X
Алғашқы емтихан маған бірсыпыра сабақ берді. Курстас қыздардың төрт-бесеуі ғана үздік жақсы, жеті-сегізі жақсы, он шақтысы орташа оқыса, алты-жеті қыздың үлгерімі мүлде нашар екен. Оның үстіне бұрын бұлар сабаққа жеке-жеке әзірленіп келген. Біреу емтиханға біліп кірсе, біреулер оқытушы алдына тек «құдайға тапсырып» қана баратын болған.
Мен қыздарға сабаққа бұдан былай бірлесіп әзірлену керектігін айттым. Әсіресе, нашар қыздарды жақсы оқитындарымыз екі-үштен өз тобымызға алайық дедім. Осыған келістік. Меңтай, Майра және мен үшеуміз Зайкүл, Сақила сияқтыларды қамқорлыққа алдық. Сөйтіп, осылай үш топқа бөлініп, кейде үш топ бірлесіп, бірігіп кетіп, таңертеңгі сағат төрттен тұрып алып, тынбастан даярланып жүрдік. Кейде бізге өз беттерімен әзірленетін әлді деген қыздар да қосылатын болды. Бірте-бірте қыздардың емтиханнан еңіреп шығуы тоқтала бастады.
Сондай емтиханға әзірлік күндерінің бірінде біз Калинин көшесі жақтағы жатақхана жанындағы төбешік басында, қалың ағаш көлеңкесіндегі көк шөп үстіне одеялдарды жайып тастап, кезектесіп конспект оқысып, білгенімізді бір-бірімізге ауызша айтысып, сарылып ұзақ отырдық. Бір кезде Меңтай ұсыныс жасады.
– Ағай, шаршап кеттік қой, демалайықшы. Бізге көңіл сергітетін басқа бір әңгіме айтып беріңізші, – деді маған қарап.
– Не айтайын? – дедім мен сәл ойлана түсіп.
– Ойбай, қыздар, – деді Жомартбек жерден жеті қоян тапқандай ентігіп, сонысымен қыздарды одан сайын ынтықтыра түсіп, – мұның соғыс кезінде бір қызбен үш күн бірге жатқан әңгімесі бар. Соны айтсын, өте қызық.
– Оны... – деп Меңтай күмілжіп қалды. Содан соң менің көңіліме бірдеңе келіп қалды деп ойлады ма, ренжір деді ме, сөзін қайта жалғады. – Лайықты десеңіз айтыңыз.
– Айтсын, – деді Зайкүл жаны кіріп. – Ондай әңгіме қызық болады. – Ол Меңтайға қарай бұрылды. – Сен, Меңтай, Ерболды иектеп алып, аузынан қаға беретінің не осы? Әлде өзіңе өлең шығарғаннан кейін өзімдікі деп жүрмісің?
Зайкүлдің Меңтайға айтқан сөзінің ішінде «Ерболды иектеп алып» дегенінің жаны бар деуге де болар еді. Менің Меңтай қасында, әлдебір мінімді тауып сөгіп немесе орнымнан түсіріп кете ме деп жоғарыдан келген үлкен бастық алдында іштей діріл қағатын кіші бағыныштыдай, ол маған атымды атап, жөнімді жөндеп ештеңе айтпаса да, қылық-қимылымнан бірдеңе ұнамай қала ма деп, өз-өзімнен қысылып, қымсынғандай күйде отыратыным барды. Қу қыз соны аңғарып айтты.
Зайкүл өз сөзіне өзі риза болып, сықылықтап күліп алды. Меңтай қызарып кетті.
– Сен де жоқты айтасың-ау, Зайкүл, – деді ол сабырлы қалпын бұзбастан сәл ғана күлімсірей түсіп. – Ағайды иектеп маған соншама не болыпты?! – «Жоқ, олай емес, иектесем иектеймін, онда сенің не шаруаң бар? – десең етті» деп ойладым мен ішімнен. – Әшейін, бұрын естімеген әңгіме болған соң...
– Естімесең естисің, білмесең білесің, – деді Зайкүл қайтадан сықылықтап. – Есту үшін тыңдау, білу үшін үйрену керек.
– Еститін де, естімейтін де, білетін де, білмейтін де нәрселер бар ғой... – Меңтай маған қарай сәл ғана мойын бұрып, бас изегендей болды. - Айта беріңіз, ағай.
– Иә, Зайкүл шырағым, осы сен тақымдамай тыныш отыршы, - деді Майра. - Бір нәрсенің шеті құлағыңа тиіп еді құнжыңдап кеттің ғой біржола.
– Құнжындамағаныңды көрермін қазір, – деді Зайкүл оған шамданбастан.
Өзге қыздардың үндемегендерімен, күлімдеген көздеріне қарағанда көбінің менің айтпақ әңгімемді тыңдағылары келіп отырғанын аңғарғаныммен, ол әңгімені Меңтай алдында айтуға лайықсыз көріп, бөгеле бердім.
– Ал, бастасаңшы Ербол, – деді Зайкүл дегбірсіздене түсіп. - Қай жылы? Неше күн құшақтап жаттым дейсің қызды?
Мен басымды шайқап қашқалақтай бастадым.
– Қырық төртінші жылдың күзінде бұл майданнан елге делегат боп келген, – деді Жомартбек Зайкүлдің құмарлығын одан сайын қоздырып, – Сонда, алдымен Алматыға соғып, содан соң өз ауылына барған. Ауылында өзің сияқты бір сұлу қызбен...
– Соғыс жүріп жатқанда ма? – деді Зайкүл көзін бақырайтып.
– Иә.
– Алла-ай, сен қандай бақыттысың, Ербол, соғыс кезінде елге келіп жүрген?
– Иә, қоя тұрсаңшы, Зайкүл, - деді оған Майра. - Ағайдың әңгімесін айтқызсаңшы.
– Әй, сендер дәл осыны «ағай» дегендеріңді қойыңдаршы қылымсып, – деді Зайкүл қыза сөйлеп. –Қайдағы ағай бұл, өзіміз сияқты студент қой. Көп болса 4-5 жас қана үлкен шығар. Соған бола соншама кәртейте бермесеңдерші бұл байғұсты.
Зайкүл аяған болып менің басымды сипады. Басқалар оған ду күлді. Зайкүлдің өзге сөздерін жарата бермесем де, осы сөзін ұнатып, мен де күліп жатырмын.
– Жоқ, оны емес басқа бір әңгіме айтайын, – дедім мен күлкімді тоқтатып.
– Жоқ, соны айт, – деді Зайкүл тақымдап.
– Соны, – деді Қанипа сықылықтап. – Зайкүл, ер болсаң дәл осы әңгімені айтқызбай қойма.
– Ендеше, – деді Жомартбек менен оқшаулана шетке қарай ығысып, – Зайкүл, сен Ерболды мықтап ұстап отыр. Мен оның күнделігіне жазған осы әңгімесін бәріңе дауыстап оқып берейін.
Жомартбек менің қасымда жатқан қалың дәптерімді қолтығына қыса кеткен екен. Шетке шығып, соның беттерін ақтара бастады. Зайкүл шап беріп менің мойнымнан құшақтап алды.
– Ал, оқи бер, Жомартбек. Мен мұны тырп еткізбеймін, - деді Зайкүл маған кенедей жабысып. - Қанипа, жақын отыр, мынау тыпырлап тұрып кетіп жүрмесін.
Жұрт тағы бір ду күліп басыла бергенде Жомартбек менің күнделік дәптеріме жазған естелік әңгімемді судыратып оқи жөнелді:
«Менің ауылым – «Ақбота» колхозы темір жолдан тоғыз шақырымдай жерде болатын. Ауылдың өкпе тұсында «Оныншы» деп аталатын разъезд барды. Ауыл поселкеге айналып, поселке қала болып үлкейіп жатады. Бұл дүниеде өспейтін разъездер екен ғой. «Оныншы» біздің бала күнімізде разъезд еді. Жігіт болып, соғыстан келгенімде де сол разъезд қалпында алдымнан шықты. Бірақ маған ол шетелдің сәнді қалаларынан әлдеқайда қымбат, әлдеқайда артық еді. Күн бата разъезге болар-болмас қана кідіріп өткен поездан қарғып түсіп мен қарсы алдымдағы қызыл шатырлы екі ағаш үйге қуана қарап, орнымнан қозғала алмай қалтиып қалыппын. Ол сәтте өзімді Петергофтағы патша сарайының алдында тұрғаннан бір де кем сезінсем бұйырмасын. Айырмашылық сарай алдында фонтан суына шомылып тұрған жалаңаш әйелдер мүсіні жоқтығында ғана сияқты. Оның орнына менің көз алдымда өзге суреттер кернеді.
Мен бірінші рет поезды осы жерде, анау маңдайшасында «Разъезд №10» деген жазуы бар он жақтағы қызыл үйдің алдында тұрып көргенмін. Содан кейін әкем екеуміз арбаға мініп, ауылға қайттық. Әкемнің трашпенкесінің арт жағында үнемі басы жылқышы құстың тұмсығындай имектеле сорайған шалғы орақ жүретін. Ауылға тақағанда арбаға мінеміз деп алдынан балалар жүгірсе, әкем атын тоқтатып: «Қарақтарым, байқаңдар, арбаның артында шалғы-орақ бар»деп ылғи ескертіп отыратын. Ол жаздың күні еді. Разъезд бен ауылдың арасы тұнып тұрған көк шөп болатын. Разъезден шыға бере әкем атын тоқтатып, арбаның артындағы шалғы-орақты алып шөп шапты. Мен хош иісі аңқыған көк шөпті кішкентай құлашымды жая құшақтап, арбаға тасыдым. Талдан тоқылған шарбақ қорабына көк шөп тиелген арбаға қайта отырғанда мен өзімді асқар таудың төбесіне шыққандай сезіппін. Жас шөптің иісі жанымды елтіткен маған төбесіне шыққан тауым түйенің бүлкіліндей майда желіспен қозғалып, зымырап бара жатқан сияқтанды. Өстіп, разъезге келген, поезды көрген, жас шөп тиелген биік арбаға мінген қуаныштан, кішкентай жүрегім, енесін айнала шапқан құлын тұяғының дүрсілін таныта лүпілдеп отырған шақта әкем маған қолындағы божысын ұстатты. Бұрынғы қуаныш қуаныш па, көңілім одан сайын лепіріп кетті. Божы қолыма тигенде жүрегім үсті-үстіне лүпілдеп жымың ете түскен мен сол сәтте аттың божысын ұстап келе жатқандай емес алыстан қарағанда ақбас нардай боп көрінетін Ақжал тауының өркешіне мініп, соның бұйдасын ұстап келе жатқандай жайда болдым. Ең алғаш осы разъезді көріп қайтқанда ауылға тура Москваның өзінен келе жатқандай күйде енген едім. Сол разъезді одан он бес жыл кейін қайта көргенде сол сурет көз алдыма елестеп, мұрнымды жас шөптің хош иісі қытықтағандай болды.
Разъезд басында танитын ешкімім жоқ болғандықтан мен бірден шапшаң адымдап, ауылға қарай бет қойдым. Теміржол топырағынан түсіп, табаным жерге тиісімен-ақ, өн бойым бірден жеңілденіп, сахнаға шыққан бишідей лыпып келемін. Аяғымды ілгері басқан сайын, екі қолтығыма қанат біткендей зымырап, самғай түсемін. Разъезден біраз шыққаннан кейін осы түс еді-ау дедім де, жерге жата қалып, аунай бастадым. Содан кейін, бала күнімде бір жаққа ала кет деп әкемнің аяғын құшақтап жылап жатып алатынымдай, етбетімнен түсіп, жазда шөбі шабылып алынған орма жерді құшақтап, екі бетімді үйкелеп, ернімді тигіздім. Мен қара жерді анамның жұмсақ маңдайы деп сүйдім, әкемнің жалпақ арқасы деп құшақтадым. Бір кезде өз-өзімнен күбірлеп, күгірлеп үн қаттым. «Айналайын анам, сен туған жер топырағының астында жатырсың. Украинаның қара мақпал көрпедей қара бұйра топырағын жамылып сен қалдың, ардақты әкем. Екеуіңнен бөлінген молекуладай болып, жер үстінде мен жүрмін міне. Сұрапыл соғыстан, сонау Польшадан туған жерге аман келіп, сенің бала күнімде басқан ізіңді иіскеп жатырмын, әке. Ертең сенің қабырына бір уыс топырақ қосамын, ана».
Жеті жасар бала күнімде әкем шалғымен шөп шапқан жерде жатып, ойға да, мұңға да баттым. Содан соң орнымнан тұрып, ауылға қарай қайтадан бет қойдым.
Ауылға мен ай туа жеттім. Туған ауылымның кішкентай терезелерінен жылтыраған әлсіз оттары моңғол тұқымдас шығыс халықтарының қысық көзіндей сығырая күлімдеп қарсы алды мені...»
– Мынау әңгімең көңілсіз боп кетті, - деді Зайкүл шыдамсызданып. – Жаңағы қызбен бірге жатты деген жерінен бастасаңшы, Жомартбек.
– Оқи бер, Жомартбек, – деп басқа қыздар шу ете қалды. – Осылай оқи бер.
Жомартбек дәптер сөздерін әрі қарай жалғастырды.
«Жағалап, сыртқы көшедегі өз үйімнің желкесіне келдім. Басқа үйдің бәрінде сығырайған жарық бар. Тек біздің үйдің терезесі ғана тас қараңғы. Кеше соғысқа өзім кеткенде оты маздап, терезесі жарқырап тұрған үй еді. Менен бір ай кейін соғысқа әкем кетті. Әкем майданда қаза тапты. Әкемнің артынан ауылда шешем өлді. Жалғыз қарындасым ерте шығып, басқа елге кетті. Ендеше бұл үйде қайдан жарық болсын. Бұл иесіз үйдің күтіп отырған жалғыз жарығы менмін ғой. Соғыстан аман оралып, әке ошағының отын маздатып, әке терезесінен жарық жарқырата аламын ба, кім білсін... Осы оймен туған үйдің жанына жеттім.
Адам ғана емес, иесіз үй де жетімсірейді екен. Бұрын үймен жалғас салған шөп үйетін биік қорғанымыз болушы еді. Оның бір қабырғасы құлап, опырылып қалыпты, әке-шешеміз өліп, екі иесінен бірдей айырылғаннан кейін үй екеш үйдің өзі де шөгіп, аласарып кетіпті.
Шөп қорғанды айналып өтіп, қора алдына келдім. Бұрын мұндай кезде қора алдында бірі ыңырсып, бірі күйіс қайтарып қазыққа байлаулы сиырлар жатушы еді. Әр сиырдың алдында бұйығып, қысқа шынжырға байланған Қарашеке жайғасатын. Енді соның бірде-бірі көрінбейді. Үй маңында тірі жан жоқ.
Біздің үйдің есігі қораның қақпасынан бөлек болушы еді Аяңдап солай қарай келдім. Есікте қара құлып тұр екен. Оны қолыммен бір сипадым да, арқамдағы зат қапшығымды шешіп, жерге қойдым. Содан соң есік алдындағы соғыстан бұрын кешке қарай әке-шешем бәріміз шығып отыратын балшық сәкіге жайғастым. Пилоткамды шешіп тіземе қойдым да, екі қолыммен зырқ-зырқ еткен екі шекемді үнсіз қысып, отырып қалдым.
Осы кезде алдыңғы көше жақтан бір дүсір естілді. Қарасам, ай жарығында домаланған бір қылаң біздің үйге қарай құйғытып келеді екен. Оның не екенін аңғара алмай, атып тұрып, соғыстағы әдет бойынша қолымды оң жамбасымдағы пистолетке апарып үлгіргенімше бір ақ ит келіп кеудеме қарай шапшыды. Қыңсылап, арсалаңдап, құйрығымен санымды сабалап жатыр. Сөйтсем, бұл өзіміздің Қарашеке екен. Басының бір шекесі қара дөрегей кішірек келген ақ итімізді біз күшік күнінен солай атап кеткен едік. Байғұс Қарашекенің мені қалай танығанын білмеймін, дүсірлетіп алыстан келді. Алдыңғы екі аяғын екі иығыма асып жіберіп, иегімді жалап, кеудемнің екі жағын кезек иіскелеп жатыр. Мұңын шағып, жылап өксігендей, қайта-қайта қыңсылап, солығын баса алатын емес. Мен оны құшақтап көкірегіме қыстым.
– Қарашеке, аманбысың, қайдан таныдың, күшігім, – дедім итімді басынан, құлағынан, мойнынан сипалап. Қарашеке одан сайын қыңсылап, мүлде есі шығып кетті.
Бір үйден қалған екі жан осылай табыстық.
Қарашеке мауқын басқандай болып, иығымнан түсіп, есікке қарай жүгірді. Есікке шапшып, қыңсылап, алдыңғы екі аяғымен қара құлыпты тырмалады. «Ербол-ау, сен осы үйдің иесісің ғой, ашсаңшы мына есікті, қиратсаңшы аузындағы қара құлыпты» деп жалынғандай боп жаныма келді. Қайта жалт бұрылып, тағы да есікке секірді. Есікті ашып, мен ішке кіргізе алмасын білгеннен кейін Қарашеке қатты үріп, көрші үйдің алдына, одан терезесіне барды.
Біздікімен қатарлас көрші үй әкемнің қарындасы Нарша деген апайымның үйі еді. Ай сүттей жарық болатын. Иттің үргенін естіп, шашы жалбыраған кішкентай қыз шықты. Иен үйдің алдында шошайып жалғыз тұрған мені көріп, бала шошып қалды-ау деймін.
– Бұ кім? – деп баж ете қалды.
– Қорықпа, қалқам, мен Ерболмын, – дедім балаға қарай аяңдап. - Өзің кімсің?
– Мен Бақытжанмын, - деді қыз сенер-сенбесін білмей. Қасына таман барып, мені танығаннан кейін «ағатай!» деп Бақытжан мойныма асыла кетті. Үй сыртынан ентігіп Қарашеке келіп, менің мойныма өзінің қайта асылуына орын жоқ болғандықтан, шыр айналып құйрығымен сабалай берді.
– Тәтем мектепте жиналыста еді, – деді Бақытжан. – Бүгін колхозда жиналыс болып жатыр. Мен тез барып айтып келейін, аға. Бақытжан үйге кірместен мектепке қарай жүгірді. Оның соңынан дүсірлетіп Қарашеке қоса кетті. Біраздан соң ол арсалаңдап қайтып келді. «Менің тілім жоқ қой, ешкімге айта алмадым және сені жалғыз қалдырғым келмеді», – деп келгендей болды, ол маған. Содан соң «жүр, өзіміздің үйге жүр» дегендей, менің назарымды өзіміздің үйге аударып, қыңсылап, соның есігіне қарай қайта-қайта бара берді. Асығып тарп-тұрып басып, сүрініп-қабынып әрең жеткен апайымды және басқа екі-үш әйелді Қарашеке екеуміз екі үйдің ортасында, мен түрегеп, итім қасымда шоқиып отырып, қарсы алдық.
– Қуатым-ау, бауырым-ау, бармысың, қалқам! Сені де көрсететін күн болады екен ғой, – деп өксіп, еңіреп келіп апайым мені құшағына алды. Дауыс айтып, көшені басына көшіріп, айғайлап жіберді.
– Сабыр, Нарша, сабыр, – деп қартаңдау әйел апайымның иығынан тартты.
– Е, қой әрі, бауыры аман келген кісі жылай ма екен? Өзіміздің бауырымыз аман келсе, – деді жастау әйел дауысы.
Қараңғыда кімнің кім екенін біліп болмайды. Тәтемнен кейін жаңағы әйелдер келіп, кезек-кезек бетімнен сүйді.
– Аман-саумысың, қалқам?
– Көктен түстің бе, жерден шықтың ба, қалқам-ау, осы жеті түнде қалай келіп қалдың? – десіп жатыр олар.
– Дені-қарның сау ма, қуатым. Қол-аяғың бүтін бе, айналайын, – деп мені шыр айналып апайым айналып-толғанып жүр.
– Бәрі бүтін, тәте, – деймін мен күліп.
– Е, немене, бауырың ақсақ боп қалды ма деп қорқып жатырмысың, – деді жаңағы жастау әйел. – Ақсақ болса да аман келсе екен өздері.
Осы кезде мектеп жақтан даңғыр-дұңғыр сөйлескен адамдар дауысы естілді. Үкідей ұшып жүгіріп Бақытжан келді,
– Ербол ағам келді деп, ана ауылдың бәріне хабарлап келдім, – деді ол ентігіп.
– Ойпырай, мына қыз жаңа Бүркітбайдың басына жай түсіргендей қылды ғой, – деді жастау әйел. – Уәкілден кейін Бүркітбай қайта сөйлеп мыжып келе жатыр еді. Мына қыз келіп есіктен: «Тәте, жүр үйге, Ербол ағам келді» деп шар ете қалғанда, басекең сөзінен жаңылып кетті-ау біржола.
– Нарша қозғалатын емес, сонсоң мен түрттім мұны: «Жүр, неғып отырсың, Ербол келіпті ғой» деп.
– Ербол дегенді естігенде өн бойым ұйып кетті де, не болғанымды білмей қалдым, – деді тәтем. – Содан соң буынымды баса алсамшы. Үш ұмтылып орнымнан әрең тұрдым. Сонсоң есікке жете алсамшы. Мына Зәлен мен Сәукен келіп қолтығымнан демемегенде тіпті сол арада құлап қалады екенмін.
Жаңағы әйелдердің бірі көрші әйел, бірі сөзге шегедей тықылдақ құдағиым екенін апайым аттарын атағанда бірақ аңғардым.
– Жиналыстан неге кетіп қалдыңыздар, – дедім мен Сәукенге.
– Жиналыстары бар болсын, – деді Сәукен суырыла сөйлеп.
– Өзі де біткен. Жалғыз құдам келді дегенде отырайын ба сол кәрі қырттың көкігенін тыңдап.
Сәукеннің Бүркітбайдан менің өшімді алып жатқаны да білініп қалды. Осы кезде мектеп жақтан шығып, бізге қарай келе жатқан ауыл адамдарының қаралары көріне бастады.
– Ербол, қалқам, - деді тәтем біздің үйді нұсқап, – мынау әкеңнің қара шаңырағы - өз үйің. Осы үйдің түтіні өшіп қалмасын деп, үш күнде бір қазандығына от жағып, қара су қайнатып қоямын. Бүгін де от жаққанмын, іші жылы. Ыдыс-аяқ, дүние мүлік бәрі қаз-қалпында. Жүр, қарағым, өз үйіңе кір, бәріміз де сонда боламыз. Тәтем мені өз үйіме қарай бастады да:
– Әй, Бақыт, кілт қайда, тез кілтті әкел, сіріңке ала кел,– деді қызына.
– Қазір, – деп Бақытжан өз үйіне қарай шапты. Біздің бетіміз - өз үйімізге қарай бұрылғаннан кейін Қарашеке қуанып, құйрығын былғаңдатып құлыптаулы есікке қарай жүгірді. Бағанағыдай шапшып, ондағы қара құлыпты бір тырнады да, қайтадан бізді шыр айналып, кез келгенімізді құйрығымен сабалай бастады.
– Ойпырай, құданың мына жаман итінің құтыруы-ай, – деді Сәукен. – Кет, әй, құйрығы сабаудай ғой кәпірдің.
– Бұл байғұс осы үйдің адал күзетшісі ғой, – деді Зәлен. – Үйде ешкім болмаса да, бұл босағаны ешкім аттап кірмесе де, әйтеуір, осы үйдің жанынан шықпайды ғой. Анда-санда көзіме түскенде шақырып, тамақ беремін. Тамағын іше сала осы үйге қарай жөнелгенде кейде көзіме жас келеді.
– Е, оның дұрыс, – деп шешенсіді Сәукен. – «Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал» деген бар емес пе? Әрине, жас келеді. Бүкіл ауылдың басы болған ақар-шақар бір үйдің түтіні түтемей қалған соң, қайтсін жас келмей.
Бақытжан кілт әкеп, әйелдер «пісміллә» деп ішке кірді. Олар шам жаққаннан кейін мені шақырды. Керосин шамның қара көлеңке жарығында балалық кезімнің бар ізі сайрап жатқан өз үйімнің төріне шығып отырдым. Бірінен соң бірі ауыл адамдары келіп, елдің дәстүрлі амандасуы басталды. Бүкіл ауыл біздің үйге кіріп шықты. Көптен бері йен тұрған үй бір түнде базар болды да қалды.
Ертеңінде таңертең мен, апайым, Бақытжан және басқа кіші жиендерім бәріміз соғыс кезінің жұтаң таңертеңгі шайын ішіп отырдық. Бір кезде арсалаңдап, құйрығын тыным таппай былғаңдатып Қарашеке кіріп келді.
– Есік ашық қалды ма екен, әлде мына байғұс тырмалап өзі ашып кірді ме, – деді апайым алдында жатқан бір жапырақ қармаға қолын соза беріп. – Бұл бейшараның сен кетіп қалды ма деп жаны шығып жүр ғой.
– Кет, – деп қалды Бақытжан итке қолын сермеп.
– Тек, тиме, – деді тәтем. – Мә, мына бір жапырақ нанды сыртқа алып шығып бер.
– Мә, мә, Қарашеке, кә, – деп Бақытжан итті еліктіре сыртқа қарай жүгірді. Қарашеке құйрығын бір былған еткізіп, маған қарады да «Қайтейін, әркімге өз тамағы жақын ғой. Кетпегеніңді, туған үйдің төрінде отырғаныңды көрдім. Енді Бақытжанның қолындағы өз үйімнің дастарқанына бұйырған несібені жейін» дегендей тырнақтары тақтай еденді тесе жаздап, сатырлата сыртқа қарай жүгірді.
– Қарашеке мен Лашын ағаңның жақсы көрген иттері еді ғой, – деді тәтем әкемді есіне алып. – Ағаңнан «қара қағаз» келерде Қарашеке байғұс жаман ұлып, жүдеп кетті.
– Лашын қайда? – дедім мен осы кезде сары тазы есіме түсіп.
Әкем қыс түскенде анда-санда аңға шығып қоюды ұнататын. Сондықтан біздің үйде күшігінен асыраған екі ит болатын. Бір сары, бір ақ күшікті әкем бір жақтан екеуі де тазының күшігі деп әкеліп еді. Қарашеке күшік дүрегей де, сары күшік құлағы пілдің құлағындай үлкен қара ауыз тазы болып шықты. Оны біз Лашын деп атадық. Лашын үйіне жетпей түлкі ұстады. Қарашекенің де өзіндік өнері болып шықты. Келесі бір аңға шыққанда әкем Қарашекені жер-суға сыйғызбай мақтап келді. Таңертең әкем Лашынды қосып, бір түлкі алады. Түлкіні ол темір жолдың ар жағындағы Ақшоқы дейтін таудан аулайтын. Түске таман тағы бір түлкі көріп, Лашын қосылған екен, түлкі інге кіріп ұстатпай кетеді. Сол кезде ін аузында аңырып тұрған Лашынның қасына әкем мен Қарашеке де жетеді. Қарашеке іннің аузын иіскеп-иіскеп жіберіп, бір-екі қыңсылайды да, іннің ішіне кіре бастайды.
Әкем аттан түсіп, мынау қайтеді деп тұрады да, іннің ішіне кірсе бір түлкіге шамасы келер деп, оны тоқтатпайды. Ит іннің ішіне кіріп кетеді. Әлден уақытта ін аузынан Қарашекенің құйрығы, одан соң бөксесі көрінеді. Сөйтіп ол ін ішінде жатқан түлкіні тамағынан тістеп, шала жансар күйінде алып шығады. Содан кейін Лашын мен Қарашеке біздің ауылда «қос қыран» атанған-ды.
– Лашын өліп қалды, – деді тәтем менің сұрағыма жауап беріп. Оның қалай өлгенін айтсам ба, айтпасам ба деп ойлады ма, сәл бөгеліп барып сөзін қайта жалғады. – Бүркітбай өлтірді.
– Қалай?
Әкем соғысқа менен кейін, қырық бірінші жылдың қысында алынған. Одан соң әкемнің орнына Бүркітбай колхоз председателі болып сайланады. Әкем кеткен соң екі ит аңсырап, кейде өздері далаға кетіп қалып жүреді. Кешке арсалаңдап келген екі итті көріп, көршілер: «Әй, осы екі ит бүгін түлкі алып, далаға тастап келді-ау» деседі де қояды. Келер қыста иесіз екі ит қатты жүдейді. Далаға аңсарлары ауып, ешкімге еріп шыға алмай қор болады. Бір күні Бүркітбай ешкімнен сұрамастан үй сыртында жүрген екі итті ертіп, далаға алып кетеді. Ол Лашынға күні бойы екі түлкі ұстатады. Кешке қарай жүдеу, арық ит үшінші түлкіні әрең ұстайды да, қардың үстінде шөкесінен түсіп жатып қалады. Күн тез суытып, қатты ызғырық тұрады. Үш түлкі алған Бүркітбай итке қарамастан ауылға қарай тартады. Итті алдына өңгеріп ала кетсе ештеңе жоқ. Лашын сол шөкесінен түскен бойы қозғалмастан қатып қалады. Бүркітбайға ілесіп Қарашеке ауылға келеді. Ертеңінде ішіне шөп тыққан үш түлкінің терісі жалаудай желбіреп, Бүркітбай үйінің төбесінде тұрады. Шешем одан: «Тазы итім қайда?» деп сұраса, ол: «мен ешкімнің итін бағып жүргемін жоқ» дейді.
-Бүркітбай сол үш түлкінің ең қызылын басына тымақ қып киді, - деп тәтем сөзін аяқтады. – Оның басындағы қызыл пүлішпен тысталған түлкі тымақты көрсем күні бүгінге дейін ойыма Лашын түсіп, көңілім бұзылады.
Ит жайындағы шай үстіндегі әңгіме өзінен-өзі Бүркітбайға қарай ойысты.
– Бүркітбай Сәлиманы алды ма? - дедім мен оның алғанын біле тұрсам да.
– Алды ғой, қарағым, - деді тәтем қолындағы кесесінен қара шай емес, қызыл қан жұтқандай қиналып.
Шай ішкеннен кейін тәтемді ертіп, зират басына бардым. Шешеме топырақ салдым. Содан соң военкоматқа барып тіркелу үшін аудан орталығы Ақжалға кеттім. Тәтем «Кәһ, кәһ» деп қайта-қайта шақырса да, Қарашеке менен қалмады. Он шақырым жердегі ауданға менімен бірге жол тартты.
Менің бірінші шаруам - военкоматқа аз күнге келгенімді айтып, тіркелу тез бітті. Одан соң аудан орталығындағы орта мектепке бардым. Онда маған үнемі хат жазып тұратын екі қыз барды. Олар осы мектептің бұрынғы оқушылары, кейінгі жас мұғалімдері Тана Серкебаева мен Хадиша Қалиақпарова еді. Ол екеуі менің мұнда келетінімді білмейді. Ауылдағылар да менің елге келе жатқанымды естіген жоқ. Өйткені майданнан біз бір-ақ күнде жиналып жүріп кеттік. Жолда ешкімге хат жазуға мұрша болмады.
Мектепте Тана да, Хадиша да жоқ екен. Олардың сабақтары түстен кейін болса керек. Үйлерін білмеймін және ешкімдерін танымаймын. Сондықтан әдірістерін алып, сұрап баруды қолайсыз көрдім де, екеуіне ауылға аз уақытқа келгенімді, енді үш күннен кейін қайтатынымды айтып, бір жапырақ хат тастап кеттім. Сонымен түс ауа Қарашеке екеуміз аяңдап отырып, қайтадан ауылға келдік.
Біз түскі шайды ішіп бола берген кезде сырттан Бақытжан жүгіріп кірді.
– Аудан жақтан велосипедпен біреу келіп еді. Алдыңғы ауылдан Ербол нағашымның атын атап жөн сұрап, велосипедін жетектеп осы үйге қарай келе жатыр. Өзі қыз сияқты, – деді.
Мен майданға, маған арнап өз ауданымнан хат жазып тұратын екі қызды да бұрын көрмеген болатынмын. Алайда бұл келген сол екеуінің – Тана мен Хадишаның бірі екені айқын еді. Бірақ қайсысы? Оны таба алмадым.
– Тәте, бұл біздің үйге келген қонақ болды, – дедім апайыма.
– Е, қонақ болса келсін, қуатым, – деді тәтем сабырмен. Мен қонақты қарсы алу үшін есік алдына шықтым. Расында да етжеңділеу келген биік қабақ ақсары қыз велосипедің үйдің қабырғасына сүйеп жатыр екен. Үйден бірге шыққан Бақытжан екеумізді көріп, маған қарай қысылмай, еркін қадам басты. «Жасында еркекшора болып, еркін өскен. Ешкімнен қысылмайды. Менің қыздардың осындай ашығын жақсы көретінімді білесің ғой. Сенің оны ұнатпауың мүмкін. Бірақ бұл тура өз көңілімдегі қыз» деген Заман сөзі есіме түсті. «Бұл Тана болды» деп ойладым ішімнен.
– Ербол, аман-есенбісің, досым? Көктен түстің бе, жаным-ау, қайдан келдің? – деп қонақ қыз әйел атаулының әдетінше бүрістіре ұстап алақанын ұсынды. – Мен Танамын ғой.
– Жақсымысың, Тана. Сендерді де көретін күн болады екен ғой. Өз көзіме өзім сенбей тұрмын,–дедім мен Тананың қолын қысып.
Содан кейін Тананы үйге қарай бастадым.
– Бұл сендердің бұрынғы өз үйлерің бе, Ербол? Әлде апайыңдікі ме?
– Өз үйіміз, апайдікі де алыс емес, осы үйдің іргесінде тұр.
Тана да, Хадиша да менің «Ақбота» колхозында қандай жақындарым бар екенін жақсы білетін. Әке-шешемнің қайтыс болғанынан да толық хабардар еді. Бәрін өзім жазып, естірткенмін.
– Тәте, мынау Тана деген сіңліңіз, - дедім апайыма қонақ қызды таныстырып. – Ауданда тұрады, мұғалім. Маған амандаса келіпті.
– Жақсымысың, қалқам? Дені-қарның сау ма, үй-ішің аман ба? - деп тәтем бірден іш тарта сөйледі. – Жоғары шық, қалқам.
– Жақсы, тәте. Өздеріңіз де аман-есенсіздер ме? Бауырыңыз келіп көзайым болып жатырсыз ба? Қуаныштарыңыз құтты болсын, – деп тәтемнен қалыспай Тана да шұбырта жөнелді.
– Өзің сәлемдесуге шебер екенсің ғой, – дедім Танаға әзілдеп.
Тана күлді.
– Өзге қолдан келмесе де, амандасу қолдан келеді ғой...
Тананың бұл сөзінде екі түрлі мән бар еді. Бірі өзінің амандасу жөнін білетінін айтқаны. Екіншісі, амандасу үшін өзінің алыстан іздеп келгенін білдіргені. Ауыл қызының осындай астарлы ойға жүйріктері көп болады. Бұрын, Тананың хаттарын майданда, окоп ішінде оқып отырғанда да одан шешендіктің жалтылдаған ұшқындарын көретін едім. Онысын Тана ауызба-ауыз сөйлескенде де бірден танытты.
– Рақмет, - дедім мен оған жымия қарап. Менің бұл сөзімді де екі түрлі түсінуге болатын. Онда амандаса білгеніне немесе амандаса келгеніне рахмет деген мағына барды. Оны Тана бірден аңғарып, жауап берді.
– Оған рахмет айтпай-ақ қой, Ербол, - деді қыз. – Сен жүз көрісемін, еліммен сәлемдесемін деп ауылыңа сонау қан майданнан келгенде, саған қарыс жерден келіп біз амандаса алмасақ кісілігіміз қайсы, достығымыз қайсы! Екеумізді бірдей директор босатпады да, Хадиша қалып қойды. Саған көп-көп сәлем айтты. Сенімен бұрынырақ дос болғанымды және басқа жағдайымды пайдаланып, екеуміздің атымыздан мен келдім, Ербол.
– Рахмет, – дедім мен тағы да.
Тәтем орнынан тұрып, төсектен соғыстан бұрын шешем істеген құрақ көрпені алып, жазып төрге төседі.
– Отырыңдар, қарақтарым, - деді екеумізге бірдей.
–Тәте, – деді Тана отыруға ыңғайланып, – сәлемдесемін деп қыз басымен жігітті іздеп келіпті деп мені сөге көрмеңіз. Ербол біздің үлкен досымыз болған соң келдім, айыпқа бұйырмаңыз.
– Жо-о-оға, қарағым. Еш айыбы жоқ, – деді тәтем. – Қайта сонау ауданнан Ерболды іздеп келгеніңе қуанып жатырмын. Қадірлес дос болған соң ұлы не, қызы не, шырағым-ау.
Тәтем менің ойлағанымнан да биік боп шықты. Әсіресе, аналық, даналықпен астасқан соңғы сөзі қарапайым апайымның қадірін одан сайын арттыра түсті. Менің ризалығымды өзімнен бұрын Тана жеткізді.
– Рахмет, апай, - деп тәтемді мойнынан құшақтады. Құрақ көрпенің үстіне Тана екеуміз қатарласа отырдық.
Мен алдымен, үй оңашада Танаға айтатын жұбату сөздерімді ойлап отыр едім. Тәтем сыртқа шығысымен сөзді Тана бастап кетті.
– Ал, Ербол, сен соғыста жүргенде үйде шешең қайтыс болды, түзде әкең опат болды. Жан досың Заман да жау қолынан қаза тауып, қайтпас сапарға ол кетті. Сен туған жеріңе майданда, қасыңда өлген өзге дос-жарандарыңды былай қойғанда, осы үш жақын адамның ауыр қазасын арқалап кеп отырсың. Мен саған сәлем соңынан көңіл айта келдім. Арқаңдағы ауыр қазалар жүгін бір күн де болса бөліп көтерісейін деп, лаулаған отқа қарлығаштың қанатымен сепкен суындай болса да, көңіл медеу боп, септігімді тигізейін деп келдім. Ата-анаңның, адал досыңның арт жақсылығын берсін...
Осылай деп Тана қалтасынан орамалын алып, бетін басып, өксіп жылап қоя берді. Менің де көзіме жас келді. Аузым кемсеңдеп отырып мен оған көңіл айттым.
– Заман менің жан досым болса, сенің де жан досың еді. Тек дос қана емес, жан жарың еді, Тана. Мен де саған көңіл айтамын, – дедім қыстығып отырып. Сәлден соң көзімнің жасын тежеп, бойымды жиғандай қайта сөйледім. - Әкемнің жаманатын үйден естідім. Заманның суық хабарын хат арқылы сен жеткіздің, Тана. Екеуінен де маған үзбей келіп тұратын үшкіл хаттар пышақ кескендей тыйылып қалды. Көзбен көріп, қолмен қоймағандықтан ба, қайдан білейін, әкем мен Заманның өлгеніне әлі күнге дейін сенерімді де, сенбесімді де білмеймін.
– Алғашында мен де сенбедім, - деді Тана екі иығы дірілдеп. - Заманнан хатты апта күттім, ай күттім. Жарты жыл бойына оны жаным жаманатқа қимады. Ақыры сендім. Сенбесіме не шара енді?!
Қыстыға жылаған Тананың дыбысы шығып кетті. Мен оған сабыр айтып, шашынан сипадым.
Өткінші жаңбырдай боп, қыздың жасы тез тыйылды. Орамалымен шапшаң сүртіп көзін құрғатты. Біздің оңаша отырып, жылап-сықтап алғанымызды ешкім де сезген жоқ. Тананың сүйген жігіті майданда өліп еді деп тәтеме де айтпадым. Айтпағаным қазақтың ескі дәстүрінде некелі жары немесе басқа бір ет жақыны болмаса, оң жақта отырған қыз бөтен жігіт үшін жұрт көзінше жылауға тиіс емес.
Тана екеуміздің кешке дейін әңгімеден аузымыз босамады. Мен соғыс жайын, ол ел жайын айтты. Екеуміз бір-бірімізге Заманнан алған соңғы хатымызды баян етістік. Тана маған Заманның өлімі жайында келген «қара қағазды» көрсетті. «Лейтенант Заман Әлімбетов неміс фашистерімен күресте ерлікпен қаза тапты» деген он шақты сөздің әріптері мені жан-жағымнан ысқырып, ыстық тілімен жалап өтіп жатқан қып-қызыл оқтай тітіретті.
Кешке тәтем қонақ қыз бен екеумізге ақ ірімшік жасап берді. Жаңа сауған сүтті ірітіп, үстіне сары май салып әкелген мұнда ақ ірімшік ет жоқта ет орнына жүреді. Сондықтан оны біздің жақ кейде «ақ лақ» деп атайды. Ауылдың тәттілігі тіл үйірген бір тамаша асы шынында да ақ лақтың уыздай былбыраған жұмсақ етінен бір де кем болмайды.
Тәтемнің «ақ лағына» ауылдың бірсыпыра кемпір-шалы қоса жиналған еді. Ac ішіліп болғаннан кейін олар маған соғыс жайында әңгіме айтқызып тыңдады. Одан кейін ауылдастарым маған үсті-үстіне сұрақтар жаудырды.
– Немістер қандай болады екен?
– Китлерді өзің көрдің бе?
– Өзіңе мына күміс теңгелерді не үшін берді?
– Ортасында Кремлі бар мынау күміс жұлдыздарың не?
– Ал енді бұл соғыс қашан бітеді?
– Өзің келдің, өзгелер қашан келеді? Қарттардың барлық сұрақтарына мен білгенімше жауап қайырдым.
– Ал мына қонақ бала кім? – деп сұрады одан соң кемпірлердің бірі.
Бұл сұраққа тәтем жауап берді.
– Бұл баланың аты Тана, ауданның мұғалімі, – деді тәтем. - Осы күнгі оқыған балалар бірін-бірі дос тұтып жүрмей ме? Тана мен Ербол екеуі соғыстан бұрын қалада бірге оқыған екен. Ерболдың хабарын естіген соң, сәлемдесуге әдейі келіпті.
– Бәле!
– Жөн-ақ!
– Көп жаса, шырағым! – деп қарттар риза болып қалысты.
– Ал, қалқам, – деді кемпірлердің бірі, – сен бір ән айтып жібер. Жассың ғой.
– Е, сөйтсін, – деді тағы біреу – Ерболдың арқасында қонақ баланың лебізін тыңдап қалайық.
Тана сәл ойланып отырды да, менің домбырама қол созды. Үйге келгеннен бері мен домбырама ішек тағып, пернелерін жөндеп күмбірлетіп қойған едім. Тананың саусағы тиісімен қоңыр домбыра лыпып сайрай жөнелді.
– Е, өзі домбыра да біледі екен ғой.
– Уа, бәле, – деп шалдар көтеріліп қалды. Домбыраны құлақ күйіне келтіріп алғаннан кейін оны алдына қойды да, Тана көпке қарады.
– Қарт ақын Сапар Әлімбетов дейтін кісіні бәрлеріңіз де білетін шығарсыздар, - деді қарттарға. - Ол кісі биыл қайтыс болды ғой.
– Е, неге білмейік.
– Сапекеңді әбден білеміз, – десті қарттар.
– Сол кісінің Заман дейтін жалғыз ұлы бар еді, – деді Тана. – Сапар атамның сол баласына арнаған екі өлеңін өз әнімен айтып берейін.
– Айт, шырағым.
– Құлағымыз сенде.
– Ол байғұстың жалғыз баласы соғыста қайтыс болып, соның күйігінен көп кешікпей, өзі де өлді деп естігенбіз.
– Рас, - деп Тана басын иді, – Мынау ақын атаның қырық бірінші жылы шығарған өлеңі. Содан соң Тана мұңды бір әуенмен қарт әкенің жалғыз ұлына арнаған жан жырын аңыратып қоя берді.
Заманым, қиын тиді-ау осы жолың,
Үйренген жалғыз қозым жастан қолым.
Сен барда алдымнан ай, артымнан күн,
Толысып тұр екен ғой оң мен солым,
Онда мен бар да екенмін, бай да екенмін.
Бір мұңсыз өте жақсы жайда екенмін.
Белге соққан жыландай енді болдым,
Біле алмай сол жалғыздың қайда екенін.
Жанымның жарық, таңы атып тұрған,
Егінім, жаңа дәнін татып тұрған.
Аузым аққа тигенде алып қойып,
Қабағым сол емес пе қатып тұрған.
Не керек, үңірейіп қала берді.
Орныңнан айналайын жатып тұрған.
Алды-артында қарайған қалмап еді.
Жаныма сол жерің ғой батып тұрған.
Көзіме тереземен шам да күңгірт,
Олар күңгірт емес қой, мен ғой ымырт.
Төр үйдің төрін қанаты құлазып тұр,
Кеткендігін білдіріп иесі сырт.
Өзің аман келген соң орнамаса,
Базар тарқап кеткендей болдым жым-жырт.
Ағаруға айналды сақал мен мұрт.
Көздің жасы көл болып, суалды ұрт.
Жалғызға қандай уақыт кез болды деп,
Кеудені жеп жатыр ғой қарабас құрт.
Қайтейін жалғыз ғана мен емес қой,
Мен сықылды мұңды ғой бүкіл ел-жұрт.
Тағдырдың сонда мені жеткізгені,
Тілегім: көз жасымды өзің кеп сүрт.
Баруға құс боп ұшып қанатым жоқ.
Ойымнан кеткен жоқсың қалатын боп.
Сағынып менің жаным жүдеді ғой,
Жүрегім ауық-ауық жанатын боп.
Су болсамшы алысқа ағатын боп,
Жел болсамшы жер түбін табатын боп.
Арқар, құлан сықылды аң болсамшы,
Аңшылықты алты аттап шабатын боп.
Ол емес екі аяқты жан болған соң,
Отырмын ойдың отын жағатын боп.
Өзіңнің сәлем жазған хаттарыңды
Бойыма бойтұмар ғып тағатын боп.
Ұзын сөздің қысқасы, сені тағдыр
Сақтасын жанған оттан қағатын боп.
Тәңірім, соның дәмін халқынан жаз.
Өз көліне келгендей үйрек пен қаз.
Көпті сақта, көппенен бірге сақта.
Сөйлейтін сонан басқа сөзіміз аз.
Тана бұл бірінші өлеңді айтып болып тоқтап, көзінің жасын сүртті. Жалғыз Тана емес, үй ішіндегілердің барлығы егіліп, жылап кеткен еді. Шалдардың көздерінен аққан жас тарам-тарам болып, сақалдарын жуды. Кемпірлер жаулықтарының ұшымен беттерін басып, иықтары селкілдеп, бұршақ соққан егіндей жапырылып, төмен салбыраған бастарын көтере алмай қалды. Әркімнің көз алдына өз жалғыздары елестеді. Ақын өлеңі барлық ата-ана жүрегінің қылын шертіп, олардың өз жүректерінің мұңын ағытты. Әлден уақытта шалдардың бірі бас көтерді.
– Сапакеңнің қалай өлгенін білесің бе, қарағым, – деді Танаға.
– Білемін, – деп бас изеді Тана. – «Қара қағаз» келгеннен кейін ақын ата нәр сызбай жатып алды. Бұрынғыдай ел де араламады, өлең де айтпады. Күндіз-түні төсегінен тұрмады. Бір күні түсте мені шақыртты. «Отыр, қарағым» деп қасына отырғызды да, ең соңғы өлеңін жаздырды. Біздің үй ақын атаның үйімен көрші болатын. Ақын атам баласына арнаған бар хатын маған жаздыратын. Өзінің жаңа шығарған бар өлеңін маған көшіртетін. Осы өлеңін айтып жаздырғаннан кейін ақын ата үш күннен кейін дүние салды.
– Е, жарықтық-ай.
– Байғұс-ай, жалғызымен бірге кетейін деген де.
– Қайтсін, ет жүрегі қан боп езіліп кеткен ғой сорлының, - десіп қарттар бірінің сөзін бірі құптады.
Сапекеңді соғыстан бұрын менің де көргенім бар еді. Заманның қонағы боп жатып, ақынның бірсыпыра өлеңдерін тыңдағанмын. Шоқша қара сақалы бар әр сөзін сабырмен айтатын кесек тұлғалы қара қоңыр кісі еді.
– Шырақтарым, екеуің дос болыпсыңдар, – деп еді Сапекең мен ауылға қайтарымда Заман екеумізді екі жағына алып отырып. – Достық қарызы – ауыр жүк. Адал жар азбайды, адал дос алдамайды. Екеуің де бір-бір үйдің жалғызы екенсіңдер. Біріңе бірің ақ дос, айнымас серік боп өтіңдер. Әрқашанда адал болыңдар. «Адалдың арқаны ұзын» деген сөз шын сөз. Осыны естеріңнен шығармаңдар!
Бұдан кейін мен қарт ақынды көргенім жоқ. Заман маған хат жазған сайын «әкемнен сәлем» деген сөздерді жиі қосатын. Ол Сапекеңді «әке» дейтін. Өйткені Заман әкесінің егделеніп қалған кезінде, қырықтан асқанда көрген жалғыз баласы еді. Жаңа, Тана өлеңді әндете айтқан кезде менің көз алдыма ақынның Ақжал тауының іргесіндегі аласа үйі елестеді. «Төр үйдің төрт қанаты құлазып тұр» деген жол сол үйдің төргі бөлмесінде отырып ақынның бізге айтқан мәслихатын есіме түсірді.
– Айт, қарағым. Енді ақынның екінші өлеңін айт, – деп қарттардың бірі Тананы қайтадан қолқалады.
Тана домбыраның құлағын қайтадан бұрап, жаңағы ырғақтан өзге, басқа бір мұңды үнмен әндете жөнелді.
Жанымның жарық күні – жалғыз Заман!
Бұл жолдан қайтар деуші ем есен-аман.
Қайтады деп жүргенде қара жер ғып,
Бір қағаз келді-ау сенен түсі жаман.
Қағаздың оқығанда бетін ашып,
Суыды тұла бойым, сұрым қашып,
Батқандай боп көрінді күн көзіме
Әлемге жарық берген нұрын шашып.
Көрінді ай тұтылып тұрғандай боп,
Көрінді бетін жалған бұрғандай боп.
«Басыңды кәне, бәлем, көтерші!» деп,
Басымнан шой балғамен ұрғандай боп.
Бір қалдым қара тұман басқандай боп.
Бір қалдым қасқыр шауып, сасқандай боп.
Көзіме айтқан жандар жек көрінді.
Нe атып, не дараға асқандай боп.
Солар қалай айтты деп аузы барып.
Қалай мені қылды деп көрнеу ғарып.
Өмірге жазылмайтын жара таптым,
Дүниеден өтпек болдым ашып-арып.
Әлгі ай да, әлгі күн де қаз қалпында.
Қос жарық бірі күндіз, бірі түнде.
Өзімнің жарық күнім батып кетіп,
Өмірге менің жаным жанған мүлде.
Жер жүзін тұман да жоқ шалып тұрған.
Мұнартып тауды бүркеп алып тұрған.
Жалғыз-ақ, ез басыма мұнар түсіп,
Жалғаннан менің көңілім қалып тұрған.
Бағанағы қағазды біреу жазып,
Жіберсе, айтушыда қандай жазық.
Жанымның жел арқаны үзілген ғой,
Сынған ғой жазым тауып жалғыз қазық.
Ендеше онсыз маған өмір арам!
Сөз арам сөйлеп жүрген, ойым қарам!
Кірермін қара жердің қойынына,
Сел болып көздің жасы тарам-тарам.
Малым деп кімнің малын жүрмін бағып ?
Үйім деп кімнің отын жүрмін жағып ?
Кімім бар «менікі» деп ие болар,
Бір күні мені кетсе ажал қағып ?
Сол күні менің атым өшті-дағы.
Іштегі шемен дертім өсті-дағы.
Таныған Қазақстан Сапакеңнің
Дүниеден із-тозы жоқ көшті-дағы.
Әйелдер қайтадан өксіп, шалдар еңкілдеп, үйде отырғандар тегіс бордай босап кетті. Мен қарт ақынның қазасын көз алдыма елестеттім. Өз шешемнің де соғыс салған құсадан өлгенін ойыма алдым. «Адам оқтан ғана өлмейді екен ғой, – дедім ішімнен. – Қасірет пен қайғы да улы газдай тұншықтырып өлтіретін болғаны ғой адамды. Соғыста Замандай жалғыз-жалғыз боздақтар жау оғынан опат болып жатса, елде соғыс жіберген қаралы хабарлар қарт әке, қадірлі шешелерді оқтай құлатып және жатыпты-ау. Оны кім білген? Майданға келген хаттар ішіндегі: «Аз ауырып анаң қайтыс болды» деген сияқты қысқа хабарлардың ар жағында қандай қасіреттер жатқанын болжамаппыз ғой». Тана оқыған осынау екі шерлі өлең маған өзім үш жылдан бері күн сайын көріп келе жатқан соғысты жаңа бір қырынан танытқандай болды. Ол соғыстың адамдарды майданда ғана емес, үйде де өлтіріп жатқандығы еді.
– «Бір қағаз келді-ау сенен түсі жаман» дегенге қарағанда хатты Заманның жолдасы жазған ғой, - дедім мен Танаға.
– Иә, алғашқы хат жолдасынан келді. Ол «бір шегініс кезінде адам көп опат болды. Заманнан айырылып қалдым. Тірі болса бері шығар еді. Опат болғандардың ортасында қалды деп ұқтым» деп жазған еді. Артынан іле-шала командирінен «неміс фашистерімен күресте ерлікпен қаза тапты» деген машинкаға басылған екінші қағаз және келді.
– О, пақыр-ай десеңші,–деді қарттардың бірі. Осыдан кейін ауыл адамдарының бәрі үйді-үйлеріне қайтты. Арқаларына бір-бір қап тас арқалағандай боп, белдері бүгжиіп біздің үйден әрең шығысты. Таяқтары жерді үнсіз түрткілеп, үнсіз тарасып жатты.
Жатар алдында далаға шығып, Тана екеуіміз біраз серуен жасадық. Орта көшедегі мектепке дейін барып қайттық.
– Сәлима осы мектепте ме? – деп сұрады Тана.
– Осында болар, басқа мектеп жоқ қой мұнда.
– Кездестің бе? - Жоқ?
– Көресің бе?
– Білмеймін.
