ҚИЯДА
ҚИЯДА
I
Абай үйленгелi бiрнеше жыл болды. Дiлдә түскен жылдың келесi көктемiнде бұлардың үлкен баласы Ақылбай туды. Екi жыл өткенде Күлбадан деген қыз туды. Ол бүгiнде бiрден асты. Қазiр үшiншi баланың әкесi болғалы жүр.
Дiлдә екiқабат уақытында бiрнеше айдай ауру адам сияқты болатын. Ас батырмау, басы айнала беру, ағарып, жүдеп, төсекке жантая беру мұның салты боп алған.
Аз жылдың iшiнде бiрнеше баланың әкесi болса да, Абай әлi өзiнiң осы халiне үйренiп болған жоқ. Оған үйлерiндегi үлкен шешелер де себеп болды. Ақылбайды Ұлжан өзi бауырына салып, өз баласы қып алды. Тiлi шығып қалған Ақылбай бұл күнде Абайды әкем екен деп бiлмейдi. Жай, анда-санда ас басында көрiнiп кететiн көп үлкеннiң бiрi, бөгде таныстай көредi. Абай да оны ыстық көрiп бой тартқан емес. Өйткенi, ол бала мұның жастығына зорлық еткендей боп, тiптi ерте туды.
Ең алғаш, 17 жаста Абай әке болды. Үйленудiң өзi бiр тәңiр құдiретiндей амалсыздық күнi едi. Соның артынан ес жиғызбай, iлесе келген әкелiк, тiптi бiр мазақтай, қатал зорлықтай көрiнген.
Алғаш Ақылбай туған күнi Қалқадай жеңгелер:
– Балалы болдың!
– Ендi, мiне, сен әкесiң!
– Қайырлы болсын!- десiп, күлiп қамалаған болатын. Сонда Абай бiр ұялып, бiр қиналып, не қыларын бiлмей, атына мiнiп, кетiп қалған. Аулына үш-төрт күн өткенде бiр-ақ оралып едi.
Кiшкене Күлбаданды да Абай әлi танып болған жоқ. Ол да күнi бойы шешелер үйiнде, солардың бауырында болады.
Дiлдә бейнелес, ақ сары, мазасыз қыз кеш болғанда ғана отауға келедi. Абайды әкелiкке ерiксiз көндiрем дегендей боп, Күлбадан түнi бойы ұйқы бермей жылайды. Сонысының өзiмен де ол жас әкемен екi арасын бiтiмсiз қып қойды.
"Тыныш ұйқыдан кiсiнi шаяндай шағып оятады" деп, Абай оны "Саршаян" дейтiн.
Қазiр сол Саршаян тағы да жылап отыр. Кеш батып, үй iшi қараңғы болса да, Дiлдә от жақпапты. Өзi шымылдықты түсiрiп, биiк төсектiң алдына көрпе-жастық салып, жантайып жатыр. Күлбадан шешелер үйiнен жаңа келiп, төсекке жатпай, қиғылық салып. Отыр екен.
Абай бiр топ кiсiмен үйге кiрдi. Тыста боран. Бұлардың үстерi тегiс қалың қар, қырау. Үйге шұбатыла кiрiп, мол аяз алып келдi.
Тыстан кiрген суық пен көп кiсiнiң дабырынан тынышы кеткен Дiлдә басын көтердi.
Абай тымағы мен iшiгiнiң қарын қағып жатып:
– Дiлдә, жарық жақсаңшы! Тыйсаңшы мынау мазасызды! Болмаса апарып тасташы анау үйге!– дедi.
Дiлдә жарық жағып, шымылдықты түрiп қойып, қонақтарға көрпе салды да, Күлбаданды қолына алды.
Күтушi қызыл келiншек отауға кiрiп, Дiлдәмен сыбырласып алып, қонақтардың қамына кiрiстi.
Бұл қонақтар Абайдың қазiргi уақыттағы жолдастары, жас жiгiттер: Ербол, Жиренше, Асылбек және Базаралы болатын.
Орталарындағы үлкенi Базаралы. Сол төрге шығып, шешiнiп отыра берiп:
– Жаным-ау, мына құдайдың күнi қайтедi? Тағы боран! Әлi боран! Жұтатты-ау! Ақсүйек қып жұтатты-ау ел сорлыны!- деп,, уайым айтып, ұзын қара сақалын ұстап, ойланып қалды.
Еңгезердей мол денелi болса да, аса сымбатты, нұр жүздi Базаралы қазiр отызға жаңа iлiнген. Ақ елтiрi iшiгiн желбегей жамылып отырып, таңдайын қақты.
Дiлдә дөңгелек үстелдiң үстiне шам әкеп қойғанда, жiгiттер айнала отырды.
Бұл кезде Абайдың да денесi iрiлеген. Жауырынды, сүйектi боп қалған екен. Бойы ортадан биiктеу. Сүйегi iрiлеумен қабат, бұлшық еттерi де толып, бар мүсiнi балғын, кесек тартыпты. Бет пiшiнi де денесiне лайық дөңгеленiп, iрiлеп қалған.
Ұзынша қырлы мұрны көтерiңкi, үлкен. Жазық биiк маңдайы шекесiне таман келгенде дөңкiлдене түсiп, кең көсiлгендей. Қыс суығынан бет, мұрны тотықса да, келбеттi маңдайы ақшылданып, айқындап тұр. Отты сұлу көздерiнiң ақ, қарасы әлi де тап-таза. Көзiнiң сыртқы шарасы томпақтау және ұзынша бiткен. Жiп-жiңiшке боп кең созылған ұзын қастары мен ойшыл отты көздерi Абайды өзге жұрттың iшiнен оқшауырақ етiп тұрады. Жақсы туыс белгiсi сияқты.
Әлi ұзармаса да, теп-тегiс боп, тебiндеп шығып келе жатқан қоңырқай мұрты бар. Барлық тұлғасы сай келген қара сұр жiгiт, сонау сұлу болмаса да, ұнамды, сүйкiмдi.
Оңаша отауға iрiктелген жас жiгiттер бұл кештi көңiлдi өткiзсе керек едi. Бiрақ жаңа орнықпай жатып Базаралы айтқан уайым сөз бәрiн де ойға салды.
Бұл жиынның Базаралыдан басқасы үш күннен берi бiрге жүрген. Базаралы осы кешке ғана тау жақтан келгендi. Қалың ел, көп қыстаулар сонда. Абай сол жұрттың жайын бiлмек боп:
– Немене, жұт өзi қауырт па? Жоқ, ойдым-ойдым ба? Көлемi қандай?- деп сұрады.
Асылбек, Жиренше, Ерболдар да Базаралыға қадала қарап, хабар күттi.
– Анық жұт жаппай келмей ме? Бұл соның өзi ғой! Ел дегенде көптi айтамыз да... Көп қысылды ғой! Мына боран айықпағалы мiне үш күн болды. "Жыл мойыны жақын ба" деп дәме қылысып едi. Көкек аяқтап, мамырға да тақадық. Бiрақ аспан-қаңтардай боп әлi ққақап тұр. Ендi не қалды?- деп, Базаралы түңiлiп отыр.
– Қырылып жатқан қой ғой. Ал, мына iрi қара жағы қалай? Шыңғыста одан үмiт бар ма екен?– деп Жиренше тым құрса, өзге малдың аман қалары болар ма екен деп едi.
– Тобықтының малы жылқы мен қой емес пе? Iрi қара дегенде сиыр болса, ол кесел қойдан да жаман екен. Түйе де жұтқа осал неме ғой... Әйтеуiр қолдағы малдың аманы болмас!– дедi Базаралы.
Шай үстi мен барлық осы iңiрде жiгiттердiң әңгiмесi елдiң бүгiнгi қысталаң халi туралы болды. Мал жұты ғана емес. Көпшiлiк, кедей көпшiлiктiң ашаршылыққа ұшырай бастағаны да бiлiнiптi. Соғымы тәуiр ауқатты ауылдарға Шыңғыс iшiнде ас-су iздеп шұбыра бастаған нашарларды да Базаралы көрiптi.
Мұндайлардың алды осы Жидебайға, Абайдың шешелерiнiң үйiне де келiп жатқан. Бiрер асым ет, бидай, тары болса сұрастырып, көмек әкетiп жатқан кемпiр-шалдар бар-ды.
"Жұттан аман қалар ел бар ма? Қазiрде тың тұяқ тұрған кiмдер?" дескен уақытта, Базаралы:
– Ат төбелiндей аз ауылдар аман болар. Ырғызбай, Көтiбақ, Жiгiтек, Бөкеншi iшiнде жақсы қыстау алып, жердi мол басқан ауылдар әзiр қысылған жоқ, – дедi.
– Әсiресе Ырғызбай iшi аман. Қыстаулық жерi сайлы. Күзден алған пiшенi де бар, – деп, Ербол жаңадан өзi көрген жайларын айта бастады.
Бағанадан берi үнсiз ойланып отырған Абай:
– Жалғыз Ырғызбайдың амандығы кiмге медеу, кiмге дәрi?- дедi.
Базаралы Абайдың бұл сөзiн ұнатып қалды.
– Әйтеуiр күшi бардың күйi бар болады екен. Құнекең әперген жер Ырғызбайды сақтайтын көрiнедi ғой!
Абай қабағын түйiп, жалт етiп Базаралыға қарап:
– Тәңiр-ай, тартып алып жетiскеннiң несi сөз? Ырғызбайдың иемденiп отырғаны жер ме? Көрiнеу көздiң жасы емес пе?
Асылбек пен Жиренше Абайдың мынау ашық сынына қатты сүйсiнiп, күлiп жiбердi.
– Япырай, Абайжан-ай, көптiң көңiлiнде жүрсе де, аузы бармайтын сөзiн өзiң айтың-ау!- деп, бағанадан берi уайыммен отырған Базаралы да жадырап қалды.
Бұл жiгiттер Абайдың әр жайдан шындасып сырласатын досы есептi. Әсiресе, Ербол бес-алты жылдан берi Абайдан айырылмайтын үзеңгi жолдасы боп алған. Сол арқылы Жиренше, Асылбек те Абаймен әбден жақындасып, қысы-жазы көп араласа беретiн. Құнанбай болса, Абайдың дәл осы жiгiттермен достығын сүймейтiн. Сырттан бiрнеше рет қатты сөйлеп:
– Ылғи кешегi жау ауылдардың бөлтiрiктерiн жиып апты. Дос тапқан екен!– деп тыжыртып, жақтырмай жүретiн.
Бiрақ Абай өзi әке мiнездерiн сынағыш болғаннан берi, сол әкеден қорлық көрген елдiң қай-қайсысының болса да, сөз ұғар деген адамдарымен сырласа сөйлесе, әке мiнездерi, ел күйi, көптiң мұңы сияқтыны толық ұғынып, кең түсiне бастаған.
Абайдан екi-үш жастай үлкен болса да, Жиренше, Ербол, Асылбектер бұл кезде әбден жақын құрбы-құрдастай боп ап, өз маңдарындағы үлкеннен, кәрi-құртаңнан есiткен шер уайымды да iрiкпей айтып келе беретiн.
Жалғыз-ақ мұндай бел шешiсiп кеңескен сөздерiне Базаралы бұрын көп араласқан жоқ-ты. Ол өзi осы жұттың бұл өңiрдiң елiне аса қатты тиетiн бiр себебi Құнанбайдан деп бiлетiн. Жол бойы көрiп келдi. Құнанбай оң қараған жуан ауылдар Ырғызбай iшiне малдарын айдап апарып, сонда жан сақтап жатыр. Ал, Құнанбай адам деп санамайтын аз ата, сансыз атсыз көпшiлiк болса, малы қайда барарын, басы қайда қаларын бiлмей сеңдей соғылып жүр.
Өз iшiне талай түрлi ызалы, наразы ойлар жиса да, Базаралы әлi ешкiмге тiс жарып айтқан жоқ-ты.
Ендi Абайдан жаңағы сөздi есiткен соң шешiле түстi. Көп ауыртпалықтың түп тамырларын қазбалап кеп:
– Көпшiлiк сорлы ғой. Санда бар да санатта жоқ. Егесте сойыл соғар, еседе құм қабар. Атаусыз, жоқтаусыз кеткенi ғой. Бүгiн мiне, аппақ сүйек боп қырылғалы отыр. Кешегi "жақсы", "басшы" дегендерiң қайсысының қабырғасы қайысар екен? Көрерсiңдер ертең! Кiм қынжылар, кiм болысар екен!- дедi.
Абай Базаралының өзгеден бөлек мынандай қамқор ойларына iшiнен таң қалды. Жалғыз жүрсе де, Базаралы ел дауын шешен қып айтып, түкпiрлеп ойлап жүрген сияқты. Өзi батыр бейнелi, өзi әншi, шешен Базаралы үлкендер сынынша бiр тентек, сотқар көрiнушi едi. Жалғыз жайылған сыйымсыз. Аузының дуасы жоқ. Ащы тiлдiң тыйымсызы боп аталатын. Қазiрде Абай байқаса, мына Базаралы ол емес.
Жұрт жайын ойлап жабырқау тартқан жастарға Базаралы:
– Жiгiт болсаң, жiгерiң болса, мынау шұбырған елге пана болыңдар. Малың аманда, жаның сақта. Әншейiнде есе бермесе ең болмаса осындай қысылған күнде артығынан үлессiн. Жерiнен жайылыс берсiн. Қыстау қорығынан пана берсiн көпке! Үлеске салсын жиған қорын. Елден ерек аман қалған Құнекең, Байсал, Байдалы, Сүйiндiктер мен тұтас Ырғызбай кiмге тұлға болады? Бар ел жүген ұстап қалып., аштан шұбыратын күн болса тiптi оларды аман да отырғызбайды. Жер мекенiне босып кетуден бұрын, ең әуелi осылардың өзiнде барды ұйпап кетпей тұра ма? Мұны ап-аман қойып, өздерi ауған қояндай құр жосып кетсе, оның тiптi елдiгi қайсы? Қысқасы, ел кетпейдi! Кетсе, тек кетпейдi!- дедi.
Бұл сөздерi барлық жиынды қатты ойландырды. Асылбек, Базаралы дауының кейбiр жерiн терiс деп бiлген.
– Жұт деген киiз туырлықты қазақтың атам заманнан бергi зәулiсi емес пе? Жалғыз бүгiнгi күннiң адамынан боп отыр ма? Сыңар езу кетiп, бiр-ақ жаққа салмақ сап отырсың. Осының оғат!– дедi.
Базаралы дауласайын деген ойда емес. Көңiлiндегi өзi ұғынған наразылық бетiнен қайтқан жоқ. Асылбектiң сөздерiн:" әкең Сүйiндiктен келе жатқан жалтақтық қой!" деп, жақтырмай тыңдады. Асылбекке ажырая қарап, басын изеп қоя салды.
Жiгiттердiң осы әңгiмесi аяқтай бергенде, аязды тыстан үш кiсi кеп кiрдi. Үстерi қар, сақал-мұрттары сiреу болған. Алдыңғы келген сеңсең тымақ көне тонды, ұзын бойлы жолаушының кiрпiгiне шейiн қырау тұрып қапты.
Бұл келген Бөкеншi Дәркембай мен соның екi кедей көршiсi екен. Абай Дәркембайды танып: – Шешiнiңдер, – деп едi. Дәркембайдың жүрiсi тығыз екен, шешiнбедi.
Бұл Дәркембай анау жылы Тоқпамбетте Бөжей сабалатында Құнанбайды атам деп мылтық оқтаған кiсi болатын. Сол төбелестен берi Тобықты iшi болсын, әсiресе, Құнанбай айналасы болсын оның сондағы iсiн есiткен.
Барлық Ырғызбай Дәркембайды содан берi көзге түрткi қып, шетке қағып, қырына ала беретiн. Абай шаруасын сұраған соң Дәркембай iркiлген жоқ.
– Шырағым Абай, қарындасқа қайырымы бар бала деп естушем. Сондықтан кеп отырмын. Болмаса, ана Тәкежандай десем, келмес ем. Басыма күн туып кеп тұрмын. Мынау екi көршiммен үшеуiмiздiң үйлерiмiзде жиыны 20-30-дан тұяқ бар едi. Сол азын-аулағымызбен бiрге пана таба алмай ығып, бүрiсiп кеп отырмыз. Жерiмiзде қылтанақ жоқ. Қойларымыз бұралып бiттi. Қазiр осы Мұсақұлға жеткенше, бес қой үсiп өлдi!- дедi.
– Өй, Шыңғысқа неге тартпадың? Тым құрыса, тау панасы бар ғой!– деп, Асылбек сұрай бастап едi.
– Ойбай-ау, боран Шыңғыстан соғып тұр. Өзi титықтап тұрған мал қарсы баса ала ма? Және Шыңғыс қайда, бiреу қайда? Мынау Мұсақұл, Жидебай әрi ыққа қарай, әрi жақын және иелерi бейiл берсе, бұл Мұсақұл, Жидебай, Барақ сияқты үш қорық – талай қора қойға пана емес пе? Қарын аршысам да, өлтiрем бе! Шидiң iшi қойға пана ғой!- деп бар үмiт қып келгенiм осы едi!– дедi.
Абай Дәркембайдың жайын танып отыр.
– Дұрыс кепсiн! Ал, жая бер! Ендi несiн сөз қып кеп тұрсың?
– Оның рас-ау, қарағым! Бiрақ жаңа кеш бата, сол Мұсақұлға зорға кеп жетiп ек. Алдымыздан Тәкежан шығып, қайта қуды. Қасында әлгi Жұмағұл дейтiн қаныпезер бар екен. Басымызға қамшы иiредi. Кет деп жатыр. Бар талшығымды қырам ба осы мен? Қырар болсам, тым құрса, сен бiлсiн, аш-арық ағайынның опқа түсiп жатқанын сол көрсiн деп келдiм.
Абай Дәркембайдың осыдан арғы сөздерiн тоқтатып, тез байлау жасап, Ерболға қарап:
– Ербол, жылы киiн де, атқа мiн! Дәркембай, ерiңдер мынаның қасына! Осы арадан азық алып кетiңдер! Дiлдә, тұр!– деп, Абай келiншегiне бұйрық етiп:- мына кiсiлер ашықпастай қып, ет, азық әзiрлете бер!– дедi. Дiлдә лезде тұрып, щығып кеттi.
Абай Ерболдан Тәкежанға сәлем айтты. "Қумасын! Қазынасын жемейдi! Мынаның азғана малына жайылыс берсiн және Жұмағұлды тыйсын!" дедi. Ербол тез киiнiп алып, Дәркембайларды ертiп жүрiп кеттi.
Тәкежан бұл күнде Мұсақұлды қыстайтын. Ол Абайдан бұрын үйленiп, сол жылы еншi алып, бөлiнiп шыққан. Қазiр өзi аса малқор да және әсiресе жер қорығыш, қызғаншақ болатын. "Жұрт көзiне түспейтiн жер болса, тiптi осы мына үлкен шешелерiнiң өз аулынан жайылған малды да қуып тастап отырады" деп, барлық көршi малшылар қайран болушы едi. Абай Тәкежанның сол мiнезiн биыл естiп, қатты наразы боп жүретiн.
Көрiссе, суық амандасатын.
Түнделетiп, борандатып кеткен Ербол аз уақытта қырауланып, ызаға толып, қайтып келдi. Қысқалау тығыз қара сақалына қар тығылып, шал беттендiрiп апты. Үлкен, жуан тұмсығы қызарған. Қоңырқай өткiр көздерi жиренiш, ренiш сызын жасырмай бiлдiрiп тұр.
Тымағының бауын шешпей бiр тiзерлеп отырып, сақалының қарын аршып жатып:
– Тәкежаннан күткенше тәңiрден күткен жақсы ғой! Мұсақұл, Жидебай, Бараққа мен мал түсiртпеймiн деп, Жұмағұлды қайта жұмсады. "Сабап-сабап айдап таста Дәркембайды" деп, көзiмше бұйрық бердi. Жұмағұл құдай ұрған, сол сөздi арқаланып, жаңа менiмен iлесе шауып келiп, әлгi Дәркембайдың қойын сойылдап қуып жүр!– дедi.
– Дәркембай ше? Ол ендi қайтедi?
– Түн iшiнде мына боранда қайда барады?
– Қуғында өлгенше, Жұмағұлдың қолында өлсешi!– деп, үйдегi жiгiттер жаман ширықты. Ербол тағы бiр көргенiн жеткiзiп:
– Жұмағұлдай ит болмас, қаныпезер! Елдi қан қақсатып жүретiн атшабарлыққа жаратқан ғой өзiн кәпiрдiң. "Тым құрса, сен аял берсеңшi, таңға шейiн тоқтасаңшы!" деп ем, өзiммен ерегесiп, аузына келгенiн айтты!- деп, тоқырап қалды.
Ербол бар есiтiп, бар көргенiн айтқан жоқ. Тәкежан Абай туралы қатты сөйлеген. Жұмағұл Ерболдың өзiн де сабамақ боп ұмтлған.
Бiрақ сол кезде Дәркембай қаны қайнап, қатты ашуланып: "ендi тек қолың тарт! Болмаса, екеумiздiң бiрiмiз қан-жоса боламыз!" деп, араға түсiп барып, Ерболдан бетiн қайтарған.
Бұл жайларды Абайға айтса: "екi туысқан арасына от тастаған" боп саналатыны бар. Өз басы ондай жанжалды сүймейтiн Ербол мұндайда тартыншақ болушы едi. Абайды ұшқары iстерге арандатпаймын дейтiн. Ондайын артынан бiлiп, неге айтпадың? Деп, күйiп сөйлеген Абайға, бұл сыр ашпайтын. Өзiнше, Абайдың жақсы досын, тату жолдасын " сақтағаным " деп бiлетiн.
Бiрақ қазiр оның iшiне iрiккен үлкен ашуы Абайға ап-айқын боп бiлiнiп тұр. Жолдасына сыр мiнез болғандықтан Абай қазiр айт деп қысқан жоқ. Тек жаңағының ар жағында жатқан басқа зiл бар екенiн таныды да, аса қатты долданып кеттi. Екi бетi бiр сұрланып бiр қарауытып, түнерiп алды. Азғантай уақыт шұғыл ойланып, Ерболға оқтай қадалып, кiрпiк қақпай түйiлiп отырды да, бiр сәтте атып тұрды.
Базаралы, Асылбектер Абайдың байлауын ұқпай аңтарыла қалды. Абай демi дiрiлдеп, тiстене сөйлеп:
– Тұр, Ербол! Менiмен бiрге жүр!– дедi де, өзi шапшаң киiне бастады. Жеңiл күпi кие сап, щарт буынып, қолына қамшы алды да, есiктi қатты ашып атқып жөнелдi. Ербол артынан кеттi.
Қамшы алғаны үйдегiлерге Абайдың атқа мiнбек болғанын бiлдiрдi.
Тыста екi көк ат ерттеулi күйде бораннан ықтап, қораны жанасалап тұр екен. Абай ең жақын тұрған бiреуiн шешiп жатып жолдасына:
– Сен де мiн!– дей салып, өзi лезде қарғып мiндi. Көк атқа қамшы басып, ақ боранның iшiне құйықтыра шауып, кiрiп кеттi.
Бұл кезде Жұмағұл Дәркембайлардың елу-алпыстай азғана қойын шоқтай иiрiп, тiрсекке сабап қуып жүр. Iштерiне талай күннен нәр түспеген. Бүрсең қойлар қашайын десе де жүгiре алмай, ұйлығып, сығылыса бередi. Қойдың жылдам баспағанына зығыры қайнаған Жұмағұл иесiнен бастап боқтық астына алады. Артынан ерiп келе жатқан жаяу шұбырған Дәркембайларды бiрде-бiр құлаққа iлмейдi.
Қуғыннан, бораннан және бүгiн кешкi аш жүрiстен әбден титықтаған төрт-бес тоқты омақата жығылып, тұра алмай да қалды. Дәркембай қаны қайнап, Жұмағұлды ұстайын деп ұмтылып едi. Аты жарау, өзi сырқынды Жұмағұл маңайлатпай жосып жүр. Қойдың бiр шетiнен екiншi шетiне қарай омыраулап кеп тиiскенде, атының тiзесiмен буаз саулықтарды домалатып та кетедi. Жазықсыз жаулық көрген сорлы мал тiлек тiлей бiлсе, бұл түнде мынандай қамалып тұрған қастық ортасында өлiмнен басқаны тiлеместей.
Жұмағұл бағана келгеннен берi боқтықтан тыйылған жоқ. Майбасар старшындықтан түскен соң, Жұмағұл атшабарлықтан да қалған болатын. Пiштiрiлген сәурiктей боп., дiңкесi құрып жүрiп едi.
– Жанжал мен төбелес құдайдан ақсарбас айтып тiлесе де қолына түспей, Жұмағұлдың мысы құрып. Жүр!- деп, жорға Жұмабай мысқыл ететiн.
Бiрақ осы соңғы екi жылда Жұмағұл орнын тапты. Оны Тәкежан жолдас қып алды.
Рас, Тәкежан қолында әмiр, құдiрет жоқ. Бiрақ қыс пен күзде жер қоритын әдеттерi бар. Сонда маңайдағы малы азғана, күшi кем, адамы момын ауылдарға Жұмағұл мен Тәкежан атшабар мен старшыннан кем тимейдi. Малшыларды сабайды, мал қуады, ат ұстап алады. Ағайынды көп жалындырып, жалпетек ететiн талай iстерi бар-ды.
Өздерi онсыз да бәле тiлеп жүрген Жұмағұлдарға Дәркембайларды қатал құдайы өздiгiнен айдап кеп бергендей болды. Бұларға күнi түсiп отырған кiм десеңшi! Ол – әншейiнде Тәкежан, Жұмағұлдың тiстерiн басып жүретiн Дәркембайы.
Жұмағұлды аттандырар жерде, Тәкежан дауыстап тұрып:
– Дәркембайды қолыма бередi екен! Ата дұшпаным Дәркембайды!- деп, кiжiнiп қалған.
Соны есiне түсiрген сайын Жұмағұл арық қойларды бастырмалатып, домалатып кетедi.
Осындай боп, айықпас бораннан да бетер қатты кәрқып жүрген кезiнде, ақ боранның iшiнен шапқылап кеп шыққан екi көк атты көрiндi. Қылаң аттар боран iшiнде дәл жасырынып келгендей бопты. Жұмағұл бұл уақытта аш қойлар мен Дәркембайды боқтағанын мiсе қылмай, тiптi Дәркембайдың арғы атасы сонау Бөкеншiден түсiп, соның атын атап құлдилатып жүрген. Боз аттылар келе бергенде, зiлiн қатайтып, тағы бiр қатқан қойды қағып түсiрдi.
Асығыс жүрген аттылар, үн шығармай, дыбыс бермей тұп-тура қоян-қолтық. Келдi. Не жөн сұрап немесе ашу айтып ұрысқан да жоқ. Тек қана алдыңғы атты екпiндеп кеп, қой мен Жұмағұлдың атының екi арасынан кие бердi де, шылбырдан алды. Жұмағұл ашу шақырып, тебiне түсiп, қамшысын оңтайлай берiп едi.
Осы кезде Абай ақырып жiберiп:
– Аш көзiңдi, жауыз!– дедi.
Жұмағұл Абайды тани бердi. Бiрақ танысы жаудан бетер боп шықты. Үн қатқанша аял болған жоқ. Абай оң қолындағы қамшысын құлаштап қайрып алып, Жұмағұлды қақ бастан тартып-тартып жiбердi. Жұмағұл тебiнiп құтылайын деп едi. Шылбырын Абай сол қолына орап апты, тапжылтпады. Екеуiнде де үн жоқ. Абай аямастан тағы да батырлатып жөнелдi. Қолы қатты. Қамшысы сойылдай тиiп барады. Бұл қорлықты көргенше, өлiп бағайын дегендей боп. Жұмағұл Абайдың өзiне ұмтыла бердi. Бiрақ дәл осы кезiн баққан Ербол әзiр тұр екен. Атын қатты тебiнiп жiберiп, кимелеп кеп, Жұмағұлды жауырыннан ала түстi.
Бұл уақытта:
– Уа, құдай тiлеуiң берсiн!Бәсе, бiр адам баласы да бар шығар-ау! Жанның бәрi қасқыр емес шығар-ау! А, құдай-ай, берi әкпешi!– деп, зар қағып жүгiрiп кеп, Дәркембай да жеттi. Жұмағұлды жағадан алып, бiр-ақ жұлқып, күпсек қардың үстiне доптай түсiрдi. Абай сол арада: "қойды кейiн қайыр!" деп, қатты әмiр бердi. Иелерiне айдатып отырып, қорыққа қайта кiргiздi.
Жақын жерде тұрған үлкен мая бар екен. Соған қарай айда деп бұйырды. Қой маяға жақындай бере, шұбай жүгiрдi. Дәркембай Құнанбайдың қорығына түсумен қоймай, пiшенiне тағы ауыз салғаннан қорқып:
– Қайыр! Қайтар! Пiшенiн жегiзбе!– деп, өз кiсiлерiне айғайлай бастады.
Абай оған да зекiп:
– Тоқта былай! Барсын! Жесiн! Маяға жабыңдар, жарамсақсымай!– деп ақырды. Қойлар тегiс маяға жеттi де, мол пiшенге бас қойды. Жағалай жабысып, қатып тұрып қалды.
– Таң атқанша осы маядан тапжылтпа! Боран айыққанша тыпыр еткiзбе! Бұл жер бұл шөптiң Тәкежан иесi болса, мен де иесiмiн!– деп, Абай бiр жұмысты жайғады да, ендi Дәркембайды қасына шақырды.
– Дәркембай, сенiң екi жолдасың осы қойдың қасында болсын. Айрылмайды. Ал өзiң дереу мынау атқа, мына жер қорығыш Тәкежанның атына мiн де, қазiр шапқылап отырып, осы маңдағы өзiңдей ауылдарға хабар айт. Мен жiбердi де! Шыңғысқа жете алмай, осы жақын маңда қойлары аштан бұралып, қырылып жатқан ауылдар тегiс жүруге жарайтын қойларын алып, азаматтарын сайлап, дәл осы үш қорыққа, Құнанбай қорығына айдап келсiн. Күрек-шоттарын ала келсiн! Қойларын қорыққа салып, қар аршып, жан сауғаласын! Осы хабарды мына жақын жердегi – Торғай, Жiгiтек, Қарабатыр, Бөкеншi барлығына айт! Ендiгi жұтты көрсек, бiрге көремiз! Бар! Шап! Жиып кел тегiс, – дедi.
Дәркембай сол бұйрықпен атқа мiнгенде, Абай Жұмағұлдың кеудесiне өз атының тұмсығын тiреп тұрып:
– Сен ант ұрғанның бұдан былай итаршы болғаныңның алды-арты осы болсын! Бiлдiң бе? Ал, Тәкежанға айт, шыдамаса – өле қалсын! Жуандығы мен кәрi болса, жұтап жатқан қойға, аш-арық елге көрсетпесiн, дәл маған көрсетсiн! Жөнел! Жаяу бар!– деп, бұйрық еттi.
Бағанадан бiр ауыз үн қатпаған Жұмағұл Тәкежан аулын жаяу iздеп кеткенде, Абайлар Дәркембайды өз қолдарынан жөнелтiп жiберiп, ауылға қайтты. Боран әлi бәсеңдемептi. Ендi, тiптi, ышқына соғып, қарсы алдарынан қатты ысқырып, зәр төгiп тұр екен. Майда қар ұйтқып, жабысып, көз аштырмайды. Желдiң соғуына қарап, Жидебайға беттерiн түзеп алып, екi жiгiт жарысып кеттi.
Таң атқанда жел басылып, жауа бораған боран айығыпты. Алыстағы ақ белден жаңа көрiнген күн қып-қызыл екен. Қысылып, қиналып шыққандай. Екi жақтағы сұрғылт бұлттарға қызғылт-сары рең берiп, құлақтанып тұр. Маңайда шаңыт бар. Бiрнеше күн ұдайы соққан қатты жел ендi бәсеңдеп, аяқтап келгенде, жаяу борасындап қояды. Шытырлаған аяз бiлiнедi.
Дәркембай Абай тапсырған жұмысты дұрыс түсiнген. Түннен берi, дәл таң атып, ел тұрғанша тыным таппаған. "Өзiңдейлерге айт!" деген сөздi ол анық ұнатқан. "Малы бардың несi құриды. Қолы ұзынның өрiсi де кең. Сыйластықпен, жегжаттықпен, немесе, тiптi, азын аулақ ақы берумен де Ырғызбайға Құнанбай, Байсалдарға сыйысып кетедi. Бөксе бастыны көргенде., көп көредi ғой. Азын аулақ талшығынан айрылса, шұбырып, қор боп кететiн де сол ғой!" деп, Дәркембай өзi көптен айтып келе жатқан осы сөздерiн Базаралыға да айтқаны бар.
Көптiң күйiн зiлдi қып айтқан Базаралы да осындай кiсiлердiң аузынан анық жайларға мейлiнше қанған болатын. Сол Дәркембай Абайдың сәлемiн ылғи ғана Қарабатыр, Торғай, Борсақ, Жуантаяқ сияқты осы маңайдағы жерсiз, малсыз елдерге таратты. Солардың iшiнде де 15-20 қойлы, 30-40 қойлы әлсiздерге барды.
Мұсақұл, Жидебай, Барақ сияқты үш үлкен қорықты жағалай отырған саны көп, дәрменi азған ауылдарды күншығыс жақтан бастап, күнбатысқа шейiн шарлап шыққан.
Аязды, боранды түнде асығып кеп, терезе қаққан жүргiншi әдеттегiдей суық хабар әкелген жоқ. Үмiт хабарын жеткiзген. Жұрт үш күннен бергi боран туралы: " қолда барды әпкеттi " деп қойған. Ышқынып кеп шуылдай түсiп, терезенi дүбiрлетiп, үскiрiп соққан жел ұйқыны қуған. Кәрi-құртаң жалбарынуда. Шаруа иелерi күрсiнуде. Ер-азамат, қатын-қалаш бел шешуден қалған. Күндiз түнi дамыл алмай, мал қораның iшiн шарлайтын.
Маңындағы төбешiктердiң боз қарағаны болса, шауып әкеледi. Жақын жердегi ши атаулының басын күзеп, қолтықтап келген болады. Тiптi болмай бара жатқанда, онсыз да жаман жыртық қораның төбесiндегi қамысын суырып берген болады. Бiрақ, ол талшықтары қарлығаштың қанаты әкелетiн тамшыдан да әлсiз едi. Арамза туған қойына бере ме? Сүтiн күткен бiрлi-жарым сиырына бере ме? Болмаса, жапа-жалғыз түйесiне асата ма? Қайсысына берсе де қарқ қылмайды. Тек, әйтеуiр соңғы еңбегiн, "өзге өлсе де, осы қалса екен" деген шаруа сүйенiшiне ұсынған болады.
Ауқатты көршi мен жерi жақсы сыбайластан үмiт ету бұл елдерде жоқ.
Дәркембай мына түнде сол сөнген үмiттi сергiте келдi.
Сонымен дәл күн шыға бере, Құнанбайдың үш қорығына қарай жан-жақтан мал шұбырды. Бұл кезде Абай мен Ербол ат үстiнде болатын. Ұзын қорықты жағалап, желе шауып отырып, әр ауылдың шоғырларын қарсы алып жүр. Азын-аулақ қойлар мен төрттi-бестi iрi қараның айналасында қатын-қалаш, кәрi-құртаң, ер-азамат көп-көптен келедi.
Жарап, қатқан қойлардан ажар кеткен. Жүндерi үрпиiп, ұйысып қалған. Жамбастары сарала боп баттасып қалғандары бар. Анда-санда шыдамсыз ешкiлер бақырып-бақырып тұрып, омақасып жығылып та жатыр. Бiрнеше ауылдың өз қыстауларынан осы қорыққа қарай жүрген жолы қадау-қадау белгi қалдырыпты. Ол белгiлер: ұшып өлген ешкi, лақ, арық тоқтының өлiмтiгi. Ақ қардың үстiнде, кең жазықта қарауытып қалып жатыр.
Қой алты күн аштыққа шыдайды десушi едi. Мынау түрлерiне қарағанда бұл малдардың аштығы әбден шыңына жеткен. Көрiнедi. Ендi екi-үш күн өтсе, тегiс жусайтын халде екен.
Қарды бұзып жүретiн мұршалары да жоқ. Сондықтан, бiрен-саран көтерем жылқы мен арық түйенi, немесе жалғыз-жарым сиырды қойдың алдына салып, соған қар бұзғызып келедi. Ашыққан қойлар, алдарында әрең iлбiп келе жатқан ат пен сыиырдың құйрығын жалмап қояды.
Осындай тегiс кем-кетiк, дiмқас болып, iлбiген, сорлы малдың айналасындағы адамдар да жүдеп, салдырап бiткен екен. Қартаң жандардың беттерiнде ажым қалыңдапты. Барлық жүздер қуаң тартқан. Белдер жiңiшкерiп бүгiлген.
Киiмдерi жыртық, жүдең. Бастарына ескi-құсқы ораған әйелдер ғана емес, сақалды ерлер де бар. Аяқтарында, көбiнесе, сырған киiз.
Қорықтың шетiне iлiнер-iлiнбесте, барлық жұрт күрек, шоттарын омбы қарға салып, шидiң түбiн, қорық үстiн аршуға кiрiседi. Абайлар әр топты бiр бiрiнен алысырақ түсiрiп, жер көлемiн кеңiрек берiп жүр. Үш қорықтың бiр қасиетi қалың шилi болушы едi. Шеңгел итмұрын сияқты бұталары да көп. Омбы қар қорықтың шет-шетiнде қалың болғанмен, дәл шилердiң iшiне кiргенде оншалық қатты емес, күпсек екен. Және аршыған жердiң қай тұсынан болса да, қалың шөп шығып жатыр.
Осындай жерлерге жетуге жараған мал тегiс талшық ала бастады. Абай мен Ербол жұрттың көбiн орналастырып болған кезде түс болды. Қорыққа келген ауылдардың жиын саны елуден асты. Тәкежан жалғыз сиырдан қоритын қорыққа, бүгiн түскен қой саны мыңнан асып тұр. Iрi қара көп емес. Неше күннен берi қарды қанша тепсе де, астынан құр тақыр көрiп келген азын аулақ аттар ендi соңғы күштерiн өлмес қамына салып жатыр.
Абай бұл келген елдің бәрін көріп жай-күйлерін сұрастырып, тегіс жайластырып шықты. Бүрiскен мал мен жүдеген жандар бағанадан берi Абайға үлкен ауыр ой салды. Жаз жайлауда, арқа-бас кең шақта. Ғана елдiң iргесi бүтiн, белi бекем сияқты көрiнедi. Мынау жұттың күндерi қалың көптiң соншалық панасыздығын, қорғансыздығын көрсеттi.
Жиырма-отыз қойы бар, үш-төрт қорасы бар үй - қалың елдiң көпшiлiгi. Жыл он екi айда iшерi, мiнерi сол. Сояры, сатары да сол. Киер киiмi, бас панасы да сол айналдырған аз тұяқ. Аман тұрған күннiң өзiнде бұл қандай тапшылық. Ал, бүгiнгiдей қысылған шағында, мынандай апат, ауыртпалық көрген шағында, қаншалық әлсiз, осал. Осы азын аулағынан айрылса, тiрлiк не болмақ? Кешегi "iргелi ел" деген, "жұрағат, жұрт" деген осы-ақ болғаны ма?
Жұт деген жоқшылық, қысталаң, апат деген осындай боп қақ қасына келгенде, Абай ел тiрлiгiнiң барлық қайғылы сорын көрдi.
Өз ойының ауыртпалығы Абайға барлық тiрлiктi соншалық татымсыз, жалған етiп көрсеттi.
Малдарын күресiн қардың арасына тығып, қоянның кеуесiндей оптың iшiн паналаған жандарға жаны ашыды.
Әрбiр ауылдың үлкендерiне соңғы рет қайтадан соғып:
– Тоңғандарың мына тұс-тұсыңдағы ауылдарға барып, жылынып қайтыңдар. Бiр-бiр мезгiл ыстық iшiңдер. Осы қорықтарда отырған ауылдардың бәрi де ағайын ғой. Қумайды. Жасқанбаңдар!– дедi.
Онсыз да малдары үшiн Абайға алғыс айтып жатқан кәрiлер ендi бiржолата жұттан құтылғандай көтерiлiп қалды.
Абай осы бетiнен аттан түспей жортып отырып, үш қорықтағы бар қыстауды аралап шықты. Әр ауылдың Ызғұтты сияқты үлкендерiн және әсiресе, ас иесi кексе қатындарын тысқа шақыртып алып:
– Мынау апатпен алысып жатқан ағайынға қайырым етiңдер! Ауылда неше қазан болса, соның бәрiне ыстық iстеп, күнiне бiр-бiр рет қорек берiңдер!– деп, қадағалап, тапсырып шықты.
Осымен әр ауылдың күтетiн аш-арығы белгiленiп, тұс-тұсындағы түтiндердi меншiктеп алды.
Абай мен Ерболдың ең соңғы келгенi Мұсақұлдағы Тәкежан аулы. Тәкежан өзi жоқ екен. Ол түнде Жұмағұлдың хабарын естiсiмен Абайға бармай, тура Қарашоқыға тартыпты: "содыр, сотқар" Абайдың үстiнен Құнанбайға арыз, шағым әкеткен.
Ендi Тәкежан қорасының алдына келiп, өзi аттан түспей тұрып, Ерболды үйге жiбердi. Қайнысының шақыруымен тысқа шыққан Тәкежанның келiншегi Қаражан тiстенiп, сұрланып келедi. Ұзын бойлы, кесек мұрынды қара сұр келiншек тегiнде зiлдi зәрлi болатын. Өз күйеуiне қыжал мiнез көрсетiп, қысып-қымтап ұстаушы едi. Жас та болса, қытымырлығы айқындап, ас пен дүниеге сараң бола бастаған. Ол мiнезi күйеуiне сай келiп, осы кезде бұл үй тез байып келе жатыр. Ұлжан үйiнiң мол қолдығын ұнатпай, ертерек сөз шығарып, еншiнi тез алғызған да осы Қаражан.
Ол Абайдың Тәкежаннан кiшi бола тұра, жақсы атты жiгiт боп бара жатқанын жақтырмайды. Қызғанып жақтырмайтын. Абай да жеңгесiнiң сол iшiн бiледi. Қаражан тақап келсе де, Абай амандасқан жоқ. Азғана тебiне түсiп, көк аттың тұмсығын түндегi Жұмағұлдың кеудесiне тiрегендей, бұған да тақап қойды. Келген жұмысына тура кiрiстi.
– Күйеуiң менiң үстiмнен шағым әкетiптi ғой. Мен өз жазамды өзiм тартып жатармын. Ал, қазiр саған мiндет тапсырма әкелдiм, соны бұлжытпай орындайсың, бiлдiң бе?
– Не мiндет?
– Мынау маңайдағы ел жұтап, қырылып жатыр. Бас аманда пiшенiңдi шабатын, құдығыңды қазатын, малыңды суаратын, барып-келiңе жүретiн сол ағайын болатын. Қазiр қысылып, басына күн туып кеп тұр. Малдарына жайылыс бердiк. Өз қыстаулары алыста. Күн болса суық. Осы маңдағы барлық ауылға кiсi үлестiрiп берiп келемiз. Бiздiң ауылда 40-50 жан болады! Орын жетпей жатыр. Жаңа өздерiне атап тапсырдым. Сенiң аулыңның тұсында жиырма кiсi бар. Төрт ауылдың адамы. Соларға күнiне бiр мезгiл ыстық iстеп берiп отыр.
– Өй, шырақ-ау, оне дегенiң? Бiздiң үйiмiзде өзiмiз iшерлiк азықтың өзi жоқ?
– Өтiрiк айтпа! Әнеу күнi ақ шомшыдан алғызған үш қап ұның бар. Тiрелiп тұрған бес қап бидайың бар. Соғым етiң бiтпек түгiл, орталаған да жоқ. Барыңды түгел санап кеп тұрмын. Бұл жолы қалжыңым жоқ, бар шыным. Үлесесiң мынау аш-арық жұртпен! Қарсылассаң, жақсы болмаймыз.
– Е, өзiмiз аш қалсын дейсiң бе?– деп, Қаражан қырыстана бердi. Абай қатты долданып, ақырып жiбердi:
– Аш қалмақ түгiл, қырылып қал! Бересiң! Бермей қырыстанып көр осыдан! Күнде кешке кеп тексерiп тұрамын. Орындамасаң, өзiңнен көр! Менi тап осы өңiрден айдатып жiбермесе, сендiк әлiм бар. Масқара қып тұрып көндiремiн! Бiлдiң бе! Қолымнан алатын Тәкежан жоқ. Көзiңдi ашып қара! Орындайсың, сол!– деп қадалып қарап, үндемей тұрып қалды.
Оң қолы ұзын қамшысын қымтып ұстай бастаған екен. Қаражан соны байқады да, жауап айтқан жоқ. Түнде Тәкежан аулының үстiне кеп орнаған Дәркембайлар. Абай жаңа Дәркембайдың өзiн ере жүр деп шақырған-ды. Қазiр сол да кеп жеткен екен. Анадайдан құлақ салып, Абайдың ашулы үнiн естiп келе жатыр.
Қасына Дәркембай келгенде, Абай Қаражанға тағы түйiле қарап тұрып:
– Мiне, сенiң аулыңнан ас iшетiн кiсiлердi мына Дәркембай бастап кеп тұрады. Жалғыз өз үйiң емес, осы ауылда неше түтiн, неше қазан бар, соның бәрiн асқызып отыр. Бар аулың қызмет етсiн!– дедi. Қаражанда әлi де үн жоқ.
Абай атының басын бұра берiп, Дәркембайға:
– Сен бұл ауылдың күйеуi емессiң! Күмiлжiме, бiлдiң бе? Жұмысыңнан келгенде, тура:" ас бер!" де. Бермесе, бөгесе менiң тап өзiме қолма-қол кеп айтып тұр. Осыдан айтпай, жасырып қалсаң, Дәркембай болмай, қатын боп қал!Ұқтың ба?– дедi де, Абай жүрiп кеттi.
Таңертеңнен тыным алмаған Абайлар Жидебайға екiндiде жеттi. Келсе, шешелердiң үйiнде Тәкежан мен жорға Жұмабай тосып отыр екен. Тәкежан түнделетiп шауып отырып Құнанбайға жетiп, ендi Қарашоқыдан Абайға арнап бұйрық әкелген.
Абай Ұлжанның шақыртуымен үйге келдi. Жолшыбай даланнан, шошаладан, ауыз үйден өтiп келе жатып, Абай бұл ауылдың неше алуан қамдарын көрдi. Бар жерге қазан асылып, ыстық iстелiптi. Үш жерге үлкен ағаш келiнi орнатып алып, жұмысшы қатындар келi соғып, бидай түйiп жатыр. Пiскен қазандардан астау-астау көже мен азын аулық ет түсiрiп, үй-үйлерге әкетiсiп барады. Аш-арықты күтуге Абайдың шешесi кiрiскен көрiнедi. Көктемде азық азайған кезде, бiр үйден мол тамақ табу оңай емес. Күту де бiр күн емес, бiрталайға баруға мүмкiн. Сондықтан, бидай түйгiзiп, көже iстеудi өнiмдiрек көрген тәрiздi.
Қарсы үйде бiр кезек боп келген он бес-жиырмадай еркек-ұрғашы, сол ыстық асты iшiп жатыр екен. Абай, астарын қымсынбай iшсiн деп, ол үйге бармады. Үлкен тамға кiрдi.
Келген жерде сәлем берiп, жорға Жұмабаймен амандасса да Тәкежанға қараған жоқ. Екi туысқан суық кездестi. Аз отырған соң, Жұмабай Абайға әкесiнiң сәлемiн айтты. Бiрақ Тәкежан түндегi булықтырған ашу үстiнде көп жайды аңғармапты. Шағымын азғана қып апарыпты. Ол Дәркембайды ғана сөз қылған екен. Мына бүгiн таңнан берi маңайдағы тамам елдiң келiп, ошарылып жатқанын жеткiзбептi. Дәркембайдың өзiн келтiргендi сұмдық көрген Тәкежан, мынандай бәле болар деп, тiптi ұйғармаған-ды. Қазiрде осы ауылға кеп бiлгелi, бiржолата жарыла жаздап отырған.
Жұмабайдың айтуынша, Дәркембайды паналатқанды Құнанбай терiс дептi. "Татымсызға еткен жақсылықтың қайрымы жоқ. Дәркембай менiң басыма бiр кезде қас ойлаған адам болатын. Оның амандығы да өзiне олжа. Абай жақсылық iстейiм десе, досқа iстесiн. Мынаған ара түспесiн! Қайтарсын!"– дептi. Абай бұған көнген жоқ. Және ұзақ жауап та айтқан жоқ.
– Әкем елге өнеге айтар мұсылманмын дейтiн. Мұсылманшылық қаза көрген халыққа рақымшылық етудi фарыз етедi. Тәкежанның дегенiне иланбасын. Мен мұндағы халыққа уағда берiп қойдым. Асырап жатырмын. Ренжiмей рұқсат етсiн!– деп бiр қойды.
Тәкежан тырсиып, күйiп отыр едi. Ұрса жөнелдi:
– Ондай сопы болсаң, басыңа сәлде киiп, Дәркембайға арнап құшыр жисаңшы!
– Қажет болса, құшыр да жиям. Халық қырылар болса, амандығым садаға!
– Ендеше бар әне, ел ақтап кет!
– Оған кетуден бұрын, әуелi өзiмде бар мен сенде барды ортаға шығарып, үлеске салып кетемiн.
– Онсыз да салыпсың ғой! Бiр Дәркембай емес, қырауар елдi қаптатыпсың! Сен бiр өзiң емес, бәрiмiздi қара жерге отыртайын депсiң! Ол ол ма? Ең әуелi мына шешелерiңдi де аштан өлтiрерсiң, бүйте берсең!
– Шешелерiмнiң қамын сен жемей-ақ қой, бiлдiң бе? Менiң аналарым iнде жатқан суыр емес, анау сенiң Қаражан деген сараң қатының сияқты. Барын ортаға сала бiледi. Халық көргендi бiрге көрсе де, қабақ шытпайды. Мен осы кiсiлердiң өздерi тапсырған соң iстеп отырмын. Өзiнiң қарынбайлығын әкеп мұндағыларға пана қылмақ қой. Үйдегенше, осы аналардың тәрбиесiнен садаға кетсеңшi Қаражан екеуiң!- деп, Абай Тәкежанға қатты қадала қарады. Соңғы сөздерi әкенiң балаға ұрысқанындай бiр түрлi iрi, салмақты.
Тәкеженның бұдан арғы айтайын деген жауабын Ұлжан айтқызған жоқ.
– Жә, жеттi! Болды ендi екеуiңнiң салысуың!- деп, тоқтатып қойып, өзi Жұмабайға бұрылды да:
– Сен ендi қайта бер! Абай бұндағы аш-арық ағайынды шақырып қойыпты. Бiз болсақ, барымызды бөле жермiз. Әзiр қысталаң жоқ. Бiз үшiн қиналмасын ондағылар. Берiп жатқанымыз өз сыбағамыз. Баласының абыройын төкпесiн, екi айтқызбасын елге – дедi.
Тәкежан ұрыстан тоқтаса да, шеше сөзiне көнген жоқ. Мойнын сырт қайырып, тымағын кидi де, шығуға айналды. Мұның осы ажарына қарап қойып, Ұлжан қатты сөйледi.
– Әй, сен ана Қаражанға сәлем айт! Аулына барған аш-арықты қыңратқымай оң шыраймен күтсiн, құтырмасын! Ол әкелген мал жоқ! Көзiн ашып қарасын!– дедi.
Тәкежан мен жорға Жұмабай кетiп қалды.
Бұлар үш қорықты түгел аралап шықты. Келген ауылдар мен барлық мал санын көрiп, санап алды да, Қарашоқыға қайта тартты. Ендiгi шағымдары тiптi үлкен болатын.
Қыруар мал мен дүйiм елдi бұлай жосылтып келтiру Абай мен шешелерiнiң iсi емес. Ондайды iстесе, жер-дүниенiң иесi Құнанбай ғана iстеуге болар едi.
Абайдың бұған жеткенi – әкенi елемегенi. "Жер мүлiктiң иесi өзiм" дегенi. Құнанбай Жидебайдағы iстер туралы Жұмабай мен Тәкежан сөздерiн түгел тыңдап алды да, Абайларға ендi ыза болды. Шынында, бұл мiнез ырықтан шығып, құрық әкету..
Әкесiнiң ашуланған пiшiнiн байқап, Тәкежан ырза бола бастады. Томырылған ашумен қатты бұйрық айтар деп дәмеленiп едi. Бiрақ Құнанбай мұның көзiнше шешiлген жоқ. Тек қана: "тыю салу керек" дедi.
Сүйiттi де бұл екеуiн қойып, Жақыпты шақыртты. Тәкежанға:"қайта бер" деп, бұйрық еттi. Келесi күн таңертең Жақып Жидебайға келiп, тағы да Зеренiң үйiнде отырып, Абайға әке сәлемiн айтты.
Әке жағынан екiншi рет кiсi келiптi және үлкен жұмыстар тұсында ауыр бұйрықпен жүретiн Жақып келiптi. Осал белгi емес. Тегiнде, ауыл-аймақ болсын, ағайын ортасы болсын, Құнанбайдың сәлемдерiн әрқашан жiберген кiсiлерiне қарай, салмақтап танитын. Мысалы:"алып кел, айдап кел!" дегендей бұйрық болса, ол Қарабас, Қамысбай сияқты атшабарлар түрiнде келедi. " айтып, бiлдiрiп кел!" десе, жорға Жұмабай пiшiндес болады. Кейде, ондай сәлеммен Құдайбердi, Абай да жүрiп қоятын. " қорқытып ызғар тастап, үйiрiп кел!" десе Ызғұтты, Майбасар боп келедi. " ұғындыр да бағындыр!" десе, осы Жақып шығады. Ол, бiрақ, рулар арасындағы келелi сөзге, iргелi кеңеске жүретiн. Ал, iс тiптi үлкен боп, көп елмен қаржасатын кез болса, ондайда Қаратай шығады.
Мына жолы Жақып кептi. Абай жаңағыдай сәлемшiнiң ауысуына қарап, Қарашоқыдан шығатын бұйрықтың саты-саты салмақтана бастағанын еске алды. Iштей әзiрленiп отыр.
Түсі салқын томсарған, ашулы сияқты. Жақыптың жүзiне қарамай, қырындау отырып, барлық сөздi қиястана тыңдап отыр.
Құнанбайдың бұйрығын айтудан бұрын, Жақып бiрнеше дәлел айтты. Өз сөзi қып айтса да, Абай төркiнiн танып отыр. Әкесiнiң ойы мен сөз тәрiзiн бұл күнде Абай оңай танитын болған. Жақыптың айтуынша, әке бастайтын iс бар да, бала кiрiсетiн iс бар. Екi арасын айыру керек. Балаға әкенiң iсi де абырой әпередi. Әкеден қиғаш кетiп, өздiгiмен кiсiлiк iздеу балаға бедел бiтiрмейдi екен.
Абай мұны мiсе қылған жоқ. Баласының кiсiлiгiн ойлап, абыройлы болуын тiлейтiн әке мiнезi де болады. "Өз ықтиярын, өз әмiрiн баласының мойнына, үнемi кескек қып тағып отырмайтыны да болады " дедi.
Жақыптың екiншi сөзi: жер берiп паналық етсе, қысылып отырған малды-басты ауылдар бар, соған ету керек. Күндердiң күнi керекке жарайды. Мыналар кiм? Бұлардың бәрiн жисаң, тым құрса, бiр аттың сауырын, бiр түйенiң қомың да бере алмайды деген едi. Бұл сөздiң шетiн Жұмабай да айтқан.
Оған Абай тағы да көнген жоқ. Жақыптың айтқанын "құда тамырмен iстейтiн алық-берiк" деп бағалады. Оның аты қайырым емес, жақсылық емес. Көпке мәлiм сауда деп таныды.
Абай дау айтып болмады. Сонан соң, Жақып қатайып алып, салмақ салды.
– Сен өзiң мал иесi, жер иесi ме едiң осы? Сен тапқан не бар едi? Мынау iсiңмен әкеңнiң жиған-тергенiн шашқалы отырған жоқпысың? Осы ауылдағы мал мен Тәкежан қолындағы мал ертең қоса жұтайды. Тым құрса, мына шешелерiңнiң талшығын аясаңшы!-дедi.
Бұл да жаңа сөз емес. Бiрақ кеше Тәкежанға айтқан сөздi Жақыпқа айтуға болмайды.
– Сөзiңiз дұрыс. Мен тегi шешелердiң ырзығын шашып, қиянат етiп отырмын ғой!-деп, кекетiп қойды. Зереге қарап, – ал, мына отырған жалғыз менiң шешем емес. Әкемнiң де шешесi. Мал-дүниенiң шын иесi осы кiсi. Ендеше бәрiмiз де әжемнiң төрелегiне тоқтайық. Не дейдi екен? Қазiр өз аузынан естiңiз!– дедi де, Абай әжесiнiң қасына таман сырғып келдi.
Әжесiнiң бұл күнде өңi қуарып, қатты жүдеген, ажым атаулысы бiр түрлi молайып кеткен. Абай жақындағанда, ол құлағын түрдi. Немересi айғайлап сөйлеп, барлық жайды айтып бердi. Қысқа айтса да, ұғымды айтты. Бұйрық пен байлауды бiр өзiнен күтетiнiн бiлдiрдi.
Зере күрсiнiп отырып, қабағын түйдi де, Жақыпқа қарап:
– Балама сәлем айт! Көп өмiрiм қалған жоқ! Зарлаған аш-арықтың қырғынын көрерiм қалды ма? Жетiм-жесiр, кәрiп-кәсердiң телегей теңiз жасын көрерiм қалды ма? «менi ендi ал» деп тiлеп отырмын жаратқаннан. Жаназаға жиылған жұртты да ас берiп асырайды ғой. Тимесiн, қумасын!- дедi.
Жақып бұны естiгенде iркiлiп, үндей алмай қалды.
Кәрi әжесiн осындай зар тiлекке жеткiзген мiнездерге Абай күйiп кетiп:
– Әнеки, шешенiң қамын жегендерiң шын болса, жылатпасаңдаршы! Қуғызбаймын!- деп, бiр-ақ байлады.
Жақып Зере сөзiнен соң қайтыңқырап қалса да, Абайға ызғар тастап кетпек.
– Не деп отырсың өзiң? Бiреудiң бетiнен алайын дегенбiсiң? Сөзiңнiң аңғарын мен ұнатқам жоқ. Тiлiңе уақып бол.!– дедi.
Абай бұл тұста да ашуынан қайтқан жоқ.
– Не деп отырғанымды түсiнiп отырсыз. Мұндағы жұрт қызыл қарын жас бала емес. Өлмесiн бiлетiн болған. Өз қамын өздерiне ойлатсын да, тыныш жатып анау қызығын көрсiн!– деп салды.
Бұл күнге шейiн Құнанбайға қарсы мұндайлық сөз қатқан Ырғызбайды Жақып көрген жоқ-ты. Абайдың тұспалын ұқса да, қазiр ол жас жiгiттi аса тентек санады.
– Доғар! Доғар, шырағым ендiгiнi! Мына сөзiңдi мен айтып бармаспын! Бiрақ, исi Ырғызбайдың жүрегiн шайлықтыратын суық сөздi сенен есiттiм деп кетермiн! Сол да жетер болды!– деп атқып тұрып кеттi.
Абайдың жаңа кейiндеп кеп айтқан тұспал сөзiнде көп мән болатын. Ол Құнанбайдың осы қыс iшiнде iстеген бiр ерекше мiнезiн ауызға алған-ды.
Жақып кеткеннен кейiн Жидебайға қайта оралған кiсi болған жоқ. Басқа уақыт болса, сөз аяғы бұлай аяқталмас едi. Үнсiз, жым-жырт қалуына да сол Құнанбайдың жаңағы оқшау iсiнiң өзi себеп болды.
Тегi, соңғы екi айдан берi Абай менен Ұлжандар Құнанбайға өкпелi, салқын болатын. Өйткенi, Құнанбай осы қыста жасы алпыстың iшiне кiргенiне қарамай, жас тоқал алған. Жидебайдағы екi әйелi Ұлжан мен Айғыз болса, Қарашоқыдағы бәйбiшесi Күнке болса, солардың үстiне төртiншi қатын етiп Нұрғаным деген қызды алды.
Нұрғанымның жасы Құнанбай түгiл, Абайдан да кiшi. Сондайлық баласынан кiшi қызды аларын Құнанбай үй iшiнiң ешқайсысына бiлдiрген жоқ. Бұл жөндегi әңгiме, байлау Қаратаймен екi арасында ғана болған. Жұмыс басталғанда да оқыс басталды. Бас себебi Қаратай болатын.
Өткен жазда Қаратайдың қатыны өлдi де, кәрi ақылшы қатынсыз жүрдi. Соған Құнанбай бiр күн кездескенде:
– Қатын алуды ойлаймысың? Неге алмай жүрсiң?- деген.
Қаратай бұл жайды өз iшiнен ойлап, шешiп қойған екен.
– Құнанжан-ау, өзiм қатынмын, мен қатынды қайтемiн?! – деп едi. Құнанбай ол байлауын мақұл көрмеген.
– Олай емес қой, Қаратай. Жас күнiңде жолыңдағының бәрi саған қатын. Күтiм керек, көрiк болатын шақ дәл осы кәрiлiк қой. Қатынның шын керегi осы щағың, – деген.
Сүйтiп, Қаратайға қатын алғызды.
Сол Қаратай өзi алған күнi Құнанбайға да қозғау салып, "ендi айтқаның шын болса, өзiң де ал! Саған да сол айтқаның ендi керек. Бардың бәрi баламен, өз қақымен кеттi. Саған ендi "өзiң" деп отыратын оңаша бiр жас иiс керек" деген.
Осының артынан екеуi ақылдасты да, Құнанбай алатын қызды тапты. Онысы Нұрғаным болған.
Нұрғаным – Бердiқожа дейтiн қожаның қызы. Бердiқожа Тобықты iшi емес, Собан арасында, Арқат деген тауды мекен ететiн. Ол бұл арқаға берiде келген. Әуелде Қаратауға Түркiстаннан шығып, көп туысқан шоғырмен келiп едi. Қаратаудан Арқаға көшкен ұзақ жолында осы Нұрғаным бес-алты жасар, кебежеге мiнген бала болатын.
Берi келе Бердiқожаның бiрталай туысқандары Түркiстанға қарай қайта тартып кеттi. Арқаны жерсiнбей және "ақ патшаға бодам болған елде тұрмаймыз" деп кетiп едi. Өзi қартайып балалары жас болған Бердiқожа, азын-аулақ үйлермен қозғалмай қалды. Сыбан мен Тобықты iшiне беделi бар қожа болды.
Құнанбай, Қаратайлармен әсiресе сыйлас едi. Өзi бiрбеткей қыңыр және ойдағысын iрiкпей сөйлейтiн қатқыл мiнездi адам. Көргенi мен түйгенi көп. Дiн жайына жетiк, молда кiсi. Құнанбай сонысын ұнатып, әрдайым әңгiмелес, мәжiлiстес бола беретiн. Сол Бердiқожаның Бурахан деген баласын өз аулына шақырып, бiрталай уақыт қонақ етiп те жiберетiн. Қарқаралыға барған бiр сапарында қасындағы нөкерлерiнiң iшiне қосып, ертiп те жүрген. Құнанбай тегiнде жiгiттiң денелi, бiтiмдiлiгiн ұнататын. Бурахан аса сұлу және денелi жiгiт едi. Соның тұлғасын тамаша етiп, бiр күнi:" бiр үйдiң iшiне жүз кiсi кем-кетiктi жиып, соның ортасына Бураханды кiргiзiп отырғызып қойса, аналардың кемдiгi көзге көрiне ме?"– деген. Осындайлық бiтiм-тұлғасын ұнататын жiгiтiнiң бiрi Базаралы. Жiгiтекпен азғантай татулық шағы болса, Базаралыны да мақтай беретiн.
Сол Бураханның кiшi қарындасы Нұрғанымның басы бос екен. Өзi жас та болса, кесек, iрi денелi, нұр жүздi болатын. Әсiресе толқынды қою шашы мен бет бiтiмi бөлек. Жүзiндегi әдемi қызылымен қатар, бет тұлғасы да сұлу. Шошақтау бiткен, үлкен қара көздерiнде аса бiр қайратты ашудың және естiлiктiң оты болатын.
Осы Нұрғанымды Қаратайдың ақылымен Құнанбай тоқалдыққа ұйғарды да, Бердiқожаға кiсi салды.
Көп қатын алу әзiрше өз тұқымына салт болмаған қожа әуелде үркiп кеттi. Және Нұрғаным мұның жақсы көретiн баласы едi. Өзi ерке, тентек қыз болса да көп қақпайтын. Құнанбай сәлемiн есiткен жерде, Бердiқожа томырылып қалып
– Е, мен баламды кәрi Құнанбайға кiшiлiкке берушi ме ем?!– дедi. Бiрақ, әкенiң бұл арынына Қожаның өзге балалары жiбермедi. Бастығы Бурахан боп салмақ салып, екi-үш күнде көндiрiп бердi.
Құнанбай аулына жиi барып, ат мiнiп, ойын-сауық салып қайтып жүретiн Бурахан, қарындасын берiп, туысқан болуды қатты ұнатқан-ды.
Бердiқожаның көнген хабарын алысымен, Құнанбай қалыңмалды, жыртысты бiр-ақ жiберттi. Сүйтiп, осы бiр қыстың iшiнде Нұрғанымды алып та қойды. Ұлжан мен Айғыз жаңа тоқал хабарын Күнке жiберген сәлемшiден естiген. Ұлжанның өз басы бай қызғанайын деген ойда болмайтын. Ер жеткен төрт ұлы бар. Және немере сүйе бастаған тоқтамды ана. Құнанбайды бұл күнде бай деп те санамайтын. Ол балаларының әкесi. Көп өмiрi, көп азабы, көп машық мұңы табыстырған жай ғана туысы сияқты. Содан басқа сезiмдер суалғандай едi.
Бiрақ сонда да ол Құнанбайдың қатын алғанына қарсы болды. Жорға Жұмабайды шақыртып ап: "бiздiң тiлдi өмiрде бiр ескеретiн болса – алмасын, ренiш туады. Балаларынан ұялсын, олар ренжидi" деген.
Ұлжан өзi естiген хабарды Абайға айтқан едi. Сонда Абай бiр түрлi қатты түршiгiп, жиренiп кеткен. Әкесi туралы аса қатал сөйлеп, сынап кеп: "әке деп сый көруден қалсын. Бiржолата жат болсын деген мiнез ғой. Осыншалық қыруар жанды адам құрым санамаған ғой. Шешемен неге ақылдаспайды? Өмiр бойғы жолдасы сендермен неге санаспайды? Бiзден кiшi қыз алып отырып, солар ұялар-ау деп, бiздi неге ойламайды? Құптамаймын! Қайта кiнәлаймын Сен де мақұлдама! Әйтеуiр, бiздi адам санамаған жан ғой. Отқа түссе де, жалғыз өзi барып түссiн. Ренжiтiп кеткенiн бiлiп кетсiн! Айтып жiбер!" деп, шешесiне Жұмабайды өзi жеткiзiп берген.
Құнанбай Ұлжан сөздерiн естiген соң, Күнкемен сөйлестi. Оған бiраз жылы ұшырап: "өзгелер ақылсыз болды деп, сен желiкпе! Сен ақыл тап та, мендiк бол!" деген.
Күнке әрқашан бұқпа есепке бейiм тұратын: Ұлжанның балалары көп. Оларға болысып отыратын Зере де бар. Сол себептi Жидебайдағы ауылға Құнанбайдың қырын қарап жүргенiн әрдайым өзiне пайдалы көретiн. Әсiресе, Ұлжанның айналасындағы үбiрлi-шүбiрлi молдықты, кеңдiктi сүймейтiн. "түбiнде солар көктейдi-ау! Артық үлес, үлкен сыбаға әкетедi-ау!" деп, үнемi қызғанумен болатын.
Мынау үлкен iс байының өмiрi үшiн, тiптi өзi үшiн де өзгеше болатынын Күнке бiледi. Басында көнбейтiн боп, наразылыққа беттеген.
Бiрақ сол наразылығының үстiнде де Ұлжанды бақты. Егер бұл тулап, байды үркiтiп жүргенде, Ұлжан көнiп қойса, жаман болады. Байдың сүйенiшiнен бiржолата айрылып қалады. Сол себептi, өзiнше қулық ойлап, Ұлжан жағына түрткi салған. Ол жақтан ойдағыдай қарсылық келдi. Құнанбайды күйдiргендей наразылық айтыпты. Ендi бұл тұста Ұлжан арқылы келетiн Күнкеге деген қауiп жоқ. Соны ойлады да, Құнанбаймен шындасып келгенде, Ұлжанды жамандап шыға бердi. Өзi кең ақыл болған боп рұқсат еттi. Және "Нұрғанымды өз қолыма әкеп түсiр! Менiмен бiр болсын! Ұлжан күн көрсетпес " деп, тiптi қамқор боп та шықты. Сол Күнкенiң дегенi болды да, Құнанбай Нұрғанымды Қарашоқыға келтiрдi. Бiрақ осының орайына екi айдан берi Жидебайға қатынасқан жоқ.
Сүйтiп Жидебайға Жақып пен Жұмабайларды келтiрiп жатқан iстiң кезiнде, Құнанбаймен үлкен аулы араздық халiнде едi.
Жақыппен сөйлескен сөздiң аяғында Абайдың тұспалдап, түйреп өткенi осындай ескi жара болатын. Күйзелiп жатқан көршi елдiң ауыр күйi соған кеп қосылған. Iштi-тысты екi жараның уыты бiрiгiп кеп, Абайды осылай еткен.
Әлденеше айға бергiсiз боп созылған он бес күн өттi. Шаруаларды күйзелте бүрiстiрген ауыр қыстың аяғы осы болатын. Биылғы жұтты халық соңғы қардан, ұзақ бораннан көрдi. Әсiресе, осы көкек пен мамыр арасында көрдi. Көктем айы деп санайтын мамыр соншалық сұрапылдай тигендiктен, жұттың атын "мамырдың жұты" деп, бұрынғы жұттардан бөлек санады. Кейде "ақ қардың" жұты дейтiн. Онысы да мамыр iшiнде жауған соңғы қарларды атағаны.
Кедей көршiлер Жидебайға кеп тығылғанға он бес күн өткен соң, күн жылынды. Оңтүстiктiң жылы желi, ескегi соқты. Осыдан бiр ай бұрын соқса, жұрт оны "жыл әкелдi", "игiлiк әкелдi" деп, қуанышпен қарсы алар едi. Биыл қуанта алған жоқ. Бiрақ, сонда да қалғанды құтқара келдi.
Абай мен Ұлжан Құнанбай бұйрығынан құтылған соң, бар ынтасын көптi күтуге жұмсаған. Солардың малы мен өз бастары бұл екеунiң ерте-кеште дамыл алмай ойлайтын мiндетi боп алған. Абай күн ұзын ат үстiнде жүрiп, қатты жүдедi. Қап-қара боп, тотығып та кеттi.
Бiрақ Дәркембайларға арналған еңбегi мен бейiлi текке кеткен жоқ. Елу ауылдың мың жарымдай қойы мен барлық iрi қарасы шетiнен жан сақтап, аман қалды.
2
Көктемнiң ескегi соға бастасымен, маңайдың қары ағыл-тегiл тез кеттi. Бiр ғана қорық емес, адырлар, далалар да әр жерiнен ойылып, қарауыта бастады. Мезгiлiнен асып, ұзақ жатып қалған қар ендi тiптi асыға жөнелгендей болды. " Жер аяғы кеңiген." дегендей уақыт келдi.
Күн көзi де әбден жылынып, аспанда жазғытұрдың ақ мамық бұлттары жөңкiлiп көштi. Жидебайға жиылған ел осы уақытта өз қыстауларына жетуге асықты. Iшi аман қалған саулықтардың алды қоздай бастаған. Өзгеге пана тапса да, өз төлдерi бар мынау ауылдар жас қозыларға пана таба алмас едi. Қауырт шұбап келген ағайын, ендi бiр-ақ күн iшiнде сөз байласты да, тезiнен қайта серпiлдi.
Кетер кезде барлық кәрi-жастың Зере мен Ұлжанға айтқан алғысы ұшан-теңiз болды.
Қонақтар сейiлiп болған күнi, Ұлжан қысқы соғым мен сүрдiң тақа бiткенiн айтты. Кәрi қойшы Сатай да осы күнi бұл ауылдың өз шығынын есептеп кептi.
Көп қойдың күрек аршуы ойдағыдай болмаған. Сондықтан, дәл он бес күн екi жүз қойды әкетiптi. Абай атқа мiнген сайын, қыстау маңында өлген қойлардың саны молайып келе жатқаның байқаса да, ауылға айтып келмеушi едi.
Үш қорықтың иелерi боп отырған бес-алты ауылдың iшiнде мұндай шығынды көрген жалғыз осы Жидебайдағы ауыл. Тәкежан болса, қолдағы малынан жалғыз тоқты бермей, аман шықты.
Жұт көлемiн халық атаулы тек қыстаудағы малдан айырмайды. Қар әбден кетiп, жер дегдiген кезде отардағы жылқы қайтты. Анық сор көрген жануарлардың ажары осы жылқыда болатын. Талай күн бойында iлбумен ғана жүрiп, Жидебай тұсына жеткен Құнанбай қосы сан жағынан бiрталай кемiп қапты. Әсiресе шошытатын жылқының түсi. Нелер аппал айғырлар мен сақа биелердiң өзi де алты айлық аурудан тұрғандай көлеңкесi ғана қалған. Жүндерi ұзарып, үрпиген. Аяқтары жуандап, сүйек-сүйегi адырайып кетiптi. Тарамыс, шандыр атаулысының бәрi бiлiнiп тұр.
Жылқы iшiнiң тағы бiр жат көрiнiсi – арасында құлын жоқ. Аман қалды деген Құнанбай жылқысы мен барлық Ырғызбай қостары және бiрен-саран Сүйiндiк, Байсал, Байдалы ауылдарының қостары. Бiрi артынан бiрi iлесiп, жылжып, сырғып келiп жатыр. Бәрiнiң халi де мұсылман кiтаптары суреттейтiн мақшар күнiндей.. Адамзат өлшеусiз ұзақ заман көр азабын шегiп жатып, ақырет күнi кебiндерiн жамылып, көлеңкедей қалт-құлт етiп бой көрсетедi деушi едi ғой. Мына жылқы тегiс сондай екен.
Құнанбай мен Байсалдар осы қостардың аман қалуына бар күштерiн салған. Атраптағы жерi тәуiр, азғана руларға қыс бойы шапқыншы айдап шыққан. Қостарын қалың қардан қашырып, бiр күзектен екiншi күзекке салып отырып, әйтеуiр iрi жағын аман сақтап қалыпты. Артық та болса, қолға жеттi. Қыс кеттi. Ендi қайтадан қатарға кiрдi. Мұның аты "амандық". Өйткенi, өзгеге қарау керек.
Басқа рулардың қостары өз халдерiн осылай деуге жараса, тiптi жұт көргемiз жоқ дер едi. Шынында, көп-көп қостар көз ұялтарлық боп, жұрдай боп келдi. Қос деген, Тобықты iшiнде мың жылқыдай мөлшердi бiлдiретiн болса, Торғай, Жуантаяқ, Топай, Жiгiтек, Бөкеншi сияқты елдердiң бiр қосынан қырық-елу, жетпiс-сексен ғана мiнгiш қалғаны бар.
Көп елдi шошытып, жағасын ұстатқан., таңдайын қақтырған. Сұмдық апат содан бiлiнетiн.
Әркiм өз аулы, өз жайының күйiгiне кеттi. Бiреуге бiреудiң қатынас хабары да азайды. Көп ауылды жайратып, үй жығып кеткен дауылдың артындағы хал сияқты. Арық-тұрағын күтiп, көктемнiң қара суығынан аман алып қалу шарасы жалпақ елдi жаппай басты.
Жылқы қамынан аман болған Жидебайдағы ауыл ғана. Қостар келiсiмен Құнанбай Шыңғысқа айдатып алып, барлық ендiгi күтiмдерiн өзi басқарған.
Күн әбден жылынды. Көк те шыға бастады. Ендi Жидебайдағы қыстаудың айналасындағы жемтiк иiстенiп барады. Күн асқан сайын соның өзi бiр дерт әкелетiн сияқты, Ұлжан осыны ойлап, киiз үйге шығып қыстау басынан жылжып қонайық деген.
Ертең таң атысымен жүк шығартуға бұйырып едi. Бiрақ дәл осы күнi кешке Зере сырқаттанды.
Кәрi әженiң сырқаты бiлiне салысымен қысып кеттi. Басында ыңқылы күштi боп тынысы ауырлап келiп едi. Келесi күнi дәрмен азайып, өздiгiмен қозғала алмайтын болды. Абай мен Ұлжан қатты сескендi де, Зеренiң қасын күзеттi. Сусыны, төсегi, бар күтiмi екеуiнiң ғана мойнында. Өзге жанды көп кiргiзген де жоқ. Жұрт аяғын ауырлайды деп, үй iшiн оңаша ұстауға тырысты. Зере науқасының келесi күнi түнiнде Ұлжан енесiнен күдер үзе бастаған болатын. Абайға айтпастан Қарашоқыға кiсi жүргiздi. Сүйтiп, түн бойы ұйықтамай күзетiп отырған келiнi мен немересiне Зере таң алдында ең соңғы рет көз салды. Әжесi көзiн ашқанда Абай үмiттенiп қалып, қадалыңқырай түстi. Науқас ана бiрдеме айтайын деген тәрiздi. Ол ажарын Абай өзi таныған жоқ. Ұлжан байқады. Екеуi де қатар сырғып, жақындай түсiп төнiп келгенде, Зере бiр нәрсенi сыбырлай бастады.
Дене күшi бiтсе де, ойы сап-сау.Тек үнi әлсiз.
– Өнегем... Болса... Тiрлiгiмде көрсете алдым ба, жоқ па? Өсиетiм болса... Құлағым, тiлiм барында айтып болдым ба, жоқ па? Қайтейiн! Ендi қайтейiн! Бүгiн мынау әлiм бiткен шағымда, не дәме етесiң екеуiң! Не күтiп маған телмiресiң?– дедi. Осы сөздерiн көп қиналып, ұзақ айтып едi.
Сөйлету зорлық сияқты. Бiрдеменi айту да орынсыз. Абай екi қолын төсiне қойып, әжесiне тағзым еттi де, басын идi. Өзiнше: "бар жүрегiмнiң құрметi, әулиедей ана, саған арналған" дегенi. Сүйтiп аз отырды да, әжесiнiң екi қолын ұстап кiшкентай алақандарына бетiн басты. Иiскеп сүйiп отырғанда бiрнеше ыстық тамшылары да сол әлсiз жүдеу алақандарға тамып едi.
Әжесi тағы да сыбырлап:
– Қарағым... Жалғыз қарашығым!– деп, Ұлжан жаққа қарады да, – анаңды күт!– дедi.
Осыдан кейiн тағы бiр толастан соң:
– Ішiмнен шыққан жалғыз едi ғой. Жалғызға топырағым бұйырсын!– дедi. Бұл сөздi тiптi ап-анық айтты да, қайтып үндеген жоқ, көзi тағы да жұмылып кеттi. Жаңаға айтқаны Құнанбай екенiн Абай да iлезде түсiндi. Сол сөздi бастай бергенде, Ұлжан басын изеп: "тыныш болыңыз, орындаймыз" дегендей белгi еткен.
Қадiрлi ана осы таңға жетпей қайтыс болды.
Абай мен Ұлжан таң аппақ атқанша үн қатқан жоқ. Зеренiң дана жүзiне мүлгiп, жүдеп, қадалып отырды. Екеуi де жаңа ғана қатарынан ғайып болған ана туралы өз шерiмен, өз ойларымен болып, бар дүниенi ұмытқан сияқты.
Абайдың өзi ес бiлгелi шын жақын жанның өлiмiн көргенi осы. Кәрi анасының қазiргi жүзi көкшiл сұрғылт тартса да, бiр түрлi бiр зор тыныштыққа жеткен тәрiздi. Өлiм емес, қиналу емес. Қайта көптен көксеген арманына жеткендей. Соншалық ырза және мейiр шафқат нұрын тапқандай.
Күн шыға бергенде, барлық ауыл хабарланып, бала атаулыға шейiн тегiс жиналып келген едi. Немерелерi мен келiн-кепшiк үнсiз жыласты. Көршi-қолаң, малшы атаулы да шын күйiнiп, ауыр-ауыр күрсiндi.
Осы таңертеңде Қарашоқыдағы, Шыңғыстағы көп туысқан да кеп жеттi. Алдымен келген Құнанбай, Күнкелер болатын. Қалған Ырғызбай да осы күнi түске шейiн түгел келдi.
Бұл өлiмдi барлық жұрт тегiс ауыр алғанмен, жыласқан жоқ. Үндемей күттi. Келесi күн жаназасы болғанда әнеугi елу кедей көршiлер де тегiс келген екен. Көп қауым боп, түгел ардақтап қойды.
Құнанбай мен Күнкелер Зеренiң жетiсiне шейiн Жидебайда қалды.
Әжесiнiң артын күткен кезде мұншалық көп қара құрықтың болғанын Абай өзi ұнатпаған. Бұ күнде ешкiммен сөйлескiсi де келген жоқ. Зеренi қойып қайтқан күнi кешке, әжесiнiң төсегiне отырып алып, құран аударуға кiрiстi. Анасының аруағына арнайтын дағдылы "құран хатымды" молдаға оқытпай, өзi оқитын болды.
Бiр жұма бойы сол құранды екi аударып шықты. Осы күндерде ас үстiндегi бiр әредiкте Құнанбай Абайға:
– Жай аударады екенсiң!– деп едi. Абай жауап айтқан жоқ. Құнанбай мұндайда үш-төрт аударып тастайтын, сыдыртқыш молдаларды есiне алып айтқан. Абай болса, iшкi себебiн айтқан жоқ. Ол жылдам оқи бiлушi едi.
Абай анасына сауап болсын деп құранды өзгеше ықласпен, асықпай, соншалық мүлгiп, мiнажат қып оқиды. Құранның кейбiр парасының үстiнде ұзақ отырып қап, жалғыз, жасырын ойлар да ойлайды.
Онысы – әжесiнiң адамшылық, қасиеттерiн жоқтау едi. Өз iшiндегi адал алғысын бағыштау да дұғалық, тiлек есептi көрiнетiн.
Осы жетi күн iшiнде, үй оңаша қалған бiр шақта Абай Ұлжанның бiр сөзiн үлкен ықласпен тыңдады.
Шешесi көзiне жас алып отырып, өз-өзiнен:
– Анаң, ана-ақ едi-ау жарықтық! Осы кiсiнiң өсиетi, тәрбиесi болмаса, мен де бiр түйiлiп қалған қу түйiндей үндемес қатыбас болар ем. Сен екеумiзде қарызы бар едi. Тым құрса аруағы ырза болсын. Артын жақсы күтейiк!– дедi.
Абай өз шешесiнiң де қартайып қалғанын байқады. Мұның да мейiрiмдi жүзiнде ой ауырлап, уайым қалыңдапты. Айтқан сөзiн құп алды да, үндеместен бас идi.
Зеренiң жетiсi толып, құран хатым болған соң., Құнанбайлар қайтып кеттi.
Аз уақытта, жылдағы дағды бойынша, жұрт жайлауға көштi. Абай әжесiнiң қырқына шейiн, тысқа шықса, ертелi-кеш анасын жоқтап, зар өлеңдер айтады. Тау басына шығып, даланы кезiп жүрсе де, анасына бағышталған мұңды ойлардың қасiрет жырлары орала бередi.
Әсiресе Шыңғыс асып, көп елдiң күйiн көргенде, бiр түрлi жат, жаңа дерт тапты. Байқаса, бұрынғы қыруар елдер кiшiрейiп, бiр-ақ уыс болып қалған. Өлкеге сыймайтын малдың орнына оқта-текте көрiнетiн, шашылып жатқан бестi-онды ғана қара бар. Малы аз болған соң, талай ауылдар бiрiгiп кетiптi. Шыңғыс сыртының ен қоныстары, мол адырлары, иен жайлаулары көбiнше қаңырап тұр. Сонымен қатар ел iшiнде күңiрену көп. Жоқ-жiтiк, қайыршы көбейiптi. Абайдың өз анасы өлгенде, ел ана да төсек тартып, дертке шалдыққан сияқты.
Осыны көрiп, ойланған сайын Абай өзгеше бiр айықпас зарға батты. Қаралы көңiл ашылмастай боп екi иығынан басып алды. Үстiне киген киiмге, мiнер атқа, iшетiн асқа да бейiлi жоқ. Көп адаммен тiл де қатпай, үнсiз боп барады. Бiрақ, ендi өз анасы Зеренi ойлаумен бiрге, халық деген ананы қатар ойлап кетедi. Әрберден соң екi шер бiр қосылып, бiр жырға, бiр зарға айналды.
Абай әжесiнiң қырқына жеттi. Жайлаудағы көп ел жиылып, Зеренi соңғы рет естерiне алды.
Ұлжан Абайдың осы уақытқа шейiн аса бiр қатты ойға түсiп, азып кеткенiн байқап жүрген. Әженiң қырқын берiп, жұртты таратқан соң, баласын оңаша алып отырды да:
– Сен осы бiр қалың шыңға батып кеттiң-ау! Жүдеп кеткенiңдi байқаймысың? Жас адам уайым соңына өйтiп сарылса, пайда таппайды. Ендi тоқтал. Бойыңды жи. Ерболды шақыртып ал да, атқа мiн, ел қыдыр. Сергiп қайтшы!– дедi.
Ербол Абайға келгенде Асылбектiң бiр сәлемiн ала келдi. Бiрталайдан бергi сыйластық бойынша, Сүйiндiктiң Асылбегi Абайды қонаққа шақырыпты.
– Шешесi қайтыс болғалы үйден шықпады ғой. Бiздiң ауылға келiп, қонақ болып қайтсын!– дептi. Сонымен екi жiгiт Сүйiндiк аулына сый қонақ боп келдi.
Баяғы Жәнiбекте, сол белгiлi әдемi көк өзекте отырған ауылға Абайлар жақындап келгенде, үй сыртына бұларды қарсы алып Асылбек, Әдiлбек шықты. Қастарында Дәркембай бар екен. Қонақ жiгiттер әуелi Сүйiндiктiң үлкен үйiне кiрiп, сондағы кәрiлерге сәлем бердi.
Бәйбiшесi мен Сүйiндiк осыдан он шақты күн бұрын, Зереге бата оқып қайтқан. Қазiрде Ұлжанның денсаулығын сұрастырып, аз сөйлесiп, амандық бiлiстi. Содан кейiн: "жастар кең отырсын. Еркiн сауық етсiн" деп, Асылбектiң отауын әзiрлетуге бұйрық берiстi.
Отау онсыз да әзiр едi. Абайлар сонда келдi. Тыста да, отауда да Абайды көрген үлкен-кiшi жылы сөйлейдi. Сыйлағысы келгендей. Соның бiрi Асылбектiң келiншегi Қарашаш. Үлкен жағынан, әсiресе, сондай жарқын жүзбен қарайтын Дәркембай. Ол Зеренiң аруағынан айналып, Ұлжанды мақтап, Абайдың кiшкене балаларының аттарын атап, амандықтарын сұрап, оралып жүр. Жазғытұрғы жұттан берi Абайды аса жақсы бiлген Борсақ, Бөкеншi бұл ауылда бiрталай адам екен. Бәрi де Жидебай, Мұсақұлдың қонағы боп өткендер. Бәрiнiң де қазiргi ажарында ырзалық пен алғыс, құрмет бар.
Борсақтың бiр шалы:
– Шырағым, жұрт көрген жұттан аманмын деп отырмын. Қарыздарым – бiр құдай, содан соңғы – өзiңсiң!– дедi.
– Құдайға шүкiр! Сауын мен аққа ешкiмнен олқы емеспiз. Тiптi сол он бес күн iшiнде қорыққа тығылған елу ауылдың бәрiн байқадым. Өздi-өз ортасында анық күйлi дәл солар бопты!- деп, Дәркембай да шаттанып сөйледi.
Үй iшiнде Абайға сыпайы амандасқан Қарашаш аса бiр жақын жанның iлтипатын сездiредi.
Бұрынырақ бiр кезде Абайға сырттан томырылып, ызалы боп жүрген Әдiлбек те қазiр ол мiнезiн ұмытқан сияқты. Өзi жүрiп, есiк ашып, Абайдың қамшысы мен тымығын кереге басына өз қолынан iлдi.
Бұл ауылдағы осындай барлық бейiл, бар ажар Абайға дәл бiр өз туысының, жақын жанының үйiне келгендей жылылық, достық, белгiсiн бiлдiрдi. Тегiнде, Жiгiтек, Көтiбақ сияқты өзге жақын елдермен салыстырғанда, Абай Бөкеншiнi әрқашан артық көрушi едi. Бұл ауылдардың адамына өзгеше бiр мiнездiлiк пен адал момындық бар. Және жақсы көрген адамынан қолда барын аямайтын шыншыл бейiлi бар.
Қонақшыл жастардың жақсы отауында үш күн бойы ән салып, сауық жасап жатқан кезiнде Абай жаңағы мiнездi әсiресе Асылбек пен Қарашаштан көрдi.
Асылбектi Абай көптен берi "Асыл аға" дейтiн. Сол Асылбек бұл күндерде Абайға аса бiр сүйiктi, жақын аға боп кеттi.
Бiрақ осы күндер бойында Абай ән салып, қалжың айтып, келелi кеңес те сөйлеп жүргенмен, өз iшiнде жабырқау. Ол жайын өзге жанға сездiрген жоқ.
Соншалық қадiрлi, ыстық көрiнген Сүйiндiк аулы Жәнiбекке келе берген кештiң өзiнде-ақ Абайға бiр толқын салған "арман!" деген аты бар, орны толмас бiр жара. Кеудеден оқ өтiп кеткен жер сияқты өшпес, бiтпес уайым. Бәрi де бiр Тоғжанның ардақты атымен, нұр жүзiмен, шыншыл таза жүрегiмен байланысқан мұң болатын.
Абай ең алғаш келген күнi Сүйiндiктiң үйiне кiрген жерде сол "жарын" жоқтады. Бар дүние орнында. Бар адам сол халiнде. Бұл жерде, бұл маңда Тоғжан жоғын бiлсе де, Абайға мынау ата-ананың үйi қазiр әкеп, Тоғжанын да көрсететiн сияқтанған. Есiк ашылса, сол кiрiп келетiн сияқтанып, үйде отырған шағында, құлағына алыстан шылдырлаған шолпы үнi келгендей болатын.
Асылбек отауына қарай басып, ең алғаш табалдырықтан аттап кiрiп келгенде, Абайға осы отаудың оң жағы тағы да бiр бақыт шымылдығын көтерердей көрiнген. Сол ақ жiбек шымылдық, сол биiк сүйек төсек, сол жасау, тегiс орнында. Сондағы достар қолымен, мынау Қарашаш, Ербол қолдарымен тықырсыз ашылған, бөгетсiз достық есiгi де мiнекей.
Аса сырлас, нәзiк жақын болып, Абайдың көп барлайтын Қарашаш та мiне. Бiрақ бұл күнде достықтың осындайлық ыстық ұясының бәрi де дәрменсiз. Абай өзi қандай шарасыз болса, олар да сндай. Тоғжан жоқ.
Өмiрде әсте ұмытылмас, қадiрi кемiмес жақсы Тоғжан Абай жүрегiн осы күндерде тағы да бiр өзiне тартты. Ендiгi - сағыныш пен өкiнiш. Әлдеқайдан қабысқаны белгiсiз, бiрақ, жақында Абайды сондайлық жүдеткен ана уайымы мынау жердегi, мынау шақтағы сағыныш уайымымен жалғасып, бiрлескендей болды. Екеуi де жазықсыз тазалығымен, адал шындығымен табысса керек.
Сыртымен ән салып, қалжың айтып қойса да, Абай анық байқаған көзге жиi-жиi жабырқай бередi. Үндемей күрсiнiп қалады. Бұл үйде жас жiгiттiң дәл осы күйiн iштей танып жүрген Қарашаш қана. Ол Абайдың күрсiнуiнде өзгешелеу терең күйiк бар екенiн байқайды. Жас жiгiт кәрiлерше "аh-уh" демейдi. Бiрақ ақырын күрсiнгенмен, демi дiрiлдеп барып, кеудесiнен лықсып шыққандай болады. Өксiк сияқты, жалынды леп бар. Көп жылап қиналғанның артынан келетiн дәрменсiз күрсiн тәрiздi.
Қарашаш кейде Абайға қабақ шытып қарайды да, жаны ашиды.
Үшiншi күнi үйдiң бiр оңаша кезiнде Қарашаш өз төсегiнiң жанында тұрып, Абайға:
– Абай, қалқам! Осы сен менiң Еркемдi ұмытпағансың-ау! Жайлауынан ел кеткендей, иесi кеткен жұртқа келгендей болдың ба? Байқадым-ау, мен соны!– деп, аз ғана қызарды да, сыпайы жүзбен күле қарады.
– Жеңеше, рас! Таныдың несiн жасырам! Көңiлiң сол күнде де жүйрiк едi. Дос жүрегiң әлi орнында екен. Сондықтан таныдың ғой. Бiр сәтiн ұмытсамшы! Барлық көргенiм көз алдымда. Көңiлiмнен арылмайтын бiр ой бар. Тоғжан кiрiп келiп маған деген өкпе-назын айта жөнелетiн сияқттанады да тұрады!- дедi.
– Екеуiңнiң жолың да, жөнiң де бөлек едi. Қимаймын! Еркем сорлы ненi айтпап едi маған? Шын ғашық едi ғой өзiңе! Кетерiнде оң сапар тiлеген жоқ. Өлiм тiлеп кеттi. Өзiме сонысын да ашып айтты ғой?– деп, Қарашаш бiр сыр сөйледi.
Екеуi де шарасыз ауыр мұңға батып, үндемей жүдеп қалды.
Абайдың көз алдында Тоғжанмен ең соңғы айрылысар шағы соншалық ап-ашық, айдай анық боп келдi. Қақ қасында тұрғандай, жаңа ғана болып өткен хал сияқты.
Тоғжан сол бiр желсiз, тыныш кеште, жым-жырт сайда ымырт жабылар шақта Абайды өзi iздеп келдi. "Жетсiн!" деп шақыртқан да өзi болатын. Күйеуi соңғы рет келiп, алып кетерiнiң алды. Бүгiн-ертең құда, күйеу жетедi деп отырған кез болатын.
Бұл күнге шейiн соншалық арлы, ұялшақ болған, нәзiк қорғаншақ болған Тоғжан, дәл сол кеште бiр түрлi өсiп, бекiп келдi. Жалынды, арманды сөздерiн шешен қып айтты. Көзiнде жас, денесi дiрiлдей түсiп айтқанды. Әр кездегi үйреншiктi ерке әдетi бойынша, Абайдың төсiне бетiн басып тұрған-ды. Бауырына кiрiп, құшақтай тұрып, нелер айтпады?
Екеуiнiң сүйiскен жылдары ұзақ. Бiрақ көрiскен қызығы, кездескен рақат шақтары тiптi аз екен. Тоғжан сол үшiн өкiнгенiн, қатты күйiп назаланғанын айтқан. Өмiрге, тағдырға, зорлық құдiретке ренiшiн айтқан. Жылап, өксiп назаланып келген кезiнде, арман асқан шағында, сол кеште лағынет те айтқан. Абай Тоғжанды жұбата алмай, ет жүрегi елжiреп қайтқан. Көз алдында, жылап кетiп бара жатқан Тоғжан тұр. Басына жамылған қара жiбек шапаны мен ақ көйлегiнiң етегi де есiнде. Шапан астынан тұншыға сылдыраған шолпысының да мөлдiр үнi құлақта тұр. Әлi өшкен жоқ.
Абай тағы да бiр күрсiндi де:
– Есiл Тоғжан, ұмытпаспын... Ұмытпаспын!– дедi.
Қарашаш Абайды осы ауылдың досы ғана емес, аса бiр ыстық күйеуiндей көрiп, қимады. Сондықтан Асылбекке өзiнше бiр оқшау ақыл салды.
Мұның төркiнi Сыбан iшiнде Қадырбай ақынның аулы болатын. Солар жақында Асылбек пен Қарашашты шақыртқан екен. Абайларды аттандырған соң, бұл отаудың иелерi сонда жүрмек едi.
Абайдың басына Асылбектiң достығы шын екенiн таныған Қарашаш, сол өзiнiң төркiнiне Абайды ала барайық деген.
Асылбек бұл сөздi естiсiмен мақұл көрдi де, ар жағын өзi молайтып, жақсы түсiнiп кеттi. Абайға: "қыдырып қайтайық. Онда да бiрталай жатамыз. Қадырбай қандай кiсi екенiн өзiң де бiлесiң. Осы сапар жаман болмайды. Тура бiрге барайық!" деген.
Абай Сүйiндiк аулын өзiне өзгеше бiр жақын көрiп, Асылбек, Қарашащтардан айрылғысы келмеп едi. Оңай көндi.
Тек сол сөздiң байлауы болып қалған соң, бiр оңаша да Ербол Абайға:
– Осынымыз лайық па екен өзi? Төркiндеп барған қатынға ерiп жүру қалай болады? Екеумiздi ел күлкi етпес пе екен осы?– деп едi.
Ербол мұны өз басы үшiн емес. Абайдың абыройы үшiн айтқан. Абайдай ел аузына iлiнiп, жақсы аты шығып келе жатқан жiгiтке "мұнысы несi?" деп, бiреу-мiреу күле ме? Ерсi көре ме?– дегенi едi.
Абай оны елеген жоқ. Ерболдың иығына бiр қолын салып күлдi де:
– Өй тәйiр, Қадырбайдың мәжiлiсiнде боп ұстаздығын көредi екемiз. Оның өзi қайда жатыр? Ал, қасына ердi десе, еретiнiмiз кiм? Сондай жақсы, сондай ұмытылмас Қарашаш екен. Ол татымайды деп кiм айтты? Кiмнiң аузы барады екен?– дедi.
Асылбектермен айырылыспай, бірге сапар шегетініне Абай көңілденіп қалды. Ерболды осыдан соң сөйлеткен жоқ. Сүйтiп, арада төрт күн өткен соң бiр топ ажарлы жастар ортасына Қарашашты алып, Қадырбай аулына кеп түстi.
Тобықтыдан келген жас қонақтарды бұл ауыл жақсы қарсы алды. Қадырбайдың үйiне қонақтармен бiрге iлесе кiрген үлкендер де, бала-шаға да көп. Бөгде кiсiлердi тамашалап, елдерiнiң жайын бiлу, хабар-ошарын есiту үлкен-кiшiнiң бәрiне де қарыз сияқты. Қарашашты қоршаған жеңгелер мен қыздар да аз емес.
Қадырбай өзi үйде екен. Оны Бөжей асынан соң, Абайдың екiншi көрiп отырғаны осы. Ақын қартайып қапты. Бұрынғыдай толық, көрнектi емес. Сақал-шашының ағы көбейген. Ажымдары тереңдеп, барлық ажары қуаң тартқан жүдеу. Тек қана, үлкен жазық маңдайы мен келбеттi мұрнында ғана бұрынғы кесек бiтiм белгiсi бар. Қадырбай әуелi Асылбек, Қарашашпен амандасып алып, соның артынан Абай мен Ербол жайын сұрады.
Абайды танымай қапты. Оның Құнанбай баласы екенiн бiлген соң ғана, ана жылғы көргендерiн еске алды. Астағы бiрталай жайларды кеше ғана көргендей сөз қылып кеп:
– Бөжей асы бұл өңiрдiң ұлы дүбiр асының бiрi боп едi. Қонақ атаулы ырза боп алғыс айтып аттанып едi, – дедi.
Қадырбайдың көбiнше өзi сөйлеп, қонақтардан оқта-текте ғана жұт жайын, кәрiлер жайын сұрастырды. Абай өздiгiмен жазылып сөйлеген жоқ. Қадырбайдың сұраған сөздерiне орнықты, қысқа ғана жауаптар берiп, сыпайылық сақтап отырды. Бiрақ үй иесiмен әңгiмелесу, мәжiлiс құру мiндетi қазiргi халде Абай мойнында. Өйткенi Асылбек бұл ауылдың күйеуi болғандықтан оншалық шешiлiп кете алмайды. Қадырбай да өзiнiң сөздерiн, сұрауларын Абайға қарап айтадды.
Көршiлес екi елдiң адамдары бас қосса, биылғы жыл, ең үлкен әңгiмесi жұт жайы болатын.
Бүгiнгi кеш бойында Абайдан Қадырбайдың сұрағаны да сол. "Мамырдың жұты" Тобықтыны қаншалық күйзелттi? Қатты жұтаған қай рулар? Жеңiл құтылған кiм? Ашаршылық жоқ па? Ақ жағы қалай? Сауыны тәуiр ел бар ма? Осының бәрiн қадағалап сұрайды. Бар Тобықтының iшiн бұрын жақсы бiлгендiктен, қазiр де сол елдiң шетте жүрген бiр азаматы сияқты, оңай танып, тез болжап отыр. Сұраулары – сүле науқастың тамырын ұстап отырып, соның ұйқысы, iшер асы, ауырған жайы тұралы сұрақ салып отырған емшiнiң сұраулары сияқты.
Абай Тобықты iшiндегi алыс-жақын елдiң бәрiнiң жайын толық айтып бердi. Күдiксiз, бөгетсiз айтады. Асылбек пен Ербол да жаңа байқады. Жас жолдастары, қазiргi күнде, Тобықты iшiнде қанша мал қалды? Кiмде қалды? Қай ру қаншалық шығын шығарды, бұрын несi бар едi? Баршасын тура, хатқа түсiрiп алғандай бiледi екен. Салыстырып айтқан сандары мен елдiң күйзеу халдерi Тобықты жайын Қадырбайға түгел танытты.
Көршiлес, туысқан елдiң ауыр жайларын Қадырбай күрсiне түсiп, қиналып тыңдады. Жүдеп, мұңайып отыр. Басын шайқап, таңдайын қағады.
Өз елi де солай. Мамырдың кесек қары Сыбанды да тұралатып кеткен. Осы Қадырбайдың өз айналасы да қазiр "тақ-тұқтың" үстiнде.
Ақынның дәл өз үйi бұрын да бай болған емес-тi. Бiрақ, биылдан бұрын, қымызы, сойысы жеткiлiктi болушы едi. Қазiр, аман қалған ағайыннан сұрастырып, азғантай ғана бие сауып отыр екен. Бұл жақтың күйзеулiк халiн Қадырбай да толық айтты. Өз күйiн де жасырған жоқ.
Елдің ауыртпалығын жете біліп, толық таныған жас жігітті қазірде Қадырбай өзінің бір тұрғылас замандасындай танып еді. Құлақ есiткен жердiң аманы жоқ екен. Мал баққан барлық сахара тегiс аш-арық, көтерем сияқты. Сол көп уайымын кең шолып, шерленiп кеп, Қадырбай:
– Бұлаң кердей бұлықсыған ел едiң. Бiрақ боран бүрiстiрдi де кеттi. Ендi мiне, қатты дауыл астында қалт-құлт еткен бұтадай болдық та қалдық қой!- дедi.
Әңгiме жалпақ елдiң жайына көшкен кезде, Абай шешiле түстi.
Бұл уақыттарда кешкi шай iшiлiп болып, тыста мал сойылып жатқан. Алғашқы кезде қонақтармен бiрге кiрген көршiлер қазiр тарап кеткен болатын. Қарашаш қасында отырған қыздар да көп едi. Қазiр шайдан соң олар да тарады. Ендi сол көп қыздардың iшiнен бөлiнiп қалған бiр ғана ұзын бойлы, ақ сары қыз бар. Сұлу денелi, ашық нұр жүздi әсем бойжеткен. Жiңiшке қап-қара қасы Абайға алдымен байқалды. Кейбiр кiшкентай қозғалыстарымен Тоғжанның қасын еске түсiрген. Ұзынша боп бiткен, үлкендеу келген қоңырқай көздерi саналы сияқты. Анда-санда күле қарап, жалт етiп қалғанда, әлдеқандай көп шұғлалы, мол сәуле төккендей болады. Сопақша бiткен сұлу жүзiнде жұқалаң, әсем қызылы бар. Мұрны мен маңдайы бұл қыздың Қадырбай қызы екенiн дәл танытады.
"Қадырбайдың ақын қызы" деп аталатын Қуандық осы екен.
Ауыл үйдiң қонағы тарағанша, Қуандық үй iшiнiң ұзақ шаруасына алданып жүрдi. Шай жасап, қонақтарды күткен де өзi болатын. Шешесiне болысып, тыста сойылып жатқан мал жаққа да барып қайтады.
Қонақтар мен әкесiнiң әңгiмесi үзiлiңкiреген кезде, Қуандық Қарашашпен сөйлеседi. Шай үстiнде барлық жұртқа ашық үнмен тiл қатып:
– Ішiңiздер! Iшiңiздер. Аз iштiңiз! Жеп iшiңдер!- деп, анық үй иесiндей бейiл көрсеткен.
Әке алдында именiп, жасқанып, ұяң сөйлейтiн қыз емес. Шайдың дастарқаны жиылып болған кезде, мал да сойылып болып, ет асылған-ды. Үй iшiнiң қарбалас жүрiсi саябырлады да, барлық үлкен-кiшi қонақтардың айналасына жиылды.
Қазiрде көбiрек сөйлеп отырған Абай. Қуандық Абайдың атын бұрын да естiген болатын, өзiне жақынырақ отырған Қарашаштан ендi анықтап тағы сұрап алды.
Жiгiт қонақ әр сөзiн байыпты қып, шешен сөйлейтiн сияқты. Абай биылғы жұттың ауыртпалығын бұрынғы жұттармен байланыстырып, желiлеп сөйлейдi. Киiз туырлықты қазақтың баяғыдан бергi айықпас қасы, арылмас соры сол. Осыны екiнiң бiрi бiледi. Бiрақ, атадан бала, баладан нәсiл сол көргеннен өнеге алары бар ма? Бұл бәледен құтыларлық жол бар ма? Сол туралы арғы бергiде "ел қамқоры" деп аталған жандардың, елге жаны ашып, жол айтқаны, жөн сiлтегенi болды ма? Қадырбай соны бiле ме екен? Осыны сұрады.
Қадырбайға бұл сұрақтар тосын көрiндi. Ойланыңқырап отырып, тақпақтап, мәтелдеп кеттi. "Баянсыз бақ, тұрлаусыз тiршiлiк. Бар дүниеде тозбақ бар. Исi аңқыған бәйшешегiң де күзi жетсе қуарады. Әл-қуатың кеткенде, алма бет те суалады", деп дүниенiң кезегiн, баянсызын айтты.
Абай бұл сөздердiң шешендiгiн бағаласа да, iшкi нәрiн қанағат қылған жоқ. Қазақ деген қалың ел, iргелi ел, оның тiрлiгiнiң де айнымас берiк тұрағы болу керек. Бәйшешектiң тiрлiгi адам тiрлiгiне мiсе, мысал болмайды деп едi. Қадырбай ел дегеннiң бәрiнiң тiрлiгiнде де тұрақсыздық бар екенiн айтып, қазақ тiрлiгi өзгеден артық тiрлiк деп бағалады.
Абай бұған да тоқтамады. Өзге елде өнер барын, өнер деген таусылмас азық, жұтамас байлық екенiн айтып кеп:
– Ойлап, байқап қарасаңыз, осы дүниедегi бар жұртты бiздiң қазақ шала бiледi. Бiр елдi бiр ел жақсы бiлсе, жақсы өнегесiн де алар едi. Сонау адам-ата заманынан берi қарай бiр елдiң өнегесiне бiр ел ортақ боп келген. Соның тапқанын бойына жапсырып, үлгi етiп, өрбiп өсiп келген. Бiз болсақ, сол көп үлгiден кенде, көп өнерден кенже қалғамыз. Баяғы заманнан берi айықпаған жұт – сондай артта қалғандық салдарынан, – дедi.
Қадырбай мен Қуандық мына сөздiң тұсында бiр-бiрiне қарасты да, iштен ұғысқандай болды. Қадырбай өзге әкелердей емес. Баласына ақыл сала сөйлейтiн және қыз бала демей Қуандыққа да сүйенетiн тәрiздi.
Бұл кештегi ұзақ әңгiме мен кейбiр жарыссөздер ылғи ғана сол жаңағы "ел", елдiк" деген жайдан болды. Сонда, кәрi ақын жас жiгiттен неше алуан соны сөз есiтiп кеп, iштей қатты толғанып қалды.
Әншейiнде қандай үлкендермен кездессе де оңай ұғысатын жайлар бар едi. Сол баяғыда шешiлiп қойған, "айдан айқын" деген сөздiң барлығына мына жiгiт басқаша қарайды. Дау айтады. Айтқанда, тауып айтып, тiзе көрсетiп тоқыратып кетедi.
Келесi күнi қымыз үстiндегi мәжiлiстерiнде осы әңгiмелер және де сөйлендi. Қуандық дауға араласқан жоқ. Бiрақ бүгiн ол Абай сөздерiн көбiрек қостайтын болды. Әкесiнiң кейбiр дауларын қабыл алмай күледi де:
– Әке қонақтаң сөзi ұтымды ғой, – деп қояды.
Тағы бiр кезде "осы сөзге тоқтау керек-ау!" деп те қойды.
Бұл тұс Абайдың кешеден бергi әңгiменi екшеп кеп тоқыратқан жерi болатын.
Бүгiнгi елдiң тiрлiгiн, кәсiбiн көп сынаған Абайға, Қадырбай жаңағы бiр кезде:
– Ендеше өзiң не дейсiң? Елдi бұдан бұлай немен ел бол дейсiң? Сынадың, мiнедiң ғой! Ал ендi, шығар жолың бар ма? Соныңды атап көршi!– деген.
Абай осыған орай:
– Елге өнер, бiлiм керек. Оқу, тәрбие керек. Ендiгi заман кең жайылыс, ұзақ өрiске сенiп, қалың ұйқыны қуат бiлiп жататын заман емес. Өзге өнерлi елден оқып, үлгi алудың заманы, – деген.
Бұл байлау Абайдың осы дау үстiнде тапқаны емес, көптен бергi оңаша ойларының сарқып келген жерi. "Ел үшiн сол керек және әсiресе, өзi үшiн де жалғыз жол, даңғыл жол – сол!" деп бiлген болатын.
Қадырбай оқу, тәрбие – ата мен бабаның тәрбиесi. Балаға соны бiлмек, бәрiнен де асыл деп, дауласа бастап едi, Қуандық сол тұста жаңағы өз байлауын айтқан.
Осыдан кейiн Қадырбай өзi де тоқырап қалып, қайта ойланды. Ойланып кеп, үндемей отырып барып, ақырында:
– Шынға бақсақ, сенiң сөзiң әдiл екен, балам. Бетiң де, арманың да көкейiме қонады. Ендiгi заман солай болса, болғаны-ақ! Сенiң айтып отырғаның осы өз буының мен келер ұрпақтың тiлi болар. Тек бiрақ кiмге барасың? Үлгi-өнегесiн қайтiп аласың? Сол жолда заман адастырмаса болғаны да!- деп сөзiн аяқтады.
Қарт ойша көп қарсыласты. Бiрақ байыптап барып, шын мақұлдады.
Осыдан кейiнгi күн, екi түн бойындағы әңгiмеде Абай Қадырбаймен дауласқан жоқ. Бiрақ аса бiр ықыласты, ұғымтал тыңдаушы боп отырып, ылғи ғана Қадырбай көрген ақындар жайын сұрастырған.
Қадырбай бұл мәжiлiстер тұсында даңғыл жолға түскендей боп, жазылып кеттi. Кейде соқтырып, өлең айтып кетедi. Өзi жаңылып ұмытыңқырап қалған жерлер болса жалт етiп Қуандыққа қарайды. Әрi сұлу, әрi майда мiнездi Қуандық әкесiнiң мүдiрген жерлерiн тез айтып, есiне түсiрiп жiбередi.
Бұрын талай естiген сөздерiн әлi де құмарланып, сүйсiнiп тыңдаған ажар көрсетедi. Жалғыз айтыс-талас сөздер емес, елдiң мұңын-шерiн айтқан ойшыл ақындардың сөздерiн де Қуандық жақсы ұққан екен.
Қарт ақын әр сөзiнiң тұсында әлдебiр ертегiндей алыс ақын Садыққа соға бередi. Бала кезiнде өзiне өзге ақындардан өзгеше көрiнген сол Садекең екен. "көргенi мен бiлгенi ұшан-теңiз. Ол кiсiнiң айтқаны мен жеткiзгенiнiң мың да бiрiн бiлмеймiз. Тегiн емес, кеудесiнен нұр саулаған ақын сол едi, жарықтық!"– деп сөйлейдi.
Садық Қадырбайдың айтуында жай ақын емес. Өзiнше бiр көреген жан сияқты.
Абай осы орайда Қадырбайдың сол Садықпен айтысқанын сұрап едi. " Садық пен баланың айтысы" дейтiн Арқаға мәлiм айтыс. Сондағы бала осы Қадырбай болатынын Абай жақсы бiлушi едi. Бiрақ Қадырбай ол сөзге көп тоқтаған жоқ.
– Бiздiң Садақеңмен айтысар шамамыз кәне? Әншейiн бiр жалғыз ауыз сөздiң тұсында болымсыз тосқауыл айтқаным ғой. "Айтысты, жеңдi" дейтiн сөз емес. Тек қана Сыбанның Шүмек бастатқан он алты ақынын жеңiп отырған соң мұндағы елдiң намыс етiп, көтерiп әпкеткенi...– дедi де, басқа әңгiмелерге көшiп кеттi.
Қадырбайда үлкен мiнездiлiк, кеңдiк бар. Өзiмшiл емес. Мақтан сөйлеген "шыға шаппа" емес. Сонысы, және, жалғыз Қадырбайдың өзiнде емес. Осы кәрi ақын есiне алып отырған Садықта, Шүмекте, Барласта да бар сияқты. Қадырбай өсиеттерiнiң түбiне бойласаң ақындық - дарыған күш, үлкен қасиеттi жақсы ақыннан қалған айшықты сөз тегiнде заманның қасiретiн айтады екен.
Көргенi мен естiгенiне көз салып, көп ойлап кеп топшылағанда, Қадырбай осыны түйiптi.
– Сол сарынның бәрiне кейде ақырын жатып, құлақ салып байыптасам, бiр шерге бiр шер ұласып, қосылып жатады екен өзi. Көкейкестi күйiн тыңда күңiренген жырын тыңдашы. Абай, сен кешелер бiр орынды сөз айттың, балам. Осы елдiң өткенiнiң бәрi де тегiнде өзi кешкен өмiрiне сүйсiне алмай кеткен екен. Көп сарынның iшiнде басымдап, өктеп келiп жататын бiр сарын бар. Сонысы қуаныш пен шат-шадыман, мәре-сәре емес-ау! Көптен көбiнше заман уайымы, заман дертi-ау. Арыдағы арманын айт, кешегi осы елде болып өткен мамырдың жұтын айт. Бұл туралы да осы күнi көп ақын зар төгедi. Бәр-бәрi де шат болған елдi аз көредi. Шаңырағы күйреп жатқан күйзеулiктi айтады ғой. Сол текке айтылып жатқан жоқ. Сен айтқандай панасыз, айласыз болғандықтан туып жатыр. Жалын атқан көптiң дертi айтқызып жатыр ғой!- деп Қадырбай, бiр үлкен түйiн түйдi.
Содан кейiнгi әңгiмелерде Абай мен екеуi, жас-кәрi демей, аса жақсы ұғысып кеттi.
Арғы-бергiден тағы да көп сөздердi сұрастырып кеп, Абай Қадырбайды ендi анық таныды. Сонау бiр жас күндерiнде Абайдың аса жақсы көрген ақыны Барлас едi. Берiде Шөженi бiлдi. Балтаны көрдi.
Қазiр бiрнеше күннен бергi әңгiмелер тұсында Абай Қадырбайды солармен көп салыстыратын. Ойы дана, мiнезi майда, жолы даңғыл қарт ақын Абайдың бұрын көрген ақындарына кейде ұқсап, кейде ұқсамай кететiн сиқты. Ендi кеп екшегенде, солардың бәрiмен Қадырбайдың шындап барып, тереңдеп туысып жатқанын ұқты.
Осыны ұққан сайын, барлық осы кәрiлердi жанындай жақсы көре бастады. Өз халқының iшiнде өзгеше бiр ғазиз, жақсы жандар осылар сияқты.
Жаңа Қадырбай айтқандай арғыдан берi қарай берсе, елдiң үлкен арқалығы осылар сияқты. Бiр сәтте мынау сұлу қартты Абай өзiнiң әкесiндей түсiнiп, iштей тағзым етiп, шындап тұрып бас идi.
Жай әке емес. "Малыңды бақ. Дәулетiңдi асыр, ұрпағыңды өсiр. Өзгеге өктем бол!" дейтiн әке емес. Ойсананың әкесi. Тағлым мен таза жолға бастайтын әке сияқты.
Абай Қадырбайға алғыс айтты. Ұстаз алдында алмаған азық алғанын айтты.
Бiрнеше күн осындай келелi кеңеспен өткен едi. Абай бұл уақытта Қадырбай қасынан екi елi айрылған жоқ.
Бiрақ ендi дәл Абайдың өзi болмаса, Асылбек пен Ерболдар және, әсiресе Қуандық, Қарашаштар да басқа ермек iздей бастаған. Олар "отауға барайық. Азырақ сауық құрып, көңiл сергiтейiк" дескен. Қадырбай өзi де жастарды өз мәжiлiсiнен "азат" етудi ойлаған екен.
Төртiншi күн кешке жақын, қолына домбыра алып отырып:- шырақтарым, сендермен сөйлесiп өзiм де сергiп қалдым. Бiрақ бiз от орнына шөгiп қалған қарт бауырдай болдық. Қанша айналып қармансақ та, кәрi әженiң бала уатқан көй-гөйiндей күй басады. Сендер оған қашанғы мүлги бересiңдер? Тiлегiң, талабың алдыңда. Бiздiң ту болса, жиырылып ойға түскен. Ендi дөң басына да шыға алмайды. Сендерге ол жол емес. Өрлейтiн өр, қиялайтын қияларың алдыңда. Соған бас, содан қайтпа! Үнемi уайым ойлама! Сауық та құр! Шалқып қал! Көрмегенiңнiң бәрiн көр! Тек беттерiң қайтпасын!– деп, бiраз отырды да. Ендi сауық құрыңдар! Мен сендердi аз сөзбен шығарып салайын!-деп, домбырасын күңiренте тартып жөнелдi.
Жастар тегiс телмiре қарап, үн тыңдап қап едi. Аздан соң Қадырбай әндетiп кеттi. Даусында аса бiр кең тыныс бар екен. Боздаған нардай үлкен толқын шығады. Жас шағында бұл ақынның iрi әншi болғаны сезiлiп тұр. Бүгiнгi сазында кешеден берi өзi айтқан "көкейкестi" толғау бар. Арман салқыны келедi.
Жастарға қазiргi айтқан сөздерi "әз ағаның" тiлек батасы сияқты. Жақсы балам, асыл iнiм, адам бол! Артыңа өнеге қалдыр! Қысылған халқың, қаумалаған қарындасың бауырыңнан пана табар бәйтерек болыңдар!" деп сөйледi.
Қоңыр кеште, осындай саналы бiр сөз тартқан қарт ақынның әнi де өзгеше болатын. Әсiресе, қайырмасы басқа. Ол Қадырбайдың көп жылдан бергi тауып алған, аумас, айнымас қайырмасы.
Күңiрене толқып, нақыстап кеп, анда-санда: "Елiм! Елiм! Елiм-ау-елiм!– деп қайырады.
Абай осы қайырмадан қатты әсер алды. Барлық үлкен тұлғалы Қадырбай сол бiр қайырмадан танылғандай, өзiнiң асыл жүрегiн анық ашқандай. Қасиеттi ата, халық атасы боп биiктеп шығып, шарықтай түстi. Абайдың жүрегi алғысқа толы. Қарт ағаның әнi тоқтағанда, жас жiгiт сұп-сұр боп, қатты толқынып қалды. Осы халiнен айыға алмай, Қадырбайдың жүзiне қадалып қапты. Тамағына лықсып кеп тұрған шер толқыны бар.
Абайдың қатты өзгерген жайын Қуандық байқап отыр екн. Әкесiнiң домбырасын ептеп сусытып алды да:
– Шығарып салар әнiңiз "сауық құр" деп тұрған жоқ. Тағы да "сарыла түс!"– дедi ғой, әке! Дәл бұл жолы сол тiлiңдi алмаспын. Бiз ендi ойын ойнаймыз. Бiлдiң бе?- деп күлiп жiбердi.
Осы мiнезi үй iшiн тегiс көңiлдендiрiп әкеттi. Абай да Қуандықтың соншалық сергек, ерке күлкiсiне таң қалды. Шаттық пен сауықтың жаны да, сөнбес шырағы да дәл осы еркiн сұлу, жас қыз сияқты. Дәл осы сәтте, осы күңгiрт кеште Қуандық Абайға үлкен бiр қуат, екпiн суретiн көрсеткендей болды.
Мынандай жанның маңында күңгiрт кеш те, жабық көңiл де болмау керек. Оның аты үлкен үмiт. Әрi сұлу, әрi сенiмдi, мықты үмiт. Оның бас иер күшi жоқ.
Отауға барған соң, қонақтар қасына көп қыз, келiншек пен жас жiгiтер жиылды. Ойын-сауық аса қызу боп басталып, таң аппақ атқанша солғындаған жоқ. Бұл түнде ұзақ әсем ән де шырқалды. " Орамал тастау" "хан жақсыма", "Мыршым", "Белбеу соқ", "Ләппай тутәлә" сияқты күлдiргi ойындар да тегiс ойналды.
Әр ойынның арасында қыздар мен жiгiттердiң кезек шырқаған айтыстары, ән жарыстары да көп. Сыбан ойыншы, сауықшы ел болатын. Әсiресе, осы ауыл Қадырбайдың әкесi Ақтайлақ заманынан берi қарай, айтыс пен әннiң қан базары. Кiшкентай күнiнен берi сол қалың думан ортасында өскен Қуандық – мынадай ойын-қызықтың жаны есептi. Өзiне серiк, дос қыздары да көп.
Сыбан мен Найманның ескiден келе жатқан әдетi қыздарын жастай ұзатпайтын. Сыбан қызындай үйде қартайтамысың?" деген сөз, өзге көршiлес елдерге мәтел сияқты болған. Қадырбай аулында, мынау отауда сондай жетiп отырған, жасы отызға тақап қалған қыздар бiреу-екеу емес, әлденешеу. Соның бәрi шетiнен қалжыңқой, ашық. Ойын-сауыққа жаны құмар, шетiнен әншi, өлеңшi боп шықты.
Бар жиынды бастап отырған Қуандықтан өзi. Оның тамаша күлкiсi әрдайым сыңғырлап шығып, күйдей созылып, жұрттың бәрiн елiктiрiп отыр. Қуандық ойын үстiнде жiгiттердi аямайды. Мәз болып күлiп отырып, қазара түсiп, қатты жазалайды.
Өзiне жаза тартатын жер келсе де саспайды. Күлкiсiнен жазбай, мiз мақпай. Отырып, бар жазаны оп-оңай көтерiп кетедi.
Осы кеште Абай мен Құандық қатар отырып, әзiлмен, әнмен, айтыспен де көп жарысты.
Ең алғашқы айтысты Қуандық өзi бастаған.
Арнап сөйлеген кiсiсi Абай. Бұрын айтысқа көп салынбаған Абай әуелi ән жағына салмақ салып, сөздерiн ойлаңқырап, бөгiлiңкiреп айтып отырды. Сыбан iшiне Арқаның көп сұлу әндерi жайылмаған екен. Абай соларды айтумен және ырғақ, нақысын жақсы жеткiзумен Қуандық әнiн баса бердi.
Алғашқы бiр қағысулары осымен өтiп, ойын арасында айтысқа тағы оралып келгенде, Қуандық ән айтпай, термеге түстi. Айтыстың әнi емес, сөзiн сарапқа салайық дегенi. Абайдың құлақ күйi сияқты бiр жеңiл, жорытпа термесi болатын. Ол да соған түсiп, ендi Қуандықтың өзiндей, жылдам шығармаға ауысты. Барған сайын, Абай бойын кең салып, шешен айтуға, шапшаң айтуға оңай төселiп барады. Ендiгi айтысты өзi де тiлегендей. Бойына екпiндi сергек бiр жалын бiткендей болды. Бiрiнiң сөзi бiрiн жанып, салып екi жасты анық шабытқа шақырып отырды.
Қуандықтың екi көзi күлiмсiреп, ақша бетi балбұл жанады. Жас жiгiтпен өз жарысын рақат деп бiлген тәрiздi. Бұл жастардың айтыс сөздерi сыпайы қалжыңмен бiр-бiрiн мақтау. Жiгiт сол әзiл құрмет арасына "махаббат", "ғашық от" деген сияқты жайларды араластырып, тұспалдай бередi. Қыз болса:" сыпайы құда, сый азамат, келген сапарыңды құрмет етем. Затың жақсы, өзiң жақсы. Әншейiн бiр әлдекiм емессiң. Екеумiзге де жарастығы сыпайы сыйластық", деп бейнелейдi.
Көп көзiнше ашық айтысқан әзiл құрметтерi осы. Бiрақ жай отырып, ақырын сөйлескенде, сұлу қыз бен мәндi жiгiт осы кеште көбiрек ұғысып едi.
Оған басшы болған Қуандық, жұрттың дырду-думаны молайып, бiр жерде ән шырқап, бiр жерде күлкi-тартыс басымдап, керiс боп жатқанда Қуандық Абайға мойын бұрып:- Өлең байғұс көп орамға келе бермейдi. Жұрт көзiнше не дейiн, Абай? Көңiлiмнiң айтпағын әнiм iркiп қап едi. Шын сөйлессем, саған айтар сырым көп!– деген. Осы сөзiнiң өзiн де күлiп отырып, жұрт көзiнше сезiктi етпей айтты. Ашық сөйлеп, батым келiп, Абайға өзгеше көңiл бөлетiнiн бiлдiрген. Екеуiнiң iштей ұғысулары бұл кеш емес, алдыңғы күндерде-ақ мәлiм сияқты едi.
Абай Қуандықтың ақ саусақтарын қатты қысып отырып, екi бiрдей жүректiң жан тамырлары бiр соққанын сездi.
– Екеумiздiң жүрегiмiз бiр соғады-ау! Көремiсiң? Айтқаныңа қуандым. Менi де өзiңдей көр!– деп қалды.
Осыдан соң бұлардың әрбiр күлкiсi, әзiл сөздерi, қабақ қимылдары – барлығы да сондайлық бiр тәттiлiк қуаныш белгiсiн көрсетiп отырды. Ойынды сылтау етiп бiр рет сүйiскенде, бұлардың жүздерi де шын ләззәттан белгi берiп, бiр-бiрiне ып-ыстық боп тиiстi.
Осы түннiң қылаңдап атқан таңында, қонақтар тарай бастаған шақта, Қуандық Абайды шеткi үйге қарай жөнелттi.
Жұрттың бәрiн таратып, жайғастырып болған соң, сол үйге өзi де келген едi. Шеткi үй оңаша екен. Iшiнде бiр ғана төсек бар. Иесi қартаң әйел ерте тұрып кеткен сияқты. Екi жас ыстық құмарлықпен, жалындап табысты. Тығыз жерде, тар уақытта кездескендiктен екеуi де үнсiз едi. Қалтқысыз келiп, iркiлмей қосылған құшақтары бұларды сол үнсiз, жым-жырт толқын iшiне iлезде тартып әкеттi.
Осыдан соң тағы да бiрнеше күн ойын-сауық болды. Абай мен Қуандық арасы тең жастардың жақсы достығына айналды. Бiрақ бары сол ғана. Екеуi iркiлмей табысқанмен, жалындаған махаббат тумады. Абайға Қуандық оңаша кездескеннен көрi, жұрт көзiнше көп ұнайды. Оқшау жерде Қуандықтың ашықтығы әлдеқандай кекселiк сияқтанып, жiгiт жүрегiне қатаң тиедi.
Қуандықтың Керей iшiнде қайын жұрты бар. Күйеуi бiрнеше рет келiп кеткен екен. Өзiнiң бұрын алған қатыны бар. Қуандық соған тоқал боп бармақ. Қайындап келген кездерiнде қалыңдық оны сүйе алмады. Әрқашан салқын қалатын. Сол мұңдарын Абайға сөйлеп кеп, сұлу қыз өзгеше бiр тiлек ойлағанын айтып едi. Абай жауап айтпай ойға түстi. Бiрнеше баланың анасы болған Дiлдә бар. Рас, Қуандық Абайдың теңi. Тәрбиесiмен, өнерiмен, ақыл парасатымен де өзгеше жан. Сөз жоқ.
Әлi күнге өз өмiрiнде кездескен әйелдердiң iшiнде Абайдың өнерлi, сұлу, қайратты қыз көргенi осы.
Бiрақ Қадырбайдың ренiшiнен аттап, өту, Дiлдәнiң балаларын ұмыту, оңай iстер емес. Осының бәрiнiң үстiне, Құандықты ақылы сүйсе де, жүрегi оншалық бой тартпайды. Осы күндердiң өзiнде де Абайдың көңiлiнен Тоғжан ұмытылған жоқ. Қайта, мынандай шешен, ашық, атақты Қуандықпен тайталасқандай боп, көз алдына шын сүйгенi елестей бередi. Абайға ол ләззәт бұл дүниеде қайта оралып келместей. Онымен тең жан тумастай, табылмастай едi.
Тоғжан есiне түссе, Абай тар төсекте де Қуандықтан тартынып, құшағын iрке бередi.
Қуандықтың Абайды сүюi де жiгiт мiнезiне орай сияқты. Ыстық оттан да құрметтеген сыйластық көп. Бiрақ сонда да Қуандық тiлегiнен қайтқан жоқ. Абай өз ақылымен дәл байлауын айта алмады да, Қуандықтың өзiне ақылдасты.
Егер Қуандық рұқсат етсе, осы жайды, Қарашаш пен Асылбекке айтып, солар ненi ұйғарса, соған байласайық деп едi. Қуандық қарсы болған жоқ.
Қарашаш пен Асылбекке Абай бөлек-бөлек сөйлесiп едi. Баяғыдан Абай басына тiлеулестiгi күштi Қарашаш мына сөздi қуанып тыңдады да, тез қостады.
Бiрақ бұл қанша мақұл көрсе, Асылбек соншалық жатырқап, қарсы шықты.
– Бұл iс болмайды. Қолдан келмейдi. Жазығы жоқ Алшынбай қызын Құнекең ренжiте алмайды. Алшынбайдан кетiсем демесе, саған рұқсат етпейдi. Қуандық қайын жұртына жаман атты болады. Соның бәрi жиылып кеп кәрi Қадекеңе дерт болады. Менен басқа кiсi естiмесiн. Осы арада қалсын!- деп, Абайға қатты салмақ салды.
Сондай сөздi Қуандыққа да өзi айтты. Сүйтiп екi жас алғашқы ойларынан басылып қалды. Бiрақ айрылысар күнгi соңғы кездескен сағатында Абай мен Қуандық келер күнге үмiт артып қалатындарын, әлi де ойланып көретiндерiн айтысты. Екеуi аса жақсы сыйластықпен өзгеше тату дос болысып, бiр-бiрiн қимай айрылысты. Сертпен кетiстi.
Қадырбай аулынан қайтып, Тобықты жайлауына жеткенше арада екi күн өтiп едi. Қарт ақынның қонақшыл дос жар ұясын Абай оңай қия алмады. Жақсы мекеннен ұзаған сайын Қуандықтың да бар мiнезi қадiрлi көрiнiп, қымбат тартты.
3
Биылғы жайлау – жылдағы жайлау емес. Жаздың өзi күздей жабырқау, жүдеу болды. Күн райынан емес, халықтың көңiл шырайынан солай болған. Құнанбай сияқты атқамiнерлер өз ауылдарына жылдағыдай топ жия бермейдi. Бұрын Ырғызбай iшiн кернеп жүретiн қау-көрiк сөздер, ұр-көппе желiктер де саябыр. Қоныс, өрiс ретiнен таласатын жөн жоқ. Ырғызбай ортасы сияқты, Байдалы, Байсал, Сүйiндiк, Қаратай сияқты азғана жұрт болмаса, көпшiлiкте мал аз. Сырттың қалың көгiн аясын ба! Тұтып тұрған ақтығын аясын ба?
Соқтыққыш жуандар, содырлы сайқалдар кiмге көкiрек керсiн? Қайта көптiң бәрi аш арық боп мойып қалғандықтан, жаңағы аман қалғанның барлығы биыл тыныш, жым-жырт жүргендi тәсiл етiптi.
Көп үшiн қынжылған кiсi бол. Көп алдында күрсiне түсiп, халықтаң аман күнiн айтқыш бол. Сорпа-суың мен баршыған iркiтiңнен, саумал-шалабыңнан да қарайласқан боп жүр. Аш-арығымды асырап жүрмiн" дей бер. Биылғыдай көптi күйзелтiп, топты томсартқан жылдарда сондайлық майысқақ келсе жарайды. Кедейi мен момынын аман күнде аунатып жеп, ауыр күнде осылайша алдаусырату керек.
Мiне, көп үстiнен жеген көбегендердiң, "сүт үстiнде қаймақ" атанғандардың ендiгi ебi сол. Айланың киiз кiтабынан алған сабақтары осы болатын.
Онысына орай, осы жыл көп те бөлек. Қалың ел аса суық түсте. Сөз аз. Бiрақ қабақтан кейiс, қияс айықпайды.
Сондықтан Тобықты жайлауларында бұл жазда бiр де бiр топ болмады. Әдетте, бұл кезде талай рет ат шабыс болушы едi. Биыл тiптi құнан да жарыспады. Келiн түссе, қыз ұзатылса, бала сүндеттелсе – бәрi де болымсыз ғана жаяу желiкпен, бiрер табақ етпен тарқайды.
Дәл осындай ерекше сарылған тыныштық ортасында, соңғы уақыттарда бiр үлкен дақпырт шықты. Ол жау бiлiнуi, жылқы ұрлануы.
Жайлау күндерi аяқтап, жұрт күзекке қарай бет ала бастаған болатын. Бiрер қоныс кейiндеп те көшкен. Сол уақытта айналасы бес күн iшiнде Майбасар жылқысынан, Жақып пен Ырсай жылқысынан және Құнанбайдың өзi отырған аулынан жиырма шақты семiз ат жоқ боп шықты. Бiр ауылдан бiр ауыл хабарланып, осы жоғалған мал жайы иен жайлауға тез тарап жатты. Азын-аулақ талшығы бар ауылдың бәрi де күзетiн сақайтты.
Бiрақ ұрылардан iз-тоз жоқ. Бұл сияқты көп ел құлақтанған қауырт ұрлық ұзақ жатпаушы едi. Бiреудiң үйiнде жас терi көрiнiптi. Бiреуден мезгiлсiз сойылған iрi қараның қан соқтасы көрiнiптi, боршасы байқалыпты десетiн сыбыстар оп-оңай шыға қалушы едi. Қазiр олай емес. Суға батқандай жым-жылас.
Әуелде Құнанбай мен Жақыптар өзара ойласқанда:" бұл жай көршiлес Керейден шықты, немесе Найман, Сыбаннан келдi ", деп топшылаған. Әсiресе, қоныс аралары ұзарып, жайлау-жайлаудан қайтысатын кез келген соң: "әдейi осы уақытта iстеп отыр. Мойынды қашыққа салып кетемiз деп осылай еттi", – дескен.
Құнанбай көшi-қоңды бөгеп отырып жаңағы үш-төрт рудың баршасына да жоқшылар жөнелттi. Ызғұтты, Майбасар, Ырсай бастаған топ-топ кiсiлер үрдiс жүрiп, ат сабылтып, талай жерлердi аралады.
Бiрақ көршi елдiң ешқайсысынан дерек бiлiнбедi. Елсiз жерлердегi қарауыл биiктерге, қиын-қиын шатқалдарға барып жер шалған Төлепбердi, Бурахан, Қамысбай Жұмағұл сияқты пысық, сергек жiгiттер де iз-тоз бiлген жоқ.
Құнанбайдың көп ауыл, көп жiгiттерi осылайша өре түрегелген кездердiң өзiнде, дәл сол Ырғызбай iшiнен тағы да бес жылқы жоқ болды. Тiптi жалғыз Ырғызбай емес, ендi Байсал, Сүйiндiктен де төрт бие алынды. Аздан соң Көтiбақ, Бөкеншi де жоқ қарауға кiрiстi.
Шебер ұрлық сонда да бiлiнген жоқ. Тек қана, түн асса: "алып кеттi", "тағы әкеттi" деседi де, қала бередi.
Құнанбай ыза болып, өзi атқа мiнсе де, жауы кiм екенiн бiле алған жоқ. Жоқшының бәрi қайтып келдi. Қарауыл биiктердiң басында күн сайын сарылып қадалған шолғыншылар да қайтты. Бос қайтты. Тек қана ендiгi шара: түн күзетiне сақ болу едi. Құнанбай барлық ауылдарын қатар қондырып, бiрге көшiрiп, шоқтай қып, жиып ұстады. Сүйттi де үдере көшiп тарта бердi.
Өрттен қашқандай боп асығып жөнелдi. "Тым құрыса, жаудың бетi басқаға бұрылар, бiздi қуа бермес. Сонымен толас көрермiз!"– деп ойлаған.
Қаша көшу азын-аулақ ем болғаны рас. Соңғы күндер Жiгiтек, Көтiбақ iшiнен ұрланған малдардың хабарын көбiрек жеткiзедi. Бiрақ сонда да Ырғызбай түгел аман қалған жоқ. Екi тай мен бiр семiз байтал тағы жоқ боп шықты. Осы кезге жеткенде Құнанбай –"ендi бiлдiм, таныдым" дедi.
Бiрақ "бiлдiм" дегенiмен, айыпкердiң атын атаған жоқ. Тек қана, жауды:" алыстың жауы емес, iштiң жауы " деп байлаған.
Байсал, Сүйiндiктерге мұндай ой келген жоқ. Екеуi де әлi күнге құр дағдарып, құр санын соғып жүр. Құнанбай оларға: "iздесiн, iздей берсiн" деп сәлем айтты. Бiрақ өз топшылауын бiлдiрмедi. Осы кезде көршi руларға бiрнеше кiсiнi жай ғана жансыз етiп аттандырған.
Ол кiсiлерге тапсыратын сөздерiн де бiр өзi ғана бiлдi. Осындай бұйрықтармен жiберген адамдары да оқшау кiсiлер. Ойда жоқ жандар.
Мысалы, Жiгiтек iшiне, Қарашаның аулына жiбергенi кәрi кемпiр. Сол ауылдағы бiр жалғыз үй кiрмемен сүйек шатысы бар кемпiр екен. Көтiбақ iшiне де сондайлық елеусiз кедей шалды жiбердi. Торғайға жiбергенi де бiр шал түйешi болатын. Бұл кәрiлер әсте сұрау салмайды. Тiптi мал жоғалғанын да бiлмейдi. Жай әшейiн құдай деген жандар ғана болады. Жалғыз-ақ барған ауылдарының үйдi-үйлерiне ертеңдi-кеш кiрiп, iшкен-жегендерiн байқайды. Барлық тапсырылған мiндет осы ғана.
Сол шебер айланың арқасында, аз уақыт iшiнде Құнанбай жауын тапты. Көп жылқыны алатын алғыштардың ұясын бiлдi.
Сүйтiп ендiгi зiл салмағы түсетiн жер тағы Жiгiтек. Оның iшiнде Қараша, Қаумен айналасы болды.
Құнанбай бұл жолы тұспалмен, ой жотамен соқтыққан жоқ. Бұрынғыдай емес, дәл мынау тұста кiнәсы орынды болатын. Жiгiтектiң бiрнеше жiгiттерi шын айыпкер едi.
Әңгiме Балағаз бен Абылғазыдан басталған. Балағаз Базаралының ағасы. Жiгiтек iшiндегi намыскер, отты, пысық жiгiттiң бiрi. Абылғазы Қарашаның баласы. Қарашаның өзi сияқты. Көп балалары да шеттерiнен сотқар, қияс болатын. Ертерек кезде Құнанбай мен Бөжей арасын ұшқындырып жiберген бiр уақиға осы Қарашадан басталып едi. Оған Қауменнiң де қатнасы болған. Көпке мәлiм Тоқпамбет төбелесi әуелi осы Қараша, Қаумендердiң екi атшабарды сабауынан басталған-ды. Содан берi Мұсақұл төбелесi сияқты, Бөжейдiң асы сияқты үлкен жиындардың бәрiнде Қараша мен Қауменнiң ер жеткен азамат балалары көп аузына iлiнiп, көзге түсе беретiн. Шетiнен намыскер, өркөкiрек және мықты, отты.
Осылар арасынан шыққан Базаралы болса, ол әрi сымбатты, сұлу, әрi шешен жүйрiк. Жiгiтек ортасы мақтан еткендей, атпал азамат, атан бiтiмдi жiгiт едi. Ерлiк мықтылығы да сай.
Бiрақ биылғы Мамырдың жұтынан кейiн осы бiр топ жiгiт елден ерекше жарым көңiл боп жүрдi.
Қалың елмен бiрге Жiгiтек көпшiлiгi де қатты жұтаған. Жер аз болған тапшылықтан жұтады. Сол көптiң iшiнде ақ сирақ боп қалғанның бiрi – осы Қараша, Қаумен ауылдары, Базаралы, Балағаз, Абылғазы, Әдiлхан сияқты жiгiттерде тек қана бiр-бiр ат қалды.
Жаз бойы бұлар үйден шыққан жоқ. Аштықты да, кемтарлықты да көп көрдi. Кiсiге барып, көз сүзiп. Сауын сұрауға, жалпетек болуға. Намыстары жiбермедi. Керек десе, Байдалыдай туысқанға да барған жоқ. Кәсiп етейiн десе, мынандай жұтап қалған елдiң iшiнде түк нәрсенiң орайы жоқ. Жалғыз айла – жалға жүру.
Бiрақ ол бiр ғана өз бастарын асырау болмаса, қатын-балаға талшық емес. Өмiр бойы жалшылықта жүрсе де, көсегесi көгерген. Қойшы, жылқышы, түйешi жоқ. Алатын ақысы құр ғана "iшiп-жем" болғандықтан, талай жандар атадан бала, баладан немереге шейiн үнемi кiсi босағасын тоздырумен. Өтiп келедi.
Жiгiттер жаз бойы көргенде, не көрдi? Ашыққан баланы көрдi. Қаншырдай қатқан. Шеше мен жеңгенi, қатын-қалашты көрдi. Айнала күрсiну де күңiрену. Осы жайларға сол жiгiттер айла таппай, қарғыс айтатын. Жалғыз-ақ төменшiктеп, жасып айтпайды. Iштегi ызамен, қыжалмен айтатын. Барлығының сондай күйiн Базаралы жақсы айтып берiп едi. Бiр күн кешке дөң басында бiр топ жiгiттiң ортасында отырып, ызалы мысқылмен сөйледi.
– Ел еру болса, шаңырағына жоқшылық кеп шеру тартады. Көшi-қон болса, әке-шешең, қатын-балаң ақтабан шұбырындыға ұшырайды. Жалғыз сиырға артқан ашамайдың үстi де арман бопты. Құдайдың бiзден аяған несi қалды?- деген.
Осы жазда дәл осы жiгiттерге Базаралы көп-көп күйiк айтқан. Аман қалғанның тетiгi неде? Жұтағанның жайы неден? Әдiлетсiздiк қайсы? Ол қандай тон киiп, қалайша тiл қатып келедi? Солар туралы түкпiрлеп, ойлаған ойларын айтатын.
Сондай әңгiмелер тұсында Балағаз бен Абылғазы тыным таппай әбiгер боп қалушы едi. Базаралыға қадалып кеп: "ақыл-айла тапшы, бет нұсқап, жол көрсетшi! Iстерлiк iс бар ма? Соны айтшы?" дей беретiн. Бiрақ Базаралы ол сұрақтарына жауап айта алмаған.
Ақыры, ендiгi өмiр өзгеше боп кеттi. Балағаз бен Абылғазы екеуiнiң түнделетiп атқа мiнетiнiн Базаралы көпке шейiн бiлген жоқ. Ең алғашқы кезекте Майбасар жылқысы жоғалды. Одан кейiн Жақыптан алынды. Осының жаманат сияқты хабарын естiп жатқанмен, Базаралы елең қылмаған. Үшiншi кезекте Ырсай жылқысы алынды. Дәл осы орайда Базаралы бiр түнде ұйықтай алмай, аунақшып жатып, таңға жақын тысқа шығып кеттi. Көпке шейiн үйге кiрмей, далада болған.
Үй сыртындағы көгалға барып, таң салқынға төсiн төсеп, жапа-жалғыз ойланып отырып қап едi. Жап-жақын жерде көршi ауыл бар-ды. Қарашаға қараған төрт-бес үй болатын. Сол ауылдың Ақтөс дейтiн бiр сақ қаншығы болушы едi. Таң жаңа ғана сызып атып келе жатқанда Базаралы Ақтөстiң үргенiн естiп, елең етiп қалды. Шабаланып тұрып, оқыс үрдi. Анық кiсi көргенде үретiн үрiсi.
Бұл не қылған бөгде кiсi екен? Бiлейiншi, - деп ойлап, Базаралы тосып қалған. Аздан соң Қарашаның аулындағы шеткi үйдiң тұсына екi атты кiсi келдi. Ол үй Абылғазының отауы болатын. Аттылардың бiреуi сонда қалды да, екiншiсi берi жүрдi.
Базаралы ең әуелi Аққұйрық атты таныды. Балағаздың жалғыз аты. Белгiлi жүйрiк Аққұйрық ат, бүгiн бiр суыт жүрiс көрген сияқты. Ширыға түсiп, сумаңдап келедi екен. Әуелде Базаралы:"бұлар бозбалалық қылып жүр екен-ау" дедi.
Бiрақ өзi орнынан қозғалмай, бой көрсетпей отырып, байқаса олай емес. Балағаз сойыл сүйретiп келедi. Базаралының жүрегi түршiгiп кеттi. Өңi сұп-сұр боп, қадала қалды. Ендi көгалға жантайып жатып, бiлiнбей бақыламақ болды.
Дәл ауылға тақай бергенде, Балағаз Аққұйрықтың басын тартып, ақырын ғана iлбiп келдi, тiптi жақындаған кезде атынан түсiп, жаяу жетектеп ап, ең әуелi қолындағы сойылын өз отауының белдеуiне шанышты. Күндегi тұратын орны сол болатын.
Осыдан кейiн Аққұйрықты жетектеп алып, ауыл қасындағы бiр жықпыл жартастың арасына қарай тартты. Базаралы байқап отыр. Аққұйрық қан сорпа боп келген сияқты. Мезгiлсiз жүрген жiгiт өз жүрiсiн өз аулынан да жасырмақ көрiнедi.
Аздан соң атын тас арасына бекiтiп тастап, жалғыз қайтып кеп, үйiне кiрдi. Базаралы ел тұрғанша ұйықтаған жоқ.
Қараша аулының сыртында да қиын тастар бар болатын. Соған апарып бекiткен Абылғазының атын да көрiп қайтты. Ендi Базаралыда тақат жоқ. Iшi толған ызалы, долы ашу. Үй iшiне үн қатпай, сұрлана бередi. Анда-санда дiрiлдей түсiп, қиналып қалады.
Түс ауғанша, бiрдеңенi тосқандай болатын. Ойлағандай, түс қия берген кезде, көршi ауылдан қайтқан Қаумен тағы бiр хабар әкелдi. Өткен түнде Ырсай жылқысы алыныпты.
Осы хабарды Базаралы есiткен кезде, Балағаз да ауыр ұйқыдан тұрып, тысқа шығып жүр екен. Базаралы белiне белдiгiн буынып, бiр жаққа баратын кiсi сияқты әзiрленiп алды да, әкесiне келдi.
– Сөйлесетiн жай бар едi. Тысқа шығайықшы!– деп, әкесiн ертiп шығып, дөң басына қарай бастады. Жолшыбай өзi дауыстап Балағазды да шақырды.
Ұзын бойлы, қапсағай денелi, қара сұр жiгiт Балағаз да келдi.
Аздан сон Базаралы қабағын түйiп ап, әкесiне суық қарады. Әрқашан нұрланып тұратын қызғылт жүзi аппақ сұр болып, қанын iшiне тартып апты. Үлкен өткiр көздерi қанталап, қызарып кетiптi. Демi дiрiлдеп, даусы қатты шықты.
– Әке, жыртық лашықтың да шүкiрi бар. Қара-қасқа кедей болсам да, қара болмаспын деушi ең. Жамандық сенiн жатың. Қасиетiң сол едi. Сен қартайған шағыңда бiздi қара басайын дедi ме?- деп, үнi бұзылып, тоқырап қалды.
– Не дейдi? Мына шiркiн не деп отыр?!– деп, Қаумен үркiп қалып, Балағазға қарады. Балағазда үн жоқ. Базаралы iле жөнелiп:
– Оған қарама, маған қара! Менен сұра! Әнеугүнгi Майбасар жылқысы мен өткен түнде алынған Ырсай жылқысының ұрысы табылды. Ұрысы - тап мынау отырған сенiң ұлың Балағаз, – дедi.
Қаумен шошып кеттi.
– Не дейдi? Не дейсiң?
– Солай... Сүйдеймiн. Кәне, танып көршi!– деп, Базаралы ендi ағасына қадалды. Балағаз да ашулы едi. Қорқақ емес-тi. Мынау жерде қысылса да, есiнен айырылған жоқ.
– Айт! Не көрдiң, не бiлдiң? Не деп ширығып отырсың? Жөнiңдi айтшы!
– Таңертең Абылғазы екеуiң ұрланып келгенде, мен тыста отырғам. Аттарың анау тастарда қазiр осы шаққа шейiн суып тұр. Өлсең де, шыныңмен өлшi, тым құрмаса. Ұрладың ғой. Танба! Еркек болсаң, шыныңды айтшы!– дегенде, Балағаз жалтарған жоқ.
– Рас. Айтқаның рас!- деп бердi.
Қаумен өмiрде естiмеген сұмдығын көргендей, сескенiп кетiп:
– Балағаз, құдай төбеңнен ұрсын! Уа, құдай төбеңнен ұрсын, Балағаз!- деп, зарлай бердi.
Қарсысында отырған ағасына Базаралы қатты жирене қарап қап, бiр сәт қалшылдап қайнап кеттi де, үн қатпастан тап бердi. Қауменнiң екi ұлы да арыстай үлкен, қабыландай қайратты болатын. Екеуiнiң қол-аяқтары, емен шоқпарлармен қағысқандай сатыр-сұтыр тиiстi. Балағаз асығыста орнынан тұра алмай қалып едi. Бiрақ, лезде ашу шақырып, айла тауып, Базаралыны аяқтан қағып қалды. Iнiсi сүрiне бергенде, сол бейiмдеген жағына қарай қойып жiберiп құлатардай боп едi. Бiрақ бұдан көрi айлаға басымырақ келген Базаралы майыса берiп, жалт бұрылды. Шапшаңдығы шалқыған жалындай боп, лап берiп кеп, Балағазды бас салды. Жыға сала, сол қолымен кеңiрдектен буындырып жатып, оң қолын қынына сермеп, өткiр сап пышақты жарқ еткiзiп жұлып алды. Тiзерлеп жатып, даусы шықпай, қырылдап тұрып:
– Бауыздаймын! Ағам болмақ түгiл, әкем бол! Жоқ қыламын!- деп, сар пышақты Балағаздың кеңiрдегiне тақап қалды. Жалғыз-ақ Балағаздың тыпыры мен сермелген қолдары ғана бөгеп жатыр.
Ағасынан Базаралының күшi басымдап кеттi. Сығымдап тұрып жеңiп ап, ендi бауыздарманға келiп едi. Сол уақытта мұның оң қолына әкесiнiң қос қолы кеп жабысып қапты.
– Тоқтат! Ой, кет, ит! Болды, екi ит? Тұр былай!– деп кеп, Қаумен Базаралыны сүйреп алды.
Балағаз iнiсiнiң шеңгелiнен босап, басын көтере бердi. Бiрақ ендi алысуды ойлаған кiсi емес. Ес жиып, басқаша күш тапқандай. Базаралыға кiнәлай қарады да:
– Ой шiркiн! Ит те болсаң, ұяласымсың. Кiшi басыңмен кеудеме шыққаныңды не дейiн! Қиналсам да сол ұяластығыңды қиям ба? Бiлген ақылың со ма?- деп, соңғы сөзiн зекiп, ақырып айтты.
Базаралыда үн жоқ. Түйiлiп отырып қапты. Балағаз ендi түзелiп ап, сатырлатып сөйлеп, суырыла жөнелдi.
– Сен сұрадың, iрiккенiм жоқ! Сырымды аштым! Тансам, қайтiп мойныма салар едiң? Ұрыға мал аз ба? Мына тұрған Керейдi торып келдiм десем не дер едiң. Құнанбай түгiл, құдай болсын, iз-тозын тауып көрсiншi кәне! Танытпайтын, таптырмайтын қып iстедiм. Бiрақ осы iстегенiм ұрлық па? Сұрасаңшы, бiлсеңшi! Басым үшiн iстеп отырмын ба? Ауқымым үшiн iстеп отырмын. Арамға жерiк боп iстеп отырғам жоқ. Жиренiп iстейiм. Бiрақ iстегенiм iстеген. Мен – жоқпын, ол – бар. Менiң жоқтығым оған барлық боп жабысқан. Жерiм қайда? Кегiм, есем қайда? Оның несi құриды? Асып-төгiлiп жатқан артығы ғана шашырайды. Менiң аш-арығым өлiмнен қалады. Бойыма жимаймын. Айналамды ажалдан алып қалам. Басым кетсiн, маған десе. Бұл жолымнан тоқтатпайсың. Бардан алам, жоққа берем. Жаман, сасық ұрыңды тапқан екенсiң? Мен ұрысы емеспiн, өшiмiн. Жоқ-жiтiкке, әлсiзге тисем, айтсаңшы!..– дедi.
Қаумен Балағазбен салғыласқан жоқ. Айтқан сөзiне бойлаған да жоқ. Оның шошығаны жалғыз-ақ жай. Баласы не десе де, Қаумен қазанына кiсi асын салмайды. Сондықтан, бiр-ақ түйiп байлағаны - Балағазды өз қасынан қуу болды.
– Көш! Көш! Қасымнан кет! Көрмеймiн! Қазiр көш!- деп бұйрық бердi.
Базаралы үндеместен түйiлдi де, қатып қалды. Әкелi-балалы туысқандар осы орнынан айрылысқан шағында үшеуi үш бөлек ойда. Бiр-бiрiнен шалғай болатын. Балағаз Қауменнiң бұйрығын орындап, дәл осы күн көштi де, Қарашаның аулына барып қосылды.
Сонда барысымен төрт-бес күн өткен соң Құнанбайдың дәл өз аулынан бес жылқы алды. Балағазға серiк болған жiгiттер аз ғана болатын. Әзiрше бұлар Абылғазы мен Әдiлхан ғана. Осы үшеуi өз жүрiстерiн үлкен есеппен, еппен iстеген.
Бұлар ең әуелi алыстағы Найман iшiнен дәл өздерiндей үш-төрт жiгiт серiк тапты. Олар да жұт пен жоқшылық салдарынан атқа мiнгендер. Шетiнен шешен, ер, өжет жiгiттер болатын. Жаз ортасында Аягөздiң ар жағына жолаушы жүрiп барып, Абылғазы сол жiгiттермен сөз байласып қайтқан.
Екi жағының да анық кесiскен байлауы өздi-өз ортасының мықтыларын, қалың шоғырларын торымақ. Әлсiзге тимекшi емес. Сонымен, Семiзнайман, Садыр, Матай iшiндегi Құдайсүгiр, Қаптағай, Жұмақан сияқтылардан аналар алады. Тобықты iшiнде Құнанбай, Ырғызбай, Қаратай, Сүйiндiк сияқтылардан мыналар алады. Бұлар еш уақытта қалың шоғыр боп жүрмейдi. Жалғыз аяқ, жүргiншi сияқты ғана болады. Тағы бiр тәсiлдерi: Тобықты жiгiттерi Найман iшiне барғанда, өз қолдарымен мал алмайды. Ондағы жолдастары кiмнен алуды, қанша алуды өздерi шешiп, өздерi шығарып бередi. Тобықты iшiнде Балағаздар да сүйтедi.
Екi жағы да, жол мен жерге аса жүйрiк. Жолшыбай қай сулар елсiз, қандай даламен жүргiншi аз жүредi? Қандайлық елеусiз адырлар, сай-салалар бар, баршасын жаттап алысқан. Екi топтың да ең үлкен айласы қуғыншы мен жоқшыны адастыруға жұмсалады. Бұл орайда бәрiнен шебер Балағаз. Өзi тапқан айла-тәсiлiн бар жолдастарына ол үнемi үйретiп отырады.
Сүйтiп, айналдырған алты-жетi жiгiт тура екi дуан елдiң жуан-жуан жерлерiне құйындай соқтықты. Өңшең өжет жандар, ұялас бөрiдей тидi.
Құнанбай мен Байсалдардың ақылын тауысқан бiр нәрсе: мал алушы жаулардың бiрде-бiр уақыт көзге түспейтiн тығылғыштығы болатын.
Әрдайым, таң ата, жылқы алынғаны бiлiнiсiмен, жоқ қараушылар жабыла атқа мiнедi. Екiден-үштен бөлiнiп ап, шапқылап отырып, айналаның бәрiн сүзедi. Керей, Найман, Қаракесек жақтарға кететiн жау болса, соларды ерiксiз көрсететiн тұрғы-тұрғының бәрiн алады. Күнi бойы тас-тастан қарауыл қарап отырады.
Бiрақ әрқашан: "ұшқан шыбын, жорғалаған қоңыз жоқ" деп қайтып келедi. "Іште қалады! Шыңғыс iшiне тартады!" деп, ол жақты да арылтады. Сонда да дерек болмайды.
Балағаз болса, өз айласын қатерге сүйеп, үлкен ерлiкпен iстейтiн. Ол қадалған аулынан қалаған малын алысымен қаша жөнелмейдi. Найманға да тез жөнелтпейдi. Қайта бес-алды күн өткенше, жұрт аяғы басылғанша, Тобықтының өз iшiнен тапжылтпайды. Алысқа да әкетпейдi. Тiптi, сол мал жоғалтқан ауылдың дәл өзiнiң қасында, қой өрiсiндей ғана жерде жүредi. Сезiктi болатын қиындарға, қарауыл биiктерге әсте жоламайды. Бұл жазда ол жерлердi шалғыншылар ғана кезетiн. Бiр алғанда, жылқыны бес-алтыдан артық алмайды. Сол топты, жылқы iшiнен шығарып алысымен, Балағаз өз жiгiттерiне тегiс мiнгiзiп қояды.
Жылқы алардың алдында бұл жолдастарын жаяу ұстайды. Оларда жүген мен iшпектен басқа түк болмайды. Түн iшiнде елеусiз бiр адырларға соларды әкеп тастайды да, Балағаз, Әдiлхан, Абылғазылар жылқы әкеледi.
Алынған жылқыны жiгiттер мiнiп алған соң, Балағаз өзi әрқашан қарауылда отырады. Аналар ойда жатып, мұның белгiсiн тосып отырады. Ауыл жақтан шыққан қуғыншы мен жай жүргiншi көрiнсе, Балағаз саспастан отырып, бетiн бағады. Жiгiттерiне бұйрық етiп аттарына мiнгiзiп қояды да, анау кiсiлердiң бетiнен ғана тайдырып отырады. Олар әсте қашпайды, тек қана бiр бел асып түсiп, бiр қолаттан екiншi қолатқа ғана ауысады. Сүйтiп, кей уақытта жоқшылар мен бұл жiгiттердiң арасында бiр-ақ қана далда, бiр ғана бел қалып отырады. Малы алынып, сабылып жүрген ауылдың иегiнiн астында болады.
Тынығу керек болғанда, қуғыншылардың жаңа ғана арылтып келген жерлерiне барып бекiнедi. Осындаймен бiрнеше күн өткiзедi де, жалғыз-ақ түннiң iшiнде, жолдастарының бетiн Найманға қарай бiр-ақ түзейдi.
Қарашаның аулына Құнанбай жiберген кемпiр бұл айланың бiрiн де бiлген жоқ. Ол түк бiлмей қайтушы едi. Өйткенi Балағаздар өз үйлерiне мал соймайтын. Алған жылқыларын әсте маңайлатпаушы едi. Жалғыз-ақ бiр-ақ жол ғана Абылғазы ашқарақтық iстептi. Найман жiгiттерiн алысқа ұзатып, қуғыннан құтқарып болған соң, елсiз судың басында бiр семiз тай сойылып едi. Соның бiр ғана телшесiн Абылғазы өз үйiне әкептi.
Осы ет ел жатар кезде, түнде асылып едi. Бiрақ кемпiрдiң мұрны жылқы етiнiң иiсiн бiлiп қапты. Ол ет пiскенше, сырттан аңдып, дәл табаққа салып, Абылғазының алдына келген уақытта оқыс кiрiп келiп, телшенi көрген. Тайдың телшесi екенiн де танып алған.
Құнанбай Байдалыға кiсi салды. "Қараша туысқанын өзi қақсын, сыбысы шықты. Айғағым бар. Тек арылып берсiн. Егер Қараша танатын болса, Қаумендi кепiлге өткiзсiн. Қаумен сезетiн болу керек. Жалғанға жанын бермейдi.сенсем, тоқтасам, соның ар-иманына сенiп қана тоқтаймын", дептi.
Байдалы Қарашаға салмақ салған жоқ. Тұп-тура Қауменге жабысты. Қаумен өзiнiң Қарашадан да, тiптi Балағаздан да безгенiн айтты. Байдалы болмады. " не қара деп шық! Немесе ақтап кет. Құнанбай сенен жан алса ғана тоқтайды. Көзiң жетсе, адал болса, жан бергеннiң күнәсi жоқ. Қайта ағайының мен туысыңды нақақ жаладан құтқарасың" деген едi.
Осы араға жеткенде Қаумен сыр бердi. "Тастай алмай жүрген жаным жоқ, ақ екен деп кепiл болар да жайым жоқ "дедi.
"Қаумен тайқып шықты. Кепiл болмаймын. Ақ деп ара түспеймiн деп, аяғын тартыпты. Қарашаның аулы айыпкер боп шықты!" деп, Ырғызбай iшi өрекпи жөнелдi. "Ағайынмын деп отырып, жаттан бетер қастық еттi. Жазығым не? Кешпеймiз, аямаймыз, шауып аламыз, үйелменiмен өртеймiз" деп, Майбасар, Жақыптар лаулап кеттi.
"Азуыңды бас, аяма!" деп, Құнанбайға да салмақ салды.
Құнанбай дәл бұлардай емес. Биылғы жылдың ауыртпалығын ойлап, iштей сескенiп қап едi. Оның үстiне қазiр Байдалымен шырайы тәуiр болатын. Ұрылар да жалғыз Ырғызбай емес, Көтiбақ, Бөкеншiнi қоса шығындатып отыр. Байдалының өзiн де аман қойған жоқ. Олай болса, ендi сол Байдалының өзiмен тiзе қосып, iс iстеу керек. Қолдан келсе, соның өзiне жаулату қажет. Тiптi болмаса, Жiгiтектi кiнәға жықпақ.
Сонымен Майбасарлардың алқынын басып:
– Өрекпiмей тұра тұр! Қараша қайда барып құтылушы едi! Ең әуелi сабыр тап!– дедi де, Жiгiтек iшiне қайта iске жiбердi. Жөнелткенi Жұмабай.
Ол әуелi Байдалыға барды. Алдыңғы сәлемдi орындап, Қаумендi қағып бергенi үшiн Құнанбай Байдалыға ырзалық айтыпты. Соны жеткiздi. Осыдан кейiн Қараша мен Абылғазыны Құнанбай өз алдына шақыртқан екен, осыны бiлдiрдi. Байдалы да Құнанбайдың бұл мiнезiн кiнәлаған жоқ.
– Ағайынын өзi көрсiн! Өз аузымен арылсын! Мұнысы мақұл. Қарашаға жолдаған хабарын мен жеткiзейiн, – дедi.
Бiрақ шақырту жетсе де, Қараша мен Абылғазы Құнанбай алдына бармады, Байдалы зiл салып та көрiп едi. Көндiре алмады. Сүйтiп, Қарашалар: "әрi мал алады, әрi жауап бермейдi" деген екiншi түрлi айыпқа тағы кезiктi. Құнанбайдың ұпайы көбейiп келе жатты.
Ырғызбай iшi ендi күндiз-түн Қарашаның аулын баққан. Абылғазы, Әдiлхан, Балағаз бар – бәрi де ел ортасында жоқ. "Сусып, тайқып кетiптi", дескен хабар шықты.
Сезiк пен жорамалдың көлемi ұлғайды. Қараша, Қаумен ауылдарының үйде жоқ жiгiтiнiң бәрi де ұры атанды. Абылғазы жалғыз емес. Биылғы қимыл аз кiсiнiң де қимылы емес. Бұлар көп. Ендi солардың соңына көп ел болып түсу керек дескен дақпырт бар.
Бұл сөздер, көбiнесе, Ырғызбай iшiнен шығып, көпке жайылып жатады. Сондай лақаптар Абылғазы қатарына Балағаз бен Әдiлханды да әлдеқашан қосқан-ды. Алғашқы шақыртуына Абылғазы келмеген соң, Құнанбай тағы да кiсi жiберiп, Балағаз бен Әдiлханды шақыртты. Қараша мен Қаумен Балағазға сәлем айтып барып қайтсын деп едi.
Балағаз бармаймын дептi. Жолдастарына бұл жерде айтқан дәлелi:
– Құнанбай менi аяйын деп отырған жоқ. Қандай айламен қан құстырсам деп, соны ойлап отыр. Ендеше, мен несiне момақан боп, алдына барам? Неден аянам? Одан да әуелi қолына түсiрiп көрсiн. Құлақтап басып, жығып алсын да, құл ноқтасын сонан кигiзсiн. Әйтеуiр сұм атанған екем. Оған жеткен соң "момын сұм", "ақылды сұм", "көнгiш сұм" деген жақсы атқа құштар болар жайым жоқ. Өлсем де ол жағына өктемей өлем!- деген.
Балағаз бен Абылғазының ендiгi қияс мiнезi Құнанбайды дағдарта бастады. Баяғы дағдыға салып шауып алайын десе, мынадай аш-арық боп, суық тартып жүрген елдiң iшiнен өрт шығарып алам ба деп қорықты.
Ойға келген бiр шара – ұлыққа шағу едi. Ең оңайы отряд шығартып, урядниктерге ұстатып, кiсендеп тыю.
Бiрақ осы тұста заң өзгерiп кеттi. Бұрынғы аға сұлтандық қалып, "болыс" деген жаңалық кiргелi жатыр. Тобықтының дуаны да өзгердi: жаздан берi бұл ел Семейге қарайтын бопты. Және түгел Тобықты бұрын бiр ғана старшын едi. Тобықты ендi үш болыс ел боп бөлiнетiн көрiнедi. Жаңа дуан жаңа ұлықтың қолында. Олармен жүз көрiсiп, сыр мiнез болған Құнанбай да жоқ. Ертең сайлауы келедi. Сондай кездiң қарсаңына өз елiнiң iшiмен қағаздасып жату лайық емес.
Ең болмаса сайлау өткенше қоя тұру қажет.
Бiрақ аял қылайын десе, Балағаздар асып барады. Екi бұйрығын орындамады. Ендi: "бiржолата құрық әкеткен боп, тiптi дандайсып кете ме?" деп, тағы қобалжиды. Осындай шарасыздық үстiнде, Құнанбай бiр топ мықты жiiгiттi аттандырып: "тау iшiнде жүргенде үстiнен түсiп, тегiс ұстап әкелiңдер!"– деп бұйырып едi.
Оған көнетiн Балағаз емес екен. Мойынды қашыққа салып барды да, бiрден-екiден бытырап кеттi. Титығы құрыған қуғыншылар ел iшiне қайта айналып келгенде, Балағаздар да iлесе оралды. Келе бере Құнанбай жылқысынан тағы алды. Бiрақ қауырт алмай, бiртiндеп, тай, байталдан алды. Бұл уақыт ел-елдiң қыстауға қонып, ақтан ажырап, нағыз күйзеулiкке түсетiн шағы едi. Ендiгi бiрен-саран ұсақ қараны аш-арықтың сойысына алып жатқан сияқты.
Аз күнде Тобықты iшiне келетiн болыстық сайлауын тосып отырып, Құнанбай ендi Базаралыны шақыртты. Жiгiтектiң өзге жiгiттерiндей емес, Базаралы iркiлген жоқ, тез келдi.
Құнанбай жас тоқалының үйiнде екен. Тамға жаңа кiрiптi. Үй жылы. Жасау-жабдық жас жiгiттiң отауындай. Толық денелi, дөңгелек жүздi Нұрғаным сұлу да, сәндi екен. Әсiресе, қоңырқай келген, үлкен өткiр көздерi ерекше ажарлы. Жүзiнде жастық пен саулық, тоқтық, баршасы да нұрлана түсiп шырай бередi. Ақаусыз бетiнде мөлдiреген тұтас қызылы бар. Ерге бiткен көрнектi мұрнының оң жағында кiшкене, томпақша меңi бар екен. Нұрлы қызыл жүзiне бiткен қап-қара мең, өзiнше, қатты жарасып тұр. Ол-дағы Нұрғанымның ерекшелiгi. Өзге әйелге бiтпеген нысанасы тәрiздi.
Құнанбайдың сөз бастауын күтiп отырып, Базаралы Нұрғанымды әбден болжады. Iшiнен:" япыр-ай, мына тоқалды қалай таңдап, қайдан тауып алған?" деп, тамашалай қызғанды.
Нұрғаным бiр түрлi байыпты және еркiн, батым көрiндi. Құнанбай мен Базаралыға шай жасатып, соны қызметшi қатынға құйғызып берiп отырып, күйеуiне де, қонаққа да қымсынбай қарайды. Бiрер ұсақ шаруаның жайын да Құнанбайға еркiн айтты. Күйеуi мұны "қалмақ" дейдi екен. Шай аяқтап келгенде:
– Қалмақ, шайыңды жиғыз! Мына Базаралымен сөзiм бар, – дедi.
Нұрғаным асықпай отырып, бұйрығын орындады да, малшы қатынға:
– Сен ендi жүре бер!– дедi.
Өзi Құнанбайдан төменiрек жерде малдас құрып отырып қалды.
Құнанбай әңгiме бастағанда, Базаралыға қатты сөйлеген жоқ. Балағаз бен Абылғазыны мұның өзiне шағып: "Сенiң де бетiңе шiркеу ғой. Адамшылығың да, арың да бар едi. Сол арыңа салмақ салғаны ғой олардың. Ақтамассың, ақтамайсың деп бiлем, не дейсiң?" деп едi.
Базаралы бөгелген жоқ. Құнанбайдың жүзiне тура қарап отырып, қысқа жауап айтты. Бұ да баяу бастап, сабырмен, салмақпен айтты. Шешен сөйлейтiн тәрiзi бар. Айтқан жайы: "Ақтаймын деп келгем жоқ, кiнәлаймын. Кiнәлағандықтан аразбын. Атым туысқан, ал жайылысымыз бөлек. Көрiспей кетiскенiмiзге көп болды. Бiрақ қолымда әмiр құдiретiм жоқ. Сондықтан iстей алар шарам да жоқ..." деген едi.
Жылы үйге келiп, шай iшiп алғаннан берi Базаралының жүзiне жақсы күндегiдей нұр кiрген. Батыр тұлғалы, ер сұлудың ойшыл сергек көзi де, ақ сұр жүзi де ерiксiз елеткендей. Бетiнiң қызылы да балқығандай боп, нұрланып тұр. Кең иық, зор кеудесi төменшiктеп, иiлмейдi. Салалы келген аппақ сұлу саусақтарына шейiн өзгеше. Бiтiмдi. Жақсы туысты бiлдiредi."
