XVII
1947 жылы июльдің басында мен өзім тұрған облыс орталығынан поезбен Алматыға сапар шектім. Университетке, сырттан оқитындардың жазғы сессиясына қатысуға келе жаттым. Бір купеге балуан бітімді, ұзын қара мұртты қартаң қазақпен қатар жайғасқан едім. Біз отырғаннан кейін поезд ілгері қозғалып, қайта кейін сырғып артта қалды. Көршім терезеге үңіліп, мен кітапқа бас қойдым. Сөйтіп уақыт өткізуге кірістік.
Жолда, Нар станциясынан, біздің купеге жүзі таныстау сияқты бір жігіт келіп кірді. Мен быржиып семіре бастаған бұл адамды қайдан көрдім деп ойланып отырғанда, ол мені тани кетті.
– Өй, сен солдат емессің бе? – деді салған жерден.
– Иә, бірақ қайдағы солдат?
– Қой, қой, бұлталақтама, - деді бейтаныс адам бірден сен деп сөйлеп, бейнебір менімен бірге өсіп, өмір бойы біте қайнасып келе жатқандай-ақ. - Сен КазГУ-де оқисың ғой. Өткен күзде көріп едің ғой, 7 ноябрьдің қарсаңында, жатақхана жанында. - Менің жүрегім зырқ ете түсті. «Апырау, осы сол болмасын» дедім ішімнен оған абайлай қарап. – Ұмыттың ба? Сен мені театрға ертіп апарып, Меңтаймен жолықтырғаның қайда?
Анық сол болды.
– Иә, аман-есенсіз бе? – деп мен қолымды ұсындым. – Сіздің атыңыз, ұмытпасам, Тұмажан Ошақбаев еді ғой.
– Иә, оны қойшы. Саған, жігітім, сол жолғы қызметің үшін көп рахмет. Сен болмасаң мен ол жолы Меңтайды таба алмай кететін едім де, оның несі... – деп танауын желбеңдетті сары шегір. – Өзің де білесің ғой қыздың бойындағы ана несін... белгісін... Сол жолы сен кездеспесең, маған ол қыздың сонысы бұйырмайтын еді. Нардан Алматыға босқа далақтап барып қайтатын едім. Бірақ, жолым болды. – «Жолы болғыш келеді мұндайлардың» деп ойладым мен ішімнен. - Өзім де «Әттең, қолыма түссе» деп алақаныма түкіріп барып едім. Түсті ақыры. Өй, құлындай шыңғырттым-ау өзін де... Ошақбаев опық жемейді!
Мен не дерімді, не істерімді білмей қызарып, қысылғанымнан терлеп кеттім. Ол мені әңгімемнің қызықтығына елтіп отыр деп ойлады-ау деймін, дарақыланып жаңағы сөзін сол тұрпайы қалпында жаңадан жалғастырды.
– Ал үшінші күні қызың сүзектен тұрғандай боп, екі көзі шүңірейіп қалды. Кешке қарай көшеден такси ұстап әкелдім де, ішіндегі бар нәрін сорып алып, сыртындағы қабығын лақтырып жіберген лимондай етіп, қызды жатақхана жанына жеткізіп тастадым. Ол, сең соққан балықтай теңселіп, салы суға кетіп, есікке қарай жылжыды. Ал мен, бір рота немісті жалғыз өзім жайпағандай көңілім өсіп, Нарға қарай тарттым да кеттім құйғытып. Ошақбаев опық жемейді!
«Ошақбаев опық жемейді» деген мұның сөзінің мәтелі екен. Әр сөйлемінің соңында осы бір дарақы, жаттанды сөзді екілене қайталауды ол өзінің әдетіне айналдырып алыпты. Мен бұл парықсызға не айтарымды білмедім.
– Сіз қыздың ағасымен дос болмап па едіңіз? – дедім бар аузыма түскен сөз осы болып.
– Болса несі бар, онда не тұр? – деді Тұмажан екі танауы едіреңдеп. – Қыздың не үшін жаратылатынын білесің бе өзің? Білмесең мен айтайын: қыз – қызық үшін, ләззат үшін жаралған. – Осылай деп ол өз-өзінен тамсанып, тісін ақситты. Бұл тұста ол маған кісі емес, тісі сақылдап тұрған қасқыр сияқты боп көрінді. – «Қыз» деген сөздің өзі қызды көріп, бүйрегін бүлкілдесін, бүйірің қызсын, оны көрсең лап қой, бассал да, умажда деген мағынаны береді. Ал мен бас салдым да, өмірдің өзіме тиісті қызығын көрдім. Кеше немістермен біз не үшін соғыстық осындай қызық көрмесек, а? Мен саған айтайын бар ғой: дүние екі келмейді. Сондықтан жас күнінде тәтті қыздардың шырынын сорып қалу керек, мына мен құсап. – Ол жыртқыштың тұяғы іспетті мұқыл саусағымен өз кеудесін бір түртіп қойды. Содан соң қысық көзін одан сайын сығырайта түсіп, сөзін аяқтады. – Жалғыз қыз ғана емес, өмірдегі тәттінің бәрінен өз үлесіңді үзіп, жұлып, жұлмалап алып қалуың керек! Міне, мұны білетін Ошақбаев ешқашан да опық жемейді!
«Философиясын азғынның» дедім ішімнен қаным қыз-қыз қайнап. Одан соң оның арсыздығын бетіне баспақ боп, тағы да бір сұрақ қойдым.
– Қыз ағасының сізге айтқан өсиеті бар емес пе еді: тірі қалсаң менің қарындасыма қосыл, қорған бол деп тілек етпеп не еді? Сонда сіздің мұныңыз қалай болғаны?
– Тоқтай тұр. Оны сен қайдан білесің? Тегі сенің сол қызбен бірденең бар шығар, түрің жаман, – деп Тұмажан бетіме тесірейді. Көзі жыланның көзіндей өткір екен, кірпігін қақпады. Содан соң бейнебір менің кінәмді кешіргендей боп, мардымси сөйледі. – Жарайды, болса бола берсін, – деп қолын бір сілтеді де, сұрағыма жауап берді. - Бірақ, «өлгеннің өсиетін тірі орындамайды» деген бар емес пе, сен оны білесің бе? Мен өзім өмірде осы қағиданы мықтап ұстайтын кісімін. – «Сен кісімісің, кісі бейнесіндегі қорқау емеспісің?» дегім келді осы жерде. Бірақ ол сөзін аяқтасын деп, үндемедім. – Өлген адам өлді, топырағы торқа болсын! - Ол өз-өзінен ыржалақтап, кеңкілдей күліп қойды. – Өлген адамның жамбасы жайлы жерде жатыр. Ал тірі менің де, – ол тағы кеудесін түртті, – жаныма жайлы өмір кешуім керек. Ендеше, шөпжелке бір студент қыз оқу бітіреді екен деп алтын өмірімді өксітіп отырмақпын ба тосып. Оқуды таста, маған қатын бол дедім ол қызға. Көнбеді. Көнбесе өз обалы өзіне оның. Ошақбаев опық жемейді!
Осы сәтте әлдебір ерлігі есіне түсіп кеткендей, Тұмажан қаймыжықтай ернін жымырайтып, жымиып алды. Тілін шағатын жыланның тіліндей жалақтатып қойды.
– Өзім де қумын, – деді ол содан соң маңғазданған боп. – Оқ тиіп құлағаннан кейін қыздың ағасы өлетінін біліп, қарындасын маған тапсырды. Тірі қайтсаң көз қырыңды салып, қамқорлық жаса, менің орныма аға бол деді. Оның қарындасының суретін талай рет көргемін, сұлу екенін білетінмін. Бір жаман ой келе қалды да: «Осы айтқаның рас болса, қарындасыңа деген бұл өсиетіңді қағазға жазып кет» деп, қойын дәптерімді алдына тоса қойдым. Ол сорлының ойы шын екен. Өлетін адам өтірік айта ма? Бейшара қолы қалтырап, сөз құрастырып жаза алмады. Сонсоң блокнотты шапшаң қайта алдым да, ақ бетіне сүйкектете жөнелдім. Анау өліп кетпей тұрып, тез қолын қойдырып алайын деп асықтым. Ақ қағаз бен оның қағаздай боп ағарып кеткен бетіне кезек қарай отырып, былай деп жаздым:
«Бауырым Меңтай! Тұмажан менің досым. Елге тipi барса, осының етегінен ұста, сенің басыңды қор қылмайды. Бұл менің саған өлер алдында айтқан өсиетім, бауырым. Орында, қалқам.
Ағаң Ербосынов».
Осылай деп, оған сүйемелдеп отырып, қолын қойдырдым. Не жаздың деп сұрауға да шамасы келген жоқ. Тез қолын қойдырып алғаным жақсы болды. Өйткені Жүніс содан кейін бірден әлсіреп, сәл сұлық жатты да, біраздан соң өне бойы қақайып, ол дүниеге кетті. Аяғында жақсы ботинкасы бар еді, алдымен соны шешіп, обмоткасымен орап киіп алдым. Қалтасындағы заттарын, қойныңдағы қыздың суреті мен әдірісін алдым да, сүйегін сүйретіп бір шұңқырға апарып салдым. Ошақбаев опық жемейді!
«Тым болмаса мынау сасық мәтелді осы жерде айтпасаң етті деп ойладым мен. Одан соң:
– Бетін де жаппадыңыз ба? – дедім оған шошына қарап.
– Оның қажеті не? Топырақ өзі де бүркеп алады, – деді Тұмажан шімірікпестен.
– Ал сіз ол кісінің басына зират орнаттым деп келіпсіз ғой,– дедім мен Меңтайдың маған бұл адамның ағасына жасаған «жақсылығын» соншама сүйсіне айтқаны есіме түсіп.
– Сен оны да біледі екенсің ғой, – деп Тұмажанның жылан көзі маған тағы да шаншыла қадалды. Содан соң көзін тез тайдырып әкетті де, өзіне өзі риза болғандай, қарқылдай күлді.
– Қыздар ертегіні жақсы көреді. Ендеше сен оны біліп қой. Оның үстіне менің ол қыздың басын айналдырып, алдымен уәдесін алуым керек болды емес пе? Қыз бен командирдің алдында лыпылдап тұрмасаң болмайды. Сонда олар сенің сыртыңды ішің екен деп қабылдайды, өңіңді өзің деп түсінеді. Бірақ тәжірибелі командир сенің ар жақ, бер жағыңды бірден аңғарады. Ал тәжірибесіз қыздар жігіт неғұрлым жылпылдай берсе, солғұрлым соған қарай жығыла береді. Мен де сөйттім. Ошақбаев опық жемейді.
Мен ернімді тістеп, басымды шайқадым. Тұмажан өзінің арсыз қылығына өзі мәз болып, поездың терезесіне бір қарап қойды да, әңгімесін жалғады.
– Соғыстан келген соң қызды Алматыға іздеп барып, ағасының сәлемін алдымен ауызша айттым. Сенбеді. Сонсоң қойнымдағы сары майдай сақтап жүрген блокнотты суырып алып, жаңағы сөздерді оқыттым. Дәптерімнің сол бетіне бір қызыл бояу да жағып қойған едім. «Мынау ағаңыздың жарасынан тамған қаны» дедім қызға. Осыдан кейін қыз байғұс оқ тиген жапалақтай боп, жалп ете түсті. - «Өзің жапалақ, зұлым,– дедім мен ішімнен. – Оқ тиген үйректей деуге тілін келмей ме сен сұмның. Періштедей Меңтайды жапалаққа теңеуін бұл жауыздың. Өзі құзғын болған соң өзгені жапалақ деп біледі ғой бұл сұмырай!» – Жалп еткені емес пе, блокноттағы ағасының қолын танып, оны қайта-қайта бетіне басып, ағыл-тегіл жылады-ай кеп. Ақыры уәдесін берді. Бірақ бойына дарытпады, «асықпаңыз» деп қарысып отырып алды. Әйтпесе мен оны сол жерде-ақ жайлап кететін едім. Ал асықпағанның арты жаңағыдай болды. Оқуды тастап, маған ти, ауылға кетейік деп бірнеше рет хат жаздым. Көнбей қойды. Көнбесең... дедім де, - ол былш еткізіп былапыт сөздер айтты, - мен елде үйі-күйі, қора-жайы, 3-4 сиыры бар шалқып отырған жесір, жас, бай әйелге үйлендім де алдым. Тышқақ лағы жоқ студент қыздың қасында бұл дегенің шылқып жатқан байлық емес пе? Өйткені Ошақбаев опық жемейді. – Тұмажан менің бас изеп, мақұлдауымды күтті. Мен міз бақпай отырып қалдым. - Үйленер алдында ол қызды ең болмаса бір жайлап кетейін деп, қалтаға ақшаны сықап, қасыма Ерғазыны алып, о дегенше апыл-құпыл әйда Алматыға тарттым да кеттім емес пе! Жаңа айттым ғой: онда, мына сенің көмегіңмен, ойлағанымды орындап, «екі жылдан соң оқу бітіресің, содан соң біржола аламын» деп қызды алдап, абыройын жосадай ағызып, қатын ғып кеттім де, келе-сала жаңағы әйелге үйлендім. Енді маған бұл әйелім де бір, Алматыда қызбын деп жүрген Меңтайың да бір. Қыз атандыратын белгісі бойынан кеткеннен кейін әйелден әйелдің айырмасы болмайды, шырағым.
«Жоқ, бекер айтасың, – дедім мен іштей зығырданым қайнап. – Алтынды адал қол да, арам қол да ұстайды. Арам қол бір тигенге алтын арам болып қалмайды. Сол қадірлі, қымбат күйінде қалады. Ендеше Меңтай сол саф алтын сияқты. Сен алтынға тиген арам қолсың ғой. Алтынды бір сипағанға арманымнан шықтым деп ойлайсың. Оны қорлап, қадірін кетірдім деп түсінесің. Жақсы қыздың абырой белгісі тәнінде ғана емес, жанында болатынын сен білмейсің, сұмпайы. Меңтай бойындағы асыл белгі – оның ақылдылығы, адалдығы, арлылығы, жанының жібектей жұмсақтығы. Меңтай бойындағы бұл белгіні сен ешқашанда жоя алмайсың, ақымақ. Болатты тот баспайды, алтынға кір жұқпайды. Меңтай суы таза мөлдір бұлақ іспеттес. Ал сен итсің. Иттің тұмсығы бір тигенге бұлақ арам болып алмайды...»
– Осы сөздер көмейіме келді. Лақ еткізіп айтып салсам ба деп те ойладым. Бірақ аузымнан басқа сұрақ шықты.
Сіздің мұныңызды, үйленіп қойғаныңызды Меңтай біле ме? – дедім қыстығып. Ана жолы бұл сұмның өтінішін орындап, театрға ертіп барып Меңтайға кездестіргенімді қылмыстай көріп, өзімді-өзім жерледім. «Меңтайдың мені сүйетінін неге аңғармадым, неге батылдық жасамадым. Не деген соқыр, не деген ынжық едім мен», - деп Тұмажан жасаған қылмысты өзім жасағандай қиналдым. Оның осы қылмысты жасауына аңқаулық, адалдықпен еріксіз көмекші болғаныма күйіндім.
– Е, білмегенде ше, – деді Тұмажан едіреңдеп. – Олардың өткен қыстағы каникулы кезінде мен әдейі командировка алып, Алматыға бардым. Ондағы ойым ол қызды тағы да бір жәукемдеп кету еді. Бірақ, өткен жолғыдай емес, қыз қиқаңдап, маңына жуытар болмады. Жалынып та айттым, қорқытып та айттым. Көнбеді. «Енді оқу бітіргеннен кейін бір-ақ қосылайық. Әйтпесе бойыма бала бітіп қалады, сонсоң оқуды бітіре алмаймын» деп бәлсінді. Тіпті ыза болғаным сондай, сол жерде бетіне былш еткізіп айттым да салдым:
– Ендеше, сенің бір тиынға да керегің жоқ. Мен үйленгелі екі ай болды. Сен құр тұлыпқа мөңіреген сиырсың, – деп. – Бірақ соны бекер айтқан екенмін деп өкінемін. Қызға өзімнің үйленіп қойғанымды айтпай, қатынға сездірмей, оқу бітіргенше оны да пайдалана беруім керек еді, бірін бәйбіше, бірін тоқал етіп. Шыдамсыздық жасадым. Өйтпесіме тағы болмады. Жігіттік намысым жібермеді. Білсін, бәлем, онсызда күн көре алатынымды деп, айттым да салдым, қайдан шықса, одан шықсын деп. Ошақбаев опық жемейді ешқашан!
«Намысының түрін шошқаның!» дедім ішімді ыза кернеп. Оның бетіне былш еткізіп, түкіріп те жібергім келді. Немесе шарт еткізіп жағынан шапалақпен тартып жіберсем бе екен деп ойладым. Өйтсем, бұл ит менімен төбелесе кетеді де, мені қазір милиция бұл түсетін Біртөбеден қоса поездан алып қалып, тергеу, тексеруге салады. Сөйтіп, уақыт босқа кетеді, жазғы сессияға кешігіп қаламын деп, өзіме-өзім амалсыз тежеу салдым.
– Анадағы, қасыңызға еріп келген жігіт қайда? – дедім Тұмажанға теріс қарап отырып.
– Ерғазы ма? Ол бір ашық ауыз ғой. Алматыда қолына ұстатқан мынадай қыздан аузы аңқайып айырылып қалған одан не сұрайсың. Жүр ауылда әлі күнге дейін әйел ала алмай.
Осы кезде поездың жүрісі баяулап, Бір төбе станциясына жақындап қалды. Тұмажан шеті жемтір-жемтір әскери сумкасын қолына алып, орнынан тұрды.
– Не қызмет істейсіз? – деп сұрадым мен одан орнымнан қоса түрегеліп.
– Осы мына Бір төбе ауданында сақтық кассасының бастығымын, – деді ол қолымен сол жақты нұсқап.
– Ақшаның көп жерінде екенсіз ғой.
– Еһе, көп жерінде. – Осыдан кейін ол менің құлағыма сыбырлады. – Мемлекет деген қайнап жатқан қара қазан ғой. Ебін тапсаң, ол қазаннан қалқып ішіп, қылқып жей беруіңе болады. Нарда бір көктөбел үйім, осында бір шифер шатырлы үйім бар. Құдайға шүкір, жаман тұрмаймын. Ошақбаев опық жемейді! – деді.
Осыны айтып болып ол, қисаңдай аяңдап, есікке қарай жөнеле берді. Есікке жете бере артына қайта бұрылып, маған қарады.
– Сен Алматыға бара жатсаң, бұрынғы байың сәлем айтты де Меңтайға, – деді ол кеңкілдей күліп, томпиған қозы қарнын үсті үстіне сипалап. Мен қабағымды шыттым. Соны аңғарды ма, ол сөзін дереу басқа арнаға бұрды. - Айтпақшы, сенің көңілің болса ол қызды нетуіңе болады, – деді ол бұғақтанып алған мұқыл иегімен поездың алдыңғы жағын нұсқап. - Ол нешауа қыз. Бірақ енді маған оның керегі жоқ. Ошақбаев опық жемейді!
Осы сөздерімен ол мені бақытты еттім деп ойлаған болуы керек. Есікке қарай қайта бұрылып, талтаңдай жөнелді.
– Әй, тоқта, – дедім мен осы кезде өзімді-өзім ұстай алмай, өне бойым қалш-қалш етіп. Оның қасына қалай жетіп барғанымды да білмеймін. Бара сала, бала күнгі әдіспен, шықшыттың астын ала бар пәрменіммен періп кеп жібердім. Тұмажанның басы сарт етіп, вагонның қабырғасына соғылды да, қолтығындағы сумкасы сусып жерге түсіп кетті. Ол көзі бақырайып қайта түзеле берген кезде иектің ұшынан баспен және бір сүзіп кеп қалдым. Ошақбаев үн шығара алмастан жалп етіп барып, еденге құлады. Осы кезде:
– Ұр, айналайын! – деп бағанадан бері біздің сөзімізді үнсіз тыңдап отырған еңгезердей мұртты қазақ орнынан атып тұрды. – Қызды қорлаушының сазайын осылай беру керек! Ұр, айналайын!.. Ата-бабамыз оң жақтағы қыздың өзі түгіл, отауына шаң жуытпаған: қыз абыройын қызғыштай қорыған. Қыз балаға қасқыр боп тиген еркекте еш қасиет болмайды. Бұл жігіт емес, жылмаңдаған ұры ит қой шырағым. Аяма мұндай сүмелекті!..
Онсыз да қаным қарайып, Тұмажанды түтіп жердей күйге келген едім. Оның үстіне мына сөз жаныма және қамшы болды ма, әлде көрші қазақтың өзімді қостағанына арқаландым ба, білмеймін, орнынан тұрып келе жатқан Тұмажанды ал кеп тепкілейін. Проводник әйел жүгіріп келіп арашалағанда ғана әрең тоқтадым.
Менің долданып алған түрімнен қорықты ма, әлде қасымдағы таудай қазақтың қияпатынан сескенді ме, әйтеуір, Тұмажан ләм деп аузын ашқан жоқ. Бар болғаны: «Әй, сен де осындай ма едің?» деп таңданғандай, жыпылықтап бетіме қарай берді. Содан соң жанында жатқан сумкасын алып, орнынан сүйретіле көтеріліп, есікке қарай зытты.
– Арсыз! – дедім мен оған артынан айқайлап. Тұмажан менің сөзімді естімеді де, естісе де елемеді ме, жаман сумкасын бауырына қысып, семіз денесін алға итіндіріп, вагоннан түскелі жатты. Терезеден оның домалаңдап жерге түскенін көргенде, үйге кіріп кеткен сұр жыланның сыртқа шыққанына көзім жеткендей, «уһ!» деп, орныма келіп отыра кеттім. Бұндай сұмға жұдырық өте ме? Бұғанам қатқан білікті журналист болып, өмірдегі осындай сұмдардың қылмыстарын ашып, өздерін фельетонның өткір найзасымен аяусыз түйрер ме едім! – деп кіжіндім ішімнен.
* * *
Ол күні вагонда түні бойы жаман түстер көріп, ұйықтай алмай шықтым. Тұмажанмен төбелесіп, милиция қолына түскен екенмін деймін. Мені тергеп отырған милиционер біресе Тұмажан болып: «Ошақбаев опық жемейді!» деп сақ-сақ күледі келіп. Содан соң ол әлдеқайдан Меңтайды шашынан сүйреп алып келіп, қол-аяғым байланып қалған менің көз алдымда іштен тепкілеп, сабай бастайды. Жаны қысылған Меңтай мені көмекке шақырып, құлындаған дауысы құраққа шығып: «Аға- а-а-ай!» деп шыңғырып, мені шақырады. Мен жан терге түсіп, не тұра алмай, не қолымды босата алмай, қиналамын.
Өстіп қысылып жатқанымда мені қасымдағы көршім, Алматыға қазақша күреске қатысу үшін келе жатқан балуан қазақ түртіп, оятып жіберді.
– Жаман түс көрдің білем, шырағым, - деді. Осыдан кейін ұйқы болған жоқ. Меңтай байғұсты аяп, қазір қандай күйде екен деп жаным отқа ұстаған майдай шыжғырылды. Оның маған ең соңғы айтқаны: «Кіммен қарайсаң, сонымен ағар» деген мақал бар емес пе? Мен енді осы кісімен қарайдым, осы кісімен ағаруым керек» деген сөз еді. Мен онда Меңтай Тұмажанға қосылады деп кәміл сенгемін. Сенгендіктен де, басқа ештеңеге қарайламай, облысқа кеткенмін. Анда-санда Жомартбектен хат алатынмын. Бірақ ол бұл жайды білмейді. Арлы қыз жан қиналысын ешкімге айтар ма сірә? Айтпаған ғой деп ойлаймын ішімнен. Қаладан Меңтайды таба алар ма екемін? Әлде ол каникулға еліне кетіп қалды ма? Тапсам, енді ол менің тілегімді қабылдар ма екен? Әлде тағы да басқа біреумен серт байласып қойды ма?
Miнe осы ойлармен мен шілденің ыстығында екінші Алматы вокзалына келіп жеттім.
Облыстан шығарда курстас қыздар қарсы алар деп Жомартбек атына телеграмма берген едім. Поезд тоқтағаннан кейін вагон терезесіне қарағанымда маған келіп тұрған ешкім байқалмады. Бәрі де жазғы каникулге тарап кеткен болар мен, чемоданымды алып вагонның аузына келдім. Есіктен шыға бергенімде, аяғы аяғына жұқпай сумаңдап, плащының етегі түлеген жыланның үстінен түскен қабықтай сусылдап, вагонның жанына Зайкүл жетіп келді.
Сәлем! - деді ол ақ қолғапты қолын жоғары көтеріп, көшенің қиылысында машиналарға жол сілтеп тұрған ақ қолғапты милиционердей қалшиып.
– Сәлеметпісің, Зайкүл? Аман-есенбісің?
– Есен-есен, Ербол, – деп ол қолын созып жақындай жүрді. - Қайда жоқ боп кеттің сен, сағындырдың ғой әбден. Екеуміз қол алыстық. Құшақтассақ та болатын еді. Зайкүл оған тіпті де қарсы еместей екен. Бірақ мен бірден чемоданымды көтеріп, жүруге ыңғайландым.
– Жомартбекке телеграмма берген екенсің, – деді Зайкүл аяғы көстеңдеп менімен қатар аяңдап. - Ол кеше аулына қайтып кетті. Басқа қыздар да кетіп қалған. Жатақханада қазан түп болып, жалғыз қалған мен ғана болған соң өзім қарсы алдым сені. Сені бәріміз сондай сағындық, Ербол.
– Рақмет, Зайкүл.
– Сен бізден бекер кетіп қалдың. Рас, Меңтайға қолым жетпеді деп өкпелеп кеттің. Бірақ, бізде басқа да қыздар бар емес пе еді?
– Өзіңе бұйырмайтын өзге қыздан не пайда, Зайкүл.
– Мен-ақ бұйыратын едім ғой. «Зайкүл, айналайын» деп бір күн жалынсаң болып жатыр еді. Ал сен: «Меңтай! Меңтай!» дедің де жүрдің өзгені көзге ілмей. Тегі жігіттерде ақыл жоқ осы. Өйткені олардың бәрі өз шамасына қарамай, жақсы қызға қарай жүгіреді. Жақсы қыз жете ме, қарағым-ау, бәріне бірдей. Сөйтіп, көп жігіттер біз сияқты өзіне лайықтыдан құр қалып, артынан өкінеді.
Біз аялдамаға келіп, жатақханаға баратын екінші трамвайға отырдық.
– Жігіттер ауылда қыздарға үйленіп алып, артынан оқу оқып келемін деп тастап кетіп жатыр ғой адастырып, – деді Зайкүл трамвайға мінгеннен кейін. - Сен де сөйтпедің бе? – Орындықта отырған Зайкүлдің қасында түрегеп тұрған мен басымды шайқадым. – Онда қазір Меңтайдың да басы бос. Ал ол анау Тұмажан зәліммен жанасып қойды десең, мен бармын...
– Сен жанаспаған шығарсың, – дедім мен күліп.
– Құдай ақына. Сен өзің сенсеңші маған. Кешке паркке барасың ба?
– Жоқ, сенемін, – дедім мен тағы да күліп. - Саған сенбегенде, кімге сенемін?!
Бұдан әрі сұрамауға шыдамым жетпеді.
– Меңтай қайда, Зайкүл? – дедім біраз бөгеліп барып.
– Меңтайды қайтесің? Ана сұм алдап кетті. Содан соң тағы бір жігіт соңына түсіп жүріп, терезеден тас лақтырып, басын жарды көктемде. Биыл ауылыма бармаймын деген. Осында екі күн бұрын Майраға ілесіп, Бүргендегі соның үйіне кетті-ау деймін тегі. Жаздай сонда болуға тиіс. Әлгі тас лақтырған сүмелегі соңынан қуып барып, шырқын бұзбаса тағы. Айтпақшы, сол сүмелек тағы біреуді ұрып, милицияға түсті деген ақыры.
– Ол кім?
– Сен білесің оны, Ербол. Әлгі Сейтқали деген сүмелек бар емес пе еді ақынмын деп кеудесін қағып жүретін. Бір газетке «Қызыл бұзау» деген өлеңі басылып, қыздар тегіс оны Қызыл бұзау деп атап кетіп еді ғой. Ол өзі барып тұрған жағымпаз болатын. Әр лекциядан кейін оқытушыны тоқтатып алып: «сіздің бүгінгі лекцияңыз ғажап болды, ағай. Тура миға құйып бердіңіз. Бұл лекцияға Әуеновтың лекциялары да астар бола алмайтын шығар» деуші еді ғой беті бүлк етпестен. Енді есіңе түсті ме? Міне, сол, Меңтайдың басын жарғаннан кейін университеттен қуып жіберген оны.
– Меңтайды неге ұрады ол?
– Менімен жүрмейсің, айтқаныма көнбейсің деп-ұрады да. «Мен саған ғашықпын!» деп көкиді. Ал Меңтай оны иттің етінен жек көреді. Сол Қызыл бұзау еліне кетпей осында жүр деген мөңіреп. «Мен Меңтайды қайтсем де аламын. Меңтайды алмасам – анам қатыным болсын!» дейтін көрінеді оттап. Айттым ғой мен жігіттерде ес жоқ деп. Өздерін сүймейтін қыздардың аяғына бас ұрып, жатып алады. Ал өздерін сүйетін қыздарды олардың ешқайсысы көрмейді. – Зайкүл сықылықтап кеп күлді. – Мына өлең есіңде ме? – деді де ол тақпақтата жөнелді:
Өртенуші ем көрген сайын, Сенің нұрлы жүзіңді.
Сүюге де едім дайын Басып кеткен ізіңді.
Бір сен үшін суға батып, Отқа түсіп күюге,
Әзір едім, аңдып жатып, Аяғыңнан сүюге!..
Ал, мен, қымбаттым, «аңдып жатып, аяғымнан сүймей-ақ», жігіттер саусағымнан сүйіп отырса да, разы болар едім, – деп Зайкүл көзін құйқылжытып, басын қиқаңдатты.
Біз Никольск базарының қасына келіп, трамвайдан түстік.
– Меңтайдың басы қатты жарылды ма? Зақым келген жоқ па? - дедім мен жатақханаға қарай бет ала беріп.
– Алла-ай, немене, жаның ашып бара ма? Ол бәрібір сенін қызың емес қой қазір.
– Әңгіме онда емес қой, Зайкүл. Жолдастың жайын сұрап білуіме болмай ма менің?
– Иә, жолдас деп жаның шығып бара жатқан шығар сенің. - Зайкүлдің мінезі қызық болатын. Алдында қылжақтап тұрса да, соңынан түзу жауабын бере салатын. Бұл жолы да сөйтті. - Қазір жарасы жазылып кетті. Шашының арасында пышақтың қырындай ғана ақ дақ қалған. Бірақ, білінбейді онысы. Сүйегі аман. Ал, түсті ме жүрегің орнына?
Зайкүл екеуміз жатақхана алдында қоштастық.
– Ал, кешке паркке келесің бе, Ербол?
– Рақмет, Зайкүл, – дедім мен. - Қарсы алғаныңа, айтқан әңгімелеріңе – бәріне рақмет. Бірақ мен бүгін ешқайда тырп ете алмайтын шығармын. Қазір университетке баруым керек. Ертең – емтихан.
– Қойшы, сен емтиханды көзіңді жұмып отырып тапсырасың ғой. Бұрын да жақсы оқитынсың. Ал, мен кеттім онда. Айтпақшы, мен ертең Қарағандыға жүремін, сондағы туыстарыма барып қайтамын. Кешеден бері жатақхана емес, апайдың үйінде жатырмын. -Осылай деп ол маған қолын берді. - Сен жаңағы менің айтқандарымның бәрін шын екен деп қалып жүрме, жігіттер жайындағы сөзімді айтамын. Оның бәрін жай, қалжың үшін, сен қайтер екен деп айтып жатырмын.
– Оны түсінемін ғой, Зайкүл. Ал, жолың болсын!
Жазғы сессия біткен күннің ертеңінде мен Меңтайды іздеп, Бүргенге бардым. Сессияның арасында барып қайтсам ба деп талай рет оқталдым да. Бірақ шыдадым.
Бүргенге келіп автобустан түскен соң, алғашқы кездескен біреуден Абаеваның үйі қайсы деп сұрадым. Маған ауылдың орта тұсындағы көк терезелі, тоқал үйді нұсқады.
Қос қыз үйде оңаша отыр екен. Олар мені қуана қарсы алды. Әсіресе Майра жылап көріскендей болды.
– Иә, иә, есенсіз бе, ағай? – деп кеудеме маңдайын төседі. Осы кезде оның көзінен жас та шығып кетті. Оған мен де босаңсып, көзім жыпылықтай жөнелді. Тек Меңтай ғана сыр бермеуге тырысып, ернін тістеп, бір қызарып, бір бозарып, қолының ұшын ғана берді де, үнсіз қалды.
Амандасқаннан кейін қыздар мені есік алдындағы көлеңкелі жай - беседкаға алып барды. Онда, дөңгелек үстел жанында салулы көрпе бар екен. Майра үкідей ұшып, үйден екі жастық әкеп, жаныма қойды.
– Иә, ағай, жастыққа жантая отырып, демалыңыз, - деді.
Жайғасып отырғаннан кейін мен қыздардың бетіне қарадым.
Майра бұрынғысынан сәл тола түскенге ұқсайды. Меңтай жүзі шүберектей боп, қатты жүдеп қалыпты.
– Ал, халдарың қалай, қыздар? – дедім мен.
– Иә, не халды сұрайсыз, - деді Майра тез және ықыластана жауап беріп. – Сіз кеткеннен кейін талай сұмдықты бастан кешірдік қой Меңтай екеуміз.
Осылай деп ол Меңтайға қарады, содан соң сөзін әрі қарай жалғастырмай, үнсіз отырып қалды.
– Мен бәрін де естідім, бәрін де білемін, – дедім қыздар ол сұмдық жайларды естеріне алып, тағы да қиналмасын деп. - Зайкүл айтты. Тұмажанды да көрдім.
– Иә, Зайкүл байғұс бәрін де айтып үлгірген екен, – деді Майра күліп.
Меңтай басынан өткен бар ауыртпалықты өз құлағыммен естіп келгендіктен бе, мен өзімді оның алдында кінәлідей танып, кібіртіктей берген едім. Осы тартқан азабына мені жазғырып, жазалайтындай көргемін. Бірақ Меңтай өйтпеді. Жылап-сықтап, мұң да шақпады.
– Мұндай өкінішке ұшыраймын деп ойламап едім, – деп бар өкініш, арызын, бір-ақ ауыз сөзге түйіп, үндемей отырып қалды. Содан соң барып, сәл ғана иегін көтерді. - Жігіттің де жігіті, майдангердің де майдангері бар екен ғой...
– Иә, ол рас. Ал, ағай, өз жайыңызды айта отырыңыз, – деді Майра.
Мен қос қызға жақсы әңгіме айтып, жандарын жадыратсам деп ойладым. Бірақ, ондайда аузыңа тілеген әңгімең келіп түсе қоя ма? Мен алдымен облыстық газетте тілші боп қызмет істегенімді, ел аралағанымды айттым. Көп мақалалар жаздым дедім.
– Иә, бізден кеткеннен кейін басыңыздан кешкеннің бәрін де айта беріңіз, – деді Майра.
– Айтайын, – дедім мен аузыма қыздарды күлдіретін ешбір қызық әңгіме түспей сасқалақтап.
– Тек көргеніңізді ғана айтыңыз, ағай, естігеніңізді емес, –деді Майра сұқ саусағын шошайта күліп, профессор Әуеновтың баяғыда оқыған Алдар Көсе жайлы лекциясын еске түсіріп.
Мен де күліп басымды изедім. Осы кезде Меңтай сұрақ қойды.
– Сәлиманы көрдіңіз бе? – деді баяу үнмен.
– Көрдім.
– Иә, соны айтыңыз, – деді Майра.
– Айтайын.
