар көше тұнжырап, қап-қараңғы меңіреу күйге ауысты.
Қаланың тап ортасындағы үлкен кең көшелердің де бірде-бір жерінде кешкі жарық жоқ. Шіркеу алдында жорғалардың қайта оралуын тосып тұрған жұрт боз ат қана болмаса, өзге торы, қоңыр, қара, күрең сияқты түстің бәрін "баран" деп долбарлайды. Дәлді қай ат озып келе жатқанын танымастай. Бірақ сонда да жыл бойында бір-ақ болатын осы сағаттағы бәс жарысқа қаланың бар жиыны ынтыға қарап тұр.
Көше мен алаң мейлінше меңіреу қараңғылыққа бөленсе де, қалың жиын тараған жоқ. Шіркеудің тау жағына топталып, қақ жарылыпты. Аттар өтетін кең көше қалдырып, сағатқа қарасып: "Келеді, келіп қалды!", "Енді оралды" десіп асыға тосып тұр.
Айтқандай-ақ, енді біразда кең көшенің бойында, жарты шақырымға жуық жерде қара нөпір көрініп қалды. Бөгде жүргіншіден, ат, шанадан мүлде тазарған полицейлер бағып тұрған ашық, кең жолда жеңіл шаналы тасқын жорғалар тасырлатып, таласып келеді екен. Шіркеу көрініп, қалың ел нөпірі аңғарыла бастағанда, Әбсәмет өзгере берді. Енді кішкене шанасының қайқаң төсіне екі аяғын тіреп алды. Бұл шаққа дейін қолдарын салдыратып жеп келген, басы тастай қатты Торжорғаның божысын ірке беріп, лезде серпе тартып қалып, екі жағынан, қабырғалықтан пәрмендеп шарт-шұрт ұрып жіберді.
– Шуә-ә, айда-а! –деп даусы да шаншыла, қатты шығып еді.
Ауыздығын баса тістеп алған Торжорға енді бір сәт егесіп тартқан божының сәл босай бергенін андады. Соңғы рет өзінің кербез, әсем дағдысымен кекілін кейін лақтыра берді. Басын шалқайта, доғаны соғардай боп, изеп-изеп алды да, безіп берді.
Қаланың бір топ магазинінің иесі, атақты бай Әбдуәлиевтердің боз жорғасы әлі де бұны жібермей, дерте қағысып келе жатыр еді. Енді ғана Торжорға көмбе жайын аңдағандай, Әбсәметтің шыңғыра бұйырған "айт, шу" деген соңғы бір айғайын құптай жөнеліп, сытылып шыға берді.
Содан әрі секунд сайын басы озып, мойны озып, бойы ілгерілей түсті. Енді біразда боз жорғаның қалың бу атқан танауы Әбсәметтің сол жақ иығынан аз уақыт қана білініп қалды да, Торжорғаның шанасы ұзай берді. Сол бетінде асқындай тасқындап, айнала тұрған жұртты шулата сүйсіндіріп, бар жорғадан жарым кварталдай қара үзіп шықты. Торжорға шіркеу қасындағы қақ жарылған қара нордан жұлдыздай ағып өтті.
Аттары қаланың төре, қарасына, орыс, қазағына түгел аңыз болған Әбсәмет пен Мағаш, ас пісер алдында өздерінің қорасына дабырлап сөйлесіп, қуанып әңгімелесіп кірген еді.
Ауыздағы үйлерде Әбсәметтің әйелі, балалары, қызметкерлері келгендерді шешіндіре берді. Қуаныш хабарларын дабырлап, күліп айтысып, мәз болысып жатты. Үстерінің ызғары кетіп, даланың салқыны бойларынан айыққан соң ғана Әбсәмет бастап, Мағаштар төргі үйге, Әбіштің үстіне кірген еді. Оның көзі жұмулы болса да, ояу жатыр екен. Қолын сәл көтере түсіп, кіргендерді қасына шақырды.
– Естіп жатырмын, озыпсыңдар! Қуаныш... Қайырлы бол сын, Әбсәмет... мен саған наград әзірледім! – деді де, жастығының астына жаңада салып жатқан үлкен, ұзын қанжарды суырып алды. Қолға ұстайтын жері піл сүйегі. Қынабына тұтас күміс шапқан. Кавказ ұстасының шебер өрнегін танытады.
Абастуманда емделіп жатқан жазында Әбіш сол Кавказдан алып қайтқан бір асыл белгі еді. Соны қазір өз қолымен Әбсәметке сыйлады.
Әбіштен алған сыйларына, естіген алғыс сөздеріне ырза болған Мағаш пен Әбсәмет науқастың бөлмесінен шығып, қонақ үйге шайға, асқа қарай ауысты. Бұлардың бір тобының ендігі аузындағы әсерлі, қызу қуаныш сөзі Торжорға аттың бүгінгі өнері болатын. Жалтыраған үлкен сары самаурын дөңгелек аласа үстелдің қасына кеп орнады. Кең үстелдің үстіне жайылған қызғылт дастарқанның өн бойына бауырсақ төгіле, жалдана салынды. Сары май, бал, жент, қант, кәмпит сауыттары орналасты.
Өзара тату, сыйлас аз адамның сәл бір толасындай тәуір кеші осындай жағдайда басталуға айналып еді. Дәл осы шақта сыртқы есік ашылып, ауыр саптамалары сықырлап, жай басып келе жатқан бөгде қонақтардың дабылы білінді. Сол уақытта қонақ үйдің есігі ашылып, мол денелермен кіре берген киімді қонақтардың: "Ассалаумағалейкүм, ассалау..." деген дауыстары зор даурығып естіле берді.
Үйге кірген екі адам еді. Алдыңғысы – биік бойлы, сусар бөрікті, қаба қоңыр сақалды, артқысы – ауыр, қалың қара бөрік киген орта бойлы, жауырынды, мол бурыл сақалды адам екен. Келгендердің жүздеріне байыздай қарап, аңғара салысымен Әбсәмет өзі қарсы сәлем беріп, орнынан атқып тұрды. Мағаш пен Майқан да алдыңғы қонақты жақсы танып, қатар сәлем берісіп, орындарынан ұшып тұрысты.
Келген екі егде адамды тұрған бойларында үй адамдары қоршай қалып, шешіндіріп алды. Сырт киім, бас киімдерін шешкізіп, дәл төрге, үстел басына отырғыза берді, арқаларына жастық қойысты.
Бұл үйдің бар жанына қадірлі көрінген алдыңғы қонақ Дәт болатын. Қымбат қара ләмбөктен тірсек жең қамзол киген, омырауына алтын баулы сағат салған, келбетті қызыл-сары жүзді қалпымен Дәт әуелі Мағаш, Әбсәметке қайырлы болсын айтты. Торжорға аттың жеңісін, бәйгесін құттықтады. Сөйте бере Мағашқа қасындағы жолдасын мәлім етті.
– Мынау менің жолдасым! Атын естулерің бар шығар. Біздің арысы қырғыз, Жетісу, берісі Алматы, Қапалымызға аты мәлім ақынымыз Жамбыл деген даңғылың осы болады! – деді.
Кішілеу өткір қой көзді, қызыл-күрең жүзді Жамбыл ақын Әбсәметке мәлім еді. Жамбыл Мағашпен енді танысып амандасты да, Торжорға аттың бүгінгі өнерін өз көзімен көрген жайын айтты.
– Табанынан жарылған жануар-ай! – деп, екі қолын жұдырығын түйе созып көрсетіп: – Айызымды қандырды-ау! Алматының төресі мен қарасы, шоңы мен шорасы сүйсінгеннен таңдай қақты! Шұлғып қалды ғой мүлдем. Атама әкем тегі. Әмісе жолың болғай-ақ та. Жақсы ағаның баласы екенсің. Атаң да жақсы, атың да жақсы босын десем дегендей екесің, Мағаш мырза!
Айтар сөзі тілінің ұшы емес, ернінің ұшында дегендей, төгіліп лыпып тұрған Жамбыл ақын үстел басындағы бар жұртты жадыратып, мәз қылды.
"Жақсының жаттығы жоқ дегендей, мына кісі аузын аша бере арғы-бергіні бір-ақ айтты-ау!" – деп, Майқан қошеметтей күлді.
Мағаш әзір бас изеп жымия түсіп, үндемей құптағаны болмаса, жауап сөз қатқан жоқ. Бірақ өзі Алматыға келгелі Жамбылдың атағын көп естіп еді. Енді отты көзді, ажарлы ақынның жалпақ жүзін, кең маңдай, кесек бітімін жиі тамашалап отырды.
Дәт жаңа айтты: бұлар бүгін әдейі арнап Әбіштің көңілін сұрағалы келген екен. Бірақ Мағаштар Торжорғаның жарысына кетті дегенді естіген соң, өздері де солай бет беріп, күн барда келе алмапты. Енді Әбіштің үстіне кеш қараңғысы түскен соң бару жол емес. Қазақтың жөн білетін адамдары, әсіресе үлкендері, күн батқан соң аурудың көңілін қасына барып сұрамайды. Сол жайды Дәт тек тұспалдан айтуы мұң еді, Мағаш, Өтегелді, Әбсәметтер құптай берді.
Әбіштің науқасының жайын азғана мұңды сөзбен Мағаш қана айтты да, тоқтап қалды. Бұл үйге қонаға келген Дәт пен Жамбыл ертең тұрған соң, Әбішке кіріп, өздері айтқандай "әл сұрасып" шықпақ болды.
Далада ұзақ жүріп, кешендеп келген қонақтар да шайға шаңырқап араласқан еді. Әбсәмет үйінің үлкен сары самауыры бір еңкейді де, шығып кетті. Орнына және діңкиген үлкен польский самауыр келіп кірді. Тек соны еңкейте бере барып, ұзақ шай ішу аяқтаған еді. Шай үстінде Жамбылдың көп сұрауына Мағаш қана жауап беріп отырды. Жамбыл Әбіштің жайын жақсы білгісі кеп, Абайдың бұл баласын оқытқанын, қандай деп білетінін, Семейден жазып жатқан хаттарында не айтқанын түгел есітті. Сол орайда Мағаш бірнеше хат, өлеңді оқып берді. Әбсәметтің аты аталған өлең жолдарын естігенде, Дәт аса ырза боп, көтеріліп қалды.
– Бәрекелде, жақсылық қылсаң, жақсыға қыл! Жүзіңді көрмей-ақ алғысын жіберіп жатқанын айтсайшы. Әбсәмет, алдырза болсын, саған. Бір Абай емес, енді міне, бәріміз айталық. Осы қылғаныңа исі Үйсін, Дулат, мұқым тегі Ұлы жүз баласы мың мәртебе алғыс айттық саған. Аяққа сондай жақсы атың барып жатса, бұяқта досың артып жатсын! Осы құрметіңді аяма, жақсы Абайдың жақсы баласынан! – деген еді.
Тағы бір кезек Мағашқа қадалып өтініш ете отырып, Жамбыл Абайдың көп өлендерін айтқызып, тыңдап өтті. Бір уақыт өлең туралы, әсіресе ақындарды шенеп айтқан, атақты өлең оқылған еді. Мақтаншақ байға барғыш, сұрамсақ, тілемсек жалғаншы ақынды Абай жаман шенепті. Әр елден қайыр тілегендей тентіреген сатымсақ сөздің иесін жерлепті. Жамбыл бұл сөздердің бәрін таңдана тыңдады. Басын шайқай түсіп: "Біз естімеген сөз екен", "қазақ баласының аузына түспеген сөз екен", "таразы да, қазы да өзі, ұқсаң осы сөзді ұғатын екен" деп, бірнеше рет таңдай қақты.
Тағы бір уақыт Мағаш Абайдың халық жайын уайым еткен өлеңін айтты. "Қалың елім, қазағым, қайран жұртым" деп басталатын сөзі еді. Бұл тұста Жамбыл тағы да ширыға қозғалақтап, қатты толқып қалды.
– Әттегене дүние-ай, қайғыға түскен қайран ер, қабағың ашылар күн де жоқ-ау! Алысты болжа дейсің-ау, сөзіңнен айналайын! Тағын айтқын, айтқылашы, інішегім. Кеудеме, саңылау көрмеген кеудеме нұр төккендей болдың-ау, мүлдем тегі! Жарық сәуле бердің-ау, Мағашым! – деді. Біраздан соң, орталарына толы сары тегенемен қымыз келіп сапырылған шақта, Дәттің сол жағында отырған Жамбыл Мағаштың қасына қарай, домбырасын теңдей өңгеріп бір-ақ ырғып, ауысып отырды.
Осы түнде ол Абай шығарған әндердің де біразын Мағаш пен Өтегелдіге кезек айттырып, көп тыңдады. Ас алдында Жамбыл өзінше бір ой түйді. Кеш бойы естіген соны сөздердің орайын сәл қайырғаны тәрізді еді.
– Қасиет қайда, қазына қайда десем, Абайда екен ғой, мүлдем тегі! Атам заманнан бері "Қабан ақын айтты", "Құланаян Құлмамбет, Дулат, Мәйкөт, Шапырашты Сүйімбай құйындай соқты, – "даңғыл шапты" дегеніміздің бәрі мына жерде екен ғой. Абай дария болғанда, былайғы жүрген бәріміз жар шұқанақ екеміз ғой тәйір, шіркін. Бірді күлдіріп, бірді жұлдырып айталы десек те, табатынды таппаппыз да! Елге пана, еске дана ақыл да, өнеге де бір өзіңде тұрмай ма! Құштар еттің, құмар еттің, Мағашым. Сенің жақсы әкең, менің жақсы ағам болсын, ұқтың ба, жетсін осым! Дуайдай дуай сәлемім осы босын, – деп еді.
Жамбыл сөз аяғын бір ауыз өлеңмен түйген-ді.
Әкем-ау, жойқын екен Абай үні,
Далада өзгеріпті-ау жырдың түрі.
Жетісу, Алатауды таң қалдырып,
Мені келіп оятты-ау, бүгін әні.
Мағаш Жамбылды сергек, сезгіш, көреген адам деп аңғарды. Осыдан кейін ол енді өзі болып, үй іші болып тілек етті де, түн жарымына шейін, бар жиын бір ғана Жамбылдың өз жырларын тыңдаумен болып еді.
Осы кеш пен түн Әбіштің бой жасаған, соңғы қуатын танытқан болымсыз, шолақ шағы екен.
Міне, енді қар кетіп, жер қарая бастады. Бірақ Алматының көктемі ашық күнге зар қып тұр. Ауыр сұр бұлттар біресе тауын бүркеп, біресе биік таудан асып аунап, қаланың үстін басады. Өзгеше бір жүдеу сұрғылт күндер боп кетті. Соған орай дымы көп, ауасы ауыр мезгіл Әбіштің онсыз да әбден біткен әлсіз демін үзуге тақап келді.
Санасы, ойы соншалық сап-сау. Бірдеме айтқысы келсе, тек ұйқылы-ояу адамның қалпындай ақырын сыбырмен айтып та қояды. Бар дүниені, қыбыр-тықырды, әр сөзді естіп, ұғып та жатады. Бірақ арығаны, талғаны, бой қуатының біткені соншалық, енді тіпті көңіл ойы біліп жатқан, тілеп жатқан сусын тәрізді қажеті болса да, айтуға аузы сараң тартты.
Үш күн болды, Мағашқа барынша елжіреген мейірмен қарап: "Мағатайым!" деп еркелетіп, айтып қоятын сөзі де қалды.
Мағаш бүгін күндіз аса күдер үзіп, ұзақ жалғыздық тыныштықта отырған қалпында өзіне өзі "Бүгін бе, ертең бе екен?" деп қалды. Соңғы демі үзіліп болмаған жан ағасына арнаған арыз сөзін ақ қағазға тізді.
Дейтұғын сөзің қайда "Мағатайым?!"
Қауіптің тоқтауы жоқ барған сайын.
Жарқ-жұрқ етіп жайнайтын жас шағында,
Шынымен кеткені ме, ағатайым?..
Жас татымас жылауға көзді бұлап,
Күні-түні жалбарынам жанын тілеп.
Сыртыңа бір белгіні қоймасаң да,
Күймесіңе болмайды жүрек жылап!.. –
деген еді.
Осы күні мезгілдің тақағанын сезе ме, Абайдан телеграмма да келді. "Телеграммамен толық айт, халі қалай?" депті.
Әбіш телеграмма келгенін Майқан төргі үйге кіріп, Мағашқа әкеп бергенде езген екен. Телеграмма жөнін Мағаш оқып бергенде, үн қатқан жоқ. Тек бас жағына тақау тұрған лампы қасындағы қойын книжкасын көрсетті. Ашылған беттері үстелге төңкеріліп қойылған екен.
Әбіштің көз ажарына, емеурініне қарап Мағаш енді аңғарды. Әкесінің телеграммасына "жауабым осы" деген тәрізді. Мағаштың арабша жазуға көзі түсіп еді, "Аға, қош! Арманым – тілегіңді ақтай алмадым. Барымды бере алмай кеттім!.. Тағы арманым –Мағыш! Қызығым едің!.. Ғашық жарым!.. Бір өзіңе берілген аласыз көңілім адал!.. Рахиланы сүйдім..." депті.
Бұдан бұрын сөйлесер сөзін тыйған болса, енді осы жолдармен ой сезімін де үзген еді. Сол күні түстен бастап, кешке дейін Әбіштің нашарлап жатқанын естіген көп адамдар Әбсәмет үйіне екіден-үштен келумен болды.
Қасына қаланың оқыған бір адамы Бақия деген арғынды ертіп Дәт те келді. Әбіш үндемесе де, Дәт Мағашқа арнап келген жайын айтты.
– Көптен о яқ, бұ яққа жүрісім боп, үстіне кіре алмап ем. Мана Бақияға кездесіп, "сенің бауырың, менің тілеулес дос-жарым емес пе!" деп кеп қалған жайымыз со, Мағаш шырақ! – деді.
Мағаш Әбіштің ауырлап жатқанын ақырын ғана қысқа сөзбен айтқан еді.
– Несін айтасың, қарағым! Көріп отырмыз, о яғын айтпай-ақ қойғын, тек шыпа берсін! – деді де, Дәт жүріп кетті.
Осы қаладағы облыстық правлениеде, округ сотында, ояз кеңсесінде істейтін Арғынның, Найманның тілмаштары бар еді. Олар да бірнеше буын адамдар боп келіп, қоштасып шықты.
Солармен ілес, қайдан білгені белгісіз, осындағы бес мешіттің халфелері мен сәлделі мәзіндері, қартаң шәкірттері де қайта-қайта келе берді. Имек тұмсық, ала көздеу, ұрты суалған, қара сақал бір халфе Әбіш қасынан ауыз үйге шығып, кебісін киіп жатып, "бәрәкәллә, бәрә-кәллә!" дей берді. Өтегелді соған өзі күйіп отырған көңілімен өлгенше ыза болды.
– Арам құстың тұмсығы сияқты имиген тұмсығыңды бұзып жіберер ме еді! Қызылға ұшқан ақ бас күшіген сияқтанған қу құзғын. "Бәрекелде, бәрекелдесі" несі? "Ауырғаның жақсы", "әлсірегенің жақсы" дегені ме иттің? Енді қайтып келместей тірсегін қырқар ма еді, – деді. Жаңағы халфе қораға шығып кеткенше, сыртынан ұрыс сөзін оқтай атып қалды.
Бұл түн таңға тақағанша Әбіш ешбір белгі бермей, сұлық жатты. Ымырт жабылған соң Фидлер соңғы рет келіп, Әбішті қимай маңдайын, қолын сипады. Көп салбырап үнсіз отырды. Мағашпен қайта-қайта қол қысып, ұзақ қоштасты да, ешнәрсе айтпай кетіп қалды.
Соның артынан, ұзақ түннің баяу таңы жаңа сызат беріп ата берген шақта, Әбіш үзілді. Ешбір қыбыр еткен белгі, қиналған шырай байқатқан жоқ. Көптен бері барлық пен жоқтық арасында жатқан аяулы жан, өмір шегінен баяу ғана, ақырын ғана жылжып өтіп кеткендей. Абайдан кеше келген телеграммаға ендігі жауапты Әбсәмет көңіл айтып қайырды. Және баласының сүйегін қалай қоюды бұйырады екен, соны сұрады.
Абайдан сол күні тығыз телеграмма келді. Бұрын ойлап, байлап қойған жайы екен. Мағаштың хатынан аурудың "Семейге, еліме жетіп, ата-анамның қолында өтсем" деген арманы барын ұққан еді. Сондықтан Абай енді Алматыға уақытша қоюды тапсырыпты. Күн жылынып, жол түзеле бере туған жеріне алғызып, әкеп қоймақ ниетті айтты.
Әбіштің жаназасына Алматы халқы көп жиылды. Талайдан бұлыңғыр, жүдеу, сұрғылт аспан мөлдір көк боп жарқырап ашылған еді. Қалың жұрт Ташкент аллейімен жүріп отырып, қазақ зиратына апарып Әбішті қоюға кетті. Лақаттап қазған көрдің жері әрі салқын, тоң еді. Ақыретке ғана оралған кіп-кішкентай, жұп-жұқа, бірақ ұзынша бойлы Әбіш сүйегі қазір сол суық қара жерге табыс етілді. Үлкен жүрек, аппақ таза көкірек сол қабірге түсті.
Әбішті жерге, лақатқа Майқан мен Өтегелді өз қолдарымен қойып жатып: "Аманат!" "Аманат!" десті. Жағалай тұрған барлық жиын осы сөзді бірауыздан қайталады.
Бұл сөзге қимаған жүрек те бар. Бауыры суық қара жердей әлдебір рахым тілеген дәрменсіз өтініш те бар сияқты естілді.
Өлікті қоюға жиылған жұрт көп болғанмен, Мағаш өзін бөтен көпшіліктің арасындамын деп андайтын. Сондықтан бүгін таңертеңнен бері ол оңашада жылайтын да, бөгде адамдар маңайласса, жасын тыйып, іштен тынатын. Үн жоқ, аппақ боп сұрланған жұқа жүзі де шөлмектей жүдеген. Өзі де ауруға бергісіз.
Ол Майқан мен Өтегелдіге де жылауларын азайтып, бүгіндер бойды берік, қатаң ұстауды бұйырды. Қабір басында олар да еңіреп, боздап жылағысы келсе де, өздеріне тыйым салысты. Топ енді өлікті қойып болып, қабір басынан серпіле беріп еді. Таңертеңнен бері Әбсәмет, Дәт екеуінің қасынан тізесін айырмаған Жамбыл, енді біраз ғана топтың ортасында жүдеп тұрған Мағашқа үн қатты. Әуелі аһ ұрып, жалын атты да, көзінен ыршыған ыстық жасын үлкен жүзіне ағызып тұрды. Сөйте тұра, ол бұндағы дос қазақтың, бауырмал қазақтың атынан дәл осы қабірдің басында, Абайға арнаған сөз бастады. Бұл сөз көңіл айтқан, жаралы жүректі жұбатқан, талай адал, дос бейілден тіл қатқан сөз еді. Әндетпей, дауысқа ұсатып зарлатпай, өзінің осылай сөйлеуін "Мағаш жас жақсы түсінеді" деген сеніммен Жамбыл жырлап кетті. Маңында тұрған Дәт, Әбсәмет, Майқандар ғана емес, бүгін осы жаназаға келген жиырма шақты орта буын аталар, әкелер бар еді. Олар да тегіс тына қалыпты. Жамбылдың тегін айтпай, кезін де, сөзін де тауып айтатынын олар біліп, бағалап тұр. Ақынның алғашқы сөзінен бастап-ақ бас изегендер бар. Күрсіне түсіп жылаған жандар да білінді. Аңдаған адамға Жамбыл сөзі бұндағы халық атынан алыстағы асыл азаматқа, халық ұлына айтылған арнаулы сәлем боп шықты.
Жақын сәтте жылап тынған Жамбылдың алғашқы үнінде өксіктің дірілі бар. Ең алғашқы сөзде даусы қарлыға да шықты.
Сәлем айт барсаң Абайға,
Кеңесі жеткен талайға.
Ауырды жеңген қара жер,
Сабырлы болсын қалайда...
Бір жұтқан судай дүниесің:
Ащысын жұтып күйінесің,
Жаңғаққа біткен бәйтерек
Жалғызбын деп жүрмесін.
Кемелге келген асыл-ай...
Тасқында тәңір басуы-ай...
Нар көтерген ауырға
Арқасын тоссын жасымай... -
деп бастаған Жамбыл сәлемі, әуелі Әбішті жақсы жоқтап барды. Артынан Абайға қарай шебер оралып, оны жұбата сөйледі. Қайғы жалғыздықта, әсіресе, жанға батады. Сен жалғыз емессің... Елің, досың көп. Алыстағы күрсінгенің біздің мұндағы кеудемізді шарпып жатыр... Бірге жыласамыз, өзіңмен бірге де уанайық, асылым!.. Қара қазақ халқының қадірлісі! – деп, жылы сөзін аяқтаған-ды.
Әбішті қойып болысымен Мағаштар Абайдың шақыруымен, асықтыруымен Семейге тығыз-ақ жүріп еді. Бірақ әуелі Жетісу көктемінің лайсаңы боп, жолды бұзып әуре етті. Лепсіден өтіп, Аягөзге қарай тақағанда, Арқаның суық, ұзақ қысы аяқтап болмады. "Семейге тәуір жолмен жетіп қалармыз" – деп ойласып еді, о да болмады. Биыл ерте кете бастаған қар Аягөзден Семейге шейін көксоқта боп, ақсақ ойылып, жүргіншілерді қатты бейнетке ұшыратты.
Алматы мен Семей арасына Мағаштар күндіз-түн аз аял етіп жүрсе де, жиырма күндей сапар шекті.
Абай Мағаш келгенше өмірдегі бір тірегі құлап кеткен жандай болды. Өзін де биік құздың басында, қатер жардың жұлып aп кетер қасында тұрғандай көреді. Қыбыр етсе, аяқ басса, қуаты кеткен бейнесі бұған билетпей, сол бас айналдыратын құз биіктің түпсіз, шексіз қара шыңырауына қағып құлатып, алып кететін тәрізді. Түнде ұйқы жоқ, күндіз ауыр ойдан, қасіреттен тыным жоқ. Бұл күнде тіпті қасындағы етбауыр жақындары: Кәкітай, Дәрмен, Баймағамбеттермен де тіл қатысып, шешіліп сөйлеспейді.
Қасірет жеңген үлкен, мейірлі жүрек суып, қатайып, түңілумен түйіліп алғандай. Тек қана Мағаш келер алдында қырда, ауылда Әбіштің жетісін беріп және бір жұмадай қалың бата оқушыларды атқарып болып, Ақшоқыдағы ауылдан Ақылбай келіп еді.
Абай одан ең алдымен Мағыштың халін сұраған. Ділдәның да, басқа жан күйер жақындардың да Әбіш қазасы үстіндегі күйі қандай екенін Ақылбайға айтқызып, үндемей тыңдаған.
Мағыш қайта-қайта тала береді екен. Аппақ шөлмектей боп кетіпті. Ақылбай әкесіне әуелі жақын жандардың мінезін, уайымын, сөздерін айтып, күндізгі бірнеше сағат уақытты Абаймен оңашада өткізген еді. Кешкі отырыста Әбіштің жетісіне бата оқи келген Тәкежан мен Қаражанның бір бықсыған жаман сөздерін Абай сұрамаса да, Ақылбай айтып кетті.
Ділдәмен сөйлесіп отырып, Тәкежан Абайға сын айтыпты. "Оқытам, оқытам деп, жер түбіне қаңғытып жіберіп, ауруға бір шалдықтырды. Ата-бабамыз орыс оқуын оқымай-ақ адам болып, жақсы атанып, абырой алып, ел билеп-төстеп еді. Оқудың түбін тесетіндей, осы баланың денсаулығы нашар екеніне де қарамай жібере берді. Ал оқытып болды. Енді соған табыс таптырмай-ақ, ақша-пұл іздетпей-ақ қойса не етті? Тағы бір қиян шетке, Алматыға қызметке жібертіп несі бар еді?" – депті.
Абай Ақылбайдың жүзіне тесіле қарап, ыза да бола алмады. Өзіне және қайран да қалды. Бір замандар шағында Тәкежанның аузынан шыққан осындай шіріген сөздерге Абай өртене күйініп, оқ тигендей оршып түсуші еді. Қазіргіні бейне бір ауыр жарадан белі сынып жатқан арыстанның көзіне қонған шыбын жарасындай ғана танып, елеусіз қалдырды. Тек жалғыз, ызалы мысқыл тәрізді бір ащы жайды ақырын салқын ғана айтты.
– Тәкежан менің де "қабіріме топырақ тастаймын" деп келіп, тікен тастап кетер-ау! –деп қоя салды.
Ақылбайдың айтуынша, ауылдағы әйелдер, жастар және балалар да Абай мен Мағаштың болмағанын қатты ауырлайды екен. "Бата оқи келген әралуан алыс-жақын, дос – дұшпан да ауылдың басты еркектері болмаған соң, әртүрлі жаңағыдай ірік-шірік сөздер тастап кететін көрінеді" деп отырып, Ақылбай Абайға және бір удай ауыр сөзді айтты. Ол сөз де жақын болмыстың аузынан шығыпты. Шеттен келген бата оқушылар соны естіп, түршігіп кеткен болса керек. Жаңағы Тәкежан сөзінен шығарып, оның қаны суық қатыны Қаражан да жазғырыпты. Ысқақтың паң, кердең топас кеуделі Мәнікесімен қосылып қорланған, намыстанған болады екен.
– Кімнің басына ат қойып келеді ағайын, туған?! Қаралы басымен зарлап қалған алғаны, аңырап қалған анасы қайтіп басына барып құран оқытады? Тым құрса қолынан топырақ салғызса не етуші еді! Ауыра салысымен елге неге алғызбады? – деп айтады екен. Және де енді тұлыпқа мөңіреген сиырдай, бір томар белгісі қалмағанға қайтып шыдаймыз? – десіпті.
Олар Абайдың байлауын білмейді. Тіпті білсе де, жұртқа әдейі Абай басын сынап, іштей табалап жүр. Осының аты да жақын, туыс! Бірге жыласып, бірге жоқтасқан кісің боп отырған, жалған жақындар, жау жақындар.
Бұндай сөздің шоғырын да Абай өртеніп отырған кеудесімен сезген. Әбсәметтің телеграммасы келісімен жолдың жайсызын ойлап, Алматыға уақытша "Аманат" қойыңдар дегенді өзі шешкен. Ешбір жанға ақыл салмай бұйырған телеграмма берген. Сонда осындай суық тіл, сұғанақ тұмсықтар итше тімтініп, Абай емес, әсіресе Әбіштің әруағын күңірентер деп сезген. Туған жеріне, еліне алғызуды сонда байлаған.
Мағаш келмей, Абай қаладан шыға алмай бөгеліп жатыр. Ауыл болса, Ақылбай хабарына қарағанда, есті-басты жан күйер жандарды керек ететін тәрізді. Соны ойлап, Абай Ақылбайға қосып, Кәкітайды Ақшоқыдағы ауылға тез жөнелтті. Өзі қасына Дәрменді ғана алып қалды. Өмірде алғаш рет ауыр соққыдан қатты жеңілген жандай. Әл-қуатын жия алмай, тағы да үнсіз, қыбырсыз қайғы соңынан қадалумен болды.
Қала халқынан Абайдың уайымын естіп, ол жатқан пәтер үйге ертелі-кеш көп адам келіп жатты. Бір кезек көңілін алаң етіп, ас ішкізіп, жұбату айтамыз деп Сейіл мен Дәмежан да келіп кеткен. Дәрменнен сәлем айтып, Сәмен, Сейіт сияқты Затонның Абайды жақын дос көретін бір топ кедейлері де, грузчик жұмыскері де келіп кетті. Қаланың саудагері, чиновник тілмаштары, тіпті молда шәкірттері де келе берді. Көңіл айтушылар ерекше көп болды.
Абай көп жанмен қабақ ашып, тіл шешіп сөйлескен жоқ. Бұл келушілер ішінде Абайдың анық қабылдап ұзатып салғандары Сейіл мен Дәмежан. Және Әбішті ана жылғы Мәкен дауының тұсында өздеріне басшы серік көріп, әңгімелеген Сәмен сөздерін ғана Абай үлкен ілтифатпен тыңдап еді. Ол топты да Абай анық дос-жар көңілімен қарсы алған.
– Мен үшін болмаса да, Әбішті жақсы ойлап келіпсіңдер! Сендердей жандар жұбату айта келгенде, Әбішті жоқтай келгенде, мен алғыс айтпасам, астарыңды бірге ішіп, қайғылы қабағымды ашпасам, әруақ ырза болмас еді. Әбішке сендер ырза болсаң, сендерге мен ырза! – деген.
Сөз бен жөнді жақсы білетін Сәмен, Әбіштің қазасына байланысты соншалық саналы бір арман айтты.
– Ортамызға келіп, ақылымен, білімімен басшылық етсе етерлік, бір жас осы екен-ау, есіл ер! Досың болса осы болсын! Дәрмендей жалғыз-жалқылар Әбіштен пана тапса, есесі ешкімге де кетпес-ау! – деп, сондай бір үміт, қуаныш етіп қалып ек! Біз де жетім қалдық десек болғай да! Заманымызда мұңымызды ұғып, қамымызды жейтін қай қазақтың оқығанын көріп отырмыз? – деген.
Осы сөз Абайға, әсіресе өзгеше тауып айтылған жұбаныштай еді. Анда-санда өз ойымен күңіреніп, Абай тағы да сыбырлап сөйлеп, шер толқытып кеткенде, ойда жоқта өз-өзінен ырғақты бір жолдар құралады. Оған өксік араласады. Жас орнына тілден шыққан жүрек қанындай! Сол жүрек қанымен жазылған жолдар екшеле береді. Оңаша қалса болды, сыбырлай зарлап, кейде жоқтау, кейде шер шығарады. Сондайда қайталай беретін бір қайырма бар...
Замана, неткен тар едің,
Сол қалқамды қоймаған?!. –
деп әлденеше қайыра, күрсіне түседі.
Сәмендер кеткен соң осы жолдарға, осы ырғағына Абай тағы бір оралған еді. Ата арманы, жаңағы Сәмен айтқандай, халық арманына, кейінгі буын, жас төл арманына айналып кетеді.
Жаңа жылдың басшысы ол,
Мен ескінің арты едім.
Арман деген ащы сол,
Сүйекке тиді, қарт едім!
Қайғы болды күйгендей,
Ол қуатым еді рас.
Көзге қамшы тигендей,
Шыр айналды артқы жас!
Осыған қоса тағы бір үзік арман ойласа, әке арманы емес, халық арманына, қараңғыда қамалған ел арманына мегзейді. Жұрт әкесі боп, бір жылап кетеді.
Білім алдың, бас болдың,
Көкірегіңді кермедің.
Ел ішіне cay келсең,
Тағылым айтпас ер ме едің!
Жол көрсетіп сонда өлсең,
Арманым бар дер ме едім!.. ...
Замана, неткен тар едің,
Сол қалқамды қоймаған!.. –
деп, тағы бір у толқынын жұта құшқандай болады...
Абайдың уайымын, Әбіштің өлімін талай қазақ баласынан, тіпті талай "туыспын" деген аталас жақыннан әлдеқайда көп уайым еткен қазақтан жынысы бөлек жандар да болды. Ол әсіресе Павлов еді. Әбіштің жат хабары келген соң Павлов Абайдың қасында үш күн ұдайымен, таңертеңнен кешке шейін болып өткен. Абай жүрегі қабынып, соңғы кезде бір шақта талықсып та кетіп еді. Өзінің көз алдында қападан, қасіреттен осындай өрт шалғандай күйге түскен Абайды Павлов өз әкесіндей аяды. Оңаша қалса болды, үнемі жұбату айтатын.
Бір рет үйіне барып қайтып, Әбіштің соңғы төрт-бес жыл бойындағы бұған жазған талай хаттарын әкеп берді: "Осы хаттарға көңіл бөліңіз, Ибрагим Кунанбаич! Абдрахим қандай биік, қасиетті санаға жеткен жан еді. Соны, осы бір маған жазған хаттарынан танырсыз, андарсыз да. Уайым еткенмен, жұбаныш та етерсіз. Сабыр да табарсыз деймін. Себебі жүз жасайтын жан жоқ. Аз өмірде қаншаны біліп, биіктеп өскенін, шырқай ұшқанын көріңіз! Жақсылығын көзбен көріп, оймен танудың өзі де "балам" деген атаға көп жұбаныш бол ар деп білем!" – деген.
Әбіштің хаттары әдемі, ұқыпты боп берік оралған күйде Абай төсегінің бас жағынан жай тапқан. Дәл осы күндерде тағы да дос жүрегімен Абайға аса терең ой түсіріп, жаңағы Павловша жұбата біліп хат жазған ескі досы Евгений Петрович Михайлов еді.
Көп жыл бұрын Семей әкімдері тайдырып жіберген жақсы жан бұл күнде білім соңына түсіп, Зайсан жақта, Алтай алабында жүр. Бірде кезбе өмірге, кейде жазу еңбегіне беріледі. Евгений Петрович соңғы жылдардағы Әбіш жайын оның хаттарынан біледі екен. Ал мынау хатында өзінің есіне алғаны Әбіштің бала шағы. Михайловтың өзі қолынан жетектеп апарып кіргізген орыс школының ішінде Әбіштің ең алғаш көрсеткен мінездерін жазыпты. Бұның бауырына жабысып, әкесіндей көріп, таныс емес школды, бар жандарды жатырқаған ауыл баласының суреті шебер тілмен сипатталған екен.
Сол Әбіштің азғана өмір ішінде жүзге келген қазақ шалынан бетер көпті көріп, көпті білгенін айта отырып жұбатады Михайлов.
Енді бір кезек тағы да Абай өзімен-өзі қалған сәттерінде Әбішке екінші әкесіндей болған тамаша дос Михайловтың сөздері де өлең қатарына ауысады.
Көргені мен білгені
Жүзге келген шалдан көп.
Бізге уайым жегені,
Арманда боп қалды-ау деп, –
деп, қатар жолдар үлкен оймен көп сезімді сараң таратып, іркіле берді.
Осындай Әбішпен бір өзі оңаша сырласқандай, арыздасқандай сәттерін Абай ендігі тірлік тынысындай күнделік мерзімі етіп алып еді. Әлі жан баласы көрмеген, ешкім оқып білмеген бір Әбіштің өзіне жолдаған талай күйлі сырлар көп туған.
Мағаш келген соң да, Абайдың қапа мен қазада туған ақын шабыты іркілген жоқ, дами берді. Тек Мағашты үш күндей оңаша алып отырып, Әбіштің бар айтқан арызын, арманын есітті. Қыс бойғы бар мінезін, қалай ауырып, қалай үзілгеніне шейін – бәрін де ұзақ-ұзақ айтқызып еді.
Сол орайда Мағаш Абайға жолдаған, Мағышқа арнаған Әбіштің арызын, қоштасу сөзін көрсеткен. Қай күні жазылғанын ол айта алмайды. Бірақ, Мағаштың ойынша, Торжорға атты бәйгеге қосқан күні бұған осы арыздасу сөзін көрсеткенмен, дәл осы күнде жазған болмау керек. Өйткені бұл кезде Әбіштің әл-шамасы мүлде азайып кеткен-ді. Қарындаш ұстап, қағаз жазуға шамасы қалмаған болатын. Тегі, бұрын жазып, ерте әзірлеп, ең соңғы сағатта әкесіне, жарына жеткіз деп қойғандай.
Осы сөздерді естіген соң да, Абайдан азаматын жоқтаған ел атасының мұңы толқып шығады.
Тәуекел зор, ақыл мол,
Қорықпай тосқан тағдырын.
Қиынсынбай елімді ол,
Білдірмеген бір сырын.
Ата-ананың қызметін,
Алған жардың қарызын,
Өтемей кеткен бейнетін,
Қағазға жазған арызын...
Мағашпен оңаша ұзақ әңгіме соңынан және де сөз бен шер шығармай, ауыр дертті ақын жүрегі ендігі сырласы қағазына жас аралас жырын, сырын төгеді.
Жиырма жеті жасында,
Ғабдрахым көз жұмды.
Сәулең болса басыңда,
Кімді көрдің бұл сынды! –
деп, кей жастарға оның көп мінезін, жаратылысын үлгі қыла сөйледі.
...Тәкаппар жалған онда жоқ,
Айнымас жүрек көңілің бал...
...Аз өмірін ұзайтқан.
Ғылымға бойы толған соң,
Көрген жерін молайтқан.
Оқып біліп болған соң,
Қырым, Кавказ, Түркістан,
Ресей, Сібір қалмады.
Хабарланып әр тұстан
