АСУДА
АСУДА
1
Апрельдiң бас кезi едi. Қыс ерте шыққандықтан жердiң көктеуi биыл қауырт. Мал балалап жатыр. Кешке, енелерiмен бiрге ауыл маңындағы жақын төбелерге жайылып шыққан қозы-лақ шұбартып жүр. Ақшоқыдағы ауылдың көпшiлiк үйлерi әзiр тамда. Қыстау жанына, тықыр көгалда, ерте тiгiлген – тек Әйгерiмнiң отауы мен көршi қызметшiсi – Бәшей, Злиханың ғана қоңырқай үйi.
Күндегi дағдысы бойынша, Абай қасына Баймағамбеттi алып, қыстаудың желке жағындағы көк бетегелi, кiшкене төбешiктiң басында отыр. Бұлардың қасына кешкi жайылысқа шыққан қой-қозыны көздеп жүрген көршiлер. Байторы, Байқадам, Дарқан және Кiшкене-молда жана келiп отырысқан едi. Бұл көршiлер осы көктемнен берi Абай мен Баймағамбет дөң басына шықса, қызық әңгiмелер айтысып отыратынын бiледi. Үндемей келiп, әңгiмелерiн тыңдасып отыратын әдеттерi бар.
Байторы бұрын Құнанбайдың үлкен аулында құяң боп, ауыр жоқшылық шегiп, жүдеулiкте күн кешушi едi. Кейiн Абай оны өз қасына көшiрiп, ауруын емдетiп, адам қатарына қосып алды. Осы сияқты, Бүркiтбайдай бұрын шыр бiтпеген науқасты кедейдi де Абай өз көршiсi етiп қасына алған. Мынау отырған Байқадам да, жаңағылардай Құнанбайдың өзге аулынан қайыр көрмей, Абайдың қасына өзi сұранып келiп, жақсы жайғасқан-ды. Баймағамбет те сондай боп, көп iнiсiмен, кедей-кепшiк халiмен кеп, Абайдың достығын тауып, сонымен қазiр ауыр жоқшылықтан бiраз құтылған, еңсесi көтерiлген.көршiнiң бiрi боп алған-ды.
Абайдың өз аулы осылайша көршiлерiне дос-жар, көмегi бар ауыл боп алғандай. Осының бiр белгiсi Абайдың көршiлермен әңгiмелескiш, татулығынан да байқалатын.
Қазiрде әңгiменi Абай айтып отырған жоқ. Баймағамбет сөйлеп отыр. Мұның ұзақ, қызық бiр хикаясы жаңа ғана басталып едi. Абайға қарсы қарап отырып алып Баймағамбет:
– Недерлан деген жұртта, Лейдiн деген шаhарда инквизиция деген сот бопты! – деп кiрiстi.
Осы өткен қыс бойында, кiтап соңында көп отырған Абай үй iшiне, Ербол мен Баймағамбетке, Кiшкене-молдаға және әңгiме тыңдауға жараған балалары: Әбдiрахман, Күлбадан, Мағаштарға өзi оқыған кейбiр романдарын да қызықты хикая етiп, айтып берiп отыратын. Осыдан оншақты күн бұрын әңгiменi үлкен ықыласпен тыңдап, жақсы ұғынатын Баймағамбетке Абай бiр қызық роман уақиғасын сөйлеп берген-дi. Ол роман – жаңағы Баймағамбет бастаған Европаның орта ғасырында болған үлкен бiр ауыр хикая болатын.
Баймағамбет нелер шытырман, қиын уақиғалы әңгiмелердi айтуға қызығады. Адамдары көп, олар арасындағы шатасқан қым-қуыт тартысы көп уақиғаларды Абайдың бiр айтып бергенiнен жақсы ұғынады. Естiп алған әңгiмесiн сол күндерден бастап-ақ көршi үйлерде әйелдер, малшылар, қонақтар арасында бiр мүдiрмей, әдемi тiлмен қызықты етiп, әңгiмелеп отырады. Осы қыс Баймағамбеттiң ертекшi, әңгiмешi деген атағы Ақшоқы, Қорық қана емес, Шыңғыстан Семейге шейiн бiлiндi.
Баймағамбеттiң әңгiмесi жаңа басталғанда, бұл екеуiнiң қастарына келiп отыра берген Кiшкене-молда, Байторылар ырза болыс-ты. Үйткенi, Абайға оңаша тыңдатып, өзiн сынатып отырған шақтарында, Баймағамбет көлденең кiсiнiң ешқайсысына көңiл бөлмейтiн. Тың адам келдi екен деп, айтып отырған әңгiмесiнiң желiсiн өзгертпейдi. Қайталамайды. Бүгiнгi кеште, үлкен көршiлерден басқа Баймағамбет пен Абай қасына балалардан да келiп отырғандар болды. Бұл күнде ер жетiп, бозбала боп қалған Ақылбай Қорықтағы Нұрғаным аулына бармай, бүгiн осы ауылда Баймағамбет әңгiмесiн тыңдауға әдейi қонып қап едi. Мұсылманша жақсы оқып алған Әбiш те сол әңгiменi тыңдайды. Зейiндi, ықыласты шәкiрттiң бiрi боп, ауылдың барлық үлкенiне сүйiктi көрiнетiн қырлы мұрын Мағаш та бүгiн осында. Ол Баймағамбеттiң әңгiмесiне қатты ден қойып тыңдап отыр.
Күн ұясына кiрiп бара жатыр. Көктемнiң кешкi салқыны дөң басында ызғырықтау жел болып, беймазалау бiлiнедi. Бiрақ қызық роман тыңдаған топ Баймағамбеттiң аузына түгел аңыра қарауда едi. Бұлар байқамай қапты. Қастарына бiр салт атты тастақ төбенi дүбiрлете басып, қатты аяңмен жетiп келгенде ғана, жиын елең етiп көңiл бөлiстi.
Жолаушы алыс жолдан келген. Астындағы жирен биесiн қатты терлетiп жеткен Асылбай екен. Бұл Жидебайдағы үлкен ауылдың көршiсi. Қаладан келедi. Отырғандарға сәлем берiп, ел-жұрт, ауыл-аймақ амандығын сұрап алып, қаланың хабарын айтуға көштi. Бөгде жолаушы келген соң, Баймағамбет әңгiмесi үзiлiп қалып едi. Абай Асылбайдан:
– Қалада не хабар бар? – деп сұрағанда, Асылбай аса бiр оқыс хабар айтты.
– Естiдiңдер ме, жоқ па? Қаланың ең бiр оқшау хабары патша туралы, осы күнгi өзiмiздi билеп тұрған ақ патша өлiптi дейдi. Және өлгенде өз ажалы емес, бiреу атып өлтiрiптi! – дедi.
Кiшкене-молда осы хабарды естумен қатар, ернi жыбырлап, дұға оқып, бет сипады. Не дұғаны оқитынын бiлмесе де, қартаң Байторы да молдаға елiктеп, бетiн сипады.
Абай қатты елең етiп:
– Не дейсiң? Бұны кiм айтты? Қашан өлтiрiптi? – деп қадағалап сұрай бастады.
Асылбай жарытып, көп әңгiме айта алған жоқ. Тек, долбарлап айтқаны:
– Өлгенiне айдан асыпты. Айтып жүрген – Семейдiң бар қаласы. Өлтiрген кiсiлер де ұсталыпты. Өлген патшаның орнына баласы таққа мiнiптi. Халықтан ант алып, қойшы, әйтеуiр, қала дүңк-дүңк етедi. Ар жағын бiлгенiм жоқ! – дедi.
Абайдың көңiлiне "патша өлiптi" деген хабармен бiрге, өзiнiң досы Михайлов келiп едi. Iштей:" бәсе, Евгений Петрович сияқты адамдардың әрекетi осал болмаса керек едi. Қолдарынан үлкен iс келетiн, басы нда ми, кеудеде қайрат зор, сондай адамдар үнемi айдалып, сүргiн жеп.жүре берумен тоқтамас. Ресейдi тiтiреткендей бiр қимыл ататын жөндерi бар едi. Осылай болғаны-ақ!" деп ойлады. Патшаны өлтiргендердiң жай адамдар емес екенiн, бұл хабардың тегiн емес екенiн салған жерден аңғарды. Ол өз бетiмен осылайша ойланып, үндемей қап едi. Бұл уақытта аңқау қарт Байторы, Дарқан және солардай бос көңiл Кiшкене--молда, патшаның өлiмiн аса қатты сұмдық көрiптi. Бұлар неше алуан түрде сұқтанып сөйлеп жатыр.
– Ау, бұл қалай, патшаның әмiрiмен қарашыны өлтiрушi едi. Патшаны да өлтiредi екен-ау!
– Бұны өлтiргеннiң жүрегi мүйiз бе? Кiмнiң қолы батып барды екен?
– Жай қарашы емес шығар сол өлтiргенiң! О да патша болмаса да, сондай iрiнiң бiрi болар. Нәнсiген бiреу ғой, " сенен мен кем бе " дейтiн. Болмаса жай кiсiге патшамен ұстаспаса да, өзге алысатын аз ба?
– Кiм де болса, көзi жоқ ердiң бiрi болды! – деседi.
Отырғандар патшаны өлiмге қимаған ажар бiлдiрмейдi. Тек қалай өлтiрдi, кiм өлтiрдiге аса сұқтанып, тамашалайды. Кiшкене-молда бұл топқа өзiнiң ұстаздық басуын айтпақ болды.
– Шариғатта өзiңдi, отаныңды билеп тұрған әмiршiңдi күт дейдi. Дiнi кiм болса да – ол патша ағзам. Бұл – хафа болар уақиға. Жаман ғаламат! Адамзаттың хұлқы бұзылған емес пе!? Ешбiр заманда патшасын фұқарасы өлтiрдi дегендi ешбiр кiтаптан оқып көрмеген едiм. Мынау, тахқиқ, ахырзаман нишаны. Ғажайып бұзылған заман ғаламаты болар! – дедi.
Абай өз ойымен отырып, Кiшкене-молда сөзiнiң аяғын ғана естiдi де, күлiп жiберiп, орнынан тұрды.
– Кiшкене молда! Зор әмiр – құдiрет бар жерде, зор қиянат та болады. Сiз оның қай сырын бiлiпсiз? Сол мылтықты атқызған қолды қаншалық ыза, кек, налу билеп атқызғанын бұл жерде отырып болжап бола ма? – деп, ауылға қарай аяңдады.
Жолшыбай келе жатып, Баймағамбетке:
– Бақа, сен ертең Семейге жүресiң. Мына хабарды құр естiп қойғанымыз болмас. Менен хат алып қалаға барып, бар хабарды бiлiп кел! – дедi.
Айтқанындай ертеңiнде Абайдан хат алып, Семейге жүрiп кеткен Баймағамбет үш күн жүрiп, қайта оралып келдi. Баймағамбет Абайдан Михайловқа хат апарған едi. Қоржын толы жаңа кiтаптардан басқа Семейдiң жандарал кеңсесi шығаратын "Облыстық-мәлiмдеме" атты газеттi және Михайловтың Абайға жазған хатын бердi.
Михайлов қысқа жазыпты. Бiрақ болған жайды әзiрше мәлiм болған ресми хабарлар бойынша түгел айтыпты. "Бiрiншi март күнi Петербургте, күндiзгi сағат бiр мен екiнiң арасында, өзiнiң Қысқы-сарайына сейiлден қайтып келе жатқан патшаны әдейi тосып жүрген адамдар атқан да, сол күнi Қысқы-сарайға келiсiмен, түс ауа бергенде, патша ауыр жарадан қайтыс болған. Атушының бiразы ұсталған дейдi. Бұл хабар жалған емес, үйткенi барлық Россия халқына, сол бiрiншi март күнi түнде телеграммен мәлiм еткен – iшкi iс министрi, генерал адьютант граф Лорис-меликов. Екiншi сондай хабарды өзге патшалықтарға, циркуляр хатпен сыртқы iстер министрi стац-секретарь Гриц мәлiм еткен".
Евгений Петрович одан арғы хабарды да айтыпты. Бұнысы – Степной генерал-губернатор жiберген бұйрық бойынша Семей шаhарында болған iстер жайы. Семей губернаторы екiншi март күнi шаhар гарнизонын жинап, барлық кеңселердiң қызмет иесi адамдарын жинап, ең әуелi қаза болған патшаға панихида өткiздiрiптi. Содан соң барлық солдаттан, лауазым иесi адамдардан бастап, жұрттың барлығына жаңа патшаға, үшiншi Александрға адал қызмет ету үшiн ант бергiзген. Осындай ресми жайларды айтумен қатар, хатының аяғында Евгений Петрович, жасырын жарлық бойынша өзiнiң қызметтен босатылғанын айтқан. Және Абайға аз әзiл тастап:" мiнi, Ибрагим Кунанбаевич, дүниеде осындай уақиғалар болып жатыр. Сiзге ол жайды тек Баймағамбет арқылы хабарланып қою жеткiлiктi болар ма екен? Ақшоқыда қанша қызық болса да, шаhарға келiп, мынау жайларды өз құлағыңызбен естiп қайту терiс болмас!" деп қойыпты.
Семейдiң бiрден-бiр газетi "Облыстық-мәлiмдеме" патшаның өлiмi туралы Михайловтың хатынан артық еш нәрсе жаза алмапты. Абайдың хайран болғаны – бұндайда қошеметшi құлдар нелер иянаттау, балағаттау сөздердi төксе.керек едi. Әлдекiмдердiң тұмсығы тасқа тиiп, көзге қамшы тигендей, есi ауып қап тұр ма? Бұншалық сөзге сараң болуы, бiр үрiккен дағдарысты көрсеткендей ме, қалай? – деп ойлаған-ды.
Осының ертеңiнде пар атты трашпеңкеге Абай мен Баймағамбет қатар отырып алып, Семейге тартты. Жер кеуiп, жол дегдiген. Бөгет болар шалшық та, батпақ та жоқ. Ыстық пен шаң да ертең көктемде жасарған дүниенiң көркiн бұзып араласпаған. Жол бойы: тықыр бетеге, жас жауылша, жаңа бүрлеген тобылғы, ерте шыққан қызғалдақ, тықыр жусан. Бәрi де Ақшоқы мен Семей арасындағы қырат жоталарды, ұзақ өлкелердi, бұлақ, бастауы, көлшiктердi түгел жағалап, көк торғынмен қоршаған.
Жолаушылардың алдынан жұмсақ қана қоңыр салқын соғады.
Баймағамбет әр жүрiсте шапшаң болатын. Ол аяң мен бүлкек дегендi бiлмейдi. Қыстан жем жеп шыққан пар құланы осындай жүрiстер болса деп, өзi суытып, жаратып жүретiн. Қазiр сол қара жал қос құла тершiместен ұзақ жортады. Жүргiншiлердi қажытпай, көңiлдендiрiп жүредi. Көк жайқын, ал күрең бетеге арасында тыпырлай тықыр салып, жол үстiнiң қиыршық тасты, қызғылт керiшiне ширақ басады.
Бүгiнгi ұзақ жол бойында, Абайдың қасында қатар отырып, атты ұзын бишiкпен үйiре айдап қойып Баймағамбет бiрнеше күн бұрын айтылмай қалған "Черный-век-марта" романын хикая етiп, сөйлеп келедi.
Бұл романның шытырман уақиғасы, патшалық дiнiнен өз дiнi басқа болған аса бiр ғазиз асыл жiгiт Дик жайында. Соның дiндесi таза жүрек, өр көкiрек, алып батыр – Қызыл-сақал жайында. Инквизиция сотының аса бiр аяр тыңшы жас осы, әйелден шыққан қатал хиянаткер Черный-век турасында. Оның өмiр бойғы бәсекелi тайталас дұшпаны әйелден шыққан қайсар, айлакер Марта турасында. Черный-векке жауыққан Марта – Диктi құтқаратын көмекшiнiң бiрi болады. Дик пен Қызыл-сақалды қуғынға ұшыратып, соңына түскен. Лейдiн шаhарының қанды қол, қатал соты бар. Соқыр ғұламалар, жауыз сопылар билеген – инквизиция соты. Бұл әңгiмеде, азаматтық үлкен саналы қасиет те бар. Құдай атын ауызға алып отырып, күнiне талай жанның қанын төгiп, тозақ азабын тудырып отырған зор дiн басы, рақымсыздар бар. Толқынсыз су жүзiне жарқырап, күлiп түскен ай сәулесiндей, аппақ кiршiксiз, жас жүрек махаббаты, арманы да бар. Қараңғы терең зындан түбiндей, аянышты бiлмес, әдiлеттi танымас, қиянат кеуделi Черный-век бар. Баймағамбет осыларды әңгiме еткенде, қазiр соның бәрiнiң талабынан, iшкi сырларынан жоғары тұрып, әдiл сыншысы боп, әңгiме етедi. Әрқайсысын өзiнiң орын дәрежесiне оқымыс, тәрбие, бiлiмiне қарай өз тiлiмен сөйлетедi. Шытырман уақиғалы, жүз түйiннен түйiлген қиын әңгiме. Сол қызық романның кiтапқа жазылған құрылысын Баймағамбет бұзбастан, жаңылмастан, жайлап өргiзедi.
Осындай романдарды айтуға ауысқаннан берi Баймағамбет бұрын өзi айтып жүрген Мың-бiр-түндi , қазақ ертегiлерiн, парсының "Қырық-тотысын", түркiнiң "Бақтажырын" бұрын өткен сабағы деп бiледi. Қазiр, соңғы жылда, оларды айтқыш емес. Оқымысты әңгiмешi боп, тыңдаушыға: "Естiсең мынаны естi! Баймағамбеттi қадiрлей бiлсең, осымен қадiрле!" дегендей болатын.
Шығыс пен қазақ ертегiлерiнен ол бұл күнде тек Рүстемдi, Жәмшиттi, Шәркен, Үш-соқырды, Сейiтбатталды және қазақтағы Едiл-жайық, Жұпар-қорығы, Ертөстiктi ғана айтады. Олар Баймағамбеттiң сұрыпталған, зейiнiне жазылған аумас, ұмытылмас кiтабындай. Әрқайсысын кешкi отырыстан ет пiскенше, содан кейiн ұзақ таңда көп отырып, тағы iшетiн шайға дейiн айтып барып, бес-алты сағат әңгiмелеп бiтiретiн. Ертекшi Баймағамбеттiң жаңағы iрiктеп алған әңгiмелерiне Абай мен екеуi қосқан Европа романдары, орыс романдары бар. Соның қадiрлi бiрi Баймағамбет айтуында "Петр-великий " аталады. Сохатый, Дубровскийлер жүредi. Ақ жұрттан барып жабайылар өлкесiн жайлаған "Валентин-луй" немесе "Чистое-сердце" айтылады. Және "Ягуар-медленец, "Ақсақ-француз", содан мiне "Черный-век-марта" боп көбейiп келе жатқан.
Баймағамбет өзi орысша оқымаған, мұсылманша оқуы да жоқ. Бiрақ Абайдың оқыған қызық кiтабының бәрi бұған тегiс айтылады. Осындай көп кiтаппен танысу Баймағамбеттiң мiнезiне, пiшiн-құбылысына әсер еткен. Белгiлi мiнездерде, өзiн ұстауда ол жай қазақ сияқты емес. Абайдың байқауынша ол, бойына көп жұғын жұқтырғандай. Өз ортасынан өзгерек боп қалыптанған оқымысты, хат танымайтын оқымысты, бiр алуан, бөлек жан боп барады.
Бұл кезде қалыңдап, жайылып, шығып келе жатқан сары сақалы, үлкен өткiр көк көзi, түксиген қабақтары және имектеу келген, кесек мұрны – бәрi де Баймағамбеттi Абайдың өзiне де, кейде, өзге қазақтың бәрiнен өзгеше көрсетедi. Қазiрде Абайға Баймағамбет қазақ жiгiтi сияқты емес, өзге бiр тұқымнан келген серiк дос сияқтанады. Қызыл-сақалдың Диктi құтқарудағы жан аямас от қайратын айтқанда, Абай Баймағамбетке аң-таң болып, сүйсiнiп қарайды. Достық үшiн жан беретiн тұтас бiтiмдiлiк, кесек адамгершiлiк Қызыл-сақалда бар екенi рас болса, Абайға кей сәттерде, сондайлық тауанды достық осы Баймағамбеттiң өзiнен де табылатын сияқты көрiнедi.
Абай Баймағамбетке сүйсiнiп, таңданып қарауын қоя алмайды.
Тобықтының, Ырғызбайдың бүгiнгi ортасына мынау Баймағамбет бұрын бiтпеген адам. Абай арқылы жеткен көп кiтап оны, анық басқаша, жаңа адам етiп тәрбиелеген. Баймағамбет аса тура мiнездi. Басы кетсе де шынын жаңылып, жалған айтуды бiлмейдi. Және Абай үшiн ең қадiрлi бiр мiнезi – еш уақытта Баймағамбет адам мен адам арасына сөз тасып, бiреуге бiреудi ренжiтерлiк сыбыс айтып көрген емес. Сырға берiктiгi Абайдың ең жақын iнiсi мен жарынан да мықты. Биыл қыста Әйгерiм бұл туралы бiр сын айтып едi.
– Бақаңның Абай сырын жасырғыштығы сонша – "Мағашқа бүгiн таңертең Абай не дедi?" деп сұрасам:" е, мен қайдан бiлейiн, өзiнен сұра" деп, соны да айтпайды. Абайдың сөзiн шетке шығармаймын деп қымтанғаны сонша – тiптi " баласы туралы әке сөзiн шешеге жеткiзсем де қиянат болар " деп ойлайды деген. Кiсi мiнезiне көңiлi жүйрiк Әйгерiм өзiнше оқшау сын жасаған. Қазiр Абайдың есiне Әйгерiмнiң Баймағамбет туралы айтқан басқа бiр сөзi де түсiп келедi.
– Бақаң сiз арқылы орыстар жайын көп естiп, көңiлге көп тоқып алған. Тiптi осы күнде өзi де орыс мiнездi боп барады. Қазақша қалтарысыңды бiлмейдi. Тисiн, күйсiн – турасынан бiр-ақ тартады. Және тегi жақсы орыс, адал көңiл, таза орыс осылай болса керек! – деген-дi. Қазiр Абай, Баймағамбеттiң осындай өзгеше қалыптанып келе жатқан жайын ойлаумен қатар, iштей бiр нәрсеге өзiнше ырзалық еттi. Онысы орыс кiтабынан өзi алып жүрген тәрбие жөнiнде ең алғаш желiлеп, жия ойлаған ойы тәрiздi.
...Баймағамбет екеумiз құр оқып қана, әңгiмелеп қана жүргемiз жоқ. Аңдасам, бақсам, тәрбиеленiп те келедi екемiз-ау! Бiрақ менен көрi Баймағамбет жасырақ та, бiр бiткей бiтiмдi, шыншыл ма екен!? Сондықтан бұдан кiтап iзi айқынырақ көрiнуге мүмкiн бе! Ендеше Баймағамбетте менiң қазiргi қалпымның жартылаған тұлғасы тұрған жоқ па? Бiр есептен бұл менiң айнам, ел ортасында жүрiп өзгерiп келе жатқан адамдығымның айнасы болар!.. Деп топшылады Абай. Бiрақ ол бұл ойын жолдасына ренiштi бола ма деп, айтпай, iркiп қалды. Оның орайына Баймағамбет әңгiмесiн күн бойы ұзақ жол үстiнде көп айтқызып келе жатты. Ол әңгiмесiн бiтiрген соң бұрынғы дағды бойынша, уақиға iшiндегi Дик, Қызыл-сақалдардың кейбiр сырлы, нәрлi сөздерiн Абай өңдеп, көрiктей түсiп, қайта айтып бердi.
Бұлар жол бойы Күшiкбайда түс ауа ат шалдырды. Сонда жол азықтарынан өздерi де тамақтанып алып, күнi бойы толассыз жүрген. Осы күнi ел жатар кезде кешiгiп жүрген жолаушылар Тiнiбек қақпасын кеп қағып едi. Дәл осы қақпаның түбiне жеткенше Баймағамбет романдары бiрiнен соң бiрi айтылып, аяқталмай созыла кеп, ерiксiз тоқтаған-ды.
Бұл жолы Михайлов пен Абайдың кездесулерi бұрынғы уақыттардан жиiлеп, әңгiмелерi де әр кезде ұзақ-ұзақ болыс-ты. Евгений Петрович Абайды көптен керек еткен досындай қуанып қарсы алған. Өзi соңғы айларда, патша өлгелi қызметтен шығарылып, бос жүрген. Екеуiнiң кездесуi күндiз-түнi талғаусыз, еркiн болды. Хатқа жазбаған көп жаңалықты Михайлов Абайға алғашқы кездескенде-ақ айтқан едi. Апрельдiң бас кезi болғандықтан Питерде болған зор уақиғаның арты қандай халдерге соғып жатқанын Михайлов естiп, бiлiп отыр екен. Патшаны өлтiрушi ерлер тобының қандай ортадан шыққанын айтты. Өз қайраттарымен Россияның тағын тiтiреткен және халық жолында өздерiнiң жас өмiрлерiн құрбан еткен бес ұлы азамат жөнiнде үшiншi апрельде болған үкiмдi айтты. Сол күнi Петербургте Семеновский плацда дарға асылған Желябов туралы және орыс қызынан шыққан қаhарманы Софья Перовская туралы әзiрше естiген хабарын бiлдiрдi.
Патша өкiметiнiң бiрiншi март уақиғасынан қатты қорқып отырған ажарын да Михайлов сезген екен. Төртiншi март күнi патша сарайынан жарияланған депешада, бұрын патшалықтың аузына түспейтiн, жаңа сарын барын әзiл етiп айтты. Сол қағазда "шаруашылық, әлеуметтiк, халықтық қамдарды ойламасқа болмайды" деген сөздер жазылыпты. Михайлов осы мәлiмдеменi Абайға оқып отырып:
– Бұның iшiнде "социальный" деген бiр де болса бұрын ауызға алынбайтын сөз бар. Патша өлген күннiң ертеңiнде ұлық қағазының iшiне бұның кiрiп отырғаны Россиядағы тақтың босаң күйiн көрсетедi. Революция бiрталай қалтыратып, қорқытқанға ұқсайды! – деп, бiраз әзiл мысқылмен күле сөйлеп едi.
Абай бар хабарды ерекше ынтамен, қызығумен сұрайтын. Бұрын Михайловпен кездесiп жүргенде, бұндай жайлардан тереңдеген әңгiме болмаушы едi. Патшаның өлiмiне шейiн жеткен зор қимыл, Абайға: "Революция жолындағы орыс қауымының қуаты мен жiгерi, ызасы мен талабы – соншалық ерен, зор" дегiзген. Осы қатарда Михайловтың өзi де ендi Абайға бөлек туыс, ерек бiтiмдi жан болып, аса қадiрлi бола түскен. Өзiнiң ынтыға сұраған сөздерiнiң кейбiрi аңқау жанның сұраулары болғанына қарамай, Абай Михайловтан ойына келгенiнiң бәрiн бiлгiсi келедi.
– Патшалықтың қорыққаны рас болса, айдауда, қинауда жүрген, Евгений Петрович, өзiңiз сияқты көп азаматқа жеңiлдiк қайда? Сiздi Семей ұлығы да ендi басқаша бiлу керек қой! Оның орнына, губернатор сiздi кеңсесiнен де шығарып отыр. Бұл қалай? – дедi.
Михайлов Абайдың сұрағанына күлiп қана, екi алақанын жайып, жауап бермей қалды. Тек бiраз отырып барып:
– Ибрагим Кунанбаевич! Қауым тартысы бұндай өрiске жеткен соң, оның iшiнде толып жатқан сырлар, шатасқан түйiндер болады! – деп, бiраз жымиып отырды.
Бiраз сөзбен Абайдың соңғы сұрағына жауап бердi.
– Мен мұнда қызметке өзге чиновниктермен тең правода түскен кiсi емеспiн ғой. Айдалған кiсi есебiнде әрдайым полицияның надзоры астындағы кiсi болатұғым. Қызметке алғанда, қалап алған кiсiсi емеспiн. Амалсыздан алынғанмын. Сiздiң облысыңыз оқыған бiлiктi адамға бай облыс емес қой. Бұндағы жандарал Петрбордан статистика комитетiн ашуға бұйрық алған. Ал статистика, санақ деген не? Ол ғылым жолымен iстелетiн iс болғанда, қалай бастап, қалай ретке қойылу керек. Қысқасы, бiздiң орыс тiлiмен айтқанда, "ол аңды немен қосып, қалайша жеудi" бiлетiн бұл шаhардың чиновнигi жоқ болатын. Менiң студент боп, бiлiм зерттеп жүрген кезiмде осы салаға да көп көңiл бөлгенiм, шұғылданып көргенiм бар едi. Бұл шаhарда ол тың iстi бастап кететiн сенiмдi кiсi шықпаған соң, менi амалсыздан сондай бiр әкiмшiлiгi аз, еңбегi көп iске шақырған едi. Тек жүрмес үшiн, мен соны алған едiм. Ал менiң бiр дертiм бар, Ибрагим Кунанбаевич, ол менiң өскен ортамның маған сiңiрген, еккен ұрығы болу керек. Тұрмыстың, шаруаның, ғылымның қай жағына ықтиярлы, ықтиярсыз көңiл аударып, берiле бастасам, соны қадағалап, тереңдеп ұққым келедi. Мен сол санақ комитетiн iске бастыру жөнiнде қызығып iстей бастап ем. Сiздiң облыстың шаруа санын, қуатын, халықтар санын, көп сырларын дәл деректер жиып, ғылым жолымен тани бастап едiм. Бүгiн мынау хал туды да бұрыннан сенiмсiз Михайловты шетке қақты. Бiрақ мен қазiр сыртта болсам да, осында бастаған iсiмдi тастамаспын. Сiздiң халқыңыз мекен еткен өлке туралы, бәлки мен де бiр керекке жарарлық еңбек етермiн! – деген.
Бұл сөздi осымен доғарып, аздан соң алғашқы әңгiмеге, өзiне ең қымбатты, ыстық әңгiмеге ауысты. Кейiн бiр нәрсенi есiне алып, сүйсiнгендей, жайнап кеттi.
– Мен революционердiң iшiндегi үлкенi емеспiн. Менi көктей орды. Жастай алып кеттi. Университеттiң үшiншi курсында жүрген жиырма-ақ жастағы жаңа революционерде қаншалық зор қайрат болсын. Мен сияқтылармен патша өкiметi көп есептеспейдi. Ал, мiнi оның орайына, бiр нәрсеге соңғы күндерде шын сүйсiнiп отырмын. Бiздiң бәрiмiздiң ой тәрбияда басшымыз бар. Анау патшаны өлтiрген бiзде бөлек өжет топтың да, бәрiмiздiң де басшымыз бар. Ол Чернышевский болатын. Рас, революционердiң бәрi де бiрыңғай емес. Бiрақ, неше алуан болсақ та осы он бес-жиырма жыл бұрын қалыптанған қауымшыл жас буынның бәрi сол Чернышевскийден оқыған едi. Бүгiндер Сiбiрдiң ең алыс шетiнде Якутский-крайда, Вилюйск деген құдай қарғаған жерде айдау күнiн ада қып жүрген сол Чернышевскийдi қазiр патша өлтiрiлген соң, айдауынан қайырыпты деп естiп отырмын. Сiз жақсы сәтте келдiңiз. Мен Чернышевскийдiң Россияға, Астраханьға қайтарылғаны туралы бүгiн ғана хат алып, отыр едiм. Рас, мен сияқты көпшiлiк бұл күндер жеңiлдiк алмайды. Қайта қинау мен қысым бұрынғыдан аса түсетiнi даусыз. Бiрақ мынаны не дейсiз? Россиядағы азат ойдың ең үлкен жаршысы дәл осы қысым күндерде аз да болса, кеңшiлiк алып отыр. Патшалықтың тағы, Рысаков бомбасының үнiнен қорыққан сырын дәл осы жерден танытып отыр! – дедi.
Абай Михайлов үшiн үмiттенгендей:
– Евгений Петрович! Егер басшыға, алдыңғы адамға сондай жеңiлдiк етсе, онда бiрсiн-бiрсiн сол жеңiлдiк бәлки, сiздерге де жетпес пе екен? – деп едi.
Михайлов бұл жөнде үлкен тәжрибелi, сыншы көңiлмен басқаша қарайды екен.
– Мен тек Чернышевскийдiң өзi үшiн ғана қуанамын. Болмаса, бұл шын кеңшiлiк емес. Халықшыл ой, Россияның көп қауымына жайылған ой. Соны бiлiп отырған патшалықтың уақытша жасап отырған бiр тәсiлi ғана. Бұны шыны деп бiлмеңiз, қыры деңiз. Ол – жұртпенен шырға тастап, алдасып ойнау, ойнау ғана! – дедi.
Осы бiр әңгiме тұсында Чернышевский жөнiнде Абайды тағы да таңырқатып, ол туралы бұның түсiнiгiне тың көрiнген бiр жайды баян еттi. Абай патшаны өлтiрушiлердiң түп басшысы, қарсылық ойдың түп иесi болған Чернышевский деп ойлаушы едi. Қазiр Михайлов: "Патшаны өлтiру iсiне Чернышевскийдiң қатынасы жоқ, – дедi.
Абай бұл жөнiнде қадағалай сұрады:
– Оның қолма-қол қатынасы болмаса да, ойы мен сөзi себепшi болмады ма? – деген едi.
Михайлов бұл жөнде кең түсiнiк айтты.
– Мәселенiң үлкенi сол – патшаны өлтiру iсiне Чернышевскийдiң сiз айтқан ойы да, сөзi де қатынасқан жоқ. Ол қатынаспайды да. Бұны iстеп отырғандар Чернышевский бастаған революциялық ойды өнiмдi түрде, кең түсiнген топ емес. Өзiнше, қыңыр, шолақ түсiнген топ. Бұлар iсiне Чернышевскийдiң ниет-бағыты қосылмайды! – дедi.
Жеке адамды өлтiру патшаны өлтiру болса да, Чернышевский жолы емес екенiн ұғындырды. Бiр патшаны өлтiргенмен, орнына екiншi патша отырады. Патшалық тәртiптi жоятын алыстың жолы бұл емес. Чернышевский ұғындыруынша, патшалыққа қарсы күреске қалың бұқара, қара шаруа, миллиондаған халық қатысу керек. Орыстың қара шаруасына арнап, Чернышевский шығарған прокламация жайын да Михайлов аз мәлiм еттi. "Құл, крестьяндарға олардың достарынан сәлем" деп үгiт таратыпты. Сонда Чернышевский крестьянды патшалық құрылысына қарсы қолға балта алып алысуға үгiттеген. Крестьян басына құлдықты орнатып отырған Ресейдiң ақсүйек алпауыттары. Патша 1861 жылы бостандық бердiм деп алдады. Өйткенi патша халықтың патшасы емес, алпауыттар патшасы. Солардың ғана қамын ойлайды. Қалың ел, қара халық, сенi ол алдады" дептi. Чернышевский прокламациясын Михайлов студент күнiнде жаттап алып едi. Сондағы ойына сiңген талай сөздерiн айтты. "Ол сiздердi алдады, азғыруға тырысты. Оның өзi алпауыт емей, кiм едi? Сiздер алпауыттардың құлысыз. Ал, алпауыттар патшаның малайлары. Патшаның өзi де соларға сүйенiп отырған үлкен алпауыттың дәл өзi. Сондықтан патша, әрине, алпауыттар жағын ұстайды " дептi. Тағы бiр жерiнде " анық еркiндiк болатын болса, бар iстiң басында халық отырсын. Ал, толып жатқан әкiмдер халыққа бағынсын. Мұжықты ешкiм қорлауға бата алмайтын болсын " деп үгiттейдi екен. Алпауыттар мен патшалық тәртiбiне қарсы қайраулы қара балтаны ашумен сiлтесе ғана, көптiң көзi ашылатынын айтқан екен. Ол болмаса, мынадай төрт адам, бес адам боп, бiр жерде патшаны, бiр жерде министрдi өлтiрсе де ол тек ұшық-ұшық, көптен жырақ, өнiмсiз ғана бiр талап болады дейдi.
Чернышевский ойы – "қайратты халықтан күту керек" дегенi, Абай көңiлiне анық әдiл сөз көрiндi. Халық санасын оятып, жауыздық, зорлық ордасымен алысу дәрежесiне жеткiзу керек. "Шын ел қамқоры болған азамат қарызы осы екен-ау!" деп Абай өз iшiне үлкен бiр түйiн түйгендей болды.
Сонымен бiрге, ол қызығына қанып болмаған хикая бар. Михайловтан патшалықпен алысқан орыс ұлдарының тартыс, тағдырларын қайтадан сұрайды. Михайлов көп жылдан бергi айдауда алыс қияда жүрсе де, анық бiр кәрi шежiре, қарт бiлгiштей. Бүкiл Ресейде патшалыққа қарсы алысып жүрген күштердiң, адамдардың бәрiнiң жайын бастан-аяқ жақсы бiледi екен. Абайға көп адамдар жайын, iс-тартысын ерiнбестен ұзақ-ұзақ баян еттi. Бүгiнгi мәжiлiсте Абайдың өз досы туралы да жақсы аңғарған бiр жайы бар. Патшалықпен тартысушылар тобы әр алуан болса да, Михайлов олардың бәрiн бiрдей құптамайды. Өзi жалғыз кетiп, жырақ жүрiп, титығы құрып, алысқа қатынаса алмай отырса да, бұның барлық ынта-бейiлi, тiрлiк, тiрек үмiтi, өмiр сәулесi тек қана сол жақта сияқты. Және сол жақ, сол топ болғанда, бар иманы – денi Чернышевский жолында. Солай болса да, Абайдың өтiнiшi бойынша, патшалықпен алысқандардың хикаяларын айтады. Осы кездесулерде Абай Михайловтан, патшаға қарсылық ойдың Ресейде қашан туғанын сұрайтын. Досымен кездесуге оңай болсын деп, Абай бұл уақыттар ар жаққа шығып, Баймағамбет екеуi Кәрiмнiң үйiнде жатушы едi. Арал тоғайларын жас жапырақпен безендiрiп келе жатқан көктем шағында, кейде екi дос пәтерден шығып, су жағалайды. Тағы бiр күндер жел қайыққа мiнiп, Михайлов пәтерiнiң тұсындағы "полковник аралына" шығып, ұзақ әңгiме-дүкен құрып қайтады.
Михайловтың ендiгi әр кездесуде Абайға бiлдiретiн жаңалықтары бiрiнен бiрi қызық. Бiрiнен бiрi астам.
Абайдан төрт-ақ жас үлкен болса да, Михайловтың дәл өзi араласып, өзi жақын жерден көрiп, естiп шыққан уақиғаларының барлығы Абай үшiн шың мен шытырман ғаламаттар едi. Бұл – жазылмаған және Абай ойынша, жазылып бiтпестей, ғажайып дастан. " дастан деген сөз де – аз сөз. Үйткенi қай дастан болса да, бiр ердiң жайын мәлiм етедi. Мынада ер аса көп. Жапа жасаушы жауыз болса, о да мың жасаған сиқырлы сайқал зұлым. Әмiр-құдiрет, алтынды тон, сарала шен киген, безенiп тақта отырған жер құдайы патшалық".
Михайлов Абайдың сұрауымен патшалыққа қарсы күрестiң арғы түбiн айтады. Пушкин заманынан берi қарай келiп, Белинский, Герценге соғады. Чернышевский арқылы тағы көтерiлгенiн айтады. Патшаны жою жолындағы Каракозов оғын да айтты. Дарға асылып, Каракозов өлгенiн, одан да жаман тағдыр кешiп, серiктерi өлгенiн айтады. Қаракозовтың тобына басшылық еткен Ишютин тағы осы Сiбiрде қатты азап, жаза астында, сұмдық тағдыр кешiп кеп, жынданып өлiптi. Сiбiрдiң құдай ұрған бiр түкпiрiнде Ишютиннiң өлгенiне екi-ақ жыл болыпты. Патша күймеден түсе бергенде, дәл қасына келiп, атып тұрып тигiзе алмаған Қаракозовты Абай: "Неткен жолсыз сорлы едi" деген. Ол сегiзiншi апрельде дарға асылды. Ал артынан ұсталған немере ағасы, басшысы жаңағы Ишютин ерекше кәрге ұшыраған.
Патшалықтың Петербургте, Сiбiрде қандайлық кәрлi қара зындандары барын да Абай осы жолы бiлдi. Шлиссельбург зынданы, Алексеевский Равелин, Үркiтте – Александровский централ, бәрi де адамнан қан шығармай жан алатын, тұншықтырмай тынысын буатын.сұмдық тозақ орындары екенiн бiлген едi.
Өлтiрудiң ырымын жасап ойнау деген, Абай ойынша, адамға iстер зұлымдықтың, рақымсыздықтың ең бiр айуандық түрi. Жыртқыштық сыпаты сияқты.
Абайдың таңдануы Михайловтың екiншi әңгiмесiн естiгенде, әсiресе шектен асты. Мазақ жаза өзгенi қойып, қатардағы адам емес қауым ағасы, халық мақтаны болатын Чернышевскийдiң өзiне де iстелгенiн Михайлов баян етiп бердi. 1863 жылы 31 майда, Петербургте Мытнинский алаңында Чернышевскийдi халық алдында өрескел шарт жазаға салыпты. Михайлов осы жайды айтумен қатар, өзiнiң сол кездерде айдауға ең алғаш iлiнгенiн бiлдiрген едi. Бұл уақиға Михайлов ұсталған соң, екi жылдан соң болған екен.
Кейiн Абай Андреевке кездесiп, Михайловтың ерекше жан екендiгiн өзiнiң сүйсiнген көңiлiмен айтып келгенiнде, Андреев бұған Михайлов туралы тағы да бiр ерекше сырды айтқан.
– "Михайлов саналы ер. Азамат ары ерте оянған жан. Ол жиырма жасында-ақ өзiнiң мықты революционер екенiн танытып үлгiрген. Бұның үй-iшi, жақындары да тегiс сол жолда бастарын сарп еткен кiсiлер екен".
Мытнинский алаңында Михайлов айтқан уақиғаның бiр ерекше жайы Абайға жеткiзiлмептi. Оны Михайлов сыпайылық ретiнде Абайдан әдейi iрiккен сияқты. Екеу ара әңгiмесi сол уақиғаға соққанда, Андреев Абайдан:
– Чернышевскийдiң жазасы күнi Евгений Петрович өзiнiң апасы не iстегенiн айтты ма? – деп сұраған едi. Абай ол туралы еш нәрсе естiмеген едi. Андреев iшiнен "бәсе" дегендей, Михайловтың ұстамдылық тәрбиесiне сүйсiне түсiп, күлiп қойды.
– Ендеше, Чернышевскийдiң жазасы жарияланарда, айнала тұрған қалың топтың iшiнен жалғыз жас қыз шығып, бiр буда гүлдi Чернышевскийдiң аяғының астына лақтырып тастайды. "Қош, дос!" деп айғайлап тұрып, халық көңiлiн бiлдiредi. Айналада қақап тұрған патшалық әкiмдерi, жендеттерi, әскер жасақтары көзiнше, "менi көр" дегендей, батыл барып, бадырайып тұрып тастайды. "Сендер өлiмге бұйырсаң, халықтың барлық жас қауымы бұның басқан топырағын құрметтейдi" деген қимыл едi. Сөзсiз, мағынасы терең әрекет. Мiне, сол гүлдi Чернышевскийге тастаған қыз Мария Михайловна, дәл осы өзiңнiң Евгений Петровичыңның бiрге туған апасы болатын!
Абайдың бұл хабарды естiгенде, таңдануы өзгеше болды. Сол бүкiл Ресейге жалғыз дара боп шыққан жас қыз, бүгiнгi Абай досы Михайловтың туған апасы болып шыққаны хайран еттi.
Абай ендi есiне алып аңғарса, Михайлов өзiнiң iс қарекетiнен де " мен сүйтiп едiм!" деп бiр жайды ашып айтпаған екен. Ол халық үшiн алысқан қайрат-жiгердi айтса, соның бәрiн iстеушi бұның өзi емес, өзгелер болады. Өзi тек көптiң ғана бiрi сияқты. Оны да болымсыз ғана, елеусiз ғана бiр жай етiп айтады.
Ақбастан бөлiнiп, өз үйiне қарай кеткенде, Абайдың бұл күнгi ойын көп қадалтқан Михайловтың өз басы болатын.
Досының аңғаруы бойынша, Михайлов бар қабiлетi қалпымен өзi де бiр буынның толық кемел басшысы, аға азаматы болуға даусыз татитын сияқты. Ол құрметпен баян етiп берген: Каракозов, Желябов, Перовскаялар iстеген әрекеттер, Абай ұғымынша, Михайловтың өз қолынан да келердей. "Тiрлiк тағдыры, тартыс тағдыры талап етсе, Желябов та бола алар едi" деп ойлайды.
"Егер көбiнiң бiрi, атсыз, елеусiзiнiң бiрi Михайлов сияқты болғанда, бұл қауым қандай жетiскен қауым! Мынау халықтың бұл буыны қандайлық күшi мол, зiлi мол, қабырғалы, қайратты буын! Пiл сауырлы, мол сабырлы ерен қайрат жиып жатқан игiлiк күшi ғой", деп ойлады.
Абай ендiгi, келесi кездесуiнде Михайловтың өз сырын, өз iстерiн, неден айдалғанын анықтап сұрамаққа арнамақшы едi.
Келесi күнi ашық, жайлы сәскеде өзi үшiн дәрiс үйiндей болған, Ертiс жағасындағы аласа үйге Абай келiп, есiк қақты. Бұған есiк ашқан күтушi әйел, сөйлеуiк Домна шешей бiреуге ұрсып келедi екен. Есiк ашып, Абай екенiн танығанда қартаң әйел, үй иесi Михайловтың өзiнше, көңiлденiп қарсы алды.
– Абраим, бұл сен екенсiң ғой! Кел, кел! Досың сенi тосып отыр! – дедi де, соның артынан бiреуге тағы ұрсып жөнелдi.
– ...Мен тағы әлгi кәрi төбет қой деп едiм. Соңымнан қалмайды. Бiресе өзi айналдырады, басымды қатырады. "Сенiң мырзаң сицилист" дейдi. Үйiне кiм келедi? Өзi қайда барады? Немене iшiп, не жейдi?" деп бәрiн-бәрiн сұрайды, кәрi төбет. Ол ғана емес, соңымнан өзi қалмағанына қарамай, базарға барсам, қасапшы семiз қатын Коновалихаға тапсырып қойыпты. Ол да менен сұрау салады. Дәл әлгi кәрi төбеттiң сұйрайтынын сұрайды. " Әкемiз патшаны өлтiрген сицилисiң тағы кiмдi өлтiрем дейдi? Саған сырын айта ма? Сен қайтiп оның қолында қорықпай тұрасың?" деп сұрайды. Менен жасырын сыр бiлiп алмақ болады. Бәрiн iстеп жүрген әлгi кәрi төбет, көк төбет! – дейдi.
Домна өзiнiң ашулы әңгiмесiн Абайды ауыз бөлмеде тоқтатып ап, айтып тұр. Абай сыртқы жеңiл шапанын сол бөлмеде шешiп, Домнаның әңгiмесiн күле түсiп, қызығып тыңдайды. Адал көңiлдi, аңқау әйел үлкен қиын сырды айтып тұр. Ол ұрсып тұрған "кәрi төбеттi" де Абай бiледi. Онысы, осы околотканың қарт жандармы – Селантий. Оған құпия тапсырылған, Михайловты аңду, тыңшылық ету iсiн олақ полицей, сөлекеттiкпен жүргiзедi. Домнадан сыр тартам десе, қырық күннен берi осы пәтердi бақса, Михайлов та оның әрбiр қыбыр-қимылына шейiн, сыбыр-өсегiне шейiн бiлiп отыратын. Қарт жандармның Домнаны не деп айналдырғанын, бұның оған берген жауабын Михайлов әрдайым қызығып тыңдап, тек қана күле беретiн. Осы, оқ өтпестей, кәр жетпес, еркiн күлкiсiнiң өзi Домнаға Михайловты өзге жаннан артық көрсетедi. Қазiр де Домна Селантийдi жамандап тұрғанда, Михайлов қонақ үйдiң есiгiнiң алдына кеп, Абайға үнсiз бас иiп, Домнаның әңгiмесiн қоса тыңдап тұр. Абай ақ көңiл кемпiрге үлкен iлтипатпен қарап:
– Домнушка, бүгiн Селантий сiздi күндегiден де ашуландырған тәрiздi. Әлде, жаңада тағы кездесiп пе едiңiз? – деп едi.
– Ендi не?
– Өзiн көрдiң бе?
– Өзiн емес, жаңа мынау көршi қатын Сидориханы көрдiм. Ертiске кiр шайқауға барсам, о да шелегiмен судың жағасына келiп ап, менен тағы да сол Селантий сұратқан жаман сөздерiн сұрайды. Өңшең қуарған, ұятсыз, өсекшi суайттар! – деп алып, Домна ендi Михайлов пен Абайдың екеуiне бiрдей тың әңгiмесiн қозғап тұр. Абайға қарап, мықынын таянып апты.
– Евгений Петрович емес, олар тiптi сенi де сұрайды. Анау киргизiң сендерге неге келе бередi? Сенiң сицилисiң ендi киргиздарға да өзiнiң антихристық өсиетiн таратқалы жүр ме? – дейдi. Түнде көп отырады. Хатты көп жаза ма? Әлде тағы бiр жердi талқандайтын бомбы жасап жата ма? Деп те оттайды. Кiрдi алып келе жатсам, жолда көк төбеттiң өзi тұр. "Саған ақшаны көп бередi ғой, сырын айтпа деп алдайды ғой. Сен құдайға сенетiн, құдай үйiне барып жүретiн момын кемпiрсiң. Саған обал емес пе? Дiнге, құдайға, әкемiз патшаға қарсы жаман адамды қорғайсың сен. Оның сырын жасырасың. Бұның орнына, түнде не iстейтiнiн есiктен сығалап көрсеңшi. Ондай кiсi ұйықтап жатқанда, түсiнде де жаманшылықты көрiп, патшаға қарсы тағы әлдебiр, жаман сөз сөйлеп жататын болар. Сондағы сөзiн ұғып алсаңшы, маған айтсаңшы" дейдi. Мен: Қатының бар, балаң бар, өзiң қартайып қалдың. Өсекшi қатынша жаман сөз жиғанша, құдайға тәубе қылсаңшы! Тек жүрген адамға жаманшылық ойлағанша өлсеңшi! Адал еңбекпен күн көрмей, аңшының итiндей иiскелеп, тiмiскiлеп жүресiң! Сенi де балаларың "әкем бар" дей ме, қатының "байым бар" дей ме? Тьфу, ұят, масқара! Сендей байым болғанша байсыз өлгенiм артық, – деймiн. Соған қарсы маған жаңа тағы бiр қайла тауыпты, қуарған маскүнем. "Ертең пасхада шеркеуде" духқа барасың ғой. Сонда сенiң жаман адамға жәрдемшi боп жасырып жүргенiңдi, отец Киприян да сұрайды. Айтпағаныңды көрермiн. Онда жасырсаң, сенiң бетiңе бүкiл християн қауымы түкiретiн болады. Сенiң жүрген жерiң жаман. Кәрi жаныңды қоятын жер таппайтын кемпiрсiң сен. Өзiң де бұзық кемпiрсiң. Сицилистке не керек? Ол өзiнiң үйренген катргiсiне сенi тастайды да кете барады. Сонда қалаға сыймай, қаңғып қалатын сен боласың!"– дейдi. Көрдiң бе ол кәрi иттi! – деп әлi күнге бұның сөзiн үнсiз тыңдап тұрған Михайловқа қарай түседi.
Домна Фадеевна кәрi аяқтарын асықпай ырғала басып, iшкi үйлер жаққа кеттi. Михайлов Домнаның соңғы хабарына аз қынжылғандай, тамағын кеней түстi. Қою қастары жыбырлап қозғалып, бiраз үнсiз, арлы-берлi жүрдi де, артынан тез өзгердi. Өзiнiң дағдылы көңiлдi күйiне ауысып, Абайдың қасына, диванға кеп отырды.
Бұның қазiргi кейпiне, Абайдың бүгiнгi мәжiлiсте сұраймын деп келген сөзi керек сияқты. Абай сол сөзiн бастады.
– Осы күнге шейiн мен сiзден анықтап сұрап бiлмеппiн, Евгений Петрович. Өзiңiздiң патшалық жазасына кiрiптар болған жайыңызды менiң бiлуiме бола ма? – деп сұрағанда, Михайлов өз басынан кешкен бiр халдi айтты.
Ол Петербург университетiнiң студентi боп жүрiп, өзiнiң жездесi Шелгунов пен Черныщевский үгiтiнде болады екен. Жас студенттердi бастап үлкен бiр ереуiлге қатысыпты. Сол үшiн ұсталып жабылғанын қысқа айтып келiп, ақыры бiр жолдасымен Петрозаводск шаhарiне ең алғаш тайдырылғанын айтты. Сонда бiр жыл тұрған соң, Петербургтегi басшы адамдармен жолдастарының кеңесi бойынша, патшаның атына екi студент арыз жазады екен. Сол арыздың арты не болғанын Сiбiрге айдалып келген соң, кейiндеп қана барып Михайлов естiптi. Патша Петергофта, жазғы сарайға барып тынығып жатқанда, белгiлi бiр генералдың көзiнше, осы екi студенттiң арызын оқыпты. Сол генерал айтуынша, патша бұлар арызының бiрiншi бетiн оқып аяқтап келе жатқанда: "Әлi жас, әлi түгел бұзылып болмаған адамдар болар. Жылдан артық жаза шегiптi. Қайтарса да болар ма едi, өкiнер де түзелер!" деп, бұлар халiне кешiрiм шырайын көрсете бастағандай екен. Бiрақ арыздың екiншi бетiн аударып қалса, дәл аяқтай берген жерде, жазудың аяғында, қағазға тамып кеткен сия бар екен. Соны арызшының бiреуi тiлiмен жалап, қағаз бетiн былғап қойыпты. Патша соған көзi түскенде ашуланып кетiп, арызды лақтырып тастап: "Бұларға қайтуға болмайды. Ары қарай қуа түсу керек, кете барсын!" дептi. Сүйтiп қалам ұшынан оқыс тамып кеткен сия ұлы дегдар мырзаның көзiне үлкен бiр қарсылық ереуiлдей көрiнiптi. Михайловтардың басына бұрынғыдан қатты кәр жұмсапты. Михайлов Абайға өз өмiрiнiң сырынан, iстерiнен бөлiп алып, осындай бiр күлкi, сәтсiз халiн айтты. Оны да кең сабырмен, өткiр бiр ажуа мысқыл жүзiмен мәлiм еттi.
Осымен қатар, көптен берi ешкiмге айтылмаған арман тәрiздi бiр күйiн де Михайлов Абайға ең алғаш ашқан едi.
– Мiнi, Ибрагим Кунанбаевич, менi мұндағы жандарм чиновниктерi екiншi патшаны тағы да өлтiргелi жатқан немесе осындағы губернатор үйiнiң астынан ор қазып жатқан кiсiдей көредi. Мүмкiн, көктей ормағанда менен де бiр өзгеше әрекет шығар едi. Бұдан жиырма жыл бұрын менiмен буындас болған орыс жастарының тәрбиесi мен талабы өр едi. Ол өрт шығарарлықтай қайсар күш болатын. Бiз соған қарай ұрынғалы келе жатыр едiк. Сол бетiмде тым құрса тағы бiр бес жылдай Петербургте боп, университет бiтiрiп үлгiрсем, кешегi Желябовтар өлтiрген патшаны арызыммен ғана үркiтпес едiм. Одан гөрi ел есiнде қалатын бiр қимылмен күйiндiрсем керек едi. Тобымызды талқан еттi. Өзiм босам, дауыл қуған қаңбақ есептi боп, жалғыз кеттiм. Бәрiмiз де шашырап, шашылып кеттiк. Рас, бiз кеткенмен қарсылық қуаты азаймаған екен. Оның өсе түсiп, патшалыққа өшiге түскенiн кешегi бiрiншi март шет жағалап көрсетiп отыр. Бiрақ мен босам – сол кекшiл топтың ортасында бола алмадым. Көп наразының алыста жатқан бiрi болдым. Бұлай болмасам керек едi. Сiз менi әлдеқандай дейсiз. Россиядағы қоғамдық ойдың, революциялық тартыстың бас азаматындай көресiз. Ол достық, жақсы достық ойыңыздан ғой. Ал мен, шынында, қатардағының ғана бiрiмiн! – дедi.
Абайдың бұл тұстағы өз ойы өзгерек едi. Ол Михайлов үшiн оқшауырақ бiр жайдан бастады.
– Орыстың қауымы, бұл заманғы қауымы, ырысты екен. Рас, ғазабы аз демеймiн. Сор бейнетi де мол. Бiрақ сонымен қатар, туып келе жатқан таңы жақын, түнi серпiлiп бара жатқан ел көргендей боламын! – дедi.
– Нелiктен бұлай дедiңiз? Қандай себептерден бұлай жорамал жасап отырсыз?
– Жылатушы көп болса, уатушысы, жұбатушысы да мол болған ел сорлы бола ма? Мол дейтiнiм, жаңағы сiздiң "көптiң бiрiмiн" деген сөзiңiзден туып отыр. Егер ел үшiн қамығатын, қарысатын күштiң қатардағы ғана бiрi сiз болғанда, Евгений Петрович, бұл жақтың тұтасқан күшi қандай болмақ? Ол күштiң бiрi патшаны өлтiрiп отырғанын қомсынып сөйлейсiз. Қанат жайған күнi, тұтасқан қимылға басқан күнi iстер iсi не болмақ! Жылаған елдiң анық жарық, жаңа дәуренi болмақ та. Орыс елi ырысты дегенiм сол едi! – дедi. Осы әңгiмесiн аяқтай келе, аз бөгеле отырып:
– Ырысы жоқ сорлы ел, орыс емес бiз-дағы. Менiң елiм. Қалың көрпе астында, қалың қараңғылық iшiнде жатқан қазақ елi! – деп тоқтады.
Бұл жай Абай мен оның досының екi арасында әрдайым ұзақ созылатын кеңестiң үлкен бiр түйiнi болатын. Бүгiн де әңгiме осыған ауысқанда, Михайлов өзiн өлкенiң келешегi үшiн терең ойлар ойлайтын, ұзақ ойланатын адам етiп көрсеттi.
Оның ойынша "қазақ елiнiң алдында тұрған бiр жақсылық, бiр жаманшылық бар. Жаманшылығынан құтылу қиын. Жақсылығына жету қиын. Жаманшылық – бұл өлкелердегi ұлық, чиновниктер жемнен, шеннен басқаны аңғармайтын керең, меңiреулер. Жақсылық – орыстың өнерi. Бiрақ оның қазiргi қазақ қауымына бар сыры, бар түрi жұмбақ. Бүгiнгi қазақ, орыс дегенде – Селантий, Сергейлердей, Тентек-ояздай өгей күштi ғана бiледi. Бiрақ Абай танып, бiлiп келе жатыр ғой. Орыстың елдiгiнде, оның ар жағында жатқан мүлде бөлек сыр бар. Ол ғажайып, қадiрлi дүние. Орыста, бұл күнде, дүние есептесетiн ғылым бар. Орыста дүние жұрты оқитын кiтап бар. Халықтың шын қасиетiн, шын елдiгiн танытқан, дүниеге танытқан асқар ойлы, даналар бар. Соның бәрi бүгiнгi қазақ қауымына бөтен, алыс, жат болып жатыр. Екi-ақ түрлi шара бар. Қараңғы елдiң Абайдай ерте оянған жалғыздары, өзiне серiктi, сол орыстың қазынасынан таппақ, алмақ керек". Михайлов Чернышевский жайын айтқанда, Абай бiр сөздi көп сұраушы едi. Онысы:
– Бiздiң қазақ сияқты елге, сол елдiң ояна бастаған азаматына, Чернышевский осы арада болса, не мәслихат айтар едi? Қандай бет нұсқап, жол көрсетер едi? Осы туралы не ойлайсыз? – деп сұрайтын.
Бүгiн Михайлов осы жөндi де өзiнше ойлап, шешкендей екен. Абайға қарап айтпаса да, ол осындай елдiң оянушысына, ойлы азаматына жалғыз жол не екенiн атап сөйледi. Талай мәжiлiстiң соңында бүгiн нақтылы, дәл мәслихат айтты.
– Ибрагим Кунанбаеч? Бар өмiрге бiр-ақ сауда жоқ. Алдағының бәрiн өзiң үшiн де, қаруым үшiн де түгел шешiп, кесiп қою мүмкiн емес. Сiз маған қазақтың жақсы бiр мақалын айтқансыз. "Жол анасы iз" деп едiңiз. Әрдайым бiреу бастайды, көп қостайды. Бiр ұрықтан жүздеген дән өрбидi. Осыны ойлап, бiздiң қауымның бiр тобы осы күнде жақсы бiр нақыл айтады. " ұшқыннан жалын қаулайды " дейдi. Осыны жадыңызда тұту керек. Дәл сiз үшiн қазiр мен екi нәрсе айтар едiм: бiрiншi – қазақтың жас буыны үшiн, мысалға алғанда дәл сiздiң өз балаңыздан бастасақ, "оқу, оқу, оқу!" дер едiм. Орысша оқу! Екiншi – оқыған мен бiлгендi халыққа жаю. Қараңғы сахараға бiр шам болса да, жалғыз қолда жалғыз ғана бiр шырақ болса да, өз бiлгенiңiздi апаруға, танытуға керек. Сол таныту үстiнде бүгiнгi қоғам бойындағы неше алуан дерттi әшкерелеп, шенеп, масқаралап алып отыру керек. Сыншы ой керек! Сiздiң халық менiң аңғаруымша – ақын халық. Қай жолмен екенiн бiлмеймiн, мен солардың домбырасына, өлең-жырына, халықтың жоғын жоқтатар ем. Халық басындағы ауыртпалықты масқаралайтын және өнерлi оқуды мадақтайтын жаңа күйлер кiргiзер ем. Сiздiң халық шешен сөздi сүйедi. Мына Семипалаттың мешiттерiндегi имамдар оқитын үгiт-өсиет сөздерден, жаңағы жырларды әлдеқашан бұрын ұғып, бұрын сүйер едi. Аңғарсаңыз керек, орыс халқына, осы бiздiң бәрiмiздi, қауым қайғысын ойлауға үгiттеп өсiрген – орыстың ақындары болатын. Рас, олар кiтаппен сөзiн жайды. Сiздерде бұл күнде кiтап та жоқ. Бiрақ мен ол үшiн қысылмас едiм. Қалай айтылса да, халық құлағына оның қамын жеген сөз жетсiн. Соның өзi аңғартады. Соның өзi оятады. Әрине! – деп, әңгiмесiнiң аяғында Михайлов күле түсiп, Абайды санынан қағып, қалжың айтқандай ажар көрсеттi.
– Чернышевскийдiң өзiне тiлдессеңiз, сiз оның менен гөрi көбiрек мәслихат айтқанын естiр едiңiз. Мен: сiз қанағаттанарлық жауап айттым, жол таптым демеймiн. Қайта Чернышевский көзiмен қарағанда, жай басатын шабан жолды айтып отыруым да мүмкiн. Сiздiң елдiң тарихы, өзге өнерлi елдер тарихынан кейiн қалғандықтан, соны айтып отырған болармын, – дедi.
Абай бұның ойын өзiнше ұғынды.
– Мен түсiндiм, Евгений Петрович. Қыстың мұзы ерiп, тоңы жiбiмеген жерге еккен дән өспейдi. Чернышевскийдiң кейбiр ойларын мұнда ұрық етiп көмуге болмайды дейсiз ғой.
Михайлов Абай ойының сергек сезiмталдығына қатты сүйсiндi.
– "Қайраулы қара балтаны шығар" деген Чернышевский жол табуға жәрдемшi. Осы үгiттi мен сiзге айтып ем ғой. Бiрақ, көресiз бе мiнеки, Ибрагим Кунанбаевич, мен қазiр жаңағы сiздiң тура қойған сұрауыңызға жауап та айта алмай отырмын. Сiздiң халық алысу жолында не әрекет ету керек екенiн жете бiлмегендiктен, жеткiзiп айта алмадым. Тек әзiргi заманда, жаңағы екi-үш түрлi шаралар, ең бiрiншi қадам екенiн Чернышевскийдiң өзi де терiс демес.
Абай көңiлiне Михайловтың бұл әңгiмесi дәл өз iшiнен шыққан сөздердей боп сезiлдi. Аса иландырып, бас идiрдi. Осы әңгiменiң аяғында Михайлов Абайдың ауылда оқып жүрген балалары турасында көп сұрасқан едi. Мұсылманша оқуы жеткен Әбiш, Мағаштай ұлдары барын, Күлбадандай қызы барын айта кеп, Абай соларды орысша оқуға беру туралы өзi ойланып жүрген ойларын айтты. Ендi бiраз отырыста, Абай Михайловтан сол балаларды қайда беру, қалай бастап оқыту туралы ақыл сұрады.
Михайлов:
– Аз жылдар iшiнде балаларыңыз орыстың тiлiн, орыс үйiнде тұрып оқып, жақсы бiлiп кетедi. Халық пен халықты, адам мен адамды теңдiк дәрежесiне жеткiзетiн қасиет – бiлiм. Тек чиновник болам, ұлық болам дееп оқымасын. "Халқым жiберген алғашқы баршымын" деп, "өзiм үшiн оқимын, елiм үшiн өсемiн" деп оқысын! – дедi.
Абай өзiнiң Әбiштей, Мағаштай аса талапты шәкiрт балаларын көз алдына келтiрдi. Солардың дәл осы Михайловтай жаңа сапалы адам болғанын көрiп отырғандай. Олардың да үстiндегi киiмi қазақы, тобықты үлгiсi емес, шаhар үлгiсiнде. Көздерiнде көзiлдiрiк, биiк үстелiнде үйiлген кiтап. Қалың томдарға үңiлген оқымыстыны, халық қамқорын, жаңа төлдiң басшысын көредi. Қазақтың жаңғырған қауымының жоғын қуған, сағымды келешегi бар балаларын көргендей болады. "Сол өмiрдi көрсем-ау! Мен жолды сендерге бердiм, бiрақ өкiнбей кеттiм өмiрден, дей аларлық болсам, армансыз әке мен болар едiм-ау!" деп, бiрталай жерге қиялдап кеттi.
Михайловтың Абай қиялына үлкен нәр берген мәжiлiсiн, жаңа келген қонақ ерiксiз бұзды. Ол Абай мен Михайловтың күнде көрiсiп жүретiн белгiлi досы – Андреев болатын.
Андреев бұл жолы Михайловтың көңiлiн көлденең әңгiмемен алаң етпек. Және Абайға да бiлдiру қажет деп Ояз кеңсесiнен естiп шыққан Тобықты елiнiң хабарларын айтып келдi. Бұл күнде Ояз кеңсесi, мировой судья кеңсесi, одан қала берсе, жандарал кеңсесi де, Тобықты iшiнен түсiп жатқан сансыз көп пiргауар, арыз, шағым, акт дегендерге толы екен. Жүздеген кiсiлердiң, таңбаларын қойғызып, немесе бармақтарын басқызып, бiреулердi "жер өртедi" деп, бiреулердi "ауыл шапты" дейдi. Тағы бiреулердi "кiсi өлтiрдi", "буаз қатынның баласын тастатты" деп, үнемi жалалап жатыр екен. Андреев осы хабарды бiлдiре отырып, Абайға сөз қатты.
– Ибрагим, сiз бұл күндегi Тобықты болыстарының iстерiн бiлмейтiн боларсыз. Түсiп жатқан арыздар, мен бiлген киргиз болыстары болса, сiздiң жақта жаңада басталған қатты бiр араздықты бiлдiредi. Әлде, биыл сайлау болмақшы ғой, соның алдында управительдiкке таласу басталды ма? Қалай да ел iшi қатты ойран болып бүлiнiп жатқанға ұқсайды! – дедi.
Михайлов соңғы жылдарда жандарал кеңсесiнде iстеу үстiнде, қазақ болыстарынан түсетiн кейбiр арыздардың өрескел жалақор, қатты шағым болатынын бiлетiн-дi. Бiр әңгiмелерде Абайға:
– Патшалық заңы киргиз сахарасын қатты аздырып барады екен. Бiр жағы – пара. Екiншi жағынан – Россия заңының киргиз салтына, әдет-заңына үйлеспейтiнi бар. Үшiншi жағынан – халық пен ұлық арасында бiтiмсiз, сенiмсiз, үнсiз қастық бар. Бiрiнен бiрi жиренiп жатырқау бар. Осының бәрiнiң себебiнен киргиз халқы заң алдында, қағаз жүзiнде өтiрiк айтуға оңай барады. Бiреудi жалғанмен жалалауды ұят та, терiс те көрмейтiн боп кеткен. Олақ әкiм, өрескел әкiмшiлiктiң бұзып үлгiргенi! – дейтiн.
Осындай оймен халықты аяйтын да, әкiмшiлiктi үнемi масқара қып, мазақтап отыратын. Жаңағы Андреев айтқан хабарды естумен қатар:
– Шағым болыс туралы ма, жоқ болыс атынан жазылған жай адамдар турасында ма? – деп сұрады.
– Шағымның барлығы болыстардың үстiнен! – деп Андреев мысқылдап жымиды да, – ұмытпасам, осы болыстардың барлығын Лосовскиймен бiрге ерiп шығып: "Халыққа жайлы, дос адамдар болады" деп, Ибрагим, сiз сайлатып едiңiз ғой! – деп күлiп қойды. Приговор берушiлердiң тағы бiр тобы бар. Олар – шын қорлық көрушiлер. Ылғи жатақ, кедейлер. Солардың бiраз жоқшылары маған келiп:"iсiмiздi ал, болыстар iстеген зорлық, қиянаттар туралы сөзiмдi жеткiз, есемiздi әпер" деп, iстерiн де бергелi жүр! – дедi.
Абай болыстар жағынан түскен де пiргауар бар екенiн бiлiп, олардың кiмдi қалайтынын сұрап едi. Андреев кiсi аттарын жадында тұтпаған екен, айта алмады. Бiрақ, өздерiнiң үстiнен арыз берген жатақтарды: "ұры деп ұстатып, абақтыға жапқызу керек" деп, пiргауар түсiрiп жатқан бiрнеше iстер барын бiлдiрдi. Михайлов ендiгi әңгiменi өзiнше қорытты.
– Бұлай болғанда, Ибрагим Кунанбаевич сайлаған, "халыққа жақсы қызмет етедi" деген управительдер қызмет етiп жатыр. Бiрақ халық үшiн емес, өздерiнiң тағы управитель боп қалуы үшiн сайлаушылардың даусын алудың қызметiн етiп жатыр ғой.
– Рас, бұл управительдерiңiз ақымақ емес, олар сiздi бiр алдап болыс болып алған да, сiзбенен есебi бiткен. Ендi болса, сiзбен тату болғаннан да губернатор, Оязға жақсы көрiну артығырақ, қымбаттырақ екенiн де ұғынған. Қамқоры мұндай болғанда, әрине халықтың көрер күнi қуаныш болмас. Және бұндай болыстар көп те жасайды. Сырларын бiлетiн сiздi сондай алдап отырғанда, халықты қалай алдамасын. Аз ұлық болса, ол өтiрiк бiлмегенсiп отырады, оған осындай болыстар керек. Осы iстер керек. Ол алдана ма, алданбай әдейi iстей ме, бәрi-бiр, ұлықтан шығып жатқан шығын жоқ! – дедi.
Андреев күле түсiп:
– Ұлықтан неге шығын шығады? Ол қиналған боп отырып, ашуланған боп отырып, асай түседi параны. Тыныш елден тиын да түспейдi. Тынышы кеткен елден сыйын да алады. Оның бүлiгiн басып, түзеген боп, чинiн де алады! – дедi.
Абай ана бiр жыл "ел қамқоры болар" деп, "ұятты, арлы болар" деп, өзi сайлатқан бiрнеше болыстар үшiн қазiр намыстанып та, қысылып қалды. Осы болыстардың iшiнде бiр болыс, Абайдың өзiмен бiр туысқан Ысқақ едi. Ол жаманшылықты Абайдың дәл өзiнiң қойны мен қонышынан шығарып отырғандай көрiндi.
Ендiгi мәжiлiске Абай бой жазып араласа алмады. Өз ұятымен қатты түйiлiп қап, толғанып отырып, күрсiндi де, қоштасып шығып кеттi.
2
Ералыдағы жатақтарға қаладан қайтып келе жатқан Абай мен Баймағамбет кеше кешке келген едi. Көп үйлi жиi қонған, кедей ауылдың орта тұсында тұрған қоңыр үй сыртында Абай мен Баймағамбет мiнiп келген трашпенкенiң дертесi қайырулы тұр. Қоңыр үйде жұрт таңертеңгi шайды жаңа iшiп болған. Үй иесi бурыл сақал Дәркембай, омырауы ашық көне көйлектiң сыртынан жұпыны шекпенiн жамылып, жалаң аяқ малдасын құрып, Абаймен әңгiмелесiп отыр. Сиыр мүйiз сары шақшадан алақанына салып алған насыбайын танауына оқта-текте шекiп атады. Қонағына, қазiргi отырған мәжiлiсiне көңiлi жай. Кейiстен қабағы жадырап, өзiне сүйiктi адамға дәм татқызып, қонақжай болғанына үлкен шүкiрана, ырзалығы бар сияқты. Шай ыдыстарын шайып, сүртiп, жинастырып жүрген ашаң жүздi қартаң әйел Сарқыт та өз үйiне Абайдың қонғанын ырзалықпен қабылдаған сияқты.
Күйеуi мен Абайдың әңгiме арасында әзiл қатысқан күлiскен сөздерi болса, ұдайы құлақ түрiп, ажымды қабағы ашыла түсiп, жақсы тыңдайды. Өзi де күле қостайды. Төрден есiкке дейiн шашылып жатқан кәмпит қағаздары көрiнедi. Дәркембайдың он жасар кенже баласын да осы үйдiң өз базаршысы келгендей, мәз-мәйрам етiптi. Дәркембай Абайдан қала әңгiмесiне түн бойы қанған сияқты.
– Елдiң осындағы атқа мiнген ақсақал, қарасақалын тыңдағаннан басқа бiз не көрдiк. Қазақтың жақсы дегенi сөз сөйлесе, бiреуге өткiзген әмiр-құдiретiн, күшiн айтады. Бiреу, сұм-сұрқия қулығын, айласын айтады. Бiздей кедей-кепшiктi тыңдасаң, жоқ-жiтiгiн, мұңын айтады. Сенiң кешеден бергi, анау патшаны өлтiрген, ел үшiн жанын отқа салған азаматтар туралы айтқан сөзiң менiң көңiлiме әсiресе қонады-ау, Абай. "Тұзы сор, еңбегi еш қара халықты ойлайтындар бар. Солардың мұңын мұң етiп, жанын отқа салып, көпке келер жақсылықты ойлайтын азамат бар. Ел оянса, ырысқа жетсе, солардың жолы болған.күнi жетедi" дейсiң. Бұл айтқаның, осы мынау тiрсегi қиылған бөлтiрiктей боп Ералыда шоңқайып отырып қалған көп жатақтың да сойыл соғары ғой. Жоқшысы ғой! – деп, бiраз насыбайын шекiп, ойланып отыр. Кешеден бергi Абайдан ұққан сөзiнiң бәрiн жиып кеп, жүйрiк тiлмен түйдi.
– Е-е-е! Күштiлер ненi айтады? Күшсiзге еткен зорлығын айтады. Күшсiз ненi айтады? Күштiден көрген қорлығын айтады! – деп топшылағанда, Абай Дәркембай ойының сергектiгiне таңдана қарады.
– Бәрекелде! Кешеден бергi кеңесiмiз өзiңе сондай бiр жақсы түйiн түйгiздi- ау. Мынауың бiр мақал болатын сөз ғой. Ақыл – малға бөккен бай-бағланда емес, азаппен сор кешкен жаралы, жарлы ойлыда десеңшi! – дедi.
Дәркембай өзiн мақтаған Абай сөзiне сабырмен ғана күлдi де:
– Менi ақылды етiп, халықтың ағасы етесiң бе? Кедейдiң шешенi болса, "судан шыққан судырақмет" дейдi. Қу таңдай тақылдады да бiттi дейдi. Ақылсыз болса, "жарлының жарым есi" дейдi. Тiлi болса "бұның сөз не теңi?" деп және мысқыл етедi. Сөз әперген есенi көрген жоқпын ғой, Абай! – деп, Дәркембай өзiнiң ендiгi айтайын деген мұңына қарай басты.
Кешеден берi Абайдың келгенiне сүйсiнiп отырғанда Дәркембайдың бұған шақпақ үлкен мұңдары болатын. Оның кейбiрi өзiнiкi болса, тағы бiр алуандары осы арадағы көршi-қолаң, кем-кетiктердiң мұңы.
Қаладан шаршап келдi деп, түн бойы Абайға өздерiнiң шаруаларын, шағымдарын әдейi айтпай iркiлген Дәркембай әңгiменi Абайдың аттанар кезiне әдейi қалдырған болатын. Қазiр бұл үйге бiрен-саран көршiлер де кiрген едi. Ол Абайға белгiлi: Дәндiбай, Еренай және осылар құралпас, Көтiбақ iшiнен жатақ қалған Қареке болатын. Қазiр Абай қасына қырық-елу үйлi жатақтың төрт-бес шалы әдейiлеп iрiктелiп келiп отыр екен. Жаңа келген қарттардың барлығынан, Абай егiндi қалай салғанын, қазiргi iшiп-жемi, күй-жайлары қалай екенiн жеке-жеке сұрастырды.
– Миялы-байғабыл жатағы, егiндiк жерлерiң тәуiр едi. Өндiрiп егiн салғаның кiм болды? – деп әуелi Дәндiбайдан сұрады.
Дәндiбай, "өндiрiп" деген Абай сөзiн қайталап, күлдi де:
– Шырағым, Абай-ау! Өндiретiн бiз бе едiк? Бұ енеңдi... Итке мiнiп, ирекпен қамшылаған.қырсық шалған күнде, құдайдың берейiн деп тұрғанын да ала алмайтын мешеулiк бар емес пе? Сол Миялы-байғабылында отырған ұзын саны жиырма үйдiң жиыны жиырма жер егiн салмаған соң, несiн мақтан етейiн.
– Салғаның шығатын ба? Егiн тарпы биыл қалай болатын? Азының да береке сi бар ғой! – деп Абай сұрағанда, Дәндiбай, Дәркембай, Еренай үшеуi қатар үн қатысты.
– Береке деймiсiң.
– Берекенi бұйыртса жарайды ғой
– Береке iздеп әрекеге соғамыз ба!? – десiп үшеуi қатар, күдiкпен мұңдарын сездiрдi.
– О не дегендерiң? – деп, Абай Дәркембайға қарағанда, үй иесi бағанадан айтпақ болған мұңының бiреуiн бастады.
– Былтыр "берекенi көктен тiлеме, еткен еңбектен тiле" деген бiр сөзiң есiмде қапты. Тiледiк те еңбек еттiк. Еңбегiмiзге орай, былтыр бәрiмiздiң де астығымыз Шолпанға, Кiндiктiге, Миялы-Байғабылға да жақсы шығып едi. Соның арты не болды. Дәл былтыр осы Ералы да болған, өзiң көрген жанжал сайлаудың артынан бiз тұралап қалған жоқ па едiк...
– Балтамтаптың аяғы Бүрлiбайдан тарқамады ма?
– "Жаман, жыртық лашығыңа жоқшы болам деп, Оязбен шатақты шығарып қырсық жасаған сендерсiң"– деп Тәкежан, Майбасарлар, қырсығын әкеп бiздiң былтырғы егiнiмiзге тигiзбедi ме? Береке деген со ма? Жайқалып тұрған егiнiмiз ендi пiсiп, ендi орақ саламыз дегенде, бiр түнде, бес ауылдың жылқысы қаптап, тып-типыл қып кеттi ғой! – дедi Еренай. Ол Дәркембайдың сөзiн бөлген бойында, былтырдан Абайға мәлiм болған аса бiр арманды арызын айтып кеттi.
Абай бұл сөздiң төркiнiн бiлушi едi. Былтыр болыстықтан түсiп қалған Тәкежан және осы жатақтар егiн салған қоныс-өрiстердi күзек ететiн Ырғызбай, Көтiбақтар бұл елдiң егiнiн әдейi қырсық жасап, жегiзiп қойған. Мезгiлiнде Абай, осылардың егiнiн жеген ауылдардың бәрiмен қатты ұстасып, көп айтысып дауласқан болатын. Бiр топ бай ауылдардан Асылбек болыс арқылы осы Еренай, Дәндiбай, Қарекелерге мал кескiзiп берген-дi.
Бiрақ қазiргi ақсақалдардың жиылып кеп Абайға айтып отырғаны, тағы сондағы мұң болатын. Себебi мал кесiлгенмен, жуан ауылдар бұлардың ақысын бермей кеткен. Осылардың адал ақысын әлi күнге бермеген зорлықтың жөнiн Абай ендi бiлдi. Дәркембай осы күйдi айта отырып, жақында, Арқатта, Сыбан мен Тобықты, Уақ арасында болғалы жатқан сиязды айтты. Абайға бұлардың ақылдасқаны – "көп елдiң арасынан күш құрап, көлiк қамдап, адал ақыларын жоқтап баратын кiсi шығарса, сол барып арыз айтар iс болар ма едi?" Осыны сұрайды.
Абай бұл сөзге жауап бермей тұрып, тағы қандай көрген көресi, мұңдары барын сұрастырды.
– Биылғы көктемдегi егiстерiңе тигiзген залалдары болды ма? Немесе егiн салып, бейнет кешiп жатқан шақтарыңда көлiк берiп, ат майы дегендi берiп, қарайласқан ағайын болды ма? – деп сұрап едi.
Қарттар Абайдың бұл сөзiне де күлдi. Қареке кеңкiлдеп, кекеткендей, кесек үн қатып:
– Ойбай, сығыр-ай, не деп отыр? Бергенге бередi. Берер түгi жоқ өңшең ыңыршаққа қандай орайы қайтады деп бередi! – дедi.
– Бергендi айтасың, тап осы Қарекенiң егiнiне, жаңа көктеп келе жатқанда, тағы жылқысын түнде жайып кеткен жоқ па, ол ағайын болмысың!
– Онысы ол ма, ат бермек түгiл, өзiмiздiң бiр-бiр шолағымызды тағы қағып кеткенiн айтпайсыңдар ма! – деп, Еренай мен Дәркембай жаңада көрген тың бiр өктемдiк зорлықтың бетiн аша бастады.
Бұл соңғы сөздiң жайын қалада ұзақ жүрген Абай естiген жоқ едi. Соны сұрай бастағанда Дәркембай тағы бiр ауыр қиянаттың бетiн ашты. Бұның ұзақ әңгiмесiнде, Абайды қатты қысылтып ұялтатын да сыр бар.
...Жатақтар былтырғы ала алмаған ақысын биыл қайта сөз қылғанда, көктемде осы өңiрлерге көшiп келген Тәкежан, Майбасар, Күнту, Байсал аулы, Қаратай аулы сияқты жуан ауылдар ашу шақырып, зiл көрсетiптi. Соның салдары болу керек, – егiн жаңа қылтанақ берiп келе жатқанда, жаңағы ауылдар өздерiнiң тұс-тұсындағы осы отырған жатақтардың көбiнiң егiндерiн жылқысына таптатып, қатты зияндап кетiптi. Еңбегi үшiн жаны күйген жатақтар арлы-берлi аласұрып шабуылдап, әркiмге шағып көрген екен. Түк шығара алмапты.
"Обал ғой, адал ақысы ғой, табан ақы-маңдай терi ғой, бұларды жылатпау керек қой" деген сөздi айтқан бiрен-сарандар болса да жуан ауылдардың өкпе, наразылығынан өздерi жасқанып болыспапты. Жанашыр сөздерi өз үйлерiнде, ерiннiң емеурiнiмен ғана айтылыпты да, сол күйде қалыпты. Тiптi жаны күйген соң Байғабылдағы Дәркембай, Дәндiбай бастаған Бөкеншi, Жiгiтек жатақтары Қашамадан қайтып келе жатқан Тәкежан жылқысынан күнде егiнге түсе беретiн болған соң, бiр-екi жылқыны ұстап, түнгi жылқышысымен төбелесiп те қалған екен. Ертеңiнде қайдан жиылғаны белгiсiз, иықтарына сойыл салып, осы жатақтың құрымын шауып алатындай боп, жүздеген қара шоқпар келiптi. Ат ойнатып, Дәркембайдың өзiн сабарман болып, ұстап алған жылқыларын қуып алып кеткен. "Егiнiмдi жедiң ғой" деп зарлап барғанда, аяғының ұшына отырғызбай, әке бабасынан боқтап, Тәкежан мен Майбасар қуып тастапты. "Елдiң сұрқын кетiрiп, қайдағы сұмдықты бастағандар. Жер тырмалап, қоныс-өрiсiмнiң құтын қашырған сұмырайсыңдар" деген. "Ел iшiнен аластайтын өңшең жiтiкке, саяқсың" дептi. "Былтыр басымнан дәрежеңдi алғызған сен қыршаңқылардың кесiрлерiң. Баяғыда атаң бiр туса да, ағайыным сен емессiң. Сенi Тобықты санынан садаға ғып шығардым. Жатақ болғыш болсаң, егiн еккiш болсаң, кет ана Белағашқа, мұжыққа кет. Сонда барып орыс бол! Неге тiрi жүрсiң. Неге сен құрымайсың" деп, айтпаған сұмдығы, етпеген қорлығы жоқ екен.
– Ол, ол да емес екен. Соқадан бiр-бiр шолағымыздың жаңа босағаны сол едi. Айға жуық уақыт болып қалды. Осындағы жетi үйдiң жетi бiрдей атын бiр түнде ұры алып кеттi.
– Тәңiр-ай, айналаң өрттей жаулық болғанда, ортада қап отырған бiр түп шидей, қалт-құлт күйiмiз бар едi. Тiлеуiң құрғырлар, тым құрса осы отырған елу үйдiң кiм екенiн ойласа еттi. Бiрi болмаса, бiрiнiң босағасында шiрiгендер едi ғой. Ата-бабасымен отымен кiрiп, күлiмен шыққандар.едi. "Бишаралар, тырбанған екенсiң, сендердiң де шыр бiтiп, бүйiрiң шығып.жүретiн күнiң бiр болсыншы!" деп жаны ашымас болар ма! Ендiгi кеп отырған қыстығы, мүлде қасқырдай! – деп Дәркембай тағы мұңға кеттi.
– Жаңағы жоғалған жетi атты бұл арада жоқ-жiтiк тапсырған соң, осы төртеумiз жоқшы боп, iздеп шығып ек. Алыстың ұрысы емес екен. Қызыл-моладан шығардық. Алған – Ақымбеттiң ұрылары. Шығырып берген қу мен сұм және табылды. Қолда барымызды, айтушыға, "жүрек жардыға" берiп, ендi малымызды қайтарамыз деп жүргенiмiзде, тағы бiр пәле сап еттi. Қызыл-моланың болысы өзiңнiң iнiң Ысқақ емес пе! Ұрыдан малымыз шыққанда: "Болыс өзiмнiң Ысқағым, әпермей қоймайды, көзiңдi ашып қара"– деп Ақымбеттың ұрыларын жан алқымға алып.көрiп ек. Ол ойысарман да болып едi. Қиялап айтқан дауы: бұл ұрлығым емес, өз елiңнiң адамы Серiкбайда кеткен еселi малым бар-ды. Сол. "осыны ал деп шығарып бердi. Серiкбай мен сен жатақтың дауың бар көрiнедi. Әуелi сол жақтан арылып кел. Бiзге бұл малды ұстатқан Серiкбайды алып кел " демесiн бе. Қайта оралып мұнда келсек, ағайынға шағайық десек, былтырдан берi ол Серiкбай қу Қашаманы қыстайды екен. Қашама Тәкежанның жерi екен. Сүйтiп келсек, Серiкбайды Тәкежан бiздiң көзiмiзге көрсететiн емес. Шаң тигiзетiн емес. "Жатақ тантырамасын, Серiкбай да өздерiңдей жоқ-жiтiктiң бiрi. Оған мен болысамын. Жатағым, кем-кетiгiм деп болысамын" деген боп, жарлының жасақшысы бола қалыпты. Серiкбай деген итi, сүйтсек, Тәкежанның өзi сүйеп, өзi құрық берiп.жүрген ұрысы деседi. Ұры болмаса, түк кәсiбi жоқ ел ортасына сыймай отырған малы жоқ, қуарған жалғыз үй, қудала, қу медиен, елсiздi қыстау ете ме? Қойшы, қысқасы Серiкбай қолға түспедi. Жылыстап тайып ол кеттi. Ал Ақымбетке сенделгеннен сенделiп, мына төртеуiмiз тағы барсақ, ендi ол жақты да құдай ұрып.қапты. Тәкежан Ысқақ болысқа, өзiңнiң iнiңе, хат жазып, кiсi шаптырыпты. "Жатақ менiң жауым, бұлардың малына жоқшы болма, болыспа. Қайта, тiрсекке бiр салып қуып таста!" дептi. Ендi бiзге қарсы дем берген сөздi Ақымбет Ысқақ болыстан естiптi. Жетi iрiңдей ат түгiл, жетi тулақ та ала алмай, ұлып қайттық. Мiне, жаңағы айтқан сияз болса, былтырғы егiн, биылғы егiндi айтып және мынау бар кедейдiң бұт артқан жетi шолағын, күн көргiшiн iздеп соған барсақ деп ек. Осыған ақылыңды өзiң айтшы! Сенiмен сөйлесiп отырған – тек осы қасыңдағы төрт шал деме. Исi елу үйлi жылаулар, жатақ! – деп бiтiрдi.
Абай бұл әңгiмелер уағында әлденеше рет қабақ түйiп, кейде ашумен, жағын тiстендi. Әңгiмесiн қатқыл үнмен, шешен тiлмен сөйлеген Дәркембайға қарап, көз алмай отырып, бiрнеше рет күрсiнiп те қойды. Iшiнен өз ағасы Тәкежан iсi мен өз iнiсi Ысқақтың қылықтарына қинала, ызаланып отыр. Намыс, ұят, жиренiш бәрi де у толқынданып, саналы кеудеде, күз тұманындай шұбалады. Жазықсыз жүйрiк қарттың сөзiн тыңдап отырғанда, қатар жарысқан бiр жол өлең оралады. Ырғақты бiр сөйлемдi осы жерде тауып, iшiнен көп қайталайды.
...Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек.
Ар уялар iс қой. Керең сана, бiтеу кеуде, жемiт қарын бар. Оларға ар не, жанашыр не, әдiлет не!
Дәркембай әңгiмесiн бiтiрiп, үй iшi бiраз уақытта жым-жырт тынып қалған кезде, Абай жаңағы өз ойын сөйлей аяқтады:
– Осынша жауыздықты iстеп отырған менiменен бiр әке, бiр шешеден туған – бiрi аға, бiрi iнi болмыс. Сендерге солар үшiн мен де қылмыстымын. "Арсыз қолым iстедi, арлы бетiм ұялды" дегенiм кiмдi жұбатады? Сендердi не деп уатады! – деп, Абай қарт достарына басында бөгде көрiнген, бiрақ кейiн сыры танылған бiр әңгiме айтып кеттi. Ол, қалада Михайловпен сөйлескен көп мәжiлiстен туған жай едi. Соны баяндай отырып, өз басына халық турасында ендi келген бiр күрделi ойға кеттi. Бұл ойын осы арада тауып, дәл осы арада айтып та кеттi.
– Сона бiр кезде, жатаққа кеп қосылғаныңды айтқанда, менiң осы күнге шейiн, көкейiмнен кетпестей бiр шын сөздi сөйлеп ең, Дәркембай. "Күйi бiрдiң – күнi бiр. Туысым – аталасым емес, өзiммен мұңы бiр, бейнетi бiр жатақтар" деп ең. Соныңды мен халық қамын ойлайтын бiр ойшыл орыс азаматымен әңгiмелескенде, тағы да жақсы ұғына түстiм. Бейнет иесi болған бұқараның мұңдасы, тек қазақ iшiнде емес, өзiңдей қорлық пен зорлыққа шiрiген қалың миллион қара халық – орыста да бар екен. О да руым орыс деп, аталасым деп, патшасы мен шенеунiгiне, төресi мен ұлығына ден қойып отырған жоқ. Қайта "қан сорғышым, обырым осы" дейдi екен. Дәл жаңағы өзiңдей. Ойласам, Көкше-мамай руынан ашыққан кедей жатақтардың ғана мұңы бiр емес. Олардың Сiбiр мен Ресейдегi бар орыс жатақтарымен де ұраны, мұңы бiр екен! – дедi.
Өз ойының бұл өрiске жеткенiне Абай өзi де сүйсiнiп күлдi. Оның сөзiнiң шындығына әлi түгел ойы жетiп болмаған Дәркембайлар күдiктенiп күледi, Абай тағы сөйлеп кеттi:
– Тағы ойласам, Тобықты-керей, Қаракесек-найман iшiндегi болыс атаулы Семей мен Омбы, Орынбор-мәскеу атаулыдағы барлық төрелер тобымен ұрандас екен. Бұны ұрсаң оған, оны соқсаң бұған тиетiндей сыры бар екен, қарт достарым. Жаңағы айтқан орыс ойшылы бұқара мұңын жоқтайтын асыл азамат. Сол айтыпты: "Қалың ел, өзiн сорлатқан ұлық зорлығынан арылу үшiн, басқаға жалынбасын, өзiнiң қайраулы қара балтасына жалынсын" дептi! Кейде сендердiң мұңыңды тыңдап отырып, "шiркiн, сол қара балтаны осы қазақ сахарасындағы талай дерт, мерездiң тамырына қарш еткiзiп қадап, ұрар ма едi!" деп те ойлаймын. Қатты толқимын! – дедi.
Бiрақ бұл сөздер, сыртқа айтылғаны болмаса, Абайдың бiреуге ақыл қосқан сөзi емес. Iшкi терең түйiн ойындай. Мына отырған қарттарға Абайдың ой көмегiнен бұрын, қазiр iс көмегi әсiресе керек. Соны аңғарды да, тез өзгердi. Бұған қадала қарап отырған төрт қарттың жүздерiн жағалай барлап өттi де, ендi шұғыл берiк байлау айтты. Шалдар күтпегендей, дос көмектiң байлауы едi.
– Сияз Арқатта емес, сыртта, Балқыбекте болады. Осы кез басталып қалған да болар, қалада естiгем-дi. Пәле-жала жиынына бармаймын деп байлаған едiм. Бiрақ сендер үшiн, дәл осы үйде бүгiн естiген жауыздық зұлымдықпен бiр шайқасу үшiн, әдейi барамын. Үш күннен соң осы арадан сол Балқыбекке қарай сендер де аттаныңдар. Былтырғы егiнiң, биылғың, жоғалған аттарың – бәрiнiң дауын Тәкежан, Ысқақ, Майбасарлардан тұтас даулаймыз. Тек қырық үйлiден, "сәлемшi боп, мен келдiм" деңдер де, бiр екеуiң сол сияздың басында бол. Дәркембай, өзiң жүр. Қасыңа мына Дәндiбайды ерт. Өзiңе тартқан бұ да бiр қатты томар, ер кедейiң ғой. Байлау сол. Өзге сөз кейiн сияз басында. Тек үш күннен соң аттаныңдар. Бiз жүремiз! Баймағамбет, атты жек! – деп, Абай орнынан ширығып тұрды. Асығып қозғалып, дүр сiлкiнгендей болды.
Баймағамбет Абайдың асығып шираған көңiлiне өзiнiң шапшаң, жылпос қозғалысын жауап етiп, үйден ытқи жөнелдi. Абай тез қамданып, киiне бастап едi. Түрегелiп, желетiн, жазғы жеңiл ұзын бешпетiн кидi. Сағатына қарап, ендi шалдар жүзiн аңғарса, олар бiрдеңеден iркiлiп, дағдарып отырған сияқты. Дәндiбай Еренайға сәл бұрылып, күбiрлеп, шала сөйлейдi. Ақыл сұрап отырған тәрiзi бардай, Абай түрегеп тұрған бойында Дәндiбайға қарай иiле түсiп:
– Немене, Дәндеке? Сен бiрдемеден күрмелiп отырсың ғой. Айтшы маған, не күдiк, не бөгеттерiң бар – деп Дәндiбайдан бет бұрып Дәркембайға да қарап едi. Дәркембай салқын жүзiн бұзбастан Абайға бар денесiмен бұрылды.
– Айтқан ақылың да, байлауың да бәрi жақсы, топ алдына бармай есе тимесiн көрiп отырмыз. Бұл жұртыңды бөгеп отырған, тағы жоқшылық боп отыр. Ол Балқыбекке кем боса, екi кiсi бару керек. Дәндiбай екеуiмiздi жүр дегенiң де мақұл. Бiрақ мыналардың күмiлжiп отырғаны – "қалай жетемiз?"– дейдi. Жетi бiрдей аты кеткен жатақ ауылда, қай жетiсiп тұрған ат пен тон бар? – дедi. Бұның сөзiн қостаған Еренай:
– Бұт артар жоқ қой, Абайжан-ау! – деп едi. Дәндiбай да iлес, кекесiндi үн қосты.
– Ене, қызыңды... Кедейлiк қыр соңымнан қала ма тақымдап. Қолым жетер жерге де жiбермейдi. Шабан-шардақ қып, мешел болған баладай. Осы Ералының бойынан қозы көш жерге шығар көлiгiм жоқ. Ит арқасы қиян.г-балқыбекке немен жетейiн?! – дедi.
Абай бұл тұста да өзiнiң iсшiл байлауынан жаңылған жоқ. Тағы да тез жауап айтты.
– Бiреуiңнiң атың бар көрiнедi ғой. Ендi бiреуiңе ана мен жегiп келе жатқан шеткi ат, кiшi құла ат тисiн. Дәндiбай, жаз бойы осыны сен жайла. Жылқы отарға шығарда қосарсың. Ал, Дәркембай, жаңа сен атпен қоса, тонды да айтып қалдың ғой! – дедi.
Кеше кештен берi осы үйдiң iшiне кiргiзiлiп қойған ұзынша, жаңа ақ сандықты Абай өзi барып ашты. Содан екi бөлек кездеме алып шықты.
– Мынау, асты-үстiмен бiр шапан. Бұны, Дәркембай, сен өзiң iстетiп ки! – дегенде қарттардың бәрi, қатарынан үн қосып, сүйсiне күлдi.
– Бәрекелде!
– Көп жаса!
– Қарық қылдың ғой, қарағым!
– Азаматым аман бол! – деседi. Дабырласып, жамыраған сөздер арасында, Дәркембай Абайдың қолынан кездеменi алып жатыр.
– Бұның қалай, Абайжан-ау? Зорлықты Тәкежан iстеп, айыпты сен тартып жатырмысың немене? – дедi. Өзi де қатты күлiп, өзге шалдар мен Абайды да күлдiрдi.
– Би алдына бармай-ақ бiр ат шапан айыпты алып алды, бұл жатақ. Есе бередi деймiсiң ендi! – деп, тағы күлдi. Абай өзi де қос қартының көңiлiн сергiткенiне көңiлдене түстi.
– Үндеме, Дәркембай, бұның айып екенi рас. Бiрақ атаңа атам еткен iстердiң айыбы болсын. Тәкежан, Ысқақпен сөзiмiз алда. Олардың айыптысы болмаспын, айыптаушысы болармын. Серт со болсын. Тек соқтыққанда тайып түспей, шаншылып түс. Тоқпамбет төбелесiнiң алдында Байдалы айтты деп едi ғой: Сүйiндiк, ақылды Сүгiрден сұрамай, мына ер кедейден, Дәркембайдан сұрасаңшы деп Дәндiбай екеуiңе жүр деп отырғаным сол. Қапсырған жерлерiңнен қан алмасаңдар, күз ел бауырға түскенде, мына жиын жатақ алдында, екеуiңдi "жасық шықты" деп сынға, сарапқа саламын! – дедi. Үй iшiн күлдiрiп алып, Еренай мен Қарекеге:
– Мұнда қалатын екi қарт, осы уәдеге екеуiңдi куә қылам. Бұларменен сын серттi күзге қоямын! – дедi.
Осы кезде: "Ат даяр" деп Баймағамбет келгенде, үйдегiлер тегiс сыртқа шығуға қамданып едi. Абайдың жаңағы сөзiне жауап етiп, қатты сөйлеп, күлiп келе жатқан Еренай:
– Сертiң серт. Онда бұл екеуiнiң билiгiн де өзiңе айтқызамын! – деп едi. Қареке Дәндiбай мен Дәркембай туралы үлкен сенiм айтты.
– Тәңiр деген, тiл мен жаққа тұсау түспесе, қасында сен отырғанда бұл екi тарланың, болыс түгiл, жандаралдан да жалтармас. Өзiң осы екеуiн текке атаған жоқсың, тауып ұстадың ғой, бала шырақ. Шешiнген судан тайынбас дейтiн, жалаңаш батырың осылар болмаса, жатақтың мүлде сорлағаны да! – деп далаға шыға бере, бұл жөнiндегi сөздi тұжырды.
Тройка орнына парлап жегiлген дүп құла мен жирен прәшкенi Баймағамбет сәл қозғап, Дәркембай үйiнiң жанынан сыздырып жүргiзе бердi. Жатақтың қоңыр лашықтарынан шыққан көп ұсақ балалар арба жанында үйiлiп тұр едi. Ендi жүргiншiлерге жол берiп, жарыла бердi. Көлеңкеде жатқан өлi жүнi түспеген арық қаншық жүдеу күшiктер, шардақ-шадыр ұсақ төбеттер шәуiлдей үрдi. Өздерiнiң шұбар тобымен арбаның артынан шулап iлестi. Еренайлар қасында, Абайды ұзатып салуға жиылған қартаң әйелдер, кәрi-жас ерлер, балалар бар едi. Солардың ортасында тұрып, Абай жаққа қарап, Еренай жақсы бiр ой қорытты.
– Құданың құдiретi, осы баланың жас күнiнен-ақ ағайын үмiтi көп едi. Сол үмiт, әлi үмiт. Зая болмай келе жатқандай. Өзiмен iстес, сөздес боп жақын бiлгенiм осы едi. Жолың болғыр, шынайы жақсылық дәме қылғызатын жас екен! – дедi. Жаңағы сөзiн салқын қабақпен тыңдап тұрған көп кедейге қарады. Жоғалған жетi атыңды әперемiн дедi. Айып-анжысымен дәл жуандардан әперемiн деп кеттi. Былтырғы, биылғы егiндерiңнiң төлеуiн әперемiн деп кеттi. Соны айтып тұрмын мен! – деп, сөзiн бiтiрдi.
Топ ортасында көп ауызбен сенер-сенбестей қайталап, соншалық мұңдық бiр сөздер айтылады.
– Жетi ат!
– Қайта әпермек!
– Есемiздi әпермек!
– Егiннiң шығынын төлетпек!
– Былтырғы егiн, биылғы егiн!
– Биылғы егiн!
– Орайын әпермек!
– Дегенi болсын!
– Айтқаны шын болса, жолы болсын! – дескен жапыр-жұпыр сөздер естiлдi. Көп жатақтардың көздерi шаң iшiнде шала көрiнiп бара жатқан арбаға қарайды. Шала үмiтi сол арбаға ере кетiп бара жатқандай. Барлық кедей ауыл болып, ұзақ қарап тұрысып қалды.
Абай бұл жолғы сапарында көп жүрiп кешiгiп келген. Михайловпен, Андреевпен ерте көктемде басталған биылғы мәжiлiстерi Абайдың өмiрiндегi көп кездесулерден бөлек. Көп дүниенiң сырын ашқан, санап бiтiргiсiз нәрлi, қызық дәрiстердей болып едi. Қалада сондықтан кешiккен-дi. Қазiр жас ортасы болып қалған шақта ел жайлаудың ең шеткi қоныстарында екен. Абай мен Баймағамбет Ералыдан шыққан соң ара қонып, қатты жүрiп, екiншi күнi кеш батар шақта ғана Құнанбай ауылдарының шетiне iлiнген едi. Жанынан жүргiншiлер қиыс өтiп бара жатқан үлкен ақ ауыл, Ботақан-ошағында отырған Тәкежан аулы екен. Бұл мол жылқылы, қалың қойлы, оншақты үй қоңсысы бар, лықыған бай ауыл болып кетiптi.
Абай Баймағамбетке:
– Бұл ауылға түспей-ақ өтемiз, – дедi.
Ұлжан аулы және соның қасындағы Абай аулы Байқошқарда. Осыдан қозы көш жерде болатын. Ел жатпай, балалар ұйықтамай тұрып, көптен көрмеген жақындарына Абай ендi тез жеткiсi кеп келедi. Жол Тәкежан аулының шеткi қара лашықтарының жанына тақау келгенде, Абайдың есiне Қаражан ең алдымен түстi. Баймағамбетке бұрылды да:
– Мынаны қарашы, Баймағамбет. Осы, дәуде болса, не қойшы, не сауыншы, күзетшi, малшысының үйiнiң бiрi ғой. Осынша құрым шоқпыт қып қойыпты. Бiр үзiк, бiр туырлықтық киiз берсе, Қаражан құдай ұрғанның, несi кетедi екен! Қалай ойлайсың!? – дедi.
Баймағамбет қатар отырған қалпында, Абайға түктi қабағын бұрып, үлкен көк көздерi жалт қарап жымия күлдi:
– Қаражаннан қайырым аз шығады ғой, Абай аға! Жұмыс ететiн көршi болмаса, жай қарiп-қасердi жиып отырған жоқ. Қызметiн iстесе де қарайласқысы келмегенi ғой! – дедi.
Бұл кезде жүргiншiлер, ауылдан қиыс өтiп бара жатып, Ботақанның мол сулы ұзын бұлағына өрiстен шаңдатып, шауып келiп қаптаған мол жылқыны көрдi. Абай бұл жылқының көлемiне көз салды:
– Осының бәрi Тәкежан жылқысы ма? Қай уақытта, қалай қалыңдап кеткен, Баймағамбет-ау? – дедi.
Сол кезде қатты шауып келiп iлескен бiр аттың дүбiрi естiлдi.
Абай мен Баймағамбет қатар бұрылып қарасты. Арғымақтай биiк қара қасқа, семiз құнанға күмiс ер-тоқым ерттеп мiнген ересек бала, Әзiмбай шауып келген екен.
– Ассалаумағалейкүм, Абай аға! – деп жанаса кеттi.
Абай баланың сәлемiн алып, аулының, әке-шешесiнiң амандығын сұрады. Бұл Тәкежан мен Қаражанның ер жетiп қалған жалғыз ұлы болатын. Жалпақ бет, қара күрең, қысық көз келген, қалың қабағы қызара сызданып тұрған, салқын түстi бала. Амандық айта салысымен Әзiмбай, шешесiнiң бұны әдейiлеп жiберген сәлемiн, жортып келе жатып, Абайға айтып келедi.
– Абай аға, сiзге апам жiбердi. "Бiздiң ауылға түспей, бзарлығын қимай өткенi несi! Кәмпитi мен қағаз шайын, қант-мейiзiн таңертең кiсi жiберiп, бәрiбiр алғызамын! Келiндер өздерi талап жемесiн!" деп айт, – дедi. Менi әдейi сiзге сәлем бер, соны айт деп жiбердi! – дедi.
Бала осы сөздi айтып болып, шешесiнiң зiлiмен Абайларды мұқатқандай кекесiн жүзбен ендi ғана күлдi де, атының басын iрке берiп едi. Қазiр қайта бұрылмақ тәрiздi. Абай оған: "тоқта, берi жүр!" деп арбаның өзi отырған жағына қарай нұсқады. Қатарласып келген Әзiмбайға ол ағалық жылы жүзбен сөз қатты.
– Қарағым, қолқаң базарлық болса, осы арбадағы тәттiнiң бәрi сенiкi болсын. Өзiң бiзбен ере жүрiп, бiздiң ауылға қон да, таңертең бәрiн алып қайт. Әкең мен шешеңе бүгiн амандаспай бара жатқаным – күн кешкiрiп кеттi. Алдымызда бәрiмiздiң де үлкенiмiз – үлкен шеше мен әке бар. Ауыл жатпай тұрып, ең алдымен соларға сәлем бермекке асығып келем. Ол бiр бөлек сөз! – деп Баймағамбетке атты бiраз ақырын жүргiздi. Арбаның салдыры бәсеңдеген кезде, балаға тағы бiраз сөз айтты.
– Өзiң үлкейiп, жiгiт боп қапсың. Шешеңнiң айтқанының бәрi бiрдей ақыл бола бермейдi. Алыстан келе жатқан ағамен амандық айтар-айтпастан, "аламын, берiп кет" деген жөн бе? Ойлашы! Ол шешең болса, мен ағаң. Бұндайды да ойлап жүргейсiң, ұқтың ба? – деп, баланың жүзiне барлай қарап едi, Әзiмбай түсiне қоймағандай. Қызыл жүзi көкшiлденiп, күрең тартып, сазара түстi. Салқын қабағы жыбыр етiп, жиренiп қалды. Абайға жауап қатқан жоқ.
Ендi Абай бұдан әңгiме сұрап:
– Мынау жылқы тегiс өз ауылдарыңдiкi ме? – дедi.
– Е, өзiмiздiкi, ендi кiмдiкi болсын!
– Саны қанша өзiнiң?
Бала үндемей, тартынып қалды. Iшiнен жақсы бiлiп тұрған жылқы санын айтуды жаман ырым көрдi. Әкесi Тәкежен, күнде түгендеп жүрген жылқының санын бала үйге айтып келгенде: "Дабырайтпа, кiсiге малыңның санын айтпа!"– дейтiн. Бала айтпаған соң, Баймағамбет Абай сөзiнiң жауапсыз қалғанына ырза болмай өз бiлгенiн айтып жiбердi:
– Биыл ұсағымен бес жүзге жеттi деп естiп едiм. Мынау жылқының қарасы содан көп болмаса, аз емес қой, – дедi.
Бала сонда да сыр берген жоқ.
Абай аз томсарып, өсiп келе жатқан бiр жамандықты көргендей, күрсiне түстi. Үнi өзгерiп, өзiне өзi айтқандай боп сөйледi:
– Осыдан он бес жыл бұрын екеумiз қатар еншi алғанда, сексен жылқыдан тиiп едi. Тәкежан болыстықты, тойғандай-ақ емген ғой. Өткен сайлауда түспегенде, бұдан да басқа болар ма едi, әлде қайтер едi! – дедi.
Қырыс қабақ бала бұл ағасын анық ұнатпай, iшiнен ашу жиып, ызаланып қалғандай. Ендi мына сөзден соң қулықты, арамдықты бiлiп қалған көңiлiне ерегес пен жуандық кеп кеттi.
– Болыстықтан түспесе дейсiз. Өзiңiз естiмеген екенсiз ғой. Жаңада болған сайлауды бiлдiңiз бе ағам тағы болыс болды. Айтпақшы, шүйiншi, осы бiр жұмадан берi бiздiң ауылдардың барлығы, жағалай той жасап, құнан шаптырып, қуаныш етiп жатыр... – дедi.
Абай балаға бар денесiмен шұғыл бұрыла қарады. Бұл өңiрде болған ең үлкен жаңалық – болыс сайлауының хабарын сұрады. Қалада жүргенде Казанцев деген крестьян начальнигiнiң осы маңдағы үш-төрт болысқа, өзi билейтiн учаскеге, сайлауға шығып кеткенiн бiлушi едi. Бiрақ кiмнiң сайланған хабарын Абайлар әлi бiлген жоқ-ты.
– Ағаңды кiм сайлады? Қай болысқа сайланды?
– Начандик Казансып сайлады. Менiң ағам Қызыладырға болыс болды.
– Қызыладырға?! Шыңғысқа кiм болды?
– Шыңғысқа, өзiмiздiң елге, Шұбар ағам сайланды. Қызылмолаға тағы да, қайтадан болыс болып, Ысқақ ағам сайланды. Сүйтiп Қажының үш баласы үш елге болыс болды деп, сонау ш-шақпақ, Жыланды, Кең-қоныс. Дөңгелек-қоныс, Байқошқарға шейiн, барлық Ырғызбай iшi мәрә-сәрә. Бiлмеген екенсiз. Ендеше дәл бiр аттай шүйiншi алады екем, Абай аға, сiзден! – деп, сөзiн бiтiрдi.
Болыс болған әкесi мен ағаларының хабарын айтқанда баланың жүзi қызарып, нұрлана жанды. Өзiнiң iшiнде жүрген үлкен бiр қуанышын iрке алмай, жасыра алмай, жарқырап бiлдiрдi.
Бұл бала әкiмдiктiң, әмiрдiң қызығын көрiп, дәмiн татып, құмартып қалған бала сияқты. Жаңағы хабарды сөйлеген тiлi мен түрiнен Абай iштей: "Мынау өзi ер жетiп қапты ғой. Талай сабақты құлағына құйғаннан, iске, сөзге ерте кiрiсейiн деп тұрған бала ғой!" деп ойлады. Сонымен қаатар, iшiндегi Әзiмбай түсiн жақтырмаған қатал сынын да iрке алған жоқ. "Қабаған ит қастанған, әлдеқандай жан шығар екен сенен? Болсаң Тәкежаннан зiлдi болармекесiң! Кесiрдi ұстасаң келiстiрiп ұстап жүрмесең нағысын!" деп өзiне-өзi түңiле ойланып, үндемей қалған едi.
Шүйiншi сұрағанға Абайдың жауап бермей, бiр ауыз да болса үн қатпай қалғанына бала тағы ыза болды. Әуелде шешесiнен жиi еститiн бiр сөздi ойға алды. "Қызғанады, бiзден малды да, абыройды да Абай қызғанады" десетұғын. Сол шеше иландырған өсиет бойынша, Абайды сырттан ұнатпайтын Әзiмбай қазiр бұның қызғанышын өз көзiмен көрiп тұрғандай. Iшiнен қыңыр қатал үкiм жасады. "Қызғанасың ғой, үнiң өшiп қалғаны сол ғой. Ендеше тағы бiр естiмеген сұмдығымды айтайын" деген ойға бекiндi. Абай баладан естiген хабарға оқыс ойланып қалғандықтан, Әзiмбай жайын ұмытып кеткен едi. Ұясына кiрiп бара жатқан қызыл күнге бiр рет көзi шағылысып, жалт қарады да Баймағамбетке:
– Айда, жүре түс! – деген-дi.
Тер басса да, кешкi жүрiстен қызына түскен пар ат пысқыра берiп, тағы жорта жөнелдi. Шымы тұтас, тегiс жазық Ботақанның тықыр шалғынында арба сықырламай, тарсылдамай, ағыза жортты. Бұлардан Әзiмбай ендi қалып қоятын жөн бар едi. Қазiр ауыл да алыстап барады. Күн кешкiргендiктен жылқы суға қанып ап, түнгi жайылысқа қарай шұбыра бастағандай. Малсақ бала Әзiмбай қара қасқа құнанның қамын ойлап, ауылға тез қайтып, жылқыға жiберiп үлгiру керек. Қас қарайып кетсе қалың жылқыны таба алмай, адасып та кетуi мүмкiн. Оның үстiне, қазiр бөтен, ел Кереймен жақын кеп iргелес отырғандықтан, жылқыға жау тигiш боп, алды-салды көбейген кез. "Құнаным жазым боп кете ме!" деген ойды да қатар ойлап үлгiрдi.
Бiрақ сонда да бала Абайлардан қалысқан жоқ. Жаңағы Абай турасында ойлаған ызалы кекесiндi, ендi оған батыра айтып қалатын бiр сөзбен аяқтауы керек сияқты. Содыр, қатал бала Абайды күйдiретiн хабардың не екенiн бiлетiн. Ол да – осы соңғы күндердiң жаңалығы. Қалың жайлау, айнала ел Құнанбай балаларының тегiс болыс болуын таң-тамаша сөйлеумен қатар, жаңағы жайды да үнемi айтатын. Көпшiлiк күйiнiп, болыстарды қарғап, ызамен құсталанып айтатын жаманат хабар едi. "Бұны естiгенде Абай жарылып кетер. Болысам деп жағаласып бiр болмаушы едi. Ендi құдiретi күштi болса, арашашы боп айырып алып көрсiн. Осы iсiм Абайды да жеңген бетiм. Дегенiме ерiксiз көндiрген, бағындырған жерiм" деп, дәл бүгiн түстегi қымызда, өз әкесi Тәкежан сөйлеген-дi. Ырғызбайдың ақсақал, қарасақалына осылай айтып отырғанын Әзiмбай көкейiне жақсы тоқып, нық аңғарған болатын. Бала, ендi сол жаңалықты, Абайдың қасында жанаса шауып отырып, еңкейiп ап, анықтап жеткiздi.
– Айтпақшы, сiзге айтуға ұмытып кетiппiн. Ағамдарды болыс сайлаған Қазансып "Базаралыны ұстап берiңдер" деп тапсырыпты. Сол бұйрықпен үш-төрт болыстың басы қосылып, пiргауарлап Базаралыны ұстатып, кешегi күн қалаға айдатыпты. Өңшең көк сауыт жасауылдар жолда қашып кетедi деп, түйеге мiнгiзiп апты. Түнде қолына, аяғына кiсен салып ұстайтын боп, айдап әкетiптi! – дедi.
Осы хабарын айтып болған бала, ендi iңiр қараңғысы түсе берген көлеңкелi кеште аппақ сұлу тiстерiн ақсита күлдi де, атының басын iрке бердi.
Абай баланың жүзiне ашумен, ажырая қарады. Арбаның үстiнде дөңбекшiгендей, жұлқына бұрылды.
– Өй, өңшең құдай ұрған! Болмай жатып тағы баяғы иттiктi бастады десеңшi! Өңшең бөрi кеуде, бөрi ауыз, жыртқыштар! – дедi.
Бөрiнiң аузы Абай есiне Әзiмбайдың жаңағы күлген аузын көргеннен түстi. Содан алған ұнамсыз бiр сезiммен әлде қалай жалғас едi. Осыдан бiраз бұрын "қабаған ит қастанған" жүздi көрсе, ендi ерiндерi қып-қызыл, үлкен ауызды, жәйiн ауыз Әзiмбай қасқырлық бiр бiтiмдi және елестеткендей болатын. Абайдың ұрыс сөзiнiң артын баланың естiгiсi келген жоқ. Ол құнанын шұғыл тартып, тоқтап қалды. Бiрақ кетiп бара жатқан арбаның артынан даурыға сөйлеп:" бар сонымен!" деп, тағы да ызалана, ақсия жымиды да, қайта бұрылды. Алыста, үлкен ақ үйлi аулының жерошақтарында жалпылдай жанған кешкi қызыл оты, iшер асқа қарай мұндалап, "кел-келдеп" шақырғандай, тамақсау баланың кешкi етке еңсесi кетiптi.қара қасқа құнанның тiзгiнiн жинаңқырап, жамбасқа сарала қамшыменен осып ұрып, ауылға қарай құйықтыра жөнелдi. Жалғыз өзi қуана көтерiледi. Алысқанын жеңгендей, шабытты көңiл тауып, сол қараңғы ымыртта жапа-жалғыз өзi: "Ырғызбай – Ырғызбай" деп айғайлап, ұран салып, құтырына шапты.
Байқошқарға Абайлар келгенде, ауыл жатқан жоқ едi. Әсiресе Абайдың қуанғаны – бұның үш-төрт баласы Ақылбай, Әбiш, Мағаш және күлегеш қызы Күлбадандар да ұйқтаған жоқ екен. Олар арбаның салдырын естiп, өз ауылдарынан айғайлап жүгiрген. Абай отырған арбаға кеп, жапыр-жұпыр қамалаған. Бiреулерi козлоға, тағы бiреулерi арбаның артына мiнiптi. Мағаш, Әбiш сияқты кiшкенелерi Абайдың екi тiзесiне отырған. Мойнынан құшақтап, сағына жабысып, даурыға күлiсiп, шексiз қуанышпен қарсы алысты. Баймағамбет ат тұмсығын, Абайдың әрқашан ең алдымен амандасатын жаны – Ұлжан үйiнiң сыртына кеп тiредi. Семiз бәйбiше Ұлжан бiр шоғыр балаларының қамау-қоршауында келе жатқан Абайды өзiнiң үлкен төсегiнiң жанында, орнынан тұрып қарсы алды. Құшақтап, сүйiп амандасты. Әйгерiм, Айғыздар да Абайға осы үйге кеп амандасқан. Алпамсадай зор иық, кең жауырын, батыр тұлғалы Оспан да келдi. Омырауы ашық ақ көйлектiң сыртынан барқыт жаға, жұқа шапан жамылыпты. Бұның қасында жас келiншегi, сұңғақ, сұлу бойлы Еркежан келiн қатар кiрдi. Оспан Абаймен жайраңдасып амандасады. Дамылсыз келiп, кесек үнмен үй iшiндегi дабырды баса сөйлейдi. Құнанбай аулының жағалай болыс болып жатқан қуанышын тағы да Абайға қайталап айтты. Шүйiншi сұрады. Абай оның шүйiншiсiне тек ақырын ғана жауап қатып, Ұлжанға қарады. "Қайырлы болсын, шат-шадыман екенсiздер, қайырлы болсын!"- дедi. Ұлжан да Абайдың оншалық қуанбаған қабағын түсiнгендей, ақырын сөйледi. "Қайыры бiрге болсын, қарағым!" деп қана қоя салды. Оспан әлi де ақсия күлiп, болыс болған аға-iнiлерi үшiн мақтана тасқындайды. Жылқының қыл түбiндей қысқа қара мұрты сояулап түксиген. Шоқша сақалы шанжау-шанжау боп, тырағайлап шыққан, қап-қара көмiрдей. Оспан өмiрдiң қай қызық, қай шаттығы болсын, бәрiн де үлкен қызумен сезiнедi.
– Тек қайыры ұзақ болсын. Қуаныш үстiне қуаныш қат-қабат! – дедi.
Абайдың Әзiмбайдан естiген соңғы суық хабарын қазiр Оспан "қат-қабат қуаныштың" бiрi есептi ұсынып отыр. Абай бiледi, Базаралыға өштiкте, ожар томырық Оспан, Тәкежаннан кем түспеген болу керек. Анау арамдығы болмаса да, өр кеуделiкте бұның да зiлi көп. "Ұстаған жерде қолы, тiстеген жерде тiсi кетедi" деп, қақпайлап, терiске әкететiн Майбасарлар аз емес. Ол қазiр өзiнiң аға бауырларының бақ-дәреже қуанышын, сол аңқылдақтық бойынша, Абайдан аулақ демейдi.
– Бұндағылар болыс болып жатыр. "Ұлыққа өз қылығымыз жақты. Өзiмiздi бiлгеннен, абыройымызды ұққаннан Қазансып өзi сайлады" дегiсi келедi. Мен оларға: "Құдайыңды ұмытпа, асып таспа. Ұлық сенiң неңдi бiлушi едi? Көктемде барып жаз ортасына шейiн қалада құм таптап, ыстыққа шыжып жатқанда, Абай тек жатыр деппең? Осы бәрiңе кеп жатқан мол абырой, мынау батпан құйрық неден? Қаланың үлкен ұлығымен күнде көрiсiп, келiсiп iстетiп отырған Абай iсi" деп, бұларды өре бастырмай жүрмiн! – деп қарқылдап күлдi.
Абай Оспанның бұған ең жақын iнi бола тұра, соншалық, қаңғып адасқанына, аса бiр қатты мысқылмен күлдi.
– Қақ қасымда жүрсең де, кейде мен туралы адасқанда, айсыз қараңғыда жүргендей, қаңғып шығасың-ау, Оспан! Бiр болыс болғанда сексен жылқысын бес жүзге жеткiзiп алған Тәкежанды мүсiркеймiн бе!? Қызыл-моланың болысы боп Тобықтының ұрысын сүйейтiн Ысқақ үшiн жанымды салам ба!? Менi жақсы көргеннен, өзiңше маған да шен бермек болғаның ба? Бұл сайлауыңа тұяқ қыбырлатқан қатынасым жоқ. Адасып, бал ашпай, жайыңа отыр! – деп тағы күлдi.
Оспан ол айтқанына да тоқтаған жоқ.
– Жарайды, қой, шырағым. Оныңа иланатын Тобықты жоқ. Осы қан жайлаудағы қалың елдiң қатқан шал, балдырлаған баласына шейiн сұрашы! Үш бiрдей Құнанбаев қатар болыс болады. Қалада қадалып, сарылып жатқан Абай, оған ат салыспайды.дегенге итiм илана ма! Қайта бұл сөзiңдi жап та, мына болыс болған аға-iнiлерiңнiң алғысын ала бер. Қайтесiң, жаңағы сөзiңе иланатын, жат түгiл, мен де жоқ. Неге иланам? Осы абыройды, тәңiр берген абыройды өзiңе өзiң қимай қасың бар ма?! – дедi қыңырайып, мойнын бұрған бетiнен қайтар емес.
Бұның ауыздығын тiстеп алғандай бетiмен кететiнiн бiлiп, Абай балалары мен шешелер көзiнше ендi ырғасып-қаржасқысы келген жоқ. Сөздi шұғылынан Әбiшке бұрып, соның оқуы жайын сұрай бастады.
– Аға, мен осы күнде орысша да оқып жүрмiн. Оны сен бiлдiң бе? Қыстаудан берi оқи бастадым! – дедi. Әбiш Абайға, үй iшiнiң сақтап жүрген жақсы бiр жаңалығын, өзiне сөз тие салысымен, ең алдымен айтты.
– О, кiмнен? Кiм оқытып жүр орысшаны, қарағым?
Ағы ақ, қызылы қызыл боп жұтынып отырған аса сұлу, биязы баласы Әбiштi Абай өзiне қарай құшақтап тартты. Маңдайынан сүйдi.
Бұны кiм орысша оқытып жүргенiн Ұлжан айтып бердi.
– Жазғытұры сен қалаға кетiсiмен, бiздiң Жидебайдағы ауылға бiр бала орыс келген едi. Бұрын бiр жыл тiлмаш та болған екен. Өзiн осы ел "бала тiлмаш" дейдi. Сол, "қалаға тұруға ауруым бар, қымызға көкке шығайын деп келiп ем, балаларың бар ғой, бәйбiше, оларды да оқытып тұрайын" деген соң, Абайдың балаларын оқытсын, кiшкенелерiн орысша оқытам деп жүрген. Сол отауда болсын деп, Ақшоқыға жөнелткем-дi. Мiнi содан берi жалғыз Әбiш емес, Мағашың, Күлбаданыңа шейiн, сол бала тiлмаш Байып дегеннен оқып жыр! – дедi.
Абай өзiнен жасырын сақтап келген бұл сияқты жақсылық, жаңалыққа аса қуанды. Әйгерiмге ендi туралап жауап қатып:
– Қалай, балалар Кiшкене-молдадан оқығандай, бұдан да үздiксiз оқи ма? Өзi күтiмдi ме? – деп сұрастырады.
Әйгерiм Абайды сағындырған сұлу үнiмен жауап қатып:
– Балалар бар ынтасымен, жанын салып оқиды. Қызығып оқиды. Жайлауға қарай көшiп келе жатқанымызда, тiптi жаппалап қонған күндердiң өзiнде де Әбiш Мағаштар бiр күн қалет қылған жоқ. Тiлмаштың өзi де қазақуар, – дедi аз биязы мысқылмен сыпайы күлiп, Абай жүзiне соншалық бiр жылы шыраймен қарап: – орыс молдасы қызық болады екен ғой өзi. Сыздану, салмақтану жоқ. Баланы тiптi елiктiрiп, ойнатып оқытатын сияқты! – дедi.
Абай Әйгерiмнiң зейiндi, зерек көңiлiн танып отыр. Бас изеп, зор ықласпен күле тыңдап мақұлдады. Оспан жеңгесiн қағыта, қалжың еттi:
– Жә, жә! Құдай жолымен шариғатты үйреткен әкеңдей молданы былай қойып, жаман-жәутiк тiлмашты мақтағаның неменең? Әйтеуiр Абай орыс оқуын ұнатушы едi деп, сен екеумiз де қара таяғымси.беремiз-ау осы! Тамағымызды кенеп! – деп, Әйгерiмнiң даусына салып, мазақтап, – үнiмiз сылдырай-шылдырай түсiп әбден! – дедi. Үй ду күлген едi. Сүйтiп, Әйгерiмдi ене көзiнше қызартып, үнiн өшiрiп қойды да, қарқылдай күлдi.
Абай Әбiштен, Мағаштан, Күлбаданнан кей сөздердiң орысша атын сұрап, сынап көрдi. Таласа жауап берген балаларынан "оқу, бiлiм", деп аңсап тұрған үлкен бiр талап, ықылас таныды.
Еттен кейiн, Әбiш, Мағаш, Күлбадан үшеуiн кең шапанының екi жақ етегiмен жамылшылап, құшақтай ертiп, Әйгерiмнiң үйiне қарай жүргенде Абай iшiнен үлкен шүкiр еттi. Бағана кешке, бұған кездескен Тәкежан баласы Әзiмбайды есiне алды. Оның жаманшылықты бiлiп қалған бiтiмiнен мынау өз балалары мүлде басқа. Шын бала, әлi аппақ сүттей таза бала. Тәлiм, тәрбие күткен бала екенiн ойлап, аталық ырзалық сезгендей боп едi. Әбiштi қыса түсiп, тыста келе жатып:
– Қалқам, Әбiшiм, орысша оқи бастағаның сондай жақсы болған. Мұсылманша оқуың жетерлiктей болды. Мен биыл сенi орысшаға оқуға, ұзақ оқұға берем. Құдай бұйырса, үлкен ғалым адам болып өсесiң. Бұл менiң сен тураңдағы үлкен бiр аталық тiлегiм, балам! Менен бұрын өзiң оқи бастағаның, менi қатты қуантты, айналайын! – дедi. Маңдайға кеп қалған толық айға, кең аспанға көз салып тұрды. Iштей бiр дұға тiлек айтқандай болды. "Осынымның өмiр-жасын зая қылма, дегенiме жеткiз. Мен таппаған зор бiлiмдi, адамгерлiк қасиеттi, тым құрса осы перзентiм тапсын. Бағын аш, жасаған, жолын қыла көр!"– дедi. Осы түнде сүйiктi ұлын бауырына қысып тұрып, соншалық бiр құпия, ыстық дұға еткендей болып едi. Әбiш үндеген жоқ. Бiрақ ата мейiрiне соншалық бойсұнып, құлай ұйығандай. Өңi аппақ боп қобалжып апты.
– Құп, аға, құп! – деп қана қойды.
Әкесi мен ағасының арасындағы осы шартты, бойы кiшкене болса да, iшi соншалық сезiмтал бала Мағаш та аңғарған едi. Әбiштi құшақтап тұрған ағасын кiндiк тұсынан қапсыра аймалап алып:
– Иә, аға! – деп наразы бiр үн қатты да, – жалғыз Әбiш емес, мен де барам. Қалаға барып, мен де орысша оқимын! – дедi. Бұлардың қастарында тұрған Күлбадан да кiшкене Мағаштан қалыса алмай:
– Аға, аға деймiн, мен де, мен де барам!Менi де оқыт орысшаға. Байыптан сұрашы. Ол, орысшаны бәрiнен бұрын сен үйренесiң дейдi. Ал! Мен де барам! – дедi.
Абай тыста әлi де үйге кiрмей, балаларының қоршауында тұрып, шаттана күлдi. Күлбаданды басынан сипады. Мағаш пен екеуiнiң беттерiнен сүйiп тұрып, уәде бердi:
– Ендеше екеуiңдi де Әбiшке қосып, осы күзде оқуға бiрге апарам. Бәрiңдi бiр-ақ апарам, уәдем осы болсын! – дедi. Балаларын ертiп үйге тақағанда, Әйгерiм үнсiз ғана күлiп, үй жанында тұр едi. Ендi есiктiң киiзiн оң қолымен шалқайта көтерiп, Абайдың алдынан өз отауына есiк ашты."
